ОН СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
Ләйліге Мәжіннің жауап хаты
«Жар болған ғашықтарға, Пәруардігер,
Қолыма қалам алдым, қолдап жібер!
Қосатын жүректерді жалғыз Алла,
Душар қып мәңгі-бақи мұңлы зарға.
Жаратты құдіретімен жер мен көкті,
Құлпыртып жердің жүзін жаңбыр төкті.
Жандардың сырты сұлу, іші суық,
Қатігез қайырылмас, келмес жуық.
Өмірге құштарлардың жолы қиын,
Кездесер қия басса долы құйын.
Жаратқан әр түрлі қып Алла солай,
Тіршілік пенделерге болмас оңай.
Қол жетпес ынтықтырып ғажаптарға,
Салады ғашықтарды азап-сорға».
Бастады хатты осылай тура сөзбен,
Қу жанын қинап қайғы-мұңға төзген:
«Сарғайған қайғы менен сағыныштан,
Жаралы асау жүрек алып ұшқан.
Мың сәлем жарық күнге жанған оттан,
Мың сәлем періштеге торда жатқан!
Жүзіңді жарқыраған күннен ерек,
Қызыл тіл жырламаса кімге керек?
121
Жарқанат түнді кезген білсін қайдан,
Жан барын сәулесі артық күн мен айдан?
Сан мың шөп жел тербетіп ойнап тұрған,
Раушанға қайдан жетсін жайнап тұрған?
Тұрса егер ақыл-есім сеңдей болып,
Қалса да екі көзім көрдей болып,
Сағына күтер едім мен ғасырлап,
Өлімді жеңер едім сонда шындап.
Тіршілік қызығынан құр қалдым да,
Сен үшін үйден бездім жындандым да.
Қаңғыдым құла түзде қу медиен,
Ескі там үйім болды тұрған иен.
Әр жерді Отанымдай қорған қылдым,
Бұлақтан жылап аққан шөл қандырдым.
Жайылған кілем болды құм мен дала,
Көктегі жылу алдым күннен ғана.
Асқар тау, биік шыңдар – мінген атым,
Ұшқан құс болды менің қолқанатым.
Үйірген қара шаңды, құйын-желді,
Сары дала киетұғын киім болды.
Меңіреу табиғаттың панасында,
Аңдардың өмір сүрдім арасында.
Жүргенде құмды кезіп жалғыз өзім,
Жабайы балаларды көрді көзім.
Шошыды аңдар мендей құбыжықтан,
Құстар да әнін тыйды құбылжытқан.
Иенде көп күйзелдім, көп жыладым,
Тұрпайы тіршіліктен қалжырадым.
122
Аңдадым шиырлаған жолымды әрең,
Бұза алмай өрмекшінің торын да мен.
Азаптан ұзақ таңға көз ілмедім,
Түршіктім тани алмай өзімді өзім.
Кеміріп ғұмырымды тіпті қысқа,
Басынды шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа.
Білмеймін, тірімін бе, өлімін бе,
Сарғайып сағынамын сені күнде!
Соншалық қазір маған өмір тәтті,
Мұңайып жазған хатың жабырқатты.
Оқыдым меңірейген құла түзде,
Жаратқан жәрдем берді, сірә, бізге!
Хаттағы әр сөзіңнен алдым қуат,
Өзің біл мейлің жылат, мейлің жұбат.
Алайда жанға батты мына сөзің,
Сенбеді оқығанда екі көзім.
«Халқыма көтердің, – деп қылышыңды!»
Тарылттың осыншама тынысымды.
Жей көрме Алла куә оған қайғы,
Құмырсқа арыстанмын дей алмайды.
Көзіңе елестетші тым болмаса,
Асқанын қашан көрдің пілден маса?
Апарып қойса-дағы қай қатарға,
Тең болған арқан қашан айдаһарға?
Келтірме мені айыптап мұндай күмән,
Шыным сол, кеттім қаңғып мұң-қайғыдан.
Жападан жалғыз жүрген құм шөлдегі,
Кездейсоқ тауып алды Науфал мені.
123
Сезіндім сол бір сәтте жан сыздаған,
Өмір жоқ екендігін сенсіз маған.
Қойғандай болды маған бірер сұрақ,
Мен жауап бергендеймін жыламсырап.
Жоқ бірақ бірде-бірі есімде оның,
Есалаң болғанымды кешір менің.
Есім бар кіресілі-шығасылы,
Тұманға кіргендеймін мен әсілі.
Соңына ертіп Науфал алып кетті,
Бір елге соғыс ашты болып кекті.
Қаһарлы қимылынан бір ұққаным –
Байқадым қан төгуге құныққанын.
Қайтесің қырғын салып, қайт күнәдан,
Әскерді шегіндір деп айттым оған!
Сөз тыңдап Науфал қайтты райынан,
Сенімнің нұры шалқып шырайынан.
Тағы да сөздер айтты бір керемет,
Үйлену туралы да бірдеңе деп.
Ұқпадым ол сөздердің мен мәнісін,
Әйтеуір бір оқиға болғаны шын.
Ойымда болар-болмас тұр бұлдырап,
Хатыңды оқығанда білдім бірақ.
Жұбатар кім бар екен құдіретті,
Сезікті, секем алған сұм жүректі?
Айнымай берген уәде, айтқан серттен,
Ауырдым азап тартып, ауыр дерттен.
Анықтап не болғанын сұрамайсың,
Несіне мені босқа кінәлайсың?
124
Шындықтай көрінеді енді бәрі,
Бәріне есі ауысқан мен кінәлі.
Үрлесең ұшып кетер күлі қалған,
Тозаққа мен шығармын тірі жанған.
Сағынған сәлеміңе басым құрбан,
Сөздерді тыңда мені шошындырған.
Науфалда еш кінә жоқ салған ылаң,
Бәрі де мәжіндіктің салдарынан.
Есімнен мен адассам сен кінәлі,
Кінәңді маған артпа ендігәрі.
Кешірсін Құдай өзі, сөз қылса кім,
Деп жүр ғой сенің жарың Ибн-Сәлім.
Екенсің оған ынтық алабөтен,
Беріпті ақ батасын оған әкең.
Болса да сенбей маған тағар кінәң,
Зәредей келтірмеймін саған күмән.
Құдай-ау, ғайбат сөзге ергенім бе,
Не көкіп, не деп кеттім сен жөнінде?!
Осы ғой жанған оттың сөнгендігі,
Есінен адасқанның көрген күні.
Айырылған мүсәпірмін ақыл-естен,
Құл болып махаббатқа атым өшкен.
Өтінем, кешіре алсаң, кешір мені?!
Әйтпесе үмітімнің кесілгені.
Тақалды жан алқымға, өліп барам,
Сен жоқсың дем салатын келіп маған?
Тірі өлік секілдімін құр қалқиған,
Мән берме сөздеріме мұнда айтылған.
125
Кетемін сапар шегіп мен келмеске,
Шығарма мені есіңнен жалғанда әсте!
Бөленіп рахатқа өмірде мол,
Бақыт пен қуаныштың төрінде бол!»
Мәжіннің хаты, міне, бітті оқылып,
Хаттай боп Ләйлі қалды бүктетіліп.
Жыртылған хаттай болып қиналды көп,
Үзіліп кететіндей сүйген жүрек.
Сәлден соң сөзін айтып ойындағы,
Өзінің қателігін мойындады.
Қыз хаты көкірекке мұң орнатты,
Жүрекке жігіт хаты шырақ жақты.
Бұл хаттың мұңға толы бағы жанды,
Тұмар қып Ләйлі дереу тағып алды.
Ләйліге жалбарынып жатқан шығар,
Мәжін де тағып алып хаттан тұмар.
Әкелдің, хат тасушы, не жаңалық,
Дертімнің дауасын кім табады анық?
Дәрінің керек емес маған емі,
Хат қайда, хатты көрсет ең әуелі?
126
Достарыңызбен бөлісу: |