Халықаралық ТҮркі академиясы әлішер науаи хамса ләйлі – Мәжін



Pdf көрінісі
бет21/77
Дата20.05.2024
өлшемі3 Mb.
#501480
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   77
Әлішер-Науаи.-ХАМСА

ОН ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
Әкесінің есі ауысқан Мәжінді иен даладан тауып алып
үйіне қайтуға көндіргені хақында. 
Қаламгер терең ойлы, алмас тілді,
Былайша жыр аяғын жалғастырды:
Шешесі сағынды да ұлын қатты, 
Әкенің шыбын жанын шырылдатты.
Ұйқыдан айырылған күндерінде,
Зар болды қайран ұлын бір көруге.
Мәжін ұл шарлап жүрген дала төсін,
Аяйтын шығар бәлкім кәрі әкесін.
Іздеумен зар илеген боталарын,
Көз жасын сыйлар мүмкін ата-ананың.
Есінен өле-өлгенше кім адасар,
Әкеге мүмкін бір сәт құлақ асар.
Әкесі түйе мініп құмды кезген,
Бір жерден тауып алды ұлды безген.
Қираған тас қорада жатыр бұғып,
Түңілген тіршіліктен пақыр жігіт.
Өзі де дал-дұл болып тозып біткен,
Тұрған жоқ оны бірақ сезіп тіптен.
Беймәлім, не қылып жүр бұл арада,
Шиырлап тау мен тасты шұбарала.


127
Аяғын әрең басып қыбырлаған, 
Теріп жүр жердің құртын жыбырлаған.
Біресе топырақ үйіп, жерді қазып,
Алмайды бір сәт тыным белді жазып.
Құм шашып өз басына шаңдатады,
Зарлайды, көз ілмейді таңға тағы.
Біресе үсті-басын жұлмалайды,
Осқылап өзін-өзі тырналайды.
Біресе үкі болып сұңқылдайды,
Немесе тым-тырыс қап тың-тыңдайды.
Үкіні қолға үйренген мазалайды,
Қаққылап жүнін шаңнан тазалайды.
Ал, үкі мойнын созып әлсін-әлі,
Шоқыса басын оның қан шығады.
Жарасы басындағы шашынан көп,
Төнеді үкі көзі осыған кеп.
Көзіне қараса оның қанталаған,
Тікендер кірпіктен көп анталаған.
Әкесі уайымдады мұны көрген,
Ұлының түрі осы ма тірі көрген?
«Құдай-ау, не болған? – деп, салды айғайға, – 
Ұсқыны ұқсап кеткен қандай жанға?
Ұлым ба шыныменен мына тұрған,
Байқұсты адастырған кім ақылдан?»
Сұрқынан шошып ұлдың аялаған,
Аяғын әрең басып таяды оған.
Есалаң үрейленіп шын адасты,
Әкесін көре сала тұра қашты.
Көргенде әке жылап безген ұлды,
Кигендей күңіренді боз кебінді:


128
«Сен менің жүрегімнің бөлшегі едің,
Зәремді алғаның не сонша менің?»
Дауысын әкесінің тани сала,
Жүгірді кері қарай ұл бейшара.
Әкенің аяғына жығылды кеп,
Кісінеп кеудесінде құлын-жүрек.
Еңкейіп әке сүйді ұлын сорлы,
Кім көрген мұндай кепті бұрын-соңды?
Басты да бауырына еңкілдеді,
Көз жасы қос мұңлықтың мөлтілдеді.
Екеуі құшақтасып өкірісті,
Іштегі жаспен жуып өкінішті.
Бір жылап, өксік қысып бір бөгелді,
Әкесі сабыр сақтап тілге келді:
«Құдайдан сұрап алған, сорлы балам,
Көрсетпе сұмдығыңды енді маған!
Үстіңде шырылдаған шыбын жаным,
Менің де сен жығылсаң, жығылғаным.
Нұрымсың қараңғымды жарық қылған,
Ұлымсың өзегімді жарып туған.
Жүргенде жабырқатып мына жалған,
Мойныма бұршақ салып тілеп алғам.
Шағымда күн еңкейген сені көргем.
Тұлпардың тұяғы деп тебіренгем.
Болсын деп бауырың бүтін, басың аман,
Тентіреп жүріп сені асырағам!
Өкшеңе кірген шөгір, мұрагерім,
Өкпеме кірсін дедім мына менің!
Артыңда асқар таудай әкең едім,
Оқуға жетеледім, мәпеледім.


129
Сусындап өнер-білім қайнарынан,
Жел ессін деп тіледім айдарыңнан.
Ғылымның бойласын деп тереңіне,
Басымды тіктім сенің керегіңе.
Әр басқан қадамыңнан көз жазбадым,
Тарихтан сен білсін деп сөз қозғадым.
Кешегі ата-анам да көрге кірген,
Ойлаймын көшемін деп мен де өмірден.
Маңдайға қойғаннан соң таңба басып,
Ажалдан құтылмайды пенде қашып.
Табылып, уа, дүние, жоғалғаным,
Алдыңда кетсем сенің жоқ арманым.
Қайғырып, қиналмасын жаның бұған,
Жәннатқа есік ашар сенің дұғаң.
Берген деп адалынан бұл баланы,
Халқым да дұғаңменен нұрланады.
Бар жиған-тергенім де саған қалар,
Жөнім жоқ ол жағына алаң болар.
Жолатпас ойы бұзық жан баласын,
Қорғаны шаңырағымның сен боласың.
Іргеме пәле-жала жақын келмес,
Сен барда, халқым барда атым да өлмес.
Бір күні ажал жетсе мен өлермін,
Келмеске енді қайтып жөнелермін.
От сөнер кеудемдегі сәл үрлесе,
Ажалдың жеткендігін мәлімдесе.
Сен кеттің махаббатқа әуейі боп,
Мінеки, тауып алдым әдейі кеп.
Шегі бар әр нәрсенің тоқта, балам,
Басыңды босатып ал ноқталаған.


130
Өткердік махаббатты біз де бастан,
Бірақ та жеріміз жоқ түзге қашқан.
Жолында махаббаттың өлген қаңғып, 
Ботам-ау, барып тұрған сандалғандық.
Қор қылсаң өзіңді-өзің жөн болмайды,
Жынды да суға кетсе тал қармайды.
Аусар да ақиқатқа бүгіледі,
Ақылға құмырсқа да жүгінеді.
Ішінде қалып қойма жанған өрттің,
Іздесең шипасы бар әрбір дерттің.
Қатерлі мына жолдан басыңды бұр,
Құрдымға кетпей тұрып есіл ғұмыр.
Шәкіртке ақыл бірден қонған емес,
Қант та бірден тәтті болған емес.
Ойланып сабаңа түс, елге қара,
Түсесің түзу жолға сонда ғана.
Өмірге екі қайта келмейді адам,
Торықпас тәуекелге бел байлаған.
Басына шығу қиын мұнараның,
Болғанмен түсу оңай күнара мың.
Жолыңнан адассаң да есің ауып,
Үйге қайт, үйіріңді қайта тауып.
Әкеңнің бітті, міне, тылсым демі,
Шешеңнің әзер отыр құр сүлдері.
Көз жасын көп жылайды төгіп көлдей,
Солардай қос жанары болып көрдей.
«Ботам!» деп күндіз-түні шырқырайды,
Естісең сай-сүйегің сырқырайды.
Маңдайын тауға ұрады, тасқа ұрады,
Өзіңді бір Аллаға тапсырады.


131
Тамшысын тасқа төксе жасты көзі,
Еңіреп жібереді тастың өзі.
Өзіңді зар еңіреп жоқтап талмай,
Ағарды қара шашы аппақ қардай.
Күңіреніп ол да құлар сен құласаң,
Қарғам-ау, ес жиясың енді қашан?
Қаңғырып осыншама таптың нені?
Анаңның таяп қалды ақтық демі.
Үміт үз, келмес енді махаббатың,
Кез келді үйге қарай бет алатын.
Еліктеп елесіне қайдағының,
Ұяңнан бездің неге, қайран ұлым?
Барады баяны жоқ өмір өтіп,
Тастайсың бізді кімге еңіретіп?
Қалмаспыз қайтпас ұзақ жолымыздан,
Келгенде не демексің соңымыздан?»
Болса да екіталай түзелмегі,
Жүгініп бұл сөзден соң тізерледі.
Кім білсін әсер етті қанша өзіне,
Әкенің жауап берді әр сөзіне:
«Мен үшін сенің сөзің қыбыладай,
Тимеді айтқандарың ұлыңа оңай.
Сабырға шақырғанмен мына мені,
Көз жасым шайып кетер бірақ оны.
Не пайда жанға батқан сөздеріңнен,
Әзірге еш нәрсе жоқ өзгерілген.
Жар болсын шешеме де, саған да Алла,
Орындар айтқаныңды шамам бар ма?
Алдыңда қылша мойным талша менің,
Боламын таянышың талса белің.


132
Көзінен жылай-жылай қан сорғыған,
Күтесің қандай жауап мен сорлыдан?
Төндірдім қасіреттен қара түнді,
Айтамын енді саған не бетімді?
Тағдырдың қаһарына ұшырадым,
Өлімнен ұят күшті – қысыламын.
Махаббат салды мені сұм жалынға,
Шыға алмай қалып қойдым шырмауында.
Әлекке құтқарам деп түспе мені,
Ұлыңның масқара ғой істегені.
Дертімнің таба алмайсың мәңгі лажын,
Алдыңда Қайыс емес – енді Мәжін.
Жап-жасыл сауырағаш сияқты едім,
Сүлдерім күл боп жанған қияқ менің.
Көтерер көкке күлді жел тигенде,
Деп қалма сауырағаш селтигенге.
Жарқ еттің шыққан күндей келіп маған,
Көріндім сөнген жұлдыз болып саған.
Білмегем қадіріңді бұрын қалай?
Сөзіңе тоңған жаным жылынғаны-ай!
Қамықпа, қайғыланба, ұмыт бәрін,
Қайтесің, мен шіріген жұмыртқамын.
Ешқашан адам тілін аң ұқпайды,
Құбыжық кісі болып жарытпайды.
Болсам да иттен бетер осы арада,
Итің боп байланайын босағаңа.
Ішейін жуындыңды, құй тегешке,
Адамның адал досы ит емес пе?!
Қаңғыған ит болсам да иендегі,
Кешіріп, мүсіркей көр, ием, мені!


133
Қаласаң мендей итті жүндей саба,
Көнеді не қылсаң да бұл бейшара.
Ұмытқан үйіріме оралайын,
Өзіңнен одан басқа не қалайын?
Жүріппін жабайы боп текке қашып,
Кінәмді қинай берме бетке басып.
Бабалар бұл пәниден бұрын көшкен,
Алдына келсе әкенің құнын кешкен».
Осылай айтып болып соңғы назын,
Түйеге жылдам басып барды Мәжін.
Мойнына шалма салды арқанды алып,
Қарап тұр қайран әке аң-таң қалып.
Бір ұшын ұстатты да қолына әкеп,
«Итіңмін, ал жетекте, еліңе әкет!» –
Деді де төрт аяқтап жорғалады,
Әкенің көзден жасы сорғалады.
Келместен шешіп алып әке тілге,
Асықты ұлын үйге әкетуге...
Есімнен ауысқанда оңбадым мен,
Елімнің сүйіктісі болғаныммен.
Ей, Науаи, боласың бұл күйіңе зар,
Қайыстың әкесі де, үйі де бар.
Ал, сенде дәнеме жоқ, қу тақырсың,
Есіркеп, есіне алып кім шақырсын!?


134


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   77




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет