ОН ЖЕТІНШІ ТАРАУ
Ләйлінің Мәжінге хаты
Түскендей күйіп-жанып отқа тірі,
Асыға Мәжін мұңлы хатты оқыды:
«Сүюге жаратып ап патша құдай,
Салады неге сонша отқа бұлай?!
Махаббат шарабынан татқан пенде,
Адасып, естен танып батқан шерге.
Бұйырған ғашықтардың үлесіне,
Кіршіксіз махаббаттың кінәсі не?
Татыса улы шарап таңдайына,
Жазылмас дерт жайылар өн-бойына.
Айықса айығады барып-барып,
Зарығып табысқанда өліп-талып.
Біздерге кез келтірсін сондай сәтті,
Уы да махаббаттың балдай тәтті.
Сайрайды сағыныштан зарлы бұлбұл,
Жабығып зарығады раушан гүл.
Үздіккен байқұс бұлбұл түнде келіп,
Мұң-шерін тарқатпай ма гүлге қонып!
Ғашықтар отты айналған көбелектей,
Өртенсе, жоқ болады ебелектей!»
Төкті де көмейінен сөз маржанын,
Тебіренді гүлден нәзік қозғап жанын:
115
«Алыстан бір бейшара жолдайды хат,
Сарғайған жақынына жаны сырқат.
Жанымды жабырқатты мұңға тұнған,
Суреттей келген хатың Шын-Машыннан!
Қаңғырып қандай екен кеткен үйден,
Сабандай өртке түсіп, отқа күйген?
Азабын сағыныштың тартқаныңмен,
Тамшысын махаббаттың татпадым мен!
Басыңа қайғы тасы жауса көктен,
Жан едің қорғай алмас сонша неткен?
Мен үшін отқа түскен гүлдей жанып,
Кетсең де өкінбейсің күлге айналып.
Қылыштай тілгілейді сенің қайғың,
Жарадан жазылады жаным қай күн?
Іздеген махаббаттың бақ жұлдызын,
Шарлады ащы зарың жердің жүзін!
Есіңнен адасқан соң кеттің қаңғып,
Жапанда аңмен бірге жаттың мәңгіп.
Жазған соң тағдыр солай маңдайыңа,
Несіне салынасың сары уайымға?
Ұйысып шөп-шалаң мен тікен басқан,
Шашыңды кім тазалар жалықпастан?
Басыңа ұйпа-тұйпа құштар болып,
Кім қуар, ұя салса құстар келіп?
Жалғызды бұл заманда басынған көп,
Кім таңар, жарылса егер басың қан боп?
Бетіңді айғызданған шаң-шаң болып,
Кім жуар, қу далада қалсаң да өліп?
Денеңнен қан сауласа қорғалаған,
Кім жуар, көз жасымен сорғалаған?
116
Етіңе тікен кірсе түр-түрімен,
Ине қып, кім алады кірпігімен?
Ойлайсың өртке айналып күнде мені,
Құм сеуіп, өшіреді кімдер оны?
Құласаң әлің құрып алда-жалда,
Басыңды сүйейтұғын пенде бар ма?
Бұралып батпақ түзде сенделгесін,
Көлеңкең – жалғыз ғана сенген досың!
Аптаптан күйіп кетсе бүкіл дала,
Жапалақ көлеңкесі саған пана.
Түнесең құлап жатқан ескі тамға,
Бермейді құстар маза ұзақ таңға.
Түрі жоқ жыртқыштардың табар тұрақ,
Көздері саған арнап жағар шырақ.
Кетесің қайта тұрып зыр жүгіріп,
Таң атса қорқынышты түнді қуып.
Төсеніп жамбасыңа құмнан төсек,
Болады тостағаның гүл бәйшешек.
Азаптан өлетұғын күйге жеттің,
Көзіңе көк шыбынды үймелеттің.
Арман жоқ өле-өлгенше сен деп өлсем,
Келеді бірге көргім сен не көрсең!
Ризамын азабыңа салсаң күнде,
Сенімен тозаққа да жансам бірге!
Зілзала келсін мейлі тау құлаған,
Сен болсаң бұл жалғанда болды маған!
Бақыттың нұры жауып ынтызарға,
Алаңсыз қауышатын күн туар ма?
Сейілсе қорқынышы қара түннің,
Астында болар едің қанатымның.
117
Оралып мойыныңа ақ білегім,
Ләззаттың жұтар едік тәтті лебін!
Иіскетіп ақ торғындай тамағымнан,
Дертімді басар едім жан ауырған.
Аймалап жарқыраған ай жүзімнен,
Дидарың жайнар еді қайғы жүзген.
Шын ғашық шыдай алмас жанып-күйсе,
Ерніңе балқыр едім ернім тисе.
Көлеңкең болып, шіркін, сонда сенің,
Ілесіп қыр-соңыңнан қалмас едім.
Біз едік махаббаттың өз баласы,
Қайтейін, сұм тағдырдың жазғаны осы.
Еркексің менен гөрі еркін бірақ,
Сенделіп құла түзде жүрсің жырақ.
Жүре бер, амалым жоқ не қыламын,
Көлденең тұра алады жолыңа кім?
Қаңғырып тау мен тасты адақтаған,
Кісен де бола алмайды бөгет саған.
Жоқтай-ақ алданатын өзге ермегі,
Сыртымнан аңдыған көп көздер мені.
Үрей мен ар-ұяттан аса алмаймын,
Алысқа үйді тастап қаша алмаймын.
Үзер ем шынжыр болсын шідер мейлі,
Мықты одан қыз намысы жібермейді.
Ұяттан безсем қалар басым қайда,
Көрінген көзге шұқып басынбай ма?
Қыз деген кір келтірсем атағыма,
Құдайдың ұшыраймын қаһарына.
Қапамен өтіп жатыр ай-күндерім,
Өзіңнен кем түспейді қайғым менің.
118
Соғасың тау мен тасқа сен басыңды,
Мен жұрттан жасырамын көз жасымды.
Екі оттың ортасында қалғаның не,
Науфалды бізге қарсы салғаның не?
Зәресін ұшырғаны ел есінде,
Жұртымның ат ойнаттың төбесінде.
Балаға жаны жұмсақ мейірбанды,
Мені әкем өлтіруге дейін барды.
Дедім мен: «Дегеніне көнейін-ақ,
Махаббат үшін өлсем, өлейін-ақ!»
Науфалмен достасыпсың бауырмын деп,
Естідім қызына көз салып жүр деп.
Жақында той болатын көрінеді,
Айтып жүр жырдай қылып елің оны.
Шын сөзім, ақ жарылған жүрегімнен,
Бақытты боласыңдар білемін мен.
Сол болса қарсы емеспін сен таңдаған,
Жетеді сен бақытты болсаң маған.
Мен оған кінә тағып айыптаман,
Қарасаң қай жағынан лайық саған.
Сымбатты, қарапайым, қайырымды,
Сүйкімді сұлу екен мейірімді.
Қолдасын екеуіңді бір Жаратқан,
Қатерден, қасіреттен, қорғап оттан!
Отына махаббаттың жандың талай,
Қош болғай, жазған шығар тағдыр солай.
Бақыттың төрінде боп сен қашанда,
Есіңе мені алғайсың анда-санда!»
Оқыған Мәжін осы тосын хатты,
Еңіреп екі қолмен бетін жапты.
119
Сейітке былай деді қатты налып:
«Хат емес, шын қасірет жеттің алып.
Бір тамшы уды жұттым балмен қоса,
Бір көріп өлмедім-ау ең болмаса!?»
Жұбатып Сейіт оны көп жылаған,
Қолына қағаз бенен берді қалам.
Шаруаның шапшаң біткен бәрі сәтті,
Хатты алып Сейіт байқұс кері шапты.
Екі етпей өз мойнына алған істі,
Қысқартып ұзақ жолды самғап ұшты.
Мәжінге наз білдірген жатқа теліп,
Ләйліге табыс етті хатты әкеліп.
Хатты ашып, оңашада жалғыз қалып,
Құлпырып шыға келді бал-бұл жанып.
Жазыпты Қайыс хатты жан жүдетіп,
Маржандай жүрек сөзін мөлдіретіп!
120
Достарыңызбен бөлісу: |