Хабаршы вестник халықаралық Қатынастар және халықаралық ҚҰҚЫҚ сериясы


АЯТОЛЛА ХОМЕЙНИДІҢ ИСЛАМ ТӨҢКЕРІСІН ЭКСПОРТТАУ



бет15/16
Дата27.02.2016
өлшемі1.63 Mb.
#28023
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16

АЯТОЛЛА ХОМЕЙНИДІҢ ИСЛАМ ТӨҢКЕРІСІН ЭКСПОРТТАУ

ТУРАЛЫ КӨЗҚАРАСЫ
1979 жылы 11 ақпанда Иранда Ислам төңкерісінің жеңіске жетуі, Иран Ислам Республикасының орнығуы XX ғасырдағы ірі оқиғалардың қатарынан орын алатыны белгілі. Ислам төңкерісі десек жадымызға аятолла Хомейни түседі. Ол кісінің биыл 30 жылдығын атап өтіп отырған Ислам төңкерісінің алғышарттарын қалыптастыруға, исламдық мемлекеттің құрылымдарын жасақтап, Иран халқын ортақ мақсатқа жұмылдыра білуде сіңірген еңбегін тек ұшан-теңіз деп бағалауға болады. Егер ИИР талай сынақтардан сүрінбей өтіп, өзге мемлекеттер мен халықтардың назарын өзіне аударса, осы мемлекетті тануға деген құлшыныс артса, тіпті осы төңкерістің мәртебесінің өсе түсуі кейбір елдерді үрейге батырса бұл жерде аятолла Хомейнидің өзіндік орны бар.

Иран Ислам Республикасының ресми идеологиясының бір тірегі – «ислам төңкерісін экспорттау» тұжырымдамасы. Осы тұжырымдама Иран Ислам Республикасының Конституциясында көрініс тапқан. 1979 жылы желтоқсан айында қабылданған ИИР Конституциясының 3-бабында ИИР үкіметі мақсаттарының бірі – «ислам талаптарына сай елдің сыртқы саясатын жүргізу, барлық мұсылмандармен бауырластық одақ құру және әлемдегі қаналушыларға қолдау көрсету» делінген.

Иран Ислам Республикасының негізі қаланған сәтте-ақ «Ислам төңкерісін экспорттау» мәселесі қозғалды. Оған аятолла Хомейнидің мына сөзі дәлел: «ما از اول گفتیم می خواهیم اتقلابمان را صادر کنیم» - «Біз алғашқы сәтте-ақ төңкерісті экспорттауды қалайтынымызды айттық» [1, 19-том, 242]. «Ислам төңкерісін экспорттау» термині бүгінде көпшілікке таныс. Біз осы мәселенің мәні мен мазмұнын аятолла Хомейнидің көзқарасы арқылы ашып беруді мақсат етіп отырмыз. Екінші жағынан, Рухолла Мусави Хомейнидің діни-саяси көзқарасы елдің ішкі саясаты мен қатар сыртқы саяси бағытының қалыптасуына тікелей әсер еткені белгілі. Аятолла Хомейни билік басында 10 жыл отырды. Өзі негізін қалаған исламдық мемлекеттің қай бағытта дамып отырғанына, артықшылықтары мен кемшіліктеріне куә болды. Халықтың талап тілегінен хабардар еді.

Иран Ислам Республикасының негізін қалаушы ислам төңкерісін экспортау мәселесін талқылағанда ислам төңкерісін не үшін экспорттау қажеттілігін де назардан тыс қалдырмайды: ما انقلابمان را به تمام جهان صادر می کنیم چرا که انقلاب ما اسلامی است و تا مبارزه در هر کجای جهان علیه مستکبرین هست ما هستیم. - «Біз ислам төңкерісін әлемге экспорттаймыз, себебі, біздің төңкерісіміз исламдық болмысқа ие, әлемнің қай жерінде қанаушыларға қарсы күрес туындаса, біз сол жерден табыламыз» [1, 11-том, 266].

Зерттеушілер тарапынан ИИР-дің барлық мемлекеттік құрылымдары мен азаматтық институттары ислам төңкерісін өзге елдерге экспорттау саясатын шартты түрде айтқанда үш жолмен «бейбіт», «жартылай әскери» және «әскери» жолмен жүзеге асыруда деген пікірдің де айтылып жатқанын жоққа шығара алмаймыз.

Аятолла Хомейни төңкерісті экспорттау күшпен емес, исламдық мінез-құлықпен жүзеге асуы тиіс. Төңкерісті экспорттау дегеніміз - исламның шынайы болмысын таныстыру, адами құндылық-тарды дәріптеу, руханият мәселесіне жете мән беру дей келе, ислам төңкерісін бейбіт жолмен экспорттауды баса айтқан: «Төңкерісімізді барлық жерге экспорттауымыз керек деген сөзіміз біз елдің аумағын кеңейту ізіндеміз деген мағынаны білдірмейді», яғни ما نمی خواهیم شمشیر بکشیم و تفنگ بکشیم و حمله کنیم - «Біз семсер көтеріп, қолға қару алуды, шабуыл жасауды қаламаймыз» [1,12-том, 283]. Сонымен қатар ислам төңкерісін экспорттаудың бір бұтағы шииттерді қорғау бірінші орында тұрғанын ескеруге тиіспіз.

Ислам төңкерісін экспорттау мәселесінде аятолла Хомейни мемлекет қайраткерлеріне: مسئولان ما باید بدانند که انقلاب ما محدود به یران نیست - «Біздің қайраткерлеріміз біздің төңкерісіміздің Иранмен шектелмейтінін білуі тиіс» деп ескерту жасайды [1, 21-том, 108].

Оның көзқарасы бойынша, төңкерісті әлемге экспорттауға талпыныс тоқтамауы тиіс, төңкерісті экспорттамаймыз деген көзқарасты шетке ығыстырып қойған жөн.

Ислам төңкерісін экспорттаудың мақсаты жөнінде аятолла Хомейни былай дейді: «Әлемде исламның ықпалын нығайту және қанаушылардың үстемдігін азайту. Біз әлемде сионизм, капитализм және коммунизмнің тамырына балта шабуды қалаймыз».

Ислам төңкерісін экспорттау мәселесіне кім жауапты деген сауалға келсек:

صدور انقلاب به لشکرکشی نیست بلکه می خواهیم حرفمان را به دنیا برسانیم که یکی از ان مراکز وزارت امور خارحه است که باید مسائل ایران واسلام و گرفتاری های که ایران و شرق و غرب داشته است، به دنیا برساند و به دنیا بگوید که می خواهیم این گونه عمل کنیم.

«Төңкерісті экспорттау жорыққа аттану емес, бәлкім біз сөзімізді әлемге жеткізуді қалаймыз, ондай орталықтардың бірі - сыртқы істер министрлігі. Министрлік Иран мен ислам мәселелерін, Иранның батыс пен шығыстан көрген бейнеттерін әлемге жеткізуі тиіс» [5, 19-том, 242].

«Ислам төңкерісін экспорттау» саясатын іске асыру үшін 1979 жылы мамырда «ислам төңкерісін қорғаушылар корпусы», «ислам бағыты министрлігі құрылды».

Иран сыртқы істер министрлігінің өкілдері – елшілер мен елшілік қызметкерлеріне жүктелген міндеттердің бірі сол елде біртіндеп төңкерісті экспорттауға ұмтылу. Олар Иран Ислам Республикасы қол жеткізген жетістіктерді дәріптеп, өзге ұлттарды оятуға күш салуы тиіс. Елшіліктерде бір исламдық басылым шығару, онда Иранда болып жатқан оқиғаларды жариялау аса маңызды. Көптеген елдер қозғалыс пен төңкеріс экспортталып, елдерінде де Иран секілді жағдай қалыптасады деп қорқады. Осы орайда Аятолла Хомейни сіздер олардың ықпалында емес, керісінше олар сіздердің ықпалдарыңызда қалуы тиіс деп баса айтқан. Исламды насихаттау міндеті ғалымдар мен шешендер, жазушылар мен өнер қайраткерлерінің жауапкершілігіне кіреді дейді аятолла Хомейни.

Ислам төңкерісінің шынайы болмысын әлем ұлттарына көрсетуді Ислам төңкерісін экспорттаудың бір ерекшелігіне жатқызған аятолла Хомейни былай дейді: با رفتار شایسنه و اخلاق اسلامی و انقلابی خود نظر همگان را جلب کرده و چهره انقلاب اسلامی را ان گونه که هست به نمایش ملتهای جهان می گذارید وتوجه آنان را با برخوردهای برادرانه و محبت آمیز به انقلاب بزرگ ایران جلب می نمایید.

- «Өнегелі, исламдық және төңкерістік мінез-құлықтарыңызбен көпшіліктің назарын өздеріңізге аударыңыздар. Исламдық төңкерістің келбетін шынайы үлгісінде әлем ұлттарына көрсетіңіздер. Туысқандық және махаббатқа толы көзқараспен олардың назарын Иранның ұлы төңкерісіне аударыңыздар» [1, 19-том, 45].

Ислам төңкерісін экспорттау қай деңгейде жүзеге асуда: «Біз бүгін әлемге ислам төңкерісін экспорттаудың келешегіне куә болып отырмыз, әлем қаналушыларының қанаушыларға қарсы күресі басталды әрі қанат жаю үстінде. Бүгін ирандық құдірет пен ислам құдіреті қаналушы барлық ұлттардың назарын өзіне аударды. Барлық жерде ислам нұрын шашуда. Демек, біздің төңкерісіміз экспортталды, ислам барлық жерде кәпірлерді жеңді»,

Ислам төңкерісінің әлем халқының бір бөлігіне ықпал еткені айқын, өйткені Aятола Хомейнидің сөзімен айтқанда: «Бүгінгі әлемде бір аймақта орын алған оқиғаның өзге аймақтарға ықпал етері сөзсіз, бірақ өзге аймақтардағы адамдардың ықпал алуы деңгейі олардың сана-сезімі мен таңдауына тәуелді». Ислам төңкерісі қандай жетістіктерге қол жеткізді: Имам Хомейнидің және оның жанындағы серіктерінің жанкешті қызметі арқасында ислам өзін қазіргі әлемдегі мықты идеология ретінде көрсете білді. Ислам діні талаптары мен әлеуметтік әділет идеясы біріктірілді. Исламды әлеуметтік өмірден шеттетудің жолы жабылды. Иран әлемдік саясат пен халықаралық байланыста өзіндік орынға ие екенін, өзге елдердің өзімен санасуы тиіс екенін дәлелдеп берді. Исламның мемлекетті басқару идеологиясы бола алатынын паш етті. Ислам мәртебесін өсіріп, исламдық қозғалыстардың қанат жаюына серпін берді. Қазіргі уақытты халықаралық қарым-қатынаста исламның рөлі артуда. Мұсылман елдерінде исламдық идеология мен қозғалыстардың әлеуметтік-саяси өмірдің құрамдас бөлігіне айналды. «Исламдық ояну» діни әлеуметтік қозғалыс ретінде барлық ислам елдерінде белең алуда. Қоғамдық өмірде ислам рөлінің артуы, ислам қозғалыстары белсенділігінің өсуі мемлекеттердің ішкі және сыртқы саясаты басымдықтарына ықпал етуде. Осы факторларда ислам төңкерісі рөлінің бар екеніне көз жұма қарай алмайтынымыз белгілі. Ислам төңкерісін экспорттау мәселесі Ирак бастаған, 8 жылға созылған Ирак-Иран соғысында да назардан тыс қалған жоқ: ما انقلابمان را در جنگ صادر نموده یم. ما در جنگ ریشه های انقلاب پر بار اسلامی مان را محکم کردیم.



  • «Біз төңкерісімізді соғыста экспорттадық. Біз соғыста исламдық берекелі төңкерісіміздің тамырларын қатайттық» [1, 21-том, 94].

Аятолла Хомейнидің «Біз ислам, Ислам Республикасы ұранын көтергенімізбен ісіміз сөзімізге сәйкес келмесе бізге сенбейді» деген сөзінің терең мәні бар екенін айтуымыз керек.

Аятолла Хомейнидің көзқарасы бойынша «ислам ұлттары ислам республикасы мен иран халқынан үлгі алып, қанаушы үкіметтерге қарсы егер олар халықтың талабын қанағаттандыруды қаламаса бар күшімен көтерілуі тиіс, өйткені Шығыс не Батыс мемлекеттеріне тәуелділік мұсылмандар үшін бақытсыздық болып табылады» [3, 41].

Иран Ислам Республикасының негізін қалаушы исламға, еліне жаны ашитындар Иранда орын алған осы құдайшылық өзгеріс сол жерлерде де болуы үшін күресуі тиіс. Олар Иранның төңкеріс жасағанын, жетістіктерге жеткенін айтып, өз ұлттарын оятуға тырысуы керек дейді.

Аятолла Хомейнидің: «Егер төңкерісті экспорттағымыз келсе халықтың өз билігін қолына алуына тырысуымыз керек, исламдық төңкеріс қай жерде экспортталса, мәселе шешімін табады», - деген сөздері елдердің ішкі ісіне араласу болып табылады. Ислам төңкерісін экспорттаудың қандай кемшіліктері бар? Әрине, бар. «Ислам төңкерісін экспорттау» саясаты Иранның оқшаулануына себеп болды» [2, 154]. Иранның көрші мемлекеттері исламдық қозғалыстардың жандануына алаңдаушылық танытты. Батыс елдері ислам төңкерісінің қанат жаюы мәселесін ушықтырып, Иран көршілеріне қару-жарақтарын сатып, осы елдер де ықпалын арттырды.

Иран Ислам Республикасының Орталық Азияға ислам төңкерісін экспорттау мәселесіне келсек, Ирандағы ислам төңкерісінің алғашқы жылдары-ақ ислам төңкерісін КСРО-ның Орталық Азия республикаларына экспорттауға шақыру өте сирек көтерілді. Кеңес мұсылмандарына бағытталған осындай шақырулар орын алғанымен мұсылман араб елдеріне қарағанда жұмсақ формада айтылды. КСРО тараған соң Иран бірнеше рет осы республикаларда ислам төңкерісі идеяларын тарату мақсатын қоймайтынын жариялады. Тегеранның Орталық Азияда исламдық құндылықтарды таратуды қалайтыны анық. Бірақ Иран басшылығы осы елдермен қарым-қатынаста саясат пен идеология мәселелеріне жіті мән беруді қисынды деп есептемейді. 1992 жылы Иран Ислам Республикасының БҰҰ-дағы өкілі Камол Харрози Орталық Азия халықтары өз жолын таңдау құқығына ие, Иран өзінің достығын телуге ұмтылмайды, Иран жақсы көршілік байланысқа арқа сүйейді деп мәлімдеді. Иран Орталық Азияда өзінің идеологиялық ықпалын таратуды қалағанымен Иран үшін аймақтық тұрақтылық пен өзара тиімді екі жақты қарым-қатынас үлкен маңызға ие [4, 222]. 1993 жылы Тегеран басылымы «Кейхан-е хаваи» газеті былай деп жазды: «Сыртқы саясатта бағдардың өзгеруі ислам төңкерісінің қағидаларынан бас тарту дегенді білдірмейді, бәлкім бұл жаңа мүмкіндіктерді түсіну және оларды төңкеріс мүддесі үшін барынша тиімді пайдалануға ұмтылудың талпынысы». Иранның Орталық Азия жөнінде ұстанған саясаты, оның ішінде ислам төңкерісі идеясын тарату ісіне өте баяу талпыныс жасап отырғаны Иранның ішінде қатты сынға алынғанын да айта кетуге тиіспіз. 1980 жылдардың аяғында елдің саяси және мәдени өмірінде қатаң ислами идеологиялық курс бәсеңдеді. Иран Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасында бұрынғы мәдени-тарихи байланысқа жете мән беруде.

