Халықаралық ТҮркі академиясы әлішер науаи хамса ләйлі – Мәжін



Pdf көрінісі
бет14/77
Дата20.05.2024
өлшемі3 Mb.
#501480
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   77
Әлішер-Науаи.-ХАМСА

ОН ЕКІНШІ ТАРАУ
Мәжіннің ел-жұрттан безуі, жабайы жыртқыштармен достасып, 
шөл далада Науфалмен кездесуі хақында. 
Білгендер тынды-дағы іштерінен,
Сыртқа сөз шығармады тістерінен:
Меккеге мәлім болған әлгі жайды,
Біреуден біреу естіп ел мұңайды.
Алданар ештеңе жоқ жан жұбатып,
Әкесі қасіреттен қалды жатып.
Жақсылық Жаратқаннан тілеп ізгі,
Ұлынан біржолата күдер үзді.
Ағызып екі көзден қанды жасын,
Жіберді өз еркіне қаңғыбасын.
Елінен кетті Мәжін жынды безіп,
Тау асып, тасты басып, құмды кезіп.
Ұқпайды не боларын орта жолда,
Әйтеуір бір күш оны тартады алға.
Кезіккен тіл қатпайды еш адамға,
Көргеннің жаны ашиды есалаңға.
Сандалып жата кетер сай-жыраға,
Аузында айтар сөзі: «Ләйлі!» ғана.
Қай жаққа көз жіберіп батса мұңға,
Оранып Ләйлі тұрар көк сағымға.
Біресе мың құбылып құмды дала,
Қиырдан елестейді гүлді қала.


73
Көзіне дүние жайнап көрінеді,
Мәз болып елітеді, емінеді. 
Ләйліні есіне алмай жүре алмайды,
Еңіреп жүрегінен жыр арнайды.
Жауһардай түрлендіріп сырлы тілді,
Төгеді ғазалдарын түрлі-түрлі.
Болады әр теңеуін құдірет десе,
Ләйліні судай ағар суреттесе.
Ынтығып ынтызарын көрсем дейді,
Әр сөзі жүрек қозғап, жан тербейді.
Жалғайды жыр маржанын тізілдіріп,
Жылатып, жадыратып, үзілдіріп.
Ойына түскен сәтте Ләйлі сірә,
Тәп-тәтті у татыған қайғысы да. 
Көңілі қуанышқа серпілмейді,
Ләйліні есіне алса еңкілдейді.
Ел ұйып өлеңінің сөздеріне,
Күрсініп жас алысты көздеріне.
Үмітін қайта жалғап түңілгеннің,
Дем беріп, белін жазды бүгілгеннің.
Құлшынтып құштарлықтан безінгенді,
Оятты ұйқыдағы сезімдерді.
Кіргенде ақыл-есі анда-санда,
Иесі асыл сөздің ол қашанда.
Қалпына қайта түссе тоқтай алмай,
Аузына келген сөзді төкті аянбай.
Қарайған қарауытып түндей көзі,
Не істеп, не қойғанын білмейді өзі.
Сағыныш қалай тисін оңай оған?
Сияқты болып кетті жабайы адам.


74
Жынданған жанның тілін кім біледі?
Себепсіз бір жылайды, бір күледі.
Жылжиды әзер тұрып аяғынан,
Тағдырдың есеңгіреп таяғынан.
Бір мезет түсе қалса Алла есіне,
Келеді зәресі ұшып тәубесіне.
Махаббат сірә кімнен тайынады?
Сәлден соң қорқыныштан айығады.
Жылайды зар еңіреп жас баладай,
Көшіріп жер мен көкті кешке қарай. 
Шөлдегі шөптей қурап мұнар көшкен,
Өзін де, ата-анасын шығарды естен.
Азапты айырылмас серік етті,
Жапанда жалғыз жүріп өмірі өтті.
Нәр сызып, дәм татпады қаншама күн,
Бейнеттің ішкендей бір бал шарабын.
Санаспай күннің шығып, батқанымен,
Сандалды қасіреттің соқпағымен.
Хабарсыз халық одан – қай жақта жүр,
Ол да бір, қаңғып жүрген сайғақ та бір.
Иенде иттің күнін бастан кешті,
Таба алмай тағылардан асқан досты.
Аңдардың ізін қосып шиырымен,
Табысты киіктердің үйірімен.
Үркеді үйір болған табын кімнен,
Ішінде иесі бар бағып жүрген.
Үн-түнсіз киіктермен сырласады,
Сүйісіп, аймаласып, мұңдасады.
Құмды шөл құлазиды күн ыстықта,
Айнала жердің беті тыныштықта.


75
Ол барда қатер төнбес табынға бір,
Қасқырлар иттей еріп соңында жүр.
Тосыннан ажал келсе көріп алар,
Жар болса Жаратқаны жаны қалар.
Ұстаған уысында бір тайпа елді,
Аң аулап бұл араға Науфал келді.
Арабта одан асқан ер жоқ еді,
Көзге атқан құралайды мерген еді.
Қылышқа, найзаға да бірдей еді,
Жаулаған талай елді бір дөй еді.
Кездесіп аңда жүріп сыңар ізге,
Бір күні шығып кетті құла түзге.
Жолықты оған кенет жолын қиып,
Мәжіннің қасындағы қалың киік.
Шошынып қашқан аңдар даладағы,
Ес тұтып, Мәжінге кеп паналады.
Жан үшін жыртқышы да, момыны да,
Мәжіннің жиналғандай қорығына.
Тамызып көздерінен мөлтек жасты,
«Құтқара көр!» дегендей жаутаңдасты...
Бұл жағдай құлақ естіп, көз көрмеген,
Тарихта бұрын-соңды кез келмеген.
Науфалдың есі шықты мұны көріп,
«Не ғажап?» – дегенге әзер тілі келіп:
«Сұмдыққа айтыңдаршы, жолықтым ба,
Көздерің шыныменен көріп тұр ма?
Жын-пері айналдырып мына мені,
Есімнен адастым ба сірә!?» – деді.
Біреулер деді естіп ек елден мұны,
Көзіміз жетті, міне, көрген күні.


76
Мәжіннің жайын Науфал естіп-біліп,
Көз жасын сорғалатты өксіп тұрып.
Махаббат зарын тартып бір кездері,
Өзінің түсті есіне құм кезгені. 
Серуен, саятшылық жайына қап,
Түнерді түнек қайғы ойын орап. 
«Махаббат күші неткен құдіретті ең,
Жанымды найзағайдай тіліп өткен!?
Тар жолын махаббаттың таңдағанда,
Шын сүйген жүрек көнбес алдағанға.
Қарашы, табысқанын аң мен адам,
Тыныштық тауып мына маң даладан!?
Мәжіннің батқанменен жаны мұңға,
Жүрегі мейірім мен толы нұрға.
Аңдар да қашпайды одан секем алып,
Мәжінге еркелейді жата қалып.
Мәжін де оқыс мінез танытпайды,
Оларды мәпелеуден жалықпайды.
Адамдық арылған соң сұм қылықтан,
Аңдар да жыртқыштығын мүлде ұмытқан.
Жарандар! Көніп менің дегеніме, 
Тастаңдар садақты да, жебені де!
Аямай қыра берсек аңды сірә,
Түбінде ұшыраймыз қарғысына!
Жетеді иттігіміз мына біздің,
Бояған бетін қанға құла түздің!
Жан-жақтан зәресін ап қамалатпай,
Байлаңдар иттеріңді абалатпай!»
Көрсеткен аң мен құсқа қанша зәбір,
Осылай берді көпке Науфал әмір.


77
Елжіреп езілердей батыр жаны,
Мәжінге сонан кейін жақындады.
Тіксініп аңдар шошып тітіреді,
Кідірді Мәжін бірақ күтіп оны.
Өзіне тартты жүріс-тұрысы ұнап,
Көзіне бейтаныс жан жылы ұшырап.
«Ассалаумағалейкум!», – деді, Науфал,
Иілді сәлемін ап жігіт сәл-пәл.
«Армысыз, – деді, – ізгі жан мейірімді,
Кең қылсын Алла дәйім пейіліңді!
Жақсыны сендей тұңғыш жолықтырдым,
Көзіңнен адалдықты көріп тұрмын.
Достық пен махаббаттың нұрын жағып,
Күндей боп шыға келдің күлім қағып.
Байқасам киімің көк, тамағың тоқ,
Өзіңе таң қалмасқа амалым жоқ.
Жүретін белшесінен жүзіп қанға,
Ұсқының ұқсамайды бұзықтарға.
Жұртыңды асырауға малың жетер,
Төгесің аң байқұстың қанын бекер.
Өзіңдей келген жанға кемеліне,
Қан төгіп қызық үшін керегі не?
Жоқ әлде басқа алданыш қалмады ма,
Қырғынға жаның құмар болғаны ма?
Ойрандап тіршілікті тектен-текке,
Ешкімнің қақысы жоқ қан төкпекке.
Сенің де судай ағып қызыл қаның,
Бір күні шырқырайды шыбын жаның.
Шіреніп тарта берме сұм садақты,
Түбінде саған опа қылса жақсы?


78
Аңдардың ұшырайсың зауалына,
Азаптап қалма босқа обалына.
Жаратып мекендеуге ұлан дала,
Тіршілік берген Алла бұларға да.
Қанды қол деген атақ батады ерге,
Мейірім қыл, аң біткенді ата берме!»
Науфалдың сонша бұған таң қалғаны,
Аяққа жығылуға арланбады.
Жата қап жерді құшып деді былай:
«Алқады саған кез ғып мені құдай!
Кіршіксіз судан таза, мөлдір жаның,
Болайын, айналайын, мен құрбаның!
Жанымды бір көргеннен баурап алдың,
Алдыңда мен бір мүскін кембағалмын.
Өтінем, тілегімді тез қабылда,
Бас еркім бұдан былай өз қолыңда!
Көнемін тұсауыңа, байлауыңа,
Жүремін айтқаныңа, айдауыңа.
Қолыма садақ алсам, сынсын қолым,
Осымен аң аулаған тынсын жолым.
Қанатсам жорғалаған тышқан мұрнын,
Астына көмілейін ұшқан құмның. 
Әр сөзің жаулап алды жүрегімді,
Ал, енді тыңда менің тілегімді!»
Мәжін де оған сенім байлап еді,
«Алланың сүйген құлы, сөйле!» – деді.
«Өзіңсің – деді Науфал, – мен білгенде,
Жалғанда жаны таза жалғыз пенде.
Кісі едім дінім қатты, қолым қанды,
Нұсқадың адамдықтың жолын мәңгі!


79
Бағынды бір өзіңе ақыл-ойым,
Құдайдан сенен артық не тілейін?
Атады әрбір таңым саған қарап,
Сен үшін менің жаным алаңдамақ.
Жапанда пана тауып сен аңдардан,
Бөлініп, безіп кеттің адамдардан.
Азулы аңдар туған бауырыңдай,
Бірге өскен, біте қайнап қауымыңдай.
Жыртқыштан жұрт шошитын қорықпайсың,
Ойнайсың еркелетіп жалықпайсың.
Түңілдің адамзаттан сен неліктен,
Көзіңе жат көрініп пенде біткен?
Қалайша елден қашып жаны ашыған,
Тыныштық таптың жыртқыш арасынан?
Құм кезіп, ел аманда, күн жарықта,
Мен білем, қалай түстің бұл қалыпқа.
Бір гүлге ғашық болып дерт байландың,
От алып бір ұшқыннан өртке айналдың.
Тұрса да жақсы көріп аңды жаның,
Жөн болмас түзде бұлай қаңғығаның.
Сарғая сағындың ғой қимасыңды,
Қасыма ер, көзіңдегі тый жасыңды.
Кетірме азып-тозып кетеуіңді,
Қосайын Ләйліменен екеуіңді.
Кеселді жолыңдағы құлатайын,
Жылаған қос жүректі жұбатайын.
Жалынып, жалбарынып керегі жоқ,
Тарту мен таралғының көмегі жоқ.
Көз қырын салмай сендей қайғылыға
Сенетін шығар бәлкім байлығына. 


80
Шешпесе бұл түйінді алтын-күміс,
Шешеді қолымдағы өткір қылыш.
Қасірет қоршағанда шыр айнала,
Көктегі көмектесер құдай ғана!
Сен үшін бар күшімді салып бағам,
Қырсықтан қайтсем де аман алып қалам.
Түсемін махаббатқа арашаға,
Күресем құдай қырын қараса да.
Адамдық тәнті қылды қасиетің,
Ұлым бол, жақсы көріп мен сүйетін.
Зарықпа жапа шегіп босқа жылап,
Аңдарды қасыңдағы таста бірақ.
Адам мен аң болмысы екі басқа,
Сене біл адамдарға, одан қашпа.
Адамға білдіре біл ерек сенім,
Ләйлімен кездесуің керек сенің».
Мұны естіп дірілдеді қатты жылап,
Жейхұндай ыстық жасы ақты құлап.
Тоқтамай қуаныштан боздады кеп,
Іштегі қайғы-шерін қозғады көп.
Күлімдеп жасты көзбен былай деді:
«Кез қылды өзіңізге құдай мені!
Байқасам айтқаныңның барлығы жөн,
Батамын терең ойға әр күні мен.
«Кездесу» деген сөзден шошынамын,
Ағатай, ескеріңіз осы жағын.
Тағдырдың тауқыметін тілеп түзден,
Зар болып кездесуге күн өткізгем.
Қиянат көре-көре адамдардан,
Аңдардан даладағы табам қорған.


81
Үзгемін әлдеқашан күдерімді,
Адамдар орындатпас тілегіңді.
Бас ұрып аяғына жығылсам да,
Кездесу қиын болар бүгін таңда.
Келмесе осы айтқаным жоқ болайын,
Жылқыңның табанында тапталайын». 
Осылай бір-біріне жақындасты,
Мұңдасты, сыр айтысты, ақылдасты.
Сеніскен тіксінеді неден жүрек,
Сыйласты, түсіністі жаны елжіреп.
Жеткізсе жүздесудің хабарын кім,
Сүймекке Мәжін дайын табанын мың!
Уа, достым, кездесудің қамын жаса,
Сағынып, жаның күйіп жалындаса.
Көңілің құлазыған шалқуға зар,
Кездесу деген сөзден артық не бар!?


82


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   77




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет