Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт



бет10/45
Дата13.06.2016
өлшемі3.03 Mb.
#131251
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   45

СТАТУТЫ

I ТАРАУ. Жалпы ережелер.


Соттың құқықтық мәртебесі

      1. Еуразиялық экономикалық одақ соты (бұдан әрі - Сот) Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі - Одақ) сот органы болып табылады, ол Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт (бұдан әрі - Шарт) пен осы Статутқа сәйкес құрылады және тұрақты негізде жұмыс істейді.


      2. Сот қызметінің мақсаты - осы Статуттың ережелеріне сәйкес, мүше мемлекеттер мен Одақ органдарының Шартты, Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарды, Одақтың үшінші тараппен халықаралық шарттарын және Одақ органдарының шешімдерін біркелкі қолдануын қамтамасыз ету болып табылады.
      Осы Статуттың мақсаттары үшін Одақ органдары ретінде Сотты қоспағанда, Одақ органдары ұғынылады.
      3. Сот заңды тұлға құқықтарын пайдаланады.
      4. Сот өз құжаттамасын жүргізеді, өз атауы жазылған мөрі мен бланкілері болады, өзінің ресми интернет-сайтын және ресми бюллетенін құрады.
      5. Сот қызметін қаржыландыру туралы ұсыныстарды Сот әзірлейді және Одақ бюджеті туралы ережеге сәйкес өзінің қызметін қамтамасыз етуге бөлінген қаражатқа иелік етеді.
      6. Сот судьяларының, лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу шарттарын Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес айқындайды.

II ТАРАУ. Сот құрамы



      7. Сот құрамына әрбір мүше мемлекеттен екі судьядан кіреді.
      8. Судьяның өкілеттік мерзімі - тоғыз жыл.
      9. Судьялар жоғары моральдық қасиетке ие болуы, халықаралық және мемлекетішілік құқық саласында біліктілігі жоғары мамандар болуы, сондай-ақ, әдетте, мүше мемлекеттердің жоғары сот органдары судьяларына қойылатын талаптарға сай келуі тиіс.
      10. Судьяларды мүше мемлекеттердің ұсынуы бойынша Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес лауазымға тағайындайды. Лауазымға кіріскен кезде Судья ант қабылдайды.
      11. Судьяларды Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес лауазымнан босатады.
      12. Судьяның өкілеттігі мынадай негіздер бойынша тоқтатылуы мүмкін:
      1) Сот қызметінің тоқтатылуы;
      2) судьяның өкілеттік мерзімінің аяқталуы;
      3) судьяның басқа жұмысқа ауысуына байланысты немесе өзге де себептермен өз өкілеттіктерін тоқтату туралы жазбаша өтініші;
      4) денсаулық жағдайы бойынша немесе өзге де дәлелді себептермен судья өкілеттігін жүзеге асыруға қабілетсіздігі;
      5) судья лауазымына сай келмейтін қызметпен айналысуы;
      6) судьяны ұсынған мемлекеттің Одаққа мүше болуды тоқтатуы;
      7) судьяны ұсынған мүше мемлекеттің азаматтығын судьяның жоғалтуы;
      8) судьяның судья жоғары мәртебесімен үйлеспейтін елеулі теріс қылық жасауы;
      9) судьяға қатысты соттың айыптау үкімінің не оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешімінің заңды күшіне енуі;
      10) судьяның әрекетке қабілеттілігін шектеу туралы не оны әрекетке қабілетсіз деп тану туралы сот шешімінің заңды күшіне енуі;
      11) судьяның қайтыс болуы немесе оны қайтыс болды деп жариялау не хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы сот шешімінің заңды күшіне енуі.
      13. Осы Статуттың 12-тармағында көзделген негіздер бойынша судьяның өкілеттіктерін тоқтату туралы бастамамен судьяны ұсынған мүше мемлекет, Сот немесе судьяның өзі әрекет етуі мүмкін.
      Судьяның өкілеттігін тоқтату туралы бастаманы енгізу мәселелері Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес бекітетін Еуразиялық экономикалық одақ Сотының Регламентінде (бұдан әрі - Регламент) айқындалады.
      14. Сот қызметіне Сот Төрағасы басшылық жасайды. Сот Төрағасының орынбасары болады.
      Сот Төрағасы Сот қызметіне уақытша қатыса алмаған жағдайда оның міндетін Сот Төрағасының орынбасары атқарады.
      15. Сот Төрағасы мен оның орынбасарын лауазымға Регламентке сәйкес Сот судьялары Сот құрамынан сайлайды және оны Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес бекітеді.
      Сот Төрағасы мен оның орынбасары сол бір мүше мемлекеттің азаматтары бола алмайды.
      Өкілеттіктері тоқтатылған кезде Сот Төрағасы немесе оның орынбасары осының алдындағы Сот Төрағасы мен тиісінше оның орынбасарын ұсынған емес, өзге мүше мемлекеттер ұсынған судьялар арасынан сайланады.
      16. Сот Төрағасы мен оның орынбасары өз өкілеттіктерін үш жыл ішінде жүзеге асырады.
      17. Сот төрағасы:
      1) Сот және судьялар қызметін ұйымдастыру тәртібін бекітеді;
      2) Сот қызметін ұйымдастырады;
      3) өкілеттіктері шегінде мүше мемлекеттің уәкілетті органдарымен, шетелдік және халықаралық сот органдарымен Соттың өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді;
      4) осы Статутта белгіленген тәртіппен Сот қызметкерлері мен лауазымды адамдарын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;
      5) бұқаралық ақпарат құралдарына Сот қызметі туралы мәліметтер беруді ұйымдастырады;
      6) осы Статут шегінде өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      18. Судьялар мемлекеттік немесе мемлекетаралық органдардың және ұйымдардың, коммерциялық құрылымдардың, саяси партиялардың және қозғалыстардың, сондай-ақ аумақтардың, ұлттардың, ұлыстардың, әлеуметтік және діни топтардың және жекелеген адамдардың мүдделерін білдіре алмайды.
      Судьялар ғылыми, шығармашылық және оқытушылық қызметтен басқа, табыс табуға байланысты кез келген қызметпен айналысуға құқылы емес.
      19. Судья даудың бір тарапының өкілі, сенім білдірілген өкілі немесе адвокаты, ұлттық немесе халықаралық соттың, тергеу комиссиясының мүшесі ретінде немесе қандай да бір өзге ретте бұрын қатысқан қандай да бір істі шешуге қатыса алмайды.
      20. Судьялар сот төрелігін жүзеге асыру кезінде тең және бірдей мәртебеге ие. Сот Төрағасы мен оның орынбасары басқа судьялармен салыстырғанда кез келген құқыққа сыйымсыз артықшылықтарды алуға бағытталған әрекет жасауға құқылы емес.
      21. Судья өз өкілеттігін орындау кезінде де, қызметтен тыс қатынастарда да мүдделер қақтығысына, сондай-ақ сот билігінің беделіне, судьяның қадір-қасиетіне нұқсан келтіруі немесе оның объективтілігіне, әділдігіне, бейтараптығына күмән келтіруі мүмкін кез келген нәрсеге жол бермеуі тиіс.

III БӨЛІМ. Сот Аппараты. Лауазымды адамдар мен қызметкерлер мәртебесі



      22. Сот қызметін Сот Аппараты қамтамасыз етеді.
      23. Сот Аппаратының құрылымына судьялар хатшылығы мен Сот Хатшылығы кіреді.
      24. Судьялар Хатшылығы судьяның кеңесшісі мен судьяның көмекшісінен тұрады.
      25. Сот қызметін құқықтық, ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етуді Сот Хатшылығы жүзеге асырады.
      26. Сот Хатшылығының құрылымы мен санын Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес бекітеді.
      27. Сот Хатшылығын Сот Хатшылығының басшысы басқарады. Сот Хатшылығы басшысының екі орынбасары болады. Сот Хатшылығының басшысы мен оның орынбасарлары Соттың лауазымды адамдары болып табылады, олар осы Статутқа және Шартқа сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады. Сот Хатшылығының басшысы және оның орынбасарлары сол бір мүше мемлекеттің азаматтары бола алмайды.
      28. Еңбек қатынастары Шартпен, Одақ шеңберінде қолданылатын халықаралық шарттармен және Сот болатын мемлекеттің заңнамасымен реттеледі.
      29. Судья кеңесшісі тиісті судьяның ұсынысы бойынша Сот Төрағасы лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын Соттың лауазымды адамы болып табылады.
      30. Судья кеңесшісі судья қызметін ақпараттық-талдамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
      31. Судья кеңесшісі жоғары моральдық қасиетке ие болуға, халықаралық құқық және (немесе) сыртқы экономикалық қызмет саласында тәжірибелі маман болуы тиіс.
      32. Судья көмекшісі тиісті судьяның ұсынысы бойынша Сот Төрағасы лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын Соттың қызметкері болып табылады.
      33. Судья көмекшісі судья қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
      34. Сот Хатшылығы басшысының және оның орынбасарларының лауазымына кандидаттарды іріктеу мүше мемлекеттердің бірдей ұсынылуы қағидатын ескере отырып, конкурстық негізде Соттың конкурстық комиссиясы жүргізеді.
      Көрсетілген лауазымдарға орналасуға арналған конкурсқа қатысатын кандидатураларды мүше мемлекеттер ұсынады.
      35. Сот Хатшылығы мүше мемлекеттің Одақ бюджетіне үлестік қатысуын ескере отырып, мүше мемлекеттер азаматтары арасынан конкурстық негізде қалыптастырылады.
      Сот Хатшылығының қызметкерлері олармен жасалатын еңбек шарттары (келісімшарттар) негізінде жұмысқа қабылданады.
      36. Сот Хатшылығы лауазымдарына орналасуға кандидаттарды іріктеу жөніндегі Соттың конкурстық комиссиясының құрамына Сот Төрағасын қоспағанда, Соттың барлық судьялары кіреді.
      Конкурстық комиссияның мүшелері конкурстық комиссияның төрағасын сайлайды.
      Конкурстық комиссия өз шешімдерін көпшілік дауыспен ұсынымдар түрінде қабылдайды және тағайындау үшін оны Сот Төрағасына ұсынады.
      37. Сот Хатшылығында бос лауазымдарға орналасуға арналған конкурсты өткізу тәртібін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес айқындайтын конкурс өткізудің негізгі қағидаларына сәйкес. Сот айқындайды және оны Сот Төрағасы бекітеді.
      38. Сот Хатшылығының техникалық персоналын Сот Хатшылығының басшысы олармен жасалатын еңбек шарттары (келісімшарттар) негізінде жұмысқа қабылдайды.

IV ТАРАУ. Сот құзыреті



      39. Сот:
      1) мүше мемлекеттің:
      Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттың немесе оның жекелеген ережелерінің Шартқа сәйкестігі туралы;
      басқа мүше мемлекеттің (басқа мүше мемлекеттердің) Шартты, Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарды және (немесе) Одақ органдарының шешімдерін, сондай-ақ көрсетілген халықаралық шарттардың және (немесе) шешімдердің жекелеген ережелерін сақтауы туралы;
      Комиссия шешімінің немесе оның жекелеген ережелерінің Шартқа, Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға және (немесе) Одақ органдарының шешімдеріне сәйкестігі туралы;
      Комиссияның әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы өтініші бойынша;
      2) шаруашылық жүргізуші субъектінің:
      егер Комиссия шешімі немесе оның жекелеген ережелері Шартпен және (немесе) Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттармен берілген шаруашылық жүргізуші субъектілердің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкеп соқса, кәсіпкерлік және өзге де экономикалық қызмет саласындағы шаруашылық жүргізуші субъектінің құқықтары мен заңды мүдделерін тікелей қозғайтын мұндай шешімдердің немесе оның жекелеген ережелерінің Шартқа және (немесе) Одақ шеңберіндегі халықаралық шартқа сәйкестігі туралы;
      егер Комиссияның әрекеті (әрекетсіздігі) Шартпен және (немесе) Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттармен берілген шаруашылық жүргізуші субъектілердің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкеп соқса, кәсіпкерлік және өзге де экономикалық қызмет саласындағы шаруашылық жүргізуші субъектінің құқықтары мен заңды мүдделерін тікелей қозғайтын мұндай әрекеттерге (әрекетсіздікке) дау айту туралы өтініші бойынша Шартты, Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарды және (немесе) Одақ органдарының шешімдерін іске асыру мәселелері бойынша туындайтын дауларды қарастырады.
      Осы Статуттың мақсаттары үшін шаруашылық жүргізуші субъект деп мүше мемлекеттің немесе үшінші мемлекеттің заңнамасына сәйкес тіркелген заңды тұлға не мүше мемлекеттің немесе үшінші мемлекеттің заңнамасына сәйкес дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлға түсініледі.
      40. Мүше мемлекеттер Шартта, Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда, Одақтың үшінші тараптармен халықаралық шарттарында немесе мүше мемлекеттер арасындағы өзге де халықаралық шарттарда Соттың шешуі тікелей көзделген өзге де дауларды Соттың құзыретіне жатқызуы мүмкін.
      41. Соттың дауды шешу бойынша құзыретінің бар-жоғы туралы мәселені Сот шешеді. Сот өзінің дауды қарау құзыретіне ие ме екенін айқындар кезде Шартты, Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарды және (немесе) Одақтың үшінші тараптармен халықаралық шарттарын басшылыққа алады.
      42. Одақ органдарына Шартта және (немесе) Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда көзделгеннен бөлек қосымша құзыреттер беру Соттың құзыретіне кірмейді.
      43. Шартта тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, өтініш беруші консультациялар, келіссөздер немесе Шартта және Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда көзделген өзге де тәсілдер арқылы сотқа дейінгі тәртіппен мәселені реттеу үшін мүше мемлекетке немесе Комиссияға алдын ала жүгінбей тұрып, дау Соттың қарауына қабылданбайды.
      44. Егер мүше мемлекет немесе Комиссия оларға өтініш берушінің өтініші келіп түскен күннен бастап 3 ай ішінде мәселені сотқа дейінгі тәртіппен реттеу бойынша шаралар қабылдамаса, дауды қарау туралы өтініш Сотқа жолдануы мүмкін.
      45. Дау тараптарының өзара келісуі бойынша дау осы Статуттың 44-тармағында көрсетілген мерзім өткенге дейін Соттың қарауына берілуі мүмкін.
      46. Сот мүше мемлекеттің немесе Одақ органының өтініші бойынша Шарттың, Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттардың ережелеріне және Одақ органдарының шешімдеріне, сондай-ақ Одақ органдарының және Соттың қызметкерлері мен лауазымды адамдарының өтініші бойынша еңбектік құқықтық қатынастарға байланысты Шарттың, Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттардың ережелеріне және Одақ органдарының шешімдеріне түсініктеме беруді (бұдан әрі - түсініктеме беру) жүзеге асырады.
      47. Соттың түсініктеме беруді жүзеге асыруы консультациялық қорытынды беруін білдіреді және мүше мемлекеттерді халықаралық шарттарды бірлесіп түсіндіру құқығынан айырмайды.
      48. Егер бұл халықаралық шартта көзделсе, Сот Одақтың үшінші тараппен халықаралық шартының ережелеріне түсініктеме беруді жүзеге асырады.
      49. Сотқа мүше мемлекеттің атынан дауды қарау туралы өтінішпен немесе түсініктеме беру туралы өтінішпен жүгінуді тізбесін әрбір мүше мемлекет айқындайтын және дипломатиялық арналар арқылы Сотқа жіберілетін мүше мемлекеттің уәкілетті органдары мен ұйымдары жүзеге асырады.
      50. Сот төрелігін жүзеге асыру кезінде сот:
      1) халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттары мен нормаларын;
      2) Шартты, Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарды және қатысушысы дау тарапы мемлекеті болып табылатын өзге де халықаралық шарттарды;
      3) Одақ органының шешімдері мен өкімдерін;
      4) құқықтық норма ретінде танылған жалпыға ортақ практиканың дәлелі ретінде халықаралық дәстүрді қолданады.
      51. Шарттың, Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттардың және Одақтың үшінші тараптармен халықаралық шарттарының дауларды шешуге, түсініктеме беруге және түсіндіруге қатысты ережелері осы Статутқа қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.

V ТАРАУ. Сот ісін жүргізу

1-бөлім
Дауларды шешу туралы істер бойынша сот ісін жүргізу

      52. Сотта дауларды шешу туралы істі қарау тәртібі Регламентте айқындалады.


      53. Сот мынадай қағидаттардың негізінде сот ісін жүргізуді жүзеге асырады:
      судьялардың тәуелсіздігі; талқылаудың ашықтығы; жариялылық; дау тараптарының теңдігі; жарыспалылық; алқалылық.
      Сот ісін жүргізу қағидаттарын іске асыру тәртібі Регламентте айқындалады.
      54. Сотқа Одақ шеңберіндегі қандай да бір халықаралық шартқа және (немесе) Комиссия шешіміне қатысты өтініштің түсуі, Шартта тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, осындай халықаралық шарттың және (немесе) шешімнің және (немесе) олардың жекелеген ережелерінің қолданысын тоқтата тұру үшін негіз болып табылмайды.
      55. Сот Сотқа өтініш жолдаған шаруашылық жүргізуші субъектілерден, мүше мемлекеттің уәкілетті органдары мен ұйымдарынан, сондай-ақ Одақ органдарынан істі қарау үшін қажетті материалдарды сұрата алады.
      56. Таратылуы шектеулі ақпаратты Шартқа, Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға, Регламентке және мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес Сот ала алады немесе оны іске қатысушы тұлға ұсына алады. Сот осындай ақпараттың қорғалуын қамтамасыз ету жөнінде тиісінше шаралар қабылдайды.
      57. Сотта сот ісін жүргізу мамандандырылған топтардың сарапшыларын, мамандарды, куәларды және аудармашыларды қоса алғанда, дау тараптарының, өтініш иесінің, олардың өкілдерінің, сарапшылардың қатысуымен жүзеге асырылады.
      58. Іске қатысушы адамдар Регламентке сәйкес процестік құқықтарды пайдаланады және оларға процестік міндеттер жүктеледі.
      59. Істі Соттың қарауы бойынша процеске мамандандырылған топтар сарапшыларының қатысуына байланысты, барлық айтылғандарға немесе жазылғандарға қатысты әкімшілік, азаматтық және қылмыстық юрисдикциядан оларға иммунитет беріледі. Регламентте айқындалған, таралуы шектеулі ақпаратты пайдалану және қорғау тәртібін бұзған жағдайда, осы адамдар иммунитетін жоғалтады.
      60. Егер мүше мемлекет немесе Комиссия дау бойынша шешім олардың мүдделерін қозғауы мүмкін.деп есептесе, бұл мүше мемлекет немесе Комиссия даудың мүдделі қатысушысы ретінде іске қатысуға рұқсат беру туралы өтінішхатпен жүгіне алады.
      61. Сот залалдарды өтеу туралы талаптарды немесе мүліктік сипаттағы өзге де талаптарды қараусыз қалдырады.
      62. Шаруашылық жүргізуші субъектінің Сотқа берген өтінішіне баж салынады.
      63. Баж шаруашылық жүргізуші субъекті Сотқа өтініш бергенге дейін төленеді.
      64. Сот шаруашылық жүргізуші субъектінің өтінішінде көрсетілген талаптарын қанағаттандырған жағдайда, бажды қайтару жүзеге асырылады.
      65. Төлемнің мөлшері, валютасы, бажды есепке жатқызу, пайдалану және қайтару тәртібін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес айқындайды.
      66. Істі қарау барысында даудың әрбір тарапы өздерінің сот шығындарын дербес көтереді.
      67. Істі қараудың кез келген сатысында дау тараптары бейбіт келісім жасасу, өтініш иесінің өз талаптарынан бас тартуы немесе өтінішін қайтарып алуы арқылы дауды реттеуі мүмкін.

2-бөлім


Түсініктеме беру туралы істер бойынша сот ісін жүргізу

      68. Түсініктеме беру туралы істерді қарау тәртібі Регламентте айқындалады.


      69. Сот түсініктеме беру туралы істер бойынша сот ісін жүргізуді судьялардың тәуелсіздігі және алқалылық қағидаттары негізінде жүзеге асырады.

3-бөлім


Сот құрамы

      70. Сот істерді Соттың Үлкен алқасының, Сот Алқасының және Соттың Аппеляциялық палатасының құрамында қарайды.


      71. Осы Статуттың 39-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайларда, Сот дауларды шешу туралы істерді Соттың Үлкен алқасының отырыстарында қарайды.
      72. Үлкен алқа Регламентте көзделген рәсімдік мәселелерді қарайды.
      73. Сот түсініктеме беру туралы істерді Соттың Үлкен алқасының отырыстарында қарайды.
      74. Соттың Үлкен алқасының құрамына Соттың барлық судьялары кіреді.
      75. Соттың Үлкен алқасының сот отырысы оған Соттың барлық судьялары қатысқан жағдайға құқықты деп есептеледі.
      76. Сот осы Статуттың 39-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайларда, Сот Алқасының құрамымен отырыс өткізеді.
      77. Сот Алқасының құрамына әрбір мүше мемлекеттен орыс әліпбиінің бірінші әрпінен бастап судьяның тегі бойынша кезекпен бір судьядан енгізіледі.
      78. Сот Алқасының сот отырысы, оған әрбір мүше мемлекеттен бір судья қатысқан жағдайда құқықты деп есептеледі.
      79. Сот Алқасының шешімдеріне шағымдану туралы өтініштерді қараған кезде, Сот Соттың Аппеляциялық палатасының құрамымен отырыс өткізеді.
      80. Соттың Апелляциялық палатасының құрамына, ол бойынша Сот Алқасының шешімі шағымдалып жатқан істі қарауға қатыспаған мүше мемлекеттерден Сот судьялары кіреді.
      81. Соттың Апелляциялық палатасының сот отырысы, оған әрбір мүше мемлекеттен бір судья қатысқан жағдайда құқықты деп есептеледі.

VI ТАРАУ. Мамандандырылған топтар

      82. Нысанасы өнеркәсіптік субсидияларды, ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну, арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану мәселелері болып табылатын нақты дау қаралған кезде мамандандырылған топ құрылады.
      83. Мамандандырылған топ даудың тиісті түрі бойынша әрбір мүше мемлекет ұсынған тізімнен бір-бірден үш сарапшыдан тұрады.
      84. Мамандандырылған топтың құрамын Сот бекітеді.
      85. Іс қаралғаннан кейін мамандандырылған топ таратылады.
      86. Мүше мемлекеттер Шарт күшіне енгеннен кейін күнтізбелік 60 күннен кешіктірмей осы Статуттың 82-тармағында көрсетілген даулардың әрбір түрі бойынша мамандандырылған топтардың мүшелері ретінде әрекет етуге әзір және қабілетті, кемінде үш сарапшыдан тұратын тізімдерді Сотқа жібереді.
      Мүше мемлекеттер сарапшылардың тізімдерін тұрақты негізде, бірақ жылына бір реттен сиретпей жаңартып отырады.
      87. Осы Статуттың 82-тармағында көрсетілген даулардың нысанасын құрайтын мәселелер бойынша арнайы білімі мен тәжірибесі бар жоғары білікті мамандар болып табылатын жеке тұлғалар сарапшылар ретінде әрекет етеді.
      88. Сарапшылар өзіне тән жеке қасиетпен әрекет етеді, тәуелсіз жұмыс істейді, сондай-ақ дау тарапының біреуімен де байланысы болмайды және олардан қандай да бір нұсқаулықтар ала алмайды.
      89. Сарапшы мүдделер қақтығысы болған жағдайда, мамандандырылған топтың мүшесі ретінде әрекет ете алмайды.
      90. Мамандандырылған топ істің нақты мән-жайларын объективті бағалауды қамтитын қорытындыны әзірлейді және Оны Регламентте белгіленген мерзімдерде Сотқа ұсынады.
      91. Осы Статуттың 92-тармағының үшінші абзацында көзделген жағдайды қоспағанда, мамандандырылған топтың қорытындысы ұсынымдық сипатқа ие және Сот осы Статуттың 104 - 110-тармақтарында көзделген шешімдердің бірі шығарылған кезде оны бағалайды.
      92. Нысанасы өнеркәсіптік субсидияларды немесе ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну мәселелері болып табылатын дау бойынша дайындалған мамандандырылған топтың қорытындысы бұзушылықтың бар екендігі не жоқ екендігі, сондай-ақ бұзушылық болған жағдайда тиісті өтемақы шараларын қолдану туралы тұжырымды қамтуы тиіс.
      Мамандандырылған топтың бұзушылықтың бар екендігі не жоқ екендігі туралы тұжырымы бөлігінде мамандандырылған топтың қорытындысы ұсынымдық сипатқа ие және Сот осы Статуттың 104 - 110-тармақтарында көзделген шешімдердің бірі шығарылған кезде оны бағалайды.
      Тиісті өтемақы шараларын қолдану туралы тұжырым бөлігінде мамандандырылған топтың қорытындысы Сот үшін шешім шығарған кезде міндетті болып табылады.
      93. Мамандандырылған топты қалыптастыру мен оның қызметінің тәртібі Регламентте айқындалады.
      94. Мамандандырылған топтар сарапшылары көрсететін қызметтерге ақы төлеу тәртібін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес айқындайды.

VII ТАРАУ. Сот актілері



      95. Регламентте белгіленген мерзімдерде Сот қызметінің рәсімдік мәселелері бойынша Сот:
      1) іс жүргізуге берілген өтінішті қабылдау не қабылдаудан бас тарту туралы;
      2) іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру немесе қайта бастау туралы;
      3) іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулыларды қоса алғанда, қаулылар қабылдайды.
      96. Өтініш түскен күннен бастап 90 күннен кешіктірілмейтін мерзімде Сот дауды қарау нәтижелері бойынша шешім шығарады, ал түсініктеме беру туралы өтініш бойынша консультациялық қорытынды ұсынады.
      97. Шешім шығару мерзімі Регламентте көзделген жағдайларда ұзартылуы мүмкін.
      98. Түсініктеме беру туралы өтініш бойынша консультациялық қорытынды ұсынымдық сипатқа ие.
      99. Осы Статуттың 39-тармағының 1) тармақшасында көзделген дауларды қарау нәтижелері бойынша Сот дау тараптарының орындауы үшін міндетті болып табылатын шешім шығарады.
      100. Осы Статуттың 39-тармағының 2) тармақшасында көзделген дауларды қарау нәтижелері бойынша Сот Комиссияның орындауы үшін міндетті болып табылатын шешім шығарады.
      101. Сот шешімі өтініште көрсетілген мәселелер шеңберінен шыға алмайды.
      102. Сот шешімі Одақтың қолданыстағы құқық нормаларын, мүше мемлекеттердің заңнамасын өзгертпейді және (немесе) күшін жоймайды және жаңаларын жасамайды.
      103. Осы Статуттың 111 - 113-тармақтарының ережелеріне нұқсан келтірмей, дау тараптары Сот шешімін орындау нысаны мен тәсілін өз бетінше айқындайды.
      104. Мүше мемлекеттің Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттың немесе оның жекелеген ережелерінің Шартқа сәйкестігі туралы өтініш бойынша істі қарау нәтижелері бойынша Соттың Үлкен алқасы мынадай шешімдердің бірін:
      1) Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттың немесе оның жекелеген ережелерінің Шартқа сәйкес келмейтіндігі туралы;
      2) Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттың немесе оның жекелеген ережелерінің Шартқа сәйкес келетіндігі туралы шешім шығарады.
      105. Мүше мемлекеттің басқа мүше мемлекеттің (басқа мүше мемлекеттердің) Шартты, Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарды және (немесе) Одақ органдарының шешімдерін, сондай-ақ көрсетілген халықаралық шарттардың және (немесе) шешімдердің жекелеген ережелерін сақтауы туралы өтініші жөнінде істі қарау нәтижелері бойынша Соттың Үлкен алқасы мынадай шешімдердің бірін:
      1) мүше мемлекеттің (мүше мемлекеттердің) Шартты, Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарды және (немесе) Одақ органдарының шешімдерін, сондай-ақ көрсетілген халықаралық шарттардың және (немесе) шешімдердің жекелеген ережелерін сақтау фактісін анықтау туралы;
      2) мүше мемлекеттің (мүше мемлекеттердің) Шартты, Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарды және (немесе) Одақ органдарының шешімдерін, сондай-ақ көрсетілген халықаралық шарттардың және (немесе) шешімдердің жекелеген ережелерін сақтамау фактісін анықтау туралы шешім шығарады.
      106. Мүше мемлекеттің Комиссия шешімінің немесе оның жекелеген ережелерінің Шартқа, Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға және (немесе) Одақ органдарының шешімдеріне сәйкестігі туралы өтініші жөнінде істі қарау нәтижелері бойынша Соттың Үлкен алқасы мынадай шешімдердің бірін:
      1) Комиссия шешімінің немесе оның жекелеген ережелерінің Шартқа, Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға және (немесе) Одақ органдарының шешімдеріне сәйкес келмейтіндігі туралы;
      2) Комиссия шешімінің немесе оның жекелеген ережелерінің Шартқа, Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға және (немесе) Одақ органдарының шешімдеріне сәйкес келетіндігі туралы шешім шығарады.
      107. Мүше мемлекеттің Комиссияның әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту жөніндегі өтініш бойынша істі қарау нәтижелері бойынша Соттың Үлкен алқасы мынадай шешімдердің бірін:
      1) дау айтылып отырған әрекеттің (әрекетсіздіктің) Шартқа және (немесе) Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкес келмейді деп тану туралы;
      2) дау айтылып отырған әрекеттің (әрекетсіздіктің) Шартқа және (немесе) Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкес келеді деп тану туралы шешім шығарады.
      108. Шаруашылық жүргізуші субъектінің Комиссия шешімінің немесе оның кәсіпкерлік және өзге де экономикалық қызмет саласында шаруашылық жүргізуші субъектінің құқықтары мен заңды мүдделерін тікелей қозғайтын жекелеген ережелерінің Шартқа және (немесе) Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкестігі туралы өтініші бойынша істі қарау нәтижелері бойынша, егер мұндай шешім немесе оның жекелеген ережелері Шартпен және (немесе) Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттармен берілген шаруашылық жүргізуші субъектінің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкеп соқса, Сот Алқасы мынадай шешімдердің бірін:
      1) Комиссия шешімін немесе оның жекелеген ережелерін Шартқа және (немесе) Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкес келеді деп тану туралы;
      2) Комиссия шешімін немесе оның жекелеген ережелерін Шартқа және (немесе) Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкес келмейді деп тану туралы шешім шығарады.
      109. Шаруашылық жүргізуші субъектінің Комиссияның әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту жөніндегі өтініші бойынша істі қарау нәтижелері бойынша Сот Алқасы мынадай шешімдердің бірін:
      1) Комиссияның дау айтылып отырған әрекетін (әрекетсіздігін) Шартқа және (немесе) Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкес келмейді және кәсіпкерлік пен өзге де экономикалық қызмет саласында шаруашылық жүргізуші субъектінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзады деп тану туралы;
      2) Комиссияның дау айтылып отырған әрекеті (әрекетсіздігі) Шартқа және (немесе) Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкес келеді және кәсіпкерлік пен өзге де экономикалық қызмет саласында шаруашылық жүргізуші субъектінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайды деп тану туралы шешім шығарады.
      110. Шаруашылық жүргізуші субъектінің Сот Алқасының шешіміне шағымдану туралы өтініші жөнінде істі қарау нәтижелері бойынша Соттың Апелляциялық палатасы мынадай шешімдердің бірін:
      1) Сот Алқасының шешімін өзгеріссіз қалдыру, ал шағымдану туралы өтінішті қанағаттандырмай қалдыру туралы;
      2) Сот Алқасы шешімінің күшін толығымен немесе ішінара жою не өзгерту туралы, осы Статуттың 108 және 109-тармақтарына сәйкес іс бойынша жаңа шешім шығару туралы шешім шығарады.
      111. Сот Шартқа және (немесе) Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкес келмейді деп таныған Комиссия шешімінің немесе оның жекелеген ережелерінің қолданылуы Соттың тиісті шешімі күшіне енгеннен кейін Комиссия Соттың осы шешімін орындағанға дейін жалғасады.
      Сот Шартқа және (немесе) Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкес келмейді деп таныған Комиссия шешімін немесе оның жекелеген ережелерін ақылға қонымды мерзімде, бірақ Сот шешімі күшіне енген күннен бастап күнтізбелік 60 күннен аспайтын мерзімде, егер Сот шешімінде өзге мерзім белгіленбеген болса, Комиссия Шартқа және (немесе) Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкес келтіреді.
      Сот өз шешімінде Шарттың және (немесе) Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттардың ережелерін ескере отырып, Комиссия шешімін Шартқа және (немесе) Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкес келтіру үшін өзге мерзім белгілей алады.
      112. Дау тарапының негізделген өтінішхаты болған кезде Сот Шартқа және (немесе) Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкес келмейді деп таныған Комиссия шешімінің немесе оның жекелеген ережелерінің қолданысы - Соттың мұндай шешімі күшіне енген күннен бастап Соттың шешімі бойынша тоқтатыла тұруы мүмкін.
      113. Комиссия ақылға қонымды мерзімде, бірақ Сот шешімі күшіне енген күннен бастап күнтізбелік 60 күннен аспайтын мерзімде, егер Сот шешімінде өзге мерзім белгіленбесе, Сот Комиссияның дау айтылып отырған әрекеті (әрекетсіздігі) Шартқа және (немесе) Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкес келмейді және Комиссияның мұндай әрекеті (әрекетсіздігі) Шартта және (немесе) Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда көзделген шаруашылық жүргізуші субъектілердің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзған деп белгілеген, күшіне енген Сот шешімін орындауға міндетті.
      114. Сот шешімі орындалмаған жағдайда, мүше мемлекет оны орындауға байланысты қажетті шаралар қабылдау мақсатында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске жүгінуге құқылы.
      115. Комиссия Сот шешімін орындамаған жағдайда шаруашылық жүргізуші субъект оны орындау жөніндегі шаралар қабылдау туралы өтінішхатпен Сотқа жүгінуге құқылы.
      Сот шаруашылық жүргізуші субъектінің өтінішхаты бойынша ол келіп түскен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске осы мәселе бойынша шешім қабылдауы үшін жүгінеді.
      116. Сот актілері Соттың ресми бюллетенінде және Соттың ресми интернет-сайтында жариялауға жатады.
      117. Сот шешіміне іс бойынша тараптардың негізделген өтінішхаты бойынша оның мәні мен мазмұнын өзгертпей, Соттың өзі ғана түсініктеме бере алады.

VIII ТАРАУ. Қорытынды ережелер

      118. Судьялар, Соттың лауазымды адамдары, қызметкерлері, іске қатысушы адамдар, мамандандырылған топтардың сарапшылары істі қарау процесінде алған ақпаратты, осындай ақпаратты ұсынған адамның жазбаша келісімінсіз жария етпейді және үшінші тұлғаларға бермейді.
      119. Таралуы шектеулі ақпаратты пайдалану және қорғау тәртібі Регламентте айқындалады.
      120. Сот жыл сайын Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске өз қызметі туралы есеп береді.

Еуразиялық экономикалық


одақ туралы шартқа  
№ 3 ҚОСЫМША     

Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   45




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет