ИРАННЫҢ ЯДРОЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ МАҚСАТЫ
XXІ ғасыр адам баласының жаһандану кезеңіне аяқ басып, әлемді жаңарту бағытында көптеген ғылыми өзгерістерімен таңдандыруда. XX ғасырдың 40-жылдарынан бастау алған ядролық қарудың негізі адамзат қоғамының қауіпті дертіне айналып, «Атом өндірісінің» бағыттары бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналуда.
XX ғасырдың бірінші ширегінде әлемдегі ұлы державалар арасында қару-жарақ бәсекелестігі орнаған болатын. Алғашқы ядролық қаруды жасау мен сынаудағы бестік мемлекеттер: 1945 жылы Америка Құрама Штаттары, 1949 жылы Кеңес Одағы, 1952 жылы Ұлыбритания, 1960 жылы Франция, 1964 ж. Қытай Халық Республикасы. Ядролық қарудың пайда болғанынан бастап әлемдегі ядролық қаруы жоқ мемлекеттерге саясатта өз өктемдігін жүргізе бастады. Ядролық державалардың мұндай әрекеті мемлекеттер арасында тұрақсыздық тудыратыны анық еді. Осы аталған елдер Халықаралық Атом энергетикасы агенттігінің (МАГАТЭ) бақылауымен 1967 жылы 1 маусымда Венада Ядролық қаруды таратпау келісімшартына (ДНЯО) қол қойды. Ядролық қаруды таратпау келісімшартының келесі тармағының IV бабына сәйкес ядролық қаруы жоқ мемлекеттерге «Бейбітшілік мақсатта ядролық энергияны өндіруге, пайдалануға, зерттеуге» құқылы екендігін жеткізді. ЯҚТКШ-ның кейбір тарауларына келіспеушілігін білдірген бірнеше мемлекеттер келісім-шарттың ұлттық алалау сыңайларының барын атап өтті. Үндістан, Пәкістан, Израиль, ОАР және Бразилия өздерінің ядролық қаруларын жасауды бастады. ХХ ғ. 80-жылдарында ОАР мен Бразилия өзінің ядролық арсеналын жойды. Алғашқы бес ядролық алпауыт мемлекеттер кейінгі мемлекеттердің ядролық қару жасау әрекетіне кедергі бола алмады. Олар өздерінің ядролық зерттеу жұмыстарын ЯҚТКШ-ның негізінде жүргізді. Ядролық державалардың ішіндегі әлемдегі алғашқы АЭС-тің негізін қалаған Кеңес Одағының ғылымға қосқан жаңалығы ядролық технологияның жетістігінде әскери және саяси, бейбітшілік маңызы жағынан әлемдегі елдердің қызығушылығын тудыратыны анық еді. Келісімшарт негізінде Кеңес Одағының жетпіс жылдық билігінен кейін, кеңестік билігіндегі мемлекеттер өз егемендігін алып, шет мемлекеттермен байланысын жаңа тұрпатта жүргізе бастады. Әлемді дүр сілкіндіріп, дүрбелең дүниені діңгегінен ұстаған Кеңес үкіметі өз құдіретінен айырылды десек болар еді, бірақ Ресей Федерациясы өзінің ықпалын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында (ТМД) жоғалтпады. Әлемдік саясаттағы дағдарыстың ықпалы көптеген елдермен бейбітшілік тұрғыда қарым-қатынасты шешті деп айта алмаймыз. Кеңес Одағының ыдырауы бақталас державаның бірі АҚШ және Еуропа мемлекеттері үшін үлкен жеңіс болды. АҚШ-тың Таяу Шығысқа және Орта Азияға ықпал етуіне кедергілер болмады. Америка Құрама Штаттары мен Еуропа мемлекеттері үшін Иран Ислам Республикасының Ресей Федерациясымен уран өндіру және атом электр станциясын (АЭС) қолға алуы үлкен қобалжулар тудыруда. Иран Ислам Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы ядролық бағыттағы бірлескен іс-жобалар саяси әлемдік деңгейде маңызды орынға ие болуда. Ресей Федерациясы 1992 ж. тамыздағы Иран территориясында АЭС «Бушер» жобасын бейбітшілік бағытта қолдану және іске асыру келісімшарты негізінде қосымша келісімшарт 29.08.1998 ж. «Атомстройэкспорт» жасалды. 1997 жылы Ресейдің атом саласының көрнекті маманы академик, атом энергетикасының министрі болған В.Н. Михайлов Ғылыми жиында ядролық энергияны бейбітшілік мақсатта қолдануда ешбір тосқауылдың болмайтындығын, ядролық энергетиканы меңгеруде мемлекеттер санының артатындығын айтқан [1].
Иран Ислам Республикасының ұлттық ядролық бағдарламасы ғылыми техникалық саладағы дамытуды әр мемлекеттің аясындағы ішкі қарым-қатынастарына тиесілі мүдде ретінде қарастыры-лады. Бұл факторлар Ресей немесе Иран мемлекеті үшін ішкі саяси бағыттарды бекемдеуге ықпал ететіні анық. Ирандағы радикалды саяси партиялардың көзқарасын өзгертіп, әлемдегі басты мәселеге айналуы мүмкін деген үрей бар. Иран мемлекетін өз қолымызбен ядролық алпауыт мемлекеттердің қатарына қосылуына мүмкіндік берудеміз. Ресей үкіметіне Иран Ислам Республикасымен ядролық бағытта саяси-техникалық байланыс жасап, ықпал жасағандығы үшін АҚШ тарапынан жан-жақты қысым көрсетілуде. Америка Ресейге Иранға ракета-ядролық бағдарламасын сатты деген айыптаулармен Ресей мекемелеріне санкциялар жүргізді. Иран мемлекеті аймақта өзінің өктемдігін ядролық қарумен қоқан-лоққы көрсетер болса, АҚШ пен Израиль мемлекеті бірлесіп соғыс күшін көрсететінін айтты [2].
Иранның ядролық бағдарламасының бейбітшілік бағытта еместігінен көрші мұсылман елдері де алаңдауда деген ақпараттық ағымдардың таралуы Ресей-Иран ядролық бағыттағы ғылыми-техникалық қарым-қатынасқа қарсы америкалық, еуропалық, израильдік мамандардың теріс көзқараста екендігін аңғарамыз. Батыстың зерттеуші мамандарының ғылыми тұжырымдамасында ішкі саясат пен сыртқы саясат тұрғысынан Иран Ислам Республикасын «террористік мемлекет» және де адам құқықтарын сақтамайтын жабайы деген пікірде. Осы айтылған пікірлер Ресей мен Иран арасындағы ғылыми-техникалық ядролық бағдарламасының теріс жақтарын аңғартатыны анық. Бірақ Ресей маман-дарының бұл пікірлерге қосылмайтындықтарын (РИСИ) А.В.Новикова, (РАН) А.А. Кокшкина т.б. Ресей сараптамашыларының көзқарасынан біле аламыз.
Иран Ислам Республикасы әлемдегі ядролық елдердің қатарына енер болса, Пәкістан және Үндістан қатарлы мемлекеттерге қосылары анық. Иран мемлекеті уран мен ядролық бағыттағы бағдарламасын іске асыру жобасын тек бейбітшілік мақсатта қолданатынын айтуда.
XXI ғасыр ғылымның ғасыры екені баршамызға аян, жетістіктер жылдап емес, сағаттап өзгерістер әкелуде.
Иран елінің үш мыңжылдық тарихында өркениеттің өзегінің бар екенін тарихи жәдігерлер дәйекті дәлелдер беруде. Жоғарыда айтып өткендей, ғылымдағы жетістіктерді әрбір мемлекет бейбітшілік мақсатта қолдануға құқылы екеніне сүйене отырып, ғылымдағы жетістіктерді жандандыруға мүдделі.
Иран Ислам мемлекетіне атомдық энергия не үшін қажет деген сұрақ туады. Осы сауалдың жауабын құрлықтағы ядролық алпауыт мемлекеттердің өздері беріп отыр. АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Қытай мемлекеттері сияқты мемлекеттердің ядролық ғылым саласындағы көптеген ғылыми жетістіктері дәлел болады. Иран мемлекетінің бұдан басқа да саладағы жетістіктерінің өзі бір басына жетіп артылуда. Иран Ислам Республикасының ұраны - ғылымда, саясат саласында және басқа да салаларда тәуелді болмау, сондықтан Иран өзінің жеке энергия өндіру өндірісіне атом қуатын қолдану арқылы елде ядролық күш-қуатын пайдалану мүмкіндігіне ие болу.
Алматыда пресс-клубта журналистермен Қазақстандағы Иран Ислам Республикасының төтенше және ресми өкілі Рамин Мехмонпарас мырзамен кездесу өтті. Пресс-конференция бүгінгі таңда әлемдегі өзекті мәселеге айналып отырған «Иранның ядролық бағдарламасы: (МАГАТЭ) ХАЭА мен қызметтесуі және әлемдік қауымдастықтың көзқарасы» атты тақырыпты қамтыды. Иран Ислам Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Рамин Мехмонпарас мырза «Иранның ядролық бағдарламасының» бейбітшілік мақсатта жобаланғандығы жөнінде және де ядролық қарудың әлемде таралуына Иран елі кесімді түрде қарсы екендігін атап өтті [3].
Халықаралық атом энергия агенттігінің басшысы Мұхаммед әл-Барадеидің есеп беру жиынында Иран елінің ядролық бағдарламасына АҚШ, Ұлыбритания және Израиль тарапынан тағылған жалалар негізсіз деп табылды. Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рамин Мехмонпарас АҚШ-тың Иран елінің ядролық бағдарламасына жасап отырған қысымы мен жаласын негізсіз деп, Әлемдік қауымдастық және Халықаралық атом энергетика агенттігі жалған ақпараттың анық-қанығына жететіндігіне тоқталып өтті. Елші мырза ұлы Иран халқының «Ядролық бағдарламадағы» шынайы мақсатының кіршіксіз таза екендігіне және де, негізінде милитаристік мақсаттың жоқтығына тоқталып өтті.
Дүние жүзіндегі дамушы мемлекеттер өздерінің өндірісте және тағы басқа салаларда даму мүдделерін қорғауы және атом саласындағы жетістіктерін бейбітшілік мақсатта қолдануға мүдделі. Халықаралық Атом Энергетикасы агенттігінің (ДНЯО) негізінде осы бағыттағы мемлекеттердің бейбітшілік тұрғыдағы атом саласын дамытудағы бағыттарын бақылап, көмек көрсетуі керек.
Америка Құрама Штаттарының және оның ықпалындағы мемлекеттердің ғылыми-техноло-гиялық жетістіктерге қол жеткізген мемлекеттерге жасап отырған қысымы деп атап өтті. Елші мырза Иран елінің сәуірдің 10-күні «Ядролық технология саласында» жеткен жетістіктерін атап өтетіндігін жеткізді [4].
Иран Ислам Республикасы «Ядролық қаруды таратпау келісімшартының» баптарына сәйкес барлық ережелерді орындау және келісімшарт негізінде ядролық энергияны бейбітшілік мақсатта электр энергиясын өндіруде, өндірісте, медицина саласында, биология және гидрология, т.б салаларда қажетке жарату болып саналады [5].
Иранның ядролық бағдарламасы қашан басталды және АЭС-нің салынуы нендей мақсатта деген сұрақ туады?
Иран Ислам төңкерісіне дейін Иран шахтық-монархиялық биліктің ықпалында, Мұхаммед Реза шах Пехлеви өзінің жобасында елде атомдық энергетиканы қолға алуды жобалаған болатын. Демек, жобаның бастауы ХХ ғ. 70-жылдары жолға қойылды. Тегеран университетінде атом орталығын құрып, зерттеу жұмыстарына кіріскен болатын.
Иранның ядролық бағдарламасының алғашқы қадамына қолдау білдірген АҚШ-тың өзі болатын, 1967 жылы Иран шахы Мұхаммед Резаға 5 МВ-тық қуаты бар атомдық реакторды берген болатын. Атом электр станциясының құрылыс жобасын жасау Германия мен Францияның үлесіне тиді.
1968 жылы Иран ЯҚТКШ-на қол қойып, 1970 жылы бекітті. 1974 жылы «Иран атом энергия ұйымы» (ИАЭҰ) құрылып, батыс елдерінің және АҚШ-тың қолдауымен 30 мың доллор тұратын
23 ядролық тоқ қуатын өндіретін блоктардың жобасы ұсынылды. Жобаның орындалу мерзімі
25 жылға есептелген болатын.
Иран шахы Мұхаммед Реза Пехлевидің осы жыл аралығында «Иранның ядролық қаруды басқалар ойлағандай уақыттан тез арада игеретініне сенімдімін» деген сөзі Еуропа және АҚШ-тың Иранға деген саясатына кедергі болды. Көп ұзамай шах бұл сөзін қайта алды.
Иранның ядролық бағдарламасына Израиль мемлекетінің тікелей демеуші болғанына қазір сену қиын болар. Дегенмен, сол уақытта қазіргі Израильдің басшысы Шимон Перес Қорғаныс министрінің орынбасары болатын, ол Иран шахымен Тегеранда кездесіп, Бушердегі атомдық реактордың құрылысына серіктес болуға өз ұсынысын жасаған болатын. 1968 жылғы Тель-Авивтегі халықаралық ғылыми конференцияда ирандықтардың израильдіктермен серіктес болу ұсынысы қалыптасқан болатын. Атом энергетикасының негізін салуда Иран елінде Ислам төңкерісіне дейін Израиль атом орталығының мамандары еңбек етті. Бүгінгі таңда Израильде Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі мәселелер күрделі орында тұр. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның Израильге ресми сапарындағы саяси тақырыптардағы басты мәселелердің бірі болды.
Санкт-Петербург қазіргі Таяу Шығыс орталығының ғылыми қызметкері, шығыстанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Гумер Исаев Иранның ядролық бағдарлама мәселесіне қатысты бірнеше пікірлерді айтады. Алғашқыда Иранның ядролық бағдарламасының демеушісі болған мемлекеттердің бірі АҚШ, Германия, Франция болатын, бұл мемлекеттер Ирандағы шахтық режим құламағанға дейін «ирандық ядролық бағдарламаға» ешбір қарсылық көрсетпеді. Иран Ислам төңкерісінен кейін америкалық, батыстық саясатқа қарсы қозғалыс басталғаннан кейін америкалықтар Иранның ядролық бағдарламасына қарсы пікірлерді тарата бастады, өйткені Иран Батыс елдерінің мәдениетінен бас тартып, ықпалын тоқтатты. Иранда ядролық қарудың барлығы қаншалықты шындыққа жанасаты-нына және де бұған қандай пікірде болуымыз керек деген сауалға нақты жауап беру қиынға соғады.
Иранның ядролық қарудың иегері болуы бір жылдың емес, бірнеше жылдың қажырлы еңбегін қажет етеді, өйткені Иранның ядролық қаруды аз уақытта игеруі техникалық тұрғыдан мүмкін емес. Кез келген ядролық зерттеу жұмыстарының екіжақты мақсатының бар екендігін ұмытпауымыз керек. Ядролық технологияны дамыту тарихына жүгінер болсақ, бірі - бейбітшілік мақсатында екіншісі - әскери салада дамытып келе жатқанына ядролық қарумен жарақтанған мемлекеттерден аңғарамыз.
Ендігі мәселе Иранның ядролық технологияны ғылыми тұрғыдағы дамыту жетістіктері бұнымен тоқтайды деген сөз емес. Ядролық қарудың қожайыны болу - әлемдегі саясаттың тұтқасын ұстау, құдіретті мемлекеттердің біріне айналу деген сөз. Ал бұған Иран елінің ұмтылмайтынына әлемдегі ешбір мемлекеттің, әсіресе АҚШ, Израиль сияқты елдердің сенуі мүмкін емес. Иран Ислам елінің ядролық қаруды игерген күннен бастап әлемге қауіп төндіреді деген сөз шындыққа жанаспайды.Иран Ислам Республикасы ислам шариғатына сүйене отырып, жаппай қыру қару-жарағының адамзат баласына және қоршаған ортаға зиянын тигізетінін ескере отырып, өзінің қорғаныс доктринасында химиялық, биологиялық жаппай қыру жарағына кесімді түрде қарсы екендігін айтады.
Араб мемлекеттерінде Иранның ядролық бағдарламасына деген қобалжулар тууда. 2006 жылы
2 қаңтарда Лондондағы «Әл-Хайят» газетінде саудтық зерттеуші Мансур Әл-Юсуфтың «Ирандық-ядролық реактор және Бұғаздағы тепе-теңдіктің бұзылуы» атты мақаласы жарық көрді. Мақаланың мазмұнында Араб елдерінің ядролық қаруының жоқтығын және қаруды жасау жоспарының болмауын алға тартады. Бушер АЭС-нің аймақтағы экологиялық ластануына әкелетінін және де 1986 жылғы Чернобльдегі қайғылы оқиғаны қозғады. Иранның бейбіт түрдегі ядролық бағдарламасынан Араб және Парсы шығанағы елдерінің қобалжулары негізсіз екендігін Иранның сыртқы істер басқармасының ресми өкілі Хамид Реза Асефи мырза пресс-конференцияда мәлімдеді ( ИТАР-ТАСС).
2006 жылы 11 сәуірде Иранның вице-президенті Ғұламреза Ағазаде мырза ядролық бағдарлама-сының жетекшісі мемлекеттік телеарнадан Иранның төменгі деңгейде байытылған уран алғандығына қол жеткізгендігін мәдімдесе, артынан ел президенті Махмұд Ахмадинеджад Иран елінің «Құдіретті ядролық мемлекеттердің қатарына» енгендігін мәлімдеген болатын. Бұл мәлімдеменің түбірінің тереңде жатқандығын аңғару қиындықты тудырмайды, осыдан 35 жыл бұрын Иранның монархиялық билігінің өкілі Реза шах Пехлеви әулетінің мұрагері айтқан болатын.
Орталық Азиядағы тұрақсыздық мәселесі - Америка Құрама Штаттарының саясаткерлерінің Иранның бүгінгі таңдағы мұсылман елдеріне тигізіп отырған ықпалына алаңдауда. Соның ішінде бұрынғы кеңестік одаққа мүше елдермен қарым қатынасының орнығу болса, келесі даулы мәселе - Ресей Федерациясының АЭС-тің төңірегіндегі жайлар.
Иранда 2006 жылы 26 тамызда ядролық реакторлардың шикізатын өндіретін зауыт іске қосылды. Зауыттың ашылу рәсіміне Иран Ислам Республикасының президенті Ахмадинеджад қатысты. БҰҰ-ның резолюциясына сәйкес Иран 2006 жылғы 31 тамызға дейін уранды байытуды тоқтату керек болатын. Бірақ Иран БҰҰ-ның ескертпесін елемеді, уранды байыту жұмысын жалғастырды. Осыдан бір ай бұрын Иранның БҰҰ-дағы өкілі Джавад Зариф «Иранның ядролық бағдарламасы бейбітшілік мақсатта екендігін және дүние жүзіне қауіп төндірмейтіндігін мәлімдеген болатын». 2008 жылдың 22 ақпанында МАГАТЭ Иранның ядролық бағдарламасының шынайы келбетін ашылмағандығы жайындағы мәліметтермен хабардар етті.
2008 жылдың 4 наурызында БҰҰ-ның ҚК-сі Иранның уранды байытуды тоқтату жөнінде жаңа резолюциясын қабылдап, алдыңғы екі резолюцияның талаптарын орындауды бұйырды. Құжаттарды қабылдауда 15 мүше мемлекеттің 14-і бір ауыздан мақұлдады. Резолюция күшінің орындалу мерзімі 90 күн ішінде іске асу керектігін Тегеранға ескертті. БҰҰ ҚК-нің бұл талаптарына Иран тез арада жауап қайтарды: Иран БҰҰ-ның жетегінде жүрмейді және ядролық бағдарламасын тоқтатпайды [6].
2008 жылы 22 қыркүйекте Мұхаммед Әл-Барадей басқарма кеңесінде зерттеу агенттігінің Иранның ядролық қаруға қатысты құжаттамаларының және ядролық қару жасау жобасының табылмағандығын мәлімдеген болатын. Бірақ ол өзінің БҰҰ ҚК-нің тарапынан қойған талаптарын орындамағандығына және де Иранның төменгі дәрежедегі уранды байыту жұмысын тоқтатпаған-дығына қатты қобалжулар білдірді. Егер Иран өзінің жарияланбаған ядролық құжатнамаларын, ядролық қару жасау жобалары жайында ақырғы шешуші жауабын бермесе, агенттік тарапынан қолдау көрсетпейтіндігін атап өтті. 2008 жылдың 29 қыркүйегінде Иран президенті Махмұд Ахмади- неджад БҰҰ-ның Нью-Йорктегі Жоғарғы Ассамблеясының пресс-конференциясында Иранның центрифугасында қолданылып жатқан урандық шикізаттың ядролық қару жасауға жарамсыз екендігін кез келген сарапшы дәлелдеп береді деді.
Ахмади-неджад Иран «ядролық бағдарламасын» Халықаралық атом энергетика агенттігінің бақылауында және Ядролық қаруды таратпау келісімшарт негізінде жұмыс атқарып жатқанын, жұмысты тоқтатпайтынын айтты.
Иранның ядролық бағдарламасына қатысты желтоқсанда Лондондағы Халықаралық стратегия-лық-зерттеу институтының директоры Марк Фитцпатриктің «Иранның ядролық дағдарысы және қиындықтан құтылу жолдары» жөніндегі пікірі Батыс елдерінің Иранға қатысты көзқарастарын өзгертіп, Иранға өзінің ядролық бағдарламасының дамуына мүмкіндік беріп, уранды байыту жұмысын мойындап, тек ядролық қару жасамауға көндіру болып табылады. Халықаралық атомдық электр станция агенттігінің жанындағы Иран елінің ресми өкілі Али Аскар Солтани мырзаның мәлімдемесінде Иранның ядролық зерттеу аймақтарындағы инспекция тарапынан бақылау жұмыстарының нәтижесінде заңға қайшы әрекеттердің байқалмағандығын айтты [7].
2008 жылы 16 желтоқсанда Иранға қысым күшейту үшін алтылыққа мүше елдердің қолдауымен Иранның соғыс мақсатындағы ядролық бағдарламасын тоқтату мақсатына араб елдерінің өкілдері-мен: Бахрейн, Мысыр, Иордания, Кувейт, Ирак, БАЭ, Сауд Араб елдерімен кеңесу кездесулерін өткізді. Араб елдері Иранның ядролық бағдарламасына алаңдаушылықтарын білдірді. 2008 жылы Иран елі Халықаралық қауымдастық тарапынын қолдау алмағанына қарамастан, ядролық бағдарламасының бейбітшілік мақсатта екендігін алға тартып жұмысын тоқтатпады. Иран ядролық қаруы бар Израиль мемлекетінің ЯҚТКШ-на қол қоймағандығын және де қоғам алдында ешбір жауапкершілікті өзіне жүктемейтіндігін айтады.
Шығыстанушы Гумер Исаевтің пікірінше Иранда нақты қазіргі уақытта ядролық қарудың жоқтығын айтып, келешекте ядролық қаруды игеруден қашпайтындығын және де ядролық державаға айналуды мақсат ететіндігін мынадай мысалдармен келтірді. Кез келген мемлекет, соның ішінде Иран ядролық технологияны игере отырып, ядролық қарудың иегері болуды мақсат етпейді деген сөз емес. Ядролық қару әлемдік саясаттағы күрделі фактор болып саналады. Ал Иранның құдіретті державалар санатына ену үшін ядролық қарудың орны маңызды.
Иран ядролық қаруға қол жеткізгеннен кейін әлемге қауіп төндіре ме деген сауалға «жоқ» деген кесімді жауап беріледі. Мысалы, Қытайдың көсемі Мао Цзедун Кеңес Одағының басшысы Хрущевтан атом бомбасын сұрағанда Америка Құрама Штаттарын жоюды мақсат еткен болатын, бірақ жаппай қыру жарағын иеленгенен кейін айтқанынан тайды. Иранның да жағдайы осылай болары хақ.
Иран президенті Махмұд Ахмеди-неджад Америкаға сапарында осы ел телеарнасының журналистеріне берген сұхбатында мынадай мәлімдеме жасады: «Біздің дініміз жаппай қыру жарағын жасауға рұқсат етпейді», - дей отырып, екі ел арасындағы қарым-қатынасқа тоқталып өтті. Осы жыл Иран Ислам Республикасы өзінің ядролық бағдарламасын өткізуде айтарлықтай табыстарға жетті. Бушер АЭС-нің құрылысы аяқталды.
___________________________________
1. Мелкумян Е.С. Отношение арабских государств залива к иранской ядерной программе. «Институт Ближнего Востока».
2. Мирский Г.И. Иран США: Противостояние на фоне «Ядерного кризиса» // Мировая экономика и международные отношения. - 2006. №7. - С 7-14.
3. Сажин В.И. профессор, востоковед. Эксперт института Востоковедения Российской академии наук, эксперт Института Ближнего Востока,
4. Мамедова Н.М. Иранская ядерная проблемма Ирана.
5. Иранская газета "Джомхури ислами" جمهوری اسلامی
6. Посольство Исламской республики Иран. - М., 29.05.08 №885. Некоторые замечания по поводу последнего доклада генерального директора МАГАТЭ Аль-Барадеи и о позици Исламской республики Иран в этой связи. Материал адресован зев.сектора Ирана Н.М. Мамедовой за подписью Г. Ансари, посла Исламской Республики Ирана в Р.Ф.
7. Пресс-конференция в Алматы с участием посла Исламской Республики Иран Рамина Мехманпарас. РК
А.Ж. Боранбаева
ҚАЗІРГІ ИРАНДАҒЫ ПАРСЫ ТІЛІНІҢ САЯСИ РӨЛІ
Қазіргі Иран аумағында иран тілдерінде ғана емес, сонымен қатар түрік және семит тілдері семьясына жататын тілдерде сөйлейтін әртүрлі ірілі-ұсақты халықтар мен тайпалар тұрады. XX ғасырда Иранның билеуші топтары парсы тілін елде мекен еткен сан алуан этнос өкілдерінің басын біріктіретін фактор ретінде таныды. Өткен ғасырдың 30-40 жылдары Иран үкіметі елді жаппай ирандау саясатын жүргізіп, парсы тіліне жалпыға ортақ ұлттық тіл сипатын беруге тырысқаны мәлім [6, 138].
1905-1911 жж. қабылданған Иранның алғашқы Конституциясында парсы тілінің статусы көрсетілмесе де, бұл тіл іс жүзінде ислам төңкерісіне дейін елдің жалғыз мемлекеттік тілі қызметін атқарды [3].
Ирандағы 1979 жылғы аятолла Рухолла Хомейнидің басшылығымен жеңіске жеткен ислам төңкерісінен кейін парсы тілі саяси статусқа ие болды. 1979 жылдың желтоқсан айында қабылданған елдің жаңа Конституциясына сәйкес, парсы тілі Иран Ислам Республикасының ресми тілі болып жарияланды. Бұл Конституцияның 2-тарауының 15-бабында «Парсы тілі мен парсы әліппесі Иран халқы үшін ресми және ортақ тіл мен әліппе болып табылады. Ресми құжаттар мен мәтіндер, ресми жазбалар мен оқулықтар осы тілде осы әліппемен жазылуы керек, алайда жергілікті ұлттық тілдер баспасөз бен басқа бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ мектептерде ұлттық әдебиеттерді оқыту үшін еркін қолданыла алады» деп жазылған [1, 73-74]. Конституцияда парсы емес ұлттарға олардың ұлттық тілдері мен мәдениетін сақтауға біршама құқықтар берілсе де, елдегі орта және жоғары оқу орындарында тек ғана парсы тілінде білім беріледі, сондай-ақ басқа ұлттардың тілдері бұқаралық ақпарат құралдарынан да шеттетіліп отырғанын айта кету керек. Пехлеви әулеті билеген Иранда парсы тілі аясында түрлі этностарды біріктіру саясаты жүргізілсе, Иран Ислам Республикасында бұл саясат бір дін мен бір тіл негізінде ынтымағы жарасқан мұсылман қоғамын құру түрінде өз жалғасын тапты. Себебі, Иран Ислам Республикасының негізін салған аятолла Хомейни діни факторды басты назарға алып, «Ислам қоғамы – бір ұлт» ұранын көтерген болатын [3].
Ислам төңкерісінен кейінгі Ирандағы парсы тілінің дамуы бірнеше ондаған жылдар бойы белсенді түрде жүргізілген мәдени төңкеріспен тікелей байланысты. Парсы тілі елдің рухани өмірінде, оның ішінде әдебиет, театр, кино және т.б. салаларда ислам идеологиясын насихаттаудың басты құралына айналды. Соңғы жылдары Иран басшылығы парсы тілінің дамуы мен таралуына көп көңіл бөлуде. Қазіргі Иранның жүргізіп отырған тілдік саясаты парсы тілін жалғыз мемлекеттік тілге айналдыру болып отыр. Бұл саясат ислам төңкерісінен кейінгі алғашқы жылдары жүргізілген тілдік саясаттан мүлдем басқаша сипатта. Қасиетті Құран тілі болып табылатын араб тілінің де парсы тілі секілді Иранда бұрын ресми статусы болмады. Төңкерістен кейін қабылданған жаңа Конституцияның 16-тарауының 2-бабына сәйкес барлық ел аумағындағы орта мектептерде араб тілін міндетті түрде оқытуға шешім қабылданып, бұл тілдің мәртебесі өсті [1, 74.]. Ирандағы жаңа билік араб тілін ел өмірінің барлық салаларында қолдану идеясын көтерген болатын. Араб тілін кең көлемде қолдануды насихаттаған елдің басты діни тұлғалары арнайы діни оқу орындарында білім алғандықтан, араб тілін жетік меңгерген болатын. Алайда бұл идея жалпы халық тарапынан қолдау таппай, бірте-бірте басылып қалды. Қазір Иранда негізгі мемлекеттік мерзімді басылымдар арабша аударылып басылады. Мемлекеттік ресми сайттардың араб тіліндегі нұсқалары бар. Ирандық ИРНА ақпарат агенттігінің барлық ақпараттары араб тіліне аударылып беріледі.
Иранда мемлекеттің тіл саясатын жүргізудегі басты құралы Парсы тілі мен әдебиеті академиясы болып отыр. Бұл академия көп жылғы үзілістен соң 1990 жылдың маусым айында өз жұмысын қайтадан бастады. Академия Пехлеви дәуірінде 1935-1941 және 1970-1978 жылдары әртүрлі салаларға арналған терминдер жасап, сөздіктер құрастырумен айналысқан болатын. Бұрынғы академия парсы тілін барлық шетел кірме сөздерінен тазартуды ту етіп көтерсе, қазіргі академия батыс европалық тілдерден енген кірме сөздердің баламасын табумен айналысуда. Сондай-ақ академия парсы тілінің сөздік қорының басым көпшілігін құрайтын араб лексикасын бұрынғыдай жат санамайды. Керісінше, қазіргі Иранда араб лексикасы парсы тіліне әбден сіңіп, жатық болып кеткен деп есептеліп, олардың негізінде жаңа сөздер жасауға болады деп саналады [3].
Парсы тілі үнемі Иран үкіметінің назарында. Иранның қазіргі президенті Махмұд Ахмадинежад парсы тілінің тазалығын сақтауға шақырып, 2006 жылдың 25 маусымында барлық мемлекеттік мекемелер мен бұқаралық ақпарат құралдарына кірме сөздерді ретсіз пайдалануға тыйым салатын президенттік Жарлық шығарды [7].
Иран басшылығы парсы тілін дамыту елдің бірлігін сақтап, оны елдің ұлттық ерекшелігі мен қайталанбас мәдениетіне қолдау көрсету шараларының бірі деп санайды. Иранның қазіргі діни көсемі аятолла Әли Хаменей өзінің 1996 жылғы қаңтарда Тегеранда өткен Бірінші әлемдік парсы тілі оқытушыларының ассамблеясында жасаған баяндамасында «Парсы тілі ирандықтар үшін де және т.б парсы тілдес халықтар үшін де ұлттық менталитеттің іргетасы, сондай-ақ мақтануға тұрарлық орасан зор мәдени құндылықтардың қайнар көзі болып табылады. Парсы тілінің көмегімен Иранның мәдени мұрасында проза түрінде де, поэзия түрінде де көздің қарашығындай сақталып қалған әлемде теңдесі жоқ ұлы даналық пен терең ойға қол жеткізуге болады. Парсы тілі Үндістан түбегі мен Орталық Азияда ислам дінін таратуда аса маңызды рөл атқарды» деп мәлімдеді [4, 137.]. Сондай-ақ Иранның бұрынғы президенті Мохаммад Хатами 2003 жылы Тегеранда өткен Бірінші ұлттық ирантану конгресінде сөйлеген сөзінде «Парсы тілі исламның алғашқы ғасырларынан бастап-ақ Алланың сөздерін түсіндіретін тіл ретінде қолданылып, қасиетті тіл статусына ие болды. Бұл тілдің көмегімен мұсылмандар да, мұсылман еместер де рухани жетістіктерге жетті» деген деректер келтіріп, аятолла Хаменейдің сөзін осындай дәлелдермен толықтырған болатын [3]. Тіпті, ислам төңкерісінің көсемі аятолла Хомейни «Егер ислам діні мен Иранның мүддесі екіге жарылса, мен исламды таңдаймын» дей келіп, «парсы тілі ирандықтардың ұлттық менталитетінің негізі және бүкіл аймақтағы ислам миссиясының құралы» екенін айтқан болатын [2].
Иранның Мәдениет және исламдық бағдар министрлігі парсы тілін оқытуды жетілдіру және оны тарату мәселелеріне арналған семинарлар мен жиналыстар жиі өткізіп тұрады. Парсы тілі мен әдебиеті академиясының президенті осындай жиналыстардың бірінде Иранның ішінде жүргізіліп жатқан тілдік саясаттың мәнін төмендегідей пікірімен анық ашып көрсетті: «Иранның тәуелсіздігін сақтау элементтерінің бірі оның ұлттық даралығын, оның ішінде бірінші кезекте парсы тілінің жалпыға ортақ тіл және бірліктің символы ретіндегі позициясын елде бар барлық диалектілер мен говорларды сақтай отырып, бұрынғы мол әдеби мұраға құрмет көрсете отырып, елдің мәдени өзіндік ерекшелігін сақтау арқылы күшейту» [4, 138]. Қазіргі таңда Иран басшылығы парсы тілін шет елдерде насихаттауға көп көңіл бөлуде. Бұл міндет арнайы мемлекеттік құрылым – Ислам мәдениеті мен байланыстары ұйымына жүктелген. Бұл ұйымның құрамында парсы тілін шет елдерге тарататын орталық бар. Орталықтың жүздеген қызметкерлері Иран Ислам Республикасының шет елдердегі елшіліктері жанындағы Мәдени өкілеттіктерде жұмыс істейді [3].
Иранның шетелдердегі Мәдени өкілеттіктері парсы тілі мен әдебиеті бойынша студенттер арасында халықаралық олимпиадалар өткізіп тұрады. Бұл олимпиада жеңімпаздары Иранға тілдік стажировкаға баруға, сондай-ақ магистратура, докторантурада білімін жалғастыруға мүмкіндік алады. Мәдени өкілеттіктер білім сайыстарының басқа да түрлерін өткізіп тұрады. Мысалы, Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігі жанындағы Мәдени өкілеттік үстеміздегі жылдың 18 наурызында Алматы қаласындағы жоғары оқу орындары студенттері арасында парсыша мәнерлеп өлең оқу мен ән айту бойынша жарыс өткізді. Ислам мәдениеті мен байланыстары ұйымы арқылы Иранның Білім, ғылым және жаңа технологиялар министрлігі жоғары дәрежелі парсы тілінің оқытушыларын шет елдерге іссапарға жіберіп отырады. Олардың қызметінің мақсатын аятолла Хаменей өз сөздерінің бірінде парсы тілін шет елдерде таратуды ислам төңкерісі идеясын насихат-таумен байланыстыра келіп, «Парсы тілі біз үшін төңкеріс идеясы мен исламдық дүниетанымды насихаттау үшін аса маңызға ие» деген болатын [3].
Парсы тілі ерте орта ғасырларда күрд, ауған, үнді, түрік халықтары үшін әдеби тіл болғаны тарихтан мәлім. Тіпті, парсы тілі Үндістанның мұсылман княздықтарында XIX ғасырдың аяғына дейін ресми жазба және іс жүргізу тілі болды. Жалпы, парсы тілі өткен ғасырларда мұсылмандық Шығыстың араб тілінен кейінгі ең кең таралған тілі болды [6, 271.]. Ал 1990 жылдардың орта шенінен Иран үкіметі парсы тілін исламның екінші тілі идеясын насихаттап, оның ислам әлемінде алатын орнын қайтадан жаңғырту идеясын көтере бастады. Бұл идея аятолла Хаменей тарапынан да қолдауға ие болды. Иран басшылығы парсы тілін халықаралық ислам ұйымдарының ресми тілдерінің біріне айналдыруға күш салып келеді. 2001 жылдың желтоқсанында Тегеранда өткен «Ислам конференциясына» мүше елдер саммитінде Иранның сол кездегі президенті Хатами осы мәселені көтерген болатын. Алайда, бұл идея Ислам конференциясына мүше елдер тарапынан қолдау таппай, жүзеге аспай қалды. 90-жылдары Кеңес Одағының ыдырауы және Иранның ішкі саяси факторларына байланысты бұл елдің сыртқы саясатында түбегейлі өзгерістер болды. Иран Хашеми-Рафсанджани басқарған тұстары халықаралық изоляциядан шығып, қайтадан ықпалды аймақтық державаға айналу мақсатын алға қойды [8, 220.]. Иран жаңадан тәуелсіздік алған Орталық Азия мен Кавказ елдерімен дипломатиялық қарым-қатынастар орнатып, осы елдердің барлығында елшіліктер ашып, Орталық Азия аймағы елдің сыртқы саясатындағы басты бағыттардың біріне айналды [8, 221.].
Иран Орталық Азия елдерімен байланыстарында 80-жылдары көрші елдерге, оның ішінде бірінші кезекте араб елдеріне таратуға тырысқан төңкеріс идеясын емес, дәстүрлі ирандық ортақ мәдени мұраны басты ұран етіп отыр. Бұл ортақ мұра сырттан келген ирандық мәдениет емес, Орталық Азия халықтарының өздерінің бұрынғы төл мәдениеті деп қарастырылуда және бұл ортақ мұрада парсы тілі мен әдебиетіне аса маңызды орын беріледі. Оның ішінде классикалық парсы поэзиясы (X-XV ғғ.) басты назарға алынып, әсіресе, ұлы эпик-ақын Фирдоуси шығармашылығының аймақтағы халықтар әдебиетінің дамуындағы рөлі баса айтылуда [8, 222.].
Иран парсы тілдес Тәжікстан мен Ауғанстан елдерімен тығыз достық қатынастар орнатуға тырысуда. Иран Тәжікстан мен Ауғанстанның жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарымен тікелей байланыстар орнатқан. Ресми Тегеранның бастамасымен Парсы тілдес халықтар ұйымы құрылып, бірнеше конгрестер өткізілді. Қазір Иран университеттерінде Тәжікстан үшін әртүрлі саладағы кадрлар даярлануда. Иран үкіметі Тәжікстанда Парсы тілінің қорын құрып, парсы тілі мен әдебиетіне арналған бірнеше халықаралық семинарлар мен симпозиумдар өткізді. Парсы тілі мен әдебиеті академиясының басшылары Кеңесінде тәжіктің ірі ғалымдары бар. Ирандық тілші-ғалымдар дари және тәжік тілдері лексикасы негізінде парсы тілінде жаңа терминдер жасау мүмкіндігін де қарастыруда [3].
Қазіргі таңда Иран Орталық Азияның басқа да мемлекеттерінің жоғары оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынастар орнатқан. Барлық Орталық Азия елдерінде парсы тілі академиялық деңгейде оқытылады. Иранның осы елдердегі Мәдени өкілеттіктері парсы тілін кең көлемде насихаттап, оны оқытуға жан-жақты көмек көрсетіп отыр. Студенттер оқу үдерісіне қажетті оқулықтармен қамтамасыз етіліп, Иран тарапы оларды мүмкіндігінше әртүрлі мерзімдегі тілдік стажировкаларға өз қаржысына қабылдап отыр. Бұл елдерде Иран киносының күндері, әртүрлі көрмелер және т.б. мәдени шаралар жиі өткізіліп тұрады. Сондай-ақ Иран өзімен тарихи шыққан тегі ортақ Пәкістан мен Үндістанға, көрші мемлекеттерге – Түркия, Кавказ бен араб елдеріне де парсы тілін таратуға күш салуда. Сөзімізді қорыта келсек, қазіргі Иранда парсы тілінің саяси рөлінің екі қыры бар. Біріншісі – оның ішкі қыры, яғни Иранды мекен еткен халықтардың басын біріктіретін фактор болып табылуы болса, екіншісі – Иранның көршілес елдерге мәдени ықпал жүргізудегі рөлі.
Осылайша, парсы тілі қазіргі таңда Иран Ислам Республикасында мемлекеттік құрылымдар қызметін реттейтін белсенді құрал ретінде және Иранның саяси идеологиясын шетелдерге, оның ішінде бірінші кезекте дәстүрлі мұсылман өркениеті таралған елдерге тарату үшін аса маңызға ие.
____________________
1. Весна свободы. К годовщине победы Исламской революции в Иране. Пресс-отдел Посольства Исламской Республики Иран. - М.: 1994.
2. Малер А. RPMonitor. Аналитический интернет-журнал. В ожидании часа «Икс». Станет ли Иран новой «Персидской империей » или превратится в подобие нынешнего Ирака? RPNMоnitor. ru, 2006-2009.
3. Месамед В.И. Фарси как интегрирующий фактор в исламской республике Иран. www.religare.ru.
4. Каменова М.С. Персидский язык как фактор культурной интеграции – Иран: Ислам и власть. -М.: ИВ РАН – Краф+. 2001.
5. Оранский И.М. Введение в иранскую филологию. - М.: Наука, 1988.
6. Пейсиков Л.С. Лексикология современного персидского языка. - М.: Издательство МГУ, 1975.
7. Президент Ирана вступился за чистоту персидского языка. rian-error @ rian. ru.
8. Хуторская В.В. Взаимоотношения Исламской Республики Иран и стран Центральной Азии - Иран: Ислам и власть. - М.: ИВ РАН – Краф+. 2001.
Б.К. Хайдаров
Достарыңызбен бөлісу: |