Инновациялық белсенділік (акмеологиялық) Инновация («новация» – жаңа, жаңашылдық; «ин» «қайталанатын» процесс, құбылыс, оқиға, т.с.с. білдіретін жұрнақ) бар, әрекет етуші нәрсенің ішінде жаңаның пайда болуын, дамуын білдіреді. Инновация теориясының алғашқы ұғымдарының негізін қалаушылардың бірі австриялық экономист Й.Шумпетер оны кәсіпкерлік рухпен шыңдалған өндірістік факторлардың ғылыми-ұйымдастырылған құрамасы ретінде тұжырымдайды [104]. Бұл тұжырымның астарынан аталмыш ұғымның сапалы өнім алуға бағытталған жаңашылдық процесс, оның техникалық қамтамасыз етілуі, нарықтың негізгі шарты ретінде сипатталғандығын байқауға болады.
П.И.Третьяковтың пайымдауынша инновация – жаңа мазмұн және оны ұйымдастыру, ал жаңалық енгізу – тек сол жаңалықты ұйымдастыру. Ғалым:
«инновациялық процесс–жаңа мазмұнды қалыптастыру, дамыту, ұйымдастыруда көрінеді және бұл жағдайда тұлғалардың өзін-өзі анықтап, көрсетуінің белсенді процесі жүреді», – деген ой түйеді [105]. Бұл тұжырымның біздің жұмысымыз үшін маңыздылығы, бәсекеге қабілетті педагогтың инновацияға жақын болып, жаңашылдықты меңгерген болуымен түсіндіріледі.
М.В.Кларин бойынша, «инновация» – жаңалықтарды жасау мен тарату ғана емес, іс-әрекет бейнесіндегі маңызды сипатқа ие ойлау стилі деп тұжырымдай келе, инновацияны педагогикалық категория ретінде анықтау, білім беру мен тәрбие жұмысына жаңару, өзгеру, жаңаны енгізу түсінігін алып келеді», – деп, тұжырым жасап, білім берудегі инновациялық амал-тәсілдерді:
оқу процесін жаңғыртатын инновациялар;
дәстүрлі оқу үдерісін түрлендіретін инновациялар, - деп, екіге бөліп көрсетеді: [106]. Біздің ойымызша бәсекеге қабілетті педагог үшін бұл екеуі де аса маңызды.
Жоғарыдағы тұжырымдарды түйіндей келе, болашақ педагог шәкірттерді өзгермелі өмірде өзін еркін бағдарлап, өзін-өзі бақылап, жетілдіріп, бағалай алатындай және өзіндік ойы, пікірі бар тұлға етіп тәрбиелеуі үшін
педагогикалық инновацияға, оқыту мен тәрбиелеу процесіне жаңалықты енгізуге әзір болуы тиіс. Сонда ғана оның бәсекеге қабілеттілігі жоғары деңгейде болады.
Бәсекеге қабілетті болашақ педагогтың кәсіби ұтқырлығы (праксиологиялық) - оның басты сапасы. Ұтқырлық (ағылшынша mobility; нем. mobilitat) – бір жағдайдан, екінші жағдайға (күйге, әрекетке) жылдам ауыса алу дегенді білдіреді. Қазіргі заман адамының ұтқырлығы оның қозғалыста бола алу шапшаңдығын, әрекеттің қарқындылығын көрсететін қасиеті болып табылады.
«Қазақ педагогикалық энциклопедиялық сөздігінде» кәсіби ұтқырлық біріншіден, индивид қызметтінің ауысуына байланысты әрекет түрін жылдам өзгерте алуы, екіншіден, тұлғаның білім алу процесінде қалыптасатын жаңа жағдайларды шұғыл игере алу сапасы ретінде түсіндіріледі [107].
Кәсіби ұтқырлықтың ерекшеліктеріне жататындар: мамандық, қызметтің ауысуындағы оралымдылық, техника мен технологияны меңгерудегі жылдамдық, кәсіби әрекеттің бір түрінен екіншісіне ауыса алу біліктері, өз білімі мен біліктілігін арттыруға деген тұрақты қажеттілік (А.И.Архангельский); кәсіби әрекетте біртекті және әртекті қызметтерді бірдей атқара алу (А.А. Кирсанов); әлеуметке ене алу, әлеуметтік бейімділік (Ю.И.Калиновский); кәсіби мінез құлықты басқара алу (Ю.Ю. Дворецкая); кәсіби білімдер. Жалпы айтқанда кәсіби ұтқырлық кәсіби тәсілдердің жинақталған жүйесі және оны кәсіби әрекетте сәйкесінше қолдана алуға қабілеттілік деп тұжырымдауға болады.
Кәсіби ұтқырлық ішкі (кәсіби тұлғалық дамумен байланысты, жаңа технологияларды, әдіс тәілдерді меңгеру) және сыртқы (қызметтің, мамандықтың жұмыс орынының ауысуымен байланысты) болып бөлінеді. Алғашқысы негізінен кәсіби білім алу барысында қалыптастырылып, кәсіби әрекет барысында дамып отырса, екіншісі, еңбек түрінің ауысуының нақты жағдайында көрініс береді. Кәсіби ұтқырлық болашақ педагогтың оқу - тәрбие үрдісін өзгермелі жағдайға бейімдей алу қабілеттілігін көрсететін кіріккен сапасы деген қорытынды жасаймыз. Болашақ педагогтың бұл сапасы оның бәсекеге қабілетті болуының негізі деп есептейміз.
Достарыңызбен бөлісу: |