Қазіргі уақытта ирандық идеологтар мен саясаткерлердің «ислам төңкерісін экспорттауды» жүзеге асырудың жолдары мен әдістері туралы көзқарасының елеулі түрде өзгеруі де көп нәрсені аңғартады. Бүгінде ресми ортада исламды экспорттау мәселесі айтылмайды. 1997-2005 жылдары Иран Президенті болған С.М. Хатамидің «исламдық азаматтық қоғам» және «өркениеттер келіссөзі» тұжырымдамаларын ұсынғаны белгілі. Сеид Мохаммад Хатами президенттік қызметіне кірісу салтанатында сөйлеген сөзінде былай деген еді: «Өркениеттер арасындағы диалог қазіргі әлемдегі қажеттілік. Халықаралық жағдайды ұшықтыратын кез келген әрекеттен бас тартамыз. Біз тәуелсіздігімізді құрметтейтін әр мемлекетпен байланыс орнатамыз. Бірақ бізге өз көзқарасын қабылдатуға ұмтылатын державаларға қарсы шығамыз».

Сөз соңында қазіргі уақытта ислам төңкерісін экспорттау идеясының мәдени қырларына жете мән берілуде екенін айта кетуіміз керек. Аятолла Хомейниді Иран халқы ақын ретінде таниды. Оның өлеңдер жинағы бірнеше рет жарық көрді. Мақаланы аятолла Хомейнидің бір шумақ өлеңімен аяқтауды жөн көріп отырмыз:

جمهوری اسلامی ما جاوید است

دشمن ز حیات خویشتن نومید است

ان روز که عالم ز ستمگر خالی است

ما را وهمه ستمکشان را عید است

Ислам Республикасы мәңгі жасайды

Үмітсіздік қамытын киді дұшпан.

Әлем қанаушылардан ада күн

Мереке болмақ біз және қаналушылар үшін [5, 193]. (жолма-жол аударма).
__________________________________

صحیفه نور، تهران، 1376 1

2. Базаркулова Б.К. Иран Ислам Республикасының сыртқы саясатындағы исламның орны / Аймақтық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері: тарих және қазіргі кезең. Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. - Алматы, 2008.

3. Имам Хомейни. Последнне послание. Политико-религиозное завещание. - Тегеран, 1991.

4. Хуторская В.В. Взаимоотношения Исламской Республики Иран и стран Центральной Азии - Иран: ислам и власть. - Москва.: ИВ РАН-Крафт, 2001 .

دیوان امام. تهران،چاپ هشتم 1376 5.

А.Р. Әліпбаев, Б.З. Бюжеева
ҚАЗІРГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРДАҒЫ ИРАН ЕЛІНЕ

ҚАТЫСТЫ САЯСАТТЫҢ КЕЙБІР АСТАРЛАРЫ
Бүгінгі әлемдік саясатта Иран елінің ядролық бағдарламасына қатысты саяси ұстанымы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. АҚШ-тың президенті болған Дж.Буш-кіші өзінің билік басындағы соңғы сәтіне дейін Иранның ядролық бағдарламасының дамуына және ирандық ішкі саяси тәртібіне қарсы бағытталған қатаң саясатын еш өзгертпеді. Оның түсінігі бойынша «Иран - әлемдік лаңкестіктің ең басты демеушісі. Оның іс-әрекеттері барлық ұлттардың қауіпсіздігіне қатер төндіруде. Сондықтан да, әлі де кеш болмай тұрғанда АҚШ осы қатерге қарсы тұру мақсатында Парсы шығанағы аймағындағы серіктестерімен бірге және бүкіл әлемдегі шынайы достарымен қосылып, қауіпсіздік саласындағы өзінің бұрынғы жасаған іс-әрекеттерін күшейтуде», осыған орай 2008 жылы өзінің таяу шығыстық сапары барысында ол бірден осы ойын жариялай отырып, Иранға қарсы қатаң сынға көшкен болатын. Осындай сынға түскен Иран елінің өзіндік қауіпсіздік тұжырымдамасының қалыптасу үрдісі де бірқатар кезеңнен өткен болатын.

Азияның оңтүстік-батысында орналасқан және әлемдегі ең көне мемлекеттердің бірі болып саналатын Иранда 1979 жылғы ел ішіндегі көтеріліс нәтижесінде монархиялық Иранның орнына ресми түрде Иран Ислам Республикасы жарияланды. Соңғы жылдары осы Иран Ислам Республикасы халықаралық саясаттың «өзекті мәселелерінің» біріне айналуда. Оған басты себеп – Иранның өз сыртқы саяси іс-әрекеттерін жүзеге асыру әдістері мен оның өз ядролық бағдарламасынан бас тартпауы. Бұл Иранда ядролық әскери бағдарлама даму үстінде деген күдікті ұлғайта түсіп, Иран тарапынан Ядролық Қаруды Таратпау туралы Келісім ережелері бұзылуда деген айыппен негізделуде. Яғни, Иран әлемдік саясаттағы жетекші елдердің мүдделеріне және қазіргі кездегі халықаралық қауіпсіздік мәселелеріне, әсіресе ядролық қаруды таратпау саласына немқұрайды қарайтын ел ретінде көрінуде.

Дегенмен, кез келген мемлекеттің қауіпсіздік пен әскери құрылыс саласындағы саясаты мемлекеттің геосаяси жағдайына, оның әлеуметтік және экономикалық жағдайына, тарихи тәжірибесі мен оның елбасымен айқындалған даму болашағына байланысты болады. Соның негізінде Иран Ислам Республикасы басшылығы да әскери салаға ерекше көңіл бөлуде. Иранның әскери саясатының басты бағыты – саяси және қорғаныс мәселелерін шешу үшін «тиімді қаруға-жараққа» ие болу сияқты. Өйткені елдің аса достық ықылас білдірмейтін мемлекеттердің қоршауында орналасуы Иранды өз әскери әлеуетін күшейтуге итермелейді.

Иранның қазіргі кездегі ядролық энергетиканы дамыту бағдарламасын көпшілік ядролық энергетика саласындағы тек қана Иран-Ресей келісімдердің нәтижесі деп қарастырады, алайда, іс жүзінде оның негізі әлдеқайда әріректе, сонау шах кезінде салынған еді. Иранның ядролық саладағы зерттеулері шамамен ХХ ғасырдың елуінші жылдарының аяғында, нақтырақ айтатын болсақ,


1957 жылы «Атомдар бейбітшілік үшін» атты америкалық бағдарлама шеңберінде АҚШ-пен атом энергиясын бейбіт мақсаттарда пайдалану туралы келісімге қол қойғаннан басталған болатын. Бұл бағдарлама бойынша АҚШ Иранға ядролық энергетиканы дамытуға қолдау көрсету керек еді. Яғни, АҚШ Иранға ядролық құрал-жабдықтарды жеткізуде, осы салада мамандарды дайындауда көмектесуі тиіс. Оған жауап ретінде Иран АҚШ-қа өз нысандарында бақылау жасау және қадағалау құқығын беруі қажет еді.

1967 жылы жоғарыда айтылған келісім бойынша, Халықаралық Атом Энергиясы жөніндегі Агенттіктің (МАГАТЭ) қаржылық және техникалық қолдауымен, АҚШ Тегерандық ядролық ғылыми-зерттеу орталығына 5МВт қуаттылығымен, жанармайдың орнына 5,5 кг астам жоғары деңгейде байытылған уран пайдаланылатын зерттеу реакторын жеткізген болатын. Оның жіберілуі 1968 жылы жүзеге асырылды, ядролық жанармай ретінде 93%-дық байыту деңгейіндегі уран пайдаланылды, ол дегеніміз, іс жүзінде ядролық қару материалы болып табылды. Кейінірек, АҚШ осы орталыққа жылына 600 кг-ға дейін плутоний бөліп шығара алатын арнайы «ыстық камераларды» жіберді. Осылайша, Иранда атомдық энергетиканы дамыту үшін ғылыми-техникалық базаның құрылу негізі қаланды [1].

АҚШ-пен қатар шах кезіндегі жүйе Иранның ядролық энергетиканы дамыту бағдарламасына басқа да батыстық мемлекеттерді белсенді түрде араластырды, бірінші кезекте Германия Федеративті Республикасы мен Франция болды. 1974 жылғы ядролық энергетиканы дамыту жоспары жалпы электрлік қуаттылығы 20 МВт асатын 23 ядролық энергоблоктың құрылысын қарастырды. Ядролық технологияның басты негізгі жабдықтаушылары ретінде ГФР, Франция және АҚШ болуы керек еді. Жоспарды жүзеге асыру мақсатында 1974 жылы Иранның атомдық энергиясы жөніндегі Ұйым құрылған болатын. Бұл ядролық бағдарламаны жүзеге асырудағы ең алғашқы маңызды қадам болды.

Ұйымның басты атқаратын қызметтері:



  • ядролық энергияны елдің энергетикалық талаптарын қанағаттандыру үшін пайдалану;

  • атомдық реакторларды өз бетінше салу үшін қажетті технологияларды сатып алу;

  • жабық ядролық жанармай циклін құру үшін қажетті технологияларды сатып алу;

  • ядролық технологияларды өнеркәсіптік, ауыл шаруашылық және медициналық мақсаттарда пайдалану;

  • радиацияның әсерінен адамдар мен қоршаған ортаны қорғау.

Бағдарлама 25 жылдық мерзімге арналады. Атом электр станциясын (АЭС) салу үшін алғашқы алаңдар ретінде Парсы шығанағының жағасында орналасқан Бушер және Иранның оңтүстік-батысындағы Корун өзенінің жағасында орналасқан Ахваз жерлері таңдалынды. Сол жылы Иран 4 атомдық реактор сатып алады, соның ішінде екеуі Франциядан, ал қалған екеуі ГФР-дың Siemens KWU компаниясынан алынады. 1974-1977 жылдар аралығында Иран мен жоғарыда аталған Батыс елдері арасында бірқатар келісімдерге қол қойылды. Бұл келісімдер шарттарының бағытталған басты салалары төмендегідей болды:

  • АЭС пен басқа ядролық объектілердің біріккен құрылысының жүзеге асуына қатысу;

  • Ирандық ғылыми мамандарды дайындау;

  • ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;

  • радиоизотоптарды шығару мен қолдану.

1994 жылға дейін энергетикалық базаларды әртараптандыру жоспарын жүзеге асыру белгіленген еді. Соның ішінде 1980 жылы және 1981 жылы неміс мамандарының қатысуымен Бушердегі екі энергоблокты іске қосу жоспарланды. Ал 1983 және 1984 жылдары француз инженерлерінің көмегімен Ахваздағы тағы екі энергоблокты іске қосу жоспарланған болатын.

Сонымен бірге сол кездері Иран ядролық энергетика саласында бірқатар Африка мемлекет-терімен де (Нигер, Габон, Замбия) көптеген келіссөздер жүргізген болатын. Көптеген ирандық сарапшылар АҚШ пен Батыс Еуропа елдерінде (Бельгия, Ұлыбритания, Батыс Германия, Италия, Швейцария және Франция) ядролық физика саласында білім мен дайындық тәжірибелер алған болатын. Ирандық инженерлер мен ғалымдар шетел мамандарының ядролық құрал-жабдықтарын жасау жұмыстарында белсенді түрде қатысып отырды. Осылайша, Бушерде АЭС салу жобасына 9,5 мың ирандық және 3,5 мың неміс мамандары қатысты. Иран ғалымдары мен инженерлерін дайындау үшін 1974 жылы Исфаханда француз мамандарының қатысуымен Ядролық зерттеу орталығының құрылысы басталды.

Сол кездің өзінде шахтық үкімет өз мемлекетінің ядролық қаруды иеленуге еш мүддесі жоқ деген ресми ұстанымды ұстанған болатын. Бұл жөнінде ол «New York Times» газетіне берген сұхбатында: «Шын мәнінде, мен ядролық қару-жарақ туралы ойламаймын. Бірақ, егер 20 немесе 30 шақты елеусіз кішкентай мемлекет ядролық қаруды шығарайын деп жатса, онда, мүмкін маған өз саясатымды қайта қарастыру қажет болар. Тіпті, Либияның өзі де ядролық қару шығару мүмкіндігі туралы айтуда. Қандай мақсатта екенін бір Алла біледі», - деген еді.

Шахтық билік кезінде ядролық қаруды таратпау саласында Иранның жалпы сипаты жағымды болғанына қарамастан, шамамен 1970 жылдардың ортасында АҚШ Иранның ядролық саладағы алғаш жарияланбаған қызметін анықтады. Бұл қызмет плутонийді шығару және уранды лазермен байытумен байланысты болды. Бірқатар сарапшылардың пікірінше, Иранның атом энергиясын әскери салада қолдану мүмкіндігін зерттеудегі қызығушылығына Үндістанның ядролық сынағы әсер еткен болуы керек. 1974 жылғы Үндістанның «бейбіт» ядролық сынағынан кейін жағдай өзгерді. КСРО мен АҚШ ядролық қаруды таратуды тоқтатуға бағытталған ядролық экспорттың жалпы шарттарын жасау жөнінде келіссөздер бастайды. Нәтижесінде, ядролық жабдықтаушылар тобын құру шешімі қабылданады және ядролық экспорттың басқарушы қағидалары жасалынады.

1976 жылы желтоқсанда Франция үкіметі ядролық экспорт бақылауын күшейтуге шешім қабылдады. Яғни, нақты шешім қабылданбағанша, үшінші елдерге жанармай өңдеуге арналған құрал-жабдықтарды жеткізу туралы екіжақты келісімдерге қол қоюға тиым салынды. Ядролық экспортқа қатысты бақылау саласындағы өзгерістер Иран үшін өзінің атом энергетикасын дамытуға арналған ұлттық бағдарламасын жүзеге асыруды недәуір қиындатып жіберді. Дегенмен, 1977 жылы Тегеранға ГФР-дан 4 реактор жеткізілсе, ал 1978 жылы Иранға 5 МВт қуаттылықты америкалық зерттеулік реакторы жеткізілді. Сонымен қатар Батыс Германия Бушерде АЭС-тың екі блогының құрылысын бастады.

1979 жылғы исламдық көтеріліске халықтың Мохаммед Реза Пехлеви шахтың батыстық үлгідегі радикалды саясатына наразылығы басты себеп болып, көтеріліс нәтижесінде Иран Исламдық Республикасы жарияланады. Иранның жаңа басшылығы алғашында ядролық технологияларға үлкен қызығушылық білдірмеген болатын. Көтерілістен кейінгі ғалымдар жаппай шетелге кете бастады. Ядролық ғылыми-зерттеу орталығы орналасқан Тегеран Университетінің химиялық және физикалық департаменттерінің 120 қызметшісінен елде тек 8 ғана қалды. Атом энергетикасы саласын қаржы-ландыру 1980 жылдың 22 қыркүйегінде Иранға ирактық әскердің басып кіруінен басталған Иран-Ирак соғысынан кейін тіпті қысқартылды [2].

Алайда көп ұзамай жоғарыда аталған бірқатар себептерге байланысты тоқтатылып қалған ядролық бағдарламаның дамуын одан әрі жалғастыру үшін, бұрынғы батыстық серіктестердің орындарына Иранға жаңа жабдықтаушылар келеді.

1992 жылы қыркүйекте Пекинде Иран мен ҚХР арасында атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылады. Бұл құжат шеңберінде Қытай Исфахандағы Ядролық зерттеу орталығына кешендік ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған әр түрлі құрал-жабдықтар мен қондырғылар жеткізді. Алайда осы саладағы екіжақты ынтымақтастықтың ең елеулі нәтижесі ретінде әрқайсысы 300 МВт қуаттылыққа ие екі жеңіл су реакторларының құрылысы жөніндегі келісімді атауға болады. Дегенмен, бұл құрылыс соңында мүлдем басталған да жоқ, себебі, АҚШ аталған келісімге байланысты Қытайға қатты қысым көрсеткен болатын.

1990 жылдардың басына дейін Аргентина да ирандық АЭС-қа құрал-жабдықтар мен жанармай жеткізуге мүдделі болды. 1980 жылдардың аяғында Аргентина бірқатар жеткізулерді жүзеге асырған болатын. Бірақ, нәтижесінде, АҚШ-тың қысымымен Аргентина да жасалып қойған келісім-шарттарға қарамастан, әрі қарай жабдықтауды жалғастырудан бас тартуға мәжбүр болды.

1990 жылдардың басынан бастап ядролық энергетиканы дамыту бағдарламасының жүзеге асырылуын жалғастыруға тырысқан Иран, Ресеймен белсенді келіссөздер жүргізе бастады. 1992 жылы тамыз айында «Ядролық энергияны бейбіт мақсаттарда қолдану» туралы екіжақты келісімге қол қойылады. Бұл келісім бірден Батыс тарапынан қатаң сынға ұшырады. Алайда соған қарамастан, ядролық бағдарламаны дамыту саласындағы Иран-Ресей ынтымақтастық бүгінгі күнге дейін қарқынды дамып, жалғасуда және Ресей 1995 жылы жасалған екіжақты келісім бойынша 2009 жылдың басында Бушердегі АЭС-тың құрылысын аяқтап, пайдалануға тапсырды. Аталған құрылыс 1998 жылы басталған болатын. Енді Ресей мен Иран ресейлік жанармайды ирандық АЭС-қа жеткізу жөнінде келіскен болатын.

Ядролық қаруды жасап шығарудағы Иранның деректі мүмкіндіктерін оның қазіргі уақыттағы иелігіндегі инфрақұрылымның сараптамасы негізінде бағалауға болады. Ирандағы урандық кен орындары Йезд, Исфахан, Әзірбайжан, Хорасан, Систан және Белуджистан секілді аудандарында табылған. Кен орындарын игеруге әр түрлі кезеңдерде Германиядан, Чехословакиядан, Қытай мен Ресейден арнайы мамандар тартылған болса да, олардың өндірістік эксплуатациясына 2000 жылдың басына дейін ешкім кіріскен жоқ болатын. 1992-1993 жылдары кен ошақтарында Халықаралық Атом Энергиясы жөніндегі Агенттік (МАГАТЭ) арнайы инспекцияларын жүргізіп отырды, нәтижесінде Иранның өз ядролық бағдарламасын дамытудағы жарияланбаған қызметінің іздері анықталған жоқ. Кейін де Агенттікпен жүйелі түрде жүргізіліп отырған инспекциялар жарияланбаған қызметті тапқан жоқ.

2001 жылы 17 қыркүйекте АҚШ Үкіметі «Ұлттық қауіпсіздік саласындағы Стратегия» атты жаңа құжат қабылдайды. Бұл құжат Вашингтонның жақын болашаққа деген сыртқы саяси стратегиясын анықтайды. Соның негізінде өзінің жыл сайынғы «Мемлекеттегі жағдай туралы Жолдауында» сыртқы саяси мақсаттарды атағанда, Дж.Буш-кіші халықаралық лаңкестікпен күрес одан әрі қарай жалғасатынын айта келіп, Иран лаңкестікті қолдаушы ел деп тағы да айыптайды. Дж.Буш-кішінің айтуынша Иран әлі күнге дейін лаңкестіктің әлемдегі ең ірі демеушісі болып қала беруде, ядролық қаруды иемденуге талпынып отырған ел.

Иранға қатысты Америка саясатының қатаңдауы еуропалық мемлекеттер тарапынан да алаңдаушылық туғызған болатын. Себебі, еуропалықтар ирандық саяси билікті ядролық қаруды жасап шығарудан бас тартуға көндіруге тырысты. Президенттіктің екінші кезеңінің басынан бастап-ақ Дж.Буш-кіші әкімшілігі Иран мәселесінде көп жылдар бойы қол жеткізе алмай жүрген мақсатына жетеді: БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің, соның ішінде бұрында Иранға қарсы санкцияларды қолдамаған Ресей мен Қытайдың да Иранға қатысты саясатының қатаңдауына қол жеткізеді. Яғни, Дж.Буш-кіші оларды Иран мәселесін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарауына беру керектігінде сендіреді. Иран БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі мен Халықаралық Атом Энергиясы жөніндегі Агенттіктің (МАГАТЭ) алдындағы өзіне келісім бойынша жүктелген міндеттерін орындамауында тағы да Дж.Буш-кіші әкімшілігі тарапынан айыпталып отырды. Әкімшілік мүшелері, соның ішінде, әсіресе, Мемлекеттік Хатшы Кондолиза Райс Иранның уранды байыту технология-сының дамуының өз бетімен, сыртқы бақылаусыз жүргізілуіне жол бермеу керектігін айтқан болатын. 2005 жылы 9 қыркүйекте республикалық әкімшілік мүшелерінің айтуы бойынша Иранның өз ядролық бағдарламасын дамытуын тоқтатудан бас тартуына жол бермеу керек болды. Осыған байланысты, АҚШ Үкіметі Тегеранға қарсы санкция жариялау үшін Ресейге, Қытайға және Үндістанға БҰҰ-да біріккен арыз жасауды ұсынды. Осылайша, 2006 жылы 2 маусымда БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты бес мүшесінен және Германиядан құралатын Халықаралық Комитет Иранды өз ядролық зерттеулерін тоқтатуға көндіру жоспарымен алға шықты. Алайда Иран халықаралық қауымдастық тарапынан жасалған осындай қадамға қарамастан, өзінің уранды байыту бағдарламасын қайта жандандырды.

Америкалық көзқарас бойынша, Иран урандық концентрат қорын ядролық қаруға плутонийді жасайтын өзінің ауыр су реакторы үшін құрғысы келеді. Ал ресейлік көзқарас бойынша, импорттық материалдардың әскери бағдарламада пайдалануы мүмкін емес.

Бүгінде Иранның ядролық саладағы ғылыми-техникалық базасы аймақтағы елдер арасындағы ең мықтысы болып келеді (Израильді санамағанда). Елде үш ірі ядролық орталық бар:


  • Тегеран университеті жанындағы Тегеран ядролық ғылыми-зерттеу орталығы;

  • Исфахан ядролық зерттеу орталығы;

  • Карадждағы ауыл шаруашылығы мен медицина ядролық зерттеу орталығы.

Халықаралық қауымдастықтың ең үлкен қауіптері Иранның уранды байыту саласындағы мүмкіндіктерімен байланысты. Кейбір батыстық сарапшылардың айтуы бойынша, уранды байыту бойынша тәжірибелер Тегерандағы Шарифтің технология Университетінде жүргізілген болатын.

Қазіргі таңда уранды байытудың лазерлік технологиясын пайдалану мүмкіндігі туындап отырса да, әлі күнге дейін уранды байытудың өндірістік технологиясының атаулы тәсілмен Иранда жүзеге асырылуы дәлелденген жоқ болатын.

Иран үшін уранның байытуын іске асырыуына тағы бір мүмкіндік ретінде кейбір мамандар Карадждағы ауыл шаруашылығы мен медицина ядролық зерттеу орталығында орналасқан миллиамперлік калютронның қолданылуын қарастырады. АҚШ тарапынан Иран миллиамперлік калютронды уранды байыту үшін пайдалынады деген күдіктер туындаған уақытта, ирандық өкілдер калютрон тек тұрақты элементтерді алу үшін қолданылады деп айтқан болатын. Тексеру жүргізу барысында МАГАТЭ мамандары осы деректі дәлелдеді.

2003 жылдың аяғында Иранның уранды байытудағы әлеуетті мүмкіндіктеріне халықаралық қауымдастықтың түбегейлі көзі жетті. Бұл жағдай МАГАТЭ-мен жүргізілген тексеруден кейін белгілі болды, егер дәлірек айтатын болсақ, Натанзада уранды байыту өндірісінің құрылысы анықталған болатын. Сарапшылардың бағалауы бойынша бұл құрылымның қуаттылығы жыл сайын үш әскери оқ жасап шығару үшін қаруға арналған уранды өндіруге жеткілікті болып табылады. Ирандық ресми тұлғалардың айтуынша бұл зауыт болашақ АЭС-тарын ядролық жанармаймен қамтамасыз ету мақсатында салынған. Алайда халықаралық сарапшылар өз күдіктерінен бас тартпауда.

Ал Ядролық Қаруды Таратпау жөніндегі Келісімнің бірқатар ядролық емес мүше-мемлекеттері (Жапония, Германия, Нидерланды, Аргентина, Бразилия) уранды байыту мен плутонийді бөліп шығару кешендеріне ие болса да, әлемдік қауымдастық тарапынан еш күмән келтірмейді және халықаралық қысымға да тап болмауда. Себебі, басты мәселе ядролық технологияларда емес, халықаралық сенімділік тудырмайтын саяси жүйеде. Тегерандағы саяси тәртіп өзгерсе немесе Вашингтондағы атқарушы билік өзгерсе немесе басқа бір себептермен Америка-Иран қарым-қатынастары жақсарса, дәл сол технологиялар Батыс тарапынан соншалықты алаңдаушылыққа ие болмас еді.

Билік басына Барак Обаманың келуінен кейін Дж.Буш-кішінің тек қана Таяу Шығыс аймағына қатысты сыртқы саясаты емес, сонымен қатар Иранға деген сыртқы саясатынан толығымен бас тартылмаса да, көп бөлігі қайта қарастырылып, өзгертілген болатын. Өзінің президенттік қызметіне кірісуіне бір аптадай уақыт қалғанда, америкалық жаңа Президент Иранның ядролық бағдарламасын дамыту мәселесін бейбіт түрде шешуді ұсынған болатын. Ең басты таңғалдырған нәрсе, Барак Обама өзінің Иранға қатысты америкалық саясатын өзгертіп, Иранмен тікелей сұхбатты бастауға дайын екендігін айтты. Ал АҚШ-тың жаңа Мемлекеттік Хатшысы Хиллари Клинтонның айтуы бойынша, үстіміздегі жылдың 31 тамызында Нидерландыда өткізілуі жоспарланған Ауғанстан мәселесі бойынша ұйымдастырылатын халықаралық конференцияға Иран міндетті түрде шақырылуы керек.

Сонымен бірге Барак Обама әкімшілігі БҰҰ мен Еуропалық Одақтың Тегеранның ядролық бағдарламасы жөніндегі Иранмен тікелей келіссөздерге өздерінің қатысуға дайын екендіктерін де айтқан болатын. Наурыз айында АҚШ Президенті Иран халқына тележолдау жіберді. Бұл жол-дауында Обама екіжақты қарым-қатынастарды қалпына келтіруге және осы қарым-қатынастардағы «жаңа бастамаларға» шақырды.

Алайда жоғарыда аталған жағымды «уәделерге» қарамастан, 2009 жылы 1 мамырда АҚШ-тың Мемлекеттік Департаментінің жыл сайынғы баяндамасында Иранның лаңкестіктің ең белсенді демеушісі болып қала беретіндігі аталды [3].

Соған орай, жаңа саяси жағдайларға қатысты АҚШ-тың Иранға қатысты саясатының енді әрі қарай қалай дамуы мүмкін деген ой көпшілікті мазаландыратындығы айқын.

____________________________________


1. Угрозы режиму нераспространения ядерного оружия на БСВ. –М., 2005. – С. 16.

2 . Хлопков А. Ядерная программа Ирана – незаконченная история. - М., 2007. – С. 39.

3. http://palm.newsru.com/world/12nov2008/iran.html

Қ.Ә. Жүніс



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет