ӘӨЖ 37.01:5 И48
БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ:
ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ ІС САПАР
Имангалиева Б.С., Адильшинова З.У.,
Жалмағанбетова А.С., Куншашов А.М.
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті
В статье рассматриваются вопросы информационных и коммуникационных
технологий высшего образования в Европейских странах, а также впечатления,
полученные от двухнедельного курса повышения квалификации в Высшем техническом
институте Лиссабон (ISEL), который находится в столице Португалии.
Определены цели национальной системы образования европейских стран.
The article consists the issues of information and communication technology of higher
education in the European countries, as well as experience derived from a two-week in-service
training course at the ISEL (Institute Superior de Engenharia de Lisboa), Lisbon, Portugal. The
purposes of national education systems in European countries.
Ключевые слова: технология, инновация.
Keywords: тechnology, innovation.
ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа
саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында - «Білім және кәсіби машық -
заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары»
бағытында біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға,
білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін
барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек» - деп
білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттерін көздейді. Қазіргі білім беру саласындағы
оқытудың озық технологияларын меңгеру сауатты, жан-жақты маман болу кепілі. Жаңа
технологияны меңгеру оқытушының интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани,
азаматтық және де басқа көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-
өзі дамытып, оқу-тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі[1,18].
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-
педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын Республикалық институты мен
барлық өңірлеріндегі 16 облыстық институттың қызметін біріктіретін «Өрлеу» Ұлттық
біліктілікті арттыру орталығының құрылуы республиканың барлық аймақтарында
біліктілікті арттыру жүйесінің тиімді жұмыс істеуін білдіреді.
Еліміздің білім беру жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жүйесі білім
берудің барлық – мектепке дейінгі, мектеп, жоғары, кәсіптік және техникалық деңгейлерін
қамтуында болып отыр. Ал мүлдем жаңа бағыт – еліміздің жоғары оқу орындарының
оқытушыларының біліктілігін арттыру жүйесі дер едік. Біліктілікті арттырудың жаңа
жүйесі педагогтардың кәсіби өсуіне септігін тигізіп отыр. Осындай мақсатта
Қазақстанның Алматы, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Тараз және Солтүстік Қазақстан жоғары
оқу орындарының оқытушылар құрамы Португалияның астанасы Лиссабон қаласындағы
Жоғары техникалық Лиссабон (ISEL) институтында екі апталық уақытқа біліктілікті
көтеру курстарынан өттік.
ISEL институтында өткен біліктілікті көтеру курсында «Зерттеу және карьераны
дамыту», «Жоғары білім», «Білім берудің педагогикасы, әдістемесі және бағалау», «Білім
беру жобасы», «Европалық жоғары білім» және «Білім берудегі педагогика мен әдістеме»
тақырыптары бойынша профессор, докторлар Жозе Карлос Куадрадо, Катя Ваш, Паола
Лора, Жозе Собрал және Ваня Рока сияқты ғалымдар дәріс оқыды.
Институттағы алғашқы күнінде осы оқу орнының президенті Жозе Карлос
Куадрадо біліктілік көтеру курсының негізгі бағытын сипаттап, бағдарлама мазмұнымен,
профессор-оқытушылар құрамымен таныстырып, жылы жүзбен қабылдады. Ол өз дәрісін
Боллон үдерісінен бастады. Дәріс сұрақ-жауап, диспут сабақтары арқылы өткізілді.
Боллон үдерісінің негізгі ұраны – Бейбітшілік бүкіл әлемде! Осы ұранды негізге ала
отырып, білім алушылардың негізгі міндеті оқу және білім алу болып табылады. Боллон
үдерісі бойынша оқытушылар өз біліктіліктерін 1,5 жыл сайын көтеріп отыру қажет. Дәріс
барысында өзара пікірталас, лектормен сұрақ-жауап әдістері пайдаланылды. Сабақ
барысында академиялық ұтқырлық, өзін-өзі тану, жоғары оқу орнының мақсат-міндеттері,
ұйымдастырушылық элементтер қарастырылды. Сонымен қатар жоғары оқу орнының
негізгі үш міндеті анықталды: ЖОО-ны оқытады, білім береді және білімді
қалыптастырады.
Боллон үдерісінің негізгі элементтері:
- жағдайы төмен жоғары оқу орындарына көмек көрсету;
- оқу үдерісін қиындатпауы қажет;
- жоғары оқу орнының ерекшелігін сақтау керек;
- халықаралық қатынасты күшейту қажет.
Еуропа елдеріндегі жоғары білімнің ақпараттық және коммуникациялық
технологиялары арқылы үйрету жөнінде Катя Ваш дәріс жүргізді. Португалия
мемлекетінде мектептер мен жоғары оқу орындарында онлайн және қашықтықтан оқыту
әдістері, яғни электронды білім беру үдерісінде электронды оқулық, проекторлар сынды
мультимедиялық материалдар кеңінен қолданылады.
Әрбір күніміз өнімді, аталған мәселелерге толықтай арналды.Тыңдалған
мәліметтер, атқарылған істер жөнінде күнбе күн шағын есеп жазып, өзара пікір алысып
отырдық.
Еуропалық жоғары білім беру үдерісінде қашықтықтан оқыту, сандық
кітапханаларды сабақ барысында пайдалану, виртуалды сынып, сабақ барысында желі
арқылы сөйлесу мүмкіндігі, жеке дауыстық желі әдістері пайдаланылды.
Ғылыми зерттеу жұмыстары жөнінде ISEL институтының докторы Паола Лора
«зерттеу және карьераны дамыту» тақырыбын қамтыды. Бұл тақырыпта:
- зерттеудің кіріспесі, нысаны, базасы;
- ғылым ұғымы мен технологиясы;
- ғылыми әдістер;
- әдеби зерттеулер;
- зерттеу нәтижесін басылымға шығару мәселелері қамтылды.
Ғылыми зерттеу базалық және практикалық болып екіге бөлінеді. Ғылыми еңбекті
жүзеге асыру үшін біріншіден, тақырыптың негізгі мақсатын анықтау керек; екіншіден,
осы тақырып бойынша жүргізілген зерттеулерді, әдебиеттерді, монографияларды,
мақалаларды талдау; үшіншіден, зерттеу нысанын анықтау; төртіншіден, тәжірибелік
бөлім; бесіншіден, әр түрлі зерттеу әдістерін зерттеу, практика жүзінде зерттеу жүргізу;
алтыншыдан, жасалынған зерттеулерге талдау жасау; жетіншіден, зерттеуден алынған
нәтижелерді мақала немесе тезис ретінде баспаға шығару. Бұл әдіс біздің отандық ғылыми
зерттеу әдісіне ұқсас. Бірақ, Еуропада аздаған ерекшеліктер бар. Олар: ғылыми-зерттеу
конференцияларын жеке кәсіпкерлердің қаржыландыруымен жүзеге асыруы; баспаға
шыққан мақалаларға, тезистерге міндетті түрде берілген сын-пікірдің мақаламен бірге
басылып шығуы (мұнда, сын-пікірді жан-жақтан береді, егер қарсы пікір көп болса
зерттеу жұмысы аяқталмаған болып саналады); мақаланың, тезистің соңында зерттеу
жұмысына көмек көрсеткен ғалымдарға, мекемелерге ризашылығын білдіруі. Осы
ерекшеліктерді біздің ғылыми-зерттеу үдерісімізге қолдануға болады.
«Білім берудегі педагогика мен әдістеме» атты дәрісте Жозе Собрал педагогикалық
әдістемені дамытуға, студенттердің сұранысын түсіне білуге, үйренуге тоқталды. Осыған
орай педагогиканың әдістемесі мен стратегиясын толық ашып өтті. Білім, білік, дағдыны
дамыту мәселесінің өзектілігін көрсете білді.
Латын Америкасы Боливия институтының вице президенті Ваня Рока «Білім
берудің педагогикасы, әдістемесі және бағалау» тақырыбында дәріс өткізді. Дәріс
барысында лектор бізді Боливия еліндегі жоғары оқу орындары үдерісімен таныстырып
өтті. Қазақстандық оқу үдерісінен ерекшелігі бұл елде кредиттік жүйе енгізілмеген.
Барлық Латын Америка елдерінде білім беру бағдарламалары “TUNING
educationalstructures” («Білім беру құрылымдарын икемдеу») халықаралық жобасының
әдіснамасы бойынша жүзеге асырылатындығын атап өтті.
Ғылыми-зерттеу жұмыстарының басталуы, зерттелу үдерісі, алынған нәтижесі,
пайдаланған әдебиеттер мен зерттеу көздері отандық тәжірибеде Португалия мемлекетінің
тәжірибесіндей қалыптасқан. Алайда, біздің ғылыми-зерттеу жұмыстарымыздан
Португалия мемлекетінің ғылыми-зерттеу жұмыстарында кейбір өзгерістер кездеседі.
Зерттеу нәтижелері кітаптарға, журналдар мен конференция мақалаларының
жиынтықтарына басылып шығарылуы қажет. Шығарылатын мақала немесе тезисті
сырттан осы мәселемен айналысушы ғалымдар, зерттеушілер қарастырып, сын-пікір бере
алады. Сондай-ақ, конференцияларды жеке кәсіпорындар немесе мекемелер
қаржыландырады.
Сабақтан қолымыз қалт еткенде біздерді қызықтырған сұрақтарға жауап табу
мақсатында қала мен қала маңындағы тарихтан сыр шертетін орындарды аралауға
тырыстық. Сән-салтанат пен ғажайыпқа толы Португалия елі, бір кездері алып хандықтың
бірі болған. Ал қазір бейбітшілік пен тыныштық жайлап, ынтымағы жарасқан бауырмал
ел. Сан ғасырлық тарихын бір арнада тоғыстырып, оны жоймай, ұрпақтан-ұрпаққа сақтап
келе жатқанын, көз тұндырар көрікті орындарынан байқадық. Португалияның
мақтанышына айналған Синтра қалашығының табиғаты мүлдем өзгеше. Дәл осы
қалашықта орналасқан "Ди Пена" сарайының сұр мұнараларының төбесіндегі ақша
бұлттардың ерігендей әсер беруі, көздің жауын алады. Қалың тоғайлар арасынан төбе
көрсетіп тұрған ескі мұнаралар, жау жүрек жауынгерлер жайлы ерлікке толы талай
сырды өзінде бұғып тұрғанын тарихтан білеміз.
Португалия Республикасы - Оңтүстік-Батыс Еуропаның қиыр шетінде, Атлант
мұхиты жағалауында орналасқан мемлекет. Пиреней түбегінің батыс бөлігін және Азор,
Мадейра аралдарын алып жатыр. Солтүстігі мен шығысында Испаниямен, ал оңтүстігі
мен батысын Атлант мұхиты шайып жатыр. Әлемдегі ең тұрақты шекара Португалия
еліне тиесілі десек қателеспейміз. Себебі, мемлекет шекарасы сонау 1249 жылдан бері еш
өзгермеген. Көне римдіктер заманында Португалия «Лузитания» деп аталған. Бұл ел
«Португалия» атауын 868 жылдан бастап иеленген. Ол — «жылы кемежай» деген
мағынаны білдіреді. Жер көлемі 92,1 мың км². Халқының 10,1 млн. Халқының 99%
пайызы португалдар, қалғанын испандықтар мен бразилиялықтар құрайды. Португалия
астанасы Лиссабон, түрлі-түсті үйлерімен, базальт төселген көшелерімен, ғимараттары
әртүрлі реңді керамика тақтайшалармен көмкерілген. Көшелерінен ара-тұра көненің
көзіне айналған ескі трамвайларды байқадық. Лиссабонның қызығы мұнымен
таусылмайды. Құлақ құрышын қандырар, әсерлі фадо әуенін естіп, бір сәтке сергіп
қаласыз. «Фадо» сөзін латын тілінен аударғанда «тағдыр» деген мағынаны білдіреді екен.
Бұл португалдықтардың 200 жыл бұрын Байро Альтода пайда болған көне қала романсы.
Лирикаға толы романсты танымал португал гитарасы мен контрабастың сүйемелдеуімен
шағын таверналарда орындайды. Халық бұл әнді, Португалияның танымал әншісі
Маризаның орындауында жылы қабылдайды. Бұл әннен қуаныш пен қайғыны, асқақ
арман мен болашаққа сенімді сезіне аласыз. Фадоны тыңдап, Португалия халқының ішкі
толқынысын, жүрек сырын ұққандай боласыз.
Қала кереметтерін, туристерге арналған шағын трамвайға отырып, тамашалауға
барлық жағдай жасалған. Кешкі Лиссабон мүлде өзгеше күйге енеді. Қызылды-жасылды
отшашулар қала көркін одан әрі әрлендіріп, қыздыра түседі. Кабе-де-Рока жеріне барып,
көрікті жерлерімен танысып қана қоймай, елдің ең батыс нүктесінде болғанымызды
дәлелдейтін арнайы "мәртебелі куәлікке" ие болдық. Жасыл желекке оранған Португалия
елі жайлы сөз қозғағанда, көз алдыңызға бірден жүзім плантациялары елестейтіні анық.
Шарап өндірісі - оларды ертеден асырап келе жатқан ата кәсібі. Олар шарап құдайының
құрметіне мерекелер өткізіп, оларға табынып, сыйынған. Елде қазірдің өзінде 25 шарап
өндіретін кәсіпорындар жұмыс істейді. Ең алғаш бұл елге жүзім талдарын финикийцтер
алып келген екен. Португалдықтар үшін жүзімнің әр талы - игілік пен берекенің, отбасы
жылулығы мен денсаулықтың символы. Сондықтанда португалдықтар, Жаңа жыл
мерекесінде өздері ерекше құрметтейтін кісіге міндетті түрде жүзім сыйлайды [2,12-15].
Елде металл өңдеу, химия, мұнай өңдеу, тігін, балық консервілеу, шарап жасау
өндірістері жақсы дамыған. Соңғы жылдары кеме жасау және жөндеу, электр
жабдықтары, күкірт қышқылы, тыңайтқыш, тоқыма, аяқ киім өндірісі дамуда. Халқының
20%-ы ауыл шаруашылығында жұмыс істейді[3,17].
Жоғары оқу орнында базалық, жалпы білім беретін және арнайы кәсіби пәндер
барысында студенттер зерттеушілік әрекетпен айналысады. Сондықтан басты бағдар
студент әрекеттерінің ішкі және сыртқы өнімдерінен тұратын жеке білімдерін кеңейту
болып табылатын өнімділік ұстанымы жетекші ұстанымдардың бірі болуы керек. Сыртқы
өнімді жасау үрдісінде студенттің ішкі зерттеушілік қабілеті мен дағдысының қалыптасуы
мен дамуы жүзеге асады. Білім берудің басты мақсаты – студенттердің жан-жақты дамуы,
әсіресе кәсіптік дайындықтарын шыңдау, ұйымдастырушылық, өнертапқыштық,
инновациялық әрекет, қоғамдағы өзгерістерге жылдам бейімдеушіліктер қалыптастыру.
Қазіргі кезде оқушының өзін-өзі бағалау мәселесі қазіргі қоғам дамуына
байланысты артып отыр. Отандық ғалымдарымыздың көтерген зерттеу тақырыптарының
бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен сәйкес келуімсЕуропа ғалымдарының да назарынан
тыс қалмайтынына, ғылымда шекара жоқ екенін растайды.
Еуропа елдерінің ұлттық білім беру жүйесінің мақсаты - серіктес жоғары оқу
орындарында қолданылып жүрген ең үздік тәжірибелерді, озық ғылыми жаңалықтарды,
дарынды студенттер мен білікті мамандарды тарту.Біздің жоғарыда аталған институтта
алдыңғы қатарлы профессор оқытушылардан дәріс алуымыз - осының куәсі.Өзара
тәжірибе алмаса отырып, білім кеңістігінде еркін жүріп-тұруға мүмкіндік берілді, дәріс
алушылар өз тәжірбиелерін молайтты. Сонымен тағылымы мол іссапардан түйгеніміз
ғылым мен білім сапасын арттыру мақсатында мамандарды, жастарды жан-жақты болуға
дағдыландыру, бос уақыттарын шет тілдерді үйренуге жұмсау қажеттілігін түсіндіру.
Республикалық және әлемдік деңгейде біліктілікті көтеру бағдарламаларының
ұстаздар үшін қажеттілігі басым, өзара тәжірибе алмасу көп нәрсені үйренуге мүмкіндік
береді. Біліктілік курстарды ұйымдастырған Алматы қаласындағы «Біліктілікті
арттырудың «Өрлеу» ұлттық орталығы АҚ ұжымына, Португалия елі Лиссабон
қаласындағы ISEL институтының профессор-оқытушыларына және Қ.Жұбанов атындағы
Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті ұжымына алғысымызды білдіреміз.
Достарыңызбен бөлісу: |