Еуразиялық гуманитарлық институты «Қазақ және орыс филологиясы» кафедрасы


Ғабиден Мұстафиннің шығармаларында тарихи шындықтың көріну ерекшеліктері



бет6/8
Дата13.12.2022
өлшемі226.5 Kb.
#467172
1   2   3   4   5   6   7   8
курсовой Айназар Ж. ХХғасыр

2.2 Ғабиден Мұстафиннің шығармаларында тарихи шындықтың көріну ерекшеліктері


Ғ.Мұстафин кітаптары ХХ ғасырдағы қазақ халқы бастан кешкен дүрбелең оқиғалардың легін, қоғам мен елдің жаңаруын, осы жолда ел басынан өткен ауыртпашылқтарды кеңінен суреттеуімен бағалы. Оларда жазушы өзі өмір сүрген дәуірдің панорамалық суреттерін жасап, қиыншылықтарды кеше отырып, ілгері ұмтылған қоғамды, елді жаңартуға жұмылған жаңашыл халық еңбегін көркем бейнелейді. Егер «Көз көргеннен» бастап, «Дауылдан кейін», «Шығанақ», «Миллионер», «Қарағанды» романдарын оқысақ, олардан ХХ ғасырдың басынан бергі жарты ғасырлық мерзім ішінде қазақ халқы бастан кешкен қайшылықты өмірдің кең жасалған суреттері танылады. «Көз көргенде» суреттелетін ХХ ғасыр басындағы отаршылдық пен езгіге қарсы күрес, халықтың рухани оянып, теңдікке ұмтылуы «Дауылдан кейінде» қазан төңкерісінен кейін туған дәуірдің күрделі шындықтарына ұласады. «Шығанақ» пен «Миллионерде» өмірі жермен кәсіп еткен шаруаның тағдыры, ұжымдастыру шындығы мен қазақ ауылының соғыстан кейінгі ізденісі суреттеледі. «Қарағанды» – осы жылдары ашылып, ел экономикасын көтерген өндіріс ошағы мен жаңа туып қалыптаса бастаған техникалық интелигенция туралы роман. Осыларда жазушы заманның қоғам дамуы алға қойған өткір проблемалары мен оны шешу жолындағы адам еңбегі мен қабілетін кең ашады.
Феодалдық-патриархалдық сана мен мешеу тұрмыс жайлаған елдің Кеңес өкіметін, оның саясатын толық түсіне қоймаса да, қабылдауының өзінде үлкен бір заңдылық бар еді. Көшпелі елдің отырықшылыққа бет бұруы, жермен кәсіп етуге үйренуі, жаңа өмір жасауға керек кадрларды езілгендер ортасынан іздеуі, халықты жаппай сауаттандыруға ұмтылыс – бәрі де еңбекші халық тарапынан қолдау тапты. Халық сеніміне ие болып алып, жаңа өкіметтің артынан халықтың өзіне қол салуы – кейінгі мәселе. Өмірге, қоғамдық дамуға оптимистік тұрғыдан қараған жазушының Кеңес өкіметіне сенуі, даму қайшылықтарын көре отырып, жалпы қоғамдық өзгерістерге үмітпен қарауы осыны байқатады. Ол иен далада Қарағанды сияқты алып өндіріс ашып жатқан халық күшін мадақ тұтты, ауылдағы өзгерістерге мұрындық болған Шығанақ сияқты шаруаның жаңа бейнесі жасады, техникалық прогрестің жаңалықтарын қабылдаған миллионер колхоздар болса деп армандады. Революциядан кейінгі ауылды күрес жолына түсірген заманның сырын терең барлады. Көшпелі елді бірден Кеңес жолына түсіріп, отырықшы ету, шаруаларды ортақтастыру саясатының қиыншылықтарын, таптар тартысы саясатының халық басына қаншама ауыртпалық әкелгенін жасырмай жаза білді. Ол өмір шындығын жылтыратып, боямалап, жеңілейтіп көрсетуге бармады. Заманалық суреттерді сол кезеңдерге тән қайшылықты тартыстар арқылы ашты. Оның кітаптарының бағалығы да осында. Оларда ең бастысы – заман қиыншылықтарын кеше отырып, ілгері ұмтылған жаңашыл халық бар, сол халықтың ісі, қызметі, арман-тілегі бар. Бұларда отаршылдық пен езгіге қарсы күресе отырып, халықтың өз билігі, тәуелсіздігі үшін күресі, рухани ізденісі, адамның қоғамдық өзгерістер легінде жаңаруы, өсуі, тағы басқа мәселелер қойылады[11, 35 б.].
Ғабиден романдарының проблемалық сыпаты күшті. Ол нені, кімді суреттемесін, сол кездің, кейіпкердің тағдырын дәуірдің өзекті мәселелерімен байланысты ашады. Сол арқылы әрқилы тарихи тартыстар фонындағы адамның тіршілік жолы бейнеленеді. Осы тұрғыдан алғанда, Ғабиден романдарының негізгі тақырыбын «Адам және оның еңбегі» деп атау орынды. Ол өзі де еңбекші халық ортасынан шыққан адам еді. Адамды да еңбегінен таныды. Шығанақ арқылы адам мен табиғаттың арасындағы мәңгілік тартыстың еңбек арқылы адамның пайдасына шешілгенін жазды. Шығанақ халықтың ғасырлар бойғы диханшылық тәжірибесін жинақтап, жаңа ортада дамытады. Алпысқа келгенше алты шақырым жерге аты шықпаған Шығанақ есімі әлемге танылады. Адам еңбегінде, оның ізденісінде шек жоқ, заман шаруаның ретін білетін еңбек адамын әрқашан ілгері шығарады, оның рухын көтереді, өмірге жігерлендіреді. Роман осыны паш етті. Бүгінгі біз қайта-қайта сөз етіп жүрген шаруа мен жер проблемасы да осыдан өрбиді. Немесе кезінде бүкіл Кеңес әдебиетіне үлкен жаңалық болып кірген Олжабек бейнесін алыңыз. Бұл да дәуірдің үлкен бір проблемасын көрсетіп тұр. Мұнда шаруа адамының рухани шектелушіліктен шығып, жаңа қоғамдық ортаға икемделуінің, біртіндеп жетілуінің жолы шынайы бейнеленеді.
Ғабиден кейіпкерлерінің жалпы емес, нақтылық сыпаты да оның адамдық бейнелерінің жан-жақты ашылуында. Олардың көбі – жазушының өз құрбылары. Оның өзі сияқты қазақ қоғамы дамуының екі кезеңін де басынан кешкен, олардың жақсы-жаман жақтарын екшеп, ойлап, өлшей білетін ойлы қарттар. Өмірден шегініп қалмай, оған батыл араласып, қоғамдық өзгерістердің басы-қасында жүрген еңбек адамдары. Мұны біз Шығанақ пен Олжабектен ғана емес, Жақып («Миллионер»), Ермек («Қарағанды») бейнелерінен де танимыз.
Осы тәріздес өз замандастарының жарқын бейнесін жасаған Ғабиден солардың көзімен қоғам, тарих сырын үңіле отырып, жаңалықты сезгіш, соған басшы боларлық жас ұрпақтың да жаңа образдарын сомдады. Бүгін Ғабиден кітаптарынан сын айтушылар да табылар. Щербаков оларға жаттанды достықтың куәсі болып та көрінер. Мейрам партия өкілі деп те кінә тағуға болар. Бірақ осы бейнелердің негізінде біз кешкен заманның үлкен тарихи шындығы жатқаны даусыз.
Қарағандының ашылуы кезінде оған Донбасс жұмысшыларының көмегі келіп, оны Горбачев, Костенко деген шахтерлер бастап келгені (Қарағандыда бір кезде Горбачев атында шахта, Костенко атында парк бар еді), жаңа Қарағандыны өркендету ісіне сол кезде елді билеп отырған коммунистік партияның басшылық жасағаны – бәрі де тарихи шындық. Ендеше Щербаков та, Мейрам да ойдан шыққан бейне емес, шындыққа негізделген өмірде болған адамдардың типі. Ғабиден оларды көшіре салмай, жалаң идеяның құлы етіп қоймай, тұтас, тұлғалы дара бейнеге айналдыра білді. Щербаков халықтар достығының символы болуымен бірге адам есебінде де бағалы. Ал Мейрам – үлкен қала, алып өндірісті қайта жасаудың басы-қасында болған ғылыми-техникалық интеллигенцияның өкілі. Ең алдымен – Адам. Ақылы, ойы, ісі бойынан тұтастық тапқан жаңа сапалы Азамат. Біз іздеп таба алмай жүрген, әлі де арман боларлық ұнамды тұлға[12, 46 б.].
Осы тұрғыда Жомарт образының да тарихи негізі бары даусыз. Колхоз құрылысының ұзақ жолында әрқилы сәтсіздіктердің көп болғанын, оны қайтсек түзетеміз деп тырысушылықтың ол кездердің өзінде аз болмағанын біз тарихтан жақсы білеміз. «Миллионер» Ғабиденнің сол кездегі колхоз тіршілігіне риза болмай, оны өркендетудің жаңа жолы жайындағы бір толғанысын бейнелейді. Ол іс басына арманшыл, қиялшыл жастарды қойып, солардың қолымен жаңа колхоз жасауды армандады. Жақыптардың ісіне қанағаттанбады. Заман өзгерісі, техникалық прогресс шаруа тіршілігін де айналып өтуге тиіс емес екенін көрді.
Бір жақсысы – заман жаңа екен деп, Ғабиден адамдарын да оп-оңай жаңарта салмайды. Оларды өмір талқысынан өткізіп, өсіреді. «Дауылдан кейін» романының басты кейіпкері Аманның, «Көз көргеннің» кейіпкері Сарыбаланың өсу жолын аңдасаңыз, бұған көзіңіз әбден жетеді. Табиғаты адал, мейірімді, мойнындағы адамдық қарызын сезінетін, тапсырылған іске жауапкершілікпен қарай білетін адамдардың заман талабымен қанаттаса ілгері басуы оларды ірі қайраткер дәрежесіне көтереді. Аманға еріп, оң мен солын танып келе жатқан, жаңаның сырын бірден ұға алмай, сүрініп-қабынып, біртіндеп шындыққа бет бұрған кедейлер тобы да осындай.
Осылардың бәрі кезінде Ғабиден творчествосын жаңаны көргіш, қабылдағыш, өмірге батыл араласқан жаңашыл творчество есебінде әйгіледі. Оның кітаптары Одақ, дүниежүзілік көлемде кең талқыланды. Көптеген шет тілдеріне аударылады. Бұл тұрғыда қазақ жазушыларының ішінен Әуезовтен кейін одақтық аренаға танылған кісі Ғабиден болды. Одақтық Жазушылар одағының бас хатшысы Александр Фадеев оның романдарын елімізге ғана емес, шет елдерге барып та мақтады. Ғабиден әдебиет өмірде болған нәрсені ғана тізуші емес, өмірдің өзіне де ой салып отыру қажеттігін қазақ әдебиетінде алғашқылардың бірі боп көтерді. Оның романдарының проблемалығы, жаңашылдығы да осыдан туындайды. А.Гайдардың «Тимур және оның командасы» кітабы өмірде болған фактылардан алынбай, кейін кітап шыққан соң ғана тимуршылар отрядтары құрылғанын ескерсек, жазушы идеясы жалпы әдебиет тәжірибесімен жалғасып жатқанын түсінеміз. Ғабиденнің өмірмен байланысы нық, творчестволық жағынан белсенді жазушы аталуы мен оның өз дәуірінің жыршысы есебінде мойындалуының сырлары да осында.
Жазушы творчествосының осы ерекшеліктері оның атап айтарлық тағы бір сыпатын еске түсіреді. Өз заманының ойшыл жазушысы есебінде Ғабиден ойлары, қоғамдық құбылыс, болмыс туралы сезінулері оның кітаптарында толық көрініс тапты. Ол роман қаһармандарының ойы, сезімі, әрекеті ретінде танылады. Өз құрбыларының бойынан Ғабиденнің өзіне ұқсастық тауып, жастар бейнесінен оның ізденімпаз алғырлығын, ұшқыр ойларын танитынымыз да сондықтан. Жазушы алғашқы қадамынан бастап, өз тақырыбын, өз кейіпкерлерін тапты. Оның шығармашылық жолының табысты өтуі де осымен байланысты болды. М.Әуезов мұны жазушы жолындағы «үлкен бір ырысты сәттілік» деген еді. Ұлы жазушы өзінің тете інісінің еңбектерінен оның өз бойына біткен ойлылықты, ақыл-парасатты, жазушылығына жетекші болған тәлім-тәрбиені көріп қуанды. «Мұнда да өмірден жазушылыққа, жазушылықтан өмірге араласып жатқан қос өрім байқалады. Нақтылап айтпағымыз: жазушының романдарын оқып кеп, өз өмірбаянын аңдап барлағанда, романдардағы кейбір ортада жазушының өзі туып жатқаны сезіледі. Және де жазушының өз өмірі бірталай елеулі үлкен шындығы, талабы, табысымен романдар ішіндегі кейпкерлердің сезіміне, сөзіне, іс-әрекетіне ұдайы араласып жатқандай» – деп жазды.
Бұлардың бәрі Ғабиден творчествосы өмірмен біте қайнасқандығын, онымен тығыз байланыста болғандығын танытады. Сонымен бірге үлкен жазушылықтың ар жағында үлкен Адам, Азамат тұрғанын көреміз. Жазушылығына қоса Ғабиденді халқына құрметті еткен оның осы кесек тұлғасы, азаматтығы еді. Ол сөзіне тұрақты, ісіне берік, бір сөзді адам болатын. Табиғаты әділ адам әділдікті қорғаудан именбейтін[13, 55 б.].
Қазақ әдебиетінде шаруа еңбек адамдары тақырыбына жазылған шығармалардың ішіндегі айрықша көркемдік қуатқа ие болғаны – «Шығанақ» романы. 
Өмірдің талай бел-белесін басынан кешірген Олжабек бейнесі өзінің типтік сипатымен ауылдардағы миллиондаған орта шаруаның жолайырықтағы әуре-cарсаның шыншылдықпен әйгілейді. «Өзімдікі» дегенде өзегі талып, көкірегінің күйгеніне қарамай, жалғыз саяғын көш жерден іздейтін Олжабектер аз болған жоқ. Бұл өмірден алынған шындық еді. 
Табиғатында момын, қақ-cоқпен ісі жоқ Олжабек азын-аулақ жиған-тергеніне қатер төнгенінде шиыршық атып шыға келеді – кәкір-шүкірін ортаға өткізуге іші қимай, үй-ішімен колхоздан қашып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған Жерұйықты іздеп жөнеледі. Ойлап қараңдар: жылдар-жылдар тырнақтап жиған көз құртты – азғантай малынан айрылғалы тұрғанын сезгенде Олжабектің көкірегіне дерт құйылып, тұла бойы қызғаныштан удай ашиды – тас қияны паналап, айдалаға безіп кетеді. Ал, дәл осы кезде Россия орталығында Никита Моргунок, шалғайдағы қара қазақ Олжабектей, еркіндік іздеп қаңғи жөнеледі. Олжабектің көрген күні қараң: әйелі мен баласынан, қызғыштай қорыған «байлығынан» айрылған, бандының талауына түскен, өлімші болып сабалған Шығанақ ел ішіне қайта оралып, қызу еңбек еткен сүттей ұйыған абзал жандар ортасынан құтты қоныс, бақыт табады. Сөйтіп, жазушы сайы мен саясы мол өмірді, қаға берісі мен қалтарысы көпт адам тағдырын бар болмысымен тұтастай ашады. 
Романның бас қаћарманы – Шығанақтың өмір жолы - адам деген ардақты атты, түсте көрген арманын, бақытын еркін еңбек, қосқан өмірден тапқан қазақ кедейінің жолы. Шығанақтың тағдыры да жеңіл емес. Тағатсыз ой шырмауы, тынымсыз еңбек, ел қамы, жер сәні – кәрі тарланды күрке босағасынан тұрмыс шыңына көтерген рухани кеңістігі. Кешегі қара табюан тақыр кедей – бұл күнде төңірекке азаматтық биік мұнарадан көз жібереді, ол өмірдің қадір-қасиетін, өз борышын түсінген жан. Шығанақ бұл күнде – арамдыққа душар болса, табан тіреп қарсы тұрар, адалдық үшін жанын қияр азамат. Өмір теркісін жұмыр басы жетерліктей көрген ел атасы – Шығанақ өзінің, өзі сияқты еңбек сүтін емген шымыр білек жандардың өмірдегі ізгі орнын әбден ұққан: адамды (Олжабекті) өзгерту, құлазыған шөлейт даланы құлпырту, өмірді сәндеу өз қолының ісі екенін жақсы түсінген. 
Миллиондаған ауыл шаруасының өмір жолы - өз мүлкіне деген санасының өзгеруі оңай болмаған. Жазушы табиғатты өзгертуші бейбіт еңбек адамын жырлай отырып, өмірге нәр беріп, адамның өзін жаңғыртатын жасампаз еңбекті дәріптейді. 
Егер Олжабек соқпағы колхоздастырудың алашапқынын қамтыса, романның негізгі оқиғасы – екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы еңбек адамының ерлігі. Барлық оқиғаның ортасында – «ақ тарының атасы» Шығанақ Берсиевтің өмірі мен ерлігі, әлемді таң қалдырған рекорды. «Шығанақ бейнесін, - деп жазды Мұхтар Әуезов, - жазушы халық бойындағы даналық қасиеттің жаңа сападағы бір үлгісі, өнегелі адам сипаты етіп, көтере көрсеткен. Соғыс жылдарында сусыз сараң сахарада ғажайып мол егін - өнім алған еңбек даналығын келісті ғып көрсете білген. Шығанақ бейнесінде еңбек таразысын танытатын өзі дана, барынша адал пейілді адам бейнесі жақсы сипатталған». Шығанақтың тұлғасы мен ерлігі әлем жұртшылығының назарын аударды. Атақты неміс ақыны Бартольд Брехт арнаулы поэма жазды. Қызығы мол, қиындығы сан алуан аға ұрпақ тағдырын, нұрлы келбетін қаламгер қастерлей бейнеледі.Біз бір сәт диқан қарт Шығанақпен бірге Ақтөбе жазирасының жусан иісімен сергек тыныстап, жылы топырақты уыстап тұрып: «Дән себер сәт туды!!» деп, дәл басып, кесіп айтып, туған жердің қадір-қасиетін зердесіне тоқи білген көне көз еңбек адамының келбетіне, шуақ көңіліне сүйсіне қарасақ, енді бір сәт Александр Твардовскийдің Никита Моргунок, немесе Михаил Шолоховтың Кондрат Майданниковіне ұқсап азын аулақ жиған-тергенін қызғыштай қорғап, ит арқасы қиянда қалбалақтап бара жатқан Олжабектің де көкірек күйін түсінеміз. 
Шығанақ тұлғасының халықтық сипатын, типтік қасиетін терең ашқан ұлы Мұхтардың сөзі мейлінше ақиқат: «Геройдың -(Шығанақ) ішкі-тысқы сын-сыйпаттарын алып суреттейді. Адамның ішкі cезімдері, ой толғау, қажырлы арманы халықтық кең қызықты мінездер ретінде әдемі үйлесіп, тұтаса қалыптасқан». Тағдыры да, қимыл-қарекеті де қилы-қилы аға ұрпақ - әкелеріміз Шығанақ пен Олжабек өз замандасының типтік қасиетін бойына топтастырған мәнді, жанды бейне. Олардың өмір жолы, мінез құлқы шыққан ортасына, топырағына сай. Сүйіп-сүйсініп отырып, жазушы оларды киіз байпақ, саптама етігімен сол өмірдегі өз қалпымен суреттейді. Ұлттық сипатпен бірге олардан адамгершілік асыл қасиеттің қалыптасуын көреміз. Жаңарып, қайта туған Шығанақ, Олжабек бейнелері Отанға деген қуаныш сезімінің, сөнбес махаббаттың көркем сөз кестесіне түскен ескерткіші іспетті. 
Соғыстан кейінгі халық шаруашылығы мен әдебиетіне арналған «Миллионер» повесінде ауыл еңбекшілерінің рухани-әлеуметтік келбеті кеңінен бейнеленген. Колхозды ауылдың жаңа кезеңін суреттейтін «Миллионер» повесі «Шығанақ» романының заңды жалғасындай: тақырып - біреу, кейіпкерлер - жүйелес, бірақ уақыт жағынан екі кезең суреттелген. Жаңа уақытқа сай жаңа әуен-бояумен әрлендірген «Миллионер» ауылдың келешегін паш етеді, жаны сұлу адамдар жырланады. Кезінде сыншылар: шығарманың негізгі тартысы Жомарт пен Жақып жоспарына байланысты еді деп, - талданған-ды. Бұл дұрыс та, бірақ бұл тартыс күрделі әлеуметтік- қоғамдық құбылысы ашуға дәнекер ғана. Өйткені осынау тартыс үстінде жас қауымның ой шеңберінің керемет өскенін, жаңа көзқарасты азамат болып қалыптасқанын, жаны таза, адамгершілігі мол жандар екенін көреміз. Кейін «Миллионер» шет тілдердің тіліне аударылғанда шығарманың осы жарқын рухы жоғары бағаланған-ды. «Миллионердің» кейіпкерлері – талғамы биік, cезімтал жандар, олар өмірдің сұлу табиғатын, терең түсінеді, өмірді халықтық тұрғыдан бағалайды. Егер «Шығанақ» романындағы Олжабектер: «Қайтсем, өмірден опық жемей, жылы ұя табам!» деп жеке басының қамын ойлап жанталасса, «Миллионердің» кейіпкерлері: «Қайтсем, еліме, жұртыма септігім тиеді» деп, алдарына мақсат қояды. 
Мұстафин қиялдағы сүттен ақ, қардан таза кейіпкерлерді емес, қарапайым күнделікті өмірдегі өзіндік қайшылығы бар, бірақ әрқашанда адамгершілік өреден табылатын адал жандарды үлгі тұтады. Ақ тілекті Жомарттар Саттар Ерубаев («Менің құрдастарым») хикаятының сүйікті кейіпкерлері Рахмет, Лизамен мінездес, cипаттас. Адамға тән қайшылық «Миллионер» повесінің бас арнасына айналған. Қыстың боранына, ыстығына шыдап, ауылдың өсіп-өнуіне көп үлес қосқан Жақып сол қол жеткенге қанағаттанып, өмірдің ағымына ілесе алмай қалады. Ізденбеу, жаңалыққа талпынбау - өмірлік үлкен кемшілігіне айналып, кешегінің келте пішілген кесімінен аса алмай қалады. Туған елдің келешегін ойлаған Жомарт ойының өресі биік ауылды жаңа белескеілгерілете түсуге ықпалын тигізбек. Демек, жазушы екі түрлі ой-cезім төңірегіндегі тартыс арқылы қоғамдық-әлеуметтік, адамдық мәселе қояды. Соғыстан кейінгі ауылдың даму жолы өзінің табиғи, күрделі қалпында, екі түрлі көзқарас – екі түрлі жоспар арқылы суреттеледі. 
Әрине, қазіргі көркемдік және саяси-қоғамдық биіктен қарасақ, жазушы шығармаларына бірталай мін тағар едік. Өмірдің кейінгі дамуы көп жағдайда аға жазушының сеніміне, арман-тілегіне қайшы келеді – ол қызыл идеологиялық заманның иірімі мен қайшылықтарын, болашақтың бағыт-бағдарын толық болжай алмады. Әйтсе де адамгершілікті аңсаудан, сәулетті де дәулетті өмірді армандаудан туған. «Миллионер» повесі - өзінің кіршіксіз тазалығымен, мөлдір сезімімен уақытында жұмыр жердің талай бұрышынан оқырман тапқан шұғылалы шығарма. Қаламгердің қаламынан жаратылған ізгі тілекті, рухани дүниесі тап-таза еңбекқор да қарапайым кейіпкерлері оқушылар көңіліне әлі де абзалдықтың нұрын шаша берері хақ. Ал шындықты ту еткен жазушының шығармалары сол заманның айшықты бейнесі ретінде, қазақ қара сөзінің классикасының сол бір замандағы үлгісі ретінде сақталып қалары анық[14, 86 б.].
Ғабиден Мұстафиннің «Дауылдан кейін» романының сюжеттік құрылымын берерде Аман арқылы сол кездегі елдің жағдайын көрсетеді. Осыдан шығарманың өн бойында Аманның тіршілігі әңгіме болады. «Атылған оқ» бөлімінде Аманның елге жаны ашығыш екенін байқаймыз. Оған «Аманның қабағы салыңқы, ауыр отыр. Столында түтеленген қағаздар көп. Бәрі ауылдан түскен арыздар. Арыз сайын кемі бір қиянат, ұрлық не зорлық бар. Біреуді біреу, көзі тайса, ұрлап, әлі жетсе, зорлап жатқан тәрзді. Аман оқиды да күрсінеді. Биыл күрсінуден көз ашқан жоқ...Жасы жиырма мен отыздың арасында болса да, отыз бен қырықтың арасындағы жігітке ұқсайды». Оның ақылының толысып келе жатқанын әр оқиғаның барысында автор беріп отырады. «Аман ойланып қалды. Қазақта ер құнынан, жесір дауы, жер дауынан үлкен ештеме жоқ. Бұл үшеуі екі адамның ғана емес, екі рулы елдің дауы. Малқар сияқты нәннің қолындағы келінін айрыпы алу, Малқармен қоса, бүкіл сол рудың намысын қоздырады. Одан қорқып совет заңынан теңді, әділет жолынан шығуға Аман қорланады. Елге келіп, мемлекет ісіне тастай береді қазекең. Кеспесе, шешілмейтін ескі түйін. Аман беріп кетпе жігіт емес, жас та болса, қарияша толғанды біраз».Сонымен қатар, оның аңғақұмар қасиеті бар. «Қыс күндері бұнда аңшылар келе алмайды, кереғар. Жылқы қостап шыққан кезде жылқышылар ғана там-тұмдап аңшылық етеді. Аңқұмар Аман: «Қысты күні жылқышылардың қосында жатып, тым құраса, бірере жұма аң аулап қайтар ма еді!...» деп келеді...» Бұл үзінді айтқан ойымызға дәлел болып отыр.Әрі ол өз ортасының білімді адамы. «... «Народный университет на дому» журналдардағы лекцияларды тапжылмай, күн ұзын оқығанда тоймайды, талмайды. Кешке оқуға шам жоқ... Мысалды осы ортаның өзінен алып, өзі шешіп бергенде, жолдастары ұстазындай тыңдап, ұйып қалады...» Міне айғағы. Намысшыл. «Бұл – Аман. Тұтқында отыр. Қолында - «Народный университет на домудың» бір номері. Қоғамтану лекциясын оқып отыр. Бұрын астық сарайы болған осы кішкентай тұтқын үйге енгізіп жібергенде, ол бір шыңырауға түсіп кеткендей сезінді. Кең даладан келіп, қапас қамауға бірінші рет тұтқиылдан түскен жастың көңілі торға түскен бүркіттей аласұрып, көпке дейін ақыл-ойға ырық бермеді. Тұла бойын намыс кернеп, қызарып, булығып, «жазығым не?» - деген бір сұраққа жауап таба алмай сенделумен болды». «Ұят-ары жоғары жігіт қазір қызарумен қоймай, танауының үсті де тершіді». Бұл автордың Аманның ар-ұятының көркемдігін жеткізіп тұр. «Аман былтыр келгенде, бәрінің басын қосып, былай деген: «... Жатақ болып алдыңдар. Енді үй-қораларынңды түзеп, поселке тәртібіне көше беру керек. Мойынсеріктің пайдалы екенін көрдіңдер. Енді серіктіктің бұдан да пайдалы түріне көшу керек... орталық қор жасаңда. Жұмыс көлігін, өндіріс құралдарын ортаға салыңдар. Сонда еңбек өнімі де, дәулеттерің де арта түседі... Қазына жәрдемі алдымен сендерге беріледі...» Бұл үзіндіден Аманның ұйымдастырғыш қабілетін, сондай-ақ, оның халықты өзіне қарата алатын жан екенін байқаймзы. Тағы да, үзіндіні оқысақ, назар аударатын бір тұсы бар: оның алға ұмтылғысы келетіні, дамып-өркендеу оның тілегі.
Міне, осындай Аманның тағы да қыр-сыры көп. Бұл – Ғабиденнің авторлық тұлғасының жемісі. Бір ғана Аманның тағдыры арқылы бүкіл өңірдің хал-ахуалын, ішіндегі талай оқиғаларды бір-бірімен ұштастыра беру де автордың шеберлігі. Аманның көркемдік бейнесін, болмысын осы роман арқылы танысып, білдік[15, 98 б.].




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет