Халықаралық ТҮркі академиясы әлішер науаи хамса ләйлі – Мәжін



Pdf көрінісі
бет58/77
Дата20.05.2024
өлшемі3 Mb.
#501480
1   ...   54   55   56   57   58   59   60   61   ...   77
Әлішер-Науаи.-ХАМСА

Аспанды шарлап серуендеп жүрген Ай сұлудың күнге жақындағаны 
сияқты Хақанның сол бетімен елші сипатында Ескендірге келуі, сөйтіп 


397
жақындаса түсуге жол ашуы, бейне Ай секілді жарастық жарығын 
ұлғайта түсуі.
Жасырын әскерінен аттанды да,
Сәріде Хақан келді қақпа алдына.
Қолында елшіге тән нақты белгі,
Жібер деп екпіндеді сақшыға енді.
Шығарып күзетшілер күдікті естен,
Қолма-қол қоя берді кідіртпестен.
Ат басын былай шыға ағытты кеп,
Ескендір қосынына бағыт тіреп.
Басында жүз мың қиял сабылысып,
Келеді арпалысып, алып ұшып.
Алдынан арай төгіп таң да ағарды,
Жайнатқан Ескендірдей бір ғаламды.
Жұлдыздар тасаланды бұлтқа бұғып,
Секілді Чин әскері күрт жабығып.
Ескендір шатырына келіп жетті,
Келгенін салтанатпен мәлімдетті.
Берілді Шахқа хабар: «Елші кеп тұр,
Тұрпаты жаннан бөлек, өршіл, өткір.
Түскендей көктен бейне таң қаласың,
Көрмедік жерден мұндай жан баласын».
Шах айтты: «»Емес шығар бекер пенде,
Төбеге артық болмас көтерсең де.
Түсіме өткен күнгі көрінбесін,
Айнымай келгені ме өңімде шын?
Күн екем тұрған жерге төгіп нұрын,
Қарсымнан дәл өзімдей көрінді күн.
Кім білсін бақыт па әлде жолықпаған,
Әлгі күн тағзым етті келіп маған.


398
Даналар бұл жайында жорып берген,
Аумайды кітаптары көріпкелден:
«Егіз күн тоғысса егер нұр жауады,
Күт, – депті, – болғанынша бір жауабы».
Жұлдызым өрлер бәлкім жоғарылап,
Болжамы даналардың болары хақ.
Кәнеки кіргізіңдер келіп тұрса,
Беріңдер қақпайламай ерік-мұрша!»
Есіктен кірген сәтте елшіні алып,
Ескендір көре сала елтіді анық.
Жарқырап ай дидары сәулетінде,
Иілді Ескендірге сол бетінде.
Орнынан тұрып Шах та қадам басты,
Құрметтеп, төс қағысып амандасты.
Жадырап күн қонғандай қабағына,
«Төрлет!» – деп ишара етті жоғарыға.
Орынға отырған соң ол жайғасып,
Ескендір жөн сұрады аужайды ашып:
«Сөзіңді баста, – деді, – қипақтамай,
Сырыңды түгел ақтар сипақтамай!»
Сөйледі елші баптап дәмді тілмен:
«Жебеушім, шатырға рух – жан бітірген.
Алдыңда бар адамзат – мүшкіл пенде,
Тік тұрар аяғынан түшкірсең де.
Өзіңе қарсы келіп кім батады,
Жүгінбек жалбарынып Чин Хақаны.
Сақтайтын өле-өлгенше екеуара,
Айтатын құпиям бар жеке ғана.
Шықпасын сыр ұшығы елге бірақ,
Болмайды естуіне бөгде құлақ.


399
Емес пе сөзім шығын жақтырмаса,
Айтамын зейін қойып Шах тыңдаса.
Ықтырса салқын қабақ немқұрайлы,
Таба алмай өз жүйесін сөз жылайды.
Суға кім қойып кетер шешінбестен,
Ықылас білдірсе тек шешіл дескен.
Шыдап бақ итерсе де қиянатқа,
Аныққа көзін жеткіз, тиянақта.
Көрерсің күмәнданса қинағанын,
Ел үшін азар болса пида жаның.
Төз деген қиындыққа қайрат жасап,
Өзіңді тастаса да байлап-матап.
Ұятқа қалма деген сырғып, тайқып,
Өл деген өлтірсе егер шындықты айтып.
Уа, тақсыр, ақиқатқа бойласаңыз,
Мінеки, қол-аяғым байласаңыз».
Шах айтты: «Кетіңдер, – деп, – ауашаға,
Біздерді қалдырыңдар оңашаға.
Қайтеміз байлап-матап бейшараны,
Сұңқарға көкек қайтып тиісе алады?»
Арасту Шахтың сөзін сабақтады,
Елшіні жәбірлетіп сабатпады.
Бір бәле болмас үшін Шах күтпеген,
Байлатты қол-аяғын сақтықпенен.
Ұстатып Ескендірге қылыш тағы,
Нөкерлер сыртқа қарай жылыстады.
Шах енді: «Сөйле, – деді барда жаның,
Түлкідей бұлаңдасаң, қолда ажалың!»
Елші айтты: «Уа, Шахтардың әулиесі,
Әлемнің айдай мынау мәңгі иесі!


400
Сырт көзге сыр жасырып елші атандым,
Алдыңа келіп тұрған мен – Хақанмын.
Тағдырым не қылсаң да өз еркіңде,
Жаным пәк саған деген сезерсің бе?
Байлаулы тұтқыныңмын – көніп тындым,
Жығылып аяғыңа келіп тұрмын.
Түсе ме бостан-босқа отқа кісі,
Алдыңа келуімнің көп мәнісі».
Ескендір ойға шомды дүдәмәлмен,
Жүр ме деп жәдігөйлік бір амалмен.
Сонан соң деді: «Болсаң Хақан егер,
Басыңа не күн туды қапа көрер?
Тұтқынға не көрінді түсерліктей,
Жауынан бір жақсылық күтерліктей?
Ажалды тұр емес пе көзі көріп,
Тұзаққа неге ілінді өзі келіп.
Сөзіңнің сену қиын ауанына,
Жауап бер, алдыменен сауалыма?!»
Жан сырын чин Хақаны салды ақтарып:
«Уа, тақсыр, әлемді алған саңлақтанып.
Тап болып зобалаңға зорықтырған,
Алдыңа сыңайым бар келіп тұрған.
Бір өртке киліккен соң жан күйетін,
Бастады тура өзіңе ақ ниетім.
Дархансың тәңірідей аспандағы,
Қолыңда дүние-мүлкім шашсаң-дағы.
Кең жаһан мейіріміңді естіп-білді,
Өлтіріп көрген жоқсың еш тұтқынды.
Мәртебең қысқа күнде жүз өрледі,
Сенімен тірескендер тізерледі.


401
Ақыры аяғыңды құшты амалсыз,
Қарадың кешіріммен еш залалсыз.
Көңілім ақ, қолым таза, бетім жарық,
Көрмедім араздықтың отын жағып.
Сондықтан секем алып, үрейленбен,
Жайым бар ықыласыңды тілей келген.
Өзімді мана тұтқын қылғанымда,
Құлыңдай құлдық ұрып тұрмадым ба?
Болсам да жасым үлкен, көп жасаған,
Мұңымды шаққым келді сонда саған.
Алдыңа бір жеткен соң тірі келіп,
Кетем деп ойламадым күңіреніп.
Кеудемде үміт күні көтеріліп,
Айнымас әділетіңнен етем үміт!»
Бұл сөзге Шах көңілі құлады шын,
Шалқыды жасыра алмай қуанышын.
Шах айтты: «Сендей кемел көрмедім жан,
Сыйлаймын, сыбағаңнан кенде қылман.
Бой тартып, көлеңкеңнен үрке көрме,
Сырыңды айт көкейдегі, ірке берме.
Тектілер сеніспесе ел құралмас,
Байлаулы жатқаныңыз енді болмас!»
Бойына құйылғандай тағдырдан күш,
Хақан да ұшан-теңіз жаудырды алғыс:
«Уа, тақсыр, жебеушім бол жалғандағы,
Әйтпесе екіталай жан қалмағы.
Бетіңе сөз айта алар кім нандырмай,
Ішімді ақтарайын сыр қалдырмай.
Ұяттан өртенердей жанып тұрмын,
Елшіңнің тілін алмай жабықтырдым.


402
Шынымен тиген болса ол шамыңа,
Басымды ал, қылша мойным – талша, мына.
Кінәдан болсам егер тазарардай,
Өкінбен бұйырсаң да жаза қандай.
Әйтеуір кесілген бас құлар шаңға,
Сұраусыз қылышыңды суырсаң да.
Таңданбан рахым етіп, сен кешірсең,
Өзіңнің дархандығың – кең көсілсем!»
Ескендір айтты: «Хақан, сөзің ұтқыр,
Сәулесі ақиқаттың сезіліп тұр.
Тура айттың, төмен қарап тайсалмадың,
Байқадым ниетіңнен ой салмағын.
Мақсатым – дүниені бағындыру,
Жаһанның жалғыз ғана тағын міну.
Жаулауды патшаларды тілек қылдым,
Ат басын енді өзіңе тіреп тұрмын.
Несіне үмітіңді күрт үзесің,
Кектессе батырмайды кім тізесін?
Маған да іштей, сірә, кінә қойма,
Сені де қинау қиын бұл орайда.
Қонып тұр көңіліме ақталғаның,
Ойыңда тағы не бар ақтар бәрін?»
Бола ма айтылмайтын сыр мұндайда,
Ағытып Хақан сөзін бұрды ыңғайға:
«Адамда асыл туған ең данасың,
Әлемді бағындырар сен ғанасың.
Бас ұрмас ғұзырыңа ғалам оңай,
Жұлқыстың барған жерде жан аямай.
Жорықтың алды – сапар, арты – сүргін,
Түн қатып, түсің қашып, жау түсірдің.


403
Маллу да тоқыған сан бәлені ойға,
Құрыды асыра алмай сенен айла.
Сап тыйып сұрапылдай от көрігін,
Ұшырдың сұмырайдың көкке күлін.
Ұрпағын алайда оның тоздырмадың,
Өзіне жасамадың өз қылғанын.
Тазартып қоқысынан батпақ ойдың,
Ұлына рахым төгіп, таққа қойдың.
Жұлдызын жарқыратып, сыйладың бақ,
Қаласаң саған жанын пида қылмақ.
Дұшпанға санасаң да басынды деп,
Мінеки, иіп тұрмын басымды кеп.
Өзіңе осы бір ой жетеледі,
Еріксіз көп көзінен жекеледі.
Ерсілеу қылығымды кінә көрмей,
Мүсірке мүскініңді, мына мендей.
Ұшқынын мейіріңнің сездім қанша,
Құлыңмын енді сенің көз жұмғанша».
Шах айтты: «Қобалжыма, алаңдама,
Әкемсің, мен баламын саған бала.
Сүртейін аяғыңды – әспеттейін,
Алдыңды қиып сенің әсте өтпейін.
Көрейін әкем қайта тірілгендей,
Өтейін парызымды тыным көрмей.
Қияйын тағымды да биле әлемді,
Болайын шабарманың жинар елді.
Билікті қаламасаң алда-жалда,
Қолқаңды айт көңіліңе алған онда.
Өзінің соқпағы бар әр төтенің,
Екі етпен тілегіңді, ант етемін!»


404
Тәубә ғып мың мәртебе құдайына,
Қуанды хақан Шахтың мына ойына.
Ыстық жас тарам-тарам түсті құлап,
Аяғын Ескендірдің құшты жылап.
Деді оған: «Күн дидарлы, алдиярым,
Жаныма жомарттықпен нәр құярым.
Жүз мәрте табынамыз біз күніге,
Ғаламның өз қолыңда тізгіні де.
Жүгінер жарлығыңа барлық пенде,
Патша да, мендей Хақан, хан біткен де.
Не деген асқар ойлы көрегендік!
Не деген ізгі жүрек, ерен ерлік!
Көргенді таң қалдырар жап-жас күйің,
Бұл ғалам түбі саған болмас бұйым.
Бір тұрғай екі дүние тарлық етер,
Оң болсын, оған әлің мәңгі жетер.
Айтуға тіл жетпейді алғысымды,
Аялап, аспандаттың жан құсымды.
Жүрегім қуаныштан жарылардай,
Сөзіңді қалдым тіпті дәл ұға алмай.
Даусың елжіретті әке деген,
Ұлыма ұқсап кеттің мәпелеген.
Туралап табанымды тайғанаған,
Бөледің сый-құрметке ойламаған.
Амал не емеспін ғой лайықты әке,
Сөзімде болса, кешір, айып-қате.
Сен болсаң гауһардайсың топтасқан нұр,
Мен болсам темірдеймін тот басқан бір.
Ғафу ет! Күңгірт үміт құр алдайды,
Асыл мен жасық қатар тұра алмайды.


405
Ашып айт, екі ұшты боп мұң жұтпайын,
Өлсем де дегеніңді бұлжытпайын.
Тереңге құпияңның таста жібін,
Тісіңнің еш адамға ашпа жігін.
Елшіні өзің ғана іштен біліп,
Қоя бер түнге қарай түскенде ымырт.
Хақанның елшісі – деп былайғыға,
Бітімге келістім де, бір айныма!
Арнайы елші жібер келесі күн,
Құрметтің ашып маған кең есігін.
Осылай шақыртып ал ел көзінше,
Келейін құлдық ұрып мен де өзімше.
Күтіп ал, ел көзімен көрсін мына,
Өзіңмен қатар ұста тең тұрғыда.
Атаның сонда ғана аруағы асар,
Мың жылдық дәстүр-салтым алға басар.
Мәртебем шалқып-тасып шығам өрге,
Ауады жұрт назары мұрагерге.
Тектінің тұқымы едім желі тартқан,
Жасытпа жұлып тастап мені тақтан.
Мүсіркеп, таяныш бол тарыққанда,
Қорлама сүйегімді, салып таңба.
Тамсансын Шахин Шахқа халқы қарап,
Түспесін Хақанның да даңқына дақ.
Әдейі басқаларды елең қылма,
Әкеңдей мені ардақта ел алдында.
Салықты қынжылмасын көздеп ішің,
Чин жұрты өтер дәйім өз борышын.
Түртпектеп көңіліңде тұрса да өкпе,
Сыныққа болымсызды сылтау етпе.


406
Алтын мен лағыл, маржан есіңді алар,
Аш көздік татулыққа есік жабар.
Сындырмас мұртын ешкім мың жыл санап,
Қисапсыз қазынамды кім жұмсамақ?
Барымды алдыңа әкеп мен жаяйын,
Өзіңдей асыл ұлдан немді аяйын?
Шашайын алтынымды үй жапқандай,
Шалдықсын әскерлерің жинап болмай.
Қанатын жайғаннан соң кеңге сенім,
Сыйыңа сый көрсетем мен де сенің.
Шақырып қонақ етем сарайыма,
Шаттықтың шомылдырып арайына.
Думанды құрып ойын-сауық қанша,
Серпілтіп серуендетем жалыққанша.
Мол сыймен риза етіп қайтарамын,
Орнықса сенің көңлің, жай табамын.
Қаласаң ат қосшыдай қасыңа ерем,
Қиындық түссін мейлі басыма ерен.
Елші боп еріксізден сор қысқанда,
Құпия өзім келдім сондықтан да».
Шах айтты: «Дегеніңе мен көнейін,
Егерде сыр шашпасаң елге кейін».
Ант ішіп айтты Хақан: «Өлгенімде
Кетеді өзімменен көрге бірге».
Ескендір істің мәнін терең ойлап,
Шегелеп сөз бекітті, уәде байлап.
Білген соң мақсатының жетер жерін,
Бұйырды жинап алып нөкерлерін:
«Жан екен жарылқаған тәңірі жақтап,
Елшілік жолы таза, көңілі де аппақ.


407
Жайы бар жақсылықтан қылған дәме,
Шешіңдер қол-аяғын жылдам кәне!
Береке, татулыққа құлаш ұрған,
Қарт екен көпті көрген бір ақылман.
Хақанмен арамызға дәнекер боп,
Шалқыды абыройы кенет өрлеп.
Апарып оқалы тон кигізіңдер,
Сонан соң қайта алдыма кіргізіңдер».
Елшіні қайта әкелді киіндіріп,
Көркіне көрген көзді сүйіндіріп.
Шах айтты: «Кеңесімді тыңда мына – 
Тынығып, аттанарсың түн жамыла.
Іс болмас оңға баспас келсе орайға,
Марқайып елші кетті кең сарайға.
Күн бойы жатып алды тапжылмастан,
Жүзін де перде тұтқан шалдырмастан.
Чиндердің салты ежелден келе жатқан,
Бетіне елшілері перде жапқан.
Сығалап бұлт астынан қараған ай,
Нұр төкті тау-далаға самаладай.
Хақан да атқа қонды жайнап айдай,
Жөнелді желмен ұйтқып ойнағандай.
Қозғалмай әлі күтіп шал тұр екен,
Екі дос құшақтасты анты бекем.
Тізгінді шал қолына іле сала,
Шатырға кірді Хақан іле-шала.
Жазылып көңілдегі қырыстары,
Тағына отырды да тыныстады.
Тындырды іс көз көрмеген, құлақ естіп,
Басқадай кім батырлық қылар өстіп?


408
Таң атып мейірім нұрын септі кенет,
Хақанның алтын тағын өпті жебеп.
Тағына мініп Шах та ала таңнан,
Шақыртты әскерлерін дала толған.
Құйылды қалың нөпір өр, еңістен,
Үйіріліп Ескендірге мерейі үстем.
Жиналып келгеннен соң ел қасына,
Жарлығын жария айтты қолбасыға:
«Хақанға елшілікке жөнегейсің,
Оманның бұлтындай боп жебегейсің.
Адамның күні, сірә, адамменен,
Жеткізгей дұғай сәлем оған менен.
Оған айт: «Арандайды текке ашынған,
Қақпасын ашсын бізге, төкпесін қан.
Қонақпыз келіп қалған жаман-жақсы,
Бет жыртып, жағаласса не болмақшы?
Арамыз қақтығыссақ қашықтамақ,
Көрсетсін адал ниет, ашық қабақ.
Жүрмесін қиыс тартып хан басымен,
Мейманым болсын жора-жолдасымен!»
Ескендір белін буып тәуекелге,
Елшісін аттандырды дәнекерге.
Хақанның қалың қолын жарып өтіп,
Ілгері құйындатты жер үдетіп.
Белгісін көрсетті де күзетшіге,
Сарайға тартты бағыт түзеп, міне.
Хақанға жетті лезде хабар мына,
Елшіні әкелдірді ол алдына.
Шыраймен досқа – жұмсақ, жатқа – қатаң,
Отырды шыққан күндей тақта Хақан.


409
Елшіні қайсақтатып белге ұрғандай:
«Айт, – деді, жөн-жосықпен келдің қандай?»
Елші де қоя берді заржақтанып,
Сәлемін Шахтың түгел салды ақтарып.
Хақан да шыққандай бір шыңға биік,
Селт етпей бастан-аяқ тыңдады ұйып.
Түйіндеп елші сөзін тоқтағанда,
Тіл қатты күлімсіреп топты адамға:
«Ұлы Шах тәңірідей көк шулатар,
Бейкүнә бізге қалай төксін қаһар!
Келіпті ақ ниетпен табысуға, 
Қол жинап керегі жоқ соғысуға.
Қапысыз айтқанына қарағанда,
Ұқсайды жақынына санағанға.
Ағаттық – араздасу ағайынмен,
Кетпесең жер соқтырып, барайын мен».
Елші айтты: «Шах сөзіне шүбәланба,
Жалтарсам шыңыраудан шыға алам ба?
Сенбесең, қолда, міне, – куә белгім,
Хақанды алдайтындай, сірә, мен кім?»
Мұны естіп, шалқығандай зеңгір көкте,
Қамданды ат ерттетіп, жол жүрмекке.
Қауіптің құрыстаған бұлты көшіп,
Шаттанды Чин әскері дүркіресіп.
Күллісі атты әскердің қатар желіп,
Үдере саусылдасты Хақанға еріп.
Қалың қол солқылдата жер басқанда,
Көтерді будақтатып шаңды аспанға.
Күлді де көңіл күйі табылғасын,
Деді ол: «Барлық әскер сабылмасын».


410
Жүз нөкер таңдап алып жасағынан,
Мың шақты маңғаз ертті қоса бұған.
Бірікпес бауырына тартпайынша,
Әулетін қасына алды салт бойынша.
Арнайы қарсы алуға Шах бұларды,
Жіберді жайсаңдар мен жақсыларды.
Мырзалар жарқырады жаққан шамдай,
Даналар киім киіп ақ шаңқандай.
Көргенде Хақанды олар баяулады,
Салт сақтап, аттан түсіп, жаяулады.
Табысты кең далада дуылдасып,
Теңіздің толқынындай шуыл басып.
Көргенде ақ шатырды батыл желіп,
Атынан түсті Хақан жақын келіп.
Бәйек боп Шахзаданың бәрі кілең,
Төседі табанына қалы кілем.
Ескендір таңнан күтіп отыр еді,
Шатырдан шықты кеңіп көкірегі.
Екеуі ай мен күндей жарасқанда,
Сәулесі сыймай кетті жер, аспанға.
Табысты төс қағысып жанашырдай,
Бірі – әке, бірі – туған баласындай.
Тап болып ғаламатқа күллі айналаң,
Екі әлем қауышқандай нұр жайнаған.
Түртіскен екі дүние соғыс тілеп,
Ақыры татуласып, тоғысты кеп.
Кім ашпас ақ ниетті досқа құшақ,
Мейманын шатырына бастады Шах.
Әдеппен қарияның қолын ұстап,
Демеді таққа қарай жолын нұсқап.


411
Сызылып сыпайылық салтын сақтап,
Шегінді Хақан бірден тартыншақтап.
Шығарды шалды таққа кісілікпен,
Қасына жайғасты өзі кішілікпен.
Жалғанда опа қылған жан ұтылмас,
Шынайы сыйласқанның сағы сынбас.
Шер қозғап, сұхбаттасып, сыр айтысты,
Хақанның көңілі тіпті құлай түсті.
Байланып баста мәңгі тұрмас ғұмыр,
Әке мен бала іспетті мұңдасты бір.
Сүйсініп әңгімеге бал-бұл жанып,
Иегін уқалайды шал қуланып.
Бас қосса жалыға ма достар таңға,
Алдыға жайылды кеп дастархан да.
Жайнайды күрең шарап мың құбылған,
Ақ тоқаш үзілгендей күн нұрынан.
Қойылды не түрлісі тағамдардың,
Бұларды тата бермес ғаламда әркім.
Әлемде ешбір елдің төр ағасы,
Көрмеген мұндай ғажап қонақасы.
Ескендір деді сонда жұртқа былай:
«Жағасын жұлқысқандар жыртқан ұдай!
Қандасып қай мұратқа жете аламыз,
Бекиді достықпенен екі арамыз?!»
Бұл сөзге Хақан шалқып қанаттанды,
Жаудырып мол алғысын, ол аттанды.
Жолға сап Шах қонағын, шатырға енді,
Жымыңдап алтын шара шақырды ерді!
* * *
Толтыршы Чин кесесін уа, даяшы,
Байысын ізгілікке жан аясы.


412
Кесені төңкерейін серпе мен де,
Ем болсын кеудемдегі шер-шеменге.
Уа, жыршы, жүрегімді үзілдірші,
Сазыңмен түркі әуенін сызылдыршы.
Мұңлықпын жанын жеген сарыуайым,
Түркіше бәйіт төкші жадырайын!
Ей, Науаи, қазынаңның қақпағын аш,
Ақтаршы асылыңды артқа мұрас.
Өмірін өткізбесін әуремен құр,
Жыршының көкірегіне сәуле қондыр!


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   54   55   56   57   58   59   60   61   ...   77




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет