Омаров Ғани Қалиханұлы Майемер мәдениеті археологиялық ескерткіштері



жүктеу 138.53 Kb.
Дата17.06.2016
өлшемі138.53 Kb.
Омаров Ғани Қалиханұлы
Майемер мәдениеті археологиялық ескерткіштері
Шығыс Қазақстанның қола дәуірінен ерте көшпелілер дәуіріне өтпелі кезеңінің ескерткіштері табылмағандықтан С.С.Черников өтпелі кезеңнің жоқтығын алдыға тартқан. Алайда өткен ғасырдың 70-ші жылдары Зевакино, кейінірек Измайловка кешендерінде ж.с.д. VIII- VII ғғ. жататын ескерткіштердің табылуы бұл өңірде өтпелі кезеңінің өзіндік тарихи дәуірі бар екендігін нақтылап берген. Шығыс Қазақстан үшін ж.с.д. VIII-VII ғғ. соңғы қола дәуірінің дәстүрін сақтаған ескерткіштер сарқыншақтарымен қатар ерте көшпелілер белгілері білініп, қатар өмір сүрген, сондай-ақ ж.с.д. VIII-VII ғғ. ерте көшпелілер дәуірі болып есептеледі [1].

Шығыс Қазақстандағы қоладан ерте темір дәуіріне өтпелі Измайловка және Қоғалы-1 қорымдарын басқа мәдениет өкілдерінің әсері тиген жергілікті кейінгі қола дәуірі тайпалары тұрғындары қалдырған [2].

Қазіргі таңда Алтайда ерте скиф-сақ уақытына тән (ж.с.д.VIII–ж.с.д.VI ғғ.) Таулы Алтайдағы Катун өзенінің орта ағысы, Орталық Алтай мен аз мөлшерде Чуй өзенінің орта ағысындағы бийке мәдениеті және негізінен Алтайдың солтүстік батыс беткейлері, сонымен шектесетін Ертіс өзенінің оң жағалауында майемер мәдениеті ескерткіштері анықталып отыр. Ж.с.д. IX ғасырдың соңы мен ж.с.д. VI ғ. бірінші ширегіндегі майемер мәдениеті орнына бийке мәдениеті атауын енгізуді А.А. Тишкин Бийке атты қорымның жете зерттелуімен және майемер атауының ғылыми түсінікке сай еместігімен түсіндіреді. Сонымен Ресейлік ғалымдар Алтайдағы аржан-майемер уақытынан бийке мәдениетін бөліп шығарып, оны үш: күрту, семисарт және бойтыгем кезеңдеріне бөледі. Ал оның шығуы әлі де басы ашық мәселе.

Майемер мәдениеті ескерткіштері Батыс, Солтүстік Батыс Алтайда және Алтай бөктері мен жазығында орналасқан [3]. Майемер мәдениеті ескерткіштерінің негізгі белгілері: қорғандардың микротізбекпен орналасуы, жерлеу камерасы қабір шұңқыр түрінде, кейде тіпті терең болып келеді және ақымның аузы таспен көлегейленеді, немесе тас жәшікте; үйінді сыртын айналдыра жиектеген тас қоршаудың болуы немесе оның болмауы; адамды жылқымен бірге, қой немесе солтүстік не солтүстік-шығыс секторда жүгенді қоса жерлеу; мәйітті шалқасынан созыла, басы солтүстік не солтүстік батысқа қаратылып жерлеу кездеседі [4].

Әрине, осы мәдениетке жататын ескерткіштердің өзіндік ерекшеліктері де болады. Майемерліктер мәдениеті өздерімен қатар өмір сүрген бийке мәдениеті таралған Алтайдың батыс қырқаларында ғана емес, олардың таралған аймақтарының орталық бөлігінде де байқалады. Алтайдың майемер және бийке мәдениеттері материалдарын саралай келгенде жерлеу құрылыстарының, ғұрыптық нысандардың, мәйіттердің бағытталуы мен қойылуы, ақыреттік заттары мен жылқыны қоса қою және т.б. ерекшеліктері ерте скиф-сақ уақытындағы аймақта этномәдени дамуды қалпына келтіруге мүмкіндік береді. [3, с. 120].

Майемер кезеңі Нарым өзенінің жоғарғы ағысындағы қорымның аты бойынша қойылған. Қорғандар етегін шеңберлей аласа тас үйінділер қоршаған. Қабір шұңқырлары тік бұрышты етіп қазылып, қабырғалары ағашпен шегенделе келе бөренелермен жабылды. Қорғандарды қазған кезде жиегі шығыңқы және ортасында ілгегі бар қола айналар; қола ауыздық; әшекейлік бұйымдарынан тоға, жануарлар бейнеленген қапсырмалар табылды. Майемер кезеңінің соңғы уақытында жылқысын иесімен қоса жерлеу пайда болады.

Майемер мәдениетінің ғылыми тұрғыдан алғанда зерттелу тарихы А.В. Адриановтың Шығыс Қазақстандағы Нарым және Бұқтарма өзендері бойында жүргізген қазба жұмыстарынан бастау алады. Майемер «көмбесінен» (қазынасы) ат әбзелдері бөлшектерін А.В. Адрианов 1911 жылы Шығыс Қазақстан облысының территориясындағы Майемер даласынан табады [5, с. 87-89].

А.В. Адрианов табылған заттарды көрші тоналған қорғандардан тонаушылар алған әртүрлі заттар жиынтығы деп есептеген [5, с. 61]. С. И. Руденко онымен келісе келе, жыртқыш бейнелері бар жәдігерлерді «бай жерлеу жылқыларының бірінің заттары» деп қарастырған. Л.С. Марсадолов та «қазына» заттарын бір жылқының әбзелдеріне жатқызған. Оларды Аржан 1 материалдарымен салыстырып зерттеуші соңдарында тесігі бар тар пластиналарды құйрық әбзеліне, қола шеңбершені – «шүйке оқтізеріне» (бас белбеулерін қосу үшін арналған ворворка) жатқызған, бірақ мысық тектес жыртқыштардың бейнелену ерекшеліктері және «қапсырма-жеңілгек» бойынша «қазынаны» Аржан 1 ден кешірек – ж.с.д. VIII ғ. екінші жартысы мен ж.с.д. VII ғ. басымен мерзімдеген [6; 7].

Жалпы алғанда майемерліктер адамды қырынан, басын солтүстік-батысқа қаратып, терең емес шұңқырға жерлеген. Аса биік емес дөрекі жасалған қыш ыдыс жанына қойылатын болған [8].

Осы «ең ежелгі ескерткіштер тобының» материалдары М.П. Грязновтың «Алтай ерте көшпелілер мәдениетінің майемер кезеңін» бөліп шығаруға негіз болды [9]. Қазіргі таңда қолданыстағы түсініктер мен өлшемдер тұрғысынан алғанда «Алтайдың ерте көшпелілер мәдениеті» (М.П Грязнов бойынша), «майемер мәдениеті» (С.В. Киселев бойынша), «Таулы Алтайдың малшылар мәдениеті» (С.И. Руденко бойынша), осы келтірілген зерттеушілер концепциялары арасындағы дәстүрлі қарама-қайшылық айқын асыра айтылған. Бұл жағдайда пазырық қорғандарын, сондай-ақ майемер деп аталған «осы ескерткіштердің ежелгі тобын» «бір археологиялық мәдениетке» жатқызған С.С. Черниковтың ұстанымы көңілге қонымды. Зерттеушінің пайымдауынша бұл ж.с.д.VII - VI ғғ. және ж.с.д. V - III ғғ. жататын «әр түрлі мерзімдік кешендер» болған [10, с. 133]. Осы «мәдени-мерзімдік кезеңдерді» жіктеп, бөлу қазіргі таңда да қолданыста [11]. Яғни, С.С. Черников кейбір бұқтармалық ескерткіштерді оңтүстік шіліктілік топқа жатқызса [10, с. 133], ал Л.С. Марсадолов «шіліктіліктер» және «майемерліктер» жерлеулерін, «шіліктіліктер» + «майемерліктердің» айтарлықтай күшті тайпасы» қалдырған деп бір топқа біріктірген [11, с. 64, табл. 3].

«Майемер мәдениетін» Таулы Алтай үшін археологиялық мәдениет ретінде В.А Могильников жеке бөліп көрсеткен [12]. Аталған еңбектің көңілге қонымды жақтары болғанымен, алайда мәліметтердің жеткіліксіздігінен ұсынылған кесте көбінде жалпылама болып табылады. ХХ ғасырдың 90-ыншы жылдары Алтай республикасында алынған материалдар шоғырымен салыстырғанда А.В. Адриановтың Шығыс Қазақстанда қазған қорғандарының нақты ерекшеліктері бар екендігі және бір топқа жатпайтыны айқын. Олардың арасында көрсетілгендер көрдәлізі бар қорғандар; қабір шұңқырларда және материк деңгейіндегі жерлеулер; адамдардың ақымдағы жерленуі, оның біреуі жылқы және қоймен бір қабірде жерленбеген көрінеді.

Солонечный Белок қорымындағы А.В. Адрианов салған қазбада № 2 қорған материалдары осындай жерлеу ғұрпының нақты көрінісі.

Шахталық әдіспен ортадан түсіп қазуда № 3 қорғанда екі адамның шашылған сүйектері аршылса, бір метр тереңдікте басы батысқа қаратылған, шалқасынан қойылған адамның қаңқасы болған. Бұл «қартаң әйелдің» сол жағына тастың үстіне тас қайрақ, оң жағына майемер обасынан табылған айнаға ұқсас қола айна, сүйек түтікше, біз және моншақтар қойылған [5, с. 27 -29].

Шығыс Қазақстандағы тау етектеріндегі белгілі ертесақ қорымдары әдетте үш-бес қорғаннан тұрады. Зерттелген аз санды жерлеулер арасында айтарлықтай үлкен айырмашылық бар. П.И. Шульга 1999 ж. Алтайдың солтүстік батыс беткейлері және Шығыс Қазақстанмен шекаралас жатқан аймақтары үшін ерте сақ жерлеулерінің бес негізгі типін бөліп көрсеткен [13, с. 245-250]. Қазіргі таңда олардың саны әлдеқайда көп, себебі әр қорымның басқалармен салыстырғанда айтарлықтай өзіне тән арнайы айырмашылықтары бар.

Зерттелінген қорымдардың шағын бөлігі топырақтан тұрады және қатарласып келе күрделі кешен құрап қоршау түрінде немесе белгілі бір жүйесіз орналасады. Жерлеулердің көбінің қабір үсті құрылыстары ірі қорған үйінділерін айналдыра келген тас қоршаулары бар топырақ үйінділі қорғандар. Кейбір қорымдарда жылқы қосып жерлеулер жоқ немесе сирек кездеседі, ал жылқы қосып жерлеулердің бірнеше түрі бар, соның ішінде тұтас жылқыны емес, оның бір бөлігін, яғни сирақтары мен терісін қою кездеседі.

Айтарлықтай айырмашылықтар марқұмдардың жатқызылу мәнерінде, ақыреттік заттар бұйымдарында және қабір іші құрылысында, соның ішінде қабір түбіне таяу текпіршелердегі ағаш жабындылар мен әртүрлі қойылған тас жәшіктерден айқын аңғарылады. Бала қабірлерінің көлемі және тереңдігі ересектерге қарағанда әлдеқайда кішірек болып келеді. Бес түрлі жағдайдан артық малдың қоса жерлену ғұрпы арнайы ерекшеліктер қатарына жатады.

Шығыс Қазақстандағы бұл түрдегі ескерткіштерге Измайловка қорымының 17 қоршауы жатады [2, с. 69-72; 14]. Бұл қорымның жерлеу құрылыстары біріңғай емес, биіктеу келетін шығыс және оңтүстік беткейлерінде тығыз орналасқан. Бұл жерге алғаш рет ерте қола дәуірінің елулин мәдениетінің тайпалары қайтыс болған тумаластарын жерлеген. Олардан кейін сәл төменірек 6-7 км шығыста және батысында андрондықтар өз жерлеу орындарын ұйымдастырған. Бұлардан кейінгі уақытта беғазылықтар, іле-шала ерте көшпелілер де осы қорымда қайтыс болған адамдарын жерлеген. Тарих саханасына қимақтар келгеннен кейін де осы қорымда шейіт болғандар тыныштық тапқан.

Бұл кешеннің ерекшелігі сол, оны Шығыс Қазақстандағы қола дәуірінен ерте темір дәуіріне өтетін кезін беғазылықтармен байланыстыруға болады. Беғазы және Измайловка ескерткіштерінде кезігетін қыш ыдыстар соңғы уақытта Павлодарлық Ертіс бойында да ашылуымен белгілі.

Ал, Измайловка қорымындағы ерте көшпелілер кешеніндегі 4 қорғандағы 7 жерлеу және 3 ғұрыптық қаланды орындары соңғы жылдары ғана ғылыми айналымға енді [1, с. 86].

Осы жерде айта кететін жайт Өскемен маңында Меновное 8, 29-шы қоршауларында ат жүгенін қойған тікбұрышты қоршау орталығында шұңқыр ішінде тас жәшік болды. Бұл кешеннің көбісі, сондай-ақ Талдысай кешенінің жүгендер арқылы мерзімделу уақыты Л.С. Марсадолов бойынша ж.с.д. VIII - VII ғғ.екінші жартысына сай екендігі анықталды [15].

Шығыс Қазақстандағы соңғы қола дәуірі мәдениетімен үзілмес байланыс желісі болған ежелгі сақтардың майемерге дейінгі кезең ескерткіші Күрті қорымының қорғандары дөңгелек тас үйінділі, ал үйінді шетін тас қоршаумен қоршап, қосалқы құрылыста жылқыны ауыздықсыз жерлеу тән. Ал негізгі қабірде адамды сол қырымен бүріскен түрде, басын солтүстік-батысқа қаратып жерлеу басым болса [16, с. 35-57], Майемер қорғандары үйіндісінің астына тас қоршау салынады және кейде қабір үсті бөренелермен жабылады. Мәйіттің басы шығысқа қаратылып шалқасынан қойылады.

Орталық Қазақстандағы сияқты Алтайдың солтүстік-батыс бөктерлері мен соған қабысып жатқан Шығыс Қазақстан аудандарында да анықталған екі дәстүр кездеседі [13, с. 246]. Бірақ Оңтүстік Зауралье мен Орталық Қазақстаннан айырмашылығы, мұнда адамды жылқымен қорған шұңқырының бір сакральды кеңістігінде бірге жерлеу бар. Көбінесе алдындағы шұңқырға оның «нышаны» емес, жылқының өзі қойылып, адамнан қаланды арқылы бөлінген. Жылқыны жеке жерлеу камерасына қою дәстүрі Таулы Алтайда көрініс тапқан. Сондықтан Алтайдың солтүстік-батыс бөктеріндегі мола шұңқырларында жылқының болуы біздің байқауымызша, таулыалтайлық тайпалардың оның бөктеріндегі халыққа әсер етуінің дәлелі. Шығыс Қазақстанда алдыңғы шұңқырға жылқы немесе ат әбзелдерінсіз жерлеу Тар-Асу қорымындағы 23 қоршауда кездеседі [17]. Осы жерлеуден табылған өтірік түйіршіктермен әшекейленген, қиылған конус пішінді ілмекті алтын сырғалар мен мысық тұқымдас жыртқыштың алтын пішіні мен Орталық Қазақстан ескерткіштері арасында жақын ұқсастықтар болуы қызық (Жыланды, қорған 2; Тасмола 5, 3, 4, 6 қорғандары).

Көшпелі тайпалардың солтүстік және солтүстік батыс Қытай мен Моңғолиядан көшуі бірнеше кезеңде түрлі қарқында өтіп, әртүрлі аймақтарға бағытталды. Біріншісі, көлемі бойынша аз қоныс аудару ж.с.д. IX ғасырдың аяғында басталып, Алтайдың таулы аудандарына бағытталуы мүмкін. Бұл аймаққа қоныс аудару үлкен ұжымдық сипатқа ж.с.д. VIII ғ. басында ие болды [18, с. 111], екінші қоныс аударудың өте көп ұжымдық толқыны ж.с.д.VIII ғ. аяғында немесе шетте ж.с.д. VIII-VII ғғ. болды. Ол өте кең территорияны қамтып, екі түрлі жолмен өтті. Көшпелілердің бір тобы Жоңғар қақпасы, Алакөл шұңқыры, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстаннан өтіп, Сырдария мен Әмудария жағалауларына жетті. Миграцияның екінші жолы Шығыс Қазақстан, Алтайдың солтүстік-батыс бөктері, Солтүстік Қазақстан мен Оңтүстік Зауралье арқылы өтті. Бұл толқын қоныс аударушыларының жеке топтары Таулы Алтай аудандарына да өткен.

Қоныс аударушылардың құрамы да бір текті болмаған. Қоныстанушылардың бірінші толқынын «жиырып жерлеу» дәстүрі иелері құрауы мүмкін. Екінші толқын «созып жерлеу» дәстүрі иелерін қамтыды.

Қоныстанушылардың жерлеу рәсімінде өзіндік аймақтың ерекшеліктері бар жергілікті халықпен араласуы сол немесе басқа аймақта ерте сақ дәуірі мәдениеті ерекшеліктерінің қалыптасуына алып келді. Осылайша Таулы Алтайдың ерте сақ дәуірі халықтарының жерлеу рәсімдерінің ерекшеліктері солтүстік-батыс Монғолия мен солтүстік Қытайдан келген қоныстанушылардың бірінші толқыны мен жазықтық Алтайдан солтүстікке қарай қоныстанушылардың араласуымен байланысты болған [19]. Қоныстанушылардың екінші толқын өкілдерінің Алтайдың таулы аудандарына келуі шалқасынан созып жерлеудің пайда болуына «Ерте скиф дәуірі мәдениетінің кейінгі дәуірлерінде келді» [20, с. 62].

Шығыс Қазақстанда ж.с.д. VIII-V ғғ. жататын зерттелінген қорғандарда адаммен қоса жылқыны жерлеудің үш түрі анық байқалады: адамға арналған жылқыны толығымен жерлеу (Күрті II, № 2 қорған; Зевакино, № 36 қоршау, № 38 қоршау, № 104 қоршау, № 99г қоршау, № 99е қоршау; Құрық II, № 6 қорған; Қызылтас, № 47 қорған), қабірге жылқының терісін, бас сүйегін не сүйегін қою (Зевакино, № 7 қоршау; № 83 қоршау; Измайловка) және тек ат әбзелін (ауыздық, сулық және т. б.) жерлеу толықтай кезігеді (Камышинка олжасы, Измайловка). Дегенмен де осындай жерлеудің кеңінен таралған өңірі-таулы аймақ, ал шарықтау шегі ж.с.д. IV-II ғғ. болса керек. Бұған пазырық мәдениетіне жататын жерлеу кешендеріндегі ашылған сансыз жылқы жерлеулері дәлел бола алады.

Келтірілген аймақтағы жерлеу ғұрыпының аса сан түрлігі осы бір-бірімен тоғысар аумақта көп санды, бірақ кішігірім туыстас рулардың араласып кету нәтижесі. Негізінен тұрғындар тобының басым бөлігі Қазақстан территориясынан шыққан және онымен тығыз байланысты жалғастырған. Шығыс Түркістанмен де қатынасы болған. Айта кетерлік жағдай Тываның ертескиф қорғандарындағы жерлеу ғұрпы Алтайдың солтүстік батыс тау беткейлеріндегіден өзгеше болып келеді.

Сонымен қарастырылған территориядағы түгел дерлік ерте сақ ескерткіштері, соның ішінде уақыты жағынан жақындарының да маңызды айырмашылықтары бар. Жиі түрде айтарлықтай ерекшеліктер қорымдардың өзінде де аңғарылады. Жерлеу ғұрыпының бірқатар белгілері үздіксіз өткен және трансформацияланған. Жерлеу ғұрыпының осындай сан түрлілігінің және тұрақсыздығының себебі берілген өңірдің жағрапиялық жағдайында. Ерте сақ кезеңінде Алтайдың солтүстік-батыс беткейлері және онымен жалғасып жатқан Шығыс Қазақстан бөлігінде орналасқан ескерткіштердің этномәдени ерекшілігін анықтаушы болған әртүрлі тұрғындар топтары мекен еткен контакті аймақ болған. Жерлеулердің бірде біреуі көрші мәдениеттер ғұрыпын қайталамайды. Барлығына жуығы оларды басқа, тұрақты жерлеу ғұрыпы бар мәдениеттерден айыратын және бұл өңір ескерткіштеріне ортақ белгілері бар. Майемер «мәдениетінің» көршілес Таулы Алтайдың бийке мәдениетінен және Қазақстанның Шілікті ескерткіштерінен айырмашылығы жерлеулер негізінен терең тар шұңқырларда, кейбір жағдайда ақымда, жиі түрде текпіршекше немесе тас жәшіктерде болып келуі. Марқұмдар шалқасынан созыла, бастары солтүстік жақа бағытталып қойылған.

Жылқы және қойлар адаммен бірге немесе бөлек шұңқырда, бірақ тура солай терең жерленген. Бағытталуы адамдікіндей, басы солтүстікке немесе солтүстікке тек жылқы басы қаратылған, ал денесі шығыс-батыс бағыты бойынша орналасқан. Жылқылыр әдетте жүгенделмеген, ал жабдығы (жүген және айыл, тартпасымен ертоқым) жылқы басы маңына қойылған.

Ерте сақ дәуіріне жататын ескерткіштерін зерттей келе Алтайдың солтүстік-батыс бөктерлері мен соған қабысып жатқан Шығыс Қазақстан аудандарында ж.с.д. IX ғ. соңы- ж.с.д. VI ғғ. басында майемер мәдениетінің Зевакино, Күрту 2, Герасимовка, Тарасу, Кондратьевка және т.б. 20-ға тарта ескерткіштері сараланып, орналасу жағдайы анықталды [21]. Қорғандарының микротізбекпен орналасатындығы, жерлеу камерасы қабір шұңқыр түрінде, кейде тіпті терең болып келуімен және ақымның аузы таспен көлегейлене, немесе тас жәшікте; үйінді сыртын айналдыра жиектеген тас қоршауда болуы немесе оның болмауы; адамды жылқымен бірге, қой немесе солтүстік не солтүстік-шығыс секторда жүгенді қоса жерлеу; мәйітті шалқасынан созылта, басын солтүстік не солтүстік батысқа қарата жерлеу сынды ерекшеліктері бұл мәдениеттің басты белгілері болып саналады. Зерттеу жұмысы барысында жоғарыда аталған ерекшеліктеріне қарай ерте сақ жерлеулерінің жеті негізгі типін бөліп көрсеттік. Сондай-ақ майемерліктердің мәйітті «жиыра» және «созылта» жерлейтін екі тобы жерлеу салтына қарай ажыратылады. Жазба деректерден белгілі тарихи даталар және оқиғалармен шендестіргенде майемер мәдениетінің соңы және пазырық мәдениеттерінің басы ж.с.д. 585 жылдар шамасындағы мидиялықтардың Ассирияны талқандауымен және ирандық Ахеменидтер державасының күшейуімен тұспа-тұс келеді. Сірә, бұл жорықтарға біз зерттеп отырған Ертіс бойы тайпалары да қатысса керек. Кейбір ғалымдар Алтайдағы Күрту сынды скиф-сақ типіндегі алғашқы ескерткіштерді Батыс Чжоу мемлекетінің Орталық Азиялық көшпелі тайпаларының қысымынан құлауымен, Моңғолиядағы керексур мәдениетінің құлдырауымен түсіндіреді.

Бүгінгі күнге дейін ерте сақ дәуірі ескерткіштерінің материалдық мәдениеті, жерлеу ғұрыптары, шаруашылығы, әдет-ғұрыптары жайлы мәліметтер қаралғанымен, археологтардың алдында сақ тайпаларының қоныстарын зерттеу мәселесі тұр. Егер осы мәселе алдағы жылдары өзінің дұрыс ғылыми шешімін табатын болса, Шығыс Қазақстанның ғана емес жалпы Еуразия кеңістігіндегі ерте көшпелілер мәдениетінің өзекті мәселелері ашылар деген ойдамыз.
Пайдаланылған әдебиеттер
1 Ермолаева А.С. Измайловский погребально-поминальный комплекс начала эпохи ранних кочевников из Восточного Казахстана // Известия НАН РК. Серия общественных наук. – 2008. – № 1. – С. 84-92.

2 Ермолаева А.С. Памятники переходного периода от эпохи бронзы к раннему железу // Археологические памятники в зоне затопления Шульбинской ГЭС. - Алма-Ата: Наука, 1983. – С. 64-94.

3 Тишкин А.А., Дашковский П.К. Социальная структура и система мировоззрений населения Алтая скифской эпохи. – Барнаул: Изд-во Алтайского университета, 2003. – 430 с.

4 Тишкин А.А. Создание периодизационных и культурно-хронологических схем: исторический опыт и современная концепция изучения древних и средневековых народов Алтая. – Барнаул: Изд-во АГУ, 2007. – 355 с.

5 Адріановъ А.В. Къ археологіи Западнаго Алтая (изъ поездки въ Семипалатинскую область въ 1911 г.) // Известія императорской археологической комиссіи. – Петроградъ, 1916. – Вып. 62. – С. 1-94.

6 Марсадолов Л.С. Хронология курганов Алтая (VIII – IV вв. до н. э.): автореф. … канд. ист. наук.: 07.00.06. – Л., 1985. – 16 с.

7 Марсадолов Л.С. Археологически памятники IX - III веков до н. э. горных районов Алтая как культурно-исторический источник (феномен пазырыкской культуры): автореф. ... докт. культ.: 07.00.06. – СПб., 2000. – 57 с.

8 Марсадолов Л.С. Пазырыкский феномен и попытки его объяснения // Итоги изучения скифской эпохи Алтая и сопредельных территории. – Барнаул, 1999. – С. 104-108.

9 Грязнов М.П. Памятники майэмирского этапа эпохи ранних кочевников на Алтае // КСИИМК. – М.- Л., 1947. – Вып. 18. – С. 9-17.

10 Черников С.С. К вопросу о хронологических периодах в эпоху ранних кочевников (по материалам Восточного Казахстана) // Первобытная археология Сибирии. – Л., 1975. – 132-137 с.

11 Марсадолов Л.С. История и итоги изучения археологических памятников VIII–IV веков до н.э.: (от истоков до начала 80-годов ХХ века). – СПб., 1996. – 90 с.

12 Могильников В.А. Некоторые аспекты этнокультурного развития Горного Алтая в раннем железном веке // Материалы по археологии Горного Алтая. – Горно-Алтайск, 1986. – С. 35-67.

13 Шульга П.И. Этнокультурная ситуация в Горном Алтае и северо-западных предгорьях в VII-Ш вв. до н. э. // Итоги изучения скифской эпохи Алтая и сопредельных территорий. – Барнаул: Изд-во АлтГУ, 1999. – С. 245-250.

14 Бейсенов А.З., Смаилов Ж.Е. Талдысайские удила раннетасмолинского времени в Центральном Казахстане // Проблемы изучения и сохранения исторического наследия. – Алматы, 1998. – С. 271-275.

15 Марсадолов Л.С. Основные тенденции в изменении форм удил, псалиев и пряжек коня на Алтае в VIII-V веках до н.э. // Снаряжение верхового коня на Алтае в раннем железном веке и средневековье. – Барнаул: Изд-во АлтГУ, 1998. – С. 5-24.

16 Сорокин С.С. Памятники ранних кочевников в верховьях Бухтармы // АСГЭ. Л., 1966. – Вып. 8. С. 35-57.

17 Самашев З.С, Франкфорт А.Т., Ермолаева А.С., Жумабекова Т.С., Гий Э., Сунгатай С., Жетибаев Ж.М., Омаров Г.К. Исследование культуры древних кочевников Казахстанского Алтая // Проблемы изучения и сохранения исторического наследия. – Алматы, 1998. – С. 174-202.

18 Кирюшин Ю.Ф., Тишкин А.А. Скифская эпоха Горного Алтая. Ч. I: Культура населения в раннескифское время. – Барнаул: Изд-во АлтГУ, 1997. –231 с.

19 Бобров В.В. К проблеме историко-археологического развития в начале 1 тыс. до.н.э. на территории Южной Сибири // Итоги изучения скифской эпохи Алтая и сопредельных территории. – Барнаул: Изд-во АлтГУ, 1999. – С. 20-23.

20 Алёхин Ю.П., Шульга П.И. Курган Кондратьевка XXI – новый памятник раннескифского времени на Рудном Алтае. - Горно-Алтайск: Изд-во ГАГУ, 2003. – Вып. 10. – С. 62-70.



21 Омаров Ғ.Қ. Алтай-Тарбағатай аралығы ерте темір дәуірінің археологиялық ескерткіштері (кезеңделуі, мерзімделуі және мәдени атрибуциясы): автореф. ... тарих. ғылымдар. канд..: 07.00.06. – Алматы, 2010. – 30 б.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет