А.В.Усова, А.Н.Звягин оқу сабақтарының бір-бірінен ерекшеленетін бір қатар елеулі белгілері болады,- деп төмендегідей белгілерді көрсетеді. Сыртқы белгілеріне: 1) оқушылар құрамы (сынып оқушылары түгел; сыныптың жартысы; оқушылардың еркі бойынша); 2) өту орны (сынып-дәрісхана, оқу кабинеті, оқу лабораториясы); 3) өту уақыты (күнделікті тұрақты сабақ кестесі бойынша, арнайы кесте бойынша және т.б.). Ішкі белгілеріне: 1) негізгі дидактикалық мақсат (жаңа білімдерді түсіндіру, практикалық сипаттағы дағды мен шеберлікті қалыптастыру, оқулықпен және қосымша әдебиетпен өз бетінше жұмыс істеу дағдысын қалыптастыру және т.б.); 2) оқытудың әдіс-тәсілдері (мұғалімнің түсіндіруі, оқушылардың өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру, жалпылама сипаттағы жоспарларды пайдалану және т.б.); 3) оқушылардың танымдық іс-әрекетін басқару (оқушыларға сұрақтардың қойылуы; проблемалық жағдайды тудыру және т.б.); 4) оқушылардың іс-әрекетінің түрлері (мұғалімнің түсіндіруін тыңдау, сабаққа араласу, оқулықпен өз бетінше жұмыс, жаттығулар орындау, құралдармен жұмыс және т.б.); 5) оқушылардың іс-әрекеттерін және нәтижелерін тексеру тәсілдері жазбаша (бақылау жұмысы,тестік жұмыстар, физикалық диктант және т.б.). Осы көрсетілген ерекшеліктер оқу сабақтарының мазмұнын құрайды. Оқу сабақтарының қай түрін алып қарасақта олардың ортақ мақсаты – оқушыларға білім қорын игерту. Сондықтан оларды дұрыс таңдап ұйымдастыру қажет. Сабақ – оқуды ұйымдастырудың негізгі формасы, әрі оқу процесіндегі шешуші буын. Сондықтан оқушылардың пән бойынша алған білімдерінің сапасы ең алдымен әр сабақтың ғылыми-әдістемелік дәрежесіне және жалпы алғанда сабақтардың бүкіл жүйесіне байланысты. Барлық сабақта оқушыларды оқу процесіне белсене қатыстыру, оларды өздігінен білім алуға үйрету қажет. Әрбір сабақ тиімді болуға тиіс. Сабақтардың тиімділігі: біріншіден, оқушылардың алған білімдерінің, шеберліктері мен дағдыларының тереңдігіне және беріктігіне қарап; екіншіден, жалпы сыныптың және жекелеген оқушылардың материалды меңгеруіне кеткен уақытқа қарап; үшіншіден, тәрбиелік міндеттерді шешуге ғылыми көзқарасты қалыптастыруға және оқушыларды жан-жақты дамытуға сабақтың қалай көмектесетініне қарап бағаланады.
Достарыңызбен бөлісу: |