т.ғ.к., Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті. Халықаралық қатынастар факультеті. Халықаралық қатынастар кафедрасының доценті. |
Түйін: Мақалада Осман империясының әсери министрі болған Энвер пашаның 1920-1922 жж. Орталық Азияда саяси одақтас табу жолындағы ізденістері мен таңдауының негізгі себептері және аймақтың консервативтік күштеріне сүйене отырып, түркі халықтарының федерациясын құру талпынысы қарастырылған.
Кілт-сөздер: Түркістан, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы, большевиктер, жәдитшілер, кадимшілер, панисламизм, пантюркизм.
Энвер пашаның тұлғалық қасиеттері оның саяси байланыстар орнатып, оларды дамытудағы алғашқы әрі негізгі фактор болды. Бұл фактордан кейінгі орынды Энвер пашаның айналасындағы саяси жағдай мен оның саяси одақтастары басты. Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы барысында Энвер паша үш ірі ағымының өкілдерімен байланыста болғандығы белгілі. Олар, большевиктер, жәдитшілер (либералдар) және кадимшілер (консерваторлар) еді. Энвер пашаның бұл үш саяси ағымның өкілдерімен байланыста болуының негізгі себебі оның саяси түрікшілдікті жүзеге асыру жолында одақтас іздеуінде жатты. Бұл тұста «бөліп ал да билей бер» қағидасы өз күшін жойып, оның орнын «ынтымақтас та билей бер» қағидасының басуы түрікшілдік жолындағы Энвер пашаны тез арада ынтымақтаса алатын саяси одақтас табуға мәжбүрлеген болатын.
Энвер пашаның Германияда басталып, өліміне дейін созылған большевиктермен саяси қарым-қатынасы шым-шытырық оқиғаларға толы [1]. Бірінші дүниежүзілік соғыста жеңіліс тауып, Германияда жасырынған Энвер паша алғашында француздармен саяси байланыс орнатпақ болды. Алайда, оның бұл әрекеті сәтсіздікпен аяқталды. Антанта мемлекеттерінің оны тұтқындау үшін іздеу салуына байланысты «профессор Али» деген жасырын атпен жаңа жеке куәлік алған Энвер паша кеңестік Ресеймен одақтасуды қалады. Осы мақсатпен ол неміс генералдарына көмек көрсету арқылы большевиктерге жақындасуды көздеді. Энвер паша Берлиннің Моабит абақтысында отырған К.Б. Радекпен 1919 ж. ақпантамыз аралығында кездесті [1]. К.Б. Радектің ұсынысы бойынша ол Мәскеуге аттанды. Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің (РФ СІМ) анықтамасы бойынша Энвер паша «Али» деген жасырын атпен Мәскеуге 1920 ж. шілдеде жетіп, Мәскеу өзені жағасында Софийская көшесінің 14-үйінде тұрған болса, Батумиге аттанарында большевиктерден «Бекиров» деген жасырын атпен жеке куәлік алып, Кавказ-Еуропа-Ресей жолы арқылы Мәскеуге 1921 ж. 1 маусымда қайта оралып, Гнездниковский тұйық көшесінің 9-үйінде тоқтаған [1]. В.М. Гиленсеннің зерттеуі бойынша «Энвер паша Мәскеуге 1920 ж. шілдеде келген» деген анықтама дәйексіз. Оның айтуынша Энвер паша 1920 ж. 11 тамызда орыс-поляк соғыс шебін кесіп өткен. Энвер пашаның Ресейге кіріп келгендігі туралы Ф.Э. Дзержинский Белостоктан Мәскеудегі В.И. Ленинге құпия жеделхат арқылы «Бүгін түнде Германиядан екі басқа түрікпен және бұрын бізде болған ұшқыш Леомен бірге Энвер паша келді. Оларды Смилгаға жіберіп отырмын», – деп хабарлап, И.Т. Смилгаға екінші құпия жеделхат арқылы «Бүгін түнде Германиядан екі басқа түрікпен бірге Энвер паша келді. Оларды Гродно арқылы Сізге жіберіп отырмын. Ленин хабардар», – деген мәлімдеме жолдаған [1]. Энвер паша неміс офицерлерінің көмегімен Берлиннен 1920 ж. 4 шілдеде жолға шығып, кемемен Щецин–Кёнигсберг–Инстербург, пойызбен Инстербург–Минск–Смоленск, көлікпен Смоленск–Мәскеу жолы арқылы Мәскеуге 1920 ж. 15 тамызда келіп жетті.
Большевиктердің Бірінші дүниежүзілік соғыстан бас тартуы Ресей империясының бұрынғы одақтастары Англия мен Франция үшін үлкен қауіп-қатер төндірді. Осылайша Германия шығыс соғыс шебіндегі армиясын батыс соғыс шебіне жұмылдыру мүмкіндігіне ие болды. Антанта мемлекеттері бұл мүмкіндікті немістерге пайдаландырмау үшін Ресейде жаңа соғыс шептерін ұйымдастыруды ұйғарып, большевиктер мен патша жақтастары арасында азамат соғысына душар болған Ресейге қарсы ағылшындар Архангельскке, француздар Одессаға, жапондар Владивостокқа, американдықтар мен жапондар Шығыс Сібірге әскер жіберіп, большевиктерге қарсы күштерге көмек көрсетуге кірісті. Қиын жағдайға тап болған большевиктер осы тұста К.Б. Радек арқылы Англияға қарсы өз жағына шығыс мұсылман халықтарының арасында атақ-даңқы кеңге тараған Энвер пашаны тартты.
Большевиктердің Энвер пашаның көмегімен ағылшындарды Үндістаннан қуып шығу жоспарының авторы үнді қоғам қайраткерлерінің көрнекті өкілі, профессор Баракатулла болып табылады. Ол Мәскеу қаласында 1919 ж. 5 наурызда В.И. Ленинмен кездесіп, империализмге қарсы күресу мақсатымен отарланған шығыс халықтарының қоғамдық күштерін одақтастыру үшін Ресейде халықаралық құрылтай өткізудің қажеттілігі жөніндегі пікірімен бөлісті. Баракатулланың саяси ойлары большевиктердің көңілінен шығып, 1920 ж. олар бұны өз саясатында жүзеге асырды.
И.В. Сталиннің тапсырмасы бойынша 1919 ж. Баракатулла бастаған делегация Ресейдің мұсылман халықтары қоныстанған түрлі аудандарында үгіт-насихат жүргізе бастады. М. Сұлтан-Ғалиевтің жәрдемімен делегация Қазан қаласында татар қоғам қайраткерлерімен кездесті. Саяси бюро Баракатуллаға әскери контингенттің алдында сөз сөйлеу рұқсатын берді. ТӘК басшысы Л.Д. Троцкий негізгі бөлігі татарлар мен башқұрттардан құралған әскерді «үнді жорығына» дайындықтан өткізу жұмыстарына кірісті. 1919 ж. шығыс халықтары коммунистік партияларының құрылтайында М.И. Калинин «шығыста әлемдік төңкеріс отын лаулату» ұранын ресми түрде жариялады. И.В. Сталин өз баяндамасында бұл ұранға қолдау танытты. Большевиктер «әлемдік төңкеріс отын лаулату» үшін мұсылман халықтарының «халықаралық коммунистік қозғалысын» бастайтын тұлғаны коммунист түркілердің арасынан (А.З.В. Тоган, М. Сұлтан-Ғалиев, Ф. Қожаев, Н.К.Н. Нариманов, Т. Рысқұлов) таба алмай, «бұны бір істесе Энвер паша істей алады» деген сеніммен бар үмітін Энвер пашаға арта бастаған болатын [2].
Энвер паша кеңес өкіметінің көмегімен Осман империясын Антанта мемлекеттерінен азат етуді көздеді. Ол Баракатулланың пікірі негізінде түзілген большевиктердің «шығыс халықтарын батыс империализмінен азат ету» жоспарын жүзеге асыру мен «мұсылман түркі мемлекеттерінің федерациясын» құруды мақсат тұтты [2]. Большевиктер Энвер пашамен құпия келіссөздер жүргізіп, мерзімді түрде оған 500 мың неміс маркасын көмек қарыз ретінде төлеп отырды. Энвер паша К.Б. Радек арқылы В.И. Ленин, Л.Д. Троцкий, И.В. Сталин, С.С. Каменев, Г.Е. Зиновьев, Г.В. Чичерин, Э.М. Склянский, Л.М. Карахан, Б. Кун, Н.И. Бухарин, М.Х. Сұлтан-Ғалиев сынды коммунистермен танысты [2]. Энвер паша мен В.И. Лениннің ұзақ уақытқа созылған бетпе-бет кездесуінде мұсылмандардың жағдайы мен қаржы мәселелері талқыланды. Екеуінің де француз және неміс тілдерін жетік білуі мен Энвер пашаның бұл тілдерден басқа болгар тілінде емін-еркін сөйлесе алатындығына байланысты сұхбат аудармашысыз өткен. Кездесу циркулярының зерттеушілер қолына тимеуіне байланысты әңгіменің қай бағытта өрбігендігі беймәлім [2].
Кездесулер барысында Энвер паша большевиктердің негізгі екі топтан тұратындығына көзі жетті. 1) «әлемдік төңкерісті жүзеге асыру үшін» бастапқы кезеңде халықтардың ұлттық қозғалысына сүйеніп, тіпті большевиктерге бөтен болып келетін қанаушы тап өкілдерімен одақтасуды дұрыс көретін топ (В.И. Ленин, И.В. Сталин, М.Х. Сұлтан-Ғалиев, Т. Рысқұлов), 2) ешбір ұлттық ерекшеліктерге назар аудармай, тек таптық принциптер негізінде әлемдік төңкеріске жетуді дұрыс деп тапқан топ (Л.Д. Троцкий, Н.И. Бухарин, Г.Е. Зиновьев, С.С. Каменев, Е.А. Преображенский, Е.Д. Стасова) [2]. Энвер паша бірінші топтың өкілдерімен одақтасу жолдарын қарастырып, «Төңкерісшіл мұсылмандар одағының» басшысы ретінде Мәскеу мұсылмандарымен және республикалардың түрлі өкілдерімен кездесе бастады. Башқұртстан өкілдерімен өткен кездесуінде Ресей түркі халықтарымен кездесу мүмкіндігін берген қызыл әскердің құрметіне сөз сөйлеген ол, М. Сұлтан-Ғалиевтің аузынан «Болашақ Тұран Республикасы үшін» деген сөздерді естіді. Асадуллаев особнягіндегі Мәскеу татар жұмысшыларының клубында 300 адамның қатысуымен өткен кездесуіне Хорезм, Бұқара, Түркістан мен Әзірбайжанның ресми өкілдері, Ұлттар Ісі Халық Комиссариаты, Қызыл Әскер Саяси Басқармасының Шығыс Бөлімшесі, Сыртқы Істер Халық Комиссариаты мен басқа да мемлекеттік орындардың қызметкерлері қатысты. Онда РКП(б) қарамағындағы Шығыс халықтары коммунистік партияларының орталық бюросының төрағасы М. Сұлтан-Ғалиев аудармашы қызметін атқарды. Оның жеке пәтерінде өткен бірнеше кездесу барысында М. Сұлтан-Ғалиев пен Энвер паша бір-біріне адамдық тұрғыдан тілектестік білдіргенімен қарама-қайшы саяси пікірге ие екі тұлға ретінде аңғарылды. Коммунизм – М.Сұлтан-Ғалиевтің өмірлік мақсаты болса, Энвер паша үшін бар болғаны уақытша тактикалық құрал еді [2].
М. Шоқай «Энвер паша большевиктермен Түркістан жеріндегі оқиғаларға қатысу туралы келіссөздер жүргізіп, нәтиже шығара алмаған болатын» деп жазса да [3], кеңес өкіметі тарапынан үлкен қолдау тапқандығы анық. Ол большевиктердің ұйымдастыруымен 1920 ж. 1-7 қыркүйекте өткен Шығыс халықтарының I құрылтайына қатысты [4]. Большевиктер Энвер пашаны шығыс халықтарының қолымен жүзеге асырмақ болған өздерінің «әлемдік төңкерісті жүзеге асыру» туралы құпия жоспарының көсемі ретінде әлемге осы құрылтайда жарияламақ болды. Алайда, құрылтайдың 10-минутінде көпшіліктің наразылығы салдарынан құрылтайды тастап кеткен Энвер паша құрылтай шешімдеріне (1-мұсылман және шығыс елдерінің ағылшындарға қарсы қозғалыстарына қолдау көрсету; 2-мұсылман және шығыс елдерінде қарулы жолмен төңкеріс ұйымдастырып, жергілікті демократиялық күштермен байланыс орнату; 3-мұсылман елдеріндегі мұсылман емес өкіметтерді танымау) сүйене отырып, саяси бағытынан ауытқымауды ұйғарды [4]. Энвер пашаның құрылтайды тастап кетуін В.И. Ленин, И.В. Сталин, М. Сұлтан-Ғалиев, Т. Рысқұлов басшылығындағы большевиктердің «шығыс мұсылмандарының көмегімен әлемдік төңкеріс жасау» жоспарының аяғынан шалу әрекеті ретінде бағалау қажет. Энвер паша кеңес өкіметі жоспарының жүзеге аспай қалуына қарамастан өз мақсаттарын жүзеге асыруды Түркиядан бастауды көздеп, Баку қаласында мұсылман халықтарының өкілдерімен кездесе жүріп, өз адамдарына Түркияда төңкеріс ұйымдастыру жолдарын қарастыруды тапсырды. Осы тұстан бастап большевиктер Энвер пашаның құпия әрекеттерінен үрейлене бастады.
Большевиктердің Бакуде еркін жүруіне кедергі жасауына байланысты Мәскеуге қайтып барған Энвер паша 1920 ж. қазанның басында Петроград-Ревель (Таллин) жолы арқылы Берлинге аттанды. Түркияда төңкеріс ұйымдастыру мақсатымен қару-жарақ сатып алып, қаржы мәселелерін шешуге арналған құпия ұйым құрып, отбасымен бірге Швейцария мен Италияда туристік демалыс күндерін өткізгеннен кейін, 1920 ж. 23 қазанда Будапештте жақтастарымен жоспарын талқылап, коммунистік бағытты ұстанған түрік және араб тілдерінде «Ливаюль Ислам» газетін шығара бастады. Баку құрылтайының резолюцияларын қолдайтындығын білдіріп, «Төңкерісшіл мұсылмандар одағы» орталығының Мәскеудегі жұмысын үдету жолдарын жоспарға енгізді. 1921 ж. 15 қаңтарда кеңес өкіметінің оның есеп шотына 500 000 марка қаржы аударуына байланысты Энвер паша 20 ақпанда Берлин-Рига-Мәскеу экспресс пойызымен 36 сағаттың ішінде Мәскеуге жетіп, «Метрополь» қонақ үйіне жайғасады [5]. Алғашқыда Энвер паша да, кеңес өкіметі де гректердің 1921 жылғы шабуылы мен түріктердің шегінісін түрік ұлт-азаттық қозғалысының күйреуі деп бағалаған болатын [6]. Кавказдағы түрік шекарасының бойына ерікті мұсылман әскерін жұмылдыруды ойластырған Энвер паша сәті келген тұста Түркияға кіріп барып [6], билікті өзіне қаратқаннан кейін түркі ұлыстарының азаттығына жетелейтін шығыс халықтарының империализмге қарсы төңкерісшіл қозғалысын бастап кетуді қысқа мерзімді жоспарының қатарына енгізді. Осы мақатпен ол Шығыс Түркістанға Халил паша мен Қажы Самиді, Ауғанстанға Aзмиді, Үндістанға Жамал пашаны, Түркияға Кіші Талят пен Наильді «Төңкерісшіл мұсылмандар одағының» жауапты өкілдері ретінде бекітті [6].
Энвер паша мен кеңес өкіметінің құпия саясатынан хабардар болған түрік үкіметі 1921 ж. большевиктерге Мұстафа Кемал паша мен Энвер паша арасында таңдау жасауы қажет екендіктерін білдірді [5, 278-279 б.]. Энвер пашадан қауіптенген М. Кемал паша «Энвер паша Анадолы жеріне аяқ басқан жағдайда тұтқынға алынсын» деген бұйрық шығарып, Энвер пашаға аз да болса қатысы болған адамдарды қатаң бақылауға алдыртты [6]. Энвер пашаның Түркиядағы адамдарын тұтқындап, басқаларын қудалап, туған інісі Нури пашаны Эрзурум абақтысына жаптыртып, немере ағасы Халил пашаны Кавказ жеріне жер аудартқызды [6]. М. Кемал пашаның саясаты Энвер пашаны қолдауға дайын болған большевиктердің терең ойланып, байыппен шешім қабылдау қажет екендігіне көзін жеткізді. Сондықтан, кеңес өкіметі М. Кемал пашамен келісімге келудің астыртын жолдарын қарастыра бастады [5, 278-279 б.]. Кеңес өкіметінің Англиямен 1921 ж. наурызда сауда-саттық туралы екі жақты келісім шартқа қол қоюы Энвер пашаның большевиктерге деген сенімін азайтты. Олардың ағылшындармен «мұсылман елдерін ықпал жасау алаңдарына бөлісуді» көздегенін аңғарған Энвер паша 1921 ж. мамыр-маусымда Түркістан мен Кавказ халықтарымен байланысын нығайтып, 27 маусымда өткен «Төңкерісшіл мұсылмандар одағы» жиналысында төңкерісшіл мұсылман халықтардың қозғаушы күші ретінде тек түркітектес халықтарға ғана арқа сүйеуге болатындығын жариялады [6].
1921 ж. 28 шілдеде М. Кемал пашаға қарсы әрекетке бармайтындығы туралы Г.В. Чичеринге уәде берген Энвер паша Кавказға баруға жолдама алады. Тамыз айында Батумиге жеткен ол гректердің Түркияның Афьон, Кютахья, Эскишехир қалаларын жаулап алып, Анкараға жақындауы салдарынан түріктердің жеңіліске ұшырауы мүмкін екендігі туралы болжам жасайды. М. Кемал паша өкіметі жеңіліске ұшыраған жағдайда Түркияға кіріп бару жоспарының өзектілігі артты. Энвер паша 5-8 қыркүйекте Батумиде «Түркия Халық Кеңесі» партиясының құрылтайын өткізіп, Батумиге жақын орналасқан грузин-түрік шекарасын кесіп өту және түрік жауларына қарсы күресу туралы қаулы шығарғанымен М. Кемал пашаның Энвер паша жоспарларын жоққа шығару мақсатымен дер кезінде шара қолданып, Түркияның шығыс шебінде орналасқан армия құрамындағы оның жақтастарын ел ішіндегі басқа қызметтерге тағайындап тастауы Энвер пашаның өз жоспарын жүзеге асырудан бас тартуға мәжбүрледі. 1921 ж. 23 тамыздан 12 қыркүйекке дейін созылған Сакария шайқасында түріктердің гректерді ойсырата жеңуі, кеңес өкіметінің ашық түрде М. Кемал пашамен одақтасу жолдарын қарастырып, қаржылай әрі әскери көмек көрсете бастауы Энвер пашаның Жамал пашамен кездесу үшін Түркістан жеріне (Чарджоу қаласына) аттануына себеп болды [5, 288-289 б.]. Түркияға қатысты Энвер паша жоспарына кеңес өкіметінің қолдау көрсетіп жатқандығына наразы екендігін Г.В. Чичеринге білдірген М. Кемал паша батыс елдерімен одақтасып, Кавказға шабуыл жасау мүмкіндігіне ие екендігін алға тартып, Мәскеуді бопсалап қорқытты. Бұл бопсадан үрейленген Мәскеу М. Кемал пашаға «біздің Энверды қолдауымыз ертек болып табылады», – деген жауап қайтарды. Бұл жауапты елемеген түрік үкіметі большевиктерден Энвер пашаға қатысты нақты шара қолдануды талап етті. Г.В. Чичерин 1921 ж. желтоқсанда маңызды әскери-саяси миссиямен Түркияға аттанған М.В. Фрунзе арқылы «Баршаға танымал мұсылман адамды тұтқындау мүмкін емес деп есептейміз. Ол Батумиге келген тұста біз оған кедергі бола алмадық, бірақ ешбір көмек көрсетпедік, көрсетіп те жатқан жоқпыз», – деген хабар салды. Осы тұста Энвер паша болса, Кавказда емес, әлдеқашан Түркістан жеріне аяқ басып үлгерген болатын [1].
Энвер паша Батумиден 1921 ж. 27 қыркүйекте жолға шығып, Тбилиси – Баку – Қызылсу – Ашхабад – Мерв – Байрамали [6] жолы арқылы Чарджоуға жетіп, Жамал пашамен кездесе алмағаннан кейін оның Бұқарада екендігін естіп [7, 330 б.], Бұқараға аттанды. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Осман империясы теңіз әскери күштерінің министрі қызметін атқарып, соғыстан кейін бірге Германияға қашқан Энвер пашаның саяси әріптесі Жамал паша 1920 ж. ауған әміршісі Аманулла ханнан өзінің әскери кеңесшісі болуға ұсыныс алған болатын [1]. Жамал паша Ауғанстанға Мәскеу жолы арқылы барды. Мәскеуде большевиктер онымен келісімге келіп, оны да өз құпия жоспарында қолдануды ұйғарған еді. РСФСР СІХК-ның РКП ОК-не 1921 ж. 10 қарашада жолдаған аса құпия хатында «1920 ж. тамызда барлау әрі ауған әміршісінің сеніміне ие болып, жауапты қызметке орналасу мақсатымен жас түріктердің әйгілі қайраткері Жамал пашаны Ауғанстанға жіберген едік. Бүгінгі таңда ауған әміршісі Жамал пашаға үнді шекарасында орналасқан батыс армиясын қайта жасақтап, басқару қызметін тапсырған. Жамал пашаның жазуынша армияны қайта жасақтау ауған өкіметін қару-жарақпен қамтамасыз еткен жағдайда ғана мүмкін болмақ. Осы армияның жауапты қызметтеріне қызыл әскер мамандарын жіберу мүмкіндігіміз бар. СІХК жолдастарымыздың ауған армиясының құрамына енуіне, басқа бір жағынан ықпалымызға біршама тәуелді және ағылшын Үндістанына қарсы соғысқа қабілеті бар армияның жасақталуына аса үлкен мән бере отырып, әскери көмек көрсету және ауған армиясы үшін бір топ жолдастарды бөліп беру туралы шешім қабылдануын ұсынамыз. Ұсыныс қабылданған жағдайда шешімді жүзеге асыру жөнінде СІХК мен ТӘК-тің қысқа мерзім ішінде өзара келісімге келуін міндеттеу қажет» – деген мағлұмат большевиктердің әу-бастан Жамал пашаны өз жоспарына кірістіргендігін айғақтайды [1]. Кеңес өкіметі ауған армиясын ағылшындарға қарсы қару-жарақпен астыртын қамтамасыз ете бастайды [1]. Большевиктердің «үнді саясатын» өз қолына шоғырландыруға тырысып баққан Жамал паша алдағы жоспарын кеңес өкіметі басшыларымен талқылау мақсатымен Кабулдан Мәскеуге барар жолында Энвер пашамен Бұқарада кездеспек болғанымен бұл кездесуді қаламаған большевиктер оны ешбір темір жол станциясында кідірткізбестен Ташкент арқылы Мәскеуге шығарып салады [1].
1921 ж. 15 қазанда Жамал пашамен кездесу үшін Бұқара темір жол вокзалына келіп жеткен Энвер паша 8 қарашаға дейін (23 күнде) Бұқарада Бұқара Төңкерісшіл Комитетінің мүшесі Ф. Қожаев, қорғаныс нәзірі А. Арифов, қорғаныс нәзірінің орынбасары А. Риза, сыртқы істер нәзірі Х. Шайық сынды БХКР үкіметінің мүшелерімен, Бұқара жеріндегі РСФСР өкілдерімен, «Түркістан Ұлттық Бірлігі» құпия ұйымының жетекшісі А.З.В. Тоганмен кездесіп, алдағы саяси іс-әрекеттерінің негізгі төрт бағытын айқындады [8, 11 б.]. Олардың алғашқы үшеуі Бұқара жәдитшілерінің ұсыныстарынан туындады: 1) өз беделін пайдаланып, БХКР мен РСФСР арсында «көпір» болу және БХКР-ның күшеюіне ат салысу; 2) Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына қатысып, қозғалысты орталықтандыру арқылы Түркістан жерін Ресей ықпалынан азат ету; 3) Ауғанстан жеріне өтіп, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысын сол жерден басқару болса [6]; 4) Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына қатыспастан Мәскеу арқылы Берлинге жетіп, отбасымен қауышу еді. Энвер пашаның төрт бағытты да ұстанбақ болғанын бүгінгі таңға дейін жарияланған еңбектерден түсінуге болады. Оның Бұқара мен Мәскеу арасында «көпір» болуға келісімін білдіргендігі Мәскеуге жолдаған (мерзімі белгісіз) хатынан белгілі. Ол хатта: «Тәуелсіз Бұқара арқылы біз досымыз кеңестік Ресейдің төңкерісшіл басшылығымен Исламды Британия империализмінен құтқару міндетімізді табысты түрде аяқтап шыға аламыз. Мәскеу халық комиссарлары кеңесінен осында жіберілген және мұнда жау қолындай әрекет етіп жатқан қызыл әскерді кері шақыртуыңызды сұраймын. Қызыл әскердің Бұқарада қалуы ашаршылыққа тап болып отырған мұсылмандардың ең соңғы түйір азығының тартып алынуына және кеңестік Ресейге қарсы халық наразылығының күннен-күнге асқына түсуіне себепші болады. Өлкенің азық-түлігін және бағалы заттарының шетке тасымалдануын тоқтату қажет. Шығыс Бұқарада көтеріліс қаупі бар. Оның ықпалы басқа жерлерге де тарауы мүмкін. Үкімет басындағы бұқаралық комиссарлар чекисттер мен большевик әскері тарапынан террор мен қуғынға ұшырауда. Дербес, тәуелсіз жұмыс істеу мүмкіндігінен жұрдай. Мәскеуге қарсы наразылық білдірушілер қатары төңкерісшіл жас бұқаралықтармен толығуда. Мәскеу үшін ең маңызды саналатын Шығыс шебінде кеңес өкіметіне қауіп-қатер күшейгенін хабарлаймын. Өз өмірін қалау бойынша құру үшін Бұқара халқына толық мүмкіндік беру қажет. Бұқара халқының өтініші бойынша мен кеңес өкіметі мен Бұқара республикасы арасында алда өтуге тиісті кездесулерде Бұқара халқына уәкілдік етуді өз міндетіме аламын. Бұл үндеуіме тез жауап берілуін, оны талқылау үшін өкілдер тағайындалуын, кездесу орны мен уақыттың белгіленуін өтінемін. Мен өз тарапымнан желтоқсан айында (1921) Бұқарада кездесуді ұсынамын», – деп жазылған [9, 197 б.]. Бастапқыда кеңес өкіметінің тіл, дін, нәсіл және дәстүр туралы концепцияларынан бейхабар Орталық Азия халықтарын большевиктердің «автономия береміз» деген уәделері қуанышқа бөлеген болатын. Бұның куәсі болған Энвер пашаның өз хатында «Тәуелсіз Бұқара» сөз тіркесін қолдануы оның «тәуелсіздік» ұғымын «шетелдік ықпалдан толығымен азат болу» деген мағынада пайдаланғандығын көрсетеді [8, 11 б.].
Энвер паша 1921 ж. 27 қазанда Қағанда СФСР саяси төрағасы, шығыс барлаушысы, шығыстанушы Н. Юреневпен кездесіп, Жамал пашаның Бұқара арқылы өтетін уақытын анықтамақ болады. Н. Юреневтің Жамал пашаға жол берілмейтіндігі былай тұрсын, Энвер пашаның да бұл жерде немен айналысып жүргендігі большевиктерге мәлім екендігі туралы ескертпе сөздері Энвер пашаға Бұқарадан тез арада кетуінің қажеттілігін аңғартты [6]. 29 қазанда ол Берлиндегі туған інісі Камілге жолдаған хатында: «Бұдан былай Ресейге біздің адамдардан ешкім келмесін. Әкем де келмесін. Құдай қаласа, бұл жердегі өмірім ойдағыдай жалғасын табатын болса, бақытқа кенелеміз. Отбасының ауыртпашылығы сенің мойныңда. Бәріңді бір Аллаға тапсырдым», – деп жазды [10, 250 б.]. 30 қазанда Энвер паша Берлиндегі саяси әріптестеріне жолдаған хатында: «1) Батуми мен Мәскеуден жолдастарымның келуіне дейін осы жерде боламын. Хиуа мен Түркістандағы жолдастарымыз туралы мәлімет алу үшін бірнеше адамды осы жаққа шақырдық. 15 қарашаға дейін осы жерде жиналады. Жағдайды сараптағаннан кейін нәтижені хабарлаймыз. 2) Бұдан кейін Жамал бауырымыздың келуіне дейін, яғни көктемге дейін Бұқара мен Түркістан жерінде жағдайға қарап әрекет жасаймыз. 3) Бұқараның жаңа үкіметі, бір жыл болды, көптеген қиыншылықтарға қарамастан жағдайды өз бақылауының астына алу үшін жұмыс атқаруда. Бұл туралы Назым бей толық мәлімет жеткізеді. Мәскеу өкіметі Бұқара мен Хиуаның ішкі жағдайына араласпастан тек осы жерлерде орналасқан өз әскерімен әлек. Бұл жылы ауру салдарынан қызыл әскер үлкен зардап шекті. Душанбе маңында 800-ге жуық қана қызыл әскер бар. Соғысамыз деп қиын жағдайға тап болған. 4) Түркістан мұсылмандары қазіргі жағдайда Мәскеу саясатының халықтың қалауын есепке ала отырып, жүзеге асырылуына байланысты бұрыннан жалғасып келген қанаушылықың жойылатындығына үлкен үміт артуда», – деп жазады [10, 251-252 б.]. Оның Бұқараның түркі большевиктерімен орнатқан байланыстары мен кеңес өкіметіне жолдаған ұсыныс хаты Мәскеу большевиктерін қатты мазалады. Хатқа жауап берудің орнына Энвер пашаны «британ агенті» деп айыптап, ТАКСР сыртқы істер халық комиссары Геппнер арқылы ауған әміршісі Аманулла ханмен Энвер пашаға қарсы одақтасуға және бұрынғы Бұқара әміршісі Саид Әлім ханды «Энвер паша Бұқара, Түркістан, Ауғанстан мен Үндістан әміршісі болуды көздеуде» деген пайымға сендіруге тырысты. Большевиктердің бұл саясаты Энвер пашаны оның екінші саяси бағыты болып табылатын Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына қатысу туралы шешім қабылдауына итермелеген болатын.
Энвер паша Бұқараны тастап кеткеннен кейін, 1921 ж. 14 қарашада БХКР КП ОК Мәскеуден келіп жеткен «Бұқарадағы Энвер паша бүлігінің көзін жою аса маңызды тапсырма болып табылатындығы туралы» циркулярды жергілікті партиялық және кеңестік органдарға жолдап, Ферғана облысында әскери диктатура орнатып, әскери диктатор қызметіне Түркістан шебінің ТӘК мүшесі П.И. Барановты тағайындады [11]. Большевиктердің бұл іс-шарасы Энвер пашаның Шығыс Бұқарада бүлік шығарып, жақын орналасқан Ферғана облысы көтерілісшілерінің сол бүлікке міндетті түрде қатысатындығын алдын-ала білгендігін аңғартады. 1922 ж. 1 қаңтарда кеңес өкіметі Душанбедегі РСФСР бас консулы Нагорнов арқылы Энвер пашамен байланысып, оның жоспарларын білмек болды. Одан бүкіл шығыс халықтарын, тіпті жапондар мен қытайлықтарды да біріктіру жобасын қалайша жүзеге асырмақ екендігінің мазмұнын түсіндіріп беруін сұраған [12]. Энвер паша 12 қаңтарда Нагорновқа жолдаған хатында өзінің халықтар азаттығы туралы көзқарасының Мәскеу мен Лондонда бұрыннан мәлім екендігін, Бұқараға келе салысымен өзін-өзі басқару принциптерінің Ресей қарамағындағы мұсылман халықтарының ішінде бос сөзден басқа ешнәрсе емес екендігіне көз жеткізгендігін, Шығыс Бұқара жерінде кеңес әскерінің жан түршігерлік қылмыстар жасап, қалалар мен ауылдарды тонап, талан-таражға салғандарының куәсі болғандығын, олардың мұның бәрін қорғану мақсатымен істегендеріне сене алмайтындығын, сол себептен халықтарды империалистік қанаушылықтан азат ету принциптерін жүзеге асыру үшін ең әуелі Түркістан, Бұқара, Хиуа жеріндегі шыдауға төзгісіз большевик үстемдігін құлатудан бастау қажет екендігін жазды. Егер де кеңес өкіметі шығыс халықтарымен бірігіп, ерікті одақ құру жолында оларға, әсіресе мұсылмандарға өз тағдырын өзі анықтау құқығын беруден бас тартса, өзінің қарулы күреске дайын екендігін және бұл оның соңғы сөзі екендігін білдіріп, Нагорновтан өзінің бұл шешімін Мәскеудегі жолдастарға жеткізуін сұранды [12]. 1922 ж. 14 қаңтарда жолдаған екінші хатында келісімге келіп, мәселені Мәскеусіз-ақ шешуді ұсынған Нагорновқа Энвер паша 16 қаңтарда жауап хат жолдап: «Қосып айтар еш нәрсем жоқ. Ресей үлкен апаттан аман қалуды қаласа түркістандықтар мен бұқаралықтардың жерін босатып, оларға өзін-өзі басқару құқығын берсін», – деген талап қойды [12]. Тек өз мақсатына ғана қол жеткізуді көздеп, Ресей түркі халықтарының саяси бірлігіне мүмкіндік беруді қаперіне де алмаған кеңес өкіметін бастапқыда «саяси одақтасым» деп таныған Энвер паша осы соңғы хаты арқылы өзінің Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына қосылғандығын большевиктерге ресми түрде білдірді деп айтуға болады. Осы тұстан бастап Энвер пашаның большевиктермен саяси одағы жойылады.
«Ұлттық Одақ» жұмысының аясын БХКР-ның ішінде ғана емес, бүкіл Түркістан жерінде кеңейте түскен А.З.В. Тоган басмашылық қозғалысының нәтижесінде кеңестік Ресейден толығымен бөлініп шыққан жағдайда ауадай қажет болатын ұлттық армия мамандарын әзірлеу жұмыстарына кірісті [13]. 1921 ж. 13 қыркүйекте Кеңес өкіметінің Ферғана облысында төтенше жағдай енгізуіне байланысты БХКР үкіметімен бекіткен келісім шарт негізінде Дәулетменд бек пен Ишан сұлтан 15 қыркүйекте Қорғантөбені жаулап алып, 17 қыркүйекте Қарақамыш қыстағында өткен басмашылар құрылтайында Кеңес өкіметіне ультиматум жариялады. Ультиматумда кеңес өкіметі өз әскерін БХКР жерінен 10 күндік мерзім ішінде алып кетпеген жағдайда барлық бағытта шабуылға көшетіндіктері ескертілді.
1921 ж. басында БХКР жеріндегі кеңестендіру саясатына қарсы әлеуметтік құрамы әрқилы бытыраңқы қарулы топтар (группировкалар) қалыптасып, Шығыс Бұқарада: Балжуанда Дәулетменд бек, Кенткүрдте Ашур бек пен Салих мирза, Кулябта Ашур тоқсаба, Қорғантөбеде Тоғайсары, Данғарда Абдуқаюм парвоначи, Лақайда Ибрахим бек, Дарвазда Ишан сұлтан, Қаратегинде Фузайл махдум, Файзабадта Гаюр бек, Сары Асия мен Қаратағда Абдурахман бек, Бабатағда Хаит бек, Душанбеде Рахман датқа, Сурханда Хурам бек, Гиссарда Али Мардан бек пен Темір бек; Орталық Бұқарада: Қаршыда Жора қожа, Гүзарда Әулиеқұл қорбашы, Керкиде Құлмұхаммед бек пен Абдурахман батыр, Сарайкамар мен Алатағда Дастанқұл мен Тусан бай, Шахрисабз пен Яккабауда Жаббар соғыс қимылдарына көшті [13]. Кеңес өкіметінің халықтан жүйесіз түрде азық-түлік жинауы, алынған заттарға ақша төлеудің орнына қолхат берумен шектелуі, милиция қатарына халық арасынан адам жұмылдырудағы байпсыздығы, қызыл әскердің қарапайым халыққа оқ атып, әйел затына зорлық-зомбылық жасауы салдарынан Шығыс Бұқараның Гарм, Балжуан, Файзабад, Куляб, Қаратегин аудандарында 1921 ж. сәуір-мамыр айларында халық көтерілісі орын алды. Кеңес өкіметінің саясаты мен Бұқара халқының наразылығына тап болған ресми БХКР үкіметі кеңес өкіметінің жүгенсіздігіне балта шабу, елдің толық тәуелсіздігіне қол жеткізу мәселесін талқылау мақсатында 1921 ж. жазда Душанбеге аттанған А. Қожаев арқылы Шығыс Бұқара көтерілісшілерімен келіссөздер жүргізе бастады [13]. Халық көтерілісін бейбіт жолмен тыншытуды көздеген БХКР үкіметі көтеріліс басшылары Дәулетменд бекті Балжуанның, Ишан сұлтанды Гармның төңкерісшіл комитеттерінің төрағасы қызметтеріне тағайындады. 1921 ж. 12 тамызда Балжуан қыстағында өткен кездесуде Шығыс Бұқара қызылдардан азат етілген жағдайда жергілікті билік Дәулетменд бек пен Ишан сұлтанға тапсырылатындығы, өз кезегінде көтерілісшілер қаруын тапсырып, БХКР үкіметін мойындайтындығы туралы келісім шартқа қол қойылды [13].
22 қыркүйекте 4000-ға жуық адамымен Душанбедегі қызыл әскер гарнизонын қоршауға алған Ибрахим бек Балжуан мен Куляб аудандарындағы көтерілісті өршітіп, көтерілісшілердің 25 қыркүйекте Гиссар мен Кафирниханды өздеріне қаратып, бұрынғысынан да күшейе түсуіне себепші болды. 1921 ж. қазанның ортасына дейін Файзабад, Куляб, Гарм, Қорғантөбе, Кафирнихан, Гиссар, Каратегин аудандарын қызылдардан азат еткен көтерілісшілер өз штабын Көкташ маңындағы Мазар-ы Мәулана қыстағына орналастырған Ибрахим бекті Шығыс Бұқара азаттық қозғалысының басшысы деп таныды [13].
1920-1921 жж. Шығыс Бұқара азаттық қозғалысының күшеюі мен қызыл әскердің осы аумақта жұмылдырылуына байланысты өзін еркін сезіне бастаған Батыс және Орталық Бұқара (Бұқара мен Кармана аудандары) халқы Абдулқаhар молданың басшылығымен көтеріліске шықты. Батыс Бұқара көтерілісшілерінің саны 10 000 адамнан асып түсті.
Энвер пашаның Бұқараға келуі қарсаңында Шығыс Бұқарада Ибрахим бек пен Даулетменд бектің, Батыс Бұқарада Абдулқаhар молданың басшылығымен жалғасқан Бұқара азаттық қозғалысы БКХР-ның түкпір-түкпірін қамтыған еді. Энвер пашаның келуімен Бұқара азаттық қозғалысының жаңа кезеңі басталып, басмашылық қозғалысы Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының сипатына ие бола бастады [13].
Бұқарада үлкен қошеметпен қарсы алынған Энвер паша БХКР сыртқы істер нәзірлігіне қарасты «Дилкуша» сарайына жайғасып, 1921 ж. 16 қазанда Берлиндегі туған інісі Кәмілге «Ақыры Бұқараға жеттім. Сами де қасымда. Мемлекеттегі жағдайдың ойдағыдай болуына байланысты бұл әрекетім мақсатым мен елім үшін пайдалы болар деген ойдамын. Әзірге осы жақта боламын. Өйткені, ниетіме салып Берлинге барсам екінші рет бұл жаққа келу мүмкіндігім болмайды. Алла қаласа, жуық арада жағдай айқындалса, жеңгеңді саған тапсыратын боламын. Олар менің бұл дүниедегі өмірім, барым солар. Солар үшін қызмет атқарып жүргенімді біледі. Сол себептен, өзімді аз да болса осылайша жұбатамын. Бұқарадан шығып барар жерім, бәлкім 1 айдан кейін қарулы көтерілісшілердің қасына барып, олардың жағдайымен танысармын», – деген хатын [10, 249 б.] жолдағаннан кейін БХКР ХНК төрағасы Ф. Қожаевпен кездесті. Ф. Қожаев осы тұста ресми сапармен Байсунда жүрген БХКР ББТК төрағасы Осман қожаға Энвер пашаның Бұқараға келгенін хабарлады. Осман қожа Ширабат ауданының гарнизон басшысы, 15 жыл бұрын Осман империясының III армиясында Энвер пашамен бірге қызмет атқарған Хасан бей арқылы Энвер пашаға хат жолдап, оның келуіне қуанышты екендігін білдіре отырып, аумақта қалыптасқан жағдаймен таныстыра келе, жуық арада кездесуді қалайтындығын білдірді [11, 196-197 б.]. Осман қожаның хатына жауап ретінде Энвер паша «Құрметті эфендім! Бұқарада Хасан бей бауырымнан сәлеміңізді алдым. Әзірге кездесе алмайтындығым үшін өкініштімін. Дегенмен, мақсат пен көңіл бір болса, әлбетте бір күні кездесерміз. Ешкімге хабар берместен Халил эфендиді саяхатшы ретінде Ауғанстанға жібердім. Сізге арнайы сәлемдемемді жеткізеді. Бұқарадағылармен аман-есен қоштастып кеттім. Қош болыңыз! Сізді бір Аллаға тапсырдым», – деген хатын жолдайды [14]. Бұқарадан шықпас бұрын Энвер пашаның «Ұлттық Одақ» басшысы А.З.В. Тоганға «Мен Бұқарадамын, тез жетуіңізді өтінемін», – деген мазмұнда хат жолдап, онымен бірнеше рет кездескендігі белгілі. Бұқарадағы ауған елшілігінің ғимаратында А.З.В. Тоганмен құпия кездесу өткізген Энвер паша басынан өткергендері туралы қысқа қайырып айтып, өзінің Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына қандай көмегін тигізе алатындығын сұраған. А.З.В. Тоганның естелігінде: «Энвер пашаның жуық арада жүзеге асырмақ болған нақты жоспары немесе мақсаты болмай шықты», – деген ой қорытындысы Энвер пашаның қойған осы бір сұрағына ғана негізделеді [14]. Энвер пашаның А.З.В. Тоганға мұндай сұрақ қоюының бірден-бір себебі оның большевиктерден күдер үзіп, ендігі жерде «Ұлттық Одақ» мүшелерімен, яғни Түркістанның жәдитшілерімен одақтасу жолдарын қарастыруында жатыр деп есептеуге болады.
А.И. Пылевтің пайымдауынша «Тәуелсіз Түркістан Республикасын құруды көздеген Энвер паша прогресшіл Бұқара либералдарымен байланыс орнату үшін «Ұлттық Одақ» құпия ұйымының басшысы А.З.В. Тоганмен кездесудің қажеттілігін сезінген болса, А.З.В. Тоган Энвер пашаны «Ұлттық Одақ» мүддесі үшін пайдалануды көздеді» [16]. А.З.В. Тоган естелігінде Энвер пашамен болған өз сұхбаттарын жеткізумен шектеліп, «Ұлттық Одақтың» Энвер пашаға қатысты саяси ниеті туралы сөз қозғамай, Энвер паша сұрағанда ғана өз пікірін білдіргендігін жазады. Сол себептен, А.З.В. Тоган мен Энвер паша арасындағы бар-жоғы алты кездесудің қалай өткендігін анықтау Энвер пашаның бағыт-бағдарына байланысты тұжырым қалыптастыру мүмкіндігін берері анық. А.З.В. Тоган Бұқара ғана емес, бүкіл Түркістан жәдитшілерінің де құпия басшысы болуына байланысты екі тұлға арасындағы сұхбат Энвер пашаның Бұқара жәдитшілерімен саяси қарым-қатынасын ашып көрсетеді. А.З.В. Тоган естелігінде Энвер пашаның Бұқараға келу күні «1921 жылдың 20 желтоқсаны» деп көрсетілген [14]. Бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтындығына байланысты А.З.В. Тоганның еңбектерінде орын алған кейбір даталарға сын көзбен қараған жөн деп білеміз. Энвер пашаның Бұқараға келу күнін көрсетуде оның қателескендігі есепке алынғанымен «Энвер пашамен алғашқы рет кездескен күнін ұмытпаған болуы мүмкін» – деген пайым негізінде төмендегі даталарды негізге алуды дұрыс деп таптық.
1921 ж. 23 қазанда өткен бірінші кездесуде Энвер пашаның «Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына қандай көмегімді тигізе аламын» деген сұрағына жауап ретінде А.З.В. Тоган оның екі түрлі жолмен: 1) Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына қатысу арқылы; 2) ауған жеріне өтіп, сол жерден жәрдем беру арқылы көмектесе алатындығын айта келе, Энвер пашаның ауған жеріне өтуі орынды болатындығы және бұл мақсатта көмектесуге дайын екендігін білдірген. Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына өзінің қатысуын не үшін қаламайтындығын сұраған Энвер пашаға А.З.В. Тоган төмендегідей мәселелер туындайтындығын айтады. Ол мәселелер: «1) Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы Ресеймен соғысқа айналып, большевиктермен келісу мүмкіндігі жойылады; 2) Шетелден жәрдем алу мүмкіндігі жойылып, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы халықаралық мәселеге айналады; 3) Ақ гвардияшылдар Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына көмектесуден бас тартады; 4) Қызмет басындағы жолдастар Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының немесе кеңес өкіметінің жағын таңдауға мәжбүр болады; 5) Көмек көрсеткен сыртқы күштерге сенімсіздік арта түседі; 6) Партия ішіндегі жолдастар қарсылық танытады; 7) Кеңес өкіметі бар әскери күшін аумаққа жұмылдырады; 8) Кеңес өкіметі «панисламизм» мен «пантюркизмнен» онсыз да хабары жоқ халыққа Энвер пашаны «панисламист» әрі «пантюркист» деп танытып; 9) Қызылдар мен ақтар ортақ жауы Энвер пашаға қарсы одақ құрады», – деп көрсетеді А.З.В. Тоган 1921 ж. Түркістан жерінде ауыл шаруашылық өнімдерінің аз өндірілгендігіне байланысты ешбір аумақ 4000-5000 адамнан артық әскерді асырай алмайтындығын айтып, Энвер пашаның аз уақыт Ауғанстанда болып, Түркістанда оңтайлы жағдай қалыптасқаннан кейін қайта оралып, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысын басқаруына болатындығын, осы бағытта «Ұлттық Одақ» өз көмегін аямайтындығын білдіреді [14]. Энвер пашаның «Түркістан жәдитшілері «мұсылман» мен «түркі» бірлігін не себепті қаламайды» деген сұрағына А.З.В. Тоган: «1) зиялы қауымды есептемеген жағдайда, жергілікті халық тек османлы халифін ғана танып, оны тек Түркияның сұлтаны деп біледі; 2) халық өзінің Түркия түріктерімен мәдени байланысы бар екендігінен хабарсыз, олардың түрікше сөйлесетіндігін білмейді; 3) большевиктер исламшылдық пен түрікшілдікті халыққа болымсыз жағынан танытуына байланысты большевиктермен байланысы барлар бұдан бойын алшақ ұстауға тырысады; 4) Стамбулда оқып қайтқандар болмаса, жергілікті халық (тіпті қажылар да) өз басының қамымен әлек болып, түркілердің саяси бірлігі туралы ешнәрсе естімеген, сол себептен түркістаншыл болып кеткен; 5) Түркістан мен Түркияның ортақ саяси мақсатының болуы мүмкін екендігіне сенетіндер жоқ; 6) Олар «Түркиялықтармен одақтасамыз деп, қиял соңына түсіп, большевиктерді ашуландырып алмайық», – деген пікірді ұстанады немесе ондай пікірі де жоқ», – деп жауап берген. А.З.В. Тоганның жауабынан кейін Энвер паша жоғарыда аты аталған екі жолдан басқа үшінші жолдың да бар екендігін, яғни Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына қатыспастан Мәскеу арқылы Германияға қайтуына болатындығын айтқанда А.З.В. Тоган бұл оның жеке өзі шешетін мәселе екендігін, басқа да адамдармен ақылдасса дұрыс болатындығын, оның Бұқараға келуін пайдаланып, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысын қуаттандыру мүмкіндігінен айырылмау қажеттілігін; Берлинге қайтқан күнде де Талят пашаның басына келген нәрсе оның да басына келмейтіндігінің кепілдігі жоқ екендігін айтып, сұхбатын аяқтап, кездесу соңында Энвер пашаға өз хатын табыс еткен [14].
1921 ж. 24 қазанда БХКР сыртқы істер нәзірі Х. Шайықтың үйінде өткен екінші құпия кездесуге өзімен бірге Қажы Сами бейді ертіп келген Энвер паша А.З.В. Тоганға оның он төрт баптан тұратын хатын оқығандығын, ондағы мәселелер туралы ойлану үстінде екендігін айта келе, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының жағдайы туралы толыққанды мәлімет алғысы келетіндігін білдірді. А.З.В. Тоган бұл мәселеге байланысты бар білгенін, көтерілісші топтардың саны, басшылары, олардың мінез-құлықтары туралы мағлұмат береді. Энвер пашаның Бұқара жәдиді Абдулқадир мирза мен Самарқанд жәдиді Экабиршахтың оны (Энвер пашаны) Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының басшысы болуға шақыруы туралы нендей пікірдесіз деген сұрағына А.З.В. Тоган аталмыш жәдитшілермен алыстан араласқаны дұрыс болатындығын айтып, Энвер пашаның Ауғанстанға баруын қайта ұсынды. Энвер пашаның ауған әміршісі Аманулла ханға сенім артуына Қажы Сами бейдің қарсылық танытуына байланысты А.З.В. Тоган оның сөздеріне тойтарыс ретінде Энвер пашаны қате әрекетке салудан өзінің аулақ екендігін білдірді [14]. Кездесу аяқталғаннан кейін кешкі уақыттың бірінде А.З.В. Тоганмен кездесу үшін Х. Шайықтың үйіне қайтып келген Қажы Сами А.З.В. Тоганға Энвер пашаның Берлинде өлтірілуі мүмкін екендігін, Түркістанға келуі үлкен жетістік болып табылатындығын, әрекеті нәтижесіз аяқталған күнде де Түркістан ұлт-азаттық қозғалысын халықаралық деңгейге шығаратындығын, Түркістан бұл ғасырда азаттыққа жете алмаған күнде де Энвер пашаны үлгі тұтқан келер ұрпақ бұл Отанды азат ете алатындығын айтып, одан Энвер пашаның Берлинге қайтуына қарсылық білдіруін өтінеді. А.З.В. Тоган егер Қажы Сами Энвер пашаның Ауғанстанға баруына қарсылық білдірмейтін болса, бұл өтінішін орындауға дайын екендігін білдірді [14].
1921 ж. 25 қазанда өткен үшінші кездесуде Энвер паша өзінің Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына қатысуына оның не үшін қарсы екендігін сұраған сауалына А.З.В. Тоган қарсылығының жоқ екендігін, тек қалыптасқан жағдайға байланысты өз пікірімен бөліскендігін жеткізсе, 26 қазанда өткен төртінші кездесуде Энвер паша Ауғанстанға өту туралы шешім қабылдайды. А.З.В. Тоган Энвер пашаның Ауғанстанға баруына дайындық жүргізгенімен [14] Бұқарадағы жағдайдың өзгеруіне байланысты Энвер паша бастапқы шешімінен бас тартып, күні белгісіз бесінші кездесуде Шығыс Бұқарада көтерілісшілер мен зиялылардың құрылтайын өткізуді жоспарлағанын хабарлаған. А.З.В. Тоганнан бұл құрылтайға хиуалық, қазақ, ферғаналық, түркімен делегаттарының келуін қамтамасыз етуді сұранады. А.З.В. Тоганның мұның мүмкін емес екендігін, оның ауған жеріне өтуі қажет екендігін айтуына байланысты жақтырмаған сыңай танытқан Энвер паша оны М. Хакимбай мирзаның үйінде өткен үш-төрт адамдық жиынға (күні белгісіз, А.З.В. Тоган мен Энвер пашаның соңғы алтыншы кездесуі) шақырып, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына қатысу мүмкіндігінің бар екендігін, ауған жеріне өту жоспары ойда тұрса жақсы болатындығын жеткізіп, көзіне жас алады. Ауған жеріне өтсе, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына қатысу мүмкіндігі екінші рет туындамайтындығына байланысты бел буғандығын жария етіп, түркістандықтардың дайын емес екендігін, жақын арада да дайын болмайтындығын айта келе, большевиктерге қарсы күресу үшін не істеу керек болса, соны жылдамдатудың аса қажеттілігін, өзін түркілердің ата-мекенінде екендігін, жергілікті халықты осы күреске шақыруды қалайтындығын түсіндіреді [14]. А.З.В. Тоганнан кеңес өкіметінің жуық арада қызыл әскер бас қолбасшысы С.С. Каменев пен қызыл атты әскер қолбасшысы М. Буденныйдың басшылығымен 100 000 жауынгерді Бұқараға жібергелі жатқандығы туралы хабарды естіген Энвер паша: «Түркістанның азаттығы үшін күресу зәру қажеттілік. Кімде-кім бұл адамдыққа жат өмірді жалғастыруды қалаған болса, осылайша өмір сүруге шыдап, күндердің бір күнінде басымызға міндетті түрде келетін өлімнен қорыққан болса, міне сол адам келер ұрпақтың қарғысына лайық. Бірақ, біз азаттық үшін күресіп, келер ұрпақты құлдық пен тәуелділіктен азат бір өмірге жеткізу үшін өлімге бас тігуге әрдайым әзір болуды қалаймыз», – деп жауап қатады [5, 199 б.]. 1921 ж. 4 қарашада Энвер паша Берлиндегі інісі Кәмілге: «Мазам қашты. Уақытым да аз. Ол былай тұрсын, бұл жерде күтпеймін. Ертең бе, арғы күні ме, Мәскеуден жедел хат келеді. Осыған қарай барлық нәрсені әзірледім. Алла қаласа, жексенбінің таңында (1921 ж. 6 қарашада) жолға шығамын. Жеңгең мен кішкентайларым саған аманат. Мен үшін бұл дүниедегі барым солар екендігін ұмытпай, өз бауырлық борышыңды ойдағыдай орында. Сенің мәрттігіңе сене отырып, жүзеге асырмақ болған әрекеттерімде Хақ Тағаланың жәрдемі бізбен бірге екендігіне еш күмәнім жоқ. Жалғыз қалсақ та, мақсатымызға жету үшін жолды жалғастыр. Бәріңді бір Аллаға тапсырдым. Сұлтанымның (жұбайымның) ар-намысын қорғап қалу үшін тырысып бағыңдар. Олай болмаған жағдайда, өліп кетсем де, ол күн мен үшін бар нәрсенің құрдымға кеткен күні болады», – деп жазса [10, 252 б.], 7 қарашада жұбайы Наджия сұлтанға арнап әскери күнделігіне «Кеше Хиуа мен Бұқара орталықтарына хат жолдадым. Хаттарыма Ұлы Тұран төңкерісшіл әскерінің қолбасшысы, бас орталықтың басшысы деп қол қойдым. Қылыш қынабынан шықты. Енді толық жеңіске жеткеннен кейін ғана қайтамын. Алла бұл үлкен күресте мені жалғызсыратпасын. Шарасыз қалған түркі мен мұсылман әлеміне арнап батаңды аяма, Наджием», – деп жазып [5, 199 б.], 8 қарашада құрамында Қожа Хаим, Қажы Сами, Бартынлы Мухиддин, Нафик, Халил есімді түрік офицерлері бар 74 адамдық әскери жасағымен бірге большевиктерге «аң аулаймыз» деген желеумен Бұқара қаласынан шығып кетеді [5, 200 б.].
Бұқара жәдитшілерінің өзара бірлік сақтай алмауы, бір бөлігінің БХКР-ның азаттығын мақсат тұтуы, екінші бөлігінің кеңес өкіметімен қоянқолтық жұмыс атқаруы олардың саяси жағынан қауқарсыздығына әкеп соқты. Энвер паша жәдитшілердің саяси қауқарсыздығын біле тұра олармен А.З.В. Тоган арқылы саяси одақ құрмақ болды. Бұқара жәдитшілерінің үлкен бөлігінің Энвер пашаны Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының басшысы ретінде Бұқара жерінде емес, ауған жерінде көргісі келгендігі оны Бұқара кадимшілерімен саяси одақ құру жолдарын қарастыруға итермелеген болатын. Энвер пашаның шешімінен хабардар БХКР ХНК төрағасы Ф. Қожаев А.З.В. Тоганмен кездесіп: «Энвер паша көтерілісшілерге қосылатын болса, көңіліміз қаламаса да оған қарсы аянбай күресуімізге тура келеді», – деп көзіне жас алған болатын [14]. Кеңес өкіметін қолдаған Бұқара жәдитшілері Энвер пашаға қатысты саяси ұстанымын осылайша білдірген еді.
Бұқара жәдитшілерінің қызыл әскер көмегімен 1920 ж. 1 қыркүйекте жүзеге асырған қарулы төңкерісінің нәтижесінде Бұқарны тастап, Шығыс Бұқараның орталығы Гиссарға қашуға мәжбүр болған Бұқара әміршісі Мир Саид Әлім хан Түркістан кадимші күштерінің өкілі еді. Большевиктер мен жәдитшілерден өз билігін қайтару мақсатымен Гиссарда әскер жиып, қолбасшы қызметтеріне Мұхаммед Саид бек, Абдулхафиз бек, Ибрахим бекті тағайындаған Саид Әлім хан шетелден көмек қарастырды. Ұлыбритания королі V Георгқа арнап Делидегі ағылшын генерал-губернаторына 1920 ж. 12 қазанда жолдаған хатында: «Көмекке зәрумін. Мәртебелі тақсыр! Маған мемлекеттік қарыз ретінде 100.000 фунт стерлинг, қосалқы бөлшектерімен бірге 20 000 мылтық, 30 пулемет пен толық жарақталған 10 ұшақ беру арқылы қамқорлық танытуыңызды сұраймын. Аты аталған жабдықтар өкілдеріме тапсырылса қуанышты болар едім. Қызылдармен қалай соғысу керек екендігін жақсы білетіндігіңіз үшін 2 000 дайын әскер Қаратегін жолы арқылы жіберілсе өте жақсы болады. Бұл, арамыздағы достық пен ынтымақтастығымыздың артуына септігін тигізеді», – деп корольден жәрдем сұрады. Ағылшын өкіметі қалаған жағдайда «шақыру» болып табылатын бұл хатты негізге ала отырып, Бұқара әмірлігінің жеріне кіріп баруына да болар еді. Алайда, Делидегі аумақтық жауапты қызметкер Д.Т. Моунтистің (D.T. Monteath) Саид Әлім ханның хатына қосымша пікірін: «Ынтымақтастық ешбір жағдайда мүмкін емес. Ресейге қарасты мемлекеттердің біріне көрсетілген мұндай жәрдем соғыстың басталуына себеп болуы мүмкін», – деп жазуы [6], ағылшын стратегиясы бойынша Бұқара хандығының Ресей империясының бөлінбес бір бөлігі ретінде қарастырылуы, Саид Әлім ханның Ресейге қарсы бүлік ұйымдастырушы ретінде бағалануы Ұлыбританияның көмек көрсетуі былай тұрсын, оның хатына жауап жазуды да қажет деп таппауына әкеп соқты [6]. Кеңес өкіметі 1921 ж. ақпанның аяғында Гиссарға қызыл әскер жіберіп, Саид Әлім ханды Куляб ауданына ығыстырды. Он күнге созылған Куляб шайқасында жеңіліс тапқан Саид Әлім хан қасындағы 300-ге жуық әскерімен 4 наурызда ауған жеріне өтті. Кеңес өкіметіне қарсы күресті жалғастыру ісін Ибрахим бек пен Дәулетменд бек сынды қолбасшыларына тапсырып, Ауғанстан мен басқа да мемлекеттердің жәрдеміне қол жеткізіп, елге қайтып келуді көздеген ол өмірінің соңына дейін елін аңсаумен өткен болатын [6].
Саид Әлім ханның 1921 ж. наурызда Ауғанстанға кетуінен бастап Энвер пашаның 1921 ж. қарашада Шығыс Бұқараға келуіне дейінгі уақытта Шығыс Бұқара азаттық қозғалысын Ибрахим бек басқарды. 1889 ж. дүниеге келген, өзбектердің лақай руы қоныстанған аудандарында Гиссар бегі, Қарақұл бегі атанған, Бұқара әміршісі Саид Әлім хан тарапынан Mириван бегі және артиллерия қолбасшысы қызметтеріне тағайындалған, Саид Әлім хан елді тастап кеткеннен кейін оның атынан 1926 ж. дейін кеңес өкіметіне қарсы Шығыс Бұқарада күрес жүргізген Ибрахим бек 1921 ж. қарашада Қарамеңді қыстағында реакцияшыл кадимшілердің 5 000 адамдық мәслихатын ұйымдастырады. Дәл осы мәслихатқа Шығыс Бұқара кадимшілерімен саяси байланыс құрып, олармен одақтасу мақсатымен Энвер паша келіп жеткен еді [15]. Қарамеңді қыстағына келер жолында Энвер пашаға өз адамдарымен Ширабад ауданының әскери нәзірі, полковник Хасан мен Термез милициясының бастығы Осман қосылды. Энвер паша жасағын Каршиға жақын орналасқан Жыллыкөл (Қыллыкөл) қыстағында Шығыс Бұқара азаттық қозғалысы басшыларының бірі Нафиз молда қарсы алып, Абдулхаким тоқсабаның үйіне жайғастырады [5, 200 б.]. Энвер паша 1921 ж. 9 қарашада Абдулхаким тоқсаба ауласының бақшасында көтерілісші қолбасылардың жиынын өткізіп: «Бауырларым! Мен бұл жерге Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына қатысқалы келдім. Араларыңыздан кімде-кім бізбен бірге жұмыс атқаруды қаласа, менің айтқан антымды қайталасын. Егер де, бала-шағасының қызылдар қолында қалып қоюынан қорқса, оны да ашып айтсын. Бұйырамын. Ондай адам қаруын тапсырып, өз білгенін істесін», – деп сөз сөйлген [5, 200 б.]. Жиынға қатысушылар оның ұсынысын қабылдап, Түркістан азаттығы жолында бірлікке берік болатындығы туралы Алланың алдында ант етеді. Б. Хайит: «Энвер паша 1921 ж. 9 қарашада 2.500-ден астам жасағы бар көтерілісшілердің басқа бір басшысы Тоғайсарының қонысы Қорғантөбе қыстағына барып, қуанышпен қарсы алынды», – десе, М. Иркаев пен В. Медведев: «Тоғайсары мен Ашур тоқсаба Ибрахим бектің тапсырмасы бойынша қасына 200 нөкер ертіп, Жыллыкөлдегі Энвер пашаны тұтқындап, оның шын мәнісінде кім екендігін анықтау мақсатымен Ибрахим бек отырған мәслихатқа жеткізді», – деп жазған. Осы тұстан бастап Б. Хайит пен А.И. Пылевтің және М. Иркаев пен В. Медведевтің оқиғаларды түсіндірулері әр түрлі болып келеді.
Энвер паша 1921 ж. 28 қарашада Ибрахим бекке қарасты Қарамеңді қыстағына, 29 қарашада Арал қыстағына келіп, Али Мардан тоқсабаның үйінде қонақтаған. 30 қарашада Энвер пашаның кеңестік Ресейге қарсы соғыстың жоспарын талқылау үшін келгендігін хабарлауына байланысты Ибрахим бектің тапсырмасы бойынша Энвер паша жайғасқан Али Мардан тоқсабаның үйі қоршауға алынып, 1 желтоқсанда Ибрахим бектің адамы Зияддин махдум молданың: «Сіздер бізді Бұқара өкіметімен татуластырмақшысыздар. Күдігіміз сейілгенге дейін қаруларыңыздың бізде болуын қалаймыз», – деген уәжі негізінде Энвер пашаның жасағы қарусыздандырылып, тұтқынға алынады. Энвер паша мен Қажы Сами бейге тапаншаларын тапсырмау рұқсатын берген Ибрахим бек Энвер пашаны «большевик агенті» деп есептеуіне байланысты «Шын Энвер паша болып-болмағандығы белгісіз» деген желеумен тұтқындар лақай руының орталығы Көкташ қыстағына жайғастырылады. М. Иркаев пен В. Медведевтің айтуынша Энвер пашаны Тоғайсары тұтқындаған. Көкташ қыстағында Ибрахим бектің басшылығымен өтіп жатқан мәслихаттың үстіне түскен Энвер паша көпшілік тарапынан «кәпір» деп айыпталып, «өлім жазасына» кесіле жаздаған. Ибрахим бектің арашы болуының арқасында Энвер пашаның өзі екендігін растайтын Ауғанстаннан мәлімет келгенге дейін тұтқын ретінде Көкташ қыстағында қалатындығы туралы шешім қабылданған. 1927 ж. оқиға куәсі болған адамдардың аузынан дерек жинап, Ибрахим бек туралы мақала жариялаған В. Васильевичтің жазуынша «мәслихат Көкташ қыстағында емес Қарамеңді қыстағында өткен», Энвер паша Көкташ қыстағына мәслихаттан кейін жеткізілген».
1921 ж. 1 желтоқсанда Энвер паша Ибрахим бектің Көкташ қыстағындағы тұтқынына айналады. Оның жасағының Ибрахим бек тарапынан тоналғаны туралы Энвер пашаның қасында болған Нафи бейдің Көкташтан 1922 ж. 12 қаңтарда Анкарадағы досы Джавид бейге жазған хаты куә: «Қазір Энвер пашаның қасындамын. Джавид, саған ешнәрсе жазбаймын. Бар айтарым, біз бұл жерде жергілікті халықтың тарапынан бар нәрсемізден айырылып, тоналдық. Сол себептен, төмендегі тізімде көрсетілген заттарды салып жібер. Әзірге ақшам болмауына байланысты бір нәрсе қылыңдар. Алдағы уақытта орнын жабамын. Джавид, не қылсаң о қыл, мына заттарды тез арада жөнелт. Өйткені, тырдай жалаңашпын. Мұсылмандарға қызмет ету осындай болады екен ғой. Әсіресе, бұқаралықтарға. Алайда, Алла қаласа жағдай жақсы болады деген үмітіміз бар. Бір қабат киім, бойымның ұзындығы 1,55 см; бір қалпақ; 1 қонышы биік ағылшын аяқ киімі, размері 41.5; 2 комплект іш киім; 1 өкшелік (тепкі); 1 белдік; бірнеше қол орамал; 1 шинель» [10, 258-259 б.]. Ибрахим бек Энвер пашаны тұтқында ұстағанымен оның жағдайын жасап, құрметті қонағындай күтіп, қонақтармен кездесуіне рұқсат берген. Көкташта осындай кездесулердің бірінде 1921 ж. 8 желтоқсанда Энвер паша БХКР қорғаныс нәзірінің орынбасары Али Ризамен, БХКР ББТК төрағасы Осман қожамен (Усман Пулатходжаев) сұхбаттасады. Ұзақ уақытқа созылған бұл сұхбаттың не туралы болғандығы әлі күнге дейін белгісіз. Дегенмен, 1921 ж. 9 желтоқсанда Душанбеде орын алған «Осман қожа бүлігі» зерттелетін болса, Ибрахим бектің тұтқыны болып отырған Энвер пашаның бұл бүлікке тікелей қатысы болғандығын түсіну мүмкін болар еді. Себебі, кездесуден кейін Энвер паша Ибрахим бектің рұқсатымен Душанбедегі Осман қожа мен Али Ризаның қасына Қажы Сами беймен бірге өзінің екі адамын жөнелткен болатын [5, 202 б.].
1922 ж. қаңтардың басында Ибрахим бектің Энвер пашаны тұтқынға алғандығын естіген ауған әміршісі Аманулла хан Көкташ қыстағына өз елшісі Нұруллах ханды жібереді. Осы оқиғадан кейін Ибрахим бек Энвер пашаны тұтқыннан босатып, Шығыс Бұқара азаттық қозғалысы қолбасшыларының құрылтайын ұйымдастырады. Саяси бағдарламасын баян еткен Энвер пашаны құрылтайға қатысушылар Шығыс Бұқара азаттық қозғалысының «бас қолбасшысы» етіп сайлайды. Энвер паша құрылтайда өзінің Түркістанға мұсылмандар мүддесі үшін күресіп, қызылдар тарапынан аяқ асты етілген мұсылманның құқығын қорғау үшін келгендігін, Бұқара тағына көз тікпестен, большевиктерді Тәжікстан мен Бұқара жерінен қуып шыққаннан кейін міндетті түрде Саид Әлім ханды өз тағына отырғызатындығын жариялайды. Құрылтайдан кейін Энвер паша ауған елшісі Нұруллах хан мен Бұқара әміршісінің өкілі Ахмет бекті Ауған жолына шығарып салып, Нұруллах хан арқылы Аманулла ханға жолдаған хатында өз мақсатын түсіндіріп, қызылдарға қарсы күрес жүргізу үшін оның кідірместен жәрдем беретіндігіне үміт артатындығын білдіреді [17]. Басы тұтқындалыумен басталған Энвер пашаның кадимшілермен саяси қарым-қатынасы ауған әміршісі Аманулла хан мен бұрынғы Бұқара әміршісі Саид Әлім ханның араласуымен «Шығыс Бұқара азаттық қозғалысының бас қолбасшысы» қызметіне сайлануының нәтижесінде олармен әскери одақ құруымен жалғасын тапты. Большевиктердің тұрақсыздығы мен жәдитшілердің қауқарсыздығы Энвер пашаның саяси одақтас ретінде кадимшілерді таңдауына мәжбүрлеп, оның Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы барысындағы саяси қарым-қатынастары жаңа қажеттіліктер мен таңдау жолдарын қалыптастырған болатын.
Энвер паша Осман империясының Бірінші дүниежүзілік соғыста Антанта одағынан жеңіліс табуынан кейін бұл одақтың басты мүшесі Англияға қарсы күресті жалғастырудың жолдарын қарастырып, өзіне саяси одақтас табудың ізденістері ішінде болған тұста алдынан өз көмегін ұсынып большевиктер шыққан болатын. Большевиктер Энвер пашаның дүние жүзі мұсылман халықтарының арасында танымал болуын есепке ала отырып, оны шығыс халықтарын большевизм идеясына тартуға, Англияның отарларында азаттық қозғалыстар ұйымдастыру арқылы коммунистік идеяларын бүкіл әлемге жаюды көздеді. Алайда, большевиктердің ағылшындармен жақындаса бастауы Энвер пашаның Кеңес өкіметіне сенімсіздік танытуына әкеп соғып, оның Ресей құрамындағы мұсылман түркі халықтарының көсемдерімен саяси одақ құру жолына итермелеген еді. Түркі халықтарының жәдидизм ағымының көрнекті өкілдерінің бірі А.З.В. Тоган арқылы жәдитшілермен жүргізген келіссөздердің нәтижесінде түркі халықтарын орыс және ағылшын империализміне қарсы күреске бастауды көздеген Энвер паша жәдитшілердің оған Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына қатыстырмастан ауған жеріне өтуін ұсыну арқылы онымен саяси одақ құруды қаламайтындығын түсінді. Сондықтан, түркі халықтарының кадимизм ағымымен саяси одақ құру мақсатында Шығыс Бұқараға аттанып, сол тұста кадимшілердің қарулы күштерінің басшысы Ибрахим бек арқылы Түркістан кадимизмінің өкілі, Бұқара хандығының бұрынғы әміршісі Мир Саид Әлім ханмен саяси одақ құрды. Кадимшілердің өз араларында берік саяси одаққа ие болмауының салдарынан Энвер паша қозғалысы діттеген мақсатына жақындағанымен, кезеген нысанасына дөп тигізу мүмкіндігінен жырақта қалып қойды. Болшевиктердің Энвер пашаға берген саяси уәдесінде тұрақсыздық танытуы, жәдитшілердің Энвер пашаның Түркістан ұлт-азаттық қозғалысқа қатысуын қаламауы, ал кадимшілердің Энвер пашаға толығымен бағынбауы оның Орталық Азия жерінде қаза тауып, қозғалысының жеңіліске ұшырауының негізгі себептері болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |