Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы


-тарау. ТІНДЕРДІ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) АҒЗАЛАРДЫ (АҒЗАЛАРДЫҢ



бет11/12
Дата11.07.2016
өлшемі2.02 Mb.
#192480
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

27-тарау. ТІНДЕРДІ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) АҒЗАЛАРДЫ (АҒЗАЛАРДЫҢ
БӨЛІКТЕРІН) ТРАНСПЛАНТТАУ

      169-бап. Тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың


                бөліктерін) транспланттау және оларды алу
                шарттары

      1. Адам, адамның мәйіті немесе жануар тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) транспланттау бойынша донор болуы мүмкін.


      2. Адамның тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) мәжбүрлеп алуға және оларды ауыстырып салуға тыйым салынады.
      3. Адамның тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) сатып алуға-сатуға тыйым салынады.
      4. Реципиентпен генетикалық байланыстағы немесе онымен тіні үйлесетін (басқа организмнің тіндеріне сіңісуіне жәрдемдесетін органикалық тіндердің иммунологиялық қасиеті) адам транспланттау бойынша тірі донор болуы мүмкін.
      5. Тірі донор жан-жақты медициналық зерттеп-қараудан өтуге және өзінің тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) алуға болатындығы туралы консилиумның қорытындысын алуға тиіс.
      6. Кәмелетке толмаған адам немесе әрекетке қабілетсіз адам болып табылатын тірі донордың тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) алу осы бапта көрсетілгендермен қатар, бір мезгілде мына шарттарды сақтағанда ғана:
      1) осы Кодекстің 91-бабына сәйкес денсаулығының жай-күйі туралы қажетті ақпаратты алған оның заңды өкілдерінің нотариат куәландырған жазбаша келісімі болған;
      2) тиісті келісімді беруге қабілетті басқа үйлесетін донор болмаған;
      3) реципиент донордың ағасы-інісі немесе апасы-қарындасы (сіңлісі) болып табылған;
      4) транспланттау реципиенттің өмірін сақтап қалуға арналған;
      5) ықтимал донор алуға қарсылық білдірмеген жағдайда, мүмкін болады.
      7. Кәмелетке толмаған адамдардың немесе әрекетке қабілетсіз адамдардың заңды өкілдерінің келісімі медициналық араласу басталғанға дейін кез келген сәтте кері қайтарып алынуы мүмкін.
      8. Тірі донордан тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алу оның нотариат куәландырған жазбаша келісімімен ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
      9. Транспланттау үшін жұп ағзаның бірі, олардың болмауы денсаулықтың біржола бұзылуына әкеп соқтырмайтын ағзаның бір бөлігі немесе тін ғана алынуы мүмкін.
      10. Егер алу кезінде денсаулық сақтау ұйымына осы адамның тірі кезінде не оның жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының немесе заңды өкілдерінің ол өлгеннен кейін оның тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) репициентке транспланттау үшін алуға келіспейтінін мәлімдегені туралы хабарланған болса, мәйіттен тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алуға жол берілмейді.
      Егер консилиум тарапынан тіркелген өлім фактісінің даусыз дәлелдемесі болса, мәйіттен транспланттау үшін тіндер және (немесе) ағзалар (ағзалардың бөліктері) алынуы мүмкін.
      Өлім туралы қорытынды биологиялық өлімнің немесе бас миының біржола семуінің (мидың өлімінің) расталуы негізінде уәкілетті орган белгілеген тәртіппен беріледі.
      11. Кейіннен транспланттау үшін тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алуды қамтамасыз ететін адамдардың биологиялық өлімді немесе бас миының біржола семуін растауға қатысуына тыйым салынады.

      170-бап. Тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың


                бөліктерін) транспланттау тәртібі

      1. Тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) транспланттау қажеттігі туралы медициналық қорытындыны тиісті денсаулық сақтау ұйымының консилиумы береді.


      2. Тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) транспланттау реципиенттің не кәмелетке толмаған реципиенттің немесе сот әрекетке қабілетсіз деп таныған реципиенттің заңды өкілінің жазбаша келісімімен жүзеге асырылады.
      3. Реципиент не кәмелетке толмаған реципиенттің немесе сот әрекетке қабілетсіз деп таныған реципиенттің заңды өкілі алдағы уақытта жасалатын транспланттауға байланысты реципиенттің денсаулығында орын алуы ықтимал асқынулар туралы ескертілуге тиіс.
      4. Инфекция жұқтырған тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) транспланттауға тыйым салынады.
      5. Тірі донордан тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алу және консервациялау мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында және лицензияға сәйкес "трансплантология" мамандығы бойынша қызметін жүзеге асыратын, мемлекет қатысатын денсаулық сақтау ұйымдарында ғана жүргізіледі.
      6. Транспланттау мақсатында мәйіттерден тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алу және консервациялау мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында және мемлекет қатысатын денсаулық сақтау ұйымдарында жүргізіледі.
      7. Тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) транспланттауға мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында және лицензияға сәйкес "трансплантология" мамандығы бойынша қызметін жүзеге асыратын, мемлекет қатысатын денсаулық сақтау ұйымдарында ғана жол беріледі.
      8. Тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алудың, консервациялаудың, адамнан адамға және жануардан адамға транспланттауды жүргізудің тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган белгілейді.
      9. Осы баптың күші ұрпақты болу тіндерін (жыныстық жасушаларды) қамтитын, адамның өсіп-өну процесіне қатысы бар тіндерге және (немесе) ағзаларға (ағзалардың бөліктеріне), сондай-ақ қан мен оның компоненттеріне қолданылмайды.

      171-бап. Донор мен реципиенттің құқықтары

      1. Донор осы Кодекстің 165-бабында көзделген құқықтардан басқа:
      1) денсаулық сақтау ұйымдарынан тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алу бойынша алдағы хирургиялық араласуға байланысты өзінің денсаулығында орын алуы ықтимал асқынулар туралы толық ақпаратты талап етуге;
      2) тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алу бойынша жүргізілген хирургиялық араласуға байланысты денсаулық сақтау ұйымында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ем алуға, оның ішінде дәрі-дәрмек емін алуға құқылы.
      2. Реципиент:
      1) денсаулық сақтау ұйымдарынан тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) транспланттау бойынша алдағы хирургиялық араласуға байланысты оның денсаулығында орын алуы ықтимал асқынулар туралы толық ақпаратты талап етуге;
      2) жүргізілген хирургиялық араласуға байланысты денсаулық сақтау ұйымында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ем алуға, оның ішінде дәрі-дәрмек емін алуға құқылы.
      3. Денсаулық сақтау ұйымдарының медицина және өзге де қызметкерлеріне донор мен реципиент туралы мәліметтерді жария етуге тыйым салынады.

28-тарау. АДАМНЫҢ ТІНДЕРІН ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) АҒЗАЛАРЫН (АҒЗАЛАРЫНЫҢ
БӨЛІКТЕРІН), ҚАН МЕН ОНЫҢ КОМПОНЕНТТЕРІН ӘКЕЛУ, ӘКЕТУ

      172-бап. Адамның тіндерін және (немесе) ағзаларын


                (ағзаларының бөліктерін) әкелу, әкету үшін
                негіздер

      1. Қазақстан Республикасының аумағына адамның тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) әкелу:


      1) мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында және лицензияға сәйкес "трансплантология" мамандығы бойынша қызметін жүзеге асыратын, мемлекет қатысатын денсаулық сақтау ұйымдарында транспланттау қажет болған кезде;
      2) Қазақстан Республикасының аумағында диагностикалық зерттеулер жүргізу қажет болған кезде;
      3) бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу кезінде жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасынан адамның тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) әкету:
      1) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі оның азаматына медициналық көмек көрсету қажет болған кезде;
      2) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі Қазақстан Республикасы азаматтарының жақын туыстары мен жұбайына (зайыбына) медициналық көмек көрсету қажет болған кезде;
      3) Қазақстан Республикасының аумағында жүргізілмейтін диагностикалық зерттеулер жүргізу қажет болған кезде;
      4) бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу кезінде;
      5) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда жүзеге асырылады.
      3. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында және 2-тармағының 1), 2) және 5) тармақшаларында көзделген жағдайларда, адамның тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) әкелуге, әкетуге рұқсатты уәкілетті орган мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының және лицензияға сәйкес "трансплантология" мамандығы бойынша қызметін жүзеге асыратын, мемлекет қатысатын денсаулық сақтау ұйымдарының өтініші бойынша береді.

      173-бап. Қан мен оның компоненттерін әкелу, әкету үшін


                негіздер

      1. Қазақстан Республикасының аумағына қан мен оның компоненттерін әкелу:


      1) Қазақстан Республикасының аумағында медициналық көмек көрсету қажет болған кезде;
      2) Қазақстан Республикасының аумағында диагностикалық зерттеулер жүргізу қажет болған кезде;
      3) бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу кезінде жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасынан қан мен оның компоненттерін әкету:
      1) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі оның азаматына медициналық көмек көрсету қажет болған кезде;
      2) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі Қазақстан Республикасы азаматтарының жақын туыстары мен жұбайына (зайыбына) медициналық көмек көрсету қажет болған кезде;
      3) Қазақстан Республикасының аумағында жүргізілмейтін диагностикалық зерттеулер жүргізу қажет болған кезде;
      4) бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу кезінде;
      5) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда жүзеге асырылады.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген жағдайлардан басқа, қан мен оның компоненттерін әкелу және әкету айырбастау тәртібімен жүзеге асырылуы мүмкін. Осындай айырбастау қажетті биологиялық қасиеттері бар қан мен оның компоненттері болмаған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
      4. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында және 2-тармағының 1), 2) және 5) тармақшаларында көзделген жағдайларда, қан мен оның компоненттерін әкелуге, әкетуге рұқсатты уәкілетті орган лицензияға сәйкес "қан дайындау" мамандығы бойынша қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының өтініші бойынша береді.

      174-бап. Адамның тіндерін және (немесе) ағзаларын


                (ағзаларының бөліктерін), қан мен оның
                компоненттерін әкелудің, әкетудің тәртібі

      1. Осы Кодекстің 172-бабының 3-тармағында және 173-бабының 4-тармағында көрсетілген денсаулық сақтау ұйымдары тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) не қан мен оның компоненттерін әкелуге, әкетуге рұқсат алу үшін уәкілетті органға:


      1) тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін), қан мен оның компоненттерін әкелу, әкету туралы өтінішті;
      2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің нотариат куәландырған көшірмесін;
      3) тиісті лицензияның және оған қосымшалардың нотариат куәландырған көшірмесін;
      4) әкелінетін (әкетілетін) тіндердің және (немесе) ағзалардың (ағзалар бөліктерінің), қан мен оның компоненттерінің биологиялық қауіпсіздігі туралы уәкілетті орган белгіленген тәртіппен берген қорытындыны;
      5) тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін), қан мен оның компоненттерін алумен (жинаумен) байланысты рәсімдердің заңдылығы туралы шығаратын елдің уәкілетті органының құжатын;
      6) тірі донордың немесе оның заңды өкілдерінің одан тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алуға нотариат растаған жазбаша келісімін не донордың биологиялық өлімі немесе бас миының біржола семуі (мидың өлімі) жағдайында консилиумның қорытындысын;
      7) осы Кодекстің 172-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында және 173-бабының 2-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген жағдайларда, реципиент пен донордың туыстық жақындығы дәрежесін растайтын құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелерін;
      8) қан мен оның компоненттерін айырбастаған жағдайда, қан мен оның компоненттерін айырбастау шартының жобасын, сондай-ақ әкелінетін елде қажетті биологиялық қасиеттері бар қан мен оның компоненттерінің жоқтығын растайтын құжатты;
      9) тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін), қан мен оның компоненттерін тасымалдау үшін пайдаланылатын термоизоляциялық контейнерлердің техникалық сипаттамаларын жібереді.
      2. Уәкілетті орган тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін), қан мен оның компоненттерін әкелуге және әкетуге рұқсат беру мәселелері жөніндегі комиссияны құрады және оның қызметі туралы ережені бекітеді.
      3. Комиссия өтініш берушінің өтінішін жеті күн ішінде қарайды.
      Осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттарды өтініш беруші толық көлемде бермеген жағдайда, құжаттар қаралмай, үш күн ішінде өтініш берушіге қайтарылады.
      4. Комиссияның оң шешімі уәкілетті органның бұйрығы түрінде ресімделеді. Комиссияның теріс қорытындысы болған жағдайда уәкілетті орган өтініш берушіге жазбаша дәлелді бас тартуды жібереді.
      5. Әкелуге және әкетуге арналған тіндердің және (немесе) ағзалардың (ағзалардың бөліктерінің), қан мен оның компоненттерінің биологиялық қауіпсіздігін зерттеу, оларды консервациялау мен тасымалдау тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

8-БӨЛІМ. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ
ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТ

29-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ ҚЫЗМЕТІ

      175-бап. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметі

      1. Денсаулық сақтау жүйесі үшін кәсіптік ғылыми-педагог, медицина және фармацевтика кадрларын даярлау, олардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметінің міндеттері болып табылады.
      2. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметі Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасына сәйкес техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын медициналық және фармацевтикалық білім беру ұйымдарында және білім беру ұйымдарының медициналық және фармацевтикалық факультеттерінде жүзеге асырылады. Клиникалық базалардың - медициналық білім беру ұйымдарының клиникалық бөлімшелерінің, сондай-ақ медициналық білім беру ұйымдарымен шарт бойынша медицина және фармацевтика кадрларын даярлау үшін тиісті жағдайлар жасайтын денсаулық сақтау ұйымдарының болуы медициналық білім беру бағдарламаларын іске асырудың міндетті шарты болып табылады.
      3. Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттар мен медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша үлгілік кәсіптік оқу бағдарламаларын, сондай-ақ жоғары медициналық білім беру ұйымдарының клиникалық базалары туралы ережені, оларға қойылатын талаптарды уәкілетті орган бекітеді.
      4. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын игерген адамдар үшін мемлекеттік үлгідегі білім туралы құжат, ал клиникалық мамандықтар бойынша маман сертификаты да олардың медициналық ұйымдарда қызметке орналасуы үшін негіз болып табылады.
      5. Жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық және фармацевтикалық білім резидентураны, магистратураны және докторантураны қамтиды. Резидентура туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.
      6. Қосымша білім беру қосымша білімнің білім беру оқу бағдарламаларын іске асыратын медициналық білім беру және ғылыми ұйымдарда жүзеге асырылады.
      Медицина және фармацевтика кадрларының біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау қосымша білім берудің негізгі нысандары болып табылады. Медицина және фармацевтика кадрларының біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
      7. Медицина және фармацевтика кадрларын даярлауды жоспарлауды уәкілетті орган, сондай-ақ денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары саланың қажеттіліктерін ескере отырып, өз өкілеттіктері шегінде жүзеге асырады.

      176-бап. Денсаулық сақтау саласындағы мамандар үшін


                біліктілік емтихандары

      1. Денсаулық сақтау саласындағы мамандар үшін біліктілік емтихандары орта (техникалық және кәсіптік), орта білімнен кейінгі, жоғары медициналық білімі бар адамдардың кәсіптік медициналық қызметті жүзеге асыруға дайындығын айқындау мақсатында өткізіледі.


      2. Денсаулық сақтау саласындағы мамандар үшін біліктілік емтихандары:
      1) медицина қызметкерлерінің клиникалық мамандыққа сәйкестігін айқындау және оларға тиісті маман сертификатын беріп, клиникалық практикаға (пациенттермен жұмысқа) жіберу үшін - міндетті біліктілік емтихандары;
      2) тиісті біліктілік санаты берілетін мамандардың кәсіптік деңгейін айқындау үшін - ерікті біліктілік емтихандары болып бөлінеді.
      3. Тиісті маман сертификаты болмаған, сондай-ақ оның қолданылу мерзімі өткен жағдайда, жеке тұлғаға клиникалық практикамен айналысуға тыйым салынады.
      4. Денсаулық сақтау саласындағы мамандар үшін біліктілік емтихандарын өткізудің тәртібі мен мерзімдерін уәкілетті орган айқындайды.
      5. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде медициналық білім мен біліктілік санаттарын алған адамдарды денсаулық сақтау саласындағы мамандарға арналған біліктілік емтихандарына жіберудің тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган айқындайды.

      177-бап. Қазақстан Республикасы дәрігерінің анты

      Жоғары білім беру ұйымдарын медициналық мамандықтар бойынша оқып бітірген түлектер мынадай мазмұндағы Қазақстан Республикасы дәрігерінің антын қабылдайды: "Дәрігердің құрметті атағын ала отырып, өз ұстаздарым мен әріптестерімнің алдында өзімді азаматтардың денсаулығын сақтауға бар болмысыммен бағыштап, дәрігерлік ұлы іске адал әрі қалтқысыз қызмет етуге салтанатты түрде ант етемін. Өз қызметімде денсаулығы ең жоғары құндылық болып табылатын өз пациенттерімнің мүдделерін ғана басшылыққа аламын деп ант етемін. Жасына, жынысына, ұлтына, діни сеніміне, әлеуметтік жағдайы мен азаматтығына қарамастан, мұқтаж болған әрбір адамға бірдей ынта-жігермен және шыдамдылықпен медициналық көмек көрсетуге ант етемін. Дәрігерлік құпияны сақтауға, оны ешқашан пайдакүнемдік мақсатта пайдаланбауға ант етемін. Өз білімім мен дағдыларымды ұдайы жетілдіруге, өзіме де, өз шәкірттеріме де талапшыл болуға, ешқашан риясыз көмек көрсетуден бас тартпауға және егер оны пациенттің мүддесі талап етсе, әріптестеріммен кеңесуге ант етемін. Қазақстандық медицинаның игі дәстүрлерін сақтауға және байытуға, мені дәрігерлік өнерге баулыған адамдарға алғыс білдіре отырып, оларды құрметтеуге ант етемін.".

30-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТ

      178-бап. Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызметтің


                субъектілері

      1. Денсаулық сақтау саласында ғылыми кадрлар даярлауды негізгі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет ретінде жүзеге асыратын заңды тұлға денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйым (бұдан әрі - ғылыми ұйым) болып табылады.


      2. Ғылыми ұйымдар ғылыми-зерттеу ұйымдары (ғылыми-зерттеу институттары, ғылыми орталықтар), жоғары медициналық және фармацевтикалық білім беру ұйымдары және ғылыми қызметпен айналысатын өзге де ұйымдар болып бөлінеді.
      3. Ғылыми ұйымдар Қазақстан Республикасының білім беру және денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық, фармацевтикалық және білім беру қызметімен айналысуы мүмкін.

      179-бап. Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызметті


                үйлестіру

      1. Іргелі және қолданбалы сипаттағы ғылыми әзірлемелердің басымдықтарын қалыптастыруды, денсаулық сақтау саласында ғылыми қолдауды үйлестіруді, медицина ғылымының тұжырымдамасын әзірлеуді уәкілетті орган жүзеге асырады.


      2. Уәкілетті орган ғылыми ұйымдардың құрылтайшысы болады.
      3. Уәкілетті орган денсаулық сақтау саласындағы ғылыми бағдарламалардың ғылыми-медициналық сараптамасын жүзеге асырады.

      180-бап. Медициналық-биологиялық эксперименттер, клиникаға


                дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық
                зерттеулер жүргізу, диагностиканың, емдеудің
                және медициналық оңалтудың жаңа әдістерін
                қолдану

      1. Медициналық-биологиялық эксперименттер, клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулер жүргізудің мақсаты олардың қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалау және дәлелдерін ғылыми әдістермен алу болып табылады.


      2. Клиникаға дейінгі (клиникалық емес) зерттеулер жануарларға жүргізіледі.
      3. Адамның (пациенттің немесе ерік білдірген адамның) қатысуымен болатын клиникалық зерттеулер, клиникаға дейінгі (клиникалық емес) зерттеулердің оң нәтижелері алынған жағдайда, оның жазбаша хабардар етілген келісімімен ғана жүргізілуі мүмкін.
      4. Кәмелетке толмаған адамдардың қатысуымен болатын клиникалық зерттеулер кәмелетке толған адамдарға зерттеулер жүргізумен қатар мынадай:
      1) балаларды емдеуге арналған медициналық технологиялар немесе дәрілік заттар;
      2) кәмелетке толмаған адамдарды емдеуге арналған дәрілік заттың ең оңтайлы мөлшерлемесі туралы деректер алу мақсатында жүргізіледі.
      Кәмелетке толмаған адамдардың қатысуымен клиникалық зерттеулер жүргізу олардың заңды өкілдерінің жазбаша хабардар етілген келісімімен ғана жүргізіледі.
      5. Клиникалық зерттеуге қатысуға келісімі алынған жағдайда, кәмелетке толмаған адамның заңды өкіліне, пациентке немесе ерік білдірген адамға:
      1) медициналық технология, фармакологиялық немесе дәрілік зат, клиникалық зерттеудің мәні мен ұзақтығы туралы;
      2) медициналық технологияның, фармакологиялық немесе дәрілік заттың қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы, сондай-ақ денсаулық үшін қолдану қатерінің дәрежесі туралы;
      3) медициналық технологияны, фармакологиялық немесе дәрілік затты қолданудың денсаулықтың жай-күйіне күтілмеген әсері жағдайындағы іс-әрекеттер туралы;
      4) денсаулықты сақтандыру шарттары туралы ақпарат берілуге тиіс.
      6. Клиникалық зерттеулер кез келген сатыда:
      1) зерттеулерге қатысушы кәмелетке толмаған адамның, оның заңды өкілінің, пациенттің немесе ерік білдірген адамның талап етуі бойынша;
      2) кәмелетке толмаған адамның, пациенттің немесе ерік білдірген адамның өміріне, денсаулығына қауіп төнген жағдайда тоқтатылады.
      7. Зерттеулерге қатысатын пациенттердің және ерік білдірген адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтандыру туралы құжаттарды ресімдеу, сондай-ақ зерттеулер материалдарын этикалық бағалау клиникалық зерттеулер жүргізудің міндетті шарттары болып табылады.
      8. Диагностиканың, емдеу мен медициналық оңалтудың жаңа әдістері клиникалық зерттеулердің оң нәтижелері алынған жағдайда қолданылуы мүмкін.
      9. Мыналарға:
      1) заңды өкілдері жоқ кәмелетке толмаған адамдарға;
      2) егер қажетті ақпарат жүкті әйелдерге клиникалық зерттеулер жүргізу кезінде ғана алынуы мүмкін болса және жүкті әйел мен оның шаранасына зиян келтіру қатері толық жойылған жағдайда жүкті әйелдерге арналған медициналық технологиялар мен дәрілік заттарға клиникалық зерттеулер жүргізілетін жағдайларды қоспағанда, жүкті әйелдерге;
      3) әскери қызметшілерге;
      4) бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген адамдарға және уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторларында отырған адамдарға;
      5) психикасының бұзылуын (ауруын) емдеуге арналған медициналық технологиялар мен дәрілік заттарға клиникалық зерттеулерді қоспағанда, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдарға, психикасы бұзылған (ауыратын) науқастарға медициналық технологияларға, фармакологиялық және дәрілік заттарға клиникалық зерттеулер жүргізуге тыйым салынады.
      10. Клиникалық зерттеулер (тиісті клиникалық және ғылыми практика) жүргізу стандарттарын уәкілетті орган және өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдар бекітеді.
      11. Медициналық-биологиялық эксперименттер, клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулер жүргізу тәртібін, сондай-ақ диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістерін қолдану тәртібін уәкілетті орган бекітеді.
      12. Фармокологиялық және дәрілік заттарға клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулер, сондай-ақ медициналық технологияларға клиникалық зерттеулер жүргізуге рұқсат беруді уәкілетті орган жүзеге асырады.
      13. Диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістерін қолдануға рұқсат беруді, жүргізілген клиникалық зерттеулер дәлелдеу медицинасына негізделген және уәкілетті органдар мен өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдар бекітетін стандарттардың талаптарына сәйкес келген жағдайда, уәкілетті орган жүзеге асырады.

      181-бап. Этика мәселелері жөніндегі комиссиялар

      1. Зерттелушілердің және зерттеушілердің құқықтарын қорғауды, қауіпсіздігі мен қолайлы жағдайын жасауды, сондай-ақ клиникалық зерттеу материалдарына имандылық-этикалық және құқықтық баға беруді жүзеге асыратын тәуелсіз сарапшы органдар Этика мәселелері жөніндегі комиссиялар болып табылады.
      2. Этика мәселелері жөніндегі комиссиялар қызметінің мақсаты биология мен медицина жетістіктерінің пайдаланылуына байланысты адамның құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау болып табылады.
      3. Этика мәселелері жөніндегі комиссиялардың міндеттері:
      1) зерттеулердің құжаттарына тәуелсіз сараптама жүргізу;
      2) зерттеулерді жоспарлау және жүргізу сатыларында адамның қауіпсіздігі мен құқықтарының сақталуын тәуелсіз бағалау;
      3) клиникалық зерттеу бағдарламасының тиісті клиникалық және ғылыми практика стандарттарына, сондай-ақ зерттеушілердің біліктілігіне және осы зерттеуді жүргізетін денсаулық сақтау ұйымының техникалық жарақталуына сәйкестігін бағалау;
      4) клиникалық зерттеулер жүргізу кезінде халықаралық және ұлттық этикалық нормалардың сақталуын бағалау;
      5) биологиялық және медициналық этика мәселелері бойынша құжаттар әзірлеуге қатысу болып табылады.
      4. Этика мәселелері жөніндегі комиссиялардың құрамына денсаулық сақтау, ғылым, өнер, құқық саласындағы мамандар, діни конфессиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіре алады.
      5. Қазақстан Республикасында Этика мәселелері жөніндегі орталық және жергілікті комиссиялар жұмыс істейді.
      6. Этика мәселелері жөніндегі орталық комиссия халықаралық және республикалық деңгейде жүргізілетін зерттеулерді тәуелсіз бағалау үшін уәкілетті органның жанынан құрылады.
      Этика мәселелері жөніндегі орталық комиссияның құрамы мен ол туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.
      7. Этика мәселелері жөніндегі жергілікті комиссиялар денсаулық сақтау ұйымдарының базасында жүргізілетін зерттеулерді тәуелсіз бағалау үшін осы ұйымдардың жанынан құрылады.
      Этика мәселелері жөніндегі жергілікті комиссияның құрамы мен ол туралы ереже оның жанынан осы комиссия құрылатын денсаулық сақтау ұйымы басшысының бұйрығымен бекітіледі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет