ISSN 1814 - 6961 E-ISSN: 2788-9718
Отан тарихы №1 (97) 2022
204
V ғ. басына дейiн қазiргi Моңғолия мен Жоңғария және Шығыс Түркiстанның аймақтарын
түркi-тюгю, курыкан, түркеш, қарлұқ, оғыз, азы, дубо, шiгiл, яғма, ұйғыр, қай, қимақ, қыпшақ,
си, оңғұт, түркi-шато сияқты түркi тiлiнде сөйлейтiн тайпалар мекендедi. Көне түркі қағанаттары
кезінде Оңтүстік Сібірдегі негізгі этномәдени ареалдар–көне түркі, қырғыз, Байкал маңы және
телестік болды. Орхон-алтай түркілері Моңғолияда орналасты. Осы кезеңде қоңыраттардың қай
аймақты мекен еткендігі туралы деректі аңыздардан табуға болады.
Көк түріктер кезінде қоңыраттар Алтайды мекендегенмен, олардың ата қонысы қазіргі
Қытайдың солтүстік-шығыс өңірі болды. Қоңыраттар да, Түркі қағанатының негізін салушы
түркілер де аңыз бойынша Алтай тауындағы Ергенекөн жазығынан шыққан. Осы аңыздың Әбiлғазы
Бахадур хан келтiрген нұсқасында Ашина ұрпақтарының (моңғол билеушiсi Елханның ұлы Қиян
мен Елханның iнiсiнiң ұлы Нүкiс) татарлардан қашып Алтайдағы
тау қуысындағы Ергенекөн
жазығын мекендегендiгi жазылады. Төрт жүз жыл бойы осы жазықты мекендеген ашиналықтар
көбейiп, қуаттанған соң тау етегiне түсiп, осы аймақты өздерiне қаратып, өз мемлекеттерiн құрады
(Әбiлғазы, 1991:57.). Шежiредегi осы үзiндiден кейiн тарихи маңызы болған бiршама мәселелердi
байқаймыз. Бiрiншiден, ашиналықтар жергiлiктi емес, келiмсек этникалық топ. Екiншiден, олар
шаруашылығы көшпендi мал шаруашылығына негiзделген, жергiлiктi халықпен ұқсас мәдени
құндылықтарға ие болды. Үшiншiден, олар ұзақ уақыттар бойы басқа өздерiмен туыс, жақын
мәдени тамырлас халықтардан оқшауланып, осының
әсерiнен олардың негiзi ортақ, бiрақ өзiндiк
ерекшелiктерге ие дәстүрлi сенiмдерi қалыптасты. Төртіншіден, қоңыраттардың бұдан былайғы
түркі халықтарының тарихындағы маңызы мен орыны олардың өздеріне Тәңірлік сипат беруінің
тарихи себептерінің бар екендігін көрсетеді. Тарихи деректерді талдау аңыздың тарихи негізінің
бар екендігін көрсетеді.
Қоңыраттарға қатысты ауызша деректерде олардың тарихи киелі отаны ретінде Жиделі-Байсын
аталады. Белсенді саяси әрекеттерге байланысты Еуразия даласына тарыдай шашылған қоңыраттар
тарихи отаны Жиделі-Байсынды жаңа мекен ету ортасына атау ретінде берді. Кейбір зерттеушілер
осы мәселені ескерместен, қоңыраттардың ауыз әдебиетінің тамаша үлгісі «Алпамыс» жырына
сүйене отырып, қоңыраттардың құт мекені Жиделі-Байсын жерін, қазіргі өзбек қоңыраттарының
мекені Мәуреннахрдағы Байсынмен байланыстырады.
Дегенмен, өзбек ғалымы Ж. Хошниязовтың айтуына қарағанда
қоңыраттардың ата мекені
Жиделі-Байсын, Арал теңізінің арғы жағында орналасқанмен, көшпенді түркілер қазіргі
Сұрхандария аумағына орналасып, жаңа жерге өздерінің ата қонысының атын берді. Әйтсе де, Арал
маңының арғы жағындағы Жиделі-Байсын да қоңыраттардың нағыз ата-баба қонысы емес еді.
Сұрхандария қоңыраттарының арасында айтылатын «Арқа жұртдан келганбиз» деген сөз де
өзбек қоңыраттарының түркілер мекенінің шеткі аймақтарынан шығып, Орталық Азияның
өзге өңірлеріне тарағандығын көрсетеді. Бұл үрдісті қоңыраттардың алдымен ғұндардың, кейін
түркілердің құрған мемлекеттерінің дамуымен, кеңеюімен және ыдырауымен байланыстыруға
болады.
Қоңыраттардың Түркі қағанаттары кезеңіндегі белсенді саяси әрекеттеріне, олардың түркі
қағанатының
негізінің қалануына, дамуына, көркеюіне тікелей ықпал еткендігіне олардың тарихи
отандарының түркі мемлекеттерінің саяси орталықтарымен тығыз байланыстары дәлел бола алады.
Осы орайда, жас ғалым К. Қиззатұлының болжамдарының негізі тарихи шындыққа жақын.
Ғұндарға қатысты тарихи карталарда оңтүстік ғұндардың шоғырланған жері бүгінгі ҚХР-дың
Шаньши, Саньши өлкелеріндегі Сары өзеннің (Хуанхэ) бойындағы сары топырақты үстірт ретінде
көрсетілсе, солтүстік ғұндардың шоғырланған жері ретінде Қытайдың солтүстік-шығысындағы
аумақ көрсетіледі.
Бұл өңірлер көне ғұндардың жайлаулары болып есептелетін жерлер болды. Біз тілге тиек еткен,
тарихтағы солтүстік ғұндардың шоғырланған жері болып табылатын осы жерде, Солтүстік Корея
мен Қытай елінің шектесетін жерінде ұзыннан-ұзаққа созылған қытай тілінде Чаңбайшан деп
аталатын тау бар. Бұл жерге қытайлар Цин империясындағы Маньчжур халқының билігі
құлағаннан кейін ғана келген. Таудың төл атауы Байшын (Байсын) 白神. Бұл төл атауды корейлер
әлі күнге дейін қолданады. Ал, Қытайлар Байсын, Байшын атауын өз тілдеріне бейімдеп Байшан
деп атап, тау жүлгесінің ұзындығына байланысты Чаңбайшан деген. Чаң (长)атауы ұзын дегенді
білдіреді.
Соңғы антропологиялық зерттеулердің нәтижесі де қоңыраттар
мен ғұндың ата қонысы
Маньчжурия деп аталатын тарихи аймақ, яғни, қазіргі Қытайдың солтүстік шығыс аймағы екндігін
көрсетіп отыр. Белгілі тарихшы Ж. Сабитов өз зерттеулерінің бірінде: «Жапондықтар этногенез
тұрғысынан тас дәуіріндегі жергілікті тұрғындар мен Кореядан келген мигранттардың араласуынан
пайда болған. Кейін, Кофун (б.э. 3-4 ғ.ғ.) дәуіріндегі миграциялық процестер кезінде Жапония
жеріне Солтүстік Корея, Маньчжуриямен Шығыс Моңғолия жерлерінен қоныс аударушылар болды.
Қолдағы мәліметтерді талдау барысында жекелеген қазақ тайпаларының жапондармен тікелей
генетикалық жақындығы байқалмағанмен, барлық талданған мәліметтер негізінде жапондарға