14. XIX ғасырдағы европалық философия.
1. Классикалық неміс философиясы
2. Маркстік философия
3. Позитивистік философия
Жаңа дәуірден бастау алған рационалдық сарын классикалық неміс философиясында одан әрі тереңдей түседі.
Немістің классикалық философиясы, бір жағынан, романтикалық көңіл – күйді философиялық жағынан негіздеді, екінші жағынан, жаңа европалық классикада басталған ақыл – ойдың күшіне деген сенімді жаңа қоғамдық қатынастар тұрғысынан дәлелдеуге кірісті.
Неміс классикалық философиясының негізін қалаушы И.Кант өз іліміне алғашқы романтизмнің ықпалының нәтижесінде пайда болған Ж.Ж.Руссоның адамгершілік пен білімділіктің, өркениет пен мәдениеттің өзара байланыс туралы идеяяларын кіргізеді.
Тіршілік иелерінің гносеологиялық әртүрлілігі, сенімге жол ашу үшін ақылды шектеу, эстетикалық құндылықтардың табиғаты мен көркемөнер шығармашылығының мәні туралы идеялары неміс романтизмнің өкілдері игеріп, ақылды өмірге сенімге қарсы қойып, көркемөнер шығармашылықты жоғары бағалайтын концепциялар жасады.
Романтизм дегеніміз – XVIII – XIX ғасырларда қалыптасқан философиялық – эстетикалық ілім.
Классикалық неміс философиясының бастапқы жетістігі – адам, табиғат әлеміне тарихи тұрғыдан қарауы, философияның логикалық – танымдық мүмкіндігін тереңдетуі, тарихтың біртұтастығын көрсете алуы.
Иммануил Кант (1724-1804) философия тарихында екінші рет антропологияға, яғни адам мәселесіне бет бұрыс жасады. Антропологияға алғаш рет көңіл бөлген Сократ еді.
Кант жүйелі түрде адам туралы ілім жасауға кірісті.
Философ антропологияны физиологиялық және прагматикалық деп екіге бөлді. Физиологиялық антропология адамның қалай пайда болып, дамитынын, яғни табиғи алғышарттарын зерттейді. Ал прагматикалық антропология, яғни адамтану адамды еркін әрекет ететін жан ретінде қарастырып, өзіндік күштерінің көмегімен адам кімге айналатынын жан – жақты талдады.
Кант өзінің шығармашылығының алғашқы кезеңінде жаратылыстану мен табиғат философиясына ерекше көңіл бөледі. «Менің төбемде жұлдызды аспан, жүрегімде мораль заңы» деп жазған Кант өзінің ізденістерінің екі бағыты мен өз философиясының екі тарихи бастауын көрсетеді.
«Менің төбемде жұлдызды аспан» деуі Канттың теориялық философиясына негіз болған Ньютон механикасына меңзейді. Ал «жүрегімде моральдық заң» дегені мораль философиясына мән беретіндігін көрсетуі. Осы екі бағыт Кант философиясының негізгі міндеттері - бір жағынан, табиғи процестің заңдарын қорғап, философиялық негіздеу, екінші жағынан, адамның қадір – қасиеті мен өзара бірлігінің, теңдігінің алғышарттарын дәлелдеу.
Кант өзінің төл еңбектерінде
-
не білуім керек?
-
не істеуім керек?
-
не нәрсеге сенімді болуым керек?
-
адам дегеніміз не нәрсе? сияқты сұрақтарды қойып, адамның танымдық қабілетінің мүмкіндіктеріне көңіл бөледі. Яғни, Кант таным процесіне біртұтастық жүйелеу тұрғысынан қарап, оның әрбір қырының қасиеттері мен ерекшеліктерін талдады.
Таным – процесс, оның әртүрлі сатылары, кезеңдері бар. Осыған ерекше көңіл бөліп, танымдық қабілетті оның ішкі мүмкіндіктері тұрғысынан бағалау – Кант жасаған коперниктік төңкеріс еді. Кант таным процесіндегі субъектінің белсенді ролін негіздеді.
Кант өзіне дейінгі рационалистер мен эмпириктердің біржақтылығын жеңе отырып, таным процесіндегі адам қабілетін үшке бөледі. Сезімділік, пайымдаушылық, парасаттылық. Ойшылдың пікірінше, математика сезімділікке, жаратылыстану пайымдауға, философия парасатқа сүйенеді.
Таным қабілетін бұлай талдау оның біртұтас бола отырып, ішкі қайшылықты екенін көрсетеді.
Басқа сұрақтарды анықтаудан бұрын ең алдымен, білім қалай пайда болатыны, ғылым қалай қалыптасатынын біліп алу қажет. Канттың пікірінше, ғылым, өнер, мораль адам санасының керемет қабілеттері сезімділік, пайымдаушылық, парасаттылықтың көмегімен қалыптасады.
Кез келген білім тәжірибеден басталады, бірақ онымен аяқталмайды. Өйткені кейбір білімдер адамның танымдық қабілетінен туындайды, сондықтан олар априорлы, яғни тәжірибеден бұрын пайда болады. Тәжірибелі білім жеке, кездейсоқ, ал априорлы білім – жалпы және қажетті. Жаңа философияның қалыптасуын Кант теориялық танымның күрделігімен, қайшылығымен түсіндірген. Теориялық танымның шектілігі әлемнің бірден танылатын құбылыстарға және танылуы қиын «өзіндік затқа» бөлінуімен байланысты. Танымның антиномиялық, қайшылықты табиғаты ойлаудың сезімнің көмегінсіз әлемді біртұтас түсіндіре алмауында.
Мұндай қиыншылықтардың болуы философияға зиянын тигізбейді, бірақ философия танымның ақиқаттығының сыны, оның шегін анықтаушы ретінде дамуы керек.
Априори, апостериори, антиномия, аналитика ұғымдарын кеңінен пайдаланып, Кант диалектика теориясын дамытқан.
Адамның дүниетанымдық мүмкіндігі шектеулі. Ол өзінің танымдық аясынан шыға салысымен шешуі табылмайтын күрделі қайшылықтарға жолығады. Шешімі жоқ осындай қайшылықтарды Кант антиномия деп атады.
Бірінші антиномия – кеңістіктің шектеулігі.
Әлемнің уақыт пен Әлемнің уақытта бастауы
кеңістікте бастауы бар жоқ, шексіз
Екінші антиномия – қарапайым және күрделі
Қарапайым ғана Әлемде қарапайым элемент
элементтер бар. те, одан тұратын зат та жоқ.
Үшінші антиномия – еркіндік пен себептілік.
Табиғи заңдарға бағынатын Еркіндік жоқ. Әлемде бәрі
себеп – салдарлық қатынас табиғат заңдарына сүйенетін
қана емес, еркінлдік те бар себеп – салдарлық қатынасқа
бағынады.
Төртінші антиномия – Құдайдың болуы Құдай жоқ. Бүкіл әлемнің
Барлық болмыстың себебі – себебі болатын абсалютті
Құдай қажетті бастау. бастау жоқ.
Кант «Таза ақылға сын» еңбегінде білімді танымдық – іс - әрекеттің нәтижесі деп, оны сипаттай үш ұғымға анықтама береді.
Апостериорлық білім – тәжірибе негізінде алынатын білім, оны әруақытта пратикада тексеріп отыру қажет, өйткені ол болжамды білім, кей уақытта шындықта ол болмауы да мүмкін.
Априорлық білім – тәжірибеге дейін ақылда о бастан бар білім, оны дәлелдеудің қажеті жоқ.
«Өзіндік зат» немесе «Өзімен өзі зат» - Кант философиясындағы өзекті ұғым. Ол – зат пен құбылыстың ешуақытта ақылмен танылмайтын ішкі мәнін білдіреді.
Адам ақылы көптеген құбылыстар мен заттардың тек бейнесін, сұлбасын ғана тани алады, ал олардың шын мәні белгісіз, танылмайды.
Кант этика мәселелерімен де кеңінен айналысқан. Өзінің адамгершілік жүйесін негіздеуде Кант адамгершіліктің мәні ретінде игілікті ерік болатындығына сүйенген. Ерік моральдық заңмен анықталады. Философ көңіл аударған игілікті ерік пен моральдық заңнан басқа тағы бір маңызды ұғым – борыш ұғымы. И.Кант категориялық императив заңын ұсынды, оның мәні «әрқашан адамды және адамзатты мақсат деп тұтатын қадамдар жаса, адамды құрал ретінде пайдаланба» деген ережеде ашылған. Оған адалдықты, ақкөңілдікті, табандылықты жатқызған.
Кант әлеуметтік философияға да әдеуір үлес қосқан. Ғалым ағартушылар ұсынған адамзаттың тарихи дамуындағы прогресс ұғымын жақтаған.
Канттың пікірінше, адамзаттың іргелі мәселесі – құқықтық, азаматтық қоғамға жету.
Фихте философиясы онтологиялық алғашқы сипаттағы іс - әрекет ілімімен тығыз байланыста. Бұндағы жалғыз субстанция – субъект, мен, таза іс - әрекет. Іс - әрекеттің жоғары принципі – адамгершілік заңы. Маңызды мәселе – еркіндік мәселесі. Еркіндік дегеніміз - жалпы қажеттілікке өз еркіңмен бағыну. Жалпы еркіндіктің негізі – барлық адамдарды жеке меншікпен қамтамасыз ету. Фихте бейсаналық мәселесін де шешуге тырысады.
Ф.Шеллинг шығармашылығында еркіндік философиясы мен өнер философиясы маңызды орын алады. Шеллинг үшін ең маңызды гносеологиялық мәселе – теориялық сана мен практикалық сананың арасындағы қайшылық. Бұл қайшылық шығармашылықтың жоғары түрі өнерде өз шешімін табады.
Гегель (1770-1831) – классикалық неміс философиясының шыңы. Оның философиясының негізгі ұстанымы – болмыс пен ойлаудың тепе – теңдігі. Философия дегеніміз - әлемді идеяда игеру. Гегельдің пікірінше, идеялар үш деңгейде өмір сүреді.
Гегель өз ізденістерінде табиғат философиясын, рух философиясын, тарих философиясын анықтауға мән берді.
Табиғат Гегельдің пікірінше, идеяның антитезисі, яғни идеяның өмір сүру формасы. Рух субъективті, объективті, абсолютті болып үшке бөлінеді. Субъективті рух – жан, жеке адамның рухы. Объективті рух – бүкіл қоғамның рухы. Оның көрінісі – құқық. Абсолютті рух – рухтың ең жоғарғы көрінісі. Оның көрінісі - өнер, дін, философия.
Гегель тарих философиясында да өзіне тән үштік принципін қолданады.
Өз - өзімен өмір сүретін идея – тіршілік ету, сапа, сан, мән, қайшылық, ұғымдар идеясы. Табиғаттағы идеялар – кеңістік, уақыт, материя, қозғалыс, геологиялық, өсімдік, жануарлар табиғаты, тіршілік, өлім идеялары, рухтағы идеялар – жан, сана, рух, құқық, мораль, адамгершілік, мемлекет, өнер, дін, философия идеялары.
Гегель идеялар жүйесін жасайды, бір идеядан басқа идеяларды тудыруға тырысады. Оның пікірінше, философия идеялары ғылыми, әмбебап логика, яғни идеялар қозғалысының логикасы, диалектикалық логика.
Гегельдің пікірінше, адамзаттың рухани мәдениеті өзінің заңды дамуында әлемдік рухтың шығармашылық күшінің бірте – бірте көріне бастауы ретінде өркендейді. Жеке адамның рухани дамуы әлемдік рухтың өзін - өзі тануының кезеңдерін қайталайды.
Гегельдің таным теориясы абсолютті идеяның өзін - өзі тану процесі болып табылады.
Гегельдің маңызды жетістігі – логика, таным теориясын, әлем туралы ілімді, философия категорияларын біріктіріп, жүйелеуі, оны «Логика ғылымы» атты үш томдық еңбегінде баяндауы.
Гегельдің тағы да бір жетістігі – даму идеясын жан – жақты, біртұтас, тиянақты негіздеген диалектика теориясы. Гегель дамудың тетіктерін, қайнар көзін, бағытын анықтады.
XIX ғасырда тұрпайы материализм кеңінен дамыды. Сананың идеалдылығын мойындамай оны химиялық процесс деп қарастырды, географиялық детерминизмді жақтады. Көрнекті өкілдері. Л.Бюхнер (1821-1899), Я.Мопешотт (1822-1893), К.Фохт (1817-1895). Ойлау мен сана физиологиялық – химиялық процесс деп есептеп, «ми ойды бауыр өтті бөлетін сияқты бөліп шығарады» деп пікір қорытқан.
Неміс классикалық философиясының соңғы өкілі Л.Фейербах болды. Оның басқа неміс философтарынан ерекшелігі – ол материалист болды. Фейербахтың пікірінше, табиғат – барлық білімдердің қайнар көзі. Адам – табиғаттың бөлігі, психикалық – физиологиялық табиғаты бар тірі жан. Оның дамуында әлеуметтік ортаның маңызы орташа.
Фейербах діни сананы сынға алады. Бірақ дінді ығыстыруға мүлдем қарсы, ескі дінді жаңа дінмен ауыстыруды қарастырады, оны сүйіспеншілік діні деп атайды. Өйткені, Құдайға сүйіспеншіліктің орнына адамға сүйіспеншілікті уағыздау тиіс.
Классикалық неміс философиясы жаңа дәуір кезеңін аяқтайды, ол математика мен механиканың ықпалымен дамыды. Бұл уақытта өмір сүрген философтардың көбі ақыл – ойды культке айналдырады, прогреске және адамның шексіз мүмкіндігіне сенім артты.
2. Диалектикалық материализмнің негізін К.Маркс пен Ф.Энгельс қалады. Сондықтан оны маркстік философия деп атайды.
Диалектикалық материализм XIX ғасырдың ортасында қалыптасты. Оның пайда болуының негізгі алғышарттары мыналар:
-
XVIII-XIX ғасырда Европада қол еңбегін машина еңбегі алмастырған. өндірістік революция;
-
Тарих сахнасында дербес саяси талаптары бар пролетариаттың пісіп – жетілуі;
-
Неміс классикалық философиясының жаңа идеялары;
-
Жаратылыстану ғылымдарындағы жетістіктер. Дарвиннің эволюция теориясы: организмнің клеткалық құрылымы туралы ілім;
Маркстік философиясының негізгі сипаттары:
-
Диалектикалық әдіс материалистік принциппен біртұтас бірлікте қарастырылады.
-
Тарихи процесс материализм тұрғысынан табиғи, заңды процес ретінде түсіндіріледі.
-
Әлем тек түсіндіріліп қана қоймайды, оны өзгертудің жалпы методологиялық негіздері зерттеледі. Философиялық зерттеулер жалаң ұғымдардан гөрі адамдардың материалдық – практикалық іс - әрекеттеріне бағытталады.
-
Диалектикалық – материалистік көзқарастар пролетариаттың, барлық еңбекшілердің мүддлері мен байланыстырылады.
К.Маркстің философия мен әлеуметтік ғылымға енгізген екі маңызды жаңалығы бар, оның бірі – қосымша құн теориясы, екіншісі тарихты материалистік тұрғыдан түсіндіру. Маркстің пікірінше, адам табиғат қойнауынан әмбебап табиғи жан болып шықпайды. Ол тарихи процестің барысында әмбебап тіршілік иесіне айналады. Адамды жануарлар әлемінен бөліп тұратын, басқаша айтсақ, оны тіршілік баспалдағының жоғары сатысына көтеретін санасы, ақыл – ойы емес, өзіне қажетті құрал – жабдықтарды өндіру, жасау икемділігі. Осының арқасында адам табиғатты игереді, оның кеңістігі мен уақытында өз мүддесі мен талап игілегіне сай өзіндік екінші табиғаты жасайды. Осының барысында өндірісітік қатынастар қалыптасады. Осы өндірістік қатынастар, өндіргіш күштердің деңгейін қоғамның басқа жүйелеріне базис, негіз болатын экономикалық жүйені құрайды. Мемлекеттік, қоғамдық институттар, қатынастар қондырма ролін атқарады. Базис пен қондырма бір – біріне әсер етеді. К.Маркс тарихи процестегі қайталанып отыратын заңдылықтарды анықтау мақсатында қоғамдық – экономикалық формация ұғымын ұсынды.
Маркс адамның дамып, қалыптасуында әлеуметтік орта мен мәдени факторлар маңызды роль атқаратындығына ерекше назар аударады.
К.Маркс, Ф.Энгельс идеяларын онан әрі В.И.Ленин, Г.В.Плеханов дамытты.
3. Позитивизм XIX ғасырда қалыптасты. Оның негізін француз ойшылы О.Конт қалаған. Оның пікірінше, ғылым өзінен жоғары тұратын философияны қажет етпейді, өйткені ол өз заңдылықтарына сүйене отырып дамиды. Сондықтан Конттың пікірінше, жаңа философияның міндеті – ғылымдар методологиясын жасау және олардың арасындағы байланысты анықтау.
Конт өзара тығыз байланыстағы екі заңды тұжырымдады: ақыл – ойдың дамуының үш кезеңі және ғылымдар классификациясының заңы. Бірінші жанның талабы бойынша, адамның ақыл – ойы өзінің дамуында үш сатыдан өтеді; біріншісінде адамдармен салыстыратын күшті анықтай отырып, құбылыстарды түсіндіреді, екіншісінде, абстрактілі мәндерге көңіл бөледі; үшіншісінде, құбылыстарды байқайды, олардың арасында тұрақты байланыс орнатады.
Классификация туралы заң ғылымдарды күрделігіне байланысты болу қажеттігін ұсынады: неорганикалық табиғаттағы жеке құбылыстарды зерттейтін талдау ғылымдары – физика, неорганикалық химия, жекелеген заттарды бүтіндік тұрғысынан зерттейтін синтетикалық ғылымдар – биология: әлеуметтік ғылымдар, олар әлеуметтік заңдарды ашуы тиіс.
15. Қазіргі замандағы болмыс философиясындағы философиялық классиканың дәстүрлері.
1. Жаңа томистік философия
2. Жаңа кантшылдық философиясы
3. Жаңа гегельшілдік философиясы
Жаңа томистік философия Франция және Бельгияда дамыған. Оның атақты өкілі – Жак Маритен. Одан басқа Жильсон мен Сертилаижды қосуға болады.
Жаңа томистер негізінен метафизикамен айналысады; әлсіз потенция әрекетінің нағыз шектеулігін көрсетеді, шынайы болмыс белгілі болмыстың әрекеті, қалыптасу, пайда болу дегеніміз потенциядан әрекетке өту: натурфилософия мәселелерінен материя мен форманың, тіршілік пен болмыстың өзара қатынастарын қарастырады. Сонымен қатар, рухтың мәнін, функцияларын анықтау да олардың назарында.
Таным теориясында сезімдік және рационалдық танымның ерекшеліктерін негіздейді. Құдай туралы ілімде барлық заттар мен құбылыстардың болмысы құдайдың – еркін ырқына тәуелді, шекті болмыс Құдайдың жетілген болмысының бейнесіне сай жасаған деген пайымдаулар бар.
Этика мәселелерінде адам үшін рахат сезімі оның ақыр аяғында таза, жетілген болмысқа жетуімен туындайды.
Жаңа томистер өзінің бастапқы мақсаты католиктік діни сенімнің ақиқаттығын дәлелдеу деп есептейді. Сондықтан ғылыми білімдерді діни қағидалармен, шынайы мағынаны дін аят догмаларымен біріктіруге тырысады.
Жаңа томистер католиктік шіркеудің қазіргі қоғамдық құрылымдардағы жүйелерге кірігуінің методологиясын анықтауға көп күш жұмсайды, әрине, бұл жұмыс табыссыз да емес, өйткені католик шіркеуі – қазіргі әлемдік өркениетте көп қоғамдық, саяси, рухани күштер санасатын маңызды фактордың бірі.
Діни философияға Э.Мунье жасаған персоналистік бағытты жатқызуға болады. Олардың пікірінше, жоғары рухани күш – тұлға, әлемді жаратушы – Құдай. Адамға жаратушының абсолютті тұлғасының ықпалы әсер етеді. Осы арада дүниенің ортасына адамды қоятын үрдіспен дүниенің ортасына құдайды қоятын үрдіс өзара ұшырасып, бірігеді.
Діни модернизмнің философиялық жүйелерінде француз философы және антропологы Тейяр де Шарденнің идеялары кеңінен тарады.
Тейяр адамның пайда болуына алып келген әлемнің эволюциясын діни тәжірибе мен ғылымның қол жеткізген жаңалықтарын біріктіре отырып, анықтауға тырысты. Ғалымның пікірінше, құдай – эволюцияның қозғаушы және бағыттаушы күші. Әлемдік эволюция бірін – бірі ауыстырған үш сатыдан өтеді; мораль (метасфера), «өмір» (биосфера) «ой» немесе шалғай өмір (ноосфера). Аталған эволюциялық сатылардың «ой» деңгейінде дүниеде адам баласы пайда болған. Ол өз бойына психикалық энергияны жинақтап, «ноосфераны» туындатады.
2. Жаңа кантшылдық Кант есімімен немесе жалпы сыни көз қараспен байланысқан әртүрлі көптеген ағымдардың ортақ атауы. Олар XIX ғасырда Германияда қанат жайған.
Германияда жаңа кантшылдық 1860 жылдан кейін неміс идеализмнің спекулиативті метафизикасына риза болмаушылық пен жеке ғылымдардың бастауларын жеткілікті дәлелдеудің жоқтығының нәтижесінде пайда болды.
Жаңа кантшылдықтың рационалдық түрі – метафизика ретінде (Гартман, Вундт), құндылықтар философиясы (Риккерт, Виндельбанд), логикалық бағыт (Коген, Наторп, Кассирер, Либерт) формасында дамыған. Ал эмпирикалық бағыттар позитивизм (Дильтей), сенсуализм (Гельмгольц, Мах, Миль) түрінде өрбіген.
Жаңа кантшылдар «өзіндік заттың объективті табиғатын жоққа шығарды, сөйтіп Кант философиясының мықты, рационалды элементінен бас тартты. Сөйтіп, ойлаудың белсенділігі арқасында жаратылыстану табиғатты, мәдениеттану мәдениетті жасайды» деген қорытындыға келді.
Бұл бағыттың өкілдері философияны субъективті қатынастардан тыс, дербес өмір сүретін құндылықтар туралы ілім деп анықтады.
Заңдылықтарды танымның маңызды принципі етіп анықтаудан бас тартқан олар оны құндылықтармен ауыстырған. Әлеуметтік құндылықтарды этикалық құндылықтарға теліген. Ал этикалық құндылықтардан жоғары эстетикалық құндылықтар қойылған.
3.Жаңа гегельшілдер – XX ғасырдың 20 жылдарында Германияда, Францияда, Англияда, Голландияда, Италияда, Россияда, АҚШ-та кеңінен тараған философиялық бағыт.
Олар Гегельге сүйене отырып, диалектика әдісін, метафизиканы дамытқан. Тарих пен мәдениетті матефизика тұрғысынан түсіндіре отырып, күшті мемлекет идеясын қорғаған. Алдыңғы қатарға рух туралы ғылымдарды қойып, оны негіздеуге тырысқан. Оның көрнекті өкілдері – Г.Глокнер, Г.Л.Гернит, Б.Бозанкет, Ф.Бредли, Б.Кроче.
16. Қазіргі замандағы батыс философиясындағы антропологиялық ілімдер.
1. Өмір философиясы
2. Психикалық талдау философиясы
3. Экзистенциализм
4. Феноменология
5. Философиялық герменевтика
Өмір философиясы XIX ғасырдың аяғында қалыптасты. Ол өз бастауын Ф.Ницше (1844 - 1900) шығармашылығынан алады. Оның негізгі идеяларын В.Дильтей, Г,Зиммель, А.Бергсон, О.Шпенглер сияқты атақты ғалымдар одан әрі дамытады. XX ғасырдың 20-30 жылдары Европада кеңінен таныла бастаған.
Ағымның өзінің аты ондағы іздестірілетін іргелі ұғым «өмір» екендігіне шүбә келтірмейді.
Өмір – тірінің болмысында ұдайы, шексіз шығармашылықпен қалыптаса беретін, біртұтас алғашқы реалдық, неорганикалыққа, дамымайтын, қатып – семгендікке, өшіп – сөнгендікке қарсы тұрады.
Өмір ұғымының құрамына биологиялық та, мәдени – тарихи құбылыс та кіреді. Өмір әруақытта, тынымсыз, үздіксіз ұдайы қозғалыста болғандықтан, әлем оны танудың пәрменді жолы бола алмайды. Ғылым және оның бастауы болатын пайымдау өмір құбылыстарын жеке бөліктерге айыратын талдау әдістерін қолданады. Сөйтіп, ол заттар мен құбылыстың арасындағы байланысты анықтайды, шындықты адамның қажетіне қарай бейімдейді.
Бірақ, ғылым, жалпы адамның парасаты әлемнің мәнін түсіндіре алмайды. Өйткені, адамның парасаты белгілі бір мақсатқа бағытталған. Ал өмір кез келген мақсатқа ұмтылыстан әлдеқайда жоғары.
Сондықтан өмір философиясы танымның рационалдық түріне емес, интуитивтік формасына ерекше көңіл аударады. Яғни, интуиция, түсіну, миф, символдық форма өнер ерекше дәріптеледі.
Интуиция, түсіну, кірігу сияқты күрделі таным формалары тұлғаға ғана тән, кез келген қарапайым адам мұнан тым алыс. Бұдан танымды «ақ сүйектендіру» келіп шығады. Бірақ ақиқатты оқып үйрену процесінде оны тану әркімнің қолынан келеді.
Адам өзін тұлға ретінде тарихта, мәдениетте дамыта алады. Оның шығармашылығы өмір ағымына сәйкес. Ол процесс, сонымен қатар, биологиялық және әлеуметтік дамудың нәтижесі.
Адам тарихта өмір сүреді, ал онда объективті заңдар жоқ. Тарихтың тағдыры да адам сияқты. О.Шпенглердің пікірінше, адамдардың жалпы тарихы – бұл фикция, түк емес. Мәдениет пен өркениеттің белгілі шегі, тағдыры бар. Олар қалыптасады, дамиды, құрдымға кетеді. Өркениет пен мәдениет өзіндік, таптырмайтын ерекшеліктері бар құбылыстар, оларды түгел түсінуге болмайды, сондықтан олардың бір – біріне ықпалы туралы айту өте қиын. Әрбір мәдениет пен өркениеттің өзіндік, дара, қайталанбайтын ерекшеліктері, яғни олардың әрқайсының өзіне тән құндылықтары да бар, олар дамиды, өзгеріп отырады.
Мәдениет пен өркениеттің өзіндік ерекшелігіне қатысы жоқ жолы басқа құндылықтар да бар. Ф.Ницшенің пікірінше, «қауымдық» тобырлық «инстинкт», құлдардың моралі, бұқаралық наным – сенімдер осының мысалы.
Ф.Ницше өмірді мәңгі қозғалыс қалыптасу, ұдайы ағу деп анықтайды. Биологиялық және рухани өмірдің барлық процестерін билікке ырықтың әртүрлі көріністері деп қарастыра отырып, оның мәселелерін мәдениет кеңістігіне өткізеді.
Ницшенің пікірінше, мәдениет құралдарының ұзақ уақыт дамуына байланысты өмір болмысымен, яғни тұрақтылықпен толық ауыстырылып отырады. Оның пікірінше, ғылым мен өнер тұрақты мәдени қалып пен қағида. Мәдениет дамуының әртүрлі кезеңінде олардың әрқайсы үстемдік етіп отырған.
Адамның дамуының алғашқы кезеңінде өнер үстемдік құрды, кейіннен оны ғылым ығыстырды. Соның салдарынан адам өз тіршілігінің бастауы өмірден ажырап қалды. Өнердің ғылымға жол беруі Сократтан басталады.
Ницшенің пікірінше, нағыз мәдениет өзін - өзі толықтырып отыратын екі бастау алыптың, өмірлік күштің, энергияның еркін ойыны, аполлондық және жайбарақаттық. Бұл мәдениеттің үлгісін Ницше Сократқа дейінгі Грециядан табады.
Европа мәдениеті дионисийлік бастауды тұншықтырып тастаған.
Сондықтан онда белгілі тәртіп жүйесіне негізделген ағыны жай, байыпты, жайбарақат өмір басталған.
Ницшенің пікірінше, өмірдің негізгі үрдістері өсу, өркендеу, күштің нығаюы. Оның заңды салдары күрес, күрестің негізгі қайнар көзі мен құралы – билікке ырық. Өмірдің барлық қырларының негізінде жататын билікке ырық әлемдегі эволюцияның қайнар көзі. Ницше философиясының негізгі екі тақырыбы осыдан туындайды: мәнгі қайта оралу және асқақ адам.
Ф.Ницше қарапайым адамдарға жек көрініштілікпен қарайды, туа біткен рухы ақсүйек адамдарды көтермелейді. Қарапайым адамдар әлсіз, қолынан түк келмейді, бірнәрсені жасауға, билік етуге қабілетсіз. Олар табиғатынан құлдар, бағыну үшін жаралғандар.
Ф. Ницше тобыр адамына ешқандай нәсілге жатпайтын, қоғам элитасы өсіріп, өндірген асқақ адамды қарсы қояды.
Кез келген моральдық ұстанымнан, жақсылық пен жамандықтан тыс тұрған асқақ адам жер әлеміндегі жаппай өтірікті қатыгездікпен жеңіп шығады.
Ойшыл өмірге деген нигилистік көзқарасына сәйкес құндылықтарды қайта қарауға, христиандық – гуманистік құлдар моралін ақсүйектер мен мырзалар моралімен ауыстыруға шақырады.
Алғашқысы бағыныштылықты, шыдамдылықты, төзімділікті, момындықты, күш көрсетпеуді, ал екіншісі ырықтың кеңдігін, бұйыру, бағындыру өнерін, шыншылдықты, қажырлылықты, қорқақтық пен жүрексіздікті жек көрушілікті дәріптейді.
Ф.Ницше жаңа европалық рационалдыққа, билікке ырықты қамтамасыз ететін сезімдер мен инстинкті қарсы қойды. Ақыл – ой түк емес, логика жалған, өйткені олар өмірдің динамикасына сай келмейтін қатып – сенген формаларды түсіндіреді.
Танымның негізгі мақсаты ақиқатты анықтау емес, әлемді игеру. Ақиқат өтірікпен барабар. Өтірік пен адасу қажет, олар тобырды тыныштандырады, сөйтіп ақсүйектерге өз рухын нығайтуға жағдай жасайды.
Ф.Ницше философиясының негізгі идеялары адам мәселесіне көңіл бөлетін прагматизм, феноменология, экзистенциализм сияқты атақты философиялық ілімдерде одан әрі дамыды.
«Өмір философиясының» тағы да бір өкілі Вильгельм Дильтей (1833-1911) барлық дүние мен адам болмысының мол мүмкіндігін тек ойлау мен абсолютті идеяға бағындырған Гегель философиясын сынап, өз ізденістеріне «өмір» ұғымын негіз етіп алды.
Өмір - әлемдегі адам болмысының тәсілі. Оған бүтіндік, көпжақты рухани бастау тән. Философия материя және сана туралы схоластикалық бос әңгімелерді қойып, өмірді оның барлық қыры мен сыры жағынан терең зерттеуі қажет.
Өмір философиясына жақын идеяларды Артур Шопенгауэр (1788-1860) дамытқан. Ол - иррационалдық бағыттың өкілі. Иррационализм дегеніміз дүниені, әлемді тануда аффектіге, ерікке сүйену қажет, өйткені, жан – кездейсоқ оқиғалар мен құбылыстардың жиынтығы, онда қисын да байланыс та жоқ есептейтін ілім.
А.Шопенгауэрдің негізгі ұғымы – ерік. Ерік - барлық болмыстың негізі, идеалды күш, әлем құрылымының бастауы болатын космостық принцип.
Ерік сананың негізінде жатыр, барлық заттар мен құбылыстардың жалпы мәні болып табылады.
Шопенгауэр ерік мәселесімен қатар, адам тағдыры, еркіндігі, қажеттілігі, мүмкіндігі, бақыт сияқты аса маңызды сұрақтарды да ойластырып, оларға тартымды жауап таба алмады. Оның философиялық идеялары кең тарамады, өйткені замандастарына көптеген идеялары түсініксіз болды.
3. Психикалық талдау философиясы XX ғасырдың 20 жылдарында алдымен Венада, сонан соң Европа мен Америкада қалыптасты.
Психикалық талдау дегеніміз – жүйке ауруларын емдеуге бағытталған әдіс. З.Фрейд осы әдісті қояншық ауруын емдеуге қолданған. Кейіннен адамның ішкі жан дүниесінің тылсым байланыстары мен негіздерін зерттеуге бағытталған психологиялық ілімге айналады.
З.Фрейдтың ілімін А.Адлер, К.Юнг одан әрі жалғастырған.
Қояншық ауруларын емдей жүріп, З.Фрейд адамның санасы қалай дамиды, неліктен психикалық тыныштығы бұзылады деген сұрақтарға жауап іздеді. Адам өмірі оңай емес, онда әртүрлі жағдайлар, тіпті жағымсыз оқиғалар да болып тұрады.
Адам әруақытта өзін белгілі бір қалыпта ұстайды, өзі үшін қолайсыз жағдайда да, қиын сәттерде адам өзін - өзі ұстап, ішкі жан дүниесіндегі жан айқайын айналадағыларға білдірмеуге тырысады. Жағымсыз түйсіктер өз ішінде қалып қояды. Біраз уақыттан кейін олар ұмытылады, оның санасынан ығыстырылады. Бірақ олар қайда кетеді, сыртқа шыға ма, жоқ әлде жүрек түпкірінде қалып қоя ма?
З.Фрейд санадан ығыстырылған сезімдер адамның ішкі жан дүниесінің бір бұрышында біртіндеп жинала беретіндігін анықтады. Олар күтпеген жағдайларда кенеттен оттан жанған құрғақ шөп сияқты бірден лап етіп, сыртқа шығып, эмоциялық жарылыс, жүйкенің тозуын тудыруы мүмкін.
Адамның ішкі жан дүниесіндегі осындай жағымсыз сезімдер мен түйсіктер, қабылдаулар жиналатын бөлікті З.Фрейд бейсаналық деп атады.
Бейсаналық дегеніміз – санадан тәуелсіз адам жанының құрамдас бөлігі, тұлға құрылымының маңызды элементі – «Ол».
Бейсаналық деңгейде жинақталған нәрселер ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір сыртқа шығады.
Фрейд өзі негізін қалаған психикалық талдауда бейсаналықтың әртүрлі құрылымын баяндады.
З.Фрейд «либидо» ұғымын енгізді. Либидо арқылы ол негізінде сексуалді қажеттілікті қанағаттандыратын психикалық белсенділікті түсіндірді. Сексуалды құштарлық жөнінде ашық айта отырып, осы уақытқа дейін онша мән берілмеген көптеген маңызды мәселелерді анықтады.
Өзі жасаған құштарлық, құмарлық теориясына сүйене отырып, З.Фрейд адам қоғамының мәдениеті мен діннің маңызды мәселелеріне көпшіліктің назарын аударды.
З.Фрейд адам тәртібінің маңызды көрінісі агрессияның, яғни басқаға деген жек көрушіліктің пайда болу тетігін түсіндірді.
Адам өз қажетіліктерін қанағаттандырып, рахаттануға ұмтылады. Осы ұмтылыстың іске асуы агрессияға әкеледі. Агрессиямен тағы да бір феномен тығыз байланысты. Адамдар өзінің айналасына көңілі жақын адамдарды топтастырады, яғни кіші мәдени топ құрады. Осы мәдени топтан тыс тұрған адамға әруақытта жағымсыз көзқарас, жек көрушілік бағытталуы мүмкін.
З.Фрейд құрған тұлға моделі үш маңызды элементтен тұрады: ол (бейсаналық), «Мен» (сананың бастауы) және әсіресе – мен (ұждан түрінде көрініс беретін сана).
Психикалық талдауды қолдану аясын кеңейте отырып, Фрейд оны адам арасындағы қатынастарды, бұқара психологиясын, мәдениет институттарының мәселелерін зерттеуге пайдаланды. Фрейд шешуге тырысқан ең маңызды мәселе – бұл қоғам мен адам арасындағы қақтығыс.
Әр адам өзінің инстинкті мен құштарлығын қанағаттандыруға тырысады, ал қоғам оған шек қояды. Мәдениет тек бір ғана тұлғаның жетістігі болмағандықтан, ол адамға сыртқы жау күш ретінде әсер етеді.
Адам өізінің әлеуметтік функциясын белгілі бір ұжымда іске асырады. Яғни ұжым, онда қалыптасқан жағдай оған билік етеді. Яғни ұжымда адамдар бір – біріне әсер етеді, бір – бірінің мүмкіндіктерін шектейді. Жеке адам ондай шекті мойындамайды.
3. Экзистенциализм – адам, оның өмір сүруінің қиыншылықтары мен мәселелерін негізгі зерттеу нысаны етіп алған философиялық бағыт. Ол XIX ортасында қалыптасып, XX ғасырдың 20 – 70 жылдарында өзекті бағытқа айналып, Батыс Европадағы атышулы ағымдардың бірі болып отыр.
Экзистенциализмнің дамуына және өркендеуіне мынадай себептер жағдай жасаған:
-
бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстардың қарсаңындағы және олардың аралығындағы адамгершілік, экономикалық және саяси дағдарыстар;
-
ғылым мен техниканың қарқынды дамуы және оның кейбір нәтижелерінің адамға қарсы кеңінен қолданылуы;
-
бүкіл адамзаттың құрып кету қауіпі;
-
адамға аса қатыгездікпен күш көрсетудің кеңінен қанат жаюы;
-
адам тұлғасының мысын басып тастайтын тоталитарлық, фашистік режимдердің көбеюі.
Осы мәселелер төңірегінде ойланған ойшылдар мынадай философиялық мәселелерге көңіл бөлді:
-
адам тұлғасының ерекшелігі, оның сезімдері мен толғаныстарының, үміті мен сенімінің тереңдігі;
-
адамның ішкі жан дүниесі мен қоршаған ортаның айырмашылығының қайшылықтары;
-
адамның жалғыздығы мен торығуының мәселелері;
-
өмірдің мәні жоқтығы мәселесі;
-
ішкі таңдау мәселесі;
-
адамның өзінің ішкі жан дүниесі мен сыртқы ортадан өзін - өзі іздеуінің мәні.
Экзистенциализмнің негізін қалаған – дат философы С.Кьеркегор (1813-1855).
Дат ойшылының пікірінше, философияның маңызды мәселесі – адам, оның үлкенді, кішілі, маңызды, маңызсыз мәселелері.
Философ «жалған тіршілік» және «шынайы тіршілік» деген ұғымдар енгізген.
«Жалған тіршілік» дегеніміз - адамның қоғамға толық бағынуы, яғни басқалар сияқты өмір сүруі, өзінің мүмкіндігіне, ерекшелігіне мән бермеуі. Шынайы тіршілік дегеніміз – қоғамның қысымынан босап, саналы таңдау жасау, өз қабілеттерін жан – жақты ашу, дамыту.
Шынайы тіршілік – бұл экзистенция. Оған жету үшін адам үш маңызды кезеңнен өтеді:
-
эстетикалық
-
этикалық
-
діни
Эстетикалық деңгейде адам өмірі сыртқы факторлармен анықталады. Ойланбай айналадағы өмір ағынымен кете береді.
Этикалық деңгейде адам саналы таңдау жасайды, саналы түрде мақсат қояды, өмірі парыз қисынымен басқарылады.
Діни деңгейде адам өз өмірінің мәнін терең түсінеді, тіпті сыртқы орта әсері оған ешқандай ықпал ете алмайды.
Экзистенциализмнің көрнекті өкілдері - Ясперс (1883-1969), Сартр (1905-1980), Камю (1913-1960), Хайдеггер (1889-1976).
К.Ясперс неміс философы. «Дүниетаным психологиясы» деген еңбегінде экзистенциалдық мәселелерді көтерген. Оның пікірінше, адам басқалар сияқты өмір сүре береді, тіпті өзінің кім екенін шын мәнінде білмеуі де хак. Бірақ күтпеген, ерекше жағдайда оның шын болмысы анықталуы мүмкін. Бұл – адам болмысы сынға түсетін, өмір мен өлім бетпе – бет кездесетін шекаралық жағдайлар. Осы уақытта адам шын мәнінде құндылық не екенін жақсы түсінеді, өзін де, басқаны да бағалай бастайды.
Ж.П.Сартрдың негізгі мәселесі – таңдау мәселесі. Өзекті философиялық ұғым - өзіндік болмыс. Ол адам үшін жоғары реалдылық, оның шын мәнін басқалармен қарым – қатынас процесінде түсінесің. Өмір сүрудің маңызды шарты – еркіндік. Бүкіл өмір - әртүрлі кішкене өмірдің жиынтығы, байланысы, өйткені адам өз өмірінің жекелеген кезеңдерінде өзі үшін аса маңызды таңдау жасайды. Мысалы: жұбай таңдау, кәсіп таңдау, жұмыс орынын таңдау, күреске қатысу, соғысқа аттану т.б.
Адам еркіндігі абсолютті. Еркіндік мәселесімен қатар жауапкершілік те туындайды.
Альбер Камю - өмір мәнін іздестіруді негізгі мақсат еткен. Философтың негізгі тұжырымы – адам өмірі шын мәнінде мағынасыз. Өйткені адам қаншалықты тырысса да, қиналса да, жүгірсе де, бәрі бір өледі. Яғни, адам өмірі – абсурд.
Альбер Камю «Сизиф туралы миф. Абсурд туралы эссе» еңбегінде адам өміріндегі қиын жағдайларға назар аударды. Эсседе өзін - өзі өлтіру проблемасы, мағынасыздық пен өлім, үміт мәселесі қарастырылады. Адам неліктен өзін - өзі өлтіруге бел буады. Өмірдің мағынасыз сипат алып, үміттің алдамшы сағымға айналғанында. Өмірдің мағынасын анықтауға екі жол бар, оның бірі – одан күдерін үзу, бас тарту, екіншісі өмірге деген құштарлық. Осы екі қарама – қарсы бағыт адамның сана – сезімінде ұшырасады. Сөйтіп ол шекаралық ситуацияға тап болады.
Жалпы экзистенциализм философиясында адам өмірінің көптеген тылсым, түсініксіз жағдайлары зерттеледі.
4. Феноменология – XX ғасырдағы философияның бір бағыты. Бұл сөздің нақты мағынасы – баяндау немесе құбылысты зерттеу. Заттар мен құбылыстардың адамның санасындағы сұлбасын баяндау феноменология деп аталады.
Бұл бағыттың негізін Э.Гуссерль қалаған. Оның пікірінше, әлемге, оның тылсым табиғатына кілт әлемді тікелей қабылдаудағы сананың сипаттарында. Яғни, әлемді сананың мүмкіндіктері арқылы тану. әлемнің құбылысы, оның санадағы сұхбаты – міне, бұл әлемнің өзі. Зерттеушінің назары, әлемге, оның құбылыстарына емес, осыларды адамға танытатын, оған жақын ететін сананың ішкі құбылыстарына аударылуы қажет.
Феноменология әлем туралы сана мен оның адамға тікелей берілуінің арасындағы ұқсастықты анықтаудан басталады. Осыдан адамның әлемге қатынасының заттық мағынасын емес, оның санасының құбылыстарына ерекше көңіл бөлетін зерттеудің жаңа типі қалыптасады.
Болмыс сананың көріністі, яғни оның бойында сананың қасиеттері мүлгіген. Осы түрінде танымның нағыз нысаны. Сананың негізгі қасиеті – оның затқа немесе құбылысқа бағытталуы. Сананың құбылыстарында субъект пен объектің арақатынасын белгілеу қажет.
Адамға сыртқы құбылыс түйсігі, қабылдауы елесінде беріледі. Бірақ мұнымен таным бітпейді, тек басталады. Бұдан соң сананың арнайы жұмысы жасалады.
Яғни, сана өзіне түскен ақпаратты ішкі талдаудан, сүзгіден өткізеді. Түбінде сана әруақытта затқа бағытталған. Яғни сана әр қашан да интенциальды. Интенциялдық дегеніміз – сананың белгілі затты түсінуге бағытталуы немесе заттың шынайы, шынайы емес екендігіне көз жеткізеді, яғни заттың ежелгі нұсқасын ұмытпай, есте ұстай отырып, оған түрлі қатынас жасап, сонан соң затқа қайта оралу.
5. Герменевтика дегеніміз – түсіну, түсіндіру, айқындау. Бұл бағытты дамытқан Г.Гадамер мен П.Рикер. Гадамердің пікірінше, тарихи құрылымдар мен мәдени деректерді түсіндіру тіл мүмкіндіктеріне негізделген. Басқа мәдениетті, рухани түсіну үшін, оның ішіне ену керек. Сонымен қоса, басқаша түсіну үшін өзіндегі тұрақтылықты сақтау қажет деген М.Бахтин пікірі герменевтиканың мәнін өте дәл түсіндіреді.
Дүниені тануда, игеруде әлеммен, техникамен қатар өнер де, философия да, тарих та көп үлес қосады. Олардың әрқайсының өзіндік жолы бар.
Гадамер герменевтиканың негіздерін түсіндіре отырып, бұл зерттеулердің міндеті ақиқатқа жетудің ғылыми әдістеме бақылауындағы шектен асып түсетін тәжірибесін, онымен кездесетін жердің де ашылуы және өзіндік негіздемесі жөнінде мәселе қоюында. Сонымен рух туралы ғылымдар танып – білудің ғылымнан тыс жатқан тәсілдермен – философиялық тәжірибемен, өнер тәжірибесімен, тарихтың өзінің тәжірибесімен – жақындастырылады» - деп жазды.
Герменевтика дегеніміз – белгілі мәліметтерге, мәтіндерге сүйене отырып түсіндіру, талқылау. Ал түсіндіру, талқылау белгілі бір дәстүрге, әлеуметтік – мәдени факторларға сүйенеді.
Сол себепті герменевтика адамдардың өзара қарым – қатынас әлемін шынайы құнды және әркімге жақын әлем деп анықтайды. Оның өзінің жан дүниесінде мәдени, құндылық, мағыналар әлемі түзіледі. Оның негізін тіл қалайды. Міне, осыны түсіндіру - герменевтиканың басты мақсаты.
Достарыңызбен бөлісу: |