Әлеуметтік серіктестік



бет27/77
Дата02.05.2024
өлшемі3.22 Mb.
#500309
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   77
бәскеге (1)

Әлеуметтік серіктестік - халықтың ірі топтары мен қабаттары, атап айтқанда, кәсіпорындар, жалдамалы қызметкерлер және мемлекет арасындағы қоғамдық, әлеуметтік - еңбектік қатынастарды реттеудің тәсілдеріне негізделеді. Енді соларға тоқталайық.
Философиялық тәсіл әлеуметтік серіктестікті «прогресс», «қоғамдық қатынастар», «ынтымақтастық», «объективті қажеттіліктер» және т.с.с. санаттарындағы қоғамдық және мемлекеттік қатынас призмасы арқылы қарастырады. Оған мына анықтама мысал бола алады: әлеуметтік серіктестік –
«әлеуметтік топтар, таптар, қауымдастықтар арасындағы қоғамдық қатынастардың ерекше типі. Ол бірыңғай социомәдениет кеңістік құру процесі, онда мүдделер айырмашылығына қарамастан, жалпы «ойын ережелерін», серіктестік нормаларын сақтауға келісетін әртүрлі субъектілер өмір сүреді [132]. Социологиялық тәсіл дегеніміз талдау болып табылады, бірінші кезекте, әлеуметтік-құрылымдық компонентті, қарастырылып отырған феноменнің функционалдық және социомәдени ерекшеліктерін талдау. Әлеуметтік серіктестіктің социологиялық дефинициясының бірі деп, В.А. Михеев ұсынған
анықтаманы айтуға болады: «әлеуметтік серіктестік — ол әртүрлі әлеуметтік- кәсіби топтар, қауымдастықтар, таптар қызметінің ережелеріне, жағдайларына, мазмұны мен формасына қатысты оның негізгі субъектілері мен институттарының қарым-қатынас жүйесі» [133].
Азаматтық қоғамды қалыптастыру туралы пікірлерде — әлеуметтік серіктестікті «адами ынтымақтастық сезімі мен мәселе үшін бөліп жауапкершілік алуға негізделген әлеуметтік әрекет» ретінде түсіндіріледі [134].
Осылайша, әлеуметтік серіктестікті анықтаудың жалпы тәсілдерін нақтылай отырып, енді қысқаша осы феноменнің генезисін, әлеуметтік серіктестік тұжырымдамасының теориялық кезеңін қарастырайық. Бұл ретте әдіснамалық құрал ретінде әлеуметтік серіктестіктің нақты тарихи жағдайының модельдерінен абстракциялануға мүмкіндік беретін идеалдық-типті вебер тәсілін пайдаланып, осы феноменнің тек теориялық өрнегін ғана қарастыруды жөн көрдік.
Әлеуметтік серіктестік идеяларының бірінші кезеңі антикалық дәуірге жатады және Платон мен Аристотель есімдерімен байланысты. Афина полисінің қалыптасуы бірінші құрылымдық ұйымдасқан қауымдастықтың пайда болғанын білдірді. Платон, осы полиске бағдарлана және «мінсіз мемлекет» моделін жасай отырып, оның күшке табынуға қарсы күрес өктемдік етіп отырған қоғамның табиғи жағдайының негізгі айырмашылығын атап көрсетті. Осы айырмашылық тең және ерікті азаматтардың қарым-қатынасы, мәселелерді бірлесіп ашық және тиімді талқылау мен шешу мінсіздігі болған жаңа қоғамдық тәртіпте болды [135]. Аристотель одан да тереңірек деңгейде, «тұтастық, егер оның барлық бөліктері өзін бақытты сезінсе ғана, бақытты болады» және «адамдардың ортақ өмір мақсаты өмір сүру емес, қайырымдылықты, сұлулық пен даналықты
арттыра отырып бақытты болуы үшін өмір сүруі» деп, назар аударған [136].
Міне осы антикалық азаматтардың тең және ерікті индивидтер ретіндегі ынтымақтастық идеялары әлеуметтік серіктестіктің бірінші синтезін құраған. Оның негізінде «сөзсіз табиғи жағдайы» моделінің орнына келген «қоғамның сөзсіз азаматтық жағдайы» идеялары жатыр.
Әлеуметтік серіктестік идеялары синтезінің екінші кезеңі XVI–XVII ғғ. және XVIII ғ. бірінші жартысына келеді. Осы кезеңде қоғам мен мемлекет синкретизмінің күшейгені, қоғамдық формация ретінде феодализмнің ішкі қарама-қайшылығының өскені белгіленеді. Әлеуметтік серіктестік француз Ағарту дәуірінің ойшылдары, содан кейін неміс социологиясы өкілдері дамытқан
«қоғамдық шарт» идеясының квинтэссенциясына айналады.
Әлеуметтік серіктестіктің әлеуметтік ортақ өмірдің белгілі ережелерін, яғни қоғамдық шартты орнату түріндегі қажеттіліктің бірінші теориялық негіздемесін философ-материалист Т. Гоббс жасады. Ол адамдар табиғатының өзі оларды үнемі билікке, артықшылыққа, өмір игіліктеріне тырысуға негіздейді деп көрсеткен [137]. Сондықтан, бейберекеттікті, қазіргі тілмен айтқанда, әлеуметтік шиеленісті болдырмау үшін, адамдар ұстануға келісетін «қоғамдық шарт» бекітуі, ережелер қабылдауы керек болуы. «Қоғамдық шарт» идеясы сондай-ақ Дж. Локк, Ж-Ж. Руссо, П. Гольбах, Д. Дидро, Ш. Монтескье және
француз aғарту дәуірінің басқа ойшылдарының еңбектерінде дамытылды. Мысалы, Жан-Жак Руссо, «қоғамдық шарт» идеясының теоретигі, осындай шарт адамдар арасындағы қарым-қатынасты ортақ келісім мен бейбітшілікке бағыттай алады деп санаған [138].
Неміс классикалық философиясында әлеуметтік серіктестік идеясын
.Лейбниц қорғаған, ол адамдар арасындағы бейбітшілік пен келісім жағдайына шарт пен әлеуметтік компромисс негізінде қол жеткізуі керек деп санаған [139]. Сонымен, әлеуметтік серіктестік тұжырымдамасының екінші синтезі қоғамның табиғи-құқықтық моделінің теориялық конструктілерінің қалыптасуы
мен дамуы аясында жүрген.
Әлеуметтік серіктестік идеялары синтезінің үшінші кезеңі XVIII ғ. соңында басталып, шамамен ХХ ғ. басында аяқталады. Қоғамдық практикада ол қоғамдық процестерді реттеуде мемлекет рөлінің өсу, қоғамның сертификатталған құрылымының қиындаған кезеңі болып табылады. Теориялық тұрғыдан ол кезеңнің негізгі назары әлеуметтік өзара әрекет мәселелері болып табылатын рационалистік идеялар мен тұжырымдамалардың қалыптасуымен және күшеюімен сипатталады.
Әлеуметтік серіктестік идеялары синтезінің осы кезеңі А. Смит, И. Кант, Г.Гегель, О.Кон ал кейіннен К. Маркс, Э. Дюркгейм, М. Вебер аттарымен байланысты. Теориялық тәсілдері мен идеялық-саяси парадигмаларының қарама-қайшылығына қарамастан, олардың барлығы, әрқайсысы өз ұстанымы тұрғысынан, әлеуметтік серіктестіктің рационалдық құрылымдануына айтарлықтай үлес қосты. Осы кезеңде әлеуметтік топтардың мүдделерін келістіру мәселелері Р. Оуэннің, А.Сен-Симонның, Ш.Фурьенің, Л. Бланкидің еңбектерінде белсенді дамытылды. Мінсіз қоғамды құрастыра отырып, олар қоғамдық қатынастарда келісім қажеттілігін дәлелдеді [140].
Әлеуметтік серіктестік тұжырымдамасын дамытуға О.Кон пен Э.Дюркгейм маңызды үлес қосқан. Өзінің «Еңбекті қоғамдық бөлу» еңбегінде Дюркгейм, мүдделері қарама-қайшы, бірақ еңбекті қоғамдық бөлуге байланысты өзара бір біріне тәуелі жағдайдағы әлеуметтік таптарды қандай материалдық факторлар мен идеялар жақындата алатындығын көрсеткен. Таптар арасындағы түсіністіктің болмауын, соның ішінде және кәсіби корпоративтіліктің болмауын да Э.Дюркгейм нормадан ауытқу, әлеуметтік патология деп санаған [141].
Әлеуметтік серіктестік феноменін рационалистік түсіну үшін М.Вебердің жұмыстары өте маңызды болды. Оларда заманауи социологияның негізгі бағыттарының бірі – құрылымдық функционализмнің дамуына негіз қаланды. Идеяларды, әлеуметтік нормаларды, құндылықтарды экономикалық факторлар көрінісі ретінде талдай отырып, М.Вебер олардан экономикаға да, жалпы қоғам дамуына да қатты әсер етуге қабілетті күштерді көрген [142]. Осы кезеңде Ресейде еңбек саласындағы әлеуметтік серіктестік идеяларын В.В. Берви- Флеровский, Н.Х. Бунге, П.Б. Струве, В.П. Литвинов-Фалинский, М.И.Туган- Барановский және т.б. дамытты [143].
Жалпы, әлеуметтік серіктестік тұжырымдамасы синтезінің үшінші кезеңі мазмұнында әлеуметтік өзара әрекеттің осы моделін мінсіз конструкциялар
қатарынан әлеуметтік шынайылық саласына ауыстыру болды. Әлеуметтік серіктестік мәселелері жаңа дүниетанымдық доктриналар жасау, қоғамның даму заңдары туралы идеялық-саяси парадигмалар қақтығысының басты мәнінің біріне айналды.
Әлеуметтік серіктестік идеялары синтезінің төртінші кезеңі ХХ ғасырдың ортасынан бастап, «индустриалдық қоғам», «постиндустриалды қоғам»,
«өркениеттік тәсіл», «постмодернизм» және т.б. жаңа қоғамдық даму идеяларының пайдалануымен кеңінен тарай басталуымен жалғасады. Бұл кеезеңде әлеуметтік серіктестік мемлекетті қалыптастыруды негіздейтін өркениетті қоғамдық қатынастардың жаңа жүйесі ретінде азаматтық қоғамды қалыптастыру құралы ретінде қарастырыла бастады және Д. Белл, А. Турен, У. Бек, Ю. Хабермас, П.Андерсон, А. Селигман, Р. Инглхарт және басқа, азаматтық қоғамның әртүрлі идеялары мен заманауи өркениет трансформациясын ұсынған зерттеушілер идеяларымен толықтырылды.
Қандай да деңгейде болмасын әлеуметтік серіктестік идеяларына негізделетін заманауи қоғамдар дамуының жаңа идеяларының пайда болуын айта келе, олардың көпшілігінің негізінде Т. Парсонс керемет дамытқан әлеуметтік әрекет теориясының концептісі жатқанын айтпай кетуге болмайды [144]. Консенсус, теңдік, келісім парсонстік теориясында жүйенің қалыпты жағдайының өте маңызды белгілері болып табылады. Міне нақ осы санаттар әлеуметтік шиеленістер мен күйзелістерден қоғамды қорғау тәсілі ретіндегі әлеуметтік серіктестік үшін де жүйе құраушы болып табылады.
Әлеуметтік серіктестік табиғатын, әсіресе коммуникативтік және әрекеттік феномен ретінде оны түсінуге заманауи теоретиктері: П.Бурдье, Э. Гидденс, Н. Луман, Ю. Хабермас пен басқалар өте маңызды үлес қосады. Мысалы Ю.Хабермастың «коммуникативтік тиімділік» терминдерінде [145], Э.Гидденстің «интерсубъективтік дискурсында» [146], П.Бурдьенің әлеуметтік өрістер теориясы тұрғысынан [147], Н.Луманның жалпы әлеуметтік жүйелер теориясында талдау [148] әлеуметтік серіктестік туралы ұғымды белгілі бір деңгейде тек әлеуметтік байланыстар мен өзара әрекетті ғана емес, сонымен қатар, қоғамның өзінің әлеуметтік құрылымын түсіндіретін кіріктірілген феномені ретіндегі ұғымын кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар осы мәселе бойынша зерттеулер жүргізудің алғышарты болды.
Болашақ мамандарды әлеуметтік серіктестік негізінде даярлау мәселесіне арналған зерттеулер алыс, жақын шетелдік және отандық еңбектерде ішінара кездеседі. Олардың қатарына шет елдік ғалымдар: В.Н.Якимец [149], И.A.Куликoвa [150], Н.В. Тюкалова [151], және т.б.
Қазақстанда бұл мәселе: A.М.Paхимoвa саясаттану бойынша [152], Ж.A.Нуpбекoвa әлеуметтану ғылымынан [153], А.А.Бейсенова философиядан
[154] және тағы басқа еңбектерінде қарастырылады.
Зерттеулер бойынша, ХХ ғ. 80 жж. соңынан бастап, әлеуметтік серіктестік тұжырымдамасы біздің елде де белсенді әзірлене бастады. Басында еңбек дауларын шешу тетігі ретінде, ал соңғы жылдары – сектораралық өзара әрекет
технологиясы ретінде кеңінен пайдаланылған. Осы тұжырымдама ғылыми зерттеулер мен қоғамдық пікірдің жетекші тақырыптарының біріне айналды.
Біздің елімізде әлеуметтік серіктестік құру жүйесі тәуелсіздік алған жылдары қолға алынып, оның құқықтық негізі болып табылатын 2000 жылы қабылданған «ҚР әлеуметтік әріптестік туралы» Заңға байланысты жан-жақты дамыды [155]. Аталған заң актісіне сәйкес, республикада екі жақты, үш жақты, салалық және аймақтық (облыстық, қалалық, аудандық) келісімшарттар негізінде әлеуметтік-экономикалық және еңбек қатынастарын реттеу жүзеге асырыла бастады. Еңбек ұжымдарымен біріге отырып жасалған мұндай келісімшарттар еңбек және әлеуметтік қатынастарды реттеудің белгілі бір қалыптасқан нақты жүйесін құрады. Одан басқа еңбек нарығы мәселелерін өзара келісім арқылы реттеудің жан-жақты мүмкіндіктері «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңда қарастырылды [156]. Осы арқылы республикада еңбекпен қамту және еңбек нарығын реттеуге қатысты әлеуметтік диалогты дамытудың қажетті заңнамалық базасы бар деп айтуға негіз бар. Сонымен бірге «Атамекен» ҚР - ның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы стандарты бүгінде қоғамдағы бизнес құқығын және мүдделерін қорғау, бизнестің қызметіне қатысты заңнамалық және басқа да нормативтік қағидаларды қалыптастыру үрдісіне барлық кәсіпкерлердің кең көлемде қамтылуы мен осы үрдістерге кәсіпкерлердің қатысуын қамтамасыз ету мақсатында құрылған [157]. Бұл құжаттар білім саласындағы мамандар дайындау мәселесіне де тікелей қызмет етеді деп күтілуде.
Білім саласындағы серіктестік қарым - қатынастар мектеп пен ата-ана, сондай-ақ басқа да білім беру үдерісінің субъектілерін қамту білімнің сапасын арттыру құралы ретінде тек соңғы уақыттарда қарастырыла бастады деуге болады. Бұл кездейсоқ болған жағдай емес. Білім беру ұйымдарының отбасы, сыртқы ұйымдармен әрекеттестігі бұрын да болғанымен, «серіктестік» ұғымы аясындағы қарым – қатынастардың мәні мен сипаты, мазмұны мен әдістері өзгеше екендігі анық. Себебі серіктестік әлеуметтік әрекеттесудің түрі ретінде белгілі бір процеске барлық жақтардың жоспарлаудан бастап, нәтижені бағалауға дейінгі кезеңдерінде белсенді қатысуын қамтамасыз етеді.
Біз қарастырып отырған әлеуметтік серіктестік мемлекет, жұмыс беруші және жоғары оқу орыны арасындағы әлеуметтік, экономикалық түйткілдерді шешу және қарама - қайшылықтарды ретке келтірудің әдісі деуге болады. Бұл өз кезегінде негізгі субъектілердің қызығушылықтарының ортақ шешімге келуі және дамудың басты шартын көрсетеді [158].
Жоғары оқу орындарындағы серіктестікті екі тұрғыдан қарастыруға болады. Олар: бірнеше физикалық және құқықтық тұлғалардың кәсіби білім беруді ұйымдастыруға қатысты заңдық тұрғыдағы бірлескен әрекеті. Екінші жағынан құжаттармен заңдастырылмаған, өзара келісім-шарт негізінде жүргізілетін білім беру мекемелері, мен қоғамдық ұйымдардың ынтымақтасу формасы [159].
Білім беру саласындағы серіктестік кәсіби білімде өз мақсаттарына жету үшін мамандар мен әлеуметтік институттардың бірлесуі. Кең мағынада әлеуметтік серіктестік деп Үкімет, оның органдары арқылы әрекет етіп отырған мемлекет пен басқа субъектілердің: жеке тұлға, отбасы, мемлекеттік емес
ұйым, кәсіби білім беру мекемелері арасындағы қарым қатынас деп түсінген жөн. Серіктестік жоғары оқу орындары мен әртүрлі қоғамдық институттардың қызығушылықтарының бір арнаға тоғысуына негізделеді және сол мүдделердің кірігуінде көрініс береді. Мұндай бірлескен әрекеттестіктің нәтижелі болуы мақсаттың дұрыс қойылып, міндеттердің нақты айқындалуына, әр жақтың рөлдерінің дұрыс бөлініп, оларды жүзеге асырудағы жауапкершілікке тікелей тәуелді. Мемлекеттің тұрақты дамуы да осындай серіктестіктің нәтижелі қызметіне бағынышты.
Кәсіби білім саласына қатысты әлеуметтік серіктестіктің әртүрлі аспектілері бөліп көрсетіледі. Мысалы, И.П. Смирнов пен Е.В. Ткаченко, әлеуметтік серіктестік білім мекемелері үшін білім мамандықтарының құрылымы мен мамандарды дайындау көлемін, білім алушылардың тәжірибесі мен оқытушылардың жабдық пен технологиялық үрдістердің ең жаңа типтерімен танысу үшін машықтануын ұйымдастыруды және т.б. реттеуге мүмкіндік беретін еңбек нарығы туралы ақпаратқа үнемі қолжетімдік береді. Бұл жағдай өндірісті дамытуға да жағымды ықпал етеді, өйткені «әлеуметтік серіктестік тиімділігі жоғары білікті мамандарды дайындау бойынша шарттық міндеттемелерді жүзеге асыру деңгейімен, олардың еңбек нарығында талап етілуі және онда белгілі уақыт жұмыс істеуімен анықталады» [160, 28-б.].
Әлеуметтік серіктестік тетіктерін қалыптастыру – қазіргі кездегі кәсіби білім беруді жаңғыртудың басты міндеттерінің бірі болып саналады. Білім беру ұйымы ашық әлеуметтік педагогикалық жүйе ретінде сыртқы әлеммен тығыз байланыста. Бұл байланыстардың сипаты білім беру ұйымының әрекетінің тиімділігіне, басшылық құрылымына, дамуы, өз бетінше дамуы мен бәсекеге қабілеттілігіне әсер етеді.
И.П. Смирнов бойынша кәсіби білімге қатысты «әлеуметтік серіктестік» білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілердің, еңбекпен қамту мекемелерінің, кәсіподақтар мен ата аналардың еңбек нарығының талаптарына сай, сонымен қатар қажетті мамандарды даярлаудағы басымдылықтарға сәйкес келісім шарт негізіндегі қарым қатынасы ретінде қабылданады [161].
«Әлеуметтік серіктестік» ұғымы ғылыми зерттеулер мен педагогикалық қызмет практикасына барған сайын тұрақты еніп келе жатқаны сөзсіз. Соңғы 10 жылдардағы диссертацияларға жасалған талдау осы ұғым экономикалық-саяси саладан біртіндеп әлеуметтік салаға көшкенін көрсетеді. Бұл мәселе бүгінгі таңда жалпы әлеуметтік кеңістік субъектілері мен субъектіліктің, саналылықтың, дербестіктің, өзара әрекет ететін әр тараптың таңдау еркіндігінің өсу бағытындағы білім арасындағы қарым-қатынас сипатының түбегейлі өзгеруіне байланысты. Әлеуметтік серіктестік жағдайындағы білім мекемелері қызметтерінің ерекшеліктері талданады, заманауи білімдегі серіктестік қызметінің жағдайы мен оны зерттеу және дамыту бағыттары қарастырылады.
Тараптар мен білім саласы субъектілерінің қарым-қатынасындағы
«серіктестік» деген серіктестік практикасы, серіктестік қарым-қатынастардың негізі теңдік, өзара әрекет еркіндігі, тараптардың шешім таңдау және қабылдау
барысындағы дербестігі, өзара пайдалы, диалогтық, ұғынушылық болып табылатынын көрсетеді.
Педагогикалық әдебиетте серіктестік ұғымы біраз бұрын ғана пайдалана бастағанына қарамастан, осы ұғымның өзін әртүрлі тұрғыдан қарау негізінде білім саласында оны түсіну үшін бірнеше тәсілдер қалыптаса бастады. Олар:

  • серіктестік отбасы мен білім мекемесі арасындағы белгілі бір өзара қарым-қатынастар жүйесі ретінде – мектептің отбасымен серіктестігі

...балаларды оқыту, тәрбиелеу және дамытуда, сондай-ақ ұжымдық шарттар мен келісімдердің орындалуы үшін моральдік жауапкершілігі, еріктілігі және ұғынықтылығымен сипатталатын олардың социомәдени қоршаған ортасына екі тараптың да мүдделілігі қалыптасатын тең құқылы субъектілердің өзара әрекеті [162];

  • серіктестік ортақ міндеттерді шешу қызметі процесінде пайда болатын белгілі бір қатынастар формасын көздейді; ол: жалпы және өзара пайдалы міндеттерді шешу жолдарын таңдауда тараптардың тең құқылылығы; толықтырылулығы; еріктілігі; компромисс; сенім; теңдік негізінде жолдарды таңдау; тараптардың өзара пайдалы мүдделілігі;өзара әрекеттің құқықтық негізі қағидалары негізінде құрылады [163];

  • серіктестік білім мекемесі мен сыртқы әлеуметтік құрылымдар арасындағы қатынастар деңгейі ретінде, мысалы, әлеуметік-педагогикалық серіктестік ... білім мекмесінің білім сапасын көтеру мақсатында білім саласында

...меншікті мүдделері бар әртүрлі әлеуметтік топ өкілдерімен ...арнайы ұйымдастырылған бірлескен қызмет [164];

  • серіктестік – ол субъектілердің диалогтік қатынастарында құрылған және «бірыңғай әрекеттер стратегиясын» қамтамасыз ететін әлеуметтік өзара әрекет түрі [165].

  • серіктестік тред-юнионистік мағынада жұмыс берушілер, кәсіподақтар және қызметкерлер арасындағы белгілі нормативтік-құқықтық және экономикалық қатынастар: әлеуметтік серіктестік – атқару билігі, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, білім саласындағы жұмыс берушілер, кәсіподақтар және қызметкерлер арасындағы қатынастарды бюджет саласы ретінде келісімдер мен ұжымдық шарттар құрылымдарын оңтайландыру арқылы реттеу үдерісі және құралы [166].

Біз жұмысымызда, білімдегі серіктестік қатынастардың зерттеуіміздің мақсатына ең сәйкес келетін, тек бірінші екі нұсқасына ғана тоқталамыз. Осы екі топ анықтамаларын жалпылай отырып, ортақ белгілерін анықтауға болады, олар:

  • субъектілердің бірлескен, келісімді, саналы қызметі;

  • әртүрлі әлеуметтік топ өкілдерінің күштерін, кәсіби және жеке мүдделерін біріктіру;

  • қатынастардың диалогтылығы, тең құқылылығы, өзара пайдалылығы;

  • білім саласында нәтижелерге жету, өскелең ұрпақты тәрбиелеу және дамытуда өзара әрекетке бағытталу [167].

Практикалық жүзеге асыру тұрғысынан өте маңызды, сондай-ақ айтарлықтай күрделі және аз зерттелген мәселе – білімдегі әлеуметтік серіктестік
тетіктері мен қағидаларын іздеу мәселесі болып табылады. Мысалы, ресейлік Е.К.Кашленконың, Ю.В.Медованың, А.В.Корсунованың және т.б. жұмыстары арналған. Нақты серіктестік, серіктестік қатынастардың тараптары олардың өзара пайдалылығы мен өз мәселелерін басқалармен бірікпей шешу мүмкін еместігін түсінген кезде пайда болады деген пікірлер білдіріледі.
Мысалы Е.К.Кашленко өзінің зерттеуінде әлеуметтік серіктестіктің ұйымдастыру-педагогикалық талаптарын талдап, «білімдегі жағымды өзгерістерді көрсететін «әртүрлі әлеуметтік институттар әрекеттерін түйіндестіру» қажет деген қорытындыға келді. Білім мекемелерінде осы үдеріс
«мақсатты бағытталған, саналы және кәсіби тексерілген сипатта» болған кезде, басқа институттарда ол, әдетте, кездейсоқтық, болжамсыздықтың үлкен элементтерімен байқалады, сонымен қатар шешім қабылдауда стандарттылық жойылады деп тұжырымдайды [168].
Жоғарыда айтқанымыздай серіктестік әлеуметтік өзара әрекеттің түрі ретінде бір іске әртүрлі тараптардың қосылуын және олардың қызметтің барлық сатыларында – жоспарлаудан нәтижені бағалағанға дейін қатысуын көздейтін болғандықтан, өзара әрекеттің деңгейінде осы бірлескен қызметті үйлестіретін орган қажет. Осы мәселе бойынша ғылыми-педагогикалық әдебиетті және әлеуметтік-білім жобаларының сәйкес конкурстарының материалдарында берілген білім мекемелерінің практикасына талдау жасау, іс жүзінде білім саласында әлеуметтік серіктестіктің көбіне келесі ұйымдастыру-үйлестіру нысандары жасалып, жүзеге асырылатындығын көрсетеді.
Оларға:

  • қамқорлық кеңесі – заңды тұлға статусы жоқ, жалпы білім беретін мекеменің Жарғысы негізінде әрекет ететін орган;

  • қамқорлық кеңесі дербес заңды тұлға ретінде – коммерциялық емес серіктестік, қор түрінде;

  • жалпы білім беретін ұйымның қамқорлық кеңесі – мекеменің білім қажеттілігін жүзеге асыруға мүдделі жеке және заңды тұлғаларды ерікті негізде біріктіретін қоғамдық, коммерциялық емес ұйым (мысалы, ардагерлер кеңесі, ғылыми-әдістемелік орталықтар, қоғамдық ұйымдар);

  • білім беру ұйымы базасындағы әлеуметтік серіктестіктің ресурс орталығы;

  • аумақтық ведомствоаралық үйлестіру кеңесі – бірлескен тәрбие бағдарламаларын жасау мен жүзеге асыруды басқаратын орган;

  • рефлексивті семинар – серіктес субъктілік деңгейін көтеретін орган;

  • әлеуметтік серіктестіктегі ресурс орталығы – социумның әлеуметтендіру мүмкіншіліктерін кіріктіретін орган және т.б. жатады [169].

Сонымен, талданған еңбектер негізінде біз, білімдегі әлеуметтік серіктестіктің мектеп позициясының «социуммен өзара әрекет» немесе
«социумдағы жұмыс» позициясынан қандай айырмашылығы бар екендігі туралы төмендегідей қорытындылар жасай аламыз:

  • мектеп әртүрлі серіктестер арасындағы байланыстырушы буын бола алады және болуы тиіс, өйткені сөз болашақ ұрпақты тәрбиелеу мен оқытудың сапасын

көтеру туралы болып отыр, бірақ бұл жағдайда өзара әрекеттің басқа тараптарына үстемдік жасаудан бас тарту;

  • өзінен «басқарушы және бағыттаушы» рөлді алып тастап, оны ұйымдастыру-үйлестіру рөліне (бірінші кезеңде) ауыстырып, кейіннен оны толығымен үйлестіруші органдарға беру;

  • педагогикалық ұжымның міндеті оқу-тәрбие міндеттерін шешу саласында қандай да бір себептермен өз көмегін ұсынуда да, жеке мақсаттарға қол жеткізуде өзара келісуде де белсенділік көрсететін тараптарды іздеу болып табылады;

  • тараптардың бірінің бастапқы анық серіктестік позициясы болмаған жағдайда, әлеуетті серіктес өзара әрекет ету қажеттілігін түсінгенге дейін алдымен оның субъектілігін көтеру содан кейін онымен жоғарыда көрсетілген қағидалар негізінде қарым-қатынас құру керек [170].

Білім саласындағы әлеуметтік серіктестік қарым-қатынастың нақты жағдайы туралы бүгінгі таңда жаңа, толығымен әлі игерілмеген құбылыс, бірақ өте өзекті мәселе екендігін айтуға болады. Қазіргі уақытта білім практикасының көпшілігінде «әлеуметтік серіктестік» деп аталатын құбылыстар іс жүзінде қайырымдылық, демеушілік, ынтымақтастық пен инвестициялау элементтері кіретін аралас нысан болып табылады. Алайда ЖОО серіктес мекемелердің маман даярлауға қатыстылығы тәжірибе етолық енді деп айта алмаймыз. Сондықтан да нақты әлеуметтік серіктестіктіктің білімдік қызметі енді ғана түсініп, жаңа қалыптастырылып келеді. Қоғам қойып отырған талаптарға сай маман даярлауда практикада «серіктестік» деңгейіне дейін «өсу» үшін, жоғарыда көрсеткен алдыңғы деңгейлерден барлығынан (болмаса да, көбінен) өту керек [171].

Сурет-3. Педагогикалық ЖОО әлеуметтік серіктестік мекемелері


Ол үшін кәсіптік білім беретін орта оқу орындары мен жоғары білім беретін университеттер өздеріндегі мамандықтарға сай серіктес мекемелерді табу, олармен келісім - шарттар жасау, оқу бағдарламаларының мазмұнын құрастыру, студенттердің қатысатын жұмыс аумақтарын белгілеу сияқты бірлескен жұмыстардың бағдарламаларын жасап, жүзеге асырулары тиіс.
Бұл жағдай болашақ педагогтардың жұмысқа орналасу мәселесін де тиімді шешуге ықпал етері сөзсіз. Айталық педагогикалық мамандар даярлайтын оқу орындары үшін әлеуметтік серіктес ұйымдар мектепке дейінгі мекемелерден бастап, орта кәсіптік білім беретін оқу орындары бола алады. (Сурет-3)
Зерттеу барысында зерделенген еңбектердегі әлеуметтік серіктестік мәселесінінің бағыттылығын тарқатар болсақ:

  • болашақ педагогтарды практикалық жолмен оқыту (серіктес-мекемелер базасындағы оқу бағдарламасынан тыс тәжірибе);

  • мамандық пәндері бойынша сабақтарды кәсіпорынның бас мамандарының өткізуі;

  • әлеуметтік серіктес мекемелердегі бас мамандар болашақ педагогтардың қорытынды мемлекеттік аттестациясына қатысуы;

  • жұмысқа алушылардың кәсіптік шеберлік байқауларына, болашақ педагогтардың ғылыми-практикалық конференцияларына, біліктілік емтихандарына қатысуы;

  • ЖОО мамандықтар бойынша тәжірибенің жұмыс бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу;

  • ЖОО түлектерінің жұмысқа тартылуы;

  • жұмыс орындағы мамандардың кәсіптік дайындығы және қайта дайындығы.



  • Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   77




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет