Ф 11-18 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі


Адамның әлемге танымдық қатынасы



бет12/14
Дата14.06.2016
өлшемі1.42 Mb.
#135923
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

33. Адамның әлемге танымдық қатынасы.

1. Таным процесінің мәні

2. Сезімдік таным және оның формалары

3. Рационалдық таным және оның формалары

4. Интуиция және оның адамның танымдық іс - әрекетіндегі орны

5. Философиядағы ақиқат мәселесі

Таным – бұл адамның бейнелеу әрекетінің ерекше түрі. Философия тарихында таным деп адамның дәлелденген білім алу үшін әлемді, ондағы өзін мақсатты түрде бейнелеу аталған. Таным дегеніміз – білім алу үшін шығармашылық ізденіс.

Таным адамның практикалық іс - әрекетінің рухани жағы болып табылады. Ол еңбек құралдары – табиғат жүйесінің аясында іске асады, өйткені, адам еңбек құралдарының көмегімен заттардың мәнін жауып, көлеңкелеп тұратын сыртқы қабығын алып тастауға тырысады. Оны ашып, әлемнің құпиясына үңіледі.

Таным – адам арнайы танымдық мәселе мен есептерді қойып, мақсатты түрде қол жеткізетін ақпараттың жоғарғы деңгейі.

Таным – адамның нақты мақсатына бағытталған және шығармашылық іс - әрекетінің әлеуметтік процесі. Оның нәтижесінде сыртқы әлемнің идеалды образдары қалыптасып, олар туралы білім пайда болады.

Таным теориясы немесе гносеология – таным табиғаты мен оның мүмкіндіктері, шегі туралы мәселені арнайы зерттейтін философия ғылымының бір бөлігі.

Таным теориясы туралы термин философия ғылымына 1854 жылы шотланд философы Дз. Феррерердің еңбектері арқылы енді. Өйткені танымнан тыс білім де, ғылымда да болуы мүмкін емес.

Философия тарихында таным теориясына ерекше мән беріп, оның ерекшеліктерін анықтаған философ Кант.

Таным теориясы этика, эстетика, адам туралы философиялық ілімдермен тығыз байланысты. Дегенмен, ол жалпы философия теориясының дербес бөлімінің ретінде өзінің мағынасын сақтайды.

Философиялық таным теориясының ерекшеліктері оны басқа ғылымдармен салыстырғанда көзге түседі. Таным мәселесін зерттейтін ғылымдардың саны көбейе түсуде.

Қазіргі уақытта танымдық іс - әрекет психологияда, жоғары нерв қызметінің физиологиясында, кибернетикада, формальді логикада, тіл туралы ілімде, семиотикада, структуралық лингвистикада, мәдениет тарихында, ғылым тарихында зерттеледі.

Соңғы жылдары психологияда когнитивтік немесе танымдық психология деген бағыт пайда болды. Ол үшін ең бастысы компьютермен аналогия болып табылады. Негізгі мақсаты – белгілі бір жүйедегі ақпарат ағынының қозғалысын бақылау.

Танымдық психология білімді игеріп, ұйымдастырып, пайдаланудағы танымдық белсенділіктің заңдылықтарын зерттейді. Ойлау психологиясында жасанды интеллект мәселесін зерттейтін бағыт қалыптасты. Жасанды интеллект деп адам бұрын шешіп қойған есептерді электрондық есептегіш машиналар арқылы қайталау үшін жасалынатын программаны дүниеге келтіруді айтады. Автоматтандырылған оқудың дидактикасы пайда болуда. Жасанды интеллект ғылыми, техникалық, көркемдік салаларға де кеңінен ене бастады.

Жасанды интеллект туралы еңбектер психикалық және ақпараттық процестердің өзара қарым – қатынасы, писхикалық және одан тыс жүйелерді бөлектеу, бейорганикалық тасымалдау жүйелерінде жасанды психиканы дүниеге келтірудің мүмкіндіктері туралы мәселелерді қоюда.

Жалпы психология танымдық формалар мен процестерді, түйсіктерді қабылдауды, ес, қиял, ойлауды, сонымен қатар, сенім, көңіл – күй, аффект мәселелерін жеке адамдар мен коллектив арасындағы қарым – қатынас тұрғысынан зерттейді.

Философия да осы аталған мәселелерге көңіл бөледі., бірақ оны басқа ракурста, яғни таным процестерінің объективті болмысқа, ақиқатқа қарым – қатынасы тұрғысынан қарастырады.

Гносеологияның ең негізгі категориясы ақиқат болып табылады. Түйсік, ұғым, интуиция психология үшін индивидтің өмірлік іс - әрекетінің немесе оның тәртібінің психикалық формасы ретінде анықталады, ол философиялық таным теориясында олар ақиқатқа апаратын құрал ретінде зерттеледі. Ақиқат дегеніміз – қоғам, табиғат, құбылыстарының адам санасында объективті көрініс табуы.

Философия таным мәселелерін зерттеуде басқа ғылымдардың жетістіктерін жоққа шығармайды, қайта оған сүйеніп отырады. Таным теориясы философия тарихына, жеке ғылымдардың тарихында баланың ақылы қалыптасуы тарихына, тіл тарихына сүйенеді. Таным – бұл тек ізденіс қана емес, ол, сонымен қатар, білімнің одан әрі дамуы. Таным процесс ретінде субъект пен объектінің өзара қарым – қатынасы. Таным процесінің субъектісі – пенде, әлеуметтік топ, жалпы қоғам – танымдық іс - әрекетті іске асырады, кез келген мақсатты қояды және оны шешеді. Субъектің танымдық белсенділігі танымның объектісіне – жеке зат, материалдық әлемнің бір бөлігі немесе бүкіл әлемге – бағытталған.

Таным өте күрделі процесс, ол ұдайы даму үстінде болып отырады. Ол адамға зат пен құбылыстардың сыртқы, көзге түсер қасиеттері мен қатынастарынан бастап, оның тереңде жатқан ішкі салыстырмалы тұрақты байланыстарына дейін бойлауға мүмкіндік береді, яғни заттың мәнін, ішкі құпиясын меңгеруге жағдай жасайды.

Таным процесі екі сатыдан тұрады: сезімдік және рационалдық таным. Бұл екі саты бірінен кейін бірі болатын жекеленген деңгейлер емес, олар біртұтас таным процесінің екі қарама – қарсы, бірақ бір – бірімен өте тығыз байланысқан жақтары. Әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері де бар. Оны көрнекті етіп көрсету үшін мынадай кестені жасауға болады:

Сезімдік таным Рационалдық таным

1. Тікелей бейнелеу 1. Жанама бейнелеу

2. Сыртқыны бейнелеу 2. Ішкіні бейнелеу

3. Жекені бейнелеу 3. Жалпыны бейнелеу

Бұл кестеде сезімдік танымды сипаттайтын әрбір ережеге қарама – қарсы рационалдық танымға тән ерекшелік көрсетілген. Мұның мәні танымда бір – біріне қарама – қарсы екі процесс өзара әрекеттеседі, оның біреуі шындықты тікелей қабылдаумен, сезімдік образды бейнелеумен, ал екіншісі абстракты ойлаумен тығыз байланысты.

Сезімдік таным – танымның төменгі деңгейі. Адамдар өзінің өмірлік іс - әрекетінде қоршаған ортамен тікелей қатынасқа түседі. Олар заттар мен құбылыстар және адами қатынастар әлемінде өмір сүреді, өзін қоршаған ортада еркін сезіну үшін осы ортаның қисынын түсінуі қажет. Практикалық іс - әрекет процесінде адамдарда түйсіктер, қабылдаулар, елестер қалыптасады. Бірақ сезімдік тәжірибенің аясы тар. Қоршаған ортаны өзгерте отырып, субъект заттың тұңғиығына үңіледі. Оның іс - әрекеті тиімді болуы үшін нысанның сыртқы ерекшеліктерін білуі жеткіліксіз, оған оның ішкі қатынастарын, қасиеттерін, заңдылықтарын да тануы қажет. Сөйтіп, сезімдік тәжірибеге сүйене отырып, оны талдап, жинақтап, соның негізінде абстрактілі ұғымдарды, ғылыми көзқарастарды тудырады.

Сезімдік таным мен абстрактілі ойлау бір – бірімен тарихи және логикалық байланысқан. Сезім мен ақылдың өзара байланысы тіпті терең. Олар бірінсіз бірі бола алмайды. Өйткені, адамның сезімдік образдары ойлы сипатта болады, олар тілмен тікелей байланысты, ал мұның өзі сезімдік образдарда әлеуметтік бағалаудың болуына меңзейді. Сонымен қатар, логикалық ұғымдар, абстракциялар танымда сезімдік тәжірибемен тығыз байланыста қолданылады.

Сезімдік және рационалдық танымның бейнелеу түрі жағынан да бір – бірінен айырмашылықтары бар. Көрнекті етіп айқындау үшін төмендегі кестені ұсынамыз:

Сезімдік таным мен рационалдық танымның бейнелеу түрлері:

1. Түйсік 1. Ұғым

2. Қабылдау 2. Пікір

3. Елес 3. Ой тұжырымы

Субъектің заттармен, құбылыстармен тікелей өзара әрекеттесуі кезінде туындаған сезімдік әсерлері түйсік пен қабылдау деп аталады. Түйсіктер нысандардың жеке қасиеттерін бейнелейді – қызыл, қатты, тәтті т.б.; ал қабылдау – затты, құбылысты толық бейнелеу. Біз оның жеке белгілерін ғана емес, пішінін, көлемін көреміз, иісін сеземіз, дәмін татамыз, яғни затты барлық қасиеттерімен бірге толық қабылдаймыз.

Сезімдік әсерлер ес арқылы да қайталануы мүмкін. Мысалы, ойша Евразия университетін елестетуге болады, немесе жүріп бара жатқан поезды, машинаны елестетуге болады. Бірақ, бұл образ адамның бұрынғы тәжірибесімен тығыз байланыста туындайды. Мұндай образдарды елес деп атаймыз. Елес дегеніміз – дәл осы уақытта тікелей әрекеттеспесе де, қажет уақытында пайда болып отыратын сезімдік бейне.

Шындықтан алған әсерлерінің негізінде адам жаңа сезімдік бейнелер ойлап табуы мүмкін, яғни онда қиялдау қабілеті қалыптасады. Сезім органдарының көмегімен біз заттардың сапалары мен қасиеттерінің көп жақтылығын бейнелейміз.

Сезімдік қабылдау тек нақты затты бейнелейді, ал жалпы затты көрсете алмайды. Мысалы, сезімнің көмегімен заттың құлағанын көруге болады, ал жалпы тартылыс заңын білу үшін ойлаудың күші қажет. Тәжірибеге сүйеніп, тіл құралдарын пайдаланып, адам сезімдік – көрнекті белгілерден бас тарта отырып, абстракциялар құра бастайды. Ойлау дегеніміз - әлемді логикалық абстракциялардың көмегімен тану деген сөз.

Ойлаудың қарапайым түрі ұғым деп аталады. Ұғым дегеніміз – шындықтағы заттардың, құбылыстардың өзара байланыстарын жүйелеп жинақтайтын, қорытатын ой. Яғни, объективті шындықтың өзіндік табиғатын игеру, бейнелеу ұғымдар түрінде іске асады. «Ұғым» сезімнен толық арылған ой жүзінде танылған заттың дүниеде болу тәсілін ішкі қажеттілігінде және сондай құбылыстардың бәріне де міндетті түрде тән жалпылығында идеалдық түрде қайта жасайды.

Ұғымның бастапқы белгісі – танылатын саладағы барлық құбылыстарға тән болудың формасын анықтау.

«Қайың», «ағаш», «өсімдік» ұғымдарын алайық. Бұл ұғымдардың айырмашылығы жинақтаудың, жалпылаудың дәрежесінде тұр. «Ағаш» ұғымы «қайыңнан», кең, ал «өсімдік» ұғымы, «ағаш» ұғымынан кең. Ұғымның жинақтау, жалпылау мүмкіндігінің үдей беруі бір затты екінші заттан айыратын белгілердің сылына беруінде».

«Өсімдік» ұғымында барлық өсімдіктерге тән жалпы белгілер бейнеленген. Ғылыми танымда мұндай ұғымдарды абстрактілі ұғымдар деп атайды, олардың көмегімен заттар бір топтарға бөлінеді, салыстырылады, ұқсастығы, айырмашылықтары анықталады.

Ұғым – жай ғана жалпылау немесе жинақтау емес, ол заттың не құбылыстың дүниеде болу жолын, болу тәсілін анықтайтын іргелі жалпылау.

Ұғымдардың өзара байланысын пікір анықтайды. Пікір – заттар мен құбылыстар туралы айтылатын кез келген сауал, ол бір нәрсені растау не терістеу түрінде болады. пікір құбылыстардың сан алуан байланыстарын көрсетеді. Пікір туралы жан – жақты мәліметтерді логика пәнінен алуға болады.

Ой – тұжырым деп бұрынғы қалыптасқан білімнен жаңа білімнің, бұрынғы белгілі ойдан жаңа ойдың шығуын іске асыратын ойлаудың маңызды формасын айтамыз. Адам ойларының жасампаздық сипаты осы феноменде айқын көрінеді.

Ойдан ой туады – деген пікір бекер айтылмаса керек. Белгілі білімдерден белгісіз білімдер ой тұжырымы арқылы өрбіп отырған.

Ой – тұжырымы «үш түрлі білімдерден немесе ойлардан құралады: бастама ой (посылка), яғни түйіннің (заключение) шығатын көзі, туындаған (туатын) ой (выводное знание), яғни бастама ойдан шығатын өсудің мүмкіндігін көрсететін ой не білім».

Ой – тұжырымы екі немесе одан да көп бірнеше пікірлердің байланысын білдіреді. Қарапайым ой тұжырымының мысалы: «Адам ақылды жан. Сондықтан ол дүниені тани алады».

Сөйтіп, біз адам танымының ішкі жүйелік құрылымы туралы жалпы мағлұматтар алдық. Таным – адамның ажырамас, тылсым қасиеттерінің бірі. Өйткені көрсем, білсем деген ниет оны өзі дамыған сайын мазалай береді. Осындай мазасыздық, тынымсыз іздену, ұдайы қарману адам баласын жетілдіре түседі, жетілген сайын таным көкжиегін кеңейте, ұлғайта береді.

Интуиция дегеніміз – адамның зерттеу нысанын тікелей, бірден толық тану мүмкіндігі. Таным объектісін зерттеу немесе анықтау процесінде адамның оның мәнін, заңдылығын кенеттен тани кетуі.

Интуиция – ерекше қабілет, оны дәстүрлі тәсідермен түсіндіру қиын.


34. Ғылым философиясы.

1. Ғылым, оның белгілері мен ерекшеліктері.

2. Ғылымның даму ерекшеліктері.

Ғылым - білімнің, танымның ерекше түрі. Ол өте күрделі құбылыс, оған біржақты анықтама беруге болмайды.

Біріншіден, ғылым дегеніміз - қоғамдық, болмысты, қоршаған ортаны теориялық түрде көзқарастарда бейнелейтін қоғамдық сананың формасы.

Екіншіден, негізгі өнімі ұғымдар, заңдар, теориялар болып табылатын рухани өндірістің бір саласы.

Үшіншіден, белгілі бір әлеуметті мәдени ортада өмір сүретін жүйе - әлеуметтік институт.

Төртіншіден, ғылым - өзінің дамуының белгілі сатысында қоғамның тікелей өндіргіш күшіне айналатын маңызды құбылыс.

Ғылым - адам іс - әрекетінің, рухани өндірістің ерекше түрі. Ғылыми – зерттеу саласында ұжымдық және жекелеген тұлғалық бастаулардың бірлігі іске асып отырады.

Ғылым дегеніміз – объективті дүние туралы білімдер мен оны адамның қажеттілігіне қарай бейімдеп, жетілдіріп отырудың жолдарын көрсететін нұсқаулардың жүйесі. Ғылым – бұл танымның құралы табылатын арнайы ұғымдармен ойлау. Ол интеллектуалдық еңбектің ерекше түрі, нақты білім өндіретін іс - әрекет жүйесі.

Ғылымның зерттеу объектісі адам мен әлемнің қарым – қатынасы. Адам мен әлемнің қарым – қатынасы көпжақты, көп мәнді. Оны игерудің әртүрлі деңгейі мен сатысы бар. Жеке ғылымдардың объектісі - әлемнің жекеленген қасиеттері мен белгілері. Әрине, ол қасиеттер адамның іс - әрекет аясына еніп, практикалық тұрғыдан қажеттілігі анықталғанда ғана арнайы ғылыми зертеудің нысаны бола алады.

Ғылымның, ғылыми танымның бірнеше ерекшеліктері бар.

Ең алдымен, ғылым объект туралы нақты, объективті білім алуға бағытталады. Ғылым үшін қоршаған орта адамның түйсігі арқылы мәлім болатын объективті реалдылық.

Ғылыми білім әруақытта жүйелі. Заттар мен құбылыстарды танып, білу, бір сәттік немесе бірақ рет болатын жұмыс емес, ол күрделі, көп қабатты іс - әрекет. Адам заттарды бірте – бірте таниды, әрбір қадамында ол туралы әртүрлі образдарды жасайды. Сонан соң оны салыстырып, талдап, анықтап, бір жүйеге келтіріп отырады. Соның нәтижесінде зат немесе құбылыс туралы әртүрлі идеялар мен көзқарастардың жиынтығы қалыптасады. әлемнің ғылыми үлгісі, ғылыми теория осындай аналитикалық, сонымен қатар, синтетикалық талдаудың туындысы болып табылады.

Арнайы жүйеге келтірілмеген білім ғылым бола алмайды. Өйткені ол істің немесе құбылыстың мән – жайын жан – жақты түсіндіре алмайды. Кез келген ғылыми білімде нысан жан – жақты сипатталады, оның құрамында бастапқы қарапайым мәліметтер, объект туралы әртүрлі сарындағы ізденістер, олар қол жеткізген нәтижелер және объектіні танып білудің принциптері мен жолдары көрсетіледі.

Ғылыми білімнің ақиқаттығын дәлелдейтін арнайы негіздеу, сонымен қатар ғылымның өзіндік зерттеу тәсілдері де бар. Ғылым – танымның жоғарғы түрі.

Ғылыми танымның түрлері – идея, проблема, факті, болжам, концепция, теория.

Идея – белгілі бір нәрсе туралы ой. Сол нәрсені танып білу қажеттілігінен туындайды, оны басқа дүниеден бөліп көрсетуге бағытталған. Тың және іргелі идеялар ғылымда аса маңызды роль атқарады. Идея – ғылымның негізгі қозғаушы күші, бұл сөзді ғылымға ең алғашқы рет көне гректер енгізген.

Идея ұғым түрінде өмір сүреді. Бірақ кез келген ұғым идея бола алмайды. Кез келген ұғым әртүрлі білімдер жүйесінде әртүрлі мағынада болады.

Егер де ұғым білімді жүйелеудің негізі бола алса идея дәрежесіне көтеріледі. Кез келген идеялар белгілі бір проблеманың негізін құрайды.

Проблема зерттеу процесінің бағытын анықтайды. Ғылыми зерттеу бірінен – бірі туындап отыратын ғылыми проблемалардың ерекше байланысы болып табылады. Проблема дегеніміз – білімнің дамуының формасы, бұрынғы білімнің жаңа білімге көшу дәнекері. Өйткені проблема кез келген нәрсені түсіндіруге белгілі білімдердің аясы тарлық еткен уақытта пайда болады, ол бір жағынан, белгілі білімдерге сүйенеді, екінші жағынан жаңа ізденістерге жол ашады. Дұрыс қойылған проблема – оны шешудің бірден – бір сара жолы. Ғылым тарихында проблеманы дұрыс қоя білудің өзі де үлкен мәселе екенін айқын көруге болады. Кей уақыттарда ғалымдар жалған проблеманы да іздестіруге мәжбүр болған. Проблемаларды қою үшін фактілер қажет болады.

Факт дегеніміз дүние шындығының адамдар қабылдай алған және ұғынған жақтары мен бөліктері.

Болжам дегеніміз - әлі жеткілікті түрде, мөлшерде зерттелмеген логикалық және эмприкалық негіздері анықталмаған бастапқы жорамал.

Ғылыми теориялар бірден жасалмайды. Ол ең, алдымен, жорамал, болжам ретінде пайда болады. Академик Вавилов қазіргі заманғы физика өлген гипотезалардың орманында өсіп өнді деп жазды.

Гипотезаның мәні мен табиғаты туралы екі көзқарас бар. Оның бірі гипотезаны ерекше сипаттағы теория деп анықтайды. Бұл ойды Копнин айтқан. Гипотеза – идея, салыстырмалы деңгейдегі жорамал түрінде анықталады.

Екінші ой гипотезаны жорамал деп анықтайды. Бұл екі ой бір – біріне соншалықты терең қарсы келмейді. Өйткені олар теорияға апаратын көмекші, қосалқы жолды анықтайды.

Гипотеза өзінің дамуында үш маңызды сатыдан өтеді:

1. нақты материалдың жинақталуы және соның негізінде болжаудың пайда болуы;

2. гипотезаның пайда болуы, яғни көрініс бере бастаған жорамалға сүйеніп, басқа да көптеген болжамдар жасай бастау;

3. алынған қорытындыларды практика жүзінде тексеру, анықтау:

Гипотезаның қалыптасуында зерттеушінің қиялы үлкен роль атқарады. Ғалым үшін творчестволық қиял аса қажет. Творчестволық қиял ғалымның шығармашылық ойына аса қажетті материал береді. Мәселен, ғылыми жорамал жасағанда, эксперимент жұмысын ұйымдастырғанда, тапқан жаңалықтарды тексеріп сынауда ғалым өз қиялына үнемі сүйеніп отырады.

Бірақ нағыз ғылыми жұмыс көп еңбектенуді қажет етеді, ол еріккеннің ермегі емес, ғылымның жолы ауыр. Қажымай өнімді еңбек ете білушілік, шыдамдылық, іске мейлінше берілушілік – нағыз ғалымға тән қасиеттер. К.Маркс айтқандай ғылымның «сәулетті шыңына шаршап – шалдығудан қорықпайтын, оның тасты соқпақтарымен тырмысып өрлей беретін адам ғана шыға алады».

Кез келген ғалымның арманы теория жасау. Ғылыми ізденістің асқар шыңы, көрінер тауы теория болып табылады. Теория дегеніміз – құбылыстар жиынтығын түсіндіре алатын, белгілі заңдарды бір арнаға түсіретін білімдердің жүйесі. Теория эмпириялық деңгейдегі білімдерге сүйенеді. Эмпириялық білімдер сұрыпталады, екшеленеді, бір жүйеге келтіріледі және теория өмірге енгізген принциптер, абстракциялар, идеализациялар арқылы бір идеяның айналасына топтастырылады.

Жаңадан пайда бола бастаған теорияларға ерекше міндеттер қойылады. 1. Ғылыми теория өзі түсіндіретін нысанға сай келуі керек, яғни қажет жағдайда оны тәжірибелік зерттеулермен алмастыруға мүмкіндік болуы керек.

2. Теория шындықтың белгілі бір жағын толық түсіндіруге тиіс.

3. Теорияның құрамындағы әртүрлі ұғымдар мен түсініктер бір – біріне қайшы келмеуі тиіс.

4. Теорияның ішкі құрылымында қайшылық болмауы бірден бір қажет талап.

Теория белгілі бір шындықты тек түсіндіріп қана қоймайды, ол оның болашағын жорамалдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, теория түсінікті әрі қарапайым болуы керек.

Теория әртүрлі түрткілердің көмегімен дамиды. Олар сыртқы және ішкі жағдайлар болуы мүмкін. Сыртқы түрткілер – бұл теория мен тәжірибенің қайшылықтары. Ішкі түрткілер теорияның құрамында жеткілікті түрде ашылмаған, шешілмеген міндеттер.
35. Ғылым философиясы: ғылымның түрлері мен методтары.

1. Метод және танымның методы ұғымы

2. Эмпириялық танымның методтары

3. Теориялық танымның методтары

Метод дегеніміз шындықты практикалық және теориялық игеруге бағытталған әртүрлі тәсілдер мен жолдардың жиынтығын білдіреді.

Метод адамды белгілі бір принциптермен, талаптармен, ережелермен қамтамасыз етеді. Соларды жан – жақты игерген адам алдына қойылған мақсатты ғылыми тұрғыдан шешуге еркін кіріседі.

Қазіргі уақытта методтардың өзін арнайы зерттейтін ғылымның саласы пайда болды. Оны методология деп атайды. Методология дегеніміз – метод туралы ілім. Адамның танымдық қызметінің ерекшелігін зерттей отырып, методология оны пәрменді іске асырудың жолын қарастырады, әртүрлі методтарды олардың мүмкіндігі жағынан бағалап, ғалымдарға тиімді және тиімсіздігі туралы ақпарат беріп отырады. Ғылыми танымның әр түрлі формалары мен деңгейлері бар. Ғылыми танымның екі деңгейін – эмпириялық таным мен теориялық танымды бөліп көрсетуге болады.

Эмпириялық таным – бұл эксперимент, бақылау, баяндау, салыстыру, өлшеу. Бұл деңгейде нысан алғашқы ізденістен өтеді, оның сыртқы ерекшеліктері мен кейбір заңдылықтары анықталады. Теориялық деңгейде нысан түсіндіріледі, оның түпкі негізгі, ұдайы қайталанып отыратын заңдылықтары ашылады. Бұл екі деңгей бір – бірімен тығыз байланысты. Эмпириялық таным ғылыми заңдардың қалыптасуының бастауы, негізі болып табылады, теория эмпириялық материалды түсіндіреді.

Эмпириялық білім – теориялық зерттеулер мен ғылыми мәселелерді қоюдың маңызды стимуляторы. Тәжірибе мәліметтерінің негізінде диаграммалар, карталар, жобалар жасалады, алғашқы болжамдар мен қорытындылар тұжырымдалады, алынған мәліметтердің өзара байланыстары анықталады. Мысалы, эмпириялық ақпараттың жүйеленуіне сүйеніп, кейбір заңдылықтарды түйіндеуге болады. осы тұрғыда Архимед, Галилей, Паскаль, Ньютон, Ломоносов, Дарвин, Менделев, Циолковскийлердің ғылыми зерттеулерін еске алсақ жеткілікті.

Зерттеудің теориялық деңгейі жоғары деңгейдегі жинақтаумен, идеализациялаумен, нысанның заңдылықтары мен ішкі байланыстарды бейнелеумен ерекшеленеді.

Қазіргі ғылымда, бір жағынан, экспериментті зерттеулер өсуде, күрделі және қымбат тұратын эксперименталды жабдықтар мен құралдары пайдалану кеңінен тарауда, екінші жағынан, теоиялық жинақтаудың да ролі арта түсуде.

Ғылыми танымда арнайы методтар қолданылады. Метод дегеніміз – зерттелетін нәрсені ойша қайта жаңғыртудың, қойылған ғылыми мақсатқа жетудің тәсілі.

2. Эмпириялық деңгейде бақылау, өлшеу, эксперимент, баяндау, ал теориялық деңгейде тарихилық пен логикалық, аксиоматикалық метод, формальдау, абстрактіліктен нақтылыққа өрлеу сияқты тәсілдер қолданылады. Кейбір тәсілдер (жіктеу мен біріктіру, индукция мен дедукция, модельдеу) эмпириялық және теориялық деңгейде де кеңінен қолданылады.

Бақылау – сыртқы дүниені мақсатты да жүйелі түрде қабылдау. Ол танымның алғашқы дерек беретін көзі болып табылады. Ғылыми зерттеуде бақылау үш міндетті орындайды.

1. Ол жаңа мәселені қоюға және болжамды дайындауға, оларды кейіннен тексеруге жеткілікті эмпириялық ақпаратты береді.

2. Эксперимент қоюға болмайтын болжамдар мен теорияларды тексереді.

3. Ол өзі алған нәтижені теориялық зерттеуде қол жеткізген нәтижемен салыстыруға мүмкіндік береді.

Бақылау тікелей немесе жанама болуы мүмкін.

Өлшеу зерттеліп жатқан нысанның сандық сипатын анықтауға мүмкіндік береді.

Эксперимент дегеніміз – белгілі бір құбылыстарды зерттеу мақсаттарына сәйкес келетін жаңа жағдайлар жасаумен оларға белсене ықпал ету арқылы немесе процестің барысын қажетті бағытқа өзгерту арқылы зерттеу.

Экспериментальді ғылымның негізін қалаған Галилео Галилей. Ол бақылау мен эксперимент жасауға бағытталған құралдар жасады, сонымен бірнеше эксперимент те жасады.

Эксперименттің бақылауға қарағанда бірнеше артықшылығы бар.

Біріншіден, эксперимент барысында кез келген затты таза күйінде зерттеуге болады.

Екіншіден, нысандардың қасиеттерін экспериментальді жағдайларда, яғни өте төмен немесе өте жоғары температурада, жоғары қысымда, электрлік және магниттік өрістің жоғары шиеленісуі жағдайында зерттеуге мүмкіндік береді. Осындай жағдайлардағы жұмыс заттар мен құбылыстардың күтпеген, таңғаларлық ғажайып қасиеттерін анықтауға жол ашады. Мұның өзі олардың мәніне терең бойлауға жағдай жасайды.

Үшіншіден, эксперименттің маңызды қасиеті – оның қайталануы. Эксперимент барысындағы қажетті бақылаулар, салыстырулар мен өлшеулерді күтілген нәтижені алу үшін керек мөлшерде қайталай беруге болады.

Эксперимент әр түрлі типте болады, мысалы, өлшеу эксперименттері, тексеру, бақылау, ізденіс эксперименттері. Бұдан басқа баяндау, өлшеу, салыстыру сияқты ғылыми тәсілдер бар.

3. Тарихи тәсіл заттың барлық тарихын жан – жақты, әртүрлі көріністерімен баяндап, жаңғыртады. Ал логикалық тәсіл заттың дамуының тек жалпы қисыны мен бағыттарын және қайшылықтарын ғана қарастырады.

Моделдеу деп зерттеу мақсатында арнайы жасалған бір объектіде басқа бір объектінің сипаттамасын қайта жаңғыртуды айтамыз. Мысалы, қоғамның нарықтық қатынастарға өтуінің теориялық моделін жасап, оның барлық көріністерін бақылап отыруға болады.

Теориялық танымның негізгі методтары: формалдау, аксиоматика, болжамды – дедуктивтік, абстрактілеуден нақтылыққа өрлеу тарихилық пен логикалық бірлігі.

Формальдау дегеніміз – ғылыми білімнің белгі – символдық түрде берілуі. Бұл әдісті қолдану барысында нысан туралы ой – пікірлер, тұжырымдар белгі – таңбамен жұмыс істеуге көшіріледі. Мысалы, бірнеше күрделі қоспалардың қасиетін анықтаған соң, оны жан – жақты баяндап болғаннан кейін одан әрі жұмыс істеуді, ойластыруды жеңілдету мақсатында осы ұзақ баяндаулар қысқаша белгі – таңбамен алмастырылады. Ұзақ, адамды шаршатып жіберетін ғылыми баяндау қысқа әрі нұсқа белгі – таңбамен алмастырылады, яғни формулалар пайда болады.

Бұл физика, химия, математика ғылымдарында кеңінен қолданылады.

Аксиоматикалық әдіс – ғылыми білімді ұйымдастыруда көптеген ақиқат пікірлердің ішінен олардың осы саладағы болашақта нақты дамуына негіз бола алатын және тұрақты, өзгермейтін пікірін, яғни аксиоманы табудың жолы. Аксиома дегеніміз – дәлелдеуді қажет етпейтін, аса маңызды іргелі ұғым. Аксиомаға негізделіп қорытындыланатын теорияларға белгілі ережелер жүйесі пайдаланылады.

Болжамдық – дедуктивті методтың мәні бір – бірімен логикалық байланыстағы бірнеше тұжырымдардың жүйесін құру арқылы эмпириялық фактілер туралы қорытынды алынады. Бұл, әрине, болжамдық сипаттағы қорытынды.

Абстрактілеуден нақтылыққа өрлеу – ғылыми ойлаудың бастапқы жалаң абстракциядан бірте – бірте барлық зерттеу кезеңдерінен өтіп терең, біртұтастыққа, яғни нысан туралы нақты теорияға қол жеткізу. Өзінің алғашқы шарты ретінде бұл метод нысанды сезімдік тұрғыдан танудағы мәліметтерден абстракцияға өтуді алады, осы жолда нысанның жеке қасиеттерін, бөліп, анықтап, салыстырып, ең соңында ол туралы біртұтас, тиянақты нақтылыққа қол жеткізеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет