4.Жаңақ жемістілер тобына қайсысын жатқызуға болады?
А) інжір, құрма, шилен
В) бадам, атбас талшын, пісте
С) алма, алмұрт, беке
D) шие, алхоры, шомырт
Е) қарақат, бүлдірген, таңқурай
5. Төмендегілердің қайсысы жидекті дақылдар тобына жатады?
А) інжір, құрма, шилен
В) бадам, атбас талшын, пісте
С) алма, алмұрт, беке
D) шие, алхоры, шомырт
Е) қарақат, бүлдірген, таңқурай
Үдеткіш және есірткі дақылдар
Жалпы түсінік. Шай (Thea) - өзі аттас тұқымдасқа жататын өсімдік туысы. Осы өсімдік жапырағынан дайындалатын өнім де шай деп аталады. Шайдың жабайы өсетін екі түрі бар. Оның біреуінің қытай және жапон шайы деген екі түр тармағы бар; қытай шайы (T.sinesis) – Оңтүстік Шығыс Азияның таулы аймақтарында өсетін, биіктігі 3 м мәңгі жасыл бұта. Ассам шайы (T.assamia) бірнеше түр тармағына (ассам, лушан, нага, хилл, манипурий, бирма, шан, юань т.б) бөлінеді. Шайдың бұл түріне цейлон шайы да (қытай шайы мен ассам шайының табиғи гибриді) жатады. Ассам шайы – биіктігі 10-15 м, мәңгі жасыл ағаш, жабайы түрі Үндістанда Ассам ормандарында өседі. Шайдың екі түрі де Жер шарының тропик аймақтарында (330 Оңтүстік ендік пен 470 Солтүстік ендік аралығында) өсіріледі. Ассам шайы (манипурий түр тармағы) – онша биік емес ағаш. Шайдың негізгі тамыры 2-3 м тереңдікке кетеді, гүлі хош иісті, ақ не қызғылт, 5-7 (кейде 5-9) желекті, аталығы 200 астам, жемісі – қорапша, 1-5 тұқымды, майлы, піскенде қақырап ашылады, 1000 дәнінің салмағы 1 кг-дай. Шай алғаш 4-5 жылы, содан кейін жыл сайын гүлдеп, жеміс береді, насекомдар арқылы айқас тозаңданады. Шай 100 жылға дейін не бұдан да артық тіршілік етеді, 10 жылдан 70 жылға дейін жақсы өнім береді. Шайдың құрамында танин, кофеин, теобролин, эфир майы, витаминдер (Р, С, В, В2, РР), пигмент т.б. заттар болады. Шай шөл басады, көздің көруін жақсартады, нерв жүйесіне жақсы әсер етеді, қан тамырларын кеңейтеді, бүйрек қызметін үдетеді, адамның еңбек қабілеттігін, ой қызметін арттырады.
Темекі (Nicotiana) – алқа тұқымдасына жататын шөптесін өсімдік. Оның 60-тан астам жабайы түрлері көбіне Америка мен Австралияда таралған. Темекінің 2 түрі – мәдени (N. tabacum) және махорка (N.rustica) өсіріледі. Бұл екі түрі бір жылдық, ал жабайы түрлері көп жылдық өсімдік. Тамыр жүйесі өте жақсы жетілген, білеу тамыры 1,5-2 м тереңдікке қалған тамырлары топырақтың жоғарғы қабатына жайылып таралған. Сабағы тік, бас жағы аздап бұтақталған, биіктігі 2,5 м. Жапырақтары сабаққа кезектесіп орналасқан, сопақша дөңгелек пішінді. Гүлдері қос жынысты, көбіне қызыл, қызғылт, ақ түсті, гүл шоғына топтасқан. Тұқымы қоңыр, дөңгелектеу. Темекінің тамыр сабағында, әсіресе жапырағында никотин, анабазин, никотимин т.б. алколоидтар болады. Кептірілген және ферменттациядан өткен кәдімгі темекі жапырағында (% есебімен) 1-4 никотин, 2-20 көмірсулар, 1-13 белок, 5-17 органикалық қышқылдар, оның ішінде 1-5 лимон қышқылы, 4-12 шайыр, 0,1 -1,7 эфир майлары болады. Темекі жапырағынан ұсақталған, мүштікке салатын, шайнайтын және папирос, сигарет, сигаралар жасайтын темекі жасалады. Темекі тұқымында түрлі техникалық мақсаттар үшін қолданылатын 30-35% май қышқылдары бар. Темекінің гүлдері хош иісті, декоративтік түрлері де бар. Бұлар бір жылдық, биіктігі 70-80 см, гүлдері ақ сары, қызыл, көк, қоңыр келеді. Ірі гүлді алатау, сандера түр тармақтары және орманда өсетін түрлері кең таралған. Темекінің вегетациялық дәуірі – оның сортына және өсірілетін жерінің ауа райы жағдайына байланысты 135-170 күн. Тұқымы ауаның температурасы 27-280 С және ауаның ылғалдығы 70-80% болғанда өнеді, ал сабақтарымен жапырақтары өсімдікті тұрақты жерге отырғызғаннан кейін 24-280С жылылықта өседі. Темекі топырағының орташа ылғалдығы 60-80%, құнарлы және жылы аймақта жақсы өсетіндіктен Кавказ, Қырым, Орта Азия және Қазақстан таулы аудандарының қара, қоңыр және сары топырақты тегіс жерлерінде егіледі. Қазақстанда темекі Оңтүстік, әсіресе Алматы облысының Шелек, Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарында егіледі.
Темекі өсіру – тех. өсімдіктер өсіру шаруашылығының бір саласы. Темекі Европада 16-ғ-да алғаш гүл және дәрілік өсімдік ретінде өсірілген. Темекіге ең жақсы алғы дақыл дәнді-бұршақ және аралас егілген бір жылдық бұршақ пен астық дақылдары болып саналады. Күзде тыңайтқыш шашқаннан кейін топырақты 27-30 см не 18-20 см тереңдікте жыртып, көктемде оны 10-12 см етіп тырмалайды. Арам шөптер шығуына қарай және топырақ бетінде қабық пайда болғанда егісті 8-10 см тереңдікте культиваторлаумен қатар, тырмалайды. Көшеттерді отырғызудан 1-2 күн бұрын учаскелерді 6-7 см тереңдікте культиваторлайды, тырмалайды. Темекі егісінің 1 гектарына 30-60 кг азот, 60-100 кг Р2О5 және 50-100 кг К2О шашылады. Бұл тыңайтқыштардың 70-80%-ін күзде, қалғанын көшет отырғызу алдында және үстеме қорек ретінде береді. Темекі көшетін парникте өсіреді. Тұқым себу мөлшері 0,4-0,7 г/м2. Парниктің 1 м2 алаңына 3-4 мың темекі көгі өсіріледі. Жас өсімдіктердің өсуін тездету үшін 3-4 рет минералды тыңайтқыш беріледі, не құс саңғырығының ерітіндісі шашылады. Көшетін сәуір-мамырда отырғызады. Отырғызылатын көшеттердің жиілігі сортына қарай әр түрлі болады, ірі жапырақты сорттар 1 гектарына 45-50 мың көшет, орташа жапырақтылар 85-115 мың, ұсақ жапырақтылар 200 мыңға жуық отырғызылады. Сонда қатардағы көшет арасы 15-40 см-ден келеді.
Көшет отырғызылғаннан 50-55 күннен кейін темекінің төменгі жапырақтары сарғая бастайды. Піскен жапырақтар 5-6 рет, сапалы сорттарының жапырақтары 7-8 рет жиналады. Жиналған жапырақтарды кептіреді және оларды ферменттациядан өткізеді. Темекі өндірісінде тұқым жинау мәселесіне зор мән береді. Тұқым учаскелеріндегі өсімдіктерді айрықша күтеді және олардан екі рет қана жапырақ жинайды.
Кофе ағашы (coffea,араб. кахва) – ойран шөп тұқымдасының бір туысы. Аласа мәңгі жасыл ағаш не биік ірі бұта. Қолдан өсірілетін түрлерінің биіктігі 3-6 м. Жапырағының түсі қою жасыл, гүлі ақ, хош иісті. Жемісі қызыл немесе қара көк, үлкендігі шиедей, 2 дәнді. Осы дәндері не оның ұнтағы кофе деп аталады. Кофе ағашының Африканың тропик аймағында, Мадагаскар мен Маскарен аралдарында өсетін 50-ге жуық түрі бар. Африка және Азияда көбіне араб кофе ағашы деген түрі өсіріледі. Кофе ағашы топырағы борпылдақ, жылына 2200-3300 мм жауын-шашынды жерлерде жақсы өседі. Кофе ағашы көбінесе кокос, май алынатын пальма, банан, цитрус ағаштарымен аралас өсіріледі. Кофе ағашы төртінші жылы жеміс бере бастайды, жыл бойы гүлдейді және жеміс береді. Кофе ағашының дәні ішетін кофе және кофеин дәрісін алуға пайдаланылады.
Достарыңызбен бөлісу: |