Ескендірдің қара түнді жарып шыққан күндей жарқырап, талтүсте
шашыраған шұғыладай жалындап Үнді жерінен аттанып кетуі, содан Чин
еліне бет алуы, Чин хақанының әлемді жаулап алушының күн сәулесіндей
383
зымырап келе жатқанын естіп, қисапсыз әскер жинап, қарсыласуға
қамдануы, сонда да келіссөз жүргізу үшін елші жіберіп, қанағаттанғысыз
жауап алуы, әскерлері үрейленіп, бордай тозып, бұлттай ыдырауы. Бұған
хақанның ешбір амал қыла алмай есеңгіреп қалуы.
Өткенге ой жүгіртіп толғанайық,
Қаламды тағы да бір қолға алайық.
Ескендір Үнді жерін шықты қыстап,
Рақатқа бөлегендей тып-тыныш бақ.
Үндінің Шахымен шер тарқатысып,
Сыйласып, араласты дәм татысып.
Қызықты өмірде адам бітті дей ме,
Қалаға серуенге шықты кейде.
Кешқұрым сүзіп сауық-сарайларды,
Сапырды әнші-жыршы талайларды.
Шаһардан шығып кейде жүрді саяқ,
Сайрандап тау, даланы құрды саят.
Тоғайдан таңдап атып қалың аңды –
Арыстан, піл мен керік, қабыланды.
Көңілін желпіндірді өршіл ағын,
Балықтың қызықтады шоршығанын.
Балаша болмашыға пенде қарық,
Аулады асыр салып теңге балық.
Түн кезіп арыстандай алтын жалды,
Оятып орман ішін шалқып жанды.
Олжа көп қолға садақ ұстағанға,
Жыртылып айырылды құстар онда.
Шахдтың қызықтады қарлы шыңын,
Сусындап бұлағынан мәңгі шырын.
Тауға өрлеп жүрді бұлттың арасында,
Аюды жарып судың жағасында.
Көңілін демдеп кейде мың құбылған,
Дарадай шатырында құрды думан.
384
Балқыды бал шарапқа таң атқанша,
Шатырдың ішіне нұр тартқанша.
Отырды кемелдермен кеңес құрып,
Саралап білім күшін теңестіріп.
Көктетіп зейінінің әр бұтағын,
Шәкірттей ыждаһатпен алды тәлім.
Тағы да көктем келді гүлге оранған,
Төбеден сәулесі мол күн қараған.
Шарқ ұрды күн дидарлы балғын әмір,
Жәмшидтей жан шықпаған алдына бір.
Жинап ап нөкерлерін ер жүректі;
«Шабамыз, – деді, – Чинді енді жетті!»
Қалың қол көтерілді қайнап құрттай,
Жаңғыртып аспан астын жайнап бұлттай.
Кернейлер гулеп, пілдер сап түзеді,
Соғыстың ызғырықты соқты желі.
Үндіні билеп-төстеп өзімсініп,
Бет қойды Чин жеріне көзін тігіп.
Пейіштей Үнді жерін тастап артқа,
Аттанды Чин өлкесін таптамаққа.
Сый тартып қол қусырып әрдайымда,
Тік тұрды қала біткен жол бойында.
Қарсы кеп ел болмады тік қарғыған,
Шабарман күндік жерден шықты алдынан.
Шахтарға жарлық жазып міндеттеді:
«Қарсы алып, көрсетсін зор құрмет!» – деді.
Бәрі де алдын ала құрақ ұшты,
Көргенге Шах дидарын қуанысты.
Көңілі болып бұған жайбарақат,
Ешкімге төндірмеді қайғылы апат.
385
Осылай сауықпенен жолды үдетіп,
Шебіне Чин елінің келді жетіп.
Тасқынға тұншығардай жаһан мына,
Қатерлі үрей қысты хақанды да.
Әскерін қарсы қойып қатты селге,
Жол тосып, құжынасып жатты шөлде.
Алайда сабылдырды ой соқпағы,
Бетпе-бет шайқасудан тайсақтады.
Несіне қорқып сонша қауіптенбек,
Елшісін болды алдымен салып көрмек.
Ойынан шықпай жатса алда-жалда,
Қасарып қарсы шаппақ қанды ажалға.
Жеңісті бере қоймас тегін қолдан,
Тұрғанда жауға алдырмас темір қорған.
Табанда тапталдым де, жеңілдің бе,
Жан беру жанталаспай жеңіл кімге?
Берілмей сезік пенен секемге енді,
Осылай хақан іштей бекемденді.
Қашанда ықыластың еншісі мол,
Әуелі аттандырды елшісін ол.
Кетті елші сөз тұтқасын берік ұстап,
Қатерлі көк теңізбен жолығыспақ.
Жеткендей жан ұшырып жер түбіне,
Ентігіп Шахқа келді елші, міне.
Көп әскер алып жатыр тау-даланы,
Қаптаса мұнан қалай жан қалады?
Қазандай қайнаған қол үздірді үміт,
Ешбір жау тауса алмастай жүз жыл қырып.
Шатырға таң қалды елші сәулеті асқан,
Саф алтын діңгектері сәуле шашқан.
386
Мең-зең боп не істерін білмеді де,
Сүйеніп тұрып қалды діңгегіне.
Ес жинап, өзіне-өзі кеп алды да,
Өтінді кіргізуді Шах алдына.
Тақтағы Шахты көріп мың бүгілді,
Жер соғып маңдайымен құлдық ұрды.
Елшіге алыс еді әзірге төр,
Айнала сөзге тартты уәзір, нөкер.
Жылжыды алға қарай тіктеп еңсе,
Асықты айтар ойын діттегенше.
Әр істің сәті түсер бір-ақ рет,
Әккі елші тақ алдына құлады кеп.
Шах оның төбесінен қарап асқақ:
«Айт, – деді, – айтарыңды, кәне бастап!»
Өтіне шыдап Шахтың қаһарының,
Сәлемін төгілтті елші Хақанының:
«Армысың, билеген Шах күн әлемін,
Қабыл ал ықыласымды мына менің.
Төндірмей тақсіретті – түндей бүріп,
Мүсіркеп қарағайсың күндей күліп.
Мейірлі шуақ төгіп елімізге,
Кіргейсің оң аяқпен жерімізге.
Атыңның тұяғынан шаң шығады,
Шынымен төнгенің бе жаншығалы?
Достықпен келсең елім құп санайды,
Сыңайың оған бірақ ұқсамайды.
Беймезгіл салдың үрей сансыратып,
Ойың бар қырып салмақ қансыратып.
Тұқымын талайлардың құртқан ұрыс,
Несіне үйіресің жұртқа қылыш?
387
Жөнімен келген елшің кетті емес пе,
Қисын жоқ шақырардай кекті егеске.
Сен одан: «Орнын бастым Дара Шахтың,
Төлесін, – депсің, – салық, алашақпын!»
Хақан да демеп пе еді: «Тасынбасын,
Сыйласа Дара аруағын, басынбасын!
Біздермен есептесіп, ақыл сап мың,
Еске алсын сыйласқанын Шахын Шахтың.
Сеніссе, салық салып кім қинамақ,
Болған бір жеріміз жоқ қырғи қабақ.
Қашырма берекені кері ісіңмен,
Келейік ынтымаққа келісіммен.
Тектілер теңдесіне сала ма дау,
Екеуміз тізе қоссақ ала ма жау?!
Төбемнен түссе-дағы құлап аспан,
Айтарым осы саған құлақ ассаң.
Мен емес сескенетін доңайбаттан,
Абайла, олжа деме оңай жатқан.
У жұтып, опық жейді бет жыртысқан,
Мерт болар жағаласып, көп қырқысқан.
Қайтеміз ниет артып қатулыққа,
Не жетсін екеу ара татулыққа.
Жауығып, болсаң егер қырсық ашар,
Жан емен сенен қорқып, сұрқы қашар.
Болса да төбесімен көк тіреген,
Ізденіп келген жауға соққы берген.
Ойрандар соқтыққанды қырғын салып,
Қисапсыз қалың қолым тұр құрсанып.
Дүние төңкерілсін аударылып,
Ерлерім көрген емес жаудан ығып.
388
Зобалаң орнатпайық текке көпке,
Кім білсін кім жеңерін жекпе-жекте?!
Орынсыз арттағыға болып аңыз,
Көз жұмып тәуекелге не қыламыз.
Қандассақ, ыдырайды ырыс-бірлік,
Керегі – қалың елге тыныш тірлік».
Тәмамдап айтар сөзін елші тұрды,
Салбырап, төмен қарап жер тұқырды.
Мұны естіп, жымиды да ағылды Шах,
Аузынан сөз төгілді лағыл құсап:
«Өзінің шама-шарқын білмесе егер,
Қыңырлық көрсеткенде кімге сенер?
Одан да кем-кетігін бүтіндесін,
Дарадай көріп мені күпінбесін.
Қарашы, қауқарсыздың басынғанын,
Ойласа, Дара менің қасымда кім?
Екі есе патшалықты мен көбейттім,
Қаратып жарты әлемді, жер кеңейттім.
Тіл алса татулыққа жол табылар,
Несіне шалқаяды қорқары бар?
Төнгенде Дара маған сескенбегем,
Он есе аз әскермен дес бермегем.
Қаймықпай қаһарынан сонша көптің,
Соққылап ұрымталдан сарсаң еттім.
Секілді қиып түстім болат қанжар,
Мен жеңдім, болды-дағы жаратқан жар.
Дарадан әулие емес, абайласын,
Қанына бостан-босқа қараймасын.
Ойласын өлмес күнін, жан сақтасын,
Жығылып аяғыма, жалбақтасын.
389
Табылса жақын келіп ол жанымнан,
Ұсынып орын берем оң жағымнан.
Бетінен теріс баққан кері қайтсын,
Әйтпесе тұрысатын жерін айтсын.
Сөзімді жеткізіп бар шашау қылмай,
Жаншимын, айттым-бітті, бас алдырмай.
Білмеймін майпаздауды, мүсіркеуді,
Құйындат, хақаныңа ұшырт енді.
Ізіңше мен де сенің дабыл қағам,
Жылжытам әскерімді дамылдаған.
Тезірек жетіп, қайта бер хабарын,
Жүрмесін білмей қалып сорлағанын.
Көрсетсе қиқарланып кектілігін,
Көзіне үймелетем көк шыбынын!»
Салбырап елші қатты сүмірейді,
Сүлесоқ кері қайтты тым үрейлі.
Сене алмай елші тағдыр-талайына,
Хақанның кірді, міне, сарайына.
Абдырап ақылынан жаңылардай,
Жеткізді естігенін жаны қалмай.
Хақанға шегінерге қалмады жер,
Табанда жиын құрып болды әбігер.
Сезінді қайтсе жазым табатынын,
Үрімнің арыстаны шабатынын.
Қалдырып Ескендірді ол хабарсыз,
Қамданды шайқасуға енді амалсыз.
Тағдырдың көріп алды не салғанын,
Бекемдеп әскерінің осал жағын.
Шақырды жетпіс жерден шет жайлаған,
Апайтөс батырларын от шайнаған.
390
Қалың қол кең даланы таптап тынбай,
Жұлдыздай жыпырлады, қаптап құмдай.
Барлығын түгендеп кім санап шығар,
Тек қана тоғыз жүз мың – садақшылар.
Нөсердей жаудырады көк жебені,
Жарқылдап жай оғындай жерге енеді.
Тұранның алтынымен апталғандай,
Сайма-сай қаруына аттар қандай!
Сәулеті көз тартады тұрғандағы,
Сымбатты кежімдері, тұрмандары.
Мүсіндей мыстан құйған салт аттылар,
Ормандай ай астынан самсап шығар.
Әскерін Чин хақаны олқы қылмай,
Теңіздің буырқанды толқынындай.
Желкесін тосын қиып түсуді ойлап,
Жау жолын тосып тұрды тісін қайрап.
Кірсін деп ұрымталдан арпалысқа,
Жасырды қалың қолын қалтарысқа.
Айнала ор қаздырды тереңдетіп,
Лап қойып келген жауа кедергі етіп.
Мазасыз жанарымен шолып қырды,
Биіктен жау жолына төніп тұрды.
Қысылса қандай істі ел жасамас,
Созылды ор ұзындыққа он бес ағаш.
Жұтардай апан еді түбі адамды,
Қайтадан шығармайтын құлағанды.
Қоршады оның ішін арбаменен,
Жасалды бір ғаламат қорған ерен.
Арбаның арасынан жел де өтпейді,
Тіркескен ұшығына көз жетпейді.
391
Кім бұған саңылау тауып кірсін сірә,
Арбаның қалқан таңды ту сыртына.
Ығында садақшылар самсап сапта,
Сайланды келген жауды жамсатпаққа.
Батпастай ит тұмсығы қақты қада,
Қатерлі жаяуға да, аттыға да.
Сұсты еді сұрапылдай мына қорған,
Тажалдай ішін тартып тына қалған.
Төнсе де тойтарардай күллі жаһан,
Өзіне-өзі сеніп тұрды Хақан.
Ескендір болса тауды, шөлді басып,
Қусырып келе жатты жерді қашық.
Ақыры тосқауылға жетті, міне,
Көз салды жау қолының көптігіне.
Хақан да қарсыласып көрді сұмдық,
Қара бұлт қарақұрым келді сырғып.
Айғай-шу, дүбірінен тұнар құлақ,
Төбеден төнгендей бір тұман құлап.
Айбынды сапқа тұрды Шах әскері,
Сілкінді майдан үсті – талас төрі.
Арыстан жүз мыңдаған ақырғандай,
Жер жарып, әлемге үрей шақырғандай.
Ескендір төне түсті алапаттай,
Хақанның зәресі ұшты пана таппай.
Әскері есеңгіреп әлден ықты,
Еңсесін көтере алмай әбден бұқты.
Сол кезде қас қарайып, түнге айналды,
Екі жақ тынығуға ыңғайланды.
Хақанды қалтыратты меңіреу түн,
Жатқызбай қорғанында емін-еркін.
392
Аспанда жымыңдайды жүлдыз еппен,
Мәңгілік қарауылдай түн күзеткен.
Сабылып екі жақтан шолғыншылар,
Адақтап сай-саланы жер қусырар.
Қылп етсе азынайды арынымен,
Жұлдыздың жебе зулап жарығымен.
Ескендір хабар келсе-ақ таңғы арайдан,
Қол бастап ақ жұлдыздай салмақ ойран.
Қобалжып салбырамай, абдырамай,
Сайланды әр қауіптің алдын орай.
Түрі бар жау қамалын жайпайтұғын,
Жайындай көк теңізді шайқайтұғын.
Қан майдан, қиян-кескі қырғын қылып,
Қиямет басталмақшы бір қым-қуыт.
Алдағы жайды болжап, иманы ұшып,
Даналар Шахқа келді жиналысып:
«Жазылған пешенеге сырды анықтар,
Жұлдыздың туысында бір кәдік бар.
Оңынан шықпай тұр ғой жұлдызымыз,
Шайқассақ, жеңілеміз бұл күні біз.
Қарашы, қос жұлдыздың жанарының,
Тұруы теріс бағып – жаман ырым.
Ұлы Шах бір-екі күн байқастасын,
Қатердің беті қайтпай, айқаспасын.
Оңғарар сабыр сақтап дамылдаса,
Көз жұмып, тәуекелге салынбаса.
Жатса да тура келмей болжамымыз,
Шыдаса екі күнге – олжалымыз.
Жұлдызың үшінші күн жайнап салар,
Жауың да жапырылып жайрап қалар!»
393
Сөзіне ұстаздардың Шах бүгілді,
Амалсыз күтті алдағы сәтті күнді.
Хақан да елезгіді есі қалмай,
Халқының сыңайынан шошығандай.
Аһ ұрып, Чин ерлері атқа мінер,
Шыбындай шырқырады отқа кірер.
Көңілде көлеңкелі түнеріп ой,
Мұң торлап, қайғы басты, үдеп үрей.
Хақанға ыңғайы жоқ ырық берер,
Айырылып дегбірінен үріккен ел.
Ел ішін кеулеп алған көп ерегес,
Елеуреп ақылына көнер емес.
Айғайлап қаралайды жұрт абынып:
«Арыстан атылғалы тұр шабынып.
Айбатпен көз алартып ол жан-жаққа,
Жартысын жер-жаһанның алған жоқ па!
Біз түгіл Дараға да билетпеді,
Табаны тиген жерін илектеді.
Талайдың мысын басты қабындаған,
Патша жоқ бас имеген, бағынбаған.
Құтқармай небір Шахты тұзақтады,
Адымын аштырмады, ұзатпады.
Тамшы еді, оған бірақ қарады ма,
Теңіздей төңкерді ғой Дараны да.
Төнсе де жойдауыттан қауіп күшті,
Бұтағын бақытының шауып түсті.
Дарадай әскер де жоқ мына бізде,
Он есе қалың қолға қыламыз не?
Таппайсың оған ешбір теңдес жанды,
Шырағы тәңір жаққан сөнбес мәңгі.
394
Жеңістің жұлдызы тұр көгінде оның,
Тап берсе талқан болар тегінде кім.
Орға айдап, опат қылар әулекілік,
Онымен жағаласу – әурешілік.
Бейкүнә жұтқызғанша халыққа қан,
Елші сап, татулассын барып Хақан.
Көнбесек қараң етіп күнімізді,
Отқа өртеп, көкке ұшырар күлімізді.
Ақымақ әлін білмей аңдысады,
Қағынып қақтығысқан қан құсады.
Өз көрін өзі қазар кім егессе,
Бір соған пенде біткен құл емес пе?
Шайқасып оған кімнің тісі батар,
Халықты кесапатқа ұшыратар.
Хақанды тақтан жұлар әлек салып,
Одан да бітісейік төлеп салық.
Маллу да қасарысқан қан жалады,
Ақыры Фирузды Шах олжалады.
Керіспей кемеңгерлер амал таппақ,
Қалды елін Үнді әмірі аман сақтап.
Жүгінсе Хақанның да жаны қалар,
Мызғымай тақ пен тәжі – бағы жанар.
Не керек қирағанның құр сүлдесі,
Бағынса бүтін болар жұрт іргесі.
Түнекке тап болмасын ойлана алмай,
Артынан өкінгеннен пайда қандай?!»
Белгілі бір құдайға ендігісі,
Іріді осылайша елдің іші.
Сенімді Хақанға бір жан бар еді,
Сұңғыла, көпті көрген, заңғар еді.
395
Хақанға келді, міне, түн жамылып,
Сырласты екеуара тым жабығып.
Жас төкті: «Бұзылды, – деп, – ел ұсқыны,
Үрейдің өрт қаулатты шоқұшқыны!»
Күйреді одан сайын шал мұңайып,
Хабарын жамандықтың салды жайып.
Соңында деді былай: «Ұлы, әмірім,
Айтпасам мұны өзіңе кінәлімін!
Тәңірі төксін дәйім саған нұрын,
Медетім – мерейіңе адалдығым.
Сөзіме шәк келтірме – халық бөтен,
Сенбесең аралап көр, барып төтен!»
Өзегі өртенгедей күйініштен,
Отырып қалды Хақан тынып іштен.
Жазғырды өзін-өзі бек кінәлап,
Байқаса қарт сөзінде жоқ кінәрат.
Қайғырды басына бұлт түнергендей,
Бұлқынды тығырыққа тірелгендей.
Үміттің үрлегенмен оты жанбас,
Халықты қаралауға дәті бармас.
Асқан ба көзсіздікпен мақсат іске,
Қыш құман күл болмай ма тасқа түссе?
Ақылмен өз шамасын топшылады,
Айқасса бір-ақ тарпып жоқ қылады.
Өктем жау сүріндірер сыр алдырса,
Бермейді белдесуге бұған мұрша.
Мүскіндей құлазыған құмды кезген,
Өткізді ой соңында түнді көзбен.
Тоқтады бір байламға таң азаннан,
Күдікті серпіп тастап мазаны алған.
396
Тәңір де біле бермес пенде күйін,
Жол тапты кемелдікпен жерде қиын.
Шақыртып сенімді әлгі данагөйін,
Ақтарды көкейдегі тәмам ойын:
Деді оған: «Күзетті әкет қу далаға,
Шатырдан уәзірлерді қуала да.
Жарлық қыл жоламасқа бірі маңға,
Есігін ашпайды, – де, – тірі жанға!
Өзің тұр күзеткен боп босағамда,
Сезікті сыр білдірме еш адамға.
Бір істі тындырмаққа тайқып берем,
Бұйырса түнделетіп қайтып келем.
Тағдырдың жазғанына нала берме,
Келмесем күніңді ойла, қарап өлме.
Дауырығып, дүрлікпесін жұрт сылтау ғып,
Тастамай қанжарыңды күт бір тәулік.
Мәнісін мен айтпайын, сен сұрама,
Қит етсең қалт жібермес ел сірә да».
Сейілтіп көкейдегі күмәнді сәл,
Хақанның бар айтқанын құп алды шал.
Жұпыны көрінетін дүйім көзге,
Үстіне ықшам киім киінді өзге:
«Атымды – деді сосын, – осында алдыр,
Көрмесін көлденең көз тосыннан бір».
Жүгіріп құстай ұшып қарт асыға,
Шатырдың атты әкелді қалқасына.
«Қош!» – деді тұлпарына қарғып мініп,
Сүңгіді қараңғыға шаң бұқтырып.
Достарыңызбен бөлісу: |