20. Орыс философиясы.
1. Орыс философиясының қалыптасуы мен дамуының ерекшеліктері.
2. XVII-XIX ғасырдағы орыс философиясы.
3. XIX-XX ғасырдағы философиясы.
Орыс мәдениетінің өзіндік ерекшеліктері мынада: біріншіден, орыс мемлекеті Батыс пен Шығыс өркениеттерінің қиылысу кеңістігінде орын тепкен. Екіншіден, орыс мәдениеті көптеген Батыс және Шығыс мәдениеттерінен кейін қалыптасқан, ал XIX ғасырдан бастап өзі де басқа елдерге ықпал ете бастаған.
Орыс мәдениеті өзі үшін ыңғайлы жағдайды, сонымен қатар, бұзылуды да зорлық ықпалды да басынан кешірген. Соған қарамастан өзіндік реңі, келбеті бар мәдениетті жасай алған, оны не батыстық, не шығыстық типке бірден жатқызу қиын.
Үшіншіден, Ресей әруақытта көп ұлтты, көп мәдениетті құрылым, бірақ оларды біріктіретін, бір – біріне етене жақын ететін негіз де болған.
Төртіншіден, өзінің дамуында ұзақ уақыт артта қалушылық пен қуып жетушілікті басынан кешіргендіктен, Ресей бөтен идеялар мен үрдісті тез қабылдауға ғана емес, оны өз жағдайына лайықтап өзгертуге, дамытуға мүмкіндік беретін сирек қабілеттілікке ие болды.
Бесіншіден, орыс қоғамына әруақытта үлкен қиыншылық қақтығыс, кенеттен жарылыс жағдайы тән. Мұның бастапқы себептері - өкімет билігінің жоғары болуы, дін мен партия идеологиясының диктаты, тұрақты, епетейсіз мемлекеттік машинаның үстемдігі. Сондықтан еркіндіктің дамуы үшін маңызды сала – рухани сала болды.
Орыс философиясының дамуында мынадай ерекше тарихи кезеңдер болған.
1 кезең – Ресей философиялық ойлауының қалыптасуы мен дамуы – XI-XVII ғасырлар.
2 кезең – орыстың қайта өркендеу философиясы – XVIII-XIX ғасырлардың басы.
3 кезең – XIX ғасыр мен XX ғасырдың басындағы философия
4 кезең – кеңес дәуіріндегі орыс философиясы
Орыс философиясы батыста қалыптасқан эмпиризм, рационализм, идеализм сияқты философиялық ағымдар ықпалынан тыс өзіндік жолмен ерекше сипатта дамыған. Сондықтан оның мағыналық жүйесінде батыс адамына түсініксіз кейбір мәселелер де кездесіп отырады.
Орыс философиясына мынадай ерекшеліктер тән:
-
діни ықпалдың, әсіресе православие ықпалының молдығы;
-
философиялық ойлар мен ізденістердің көркем шығармашылық, әдеби сын, публицистика, өнер түрінде берілуі;
-
біртұтастық, яғни орыс ойшылдарының бәрлігі дерлік жеке проблемамен емес, өзекті мәселелердің кешенді жүйесімен айналысқан;
-
мораль және адамгершілік мәселелерінің үлкен маңызы;
-
нақты;
-
көп адамдарға таныстығы.
Орыс философиясының пәнінің негізін қалаған мәселелер:
-
адам мәселелері;
-
ғарыштық (ғарышты біртұтас бірыңғай организм ретінде қабылдау);
-
Шығыс пен Батыс арасындағы Ресейдің өзіндік тарихи даму жолын таңдау мәселесі;
-
билік мәселесі;
-
мемлекет мәселесі;
-
әлеуметтік әділеттілік мәселесі;
-
идеалды қоғам мәселесі;
-
болашақ мәселесі.
Орыс философиясының алғашқы дәуірі IX – XIII ғасырларды қамтиды. Оның негізгі мәселелері:
-
моральдық және адамгершілік ұстанымдар;
-
христиандық дінді түсіндіру, оны пұтқа табынушылықпен, байланыстыру;
-
мемлекет, құқық, табиғат мәселелері.
Бұл дәуірде философияны дамытқан көрнекті өкілдер – Иларион, В.Мономах, Климент Смолятич, Филипп Пустынник.
Иларион «Ізгілік пен Заң туралы сөз» деген еңбегінде христиандық сенім, оның Ресейдің тарихындағы маңызын жан – жақты қарастыра отырып, қасиетті дүние құдыретінің сәулесін асқақтату және орыс жерінің қоғамдық - әлемдік процеске қосылғандығының тарихи – құдайлық идеясын дамытады.
Владимир Мономах ізгілік пен зұлымдық, ерлік, адалдық, тұрақтылық сияқты моральдық сұрақтарды талдап, кейінгі ұрпаққа өмір сүру кодексін ұсынады.
XIII – XVII ғасырларды орыс философиясында орыс руханилығын сақтау, қорғау, мемлекет құрылымы, таным мәселелері зерттелді. Бұл дәуірде Сергий Радонежский (XIV ғ.), Философий (XVI ғ.), Максимилиан Грек (1475 - 1556), Андрей Курбский (1528-1583), Нил Сорский, Юрий Крижанич (XVII) сияқты ойшылдар өмір сүрді. Осы уақытта «Мосвка – үшінші Рим» идеясы және шіркеуді жетілдіру, дін мен адамгершілік ұстанымдардың өзара қарым – қатынасы мәселелері зерттелген.
XVIII ғасырда орыс философиясы екі негізгі бағытта дамыған:
- Петр реформаларының дәуіріндегі философтар;
- XVIII ғасырдың ортасындағы және екінші жартысындағы философия.
Бірінші бағыттағы Феофан Прокопович, В.Н.Гатищев, А.Д.Кантемир дамытты. Олардың философиясы әлеуметтік – саяси сипатта өрбіді, өйткені аталған ойшылдар монархия құрылысының сұрақтары, император билігі, құқығы, соғыс пен бейбітшілік сияқты әлеуметтік – саяси мәселелерге көңіл бөлді.
Материалистік философияны М.В. Ломоносов, А.Н.Радищев дамытты.
М.В.Ломоносов Ресейдегі материалистік дәстүрдің негізін қалады. Ол заттардың атомистикалық, корпускулярдық құрылымы туралы гипотеза ұсынды. Өзінің шығармаларында этикаға, мораль, адамгершілік мәселелеріне көп назар аударды.
А.Н.Радищев болмысты материалистік тұрғыдан негіздеумен қатар әлеуметтік – саяси сұрақтарды қамтыды. Халық билігі үшін күресіп, қарапайым адамның саяси, құқықтық азаттығын түсіндіретін, ақтайтын озық идеялар ұсынды.
XIX ғасырда декабристер, анархистер, революциялық демократтар, теологиялық, атеистік, ғарыштық қозғалыстар кеңінен өріс алды.
Декабристердің философиялық көзқарастары П.Пестель, Н.Муравьев, И.Якушкин, М.Лунин, И.Киреевский шығармашылығында көрініс тапты.
Декабристер философиясы әлеуметтік саяси мәселелерге көңіл бөлді. Оның өзекті идеялары мыналар:
- табиғи құқық приоритеті;
- Ресей үшін құқықтық құрылымның қажеттілігі;
- крепостнойлық құқықтың жойылуы, жердің оның шын иесіне берілуі;
- адамның жеке бостандығы.
П.Я Чаадаев (1974-1856) тарих философиясын дамытты. Оны адам және қоғам философиясы қызықтырды.
Чаадаевтың пікірінше, адам - материалдық және рухани субстанцияның бірлігі. Адам өзін тек ұжымда ғана адам ретінде сезіне алады. Туғанынан өмірінің соңына дейін ұжымда өмір сүретін болғандықтан, адам онда тұлға ретінде өсіп жетіледі. Ұжымдық өмір - адамның басқа тіршілік иелерінен ең негізгі айырмашылығы. Чаадаев менмен жекешіл эгоизмнің барлық түріне қарсы шықты.
Ойшылдың пікірінше, тарихи процесс құдайдың көріп келдігіне сүйенеді. Құдай еркінің шынайы көрінісі – христиандық дін.
Христиандық дін – тарихтың өзегі, қозғаушы күші.
«Философиялық хаттар» деген еңбегінде П.Я.Чаадаев Ресейдің тағдыры туралы сөз қозғайды. Оның пікірінше, Ресей әлемдік тарихи процестен қол үзіп, сыртта қалды. Бұл, әрине, жақсы үрдіс емес. Батыс мәдениетінің құндылықтарына көңіл аудара отырып, сонымен қатар, өзіндік тарихи дәстүрі мен ерекшеліктерін сақтау арқылы Ресей бүкіл адамзаттық өркениеттен мәртебелі орын алуы тиіс.
Географиялық фактор халық пен мемлекеттің тағдыры мен тарихына әсер етеді. Ойшыл Ресейдегі орталық биліктің диктатын, крепостнойлық құқықтың болуын, патша өкіметінің шектен тыс деспоттық сипатын ұшы – қиыры жоқ үлкен территориясының ықпалымен түсіндіруге болады деп ойлады.
Ресейдің тарихи жолын таңдауы мәселесімен батысшылдар мен славяншылдар айналысты.
Батысшылдар өкілі – А.И.Герцен, Н.П.Огарев, К.Д.Кавелин, В.Г.Белинский. Олардың пікірінше, басқа өркениеттен тыс Ресейдің өзіндік жолы жоқ. Ресей әлемдік өркениеттің даму қарқынына ілесе алмай артта қалған.
Ресей үшін батыс құндылықтарын игеріп, қалыпты өркениетті елге айналуы өте маңызды.
Батысшылдар сол уақыттағы батыс философиясындағы материализм, эмпиризм дәстүрлерін меңгеріп, оны орыс философиясына енгізуге тырысты. 1848 жылы Европа елдеріндегі революцияның ықпалымен батысшылдар екі топқа бөлініп кетеді: орта либералдар – Л.В.Анненков, В.Л.Боткин, Г.Н.Грановский, К.Д.Кавелин және революциялық демократтар – В.Г.Белинский, А.И.Герцен, Н.П.Огарев.
Батысшылдардың қарсыластары славяншылдар болды. Олардың қатарына А.С.Хомяков, И.В.Киреевский, Ю.Ф. Самарин, А.Н:Островский, К.С. және И.С.Аксаковтар жатады.
Славяншылдардың пікірінше, Ресейдің тарихи болмысының негізін православие мен қауымдық өмір салты құрайды. Орыс халқы өзінің ділі жағынан батыс адамдарына мүлдем ұқсамайды. Орыстар әулиелікті, соборлылықты, діншілдік, ұжымшылдықты құрметтейді, оларға батыстық эгоизм мен бәсекешілдік мүлдем жат.
XIX ғасырдың ортасында Ресейде ортодоксалді – монархиялық діни философия дамыды. Оның негізгі мақсаты – сол кездегі қоғамдық саяси және адамгершілік ахуалды сақтап қалу және оған қарсы топтарды сынау. Идеялық кредосы – православие, патша өкіметі және халықтық. Осы құндылықтарды дәріптеу және негіздеу – Н.Ф. Федоров және К.Н.Леонтьевтің бастапқы ұстанымы болған.
Федоровтың пікірінше, әлем біртұтас. Табиғат, Құдай, Адам бір – бірімен ерік және ақылдың күшімен өзара байланысқан біртұтастық. Олар бір – біріне әсер етеді, энергия алмасады.
Адам өмірі қысқа, өлім – үлкен қасірет. Адам баласы осы үлкен кесепатты, яғни өлімді жеңу үшін бірігуі қажет. Федоров осындай болашаққа сенді. Оның ойынша, ғылым мен техниканың дамуы арқасында адам өз өмірін ұзарта алады, немесе қайтадан тіріле алады. Қайтадан тірілуге үмітті құдайдың өзі сыйлаған. Н.Федоров адамдардың арасындағы дөрекілікке, жауласушылыққа қарсы шықты. Адамгершіліктің жоғары ұстанымдарын игеруге шақырды. Барлық адамдардың адамгершілік нормаларын бұлжытпай орындауы, олардың бәрін бақытты етеді деп ойлады.
Н.Федоров өзінің ілімін өз өмірінен бөліп қарамайды, өте жұпыны қарапайым өмір сүрді, кез келген меншікті күнә деп есептегендіктен идеялары мен кітаптарын да жарияламаған.
Н.Федоров қайтыс болғаннан кейін оның шәкірттері еңбектерінің таңдамалы бөліктерін «Жалпы іс философиясы» деген айдармен басып шығарған.
Орыс философиясының діни бағытының тағы да бір көрнекті өкілі – К.Н.Леонтьев. Философ орыс өмірінің жағымсыз жақтарын өткір сынаған. Ресейде дами бастаған капиталистік қатынастарды сынап, Ресей оқшауланған православиелік – христиандық орталық болуы қажет деп есептеген.
К.Н.Леонтьев тарихи процесті адам өмірімен салыстырған. Адам өмірі сияқты оның да туу, даму,өркендеу және құрдымға кету кезеңдері болады. Мемлекеттің сақталуының кепілі – ішкі деспотиялық бірлігі. Мемлекетті сақтаудың мақсаты - күш пен әділетсіздіктің, құлдықтың болуы.
Леонтьевтің пікірінше, адамдар арасындағы теңсіздік Құдайдың тілегі, сондықтан ол табиғи және орынды.
Орыстың атақты жазушылары Ф.М.Достоевский мен Л.Н.Толстой діни философияны дамытты.
Ф.М.Достоевский (1821-1881) Ресейдің болашағын капитализм және социализммен байланыстырған жоқ, Ресей өзінің дамуында ұлттық негізге, яғни дәстүр мен салтқа сүйенуі қажет. Адамның да, мемлекеттің де тағдырында дін ерекше роль атқарады. Адамның рухани дамуы дінге негізделген. Ф.М.Достоевский адам өмірінің екі вариантын ұсынған. Біріншісі – адам абсолютті еркіндікте, ешқандай беделді, тіпті Құдайды да мойындамайды. Өзінің ойына не келсе, соны істеп, өзін Құдайдай сезінеді. Ойшылдың пікірінше, бұл өте қауіпті жол. Ол адамның өзіне де, айналасындағыларға қатер төндіреді.
Екіншісі – барлық іс - әрекетінде, бастауларында, Құдайға сену, оған сүйену. Бұл адамға қажетті жол, дұрыс жол, оны қорғайтын жол.
Л.Н.Толстой (1828-1910) өзіндік ерекшелігі бар діни – философиялық ілімде жасады.
Толстойшылдықтың мәнісі мынада:
- көптеген діни догматтар сынға ұшырап, жойылуы қажет.
- дін қарапайым, әлі әркімге түсінікті болуы керек;
- құдай, дін – бұл игілік, махаббат, ақыл және ұждан;
- өмірдің мәні - өзін өзі жетілдіру;
- жер бетіндегі негізгі зұлымдық - өлім және күш қолдану;
- кез келген мәселені шешудің негізгі құралы ретінде күш қолдануда бас тарту;
- адамның тәртібінің негізі – зұлымдыққа қарсы болмау;
- мемлекет – күш қолдану аппараты, оны құрту қажет.
Өзінің осындай философиялық – діни көзқарастары үшін Л.Н.Толстой анафемаға, яғни шіркеуден аластатуға ұшыраған.
Орыс философиясының революциялық – демократизм бағытының негізгі өкілдері – Н.Г.Чернышевский, халықшылдар – Н.К.Михайловский, М.А.Бакунин, П.Л.Лавров, Л.И.Ткачев, анархист П.Кропоткин, марксист Г.В.Плеханов.
Бұлардың бәрінің ортақ сипаты - көзқарастарының әлеуметтік – саяси бағыты.
Осы ойшылдардың бәрі сол уақытта қоғамдық – саяси тәртіпке қарсы болды, бірақ Ресейдің болашағы туралы әр түрлі ұстанымдар ұсынды.
Н.Г. Чернышевский аграрлы Ресейге қайта оралуды ұсынды, яғни жеке еркіндік пен қауымдық өмірді дамыту, қажет деп есептеді.
Халықшылдар капитализмді басып өтіп, тікелей социализмге өтуді ұсынды. Бұл үшін барлық тәсілдерді, тіпті террорды да пайдалану қажеттігін ескертті.
Анархистер мемлекетті сақтау қажет емес деген пікірді айтты.
Марксистер Ресейдің болашағын қоғамдық меншікке негізделген социализммен байланыстырды.
XIX ғасырдың философиялық дамуы либералды бағытпен аяқталады. Оның көрнекті өкілі В.С.Соловьев (1853-1900).
Оның негізгі философиялық идеялары:
- бүкіл бірлік идеясы – материалдық және рухани болмыстың бірігуі мен үйлесуі;
- адам өмірінің бастапқы қыры адамгершілік, оның төменгі деңгейі – құқық, жоғарғы деңгейі – сүйіспеншілік;
- барлық ұрпақтардың өзара байланысына негізделген прогресс идеясы;
- игіліктің көрінісі болатын Құдай идеясы;
- өмір жолы құдай, адамгерішілік, игілік құндылықтарына құрылған «құдайдан адам идеясы»;
- жалпы Құдай даналығы – София идеясы;
- «Қасиетті Русь» (Москва – Үшінші Рим), «Ұлы Русь» (1 Петр реформалары) және «Еркін Русь» (Пушкин мен декабристер рухы) идеяларынан құралған біртұтас орыс идеясы.
Ресейде XIX ғасырдың аяғында және XX ғасырдың басында діни, ғарыштық, жаратылыстану – ғылыми, кеңестік және шетелдік орыс философиясы сияқты көрнекті бағыттар дамыды.
XX ғасырдың 90 жылдары мен XX ғасырдың 10 жылдары аралығын орыс мәдениетінің «алтын ғасыр» деп бағалайды. Бұл уақытта орыс әдебиеті, өнері, философиясы жақсы қарқынмен өрістеген. Осы уақыттағы діни философияның өкілдері – С.Н.Булгаков, ағайынды Трубецкийлар, П.А.Флоренский, С.Л.Франк.
С.Н.Булгаков (1871-1944) барлық христиан шіркеулерін біріктіретін «экуменикалық» шіркеу құруды ұсынды. Марксизм идеяларымен танысып, оны аграрлы Ресейге жарамайтынын ескертті. Қоғамдық прогресс пен әлеуметтік идеал мәселелерін діни – метафизикалық жолмен табуға болады деп есептеп, В.С.Соловьевтің бүкіл бірлік философиясына бет бұрыс жасады.
Л.А.Флоренский әлемнің бірлігін мойындаған, софиология ілімін жасады. София – ғарыш болмысының үйлесуі мен бүтіндігі. Ғарышты тірі бүтіндік деп қарастырып, барлығы бірінде, бірі – барлығында өмір сүреді деп пікір қорытқан.
Жаратылыстану – ғылыми философия И.М.Сеченов, Д.И.Менделеев, М.М.Ковалевский, Х.А.Тимирязев шығармашылығында өрбіді.
Материалистік бағыттың өкілдері – Сеченов, Менделеев, Тимирязев болмысты биология, химия, физика, медицина тұрғысынан зерттейді.
Мечников және Ковалевский қоғамның дамуында географиялық, климаттық, экономикалық факторлардың рөлін анықтауға көңіл бөлді.
XX ғасырдың 20 жылдарынан бастап 90 жылдарға дейін кеңес дәуіріндегі орыс философиясы дамыды. Оның маңызды үш кезеңін атап өтуге болады.
- 1917 – 30 жылдары ресми марксистік лениндік философия мен бұрынғы тарихи дәстүрлердің арасындағы пікір – талас дәуірі;
- 30 – 50 жылдары – философия қоғамның ресми идеологиясына айналды;
- 50 – 80 жылдары – кеңес философиясының дербес дами бастау уақыты. Осы тарихи дәуірде кеңес орыс философтары құндылықтар, гносеология, сана, идеалдық, мәдениет, философиялық әдістер мәселесімен айналысты.
Н.И.Бухарин психика, сана мәселесімен, А.Богданов «тектология», яғни жүйелер теориясымен, А.Ф.Лосев адам, тарих, А.Гумилев тарих, этногенез, М.Мамардавшвили мораль, адамгершілік, Б.Лотман қоғам, философия, тарих мәселелерімен айналысты.
Шетелдерде орыс философиясын П.С.Мережковский (1864-1941), Л.Шестов (1866-1938), А.Н.Бердеяв (1874-1938), П.Сорокин (1889-1968) дамытты.
Н.А.Бердяев экзистенциалдық – діни сипаттағы философияны өрбітіп, еркіндік, шығармашылық мәселелерімен айналысты. ОЙшыл өз творчествосында Ресейдің тарихи тағдырына көңіл бөліп, орыс идеясын ұсынды. Ресей батысқа да, шығысқа да ұқсамайтын өзіндік ерекшелігі бар қоғам құрып, осы екеуінің арасын жақындастыратын ерекше миссияны орындауы тиіс деп есептеді.
Питирим Сорокин – АҚШ-та өмір сүрген орыс философы. Адам мен қоғам мәселесімен жан – жақты айналыса отырып, батыс әлемі үшін аса маңызды болып есептелінген стратификация және әлеуметтік мобилділік теориясын жасады.
Стратификация – кірісі, кәсібі, ұлты, ықпалына байланысты қоғамның жікке бөлінуі. Қоғамның тұрақтылығының бастапқы кепілі – халықтың әлеуметтік мобилділігі, яғни бір страттан екінші стратқа өту мүмкіндігі.
21. Философиялық антропологияның негіздері: адамның антропологиялық, әлеуметтік қалыптасуының мәселелері.
1. Философиялық антропологияның қалыптасуы, мәні және негізгі мәселелері.
2. Адамның қалыптасуы туралы әртүрлі концепциялар.
Гректің антропос – «адам» және логос «ілім» сөзінен құралған, антропология дегеніміз – адам туралы ғылым.
Антропология адамның табиғи құрылысын, оның бейімдері мен дағдысын, тілін, өнерін, діні мен өркениетін зерттейді.
Антропологияның үш маңызды бағыты бар. Біріншісі, адамның табиғаттағы орнын қарастырып, басқа тіршілік иелерінен айырмашылығын анықтайды. Осы мақсатта адамның табиғи қасиеттері мен дамуының, өркениетінің өзара байланысына назар аударады.
Екіншісі, адамның нәсілдерін анықтап, жүйелеумен тығыз байланысты. Ол этнология деп аталады. Алғашқы адамдардың қаңқасы мен бассүйектерін қазіргі адамдармен салыстыра отырып, әртүрлі халықтар мен нәсілдердің дәстүрлері мен дінін зертейді. Сөйтіп, әр халықтың өзіндік тарихи, мәдени ерекшеліктерін анықтайды.
Үшінші бағыт антропометрия деп аталады. Бұл ғылым адамның табиғи өлшемдерін бойын, салмағын, әртүрлі нәсілдің өкілдерінің сүйектерінің көлемін зерттейді.
Адам - философияның өзекті, байырғы және өте маңызды мәселесі. Философияның адам мәселесін арнайы зерттейтін бөлігі антропология деп аталады. Оның негізгі сұрағы – «Адам дегеніміз не» мәселесі. Адам туралы толық мәліметті пәнаралық зерттеу аясында көптеген ғылымдардың көмегімен жинақтауға болады. Сондықтан да соңғы жылдары адамтану ғылыми танымның ерекше саласы және оқу пәні ретінде жеке қарастырылады. Философия адамды тиянақты, бүтін, біртұтас жүйе деп анықтап, барлық мәндік қасиеттері мен құбылыстарының өзіндік рухани – практикалық іс - әрекетінің жүйесі ретінде, көпжақты, әмбебап жан етіп көрсетеді.
Адамның табиғаты мен мәні туралы сұрақ философия тарихындағы барлық ілімдерде бар. Адам проблемасын философиялық зерттеудің негізгі өзегі етіп қарастыратын экзистенциализм, персонализм және философиялық антропологияны қоспағанның өзінде психоанализ, герменевтика, структурализм, аналитикалық философия, социобиологияда адам тақырыбы көрнекті орын алып отыр. Мұның өзі тек жай ғана кездейсоқтық немесе ұқсастық емес. Қазіргі уақытта Адам төңірегіндегі мәселелердің алдыңғы қатарға шығып, әлемнің барлық түпкірінде өзекті мәселеге айналуы, ең алдымен, нақты индивидтің күнделікті өмір сүруінен кездесіп отырған жағдайдан туындап отыр. Ядролық қару – жарақтың күннен – күнге көбейе түсуі, табиғи ортаның бұзылуы адамдарды өте бір қиын сын сағатына әкеліп, апырау, осы адамзаттың ертеңгі күні не болмақ деген үрейлі сұрақтарды жиі – жиі туғыза түсуде.
Генетикалық инженерияның даму бағыты, әртүрлі органдарды трансплантация жасау мүмкіндіктері адамның биологиялық табиғаты туралы үйреншікті көзқарастарды өзгерте түсуде. Сонымен қатар, адам биологиясының біз білмейтін қаншама терең сырлары бар екендігінде де күмән жоқ. Адамның өзін - өзі басқаруы, яғни психологиялық мәселелер де бой көрсетуде.
Философиялық антропологияның басқа ғылымдардан айырмашылығы, ол адамды жалпы дүниетанымдық тұрғыдан зерттейді.
Жалпы, біртұтас, іргелі антропологиялық мәселелерді қарастыра отырып, адамның мәнін, өзіндік ерекшелігін түсіндіреді.
2. Адамның қалыптасуы туралы әртүрлі концепциялар.
Философия адамды таңғажайып тірі Жан деп қарастырады. Адамның табиғаты мен мәні, оның өмір сүруінің мағынасы мен мақсаты аса күрделі дүниетанымдық мәселелер болып табылады.
Адам феноменінің мәні мен қалыптасуын түсіндіруде әртүрлі дүниетанымдық көзқарастар орын алған.
Жаратылыстану ғылымы адамды жер бетіндегі себептердің, яғни материяның дамуының нәтижесі, салдары деп түсіндіреді. Оның қалыптасуының маңызды алғы шарттары - еңбек ету мен сөйлеп үйрену. Еңбек ету дағдысы, яғни табиғатты арнайы құралдармен өңдеу мүмкіндігі, адамның жер бетіндегі тірі жандардың бірі болып қалуына, дамуына жағдай жасады.
Адам игілікті дүние құбылыстарын өзара сабақтастырып жатқан ең басты тұлға ретінде көрінеді. Рухани өмір ағымына ол табиғаттың ең биік сатысынан қарайды.
Адам қандай қиыншылықтарды бастан кешірсе де, бәрібір өз қолымен, ақыл – ойымен әлемді жасандырып, тіршілік көркіне үстеме мән дарытып, сонымен бірге еңбек құдіретімен өзі де өзгеріп, өркениетті заманның ізгілікті бір белесінде өмір сүріп отыр. Демек, еңбек адам баласының табиғатқа қатынасын айқындайтын күретамыр, әрекет өрісі болып табылады.
Әлеуметтік антропогенез теориясы Адам бұдан 30-40 мың жылдар бұрын қалыптасты деп есептейді. Жалпы Адам тарихы 3 млн. жылды қамтиды. Ол алғашқы Орталық Африкада пайда болып, кейіннен жер шарының барлық түкпіріне тарады.
Н.Н.Моисеев «әмбебап эволюционизм» теориясын жасады. Оның идеяларының бастауын В.И.Вернадский мен Н.Ф:Федоров еңбектерінен табуға болады. Моисеев адамды жер мен космостың қасиеттері жиынтығының өзара тоғысуының нәтижесі деп қарастырады. Адамның қалыптасуымен материя өзін - өзі түсініп, даму заңдылықтарын білім арқылы бақылауға мүмкіндік алды. Тіршілік пен адамның қалыптасуы - әлем тарихындағы ең үлкен төңкеріс.
Ақыл – ой пайда болғаннан бастап, әлемнің дамуы саналы сипатқа ие болды. Адамның ойлау қабілетінің негізгі ошағы – ми дамып, жетіле түсті. Әр түрлі іс - әрекеттердің іске асу жолына емін еркін араласып, оның бағытын өзгерте алатын ерік пайда болды. Ақпарат пен тәжірибені сақтап, оны қорытып, керек уақытында тауып беріп отыратын ес қалыптасты.
Адам табиғат шындығына бойлай отырып, оның «адамға тәуелсіз өз ерекшелігін» (Герцен) танып білу деңгейіне көтерілді.
Сөйтіп, әлеуметтік организмнің ең нәзік бөлшегі, жаңа Адам әлемі – мәдениет әлемнің бастауы, адамның рухани әлемі қалыптасты. Адамның даму эволюциясында екі қарама – қарсы бағыт қалыптасты. Бірінші – сыртқы дүние туралы білімнің өсе түсуіне негізделген оның өзіндік еркіндігі, құрал – саймандар мен мәдениеттің дамуы. Екіншісі – адамның өз қолымен дамып отыратын екінші табиғаттың күрделене түсуіне байланысты оған оның бағыныштылығының арта түсуі.
Әлем халықтарының фольклорында Адам мен әлемнің қалыптасуы туралы әртүрлі тұжырым бар. Мәселен, эскимостардың айтуынша, Адам жерден соғылған, құстардың көмегімен бүкіл дүниеге тараған. Кейбір рулардың пікірінше, Адам тастан немесе ақ, қызыл, қоңыр қиыршықтардан пайда болған. Осы көзқарастардың бәріне ортақ идея – ол әлемді жарататын сыртқы күштің болуы.
Тейяр де Шарден «эволюциялық мәре» теориясын ұсынды. Ол Адам мен әлемнің пайда болуын түсіндіру үшін ғылым мен дінді, ақыл – ой мен мистиканы өзара біріктіруге тырысты. Тейярдың ойынша, әлемнің тарихы – оның ұдайы күрделене түсуінің және саналылыққа ұмтыла түсуінің тарихы. Осы тарихи процесте әлем дамуының белгісіз бір бағыты, косомстық діңгек қалыптасты. Соның аясында тіршілік пен сананың негізгі болатын Жер рухы пайда болады.
Осының нәтижесінде туындаған Адам өзінің даму эволюциясында ең соңғы нүктеге, яғни «Омега нүктесіне» жетуге ұмтылады. Философтың ойынша, «Омега» нүктесі эволюцияның аяқталып, сүйіспеншілік негізінде бір – біріне ұмтылатын жалпы бірігу мен әлемдік гармонияның бастауы болып табылады. Бұл әлем бөлшектерінің бірін – бірі іздестіріп, өзара гармонияда бірігуі. Омега нүктесі - Әлем мен Адамзаттың болашағы, эволюцияның ең жоғарғы полюсі. Онда барлық индивидтер мен халықтардың өзара келісуі болады. Барлығы сүйіспеншілік арқылы бірігеді. Православие дінінің көрнекті уағыздаушысы. А.Меньнің пікірінше «Адамның әлемдегі орны туралы тейярдизм ілімін», «оптимистік мәре» деп атауға болады. Омега нүктесі – бұл жарық.
Тейярдизмге жақын идеялар орыстың көрнекті философы, суретші Н.К.Рерих шығармашылығында көрініс тапқан. Адам – Жер мен Космостың өзара кездесуі болып түратын ерекше нүкте. Әлемдік құбылыс ретінде адамның өзі де толық игеріп болмаған керемет космостың энергияның иесі болып табылады.
Адамның жаралуы туралы аңыздар көп, оны жерде мекендеп отырған барлық халықтың әдебиетінен қиналмай-ақ табуға болады. Қытайдың ерте замандағы «Әдет – ғұрып естеліктері» деген көне жазбасында осы жайлы былай жазылған: «Дүние жаралған шақта Адам баласы әлі жаратылмаған еді. Hola (жаратушы) адамның тұрқын сары топырақтан жасаған. Ол жалғыз өзі ештеңе тындыра алмайтын болған соң тұрған арқанды балшыққа тастай салады. Содан соң құдіреттің күшімен сол арқанға Жан бітеді де, адамға айналады».
Біз атап өткен ілімдердің барлығы Адам мен табиғаттың бірлігін мойындайды. Адам табиғаттың өз жемісі, оның даму эволюциясы нәтижесінде қалыптасты.
Достарыңызбен бөлісу: |