ОН ТӨРТІНШІ ТАРАУ
Ләйлінің әкесі жеңілгенін мойындап, қызын өлтіруге
бекінгені және оның осы қатігез пиғылын Мәжін
түсінде көріп, Науфалдан соғысты тоқтатуды сұрауы хақында.
Көрінер үшкір қалам найзадай бір,
Жай отын жарқылдатса найзағай-жыр:
Науфалдан әрі батыр, әрі мықты,
Төбесі көрінгенде жауы бұқты.
Ләйлінің әкесінен кетті маза,
Соғыстың салдарынан тартты жаза.
Жеңілсе кім жабықпас, кім жүдемес?
Шақырып нөкерлерін құрды кеңес.
Көпшілік жүз толғанып, мың ойланды,
Шығатын жол таба алмай шыр айналды.
Онсыз да елдің шеті бұзылғанда,
Қыз үшін батқысы жоқ қызыл қанға.
Шығарып тығырықтан келген елді,
Түнерген қыз әкесі тілге келді:
«Қайғыға кез қылмаған жалған кімді,
Көрерміз – деді, – басқа салған күнді?!
Жау жеңсе табанында тапталамыз,
Судай боп құмға сіңген жоқ боламыз.
Науфалдың зорлығынан қайғы жедім,
Көзімнің қарашығы – Ләйлі менің.
91
Қызымды қолдан қалай қиып берем?
Өлермін шыдай алмай күйікке мен.
Жайым жоқ масқараға қалатұғын,
Сүйекке өшпес таңба салатұғын.
Жауыма тірі тұрып жалынам ба?
Ләйлінің жоғы жақсы барынан да.
Садақтың денесіне оғын себем,
Қып-қызыл қынадай ғып қанын төгем.
Талқыға салса-дағы тағдыр қандай,
Құртамын көктей орып балдырғандай.
Көзімнің шамшырағы шашқан нұрын,
Жанымның бақшасы еді ашқан гүлін.
Жайнаған шырағымды өмірдегі,
Сөндірсін қор қылғанша өлім желі.
Бақшамды таптағанша жау табаны,
Жақсы еді күздей қурап, қаусағаны.
Шаламын қыршынымды құрбандыққа,
Кесірі тимесін деп туған жұртқа!»
Межелеп бұл сөзімен жетер жерін,
Серпілтіп тастады бір нөкерлерін.
Сөйлесе ешкімнен сөз сұрамаған,
Науфалдың мерейі үстем бірақ одан.
* * *
Мәжіннің көк аспанын мұнар басты,
Сәт сайын қуаныш пен мұң алмасты.
Үмітпен таң атады, күн шығады,
Ләйліні бір көруге ынтығады.
92
Науфалдың соққы жеген шайқасынан,
Бақ құсы ұшты қыздың тайпасынан.
Кім сүйсе ашиды тек соның жаны –
Бағзыдан бұлжымайтын өмір заңы.
Қайысып қасіреттен езіледі,
Сонда да тәтті үмітпен көз іледі.
Көктемдей көріктенген нұрға байып,
Түсінде қызды көрді бір ғажайып.
Сәулетін сымбатынан сезінерсің,
Жайнаған бейне күннің өзі дерсің!
Тандырып шағылысса елді есінен,
Ай нұры күңгірт тартар сәулесінен.
Аяқтың дыбысынан жеңіл басқан,
Таныды Ләйлі екенін жаңылмастан.
Қасына ақырындап таяды да,
Құлады құлшына кеп аяғына.
Көңілін күңірентіп басқан қайғы:
«Мәңгілік, – деді, – өмірде дос болмайды!
Өлімге әкем мені қиып отыр,
Халқы да үкіміне ұйып отыр.
Сөндіріп батқан күндей жас ғұмырды,
Боямақ қызыл қанға кешкі нұрды.
Сендіріп өмір жалған екеніне,
Жөнелтпек мәңгі жатар мекеніме.
Сүйіктім! Кешіре көр мен мұңлықты,
Жасайды өз дегенін тағдыр мықты.
Қуып ем бір елесті қиырдағы,
Ақыры осы болды бұйырғаны.
93
Білмеймін нені аңсадым, нені күттім?
Жастықтың жетегінде желігіппін.
Қош енді, маған кінә тақпа, жаным,
Бақиға ертең ерте аттанамын!»
Жанына медет тұтып тек құдайды,
Осылай аян беріп кетті Ләйлі.
Айғайға басты Мәжін оянды да,
Сездіріп бір сұмдықты аян мына.
Мұндайда кім жатады жәрдем бермей?
Тік тұрды бүкіл тайпа жау келгендей.
Тосыннан дүрліктіріп қалың көпті,
Науфалға жанұшырып Мәжін жетті.
Өртеніп өлетіндей жанып іштен,
Зар илеп, құшты аяғын жалынышпен.
Алақтап қорқыныштан деді былай:
«Қолдасын, Жеңімпазым, сені құдай!
Соғыстың тізгін бермей ылаңына,
Сала көр қылышыңды қынабына.
Жатырсың маған ашып қан майданды,
Маған сұқ, сұғар болсаң көк найзаңды.
Дұшпанды іздей көрме өзге жақтан,
Жебеңді маған арна көздеп атқан!»
Науфалдың мына сөзден есі шықты,
Жынданған шығар деді Қайыс тіпті.
Сұрады: «Не болды, – деп, – ей, байқұсым?»
Жеткізді Мәжін оған көрген түсін.
Мәжіннің көрген түсі таңырқатып,
Жабықты Науфал терең ойға батып.
94
Мәнісі мына түстің айдан анық,
Шындықтан жалтарады қайда барып?
Тұп-тұнық Мәжіннің жан дүниесі,
Айнадай жарқыраған нұр иесі.
Үңілсең жүрегінің нақ түбіне,
Көз жетер риясыз пәктігіне.
Бұзған соң тыныштығын Ләйлі келіп,
Жұлдыздар жабырқады қайғы жеңіп.
Жорықтан түн күзеті қайтарылды,
Тағына таң патшасы қайта мінді.
Жарқылдап жай түскендей қара жерге,
Мәжіннің айтқан сөзі тарады елге.
Қалың қол ойға батты желдей тынып,
«Қайтайық, - десті, - Ләйлі өлмей тұрып».
Науфал да қайтты кері ертіп көпті,
Қайыс та құла түзге жортып кетті.
Жаратқан, белгі бердің көктен маған,
Ғажайып құдіретіңе бек таңданам.
Құлыңа бақыт сыйлап мәз қылғанша,
Тентірет еркіндікте көз жұмғанша!..
|