Рефлексияға қабілеттілік (бағалаушылық). «Рефлексия» – адамның өз істерінің мәнін түсіну, олар туралы ойлану барысында өзіне өзінің нені, қалай жасағаны туралы толық және анық есеп беруі немесе өзі әрекет барысында басшылыққа алған ережелер мен кестелерді мойындауы не жоққа шығаруы. Философиялық сөздікте: рефлексия (лат. reslexio – кейінге оралу) – бейнелеуді, сондай-ақ таным актісін зерттеуді білдіретін термин. Ал одан шығатын
«рефлексиялау» ұғымына сананы өз-өзіне үңілдіруді, өз психикалық күйіне ой жүгіртушілікті сипаттайды, – деп, анықтама берілген [108].
ХVІІ ғасырда ағылшын философы Джон Локк, алғаш рефлексияның – белгілі бір процестегі және практика барысының қорытынды есебін жинақтау және жаңа идеялар алу мүмкіндігі бар деп қарастырған [109].
Бұл, шығармашылықтың, ақыл-ой іс-әрекетіндегі көріністің ролі ретінде, субъекттің өзіндік ерекшелігі негізінде өзін-өзі анықтайтын талаптарды белгілеу және реттеу болып табылады. Болашақ педагог бәсекеге қабілетті болуы үшін өз
іс-әрекетіне үнемі талдау қорытындыларын жасап отыруы маңызды. Жоғарыда айтылғандарды 2-сурет түрінде бейнеледік.
Сурет-2. Болашақ педагогтың бәсекеге қабілеттілігінің құрылымы Сонымен, болашақ педагогтардың бәсекеге қабілеттілігі қазіргі заманғы
қоғамның жаңа талаптары мен динамикалық өзгерістерден туындап отырған әлеуметтік қажеттілік деп санаймыз. Бәсекеге қабілеттілік – кәсібиліктің шыңына ұмтылуды қамтамасыз ететіндіктен бұл сапаны қалыптастыру жоғары оқу орны жағдайында оқу және оқудан тыс әрекеттерде жүзеге асырылуы орынды. Келесі параграфта әлеуметтік серіктестік негізінде бәсекеге қабілетті педагогтарды даярлау мәселесін зерттеуге қажетті әдіснамалық тұғырлар мен ұстанымдарға сипаттама береміз.
Бәсекеге қабілетті педагогтар даярлаудың әдіснамалық негіздері
Біз қарастырып отырған мәселені шешу үшін қоғамның әлеуметтік-мәдени құндылықтарына бағдарлау, болашақ педагогтарды білімдендіре әлеуметтендіру саласындағы жетекші тенденциялар көрініс табатын әдіснамалық тұғырлар, қағидалар, ұстанымдар мен тәсілдерді анықтау қажеттілігі туындады.
Энциклопедиялық сөздікте Әдіснама (грек сөзінен алғанда methodos – жол, тәсіл + logos –түсінік) – негізді ғылыми тұрғыдан анықтау, түсініктердің маңыздарын айқындау. Ғылым әдіснамасы дегеніміз ғылыми зерттеулердің жалпы және жеке әдістерін зерттейтін ғылым бөлшегі және объективті ақиқат пен түрлі ғылыми міндеттерді әртүрлі тұрғыдан қарастыру қағидасы. Әдіснама зерттеулердің жалпы даму бағытын, олардың мақсаттарын, шекараларын, қағидаларын анықтайтын ғылыми таным әдісі туралы ілім [110].
Педагогиканың әдіснамасы жеке тұлғаны оқыту, тәрбиелеу мен дамыту заңдылықтарын пайдалану және оны танып білудің жолдарын анықтауды мазмұндайды.
Түсіндірме сөздікте «тұғыр» тәсілдер мен амалдардың жиынтығы ретінде анықталады. Бүгінде танымдық практикалық іс-әрекеттің ерекше формасы, педагогикалық құбылысты көзқарастар тұрғысынан анықтау, зерттелінетін процестің стратегиясы, базалық құндылық бағдар, педагогтың ұстанымын айқындайтын идея, зерттелінетін объектіні құрылымдау әдісі, т.б. тұрғыдан кеңінен түсіндіріледі [111].
Ш.Таубаеваның пікірінше, тұғыр – қойылған зерттеу міндеттемелерін шешудің негізгі жолы, ол осы шешімдердің бағыты мен стратегиясын ашады. Сонымен қатар, педагогикадағы әдіснамалық тұғырларды жіктеп, оларға жеке сипаттама береді. Тұғыр педагогикалық іс-әрекет тәсілдерін және өзара байланысты идеялар мен ұғымдардың сапалық жиынтығын пайдалануға мүмкіндік тудыратын әдіснамалық бағдар болып табылады [112].
Психологиялық-педагогикалық әдебиеттерді зерделей келе, болашақ педагогтардың бәсекеге қабілеттілігін дамыту мәселесін зерттеудің әдіснамалық тұғырларын төмендегідей іріктеліп, оларға мазмұндық сипаттама береміз:
|