1.1 Ғабиден Мұстафиннің өмірі
Мұстафин Ғабиден (29. 11.1902, Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Жауыр тауы – 20.1.1985, Алматы) – жазушы, қоғам қайраткері. Білім іздеп, 1916 жылы Спасскідегі қазақ орыс мектебінде сауат ашып, 2-3 сыныптық білім алған жазушының нағыз халықтық талантты өз кейіпкерлерінен де көрінеді. Осы арқылы өз талантын ұштап, қарымды қаламгерге айналған жазушы халықтың мол құрметіне бүгінде бөленіп отыр. Алғашқы сауатын зауытта ашқан Ғабиден Мұстафин кейінгі білімді өмірден алады. Ол төңкерістен кейінгі жылдары ауылда жүргізген кеңестік шараларға қатысып, әр түрлі қызметтер атқарды.
«1925 жылы көктемде Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылордаға оқу іздеп келдім, дейді жазушы. Оқуға түсе алмай, қызмет істеуге тура келеді. Қазақстан жоғарғы сотында қатынас қағаздарды тіркеуші бола отырып, газет оқуға үйрендім... 1925 жылдың күзінен бастап «Еңбекші қазақ» газетіне ұсақ хабарлар жаза бастадым. Келесі жылы (1926) очерк, фельетондар жазуға, Сәбиттің «Ақбөпесіне» еліктеп, әңгіме жазуға кірістім».
Астанаға келу, мәдениетті ортада қызмет істеу, оның үстіне өзінің жасынан әдебиетке құмарлығы болашақ жазушыға үлкен ой салады. Ғабиден Мұстафин жазушы болуды армандайды. Ол сот орындарынан келіп түскен еңбекшілердің арыз-шағымдарымен таныса отырып, ел ішіндегі әр түрлі бұзықтықтар туралы, сол замандағы халықты қанап келген небір пайдакүнем, арамдық аразы бітпеген байлар мен атқамінерлердің озбырлық, парақорлық қылықтарын әшкерлейтін мақалалар, шағын әңгімелер жазады. Оның алғашқы әңгімесі-«Сәрсен мен Мұқаш» 1927 жылы «Жыл құсы» альманахында жарияланады. Ғабиден Мұстафиннің алғашқы әңгімелері 1929 жылы Қызылорда қаласында жарияланып,басқа әңгімелері басылып шығады.
1930 жылы Ғ.Мұстафин өзінің туған жеріне қайтып барады. Онда жаңа ашылған өңдіріске орналасып, әр түрлі жұмыстар атқарады. «Мен келгенде Қарағандыға ағылшындардан қалған бес-алты жаман барактар, 30-40 жұмысшы ғана бар еді. Олар темірді қайламен қазып сыртқа, темір шелекпен қол бұрау арқылы шығаратын. Шахта дегендері бір ғана құдық... жұмысты жер қазудан, темірдің тотын қырудан бастап, бірнеше сатылардан өткен соң, токарь болып шықтым»,-дейді ол. Осы отызыншы жылдар ішінде, жазушы бірталай уақыт Қарағандыда, Новосибирскіде, Алматыда баспасөз маңында істейді. Бұл оның жазушылық өнерге төселу, іздену жылдары іспетті.
Әдетте, жазушының ізденісі мен өмір жолы көркем шығармасында із қалдырып, ел басынан кешкен тарихи оқиғалар сайрап жатады. Ғабиден Мұстафин мұрасы - осынау қағиданың дәлелі мен айғағы.
Жиырмасыншы жылдар туған еліміз үшін аса бір маңызды кезең еді. Ауылдағы негізгі тартыстар, Азамат соғысынан кейінгі ауыртпалықтар, әлі оңы мен солын айыра бермейтін кедейлердің қиын хал-күйі төңірегінде өрбитін. Жастайынан талай қиянат көрген болашақ жазушы қайнаған өмір ағымынан сырт қала алмады. Өзінің алғашқы қадамы туралы «көргенімді, сезгенімді жазатынмын»,-дейді Ғабең. Демек, жазушылық өмірінің алғашқы сәтінен бастап бүкіл өнер жолына үлкен әсер осындай тартыстардың қызу ортасы еді[1, 64 б.].
Жас талапкер өзі көрген, сотқа келіп түскен шағымдарда айтылған қиянат, мұң-шер, жапа шеккен адамдар туралы нақтылы оқиға негізінде жазған хабарлам, очерк, фельетондарын «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне жариялап жүрді.
Сөйтіп, Ғабиден Мұстафин алғашқы қалам тартысынан-ақ өзінің өзекті тақырыбын - бүгінгі қайнаған өмірді дәл тапты. Тұңғыш кітабы «Ер Шойынға» (1929) арқау болған да өзі жақсы білетін ауыл өмірі, кедейдің сана-сезімі, таптық күрес еді. «Ер Шойын» - жазушының ғұмырлық тақырыбын белгілеген, өзінің талабы мен талантына сенім туғызған ерекше мәні бар жинақ.
Белгілі сыншы-ғалым З. С. Кедрина жазушының өнер жолын саралай келіп, оны тың тақырыптарға алдымен баратын батылдығын, жаңашылдығын «творчестволық барлауда» деп, басып айтты. Жинаққа кірген тұңғыш шығармасы-«Сәрсен мен Боқаш» (1927-1928), «Ер Шойын», «Қан», «Қашқын» сияқты әңгімелерінде ауылда өтіп жатқан таптық тартысты нақтылы оқиға-көріністер арқылы реалистік дәлдікпен бейнеледі. Жазушының ыстық ықыласы қаналған тап жағында. Көркем образдар арқылы: «Адал еңбегінің қызығын көрмей, «адам!» деген ардақты атқа қолы жетпей қиналған адал жандар осылар!» - дейді жазушы. Байдың малын бағып, байлығын көбейтіп жүрген құтты қол жандар жас жазушыға адамгершілік пен ақиқаттың өзіндей көрінеді. Осындай жандарды сүліктей сорып, басын көтертпей езгіге салған үстем тапты автор жиіркенішпен, жек көре суреттейді. Жазушының мақсаты айқын, мүддесі ашық - кімді жақтайтыны, кімді даттайтыны түсінікті. Таптық күресте қажыр-қайрат, ұйымшылдық қажеттігін суреттеген-«Ер Шойын» жинағы тартыстың әлі толастамаған кезінде шыққанын ескерсек, кітаптың әлеуметтік, тәрбиелік мәні ерекше болғанын түсіну қиын емес.
Жас қаламгердің шығармаларында кейбір біркелкілікке құрылып, жинақтау сипаты, көркемдік мәнерлеу, тіл шеберлігі жетпей жатқанмен, алғашқы қадамынан-ақ автордың азаматтық белсенділігі, мақсатының айқындығы анықтала түседі.
Бірақ, Ғ. Мұстафиннің ізденісі жеңіл болды, қиыншылыққа кездеспеді десек, шындықтан ауытқыр едік. Жас кезінде жүйелі білім ала алмаған жазушыға өмір – білім бұлағы, еңбек - өнер шырағы болды. Баяу қалыптасып, жеңіл шығармалар да жазды, бірақ тынымсыз еңбек, іздену, оқу білімді, парасатты, қайраткер жазушыға айналдырды.
1933 жылы Ғ. Мұстафин «Қарағанды пролетариаты» газетінің жауапты секретары қызметіне тағайындалады. Бірақ көп кешікпей қазақ тілінде «Қызыл ту» атты жаңа газеттің ашылуына байланысты Новосибирь қаласына ауыстырылады. Өмірлік тәжірибесі байыған журналист ретінде, қаламы төселген - Ғ. Мұстафин 1938 жылы газет жабылысымен Алматыға көшіп келеді. «Бұл менің тоғыз жыл бойы жазушылықтан қол үзіп кеткен, қайта оралған шағым», - деп жазады Ғабең.
Астана жазушыға көп әлеуметтік-қоғамдық жағдайды жаңа биіктен бағалауына, әдеби-мәдени өмірмен етене араласуға мүмкіндік береді. Сол бір идеология майданы шиеленіскен таптық тартыстың қызу жылдарында қаламгер, өзі айтқандай, күресші өнердің шебінде болды. Оның көз алдында жалынды ақын Сәкеннің, Cәбит пен Бейімбеттің, ұлы Мұхтар мен Ғабиттің үлгі тұтар жарқын бейнелері тұрды. Дәл осы жылдары әдебиетті көп оқып, көп үйренді. Жаңа өмірдің әсерімен философиялық, эстетикалық көзқарасы қалыптасып, әдеби талғамы биіктей береді. Көптен көңілін қобалжытқан етене жақын тақырыбы – Қарағанды шахтерлерінің өмірінен «Өмір мен өлім» атты тұңғыш романын жазады (1939). Бұл - оның үлкен қаламгерлік жолының бастауын аша түскен кітап еді.
Он жыл (1939-1948) «Әдебиет майданы» (қазіргі «Жұлдыз» журналында қызмет істей жүріп, басында әдеби қызметкер, кейін редактор) ел өмірімен кең танысып, жазушылық еңбекке біржолата бет бұрады. 1942 жылы «Айғақ» атты шағын пьеса, «Тұтқын», «Күлмеген адам», «Құлаған құз», «Керуен» секілді әңгімелер жазды. Жазушының кемел кезі басталады[2, 51 б.].
Достарыңызбен бөлісу: |