1 -а, -е, -й Айт-а, кел-е-, сөйле-й
2 -ып, -іп, -п Айт-ып, кел-іп, қара-п
3 -ғалы, -гелі, -қалы, -келі Ал-ғалы, бер-гелі, бас-қалы, төк-келі
Көсемше етістік түбірлеріне, етіс, болымсыз етістік тұлғаларына жұрнақтар жалғану арқылы жасалады:
1.-а ,-е,-й жұрнақтары арқылы ауыспалы осы шақ көсемше жасалады.
Дауыссыз дыбысқа біткен сөздеге жуан буыннан кейін -а, жіңішке буыннан кейін -е, дауысты дыбысқа біткен етістікке -й жалғанады: жаз-а, сөйле-й, т.б.
2.-ып, -іп, -п жұрнағы арқылы өткен шақ көсемше жасалады. Дауыссыз дыбыстарға біткен етістіктерге жуан буыннан кейін-ып, жіңішке буыннан кейін -іп, дауысты дыбысқа біткен етістікке -п жұрнағы жалғанады: жаз-ып, қара-п, т.б.
3.-ғалы, -гелі, -қалы, -келі жұрнағы арқылы көсемшенің үшінші түрі жасалады.
Дауысты, үнді, ұяң дауыссыз дыбыстарға біткен етістіктерге жуан буыннан кейін -ғалы, жіңішке буыннан кейін -гелі жалғанады да, қатаңға біткен етістіктерге жуан буыннан кейін -қалы, жіңішке буыннан кейін -келі жалғанады: жаз-ғалы, бер-гелі, кет-келі.
-а,-е,-й және -ып, -іп, -п тұлғалы көсемшелер жіктеледі, -ғалы, -гелі, -қалы, -келі тұлғалы көсемшелер жіктелмейді. Көсемше тұлғасына көптік, септік, тәуелдік жалғаулар жалғанбайды.
Есімше — етістіктің есім сөздерге ұқсас белгілері бар түрі. Ол түбір етістіктен арнайы жұрнақтар арқылы жасалады. Мысалы, “-ған, -ген”, “-қан, -кен” жұрнағы етістікке жалғанып, оған өткен шақ мәнін қосады: “жазылған хат”, “келген адам”, “ол кеткен”, “сен бергенсің”, “мен барғанмын”. Сондықтан ол бұрынғы өткен шақтың көрсеткіші қызметін атқарады. Ал “-атын, -етін”, “йтын, йтін”жұрнағы қимылдың келешекте жасалу мәнін білдіреді: “істелетін жұмыс”, “ол ертең келетін сияқты”. Сөйлемдегі мағынасына қарай өткен шақ мәнінде де қолданылады: “ол бұрын бізге жиі келетін”. Келесі “-ар, -ер”, “-р”, “-с” жұрнағы қимылдың келешекте жасалуы да, жасалмауы да мүмкін екенін білдіреді: “айтылар сөз”, “бермес ас”, “келер күн”, т.б. Осымен байланысты бұл жұрнақ тілде болжамды келер шақ қызметінде қалыптасқан: “ол бүгін-ертең келер”. Сондай-ақ, “-мақ, -мек”, “-пақ”, “-пек” жұрнағы алда жасалатын істі мақсат етуді білдіреді. Мысалы: “кездеспек күн”, “орындалмақ жұмыс”, “айтылмақ сөз”. Есімшенің осы мағынасына байланысты ол тілде мақсатты келер шақ көрсеткіші болып қалыптасқан: “Ол ел сенімін ақтамақ”. Есімшенің басқа етістіктерден өзіндік ерекшелігі бар. Ол заттық белгі білдіріп, сөйлемнің анықтауыш мүшесі қызметінде қолданылады. Мысалы: “Айтылған сөз — атылған оқ”. Осындағы “айтылған” — сөздің анықтауышы, “атылған” — оқтың анықтауышы. Есімше анықтауыш қызметінде заттың қимылын оның бір белгісі ретінде көрсетеді.