Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт



бет7/45
Дата13.06.2016
өлшемі3.03 Mb.
#131251
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   45

Өнеркәсіптік субсидиялар

      1. Мүше мемлекеттер экономикаларының тұрақты және тиімді дамуы үшін жағдайларды, сондай-ақ мүше мемлекеттер арасындағы өзара сауда мен адал бәсекелестіктің дамуына ықпал ететін жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында мүше мемлекеттердің аумақтарында өнеркәсіптік тауарларға қатысты, оның ішінде осы Шартқа № 28 қосымшаға сәйкес өнеркәсіп тауарларын өндірумен, өткізумен және тұтынумен тікелей байланысты көрсетілетін қызметтерді ұсынған немесе алған кезде субсидиялар берудің бірыңғай қағидалары қолданылады.


      2. Мүше мемлекеттердің осы баптың және осы Шартқа № 28 қосымшаның ережелерінен туындайтын міндеттемелері мүше мемлекеттердің үшінші елдермен құқықтық қатынастарына қолданылмайды.
      3. Осы баптың мақсаттары үшін субсидия ретінде мыналар түсініледі:
      а) мүше мемлекеттің субсидиялаушы органы (немесе мүше мемлекет уәкілеттік берген құрылым) көрсететін қаржылай көмек, оның нәтижесінде артықшылықтар жасалады (қамтамасыз етіледі) және ол:
      ақша қаражатын тікелей аудару (мысалы, қайтарылмайтын несиелер, кредиттер түрінде) немесе жарғылық капиталдағы үлесті сатып алу немесе оны ұлғайту немесе мұндай қаражатты аудару жөніндегі міндеттемелер (мысалы, кредиттер бойынша кепілдіктер);
      мүше мемлекеттің кірісіне түсуге тиіс болған төлемдерді өндіріп алудан толықтай немесе ішінара бас тарту (мысалы, салық жеңілдіктері, борышты есептен шығару) арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте экспортталатын өнеркәсіп тауарын ішкі тұтынуға арналған ұқсас тауардан алынатын баждар мен салықтардан босату не мұндай баждар мен салықтарды азайту не іс жүзінде есепке жазылған сомадан аспайтын мөлшерде мұндай баждар мен салықтарды қайтару субсидия ретінде қарастырылмайды;
      тауарларды немесе көрсетілетін қызметтерді (ортақ инфрақұрылымды қолдауға және дамытуға арналған өнеркәсіп тауарларын немесе көрсетілетін қызметтерді қоспағанда) ұсыну;
      өнеркәсіп тауарларын сатып алу арқылы жүзеге асырылады;
      б) нәтижесінде артықшылық ұсынылатын, кез келген мүше мемлекеттің аумағынан өнеркәсіп тауарын әкелудің қысқартылуына немесе кез келген мүше мемлекеттің аумағына өнеркәсіп тауарын әкетудің ұлғайтылуына әсер ететін (тікелей немесе жанама) кірістерді немесе бағаларды қолдаудың басқа да кез келген нысаны.
      Субсидия түрлері осы Шартқа № 28 қосымшада көзделген.
      4. Субсидиялаушы орган өзіне жүктелген, субсидияны беруге қатысты бір немесе бірнеше функцияны кез келген басқа ұйымға орындауға тапсыруы немесе бұйыруы мүмкін. Мұндай ұйымның әрекеттері субсидиялаушы органның әрекеттері ретінде қарастырылады.
      Мүше мемлекет басшысының субсидиялар беруге бағытталған актілері субсидиялаушы органның әрекеттері ретінде қарастырылады.
      5. Мүше мемлекеттің аумағында берілетін субсидиялардың осы баптың және осы Шартқа № 28 қосымшаның ережелеріне сәйкестігін талдау мақсатындағы тергеп-тексеру осы Шартқа № 28 қосымшада көзделген тәртіпке сәйкес жүргізіледі.
      6. Комиссия осы баптың және осы Шартқа № 28 қосымшаның ережелерінің іске асырылуын бақылауды қамтамасыз етеді және оған мынадай:
      1) мүше мемлекеттер заңнамасына мониторингті жүзеге асыру және оның субсидияларды беруге қатысты осы Шарттың ережелеріне сәйкестігі тұрғысынан салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізу, сондай-ақ мүше мемлекеттердің осы баптың және осы Шартқа № 28 қосымшаның ережелерін сақтауы туралы жыл сайынғы есептерді дайындау;
      2) субсидияларды беру саласында мүше мемлекеттердің заңнамасын үйлестіру мен біріздендіру мәселелері бойынша мүше мемлекеттердің консультацияларын ұйымдастыруға жәрдемдесу;
      3) беруге жоспарланып жатқан және берілген өзіндік ерекшелікті субсидияларды ерікті келісу рәсімінің қорытындылары бойынша мүше мемлекеттер орындауға міндетті, осы Шартқа № 28 қосымшаның ережелерінде көзделген шешімдерді қабылдау, оның ішінде:
      осы Шартқа № 28 қосымшаның 7-тармағында көзделген, Одақ шеңберіндегі халықаралық шартта айқындалған критерийлердің негізінде осы Шартқа № 28 қосымшаның 6-тармағына сәйкес өзіндік ерекшелікті субсидияларды беруге болатыны немесе болмайтыны туралы шешім қабылдау;
      осы Шартқа № 28 қосымшаның 7-тармағында көзделген, Одақ шеңберіндегі халықаралық шартта айқындалған жағдайларда өзіндік ерекшелікті субсидияларды беру фактілері бойынша талқылау жүргізу және оларға қатысты міндетті шешімдер қабылдау;
      осы баптың және осы Шартқа № 28 қосымшаның ережелерін іске асыруға қатысты мәселелер бойынша келіспеушіліктерді шешу және оларды қолдану жөнінде түсіндірмелер беру;
      4) осы Шартқа № 28 қосымшаның 7-тармағында көзделген, Одақ шеңберіндегі халықаралық шартта белгіленетін тәртіппен және жағдайларда берілетін субсидиялар туралы сұрау салулар жіберу және ақпарат алу өкілеттіктері беріледі.
      Осы тармақтың 3) және 4) тармақшаларын қолдану осы Шарттың 105-бабының 1-тармағында көзделген өтпелі ережелер ескеріле отырып жүзеге асырылады.
      7. Осы баптың және осы Шартқа № 28 қосымшаның ережелеріне қатысты даулар, бірінші кезекте, келіссөздер мен консультациялар жүргізу арқылы шешіледі. Егер дау оған бастамашы болған мүше мемлекет жауапкер - мүше мемлекетке жіберген, келіссөздер мен консультациялар жүргізу туралы ресми жазбаша өтініш берілген күннен бастап күнтізбелік 60 күннің ішінде келіссөздер мен консультациялар арқылы реттелмесе, талап қоюшы - мүше мемлекеттің Одақ Сотына жүгінуге құқығы бар.
      Егер Одақ Сотының шешімдері белгіленген уақыт кезеңі ішінде орындалмаса немесе егер Одақ Соты жауапкер - мүше мемлекет хабарлаған шаралар осы баптың және осы Шартқа № 28 қосымшаның ережелеріне сәйкес келмейді деп шешсе, талап қоюшы - мүше мемлекет мөлшерлес жауап шараларын қолдануға құқылы.
      8. Осы Шартқа № 28 қосымшаны бұза отырып берілген өзіндік ерекшелікті субсидияға мүше мемлекеттер дау айта алатын мерзім өзіндік ерекшелікті субсидия берілген күннен бастап 5 жылды құрайды.

XXV БӨЛІМ


АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕН

94-бап


Келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік
саясаттың мақсаттары мен міндеттері

      1. Әрбір мүше мемлекет және жалпы Одақ халқының мүддесінде агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық жерлерді дамытуды, сондай-ақ Одақ шеңберіндегі экономикалық интеграцияны қамтамасыз ету мақсатында келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясат жүргізіледі, ол, оның ішінде осы Шартта және Одақ шеңберіндегі агроөнеркәсіптік кешен саласындағы басқа да халықаралық шарттарда көзделген реттеу тетіктерін қолдануды, тізбесі мүше мемлекеттердің ұсыныстары негізінде қалыптастырылып, Комиссия Кеңесі бекітетін зәру ауылшаруашылық тауарларының әрқайсысы бойынша өндірісті дамыту жоспарларын (бағдарламаларын) мүше мемлекеттердің бір-біріне және Комиссияға өзара ұсынуын көздейді.


      2. Келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясаттың негізгі мақсаты бәсекеге қабілетті ауылшаруашылық өнімдері мен азық-түлік өндірісінің көлемін оңтайландыру, ортақ аграрлық нарық қажеттіліктерін қанағаттандыру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімі мен азық-түлік экспортын ұлғайту үшін мүше мемлекеттердің ресурстық әлеуетін тиімді іске асыру болып табылады.
      3. Келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясатты іске асыру мынадай міндеттердің шешілуін қамтамасыз етеді:
      1) ауылшаруашылығы өнімі мен азық-түлік өндірісін және нарығын теңгерімді түрде дамыту;
      2) мүше мемлекеттердің субъектілері арасында әділ бәсекелестікті, оның ішінде ортақ аграрлық нарыққа бірдей қол жеткізу жағдайларын қамтамасыз ету;
      3) ауылшаруашылығы өнімі мен азық-түліктің айналысына байланысты талаптарды біріздендіру;
      4) ішкі және сыртқы нарықтарда мүше мемлекеттер өндірушілерінің мүдделерін қорғау.

95-бап


Келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясаттың негізгі
бағыттары және ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шаралары

      1. Келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясат міндеттерін шешу мынадай негізгі бағыттар:


      1) агроөнеркәсіптік кешендегі болжау;
      2) ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау;
      3) ортақ аграрлық нарықты реттеу;
      4) өнім өндірісі мен айналысы саласындағы бірыңғай талаптар;
      5) ауылшаруашылығы өнімі мен азық-түліктің экспортын дамыту;
      6) агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми және инновациялық дамыту;
      7) агроөнеркәсіптік кешенді интеграцияланған ақпараттық қамтамасыз ету бойынша мемлекетаралық өзара іс-қимыл тетіктерін пайдалануды көздейді.
      2. Келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясат шараларын іске асыру үшін мүше мемлекеттер өкілдерінің Комиссия ұйымдастыратын тұрақты консультациялары, оның ішінде зәру ауылшаруашылық тауарлары бойынша консультациялар жылына кемінде бір рет өткізіледі. Консультациялардың нәтижелері бойынша осы баптың 1-тармағында айқындалған негізгі бағыттар шеңберінде келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясатты іске асыру бойынша ұсынымдар әзірленеді.
      3. Келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясатты жүргізу кезінде мүше мемлекеттер ауыл шаруашылығы саласының өндірістік, экономикалық қана емес, саланың әлеуметтік маңыздылығына, мүше мемлекеттердің өңірлері мен аумақтары арасындағы құрылымдық және табиғи-климаттық өзгешеліктерге негізделген ауыл шаруашылығы саласындағы қызметтің ерекше сипатын ескереді.
      4. Интеграциялық өзара іс-қимылдың басқа да салаларында, оның ішінде ауылшаруашылығы өнімі мен азық-түлікке қатысты санитариялық, фитосанитариялық және ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) шараларды қамтамасыз ету саласында саясатты іске асыру келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясаттың мақсаттарын, міндеттері мен бағыттарын ескере отырып жүзеге асырылады.
      5. Одақ шеңберінде ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау осы Шартқа № 29 қосымшаға сай тәсілдерге сәйкес жүзеге асырылады.
      6. Осы бап пен осы Шартқа № 29 қосымшаға қатысты даулар бірінші кезекте Комиссияның қатысуымен келіссөздер және консультациялар жүргізу арқылы шешіледі. Егер дау оған бастамашылық еткен мүше мемлекеттің жауапкер ретінде әрекет ететін мүше мемлекетке келіссөздер мен консультациялар жүргізу туралы ресми жазбаша өтініш жіберген күнінен бастап күнтізбелік 60 күн ішінде келіссөздер мен консультациялар арқылы реттелмесе, онда талап қоюшы - мүше мемлекет Одақтың Сотына жүгінуге құқылы. Талап қоюшы болып табылатын мүше мемлекет келіссөздер мен консультациялар жүргізу туралы ресми жазбаша өтініш жіберген кезде, осындай өтініш жіберген күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде Комиссияны бұл жөнінде хабардар етеді.
      7. Келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясатты іске асыру үшін Комиссия:
      1) берілген өкілеттіктер шеңберінде мүше мемлекеттермен бірлесіп келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеуді, үйлестіру мен іске асыруды;
      2) мүше мемлекеттер агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың, ауыл шаруашылығы өніміне және азық-түлікке қатысты сұраныс пен ұсыныстардың бірлескен болжамдарын дайындаған кезде қызметті үйлестіруді;
      3) мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіптік кешенді және оның жекелеген салаларын дамыту бағдарламаларын өзара ұсынуын үйлестіруді;
      4) мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіптік кешендері дамуының, мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіптік кешендерді мемлекеттік реттеу шараларын, оның ішінде ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларын қолдануының мониторингін;
      5) мүше мемлекеттермен келісілген номенклатура бойынша өндірілетін өнімнің бәсекеге қабілеттілігіне баға мониторингі мен талдауды;
      6) мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіптік кешен саласындағы заңнамаларын, оның ішінде ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау саласындағы заңнамаларын үйлестіру мәселелері бойынша, ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау саласындағы міндеттемелерді сақтауға байланысты дауларды шешу мәселелері бойынша консультациялар мен келіссөздер ұйымдастыруға жәрдемдесуді;
      7) мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау саласындағы заңнамасына мониторингті және оның Одақ шеңберіндегі міндеттемелерге сәйкестігі тұрғысынан салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізуді;
      8) мемлекеттік қолдау тиімділігін арттыру жөніндегі ұсынымдарды қоса алғанда, мүше мемлекеттерде агроөнеркәсіптік кешен және ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау саласындағы мемлекеттік саясатқа шолулар дайындауды және оларды мүше мемлекеттерге ұсынуды;
      9) ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемдерін есептеумен байланысты мәселелер бойынша мүше мемлекеттерге жәрдем көрсетуді;
      10) агроөнеркәсіптік кешен саласындағы экспорттық әлеуетті дамытуға бағытталған келісілген іс-қимылдарды жүзеге асыру бойынша ұсынымдарды мүше мемлекеттермен бірлесіп дайындауды;
      11) мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіптік кешен саласында, оның ішінде мүше мемлекеттердің мемлекетаралық бағдарламаларды іске асыруы шеңберінде бірлескен ғылыми-инновациялық қызметті жүзеге асыру кезіндегі іс-қимылдарын үйлестіруді;
      12) мүше мемлекеттердің Одақтың кедендік аумағы бойынша асыл тұқымды өнімді әкелу, әкету және орнын ауыстыру шарттарына, асыл тұқымды малдардың асыл тұқымдық құндылығын айқындау әдістемелеріне, сондай-ақ асыл тұқымдық куәліктердің (сертификаттардың, паспорттардың) нысандарына қатысты біріздендірілген талаптарды әзірленуін және оларды іске асыруын үйлестіруді;
      13) ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің сұрыптарын сынау мен тұқым шаруашылығы, сондай-ақ мүше мемлекеттердің тұқымдардың сұрыптық және отырғызылу сапаларын растайтын құжаттарды өзара мойындауы саласында біріздендірілген талаптардың әзірленуін және іске асырылуын үйлестіруді;
      14) келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясаттың негізгі бағыттары шеңберіндегі тең бәсекелестік жағдайларын қамтамасыз етуге жәрдем көрсетуді жүзеге асырады.

XXVI БӨЛІМ


ЕҢБЕК КӨШІ-ҚОНЫ

96-бап


Мүше мемлекеттердің еңбек көші-қоны саласындағы ынтымақтастығы

      1. Мүше мемлекеттер Одақ шеңберіндегі еңбек көші-қонын реттеу саласындағы саясатты келісу бойынша, сондай-ақ мүше мемлекеттерде еңбек қызметін жүзеге асыруы үшін мүше мемлекеттер еңбекшілерін ұйымдастырылған түрде іріктеуге және тартуға жәрдем көрсету бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады.


      2. Мүше мемлекеттердің еңбек көші-қоны саласындағы ынтымақтастығы мүше мемлекеттердің құзыретіне тиісті мәселелер жататын мемлекеттік органдарының өзара іс-қимыл жасасуы жолымен жүзеге асырылады.
      3. Мүше мемлекеттердің Одақ шеңберіндегі еңбек көші-қоны саласындағы ынтымақтастығы мынадай нысандарда жүзеге асырылады:
      1) еңбек көші-қоны саласындағы жалпы тәсілдер мен қағидаттарды келісу;
      2) нормативтік құқықтық актілермен алмасу;
      3) ақпарат алмасу;
      4) анық емес ақпараттың таралып кетуін болдырмауға бағытталған шараларды іске асыру;
      5) тәжірибе алмасу, тағылымдамаларды, семинарлар мен оқу курстарын өткізу;
      6) консультациялық органдар шеңберіндегі ынтымақтастық.
      4. Мүше мемлекеттердің келісімі бойынша көші-қон саласындағы ынтымақтастықтың өзге де нысандары белгіленуі мүмкін.
      5. Осы бөлімде пайдаланылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
      «келу мемлекеті» - аумағына басқа мүше мемлекеттің азаматы баратын мүше мемлекет;
      «тұрақты тұратын мемлекет» - мүше мемлекеттің еңбекшісі азаматы болып табылатын мүше мемлекет;
      «жұмысқа орналасу мемлекеті» - аумағында еңбек қызметі жүзеге асырылатын мүше мемлекет;
      «білім туралы құжаттар» - білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттар, сондай-ақ білім туралы мемлекеттік құжаттар деңгейінде танылатын білім туралы құжаттар;
      «жұмыстарға (көрсетілетін қызметтерге) тапсырыс беруші» - жұмысқа орналасу мемлекетінің заңнамасында көзделген тәртіппен және жағдайларда мүше мемлекеттің еңбекшісіне онымен жасалған азаматтық-құқықтық шарт негізінде жұмыс беретін заңды немесе жеке тұлға;
      «көші-қон картасы (карточкасы)» - басқа мүше мемлекеттің аумағына келетін мүше мемлекеттің азаматы туралы мәліметтерді қамтитын және оның келетін мемлекеттің аумағында уақытша болуын есепке алу және бақылау үшін пайдаланылатын құжат;
      «жұмыс беруші» - жұмысқа орналасу мемлекетінің заңнамасында көзделген тәртіппен және жағдайларда, көшіп-қонушы еңбекшіге онымен жасалған еңбек шартының негізінде жұмыс беретін заңды немесе жеке тұлға;
      «әлеуметтік қамсыздандыру (әлеуметтік сақтандыру)» - еңбекке уақытша жарамсыздығы жағдайы мен ана болуына байланысты міндетті сақтандыру, өндірістегі жазатайым оқиғалар мен кәсіптік аурулардан міндетті сақтандыру және міндетті медициналық сақтандыру;
      «еңбек қызметі» - жұмысқа орналасу мемлекетінің аумағында осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын, еңбек шартының негізіндегі қызмет немесе азаматтық-құқықтық шарт негізінде жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) жөніндегі қызмет;
      «мүше мемлекеттің еңбекшісі» - мүше мемлекеттің азаматы болып табылатын, өзі азаматы болып табылмайтын және тұрақты тұрмайтын басқа мүше мемлекеттің аумағында заңды түрде жүрген және заңды негізде еңбек қызметін жүзеге асыратын адам;
      «отбасы мүшесі» - мүше мемлекеттің еңбекшісімен некеде тұратын адам, сондай-ақ оның асырауындағы балалары мен жұмысқа орналасу мемлекетінің заңнамасына сәйкес отбасының мүшелері деп танылатын басқа да адамдар.

97-бап


Мүше мемлекеттер еңбекшілерінің еңбек қызметі

      1. Мүше мемлекеттің жұмыс берушілері және (немесе) жұмыстарға (көрсетілетін қызметтерге) тапсырыс берушілері мүше мемлекеттердің еңбекшілерін ұлттық еңбек нарығын қорғау жөніндегі шектеулерді ескермей, еңбек қызметін жүзеге асыруға тартуға құқылы. Бұл ретте мүше мемлекеттер еңбекшілерінің жұмысқа орналасу мемлекетінде еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсат алуы талап етілмейді.


      2. Ұлттық қауіпсіздікті (оның ішінде стратегиялық маңызы бар экономика салаларындағы) және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында осы Шартта және мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген шектеулерді қоспағанда, мүше мемлекеттер ұлттық еңбек нарығын қорғау мақсатында, мүше мемлекеттердің еңбекшілері жүзеге асыратын еңбек қызметіне, олар айналысатын жұмыс түріне және болу аумағына қатысты шектеулерді белгілемейді және өздерінің заңнамасында белгіленген шектеулерді қолданбайды.
      3. Мүше мемлекеттер еңбекшілерінің еңбек қызметін жүзеге асыруы мақсатында жұмысқа орналасу мемлекетінде мүше мемлекеттердің білім беру ұйымдары (білім беру мекемелері, білім беру саласындағы ұйымдар) берген білім туралы құжаттар жұмысқа орналасу мемлекетінің заңнамасында белгіленген білім туралы құжаттарды тану рәсімі өткізілмей танылады.
      Басқа мүше мемлекетте педагогикалық, заңдық, медициналық немесе фармацевтикалық қызметпен айналысуға үміткер бір мүше мемлекеттің еңбекшілері жұмысқа орналасу мемлекетінің заңнамасында белгіленген білім туралы құжаттарды тану рәсімінен өтеді және тиісінше, жұмысқа орналасу мемлекетінің заңнамасына сәйкес педагогикалық, заңдық, медициналық немесе фармацевтикалық қызметке жіберілуі мүмкін.
      Мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары берген ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар туралы құжаттар жұмысқа орналасу мемлекетінің заңнамасына сәйкес танылады.
      Жұмыс берушілер (жұмыстарға (көрсетілетін қызметтерге) тапсырыс берушілер) білім туралы құжаттардың жұмысқа орналасу мемлекетінің тіліне нотариаттық аудармасын сұратуға, сондай-ақ, қажет болған жағдайда, мүше мемлекеттер еңбекшілерінің білім туралы құжаттарын верификациялау мақсатында білім туралы құжатты берген білім беру ұйымдарына (білім беру мекемелеріне, білім беру саласындағы ұйымдарға) сұрау салу, оның ішінде ақпараттық дерекқорға өтініш жасау арқылы жіберуге және тиісті жауаптар алуға құқылы.
      4. Мүше мемлекет еңбекшісінің еңбек қызметі осы Шарттың ережелері ескеріле отырып, жұмысқа орналасу мемлекетінің заңнамасымен реттеледі.
      5. Мүше мемлекет еңбекшісінің және оның отбасы мүшелерінің жұмысқа орналасу мемлекетінің аумағында уақытша болу (тұру) мерзімі мүше мемлекет еңбекшісінің жұмыс берушімен және (немесе) жұмыстарға (көрсетілетін қызметтерге) тапсырыс берушімен жасасқан еңбек немесе азаматтық-құқықтық шартының қолданылу мерзімімен белгіленеді.
      6. Еңбек қызметін жүзеге асыру немесе жұмысқа орналасу мақсатында басқа мүше мемлекеттің аумағына келген мүше мемлекеттің азаматтары және олардың отбасы мүшелері келу күнінен бастап 30 тәулік ішінде тіркелу (есепке қою) міндетінен босатылады.
      Мүше мемлекеттің азаматтары басқа мүше мемлекеттің аумағында келген күнінен бастап 30 тәуліктен астам уақыт болған жағдайда, егер тіркелу міндеті келу мемлекетінің заңнамасында белгіленсе, бұл азаматтар келу мемлекетінің заңнамасына сәйкес тіркелуге (есепке тұруға) міндетті.
      7. Мүше мемлекеттің азаматтары басқа мүше мемлекеттің аумағына келген кезде, егер мүше мемлекеттердің жекелеген халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, келу мемлекетінің заңнамасында көзделген жағдайларда, көші-қон карталарын (карточкаларын) пайдаланады.
      8. Мүше мемлекеттің азаматтары мемлекеттік шекараны кесіп өткені туралы шекаралық бақылау органдарының белгілерін қоюға жол беретін жарамды құжаттардың біреуі бойынша басқа мүше мемлекеттің аумағына келген кезде, олардың болу мерзімі келген күнінен бастап 30 тәуліктен аспайтын жағдайда, егер келу мемлекетінің заңнамасында осындай міндет белгіленсе, көші-қон картасын (карточкасын) пайдаланудан босатылады.
      9. Жұмысқа орналасу мемлекетінің аумағына келген күнінен бастап 90 тәулік өткен соң еңбек шарты немесе азаматтық-құқықтық шарт мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда, мүше мемлекеттің еңбекшісі жұмысқа орналасу мемлекеттің аумағынан шықпай, 15 күн ішінде жаңа еңбек шартын немесе азаматтық-құқықтық шарт жасасуға құқылы.

98-бап


Мүше мемлекет еңбекшісінің құқықтары мен міндеттері

      1. Мүше мемлекет еңбекшілерінің осы Шартқа және жұмысқа орналасу мемлекетінің заңнамасына сәйкес танылатын білім туралы құжаттарда, ғылыми дәреже тағайындау және (немесе) ғылыми атақ беру туралы құжаттарда көрсетілген мамандығы мен біліктілігіне сай кәсіби қызметпен айналысуына құқығы бар.


      2. Мүше мемлекеттің еңбекшісі мен оның отбасы мүшелері жұмысқа орналасу мемлекетінің заңнамасында белгіленген тәртіппен:
      1) өзінің мүлкін иеленуге, пайдалануға және иелік етуге;
      2) меншігін қорғауға;
      3) ақшалай қаражатын кедергісіз аударуға құқығын жүзеге асырады.
      3. Мүше мемлекеттердің еңбекшілері мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қамсыздандыру (әлеуметтік сақтандыру) (зейнетақыдан басқа) жұмысқа орналасу мемлекетінің азаматтары сияқты шарттарда және тәртіппен жүзеге асырылады.
      Мүше мемлекеттер еңбекшілерінің еңбек (сақтандыру) өтілі жұмысқа орналасу мемлекетінің заңнамасына сәйкес, зейнетақымен қамсыздандыруды қоспағанда, әлеуметтік қамсыздандыру (әлеуметтік сақтандыру) мақсаттары үшін жалпы еңбек (сақтандыру) өтіліне есептеледі.
      Мүше мемлекеттердің еңбекшілерін және олардың отбасы мүшелерін зейнетақымен қамсыздандыру тұру тұратын мемлекетінің заңнамасымен, сондай-ақ мүше мемлекеттер арасындағы жеке халықаралық шартқа сәйкес реттеледі.
      4. Мүше мемлекеттер еңбекшілері мен олардың отбасы мүшелерінің жедел медициналық көмек (шұғыл және кезек күттірмейтін нысандағы) пен өзге де медициналық көмек алу құқығы № 30 қосымшаға сәйкес тәртіппен, сондай-ақ жұмысқа орналасу мемлекетінің заңнамасымен және ол қатысушы болып табылатын халықаралық шарттармен реттеледі.
      5. Мүше мемлекеттің еңбекшісі жұмысқа орналасу мемлекетінің азаматтарымен тең түрде кәсіптік одақтарға кіруге құқылы.
      6. Мүше мемлекеттің еңбекшісінің жұмысқа орналасу мемлекетінің мемлекеттік органдарынан (құзыретіне тиісті мәселелер жататын) және жұмыс берушіден (жұмыстарға (көрсетілетін қызметтерге) тапсырыс берушіден) өзінің болу тәртібіне, еңбек қызметін жүзеге асыру шарттарына, сондай-ақ жұмысқа орналасу мемлекетінің заңнамасында көзделген құқықтар мен міндеттерге қатысты ақпарат алуға құқығы бар.
      7. Мүше мемлекет еңбекшісінің (оның ішінде бұрынғы) талап етуі бойынша жұмыс беруші (жұмыстарға (көрсетілетін қызметтерге) тапсырыс беруші) оған жұмысқа орналасу мемлекетінің заңнамасында белгіленген мерзімде кәсібін (мамандығын, біліктілігі мен лауазымын), жұмыс істеген кезеңі мен жалақысының мөлшерін көрсете отырып, анықтаманы (анықтамаларды) және (немесе) анықтаманың (анықтамалардың) куәландырылған көшірмесін өтеусіз негізде беруге міндетті.
      8. Мүше мемлекет еңбекшісінің жұмысқа орналасу мемлекетінің аумағында өзімен бірге тұратын балаларының жұмысқа орналасу мемлекетінің заңнамасына сәйкес мектепке дейінгі мекемелерге баруға, білім алуға құқығы бар.
      9. Мүше мемлекеттің еңбекшісі мен оның отбасы мүшелері жұмысқа орналасу мемлекетінің заңнамасын сақтауға, жұмысқа орналасу мемлекеті халықтарының мәдениеті мен дәстүрін құрметтеуге, жасаған құқық бұзушылықтары үшін жұмысқа орналасу мемлекетінің заңнамасына сәйкес жауапты болуға міндетті.
      10. Мүше мемлекет еңбекшісінің жұмысқа орналасу мемлекетінің аумағындағы еңбек қызметін жүзеге асыру нәтижесінде алған табыстары осы Шарттың ережелері ескеріле отырып, халықаралық шарттарға және жұмысқа орналасу мемлекетінің заңнамасына сәйкес салық салынуға жатады.

ТӨРТІНШІ БӨЛІК



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   45




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет