Ф 11-18 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі


Философиялық антропологияның негіздері: адам өмірінің категориялары



бет9/14
Дата14.06.2016
өлшемі1.42 Mb.
#135923
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

23. Философиялық антропологияның негіздері: адам өмірінің категориялары.

1. Адамның өмір сүру ерекшеліктері.

2. Адам өмірін сипаттайтын категориялар.

Адам өмір сүру процесінде өзінің барлық қыры мен сырын жайып салады. Өйткені өмір сүру дегеніміз – қиындығы мен қуанышы бірдей процесс. Өйткені дүние үнемі өзгерісте, ол қарама – қайшылықтың, ізгілік пен зұлымдықтың өзара тартысы. Адамның пешенесіне жазылған өмір кірпіктей қысқа, қамшының сабындай келте.

Адам тек қана жақсы қасиеттер мен қабілеттердің жиынтығы ғана емес, оның болмысында көптеген жағымсыз, дүлей, қара күштер де бар.

З.Фрейд жан – жақты зерттеген бейсаналық әлемі осыны айқын көрсетеді. Ғалым тұлғаның психикалық құрылымын талдап, бейсаналықтың екі деңгейін және саналықтың бір деңгейін көрсеткен.

Алғашқы деңгей «Ол» ұғымымен айқындалады, бұл бейсаналықтың төменгі сферасы, яғни әртүрлі инстинктер мен құштарлықтың әлемі. Негізгісі өмір инстинктісі – адамды сақтап, көбейтуге құштарлық және өлім инстинктісі «Ол» рахаттану принципін ұстайды.

Екінші деңгей «Мен» ұғымымен сипатталады. Бұл саналы өмір сферасы, іс - әрекет қисынына бағынып, талап – тілектерді қанағаттандырады немесе қажет кезінде одан бас тарта алады.

Үшінші деңгей – «Менен жоғары» немесе «Супер - Эго» деп аталады. Бұл бейсаналықтың жоғарғы деңгейі, оның қалыптасуына тәрбиелік шектеулер, әлеуметтік және моральдық қалыптар әсер етеді. «Менен жоғары» - бұл адамдардың моральдың принциптерінің бастауы.

Адамның психикасы – жоғары мен төменгі бейсаналық күштердің өзара қақтығысуының аренасы. Адамның саналы өмірі, іс - әрекеті, тіршілік етуінің әмбебаптығы – оның мүлгіген табиғи дарындары мен қабілеттерінің жаңа қырларын ашып көрсетуде.

Қазіргі адам туралы зерттеулерде дағдылы принцип пен білім аясына сыймайтын жаңадан белгілі болған мүмкіндіктер мен ерекше қасиеттер жан – жақты айқындалуда. Мысалы, көріпкелдік, психикалық қуат пен ойдың күшімен емдеу, физиологиялық процестерді еріктің күшімен басқару, болашақты болжау, тез есептеу, оқу қабілеті, керемет ес, биологиялық процестерге ойдың әсер етуі, т.т.

Адам өзінің өмірінде қызғаншақтық, қорқақтық, жүрексіздік, ұстамсыздық, сараңдық, екіжүзділік сияқты толып жатқан жағымсыз қылықтармен бетпе – бет кездесіп отырады. Оған өзінің өне бойында мүлгіген кеңдік, жомарттық, кеңпейілдік, риясыз, ақкөңілділік, ержүректілік, тапқырлық, табандылық, ұстамдылық, жауапкершілік сияқты көптеген тамаша қасиеттерін қарсы қояды.

2. Адамның өмір сүруінде таңдау, еркіндік, жауапкершілік, өмір, өлім, мәңгілік, жалғыздық, махаббат, шығармашылық сияқты өте маңызды оқиғалар болып тұрады.

Таңдау дегеніміз – адамның әруақытта қоғамдық өмір мен заман талабы ұсынған мүмкіндіктерді іске асыруда өзіндік жолды анықтауы. Әр адам дүниеге келген уақытта өзінен бұрын қалыптасып қойған мәдени, әлеуметтік өмір қисынында мүлгіген мүмкіндіктермен жолығады. Сол мүмкіндіктерден өзінің табиғи қабілетіне, ұстаным, дағдысына, біліміне қарай өзіндік жол тауып, сол жолда өзіндік мүмкіндіктер мен ұсынылған мүмкіндіктерді өзара ұштастыра, тоғыстыра отырып, іс - әрекет ету – таңдаудың нәтижесі.

Таңдау – адам еркіндігімен тығыз байланысты. Еркін адам ғана таңдау жасайды.

Еркіндік – интегралды ұғым. Өйткені адам барлық жағынан еркін болуы үшін көптеген жағдайлар қажет. Ең алдымен, экономикалық еркіндігі, яғни өзіне қажет киім, тамақ тұрмыс, демалу, әдемілену, қарым – қатынас сияқты факторларды қамтамасыз ететін мүмкіндігінің болуы.

Саяси еркіндік, өзі қалаған партияларды, қоғамдық қозғалыстарды, депутаттарды қолдау, ұнатқан саяси ахуалды таңдауы, ойы мен пікірін білдіре алуы сияқты іс - әрекетті жүзеге асыруды білдіреді.

Сонымен қатар, әр адамда рухани еркіндік болады. Өзіне ұнаған еркін білдіруі, тағы да басқа рухани құндылықтар.

«Еркіндік» ұғымы жауапкершіліксіз толық бола алмайды. Әр адам өзінің іс - әрекеті үшін қоғам алдында, өзінің ары алдында жауап береді. Жауапкершілік дегеніміз – қоғамда немесе нақты бір жағдайда қабылданған формальды, қалыпты жағдайды орындау ғана емес, сонымен қатар, өзінің алдында тұрған мақсатты орындауға адалдық.Жауапкершілік – бұл өзіңе деген адалдық, өзінің адамгершілік сезімдеріне, өз ісінің ақиқаттығына, дұрыстығына сенім. Жауапкершілік – бұл өз ісіңе ғана емес, басқалар үшін де, олардың тағдыры үшін де жауап беру қабілеттігі.

Таңдау, еркіндік, жауапкершілік сияқты аса маңызды ұғымдар өмір үшін керек. Өмір – адамның ең қымбат, таптырмайтын ерекше жағдайы. Өмір – бұл адамның жарық дүниені қабылдауы, сезінуі, сонымен өзінің де біте қайнасуы. Өмір - әр адамның іс – әрекетінің кеңістігі, өлшемі мүмкіндіктерін іске асыру алаңы, өзін - өзі көрсетуі, айқындауы. Өмірдің мәні мен мағынасы туралы адамдар жиі ойланған. Өмірдің мәнін ең бастапқы құндылық ретінде түсіну тарихи процесс, өйткені әрбір дәуірде адам өмірінің әртүрлілігі және оны түсінудің де көпжақтылығы анықталған.

Әдебиеттегі көзқарастарды топтап жүйелесек, мынадай түйіндер ерекшелеуге болады:

- өмірдің мәні оның рухани негіздерінде, өмірдің өзінде;

- өмірдің мәні әр адамның өзіндік болмысымен анықталады;

- өмірдің мәні жоқ;

- өмірдің мәні игілікке қол жеткізуде – деп жазды В.С.Соловьев.

- өмірдің мәні оның өзінде, яғни адам өмірдің мәнін өзі табады.

- өмір өзінің әдемілігімен, күштілігімен, сүйіспеншілігімен мәнді.

- өмір әр уақытта өліммен аяқталады. ­Өлім, яғни адам өмірінің шектілігі, оның мәні мен мағынасы туралы мәселені әруақытта өзекті етеді. Бірақ мәнді, мағыналы өмір де өліммен аяқталады. өлім – бұл өмірдің шегі, оны қадірлі, қымбатты, таптырмайтын ерекшелік ететін басты өлшем.

Адам өзінің іс - әрекетінде бүкіл адамзаттық қажеттіліктерді, білуі, түсінуі арқылы мәңгілікке қол созады. Өмір мен өлімнің өзара ауысып отыруы мәңгілікті тудырады. Біреу өледі, біреу өмірге келеді. Бұл тоқтаусыз, ұдайы процесс.

Жалғыздық – адамның таптырмайтын өзіндік ерекшелігін сипаттайды. Жалғыздық сезімі әрбір жеке адамның дүниені сезінуінде бекерден бекер, бостан босқа пайда бола салмайды. Оған себепкер бос қалған өзінде бостандық шеңберін анықтау.

Жалғыздық табиғаты амбивалентті. Бір жағынан, ол – адамды жасытатын, сары уайымға салдыратын сезім. Екінші жағынан, ол - дүниені түсініп білудің, ондағы өз орнын анықтаудың, бостандықтың жақсы қырларын көрсетудің формасы. Жалғыздық феномені кейбір уақыттарда адамға өзінің ерекше адамшылығын, талантын, қабілетін әйгілеуге жағдай жасайды. Жалғыздықта адам өзіне демеу табады. Егер адам өз өмірін әділеттілік, шынайы адамгершілік тұрғысынан ұйымдастырып, оны мағыналы, мәнді ете алмаса, жалғыздыққа жүгінеді. Жалғыздық бұл жағдайда социумның күшті әрекеттеріне қарсы қойылған қорғаныш тетігі болып табылады.

Әр адам өз өмірінде жалғыздық сезімін бастан кешіріп отырады. Ол сезім өткір, ұдайы, өтпелі, қажетті болуы мүмкін.

Адамның онтологиялық жалғыздығы – оның шеті де, шегі де жоқ әлемде өмір сүруі. Жалғыздық – қашан да жеке адамның басындағы ішкі ойға, емін – еркін үлес қоса алатын ерекше қасиет.

Өмір, өлім, жалғыздық туралы ой толғағанда бірден еске түсетін маңызды категория – махаббат. Махаббат өмірге нәр береді, оны нұрлы, қуатты етеді. Ол әмбебап және терең құмарлық, адам өмірінің өне бойын қамтиды.

Махаббат болмыстың іргелі негіздерін анықтайды. Сонымен қатар, ол әр адамның жеке қайталанбайтын дара сезімі ретінде көрінеді. Ол бүкіл адамға, сонымен қатар, әр адамға тән қасиет. Махаббат – бастапқы, стихиялық, қуатты құмарлық, ол барлық нәрсені қозғалысқа келтіреді.

Адам арасындағы құмарлықтың пайда болуы туралы Платон айтқан. Антикалық грек өзі де ләззат құшағында тұншыға отырып, өзін - өзі тежеудің де жолын анықтаған.

Махаббат сезімі архетипті, яғни бастапқы бәріне бірдей қасиет. Бұл сезімнің толық ашылуына мәдени ұстанымдар мен шектеулер әсер етеді. Әдебиетте, өнерде махаббат сезімінің тереңдігі, қуаты, іске асырылу тетігі жеткілікті сезім деп те айтылады.

Бауырлық махаббат басқа адамды сыйлау, қадірлеу, оның алдында жауапкепршілікті сезінуді білдіреді.

Ананың балаға – махаббаты – баланың қалыптасып, дамуының барлық жағының бастауы. Ананың аялы алақанынан, ақ сүтінен бәрі – бәрі жаралған.

Адамның барлық рухани қуатын көрсететін тамаша қасиет – ол шығармашылық. Оның нәтижесінде бұрын болмаған жаңа, қайталанбайтын, дара нәрселер пайда болып отырады.

Шығармашылық дегеніміз – жасампаз іс - әрекеттің нәтижесі. Оның қайнар көзі – тұлғаның өзі өмір сүріп отырған дәуірге, мәдени ортаға деген қызығушгылық қарым – қатынасы, шешілмеген мәселелерін тануға, білуге ұмтылысы, қиядан жол табуға мүмкіндігі. Шығармашылықтың негізі жете – шешілмеген, шешілуін кұтіп тұрған мәселелердің жиналып, шоғырланып қалуы, оларды сын көзқарас тұрғысынан талдау.
24. Әлемді философиялық тұрғыдан түсіндіру: болмыс туралы ілім.

1. Әлем – философиялық танымның нысаны.

2. Болмыс туралы философиялық ілім.

3. Болмыстың түрлері.

Әлем – адамнан тыс өмір сүретін табиғи ортаны бейнелейді. Табиғи процестер мен құбылыстар жеке – жеке емес, бір – бірімен байланыста өмір сүреді. Әлем – біртұтастық, өйткені ондағы жеке элементтер бір – бірімен гравитация күшімен байланысқан.

Болмыс философиядағы ең көне, дәстүрі мол, тарихы бай ұғымдардың бірі болып саналады. Ол «бол, «болу» сияқты түсініктердің баламасы. Бұл ұғым адамды қоршаған ортаны біртұтас бүтіндік деп тану қажеттігінен туындаған. Оның көмегімен дүниетанымдық «әлем деген не?» сұраққа жауап беруге болады.

«Болмыс» туралы түсініктер көне философияда қалыптасты. Мысалы, Парменид болмыс дегеніміз – бұл тірлік, одан басқа еш нәрсе емес – деп үйретті. Болмыс жақсы, жаман жақтары бар толтырылған, қозғалмайтын шар іспеттес.

Гераклит болмыс қарама – қарсылықтардың өзара күресі, олардың бір – бірімен өзара қабысуы деп пайымдаған. Онда от пен су, жылулық пен суықтық бар. Дүниедегі барлық нәрсенің негізі күрес, өйткені одан әлемдегі тамаша гармония туындайды. Болмыс үнемі дамуда, ұдайы қозғалыста. Демокрит болмыстың алғашқы негізі атом деп көрсетті.

Атомдардың бір – біріне тартылуынан немесе бір – бірінен ажырауынан әлемнің көптігі пайда болады. Болмыстан басқа, бос кеңістіктегі болымсыздық бар. Платон өз ілімінде өзгермейтін, мәңгі, нағыз болмыс идея, ал өтпелі де өткінші болмыс зат әлемі деген ойды қорытты. Бұл идея әлемнің көлеңкесі, онда мәңгілік, тұрақтылық жоқ, ол бір сағым сияқты, өтеді де кетеді.

Діни дүниетаным үстемдік еткен орта ғасырлар дәуірінде, болмыс – құдай жаратқан әлем деп қарастырылған. Құдай барлық тіршіліктің шыңы, мәні, жетілдірілген реалдылық деп көрсетілген (Әулие Августин, Фома Аквинский). Қайта өркендеу, әсіресе Жаңа дәуірден бастап жаратылыстану – механика, математика, физика үлкен қарқынмен дами бастайды.

Болмыс – жаратылыстану мен адамның практикалық іс – әрекетінің негізгі объектісі болып табылатын табиғат. Ол белгілі заңдылықтарға сүйеніп жұмыс істейтін механизм тәрізді. Адам әр уақытта табиғаттың жоғарғы күрделі жеңісі, күрделі механизм деп түсіндірілді.

Пантеизм аясында табиғатта құдай бастамасы тоғытылған. Бұл уақытта Дж. Бруно әлемнің көптігі идеясын ұсынды. Философияда, өнерде адамның керемет күштілігі, ұлылығы туралы идеялар кеңінен тарай бастаған. Болмыс теориясына Н.Коперник, И.Ньютон үлкен үлес қосқан.

Неміс классикалық философиясы болмыс туралы ілімдердің екі бағытын біріктірді. Мәселен, Гегель нағыз болмыс – деп абсолюттік идеяны, ал Л.Фейербах болмысты – табиғат деп қарастырған.

Маркстік философия болмыс ілімінде философиялық материализм мен жаратылыстану дәстүрін жалғастырады. Болмыс мәселесін зерттеуге жаратылыстанудың философиялық мәселелерімен айналысқан – Ф.Энгельс үлкен үлес қосты. Ол өзінің «Табиғат диалектикасы», «Дюрингке қарсы» еңбектерінде материя, оның қасиеттері мен түрлері туралы, еңбек ету нәтижесінде адамның қалыптасуы туралы едәуір жұмыс тындырды.

Орыстың діни философиясы болмыс мәселесін зерттеуде христиан дінінің, Платон, Гегель, Шеллинг философиясының идеяларына сүйенеді. Болмыс – рухани құбылыс. Онда хаоспен қатар гармония да, зұлымдылық пен қатар ізгіліке бар.

Қазақ халқының «сұм дүние», «опасыз дүние», «жалған дүние» деген байырғы ұғымдарында да болмыс туралы пікір қорытылған. Келтірілген түсініктерді жинақтап, болмыс дегеніміз дүниеде бар барлық құбылыстарды, заттарды, процестерді білдіретін ұғым деп анықтауымызға болады.

Ол шексіз көп материалдық пен рухани әлемдегі барлық құбылыстарды білдіреді.

Қысқаша айтсақ, барлық бар нәрсе – болмыс, яғни ол заттар мен руханилық әлемі, өтпелі мен мәңгілік. Философиядағы бұл ұғым өте кең мағынада қолданылады, ол пайда болған, әлі де пайда болатын барлық құбылыстарды білдіреді.

Біріншіден, табиғат болмысы – оның күллі заттары, құбылыстары, процестері. Ғылыми көзқарас бойынша, табиғат адамнан тыс, тәуелсіз, мәңгі өмір сүреді. Ол барлық жерде, тіпті адамның өзінде де бар.

Табиғатты өзгерту нәтижесінде адам күрделі де жан – жақты екінші табиғатты, яғни жасанды заттар, қатынастар, процестер әлемін немесе мәдениетті тудырды.

Мәдениет – адам іс - әрекетінің жиынтығы, оның өмірінің жаңа әлемі.

Екіншіден, бұл тәні бар ерекше тірі жан – адам болмысы. Табиғат дамуының жемісі мен жеңісі бола отырып, адам - өзіндік таптырмайтын ерекше рухани әлемнің иесі. Гетенің «әр адам бұл фәниден аттанғанда, онымен бірге бүкіл адамзат тарихы да өледі» дегенінің мәні осыда.

Үшіншіден, бұл – адамдардың рухани іс - әрекетінің өзара қарым – қатынасының әлемі болып табылатын қоғамдық болмыс. Қоғам адамның ойы мен еркі әрекет ететін сфера, мұның өзі оған ерекше тыныс береді. Әрине, қоғам ең алдымен, өз заңдылықтарымен өмір сүреді (саясат, экономика, т.б.). Сонымен қатар, ол табиғатпен де етене байланыста.

Төртіншіден, бұл – руханилық әлемі. Руханилық - өзіндік ерекшілігі бар реалдылық. Ол көзге түспейді, қолға ұсталмайды, бірақ адам іс - әрекетінің бәрінде көрініс табады. Бұл – адамдардың практикалық іс - әрекетінде орын тепкен сезім мен идеялардың, эмоция мен образдардың, ұғымдар мен түсініктердің әлемі. Руханилық болмысына жеке сана да кіреді. Мұнда З.Фрейд адам психикасының қара күштері – деп бағалаған бейсаналық та орын тепкен.

Руханилық – бұл дін, мораль, өнер, ғылым, құқық формасында өмір сүретін қоғамдық сана. Болмыстың барлық түрі өзіндік заңдарына сүйенеді. Физика, биология, антропология, социологияның зерттеу объектілері бола отырып, бір – бірімен тығыз байланыста болады.

Болмыс – адам өмір сүретін әлем. Оның тылсым сыры танымның ғылыми және ғылымнан тыс әдістерінің көмегімен ашыла береді.


25. Әлемді философиялық тұрғыдан түсіндіру: материя туралы ілім.

1. Материя туралы көзқарастардың дамуы.

2. «Материя» ұғымының философиялық мәні.

3. Қозғалыс – материяның өмір сүру тәсілі.

4. Кеңістік пен уақыт материяның өмір сүру формалары.

Материя – ұғымы философиялық материализмнің негізгі іргетасы. Ол әлем мен адамды табиғи себептерге сүйене отырып зерттеудің ұзақ тәжірибесінен туындаған.

Материя жөніндегі алғашқы пікірлер дүниенің біртұтас негізін түсіндіре бастаған көне дүние философтарының балаң ізденістерінде кездесіп отырды. Мәселен, Фалес дүниенің негізін – су, Гераклит – от, Демокрит – атом деп қарастырған. Ал Эмпедокл әлемнің түп негізі – төрт элементтен – судан, жерден, ауадан және оттан тұрады деген.

Аристотельдің пайымдауынша, материя – бұл мүмкіндіктегі болмыс. Нақты заттар осы болмысқа форманың әсер етуі нәтижесінде пайда болады. Материяның басқа жағдайға көшуін Аристотель – қозғалыс, процесс («кинесис») деп атаған.

Платон материяны болмыстың төмендегі сатысы деген. Ол идеяны жүзеге асырудағы құрылыс материалдары іспеттес. Орта ғасырлар философиясы бойынша материалды әлем жаратушының белгілі бір тәртібіне бағынышта. Табиғат – әлемнің төменгі деңгейі. Онда жан да, еркіндік те жоқ. Жеке нәрселердің пайда болуы, жаралуы құдайға байланысты. Заттардың құдайдың ақыл – ойындағы идеялық болмысы мәңгі, ал шындықтағы болмысы өткінші ғана сипатта болады.

Қайта өркендеу дәуірінде материя физикалық денелердің жиынтығы деп қаралып, онда заттардың әртүрі жекелендірілді.

XIX ғасырдың аяғында XX ғасырдың басында жаратылыстануда ірі жетістіктерге қол жеткізілді.

XIX ғасырдың ортасында адам мен басқа тірі табиғаттың бірлігін түсіндіретін Ч.Дарвиннің эволюциялық теориясы пайда болды, 1986 ж. Д.И.Менделеев химиялық элементтердің периодтық жүйесін жасады. Радий элементі (В.Рентген), электрон (У.Томсон), табиғи радиоактивтілік (А.Беккерель) ашылды. 1916 жылы А.Эйнштейн қозғалыстың, уақыт пен кеңістіктің байланысын көрсететін жалпы салыстырмалық теорияны ұсынды.

Ғылымның осындай ірі жетістіктері әлемнің механикалық үлгісінің іргесін босатты. Материя туралы білімнің аясы одан да кеңи түсті. Ғылымда қалыптасқан осы бағытты қорытындылай отырып, В.И.Ленин 1908 жылы материя ұғымының кеңейтілген анықтамасын берді: «Материя дегеніміз – адамға оның түйсіктері арқылы мәлім болатын, біздің түйсіктерімізде бола отырып, сол түйсіктеріміз арқылы көшірмесі алынатын, суреті түсірілетін, бейнесі жасалатын, объективтік реалдылықты белгілеу үшін қолданылатын философиялық категория».

Яғни, материя дегеніміз – біздің сана – сезімізден тыс өмір суретін реалдылық. Ол адамнан, адамзаттан тыс өмір сүреді. Әлемді ешкім жасаған жоқ, ол болған және бола бермек. Әлем шексіз, шетсіз, ол көпжақты, көп қырлы, оның әр түрлі қасиеттері, ерекшеліктері бар. Әлемнің шексіздігі – ондағы процестер мен құбылыстардың ешқашан аяқталмайтынын білдіреді. Материалдық әлемнің басы, соңы жоқ, ол ұдайы даму, ұдайы өзгеру, ұдайы қалыптасу үстінде.

Адам, оның өмірі – басы мен аяғы жоқ, шексіз де шетсіз әлемнің тарихындағы бір ғана сәт немесе өте кішкене әлем.

Материяға – біртұтастық, яғни бүтіндік және құрылымдылық, біркелкілік тән. Әлемнің әртүрлі бөліктері мен қырлары - өзара тікелей немесе бір – бірі арқылы байланысқан – табиғат пен қоғам, тұлға мен топ. Материяның өмір сүру тәсілі – қозғалыс. Қозғалыс дегеніміз кез келген өзгеріс. Қозғалыс объективті, абсолютті, салыстырмалы, мәңгі. Қозғалыс көп түрде болады. Ф.Энгельс қозғалыстың негізгі бес түрін көрсетіп, жүйелеген. Олар: механикалық, физикалық, химиялық, биологиялық, әлеуметтік деп аталған. Қозғалыстың ең қарапайым түрі механикалық қозғалыс, ол заттар мен құбылыстардың кеңістікте орын алмастыруын білдіреді. Ал, әлеуметтік қозғалыс қоғам өміріндегі шым – шытырық құбылыстар мен процестерді бейнелейді.

Ф.Энгельстің қозғалыс туралы ілімі XIX ғасырда қалыптасты, сондықтан ол XX ғасырда пайда болған жаңа құбылыстарды түсіндіре алмайды. Қазіргі ғылым қозғалыстың жаңа түрлерін анықтап, зерттей бастады. Мәселен, қозғалыстың геологиялық, географиялық, космологиялық түрі зерттелуде. Ғылымның соңғы табыстарына сүйене отырып, қозғалыстың жаңа жүйесін ұсынуға болады, мысалы:

- ядро әлемі, материяның ядролық қозғалысы;

- электромагнетизм әлемі, ол зарядталған бөлшектердің атом ішіндегі, молекулалық процестерін көрсетеді; тартылу әлемі (плазма, планеталық зат);

- бұл материя қозғалысының гравитациялық түрі; өмір әлемі – биогенетикалық, популяциялық өзгерістерді білдіреді. Адам қоғамының әлемі – материалдық пен руханилықтың тығыз байланысы, адам іс - әрекетінің және оның қатынастарының жүйесі.

Материя кеңістік пен уақытта өмір сүреді. Уақыт – дегеніміз заттар мен құбылыстардың өмір сүруінің ұзындығын, олардың әр түрлі жағдайының ауысуын білдіреді. Ол оқиғалар ағымы. Платонның сөзімен айтсақ «Мәңгіліктің қозғалу бейнесі». Әртүрлі материалдық нысанның өз уақыты бар. Сондықтан да физикалық, әлеуметтік уақыт болады. уақыттың үш өлшемі бар: қазіргі, кешегі және болашақ. Уақыт ұдайы алға ұмтылады, ешнәрсе, ешкім оның объективті бағытын өзгерте алмайды. Оны тоқтатуға болмайды. Қоғамда уақыт ағысы жылдам және күрделі. Ол адамның іс - әрекетімен тығыз байланысты. Уақыт – тіршіліктің мықты да аяусыз өшірушісі, сонымен қатар оны жаратушысы да. Уақытша деген ұғым өткіншілікті, жоғалып кетуді білдіреді. Керісінше, мәңгілік ұғымы ұдайылықты, ұдайы болып отыруды меңзейді. Адам өмірі биологиялық тұрғыдан өткінші. Сондықтан да ойлы адам өзінің өмірінің жүгіртпе секундтарына жоғарыдан қарай алмайды. Ол оның бұл дүниедегі өткінші жағдайын жақсы түсініп, өз өмірінің мән мағынасы, мақсаты туралы ойланып, толғанады.

Философияда әлеуметтік уақыт адамдардың өз іс - әрекеті нәтижесінде пайда болып отыратын қоғамдық процестер мен қатынастарының белгілі бір тарихи дәуірдегі тынысын білдіреді. Әлеуметтік кеңістік пен уақыт бұл – адамның іс - әрекетінің бүкіл дүниежүзілік тарихы.

Философия мен мәдениет тарихында, ауыз әдебиетінде уақыт үлкен құндылық ретінде бағаланады.

Адам уақыттың есебін жүргізбей өмір сүре алмайды. Мұндай есеп жүргізудің әдістері тым ерте ойлап табылды.

Алғашында бұл ешқандай сыртқы араласуды қажет етпеген білім мен технологиялық әдістердің жетпестігін жоқтатпаған табиғи әдістер еді. Алғашқы адам күннің шығуымен батуын жіті бағдарлап күнелтуге тиіс болды.

Мысалы, табиғат құбылыстарын өте терең түсінген көшпенді халық уақыт өлшемдерін де дәл тауып, дөп басып, анықтаған. Мерзім, мезет, сәске, таң, кеш, намазшам, ақшам, түн атаулары осыған меңзейді. Көшпенді халықтың дәстүрлі кәсібінен де уақыт өлшемдері туындап отырған: бие сауым, сүт пісірім, ет салым т.б.

Кеңістік – заттар мен құбылыстардың бір – бірімен қатар орналасу, өзара әрекеттесу ретін білдіретін философиялық ұғым. Дүниедегі заттардың барлығы да кеңістікте орналасқан.

Кеңістік негізі – нүкте, ұзындық, қашықтық. Кеңістік объективті, өйткені, ол – материяның ажырамас қасиеті. Кеңістіктің үш өлшемі бар, ол ұзындығы, ені және биіктігі. Сонымен қатар, бұл өлшем тек заттық формаға ғана тән емес, әр түрлі процестерге де тән. Уақыт пен кеңістік бір – бірімен тығыз байланысты болғандықтан, уақыт оның төртінші өлшемі болып есептелеінеді.

Кеңістік пен уақыт туралы ұғым мифтік дәуірдегі дүниетанымдық жүйенің негізгі түпқазығы болып табылады. Дәстүрлі мәдениет үлгілерінде уақытты игеру әрекетінің көптеген мысалдары кездеседі. Уақытты тоқтату талпынысы дәстүрлі салтты қайталау арқылы іске асады.

Материяның уақыт пен кеңістікте байланысын түсіндіруде бір – біріне қарама – қарсы екі ұстаным қалыптасқан.

Біріншісі субстанциалды (Демокрит, Эпикур) – уақыт пен кеңістікті материядан жеке реалдылық деп есептеген.

Екіншісі – реляциялық (Аристотель, Лейбниц, Гегель) уақыт пен кеңістікті материямен байланыста қарастырған. Реляциялық ұстанымды А.Эйнштейннің салыстырмалы теориясы айқын дәлелдеп отыр.

Уақыт бірін бірі ауыстырып отыратын құбылыстардың кезектесуі, әрбір материалдық процесс – бір бағытта өткен болашаққа қарай дамиды. Қозғалыс уақыттың мәні, бірақ уақытты кеңістіктен бөліп алып қарауға болмайды.
26. Әлемнің даму заңдылықтары: диалектиканың негізгі заңдары.

1. Диалектика - шындықтың заттары мен құбылыстарының өзара байланысы туралы ілім.

2. Дамудың мәні.

3. Диалектиканың негізгі заңдары.

Осы уақытқа дейін біз қарастырған әлем мен адам қарым – қатынасының барлық қырында даму құбылысымен жеткілікті түрде таныстық. Әлем де, адам да, табиғат та, қоғам да ұдайы өзгерісте, дамуда. Даму дегеніміз – мәңгі, қажетті қозғалыс, өзгеріс.

Философияның бір бөлігі болып табылатын диалектика - әлемнің дамуының теориялық негіздерін анықтайды. Диалектика дегеніміз – болмыс пен бүкіл әлем дамуының жалпы байланыстары туралы ілім. Онда даму процесі зерттеледі. Диалектика – дамудың философиялық теориясы. Сонымен қатар, ол - әлемді біртұтас және қарқынды бүтіндік деп қабылдайтын ойлау тәсілі.

Диалектика әлем үлгісін өзгертіп тұратын түрлер, жағдайлар және дәуірлердің бір – бірімен ауысуының мәңгі процесі деп қарастырады.

Ф.Энгельстің анықтамасы бойынша, диалектика дегеніміз - әлемдегі байланыстар, табиғаттың, қоғам мен ойлаудың қозғалысы мен дамуының жалпы заңдары туралы ғылым. Философия объективті және субъективті диалектика ұғымдарын қолданады. Ойлау және таным процестері үшін бұл өте маңызды ұғымдар.

Объективті диалектика дегеніміз - әлемнің, табиғаттың, объективті дүниенің дамуы, өзгеруі. Ал оның адам санасында бейнелеуінен субъективтік диалектика туындайды. әлем, дүниенің дамуымен, өзгеруімен қатар оны бейнелейтін, түсіндіретін ұғымдар да дамып, өзгеріп отырады.

Диалектика зерттейтін маңызды сұрақтардың қатарына: «даму дегеніміз не?», «Ол неліктен болады», «Даму қалай іске асып отырады», «Даму қайда бағытталған» сияқты маңызды проблемалар жатады. Осылар төңірегіндегі ізденістер мен ойлар иірімдері материалдық әлемнің терең қабаттарын ашып, оның даму тетіктерінің мәнін зерттеуге мүмкіндік береді.

Диалектика да грек сөзі. Ол бірден даму теориясына айналмаған. Грек мәдениеті аясында диалектика сұрақ – жауап арқылы пікір таластыру қабілетін, ұғымдарды саралау түрі мен шыққан тегіне қарай ажырату өнерін білдірген. Сонымен қатар, оның қайшылықтар туралы ілім деген анықтамасы да болған. Көрнекті грек философы Аристотель диалектиканы ықтимал пікірлер туралы ғылым деп есептеген.

Бірте – бірте диалектика даму туралы ілімге айналды.

Қарапайым диалектика антикалық философияда қалыптасты. Ол көне гректердің табиғатты қарапайым пайымдауынан туындайды. Диалектикалық дәстүрлің бастауы – негізі Гераклит ілімі деп есептелінеді. Табиғатты бөлінбейтін біртұтастық дей отырып, Гераклит «от» , «әлемдік өрт», «космос» ұғымдары арқылы ондағы ұдайы болып тұратын өзгерістерді түсіндіруге тырысты. Әлемдегі барлық нәрсе өзгермелі, қатып, семіп қалған еш нәрсе жоқ. Барлығы бір – біріне қарама – қарсы жақтардан тұрады. Олар бір – бірімен әрекеттеседі. Қарама – қарсылықтардың өзара күресі әлем дамуының қозғаушы күші және негізгі заңдылығы.

Гераклит мәңгілік және өткіншілік, құдай және адам, өмір және өлім, сабан және алтын сияқты қарама – қарсылықтарды атап көрсеткен.

Орта ғасырларды кейбір ойшылдардың шығармашылығында диалектикалық ізденістер орын алған. Мысалы, П.Абеляр диалектиканы әртүрлі пікірлер сайысында ақиқатқа жетудің тәсілі деп қарастырған А.Августин жалпы тарихтың дамуы туралы ілім жасаған, онда балалық, бозбалалық, өрлеу, қартаю және өлу кезеңдері атап көрсетілген.

Қайта өркендеу мен жаңа Дәуір философиясында диалектика Д.Бруно, Н.Коперник, Р.Декарт, Б.Спиноза, Н.Кузанский шығармашылығында дамыған.

Неміс философиясы дамытқан идеалистік диалектиканың маңызы аса зор болды. Неміс философы И.Гердер әлемдік мәдениеттің қозғалу логикасын анықтады.

Диалектиканың дамуына қомақты, сүбелі үлес қосқан философ - Г.Гегель. ол тұңғыш рет бүкіл табиғи, тарихи және рухани дүниені процесс түріндегі нәрсе деп: яғни үнемі қозғалуда, өзгеруде, қайта құрылуда және дамуда деп таныды, сөйтіп, осы қозғалу мен дамудың ішкі байланысын ашуға тырысты.

Гегель қайшылықты – дамудың негізгі қайнар көзі және қозғаушы күші ретінде ерекше бөліп, ол туралы жан – жақты ілімді дамытты. Гегель диалектиканың негізгі заңдары мен категорияларын анықтап, олардың тиянақты жүйесін жасады.

К.Маркс пен Ф.Энгельс материалистік диалектиканы дамытты, даму идеясын тарихи құбылыстарды зерттеуде, яғни әлеуметтік таптық қатынастардың, жеке меншіктің, мемлекеттің, қоғамның басқа да маңызды институттарының қалыптасуының заңдылықтарын түсіндіруде кеңінен қолданды.

Диалектиканың негізгі ұғымы – даму. Даму дегеніміз – қозғалыстың, өзгерістің бір көрінісі. Ол көп жақты, ескіден жаңаға, жаңадан ескіге, қарапайымнан күрделіге, күрделіден қарапайымға, төменгіден жоғарыға, жоғарыдан төменге өзгеру болады. Даму кезінде заттың, құбылыстың жүйесі өзгеріске ұшырап, қасиеттер ауысып отырады. Тарихтың дамуында бір – біріне ұқсамайтын әртүрлі дәуірлер, адамның дамуында балалық, жастық, толысу, қартаю кезеңдері болады. Даму - өте күрделі процесс, онда кері қозғалыстар, секірістер, әртүрлі қиылысулар болып тұрады.

Диалектиканың маңызды принциптеріне дүниенің объективтілігін, оның негізгі бөліктері мен қасиеттерінің, құбылыстарының бір – бірімен байланыста, өзара әрекеттесуде, қайшылықта болатындығын мойындау жатады.

Қайшылық – даму мен қозғалыстың ішкі қозғаушы күшін көрсетеді. Қайшылық дегеніміз – қарама – қарсылықтардың өзара қатынасын білдіреді. Қайшылықтар тірі, өлі табиғатта да, қоғам өмірінде де кездеседі.

Диалектика жүйесіне оның негізгі заңдары кіреді. Заң ұғымының маңызды екі мағынасы бар. Біріншіден, заң дегеніміз – заттар мен құбылыстар арасындағы жалпы, тұрақты және қажетті байланыстарды білдіретін ұғым. Мысалы, әлемнің тартылу заңы, табиғи сұрыпталу заңы. Бұлардың бәрі объективті материалдық әлемнің заңдары. Екіншіден, заң дегеніміз - әлемнің байланыстарын түсіндіретін білім жүйесі. Бұл ғылым заңдары.

Диалектиканың негізгі үш заңы бар. Олар даму процесінің маңызды заңдылықтарын түсіндіреді. Қарама – қарсылықтардың бірлігі мен күресі туралы заң – материалдық әлемнің дамуының негізін түсіндіреді. Даму процесі ішкі де, сыртқы да қарама – қарсылықтардың қақтығысы арқылы іске асады. Диалектика сыртқы қарама – қарсылықтардың бірегейліктің екіге бөлінуінің нәтижесі, түптеп келгенде ішкі қарама – қарсылықтар туындысы деп қарайды. Бұл заңның үлкен дүниетанымдық және тәрбиелік мәні бар, өйткені ол дамудың белгілі бір сатысын, тарихтың ешбір жетістігін, адам қол жеткізген биікті ең соңғы деп қарамастырмауға үйретеді және шексіз шығармашылыққа бағдар береді.

Қоғам өміріндегі қайшылықтар өте күрделі және жан – жақты. Сандық және сапалық өзгерістердің өзара өту заңы – дамудың нақты тетігін көрсетеді. Диалектика кез келген затты саны және сапасы жағынан сипаттайды. Сапа – бұл қасиеттердің бірлігі. Сапалық айқындылық зат пен құбылысты тұрақты етеді, бір – біріне ажыратып, дүниенің шексіз сана алуандылығын айқындайды. Сапа дегеніміз – заттың барынша өзінділігі. Сан заттың біркелкі бөліктерге бөлінуін айқындайтын ұғым. Бір – біріне ұқсамайтын нәрселердің арасында сапалық, айырмашылық болады. Кез келген заттың негізгі бір сапасы бар. Мысалы, стакан – ең алдымен ішуге арналған құрал. Әрбір зат - сапалық, тұрақты және сандық, тұрақсыз қасиеттердің қайшылықты бірлігі. Бұл бірлік белгілі бір интервалға дейін сақталады. Оны шама арқылы анықтаймыз. Шама – нәрсенің немесе құбылыстың сапалық және сандық айқындылығының табиғи бірлігін білдіретін философиялық категория.

Зат пен құбылыс өз дамуының белгілі бір деңгейінде жаңа сапаға көтеріледі. Сан өзгерістерінің нәтижесінде ескі сапаның жаңаға айналып, заттың немесе құбылыстың түпкілікті, сапалы өзгеруі – секіріс деп аталады. Кез келген сапалы өзгерістің тек секіріс арқылы дамуы маңызды бетбұрыс. Өйткені секіріс кезінде зат өзінің сапалық қасиетін жоғалтып, басқа қасиеттердің жиынтығына айналады.

Сан мен сапалық өзгерістердің өзара байланысын химия жақсы дәелдейді. Мысалы, кәдімгі ауаның молекуласына ауаның бір ғана атомы қосылса, онда озон пайда болады. озон – басқа сапалы құбылыс. Сондықтан да болар, Ф.Энгельс химияны мөлшерлік, сандық өзгерістердің нәтижесінде заттардың сапалық қасиеттері өзгеріп отыратындығы туралы ғылым – деп анықтады.

Терістеуді терістеу заңы – даму процесінің түрі мен жалпы бағытын көрсетеді. Мұнда ерекше танымдық рольді терістеу ұғымы атқарады.

Терістеу дегеніміз – бір нәрсенің, құбылыстың даму барысында басқа сапалық қасиетке ие болуы кезінде нәрсе мен құбылыстың өзгеріске ұшырауын сипаттайтың алғашқы ұғым. Ол әрі қарай дамуға жол ашады және өткен сатылардың жағымды жақтарының бәрін сақтай алады және жаңа жағдайға бейімделеді. Диалектикалық терістеу құбылыстың ішкі заңдылықтары мен қайшылықтарын тудырады, ол өзін - өзі терістеу ретінде көрінеді. Терістеу жалпы сипатта, оның көмегінсіз ешқандай даму да, өзгеріс те болмайды. Бірақ терістеу өткенді жалаң жоққа шығару емес, оған жан – жақты баға беру, сондай аналитикалық бағалаудың нәтижесінде оның өміршең, бағалы жақтарын анықтап, оны ұстап қалуға әрекет жасау болып табылады.

Терістеуді – терістеу заңының аясында аса маңызды заңдылықты – сабақтастықты түсіндіруге болады. терістеу, сабақтастық – жалпы дамудың, соның ішінде ғылыми көркемдік дамудың да объективтік заңдылығы. Сабақтастық жоқ жерде ілгері өрлеу, даму болмайды. Адамзат баласы тарихи дамудың әр сатысында әдебиет пен көркемөнерді, ғылыми жетістіктерді қайта жасамайды. өткен заманда істелген жұмыспен, пайда болған әдеби туындымен таныс болмасақ, онда біз дүниені танудың бұрыннан белгілі әдіс, жолдарын қайта қарастырып, уақыт өткізер едік. Сабақтастықтың арқасында мұндай жағдайды бастан кешірмейміз.

Кейінгі ұрпақ өзіне дейін істелген істі, қалыптасқан эстетикалық талғам мен ой – пікірді өзінің тың көзқарасымен, жаңа мүмкіндігімен ілгері дамытып жетілдіреді, оны неғұрлым жоғары сатыға көтереді, байытады.

Тарихи сабақтастықтың екі түрі болады. оларды шартты түрде «уақыт пен кеңістік» деп атаймыз. «Уақыт» және «кеңістік» сабақтастығы – бір дәуірден екінші дәуірге өту арқылы болатын өрлемелі дамуды сипаттайды. Мысалы, біздің эрамыздан әлде қайда бұрын өмір сүрген Сократ, Конфуций, Гаутама өздерінің болашаққа қол созған өміршең ойларымен бізді рухани байытуда.

Көркемөнердің, әдебиеттің алғашқы қарапайым нұсқалары бүгінгі әдебиеттің қалыптасуына негіз болды. «Кеңістік» сабақтастығы халықаралық, не әртүрлі ұлт әдебиеттерінің өзара әсер – ықпалымен байланысты. Әрине, сабақтастықтың бұл түрі де уақыт, тарихи кезеңді аттап өте алмайды. Ұлтаралық мәдени әсер – ықпал қоғамдық дамудың жоғарғы сатыларында жан – жақты дамиды.

Диалектиканың негізгі принциптері:

- Жалпы байланыс принципі

- Жүйелік принципі

- Себеп – салдарлық байланыс принципі

- Тарихилық принципі

Жалпы байланыс қоршаған әлемнің біртұтастығын, оның ішкі бірлігі мен заттардың, құбылыстардың, процестердің өзара бір – бірімен тығыз байланыстығын білдіреді.

Байланыстар сыртқы және ішкі, тікелей және жанама, генетикалық және функционалдық, кеңістік және уақыттық, кездейсоқ және қажетті болуы мүмкін.

Ең көп тараған байланыс – сыртқы және ішкі байланыстар. Мысалы, адамның ішкі байланыстары биологиялық түр ретіндегі ішкі ағзалық өзгерістер, сыртқы байланыстар адамның әлеуметтік жүйенің мүшесі ретіндегі байланыстары.

Жүйелілік айналадағы көп байланыстардың арасында реттілік, өзара бір – біріне бағынушылық бар екендігін көрсетеді. Осындай ретті өзара бағынгушылықтың арқасында дүние ішкі мақсатты бүтіндікте өмір сүреді.

Себеп – салдарлық байланыс біреуі екіншісін тудыратынына меңзейді. Заттар мен құбылыстар өзінен - өзі пайда болмайды, олардың әрқайсысының не ішкі не сыртқы себептері бар.

Себеп салдар туғызады, ал салдардың өзі басқа бір жағдайда себепке айналады. Себеп – салдар байланысы осындай жағдайдың жалпылық сипатын дәлелдейді.

Тарихилық қоршаған ортаның мәңгілігін, тарихтың, әлемнің жойылмайтындығын және уақыттың шексіздігін көрсетеді. Диалектиканың категориялары заттар мен құбылыстардың арасындағы жалпы байланыстарды қарастырады.

Диалектиканың негізгі категориялары:

Мән мен құбылыс

Түр мен мағына

Себеп пен салдар

Мүмкіндік пен шындық

Қажеттілік пен кездейсоқтық

Жоғарыда біз атап өткен диалектиканың негізгі принциптері мен заңдары оның негізгі идеяларын қорытындылауға мүмкіндік береді.

Біріншіден, құбылыстардың бір – бірімен тығыз байланыстығы идеясын әлем мен жаратылыстану тарихы толық дәлелдейді. Екіншіден, әлемнің өмір сүруі мен дамуының негізгі шарты – оның ішкі қайшылықтары идеясы. Үшіншіден, әлемдегі құбылыстардың ұдайы өзгеріп отыратындығы туралы идея.

Диалектика байланыстар мен даму туралы білім жүйесі бола отырып, бірнеше функцияны орындайды. Ең алдымен, әрине, диалектика дүниетанымдық функцияны орындайды, өйткені, ол әлемдегі заттар мен құбылыстардың бір – бірімен байланыса отырып, ұдайы өзгерісте, дамуда болатындығын теориялық түрде дәлелдейді.

Сонымен қатар, диалектика методологиялық функцияны орындайды. Ол дүниені танудың, игерудің негізгі құралы болып табылады. Оның негізгі ұғымдары, идеяларын, заңдарын дұрыс меңгерген адам өз іс - әрекетінде тез табысқа жететінің сөзсіз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет