Халықаралық ТҮркі академиясы әлішер науаи хамса ләйлі – Мәжін



Pdf көрінісі
бет10/77
Дата20.05.2024
өлшемі3 Mb.
#501480
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   77
Әлішер-Науаи.-ХАМСА

СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
Тордағы құстай азап шеккен Мәжіннің ошақтағы оттай 
лаулағаны, оның жүрегінің жалынынан бұғауланған 
шынжыр балқып түсіп, тағы да дала кезіп кеткені хақында. 
Махаббат арқанына шырмалса кім,
Төгеді ағыл-тегіл жыр моншағын:
Жапанда жарымес Мәжін қаңғып жүрген,
Бұзықтай тұтқындалды ел бүлдірген.
Құстай боп торға түскен жалтақтады,
Қамығып, қапаланып нәр татпады.
Кірпігі түн баласы ілінбеді,
Жүрегін қайғы-найза тілімдеді.
Бермесе көздің жасы жанға мұрсат,
Ұйқыға бас қоя алмас пенде бір сәт.
Тағы да сорлы әкенің сағы сынып,
Шақыртты бәлігерді жан ұшырып.
Лапылдап тұла бойға өртін жайған,
Емші ұқсын махаббаттың дертін қайдан?
Сырқатқа ішкізсе де бал шәрбатты,
Жас емес жанарынан қан саулатты.
Аямай сабаса да міз бақпады,
Жылады, қарқылдады, ыржақтады.
Амалы біткен емші азаптанды,
Ызадан жарылуға аз-ақ қалды.


54
Таба алмай дерттің емін қатты егесіп,
Етінен алды тіпті ет те кесіп.
Көк аспан түнерді күн тұтылғандай,
Түнекке күннің өзі жұтылғандай.
Түн жапты дүниені, айта көрме,
Тұрғандай тажал төніп байтақ елге.
Тас қылып таң есігін бұлбұл жапты,
Жарқанат үңгірінде мүлгіп жатты.
Жанғандай жердің беті күлге айналып,
Зарықты зарлы тұтқын күнде ойланып: 
«Жатқанша күллі азапты мұнда шегіп,
Қалсамшы тумай жатып құмда шөгіп!
Көзімнен сорғалады қанды жасым,
Өмірге неге келдің сорлы басым?!
Лақтырып тастағанда мені тысқа,
Жем болып тынар едім ит пен құсқа.
Жо, жо, жоқ, ит байқұстар уланады,
Етімді жегендері жынданады.
Жаһанға жайылса дерт қауіпті бұл,
Шарпиды хайуанды да халық түгіл.
Одан да отқа жанып кетпедім бе,
Түтінім көтеріліп көкке мүлде. 
Қиналмас еді бұлай босқа жаным,
Көр соқыр болғаныңда, қос жанарым!
Бүйткенше кетсем нетті бүгін жанып,
Әкетсе құйын көкке күлімді алып.
Айқындап о, дүние, тарлығыңды,
Төгер ем көк аспанға зар-мұңымды.


55
Жатар ем түкті ойламай түкпірде өзім,
Көрмесе махаббатты шыққыр көзім?
Мойныма қоржын салып қайыршы боп,
Кезер ем елден елді қайыр тілеп. 
Екі көз – әрі бағым, әрі сорым,
Тозаққа айдаса да келісемін.
Жарық күн Ләйлі жоқта қара түнек,
Мен бір құс қапастағы қанаты жоқ.
Жолықсам Алла беріп тілегімді,
Қолына ұстатар ем жүрегімді.
Серік қып махаббатын жанға соның,
Ойыма әйел затын алмас едім. 
Ажары көз қаратпас күн нұрындай,
Табарсың жер бетінен кімді мұндай?!
Жалыны аспан астын шарпығанда,
Ұқсайды күннің өзі балқығанға!
Сұрапыл ондай өртпен кім егессін?
Қасында мен бейшара түк емеспін!
Отқа сап қанішерді өртерінде,
Кісеннен босатқан ғой ел тегінде.
Мен ғана өртте тұрған бұғауменен,
Арқалап ауыр кінә жылауменен.
Төбемнен алып жартас құлағандай,
Сұмдық бар бұдан өткен сірә қандай?
Қасірет жүгін артқан құдірет қой,
Жатырмын өлген жандай қыбыр етпей.
Босанып бұл қапастан жан мен тәнім,
Ұшар ма ем қанат бітіп келгенше әлім?»


56
Осылай қарғыс айтты Мәжін зарлап,
Діңгекке байлағанға өзін зорлап.
Шынжырды жұлқығанда арлы-берлі,
Үзіліп бір шығыршық белгі берді.
Шірене тартқан кезде әрі қарай,
Шынжырдың быт-шыт болды бәрі де оңай.
Бұғауды лақтырды да бек қуанып,
Далаға атып шығып, кетті лағып.
Күй кетіп, қалжыраған пенде-ғаріп,
Құлады шаршап біраз жерге барып.
Шынжырлы тірлікке бас шұлғыған жан,
Бұғауың мың есе ауыр бұл бұғаудан.
Серпіліп, еркіндікке қанат серме,
Жол ашар шексіз дүние талапты ерге...


57


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   77




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет