Ғылыми журнал үш айда бір рет шығатын ғылыми журнал



Pdf көрінісі
бет182/264
Дата30.04.2023
өлшемі4.7 Mb.
#473044
1   ...   178   179   180   181   182   183   184   185   ...   264
34-36-PB (2)

Отан тарихы №1 (97) 2022
ISSN 1814 - 6961 E-ISSN: 2788-9718
167
Башқұрт жазушысы Абдулкадыр Инан 1929 жылғы 2 наурыз күні Стамбулдан М. Шоқайға 
жазған хатында «Есіңізге алып, хат жазғаныңызға көп риза болдым. Төбем көкке тигендей 
болды. Сауалдарыңызға жауап жазып жатырмын...Башқұрт харекеті хақында Салах Атнағұлов 
(жазушы, саяси қайраткер - Ә.Б.) «Башкирия» деген кітап шығарған еді. Оның бірталайы бітті. 
Менде артық түптелгені бар. Егер бұл кітапты көрмеген болсаңыз, өзіңізге материалдарымен 
бірге жіберемін» (Шоқай, 2006: 154). Сонымен бірге хат иесінің «Башқұрт аймағы», «Білім» деген 
башқұрт басылымдарын ұсынуына қарағанда Мұстафа түркі тектес башқұрт халқының тарихына 
да қызығушылық танытқан сияқты. Сондай-ақ Мұстафа Шоқай кейбір шетелдіктердің Түркістан 
жөнінде материалдар жинап, кітаптар дайындауларына көмектесумен шектелмей, тіпті ондай 
кітаптардың тиісті бөлімдерін жазып та берген. Мәселен, неміс тілінде 1942 жылы «Түркістан» 
деген атпен шыққан R. Olzscha мен C. Cleinow бірігіп жазған 434 беттік кітаптың 363-беттен 
409-бетке дейінгі бөлігін өзі жазған (Оралтай, 1997: 7).
Эмигранттар арасында үлкен қызығушылық туғызған, 1928 жылы француз тілінде тұңғыш 
жарық көрген «Орта Азия Кеңестер қол астында», ал 1935 жылы толықтырылып «Кеңестер қол 
астындағы Түркістан» деген атпен қайта шыққан кітап Мұстафа Шоқайдың сол кездің өзінде-
ақ өз елінің аса зиялы тобына жататынын, Орта Азияда болып жатқан оқиғаларды жақсы біліп, 
мәселелерді терең түсінетінін танытқан болатын. Сондықтан бұл еңбектер Батыста кеңестану 
ғылымының бастауы болды (Кыдыралина, 2011: 3).
Кітап туралы пікірін ерте танытқан Әзірбайжан Демократиялық Республикасының Парламентінің 
төрағасы Топчибашы Әли-Мардан 1928 жылғы 30 тамызда жазған алғашқы хатында «Орта Азия 
Кеңестер қол астында» кітапты оқып шыққанын, одан алған әсері туралы автормен бөлісіп, өзі 
басқарып отырған делегация және әзірбайжан зиялы құрамы үшін кітаптың бірнеше данасын 
жіберуін сұраған (Шоқай, 2006: 102). Башқұрт әскери басқармасында, кейін Деникиннің армиясында 
қызмет еткен, Бельгияға, одан соң АҚШ-қа қоныс аударған А. Демидов 1935 жылғы 8-інші 
желтоқсанда Филадельфиядан жолдаған хатында Нью-Йорк газетінен «Кеңестер қол астындағы 
Түркістан» («Түркестанподвластью Советов») атты кітабының баспадан шыққаны жөніндегі 
ақпаратты оқып қуанғанын, оның енді авторға жаңа мәртебе алып келетінін білдіреді. Ал құмық, 
солтүстік кавказдық саясаткер Г. Баммат осы жылғы 10-шы желтоқсанда жазған хатында Түркістан 
туралы жаңа кітаптың қолға тигеніне қуанышын танытқан болатын (Шоқай, 2006: 284-285). 
Ал француз ғалымы Ж. Кастанье 13-желтоқсанда жолдаған хатында «Кеңестер қол астындағы 
Түркістан» атты кітапты зор ықыласпен оқып шыққанын жаза отырып былай деген: «Түркістанмен 
жете таныс, оны сүйген, оның өмірімен, болашақ үміттерімен біте қайнасқан мен сияқты адам 
Сіздің дауысыңыз – Түркістанның дауысы, зәбір-жапа шеккен, екіжүзділік пен әділетсіздіктен 
жараланған елдің дауысы екенін анық сезеді» деп тебірене жазады (Шоқай, 2006: 286).
М. Шоқайдың эмиграциядағы түрік ұлттық қозғалыс өкілдерінің өзара жазысқан хаттарымен 
танысу арқылы олардың арасында да күрделі мәселелердің болғанын байқауға болады. Түрік 
әлемі халықтарының тағдыры туралы көзқарастардағы айырмашылықтар, басшыларының жеке 
менмендіктері, олардың кеңестік құпия органдардың араласуы т.б. совет өкіметіне қарсы күресте 
күштерін біріктіруге мүмкіндік те бере бермеген еді. 1929 жылы 21 ақпанда Краковтан Мұстафа 
Шоқайға жазған хатында Уфа губерниясының тұрғыны, саяси қайраткер, заңгер О. Тенерекұғлы: 
«Мен де Сіз сияқты жалпытүріктік көзқарасты ұстанамын, Түркістан туралы мәселеге немқұрайлы 
қарай алмаймын, Ресейде түрік ұлттық мәселесі тәуелсіз Түркістан болғанда ғана шешілетініне 
сенемін» деді (Шоқай, 2006: 121). 1932 жылғы 12 наурызда Стамбулдан жазған хатында М. Векилли 
аттасынан алған хаттан өз сөзімен айтқанда, Париждегі «өз көшелеріндегі» жағдайды егжей-тегжей 
түсінгені, көп нәрсеге көзін ашқанын жазған болатын, Мұстафа Шоқай М. Векиллиге жазған 
жауабында: «Сіз дұрыс айтасыз, біздің «түрік майданында» олқылықтар көп. Бұл олқылықтарды 
жөндеу, дұрысын айтқанда, бүтіндеу – ең бірінші тұрған міндет» - деп жазды (Шоқай, 2006: 227).
Ең бір өкініштісі - мұндай түсініспеушіліктің саяси күресті бірге бастаған, не бір қиын кезеңдерде 
бірге болған, башқұрт ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі, шығыстанушы ғалым А.З. Валидимен 
болғаны. Шындап келгенде, мұндай түсініспестік 1918 жылдардан басталған болатын. Ал кейінгінің 
мынандай себептері бар еді. Біріншісі, М. Шоқайдың эмиграциядағы орыс демократтарының 
басылымдарына қатысуы. Мұның аяғы насырға шауып, 1927 жылы М. Шоқай «Түркістан Ұлттық 
бірлігі» Орталық комитетінен, тіпті ұйымнан шығуға мәжбүр болды. Бірақ өмір М. Шоқайдың 
бұл ақпараттық алаңын пайдалануының тиімді болғанын көрсетті. Екінші мәселе - А.З. Валиди 
«Түркістан Ұлттық бірлігін» федеративті ұйым деп, башқұрт ұлт-азаттық қозғалысын соның 
бір ұйымы ретінде түсінуі еді. Мұндай пікірмен Мұстафа Шоқай әсте келісе алмады, жеке-дара 
күреспен еш мәселе шешілмейтініне сонау Түркістанда жүргенде-ақ көзі жеткен тұғын. Ал 
эмиграцияда саяси күштердің бірлігі қажет екендігін тіпті дәлелдеудің қажеті жоқ екені түсінікті.
Мұстафа Шоқайдың ерекше бір қасиеті пікірлескен не сұхбаттасқан кісінің қайшылықты 
көзқарастарымен еш келісе қоймаса да, оның өзіндік қасиеттерін көре білді, оны ашық айтты. Ол 
Заки Уәлидидің өз әріптестерімен қақтығысы кезінде оның саяси көзқарастарын сынай отырып, 


ISSN 1814 - 6961 E-ISSN: 2788-9718
Отан тарихы №1 (97) 2022
168
оның ғылыми бағыттағы жұмыстарын жоғары бағалады. Бұған 1930 жылы 27 мамырда жазған 
хатындағы мына жолдар дәлел бола алады: «Валидовтың саяси мәселелер бойынша кейбір, 
шындықты айтсақ, көптеген пікірлерінің даулы екендігін біле отыра…, мен Валидовқа ғылыми 
сипаттағы мақалалар жазуға мүмкіншілік беруді жақтаймын. Ол ғажап эрудит, біздің тарихымызды, 
этнографиямызды жақсы біледі, оның әрбір мақаласы аса құнды және басылымның мазмұндық 
әрін күшейте түседі» (Көкебаева, 2021: 4). Осылай Мұстафа Шоқай саяси әріптестерімен қарым-
қатынасында жеке бас араздығынан жоғары тұрды, оның кейбір көрнекті эмигранттармен 
келіспеушілігі идеялық айырмашылық пен саяси күрестің тактикасы мәселесіне қатысты болды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   178   179   180   181   182   183   184   185   ...   264




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет