Халықаралық ТҮркі академиясы әлішер науаи хамса ләйлі – Мәжін



Pdf көрінісі
бет60/77
Дата20.05.2024
өлшемі3 Mb.
#501480
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   ...   77
Әлішер-Науаи.-ХАМСА

Ардашер туралы бұл хикаяда оның жаудың бетін қайтаруға 
қылышпен күші жетпеген соң, ауыртпалықты ақылды қимылмен және 
тіл өткірлігімен жеңіп шығуды мақұлдауы айтылады.
Атағы Ардашердің әлемге аян,
Патша еді ақылы асқан, әлей ноян.
Қырқысты Ардауанмен
113
ойда жоқта,
Әскерін екі жақ та айдады отқа.
Байқаса Ардауанның күші басым,
Соққыға босқа қалай ұшырасын.
113
Ардауан – Ашканилар әулетінен шыққан Иранның соңғы билеушісі.


416
Шегініп, тайсақтауға намыстанды,
Жөн көрді неде болса алысқанды.
Өлгенше жеңілістің жұтып уын,
Ойлады амал тауып құтылуын.
Елші сап байқап еді берді сыртын,
Сұрапыл суық жаудың көрді сұрқын.
Жүретін жымдастырып сұмдық істі,
Ішінде әскерінің бір жымысқы.
Ол жайлы құлағына жеткен еді,
Мән беріп, көңіл бөліп, тектемеді.
Ардашер жерге келді бір күншілік,
Күтіп тұр қызыл майдан қырғыншылық.
Ауырлық Ардашерді булықтырды,
Тосыннан ойына бір қулық кірді.
Жинады нөкерлерін наркүмәнсіз,
Ішінде бірге болды әлгі жансыз.
Ардашер айтты жорта: «Жау – қияпат,
Жараңдар, абайлаңдар алдың – апат.
Бірақ та аян берді кеше маған,
Жау қирап, біз қаламыз есен-аман.
Айтайын дабыралап жаймасаңдар,
Тас қылып тілдеріңді байласаңдар.
Бәрі де сыр шашпасқа уәделесті,
Ардашер екіленіп және де есті:
«Көрер ем Ардауанды айға шапқан,
Болмаса отыз ері қайраты асқан.
Ел үшін жанымызды пида етеміз,
Немесе жау ордасын күйретеміз.
Ішіне ерлерінің мұз қатыпты,
Залымды лақтырардай құзға тіпті.


417
Өзіне батырдың да басы – қымбат,
Арнайы келді маған жасырын хат.
Әскері қос қатар боп ертемен,
Жылжымақ бізге қарай өлкеменен,
Сол кезде басын қақпақ қоршап алып,
Қырғыннан құтылмақшы қанша халық.
Ол сұмның адамы жоқ басынбаған,
Әкеліп сыйға тартпақ басын маған!»
Соқтырып өтірікті жосып ойша,
Ардашер амал тапты осылайша.
Имандай сеніп тыңшы алдағанға,
Жеткізді бұл хабарды Ардауанға.
Танғандай сансырады ол есінен,
Кенеттен жай түкендей төбесінен.
Жайына қалды соғыс – абырой, бақ,
Басымен қайғы болды қауіп ойлап.
Ақыры бітімге кеп туын жықты,
Тапқырлық жеңді қатал зұлымдықты.
Ардашер ақылымен елден асты,
Алдағы бақытына кең жол ашты.
Хақан арнайы Ескендірдің құрметі үшін сияпат күнін белгіледі де, 
оны Чин еліне келіп, мейман болуға шақырды. Осы бір салтанатты-
зияпаттың сәні мен меймандостықтың ерекшелігі сонша, оны түгел 
айтуға тіл жетпестей еді, тарту-таралғысы сан жетпейді, бәрі де адам 
таңғаларлық асыл заттар. Тоғыз қабат көкке тірелердей, үйіп тастады. 
Салтанат думанының қызғаны сонша, жүректі ұлан-асыр қуанышқа 
бөлеп, пейіштің сегіз бауының қақпасы ашылғандай болды.
Суретші көнеде өткен Чин жерінде,
Жібекке өрнек төккен бұл жөнінде.
Қырғынды тыйып Хақан ғұмыры бір,
Елінде той жасады ұлы дүбір.


418
Ығыстап үрей, қауіп бағанағы,
Халықтың қарық болды қағанағы.
Қалған соң аман сақтап байтақ елді,
Тағына Хақан мәз боп қайта қонды.
Жарлық қып әрі нақты, әрі қысқа,
Хабар сап ат шаптырды әр ұлысқа.
Жиналған алқа топқа жария етті:
«Әлемде ондай Шах жоқ ақ ниетті.
Алысып патша бар ма жығылмаған,
Ақыры тізе бүгіп, жүгіңді оған.
Айды да алмақ болған бұғалықтап,
Талай Шах шырматылды бұдан ықтап.
Кім білген дүние мұндай кең еді деп,
Мейман боп ортамызға келеді деп.
Жауықпай үрке қарап, күдік ойлап,
Ғанибет – отырғаны күліп-ойнап.
Көрсетіп үлкен құрмет бұлай маған,
Төріне шығарар деп кім ойлаған.
Санады әкесіне ардақ тұтып,
Әкесі ұлын да енді алмақ күтіп.
Соғыссақ бізді жалмап от құшағы,
Күліміз ашық еді көкке ұшары.
Іргеміз быт-шыт болып құлар еді,
Тамырын түбіміздің жұлар еді.
Танытып асыл туған тектілігін,
Мүсіркеп рахымының төкті нұрын.
Бәрің де үлкен-кіші осы отырған,
Бір соның құлысыңдар босатылған.
Әлемде теңгеремін кімді бұған,
Ұлым боп сыйласа да құлдық ұрам.


419
Тұрғанда тірлік кілті қолдан түспей,
Ақтайық жақсылығын ардан күспей.
Көп болып келелі істі қолға алайық,
Қосасың қандай ақыл ал, халайық!»
Қосылды Хақанның шын тілегіне,
Хотан мен Чиннің атқа мінері де.
Деді олар: «Айтқаныңды, құп қыламыз,
Бүкіл ел керек болса тік тұрамыз!
Шах келсе қонағың боп ел марқаяр,
Біз емес жанын аяр, жолдан таяр.
Қалса да аянбаймыз құр жанымыз,
Қашанда қалауыңның құрбанымыз.
Қамықпа әскерің мен ел есенде,
Қуана құп алады не десең де.
Бұйырған әмір ету саған жалғыз,
Жарлықты орындауға жаралғанбыз.
Құдайдай құдіретсің сен еліңе,
Өзің айт, біз көнеміз дегеніңе.
Күн мен ай шағылысса тозаң қалмас,
Қарлығып еш нәрсені көз аңғармас.
Әлемде жайнаса екі арайлы күн,
Үңіліп құмырсқаға қарайды кім?
Біз кімбіз тоқтатардай сені айнытып,
Қолыңда алам десең қалай күтіп.
Өзіңмен жан баласы жарысар ма,
Діңгек боп құрма ағашы жарытар ма?
Қысылып қымтырылып толқыма онша,
Халқың бар қазынаң сәл олқы болса.
Жіберме разы етпей, қайран қылмай,
Ғұмырда бір-ақ келер мейман мұндай.


420
Қолпашқа көншімейтін пенде бар ма,
Тасыды Хақан көңілі кернеп арна.
Жұртқа айтты: «Мейірім етті ол мәрттікпен,
Есесін қайтарайық жомарттықпен.
Ортаймас ел біріксе мол қазына,
Төлейік жыл бойы ақы сарбазына.
Бір жылға кедейленбес көл-көсір бай,
Шашайын байлығымды мен де судай.
Көпшілік қабыл көрсе дайынмын мен,
Кірісем ойламастан уайым мүлдем».
Хақанның сөзіне жұрт жүгіністі,
Жұмыла жеделдетті шұғыл істі.
Құйылып тұс-тұс жақтан халқы жатты,
Өзендей қазынаға алтын ақты.
Сақталып келе жатқан мың жылдардан,
Тасыды дариядай інжу-маржан.
Қалмасын әлем қалай мұндайға таң,
Осылай әзірленді тынбай Хақан.
Жинатты жүйріктерді шалдықпайтын,
Шапқанда шашасына шаң жұқпайтын.
Сілкінтіп қалың жылқы кең даланы,
Аспанды будақтаған шаңға орады.
Алтындай жалт-жұлт етіп сауырлары,
Жарқылдап, желдей жүйткіп сауылдады.
Тұлпардың елестетші тұрған қалпын,
Таға алтын, ері де алтын, тұрман да алтын.
Алыстан шағылысар өзі күнге,
Оюлап алтындатқан кежімін де.
Осылай даярлатты мың түйені,
Пілдердей көк тіреген дүңкиеді.


421
Тауса алмас тамашасын адам айтып,
Қаздиған өркештері баладай тік.
Желгенде құстай қалқып лыпылдайды,
Жұлдыздай шоғырланып жыпырлайды.
Зер төккен жабулары зүбәржаттан,
Жайнатар түнгі аспанды тұмандатқан.
Жібекпен бас-аяғын малындырған,
Көздері жаралғандай лағыл нұрдан.
Мұнан соң келе жатыр қашыр мыңдай,
Ұшардай көкке бәрі басын бұрмай.
Желгенде жаңғыртады күмбірімен,
Соғысып үзеңгілер бір-бірімен.
Бұлар да ғұрпына сай түрленіпті,
Безенген әбзелдері тым көрікті.
Сәт сайын өсіп жатыр мыңдап кіріп,
Жиналған тоғыз мың тең қымбат мүлік.
Құлпырған тау-тау жүкті шоғыр гүлдей,
Орнынан қозғау қиын – ауыр зілдей.
Және де ыдыс-аяқ мың-мыңдаған,
Бірінен-бірі өтеді сыңғырлаған.
Соншалық қолға түспес сурет те,
Асыл зат мәлім емес сыры көпке.
Тоймайсың қарасаң да ынтығып жүз,
Күңдікке әзірледі мың сұлу қыз.
Қолаң шаш, оймақ ауыз, жазық маңдай,
Арулар үлбіреген нәзік қандай!
Бұралып талшыбықтай балбырайды,
Көктемгі қызғалдақтай албырайды.
Айтайын екі нәрсе тағы ғажап,
Тартады оны айтпасам жаным азап:


422
Жамшидтің кесесіндей айға нұры
Шағылған кереметтей айна – бірі.
Тұрған соң сәуле шашып түнде ұдайы,
Ел оны атап кеткен «Чиннің айы».
Қос беті жарқырайды күн мен айдай,
Кім білсін қызмет етер кімге қандай?
Бір беті жалғандықты жайып салса,
Көрінер бір бетінен ғайып қанша!
Айнаны шебер жасап қиқыметпен,
Арнайы екі жағын сиқыр еткен.
Бір беті көріпкелдей тапқыр аса,
Шешердей не жұмбақты Шах сұраса.
Ақтарып адамдардың шығады ішін,
Анықтап дауласқанның кінәлісін.
Айнаға бір қараса сыры ашылар,
Айқын боп кімнің қандай кінәсі бар.
Ақ болса жүзі шығар шарайнадан,
Сұмырай көрінбейді сор айдаған.
Бір беті Шах тойласа сауық құрып,
Тұрады сәуле төгіп, жарық қылып.
Кім оған назар салып қараса нақ,
Қызықтар өз бейнесін тамашалап.
Қанса да бал шарапқа масаймаған,
Біреулер өзін көрер масайраған.
Біреулер шарап жеңіп ұйқы басқан,
Немесе құтырынып сыйы қашқан.
Айнадан кісі шошыр түрін көрер,
Өмірде мұндайларға жының келер.
Ішуден мұны көрген тыйылады,
Тәубә ғып тәңіріне сыйынады.


423
Бәледен құтылмаса қара басар,
Ат бойын сондықтан да ала қашар.
Арулар балдай тәтті – енді бірі,
Сол үшін сарп болар ер ғұмыры.
Көргендер Чин сұлуын шын қияр бас,
Перизат қолына оның су құя алмас.
Қос сұлу уылжиды хор қызындай,
Қиядан көз тартады ор қызылдай.
Тамсантып, үзілдіріп, толықсытып,
Құлатар көз жұмдырып, талықсытып.
Оралса мойынға кеп қос бұрымы,
Тарылтар тынысыңды жас қылығы.
Қиғаш қас туған айдай он бесінде,
Қалады жалт еткеннің мәңгі есінде.
Арасы екі қастың қап-қара мең,
Қара түн тамшысындай қатқан әрең.
Қиығы көздерінің алмас қылыш,
Қадалса қан ішеді – қалмас тыныш.
Күйрейді күйген оның көз отына,
Қанады қыбын тапқан ләззатына.
Тарқайды күндей құшса бар керегі,
Оймақтай ерінінен бал береді.
Уыздай аруды әркім арман етер,
Құр қалған өле-өлгенше зарлап өтер.
Әдемі дөңгелек жүз, оймақ ауыз,
Туар деп енді қайтып ойламаңыз.
Аршылған ұлпа дене жұмыртқадай,
Шыдар ма көрген жігіт у ұрттамай?
Біткендей маңдайына бір қауымның,
Жүніндей құлпырады қырғауылдың.


424
Ұмтылар көркін көрген жан шыдамай,
Шүйілген қырғауылға қаршығадай.
Құбылып бастан-аяқ лезде лаулап,
Сиқырдай баурап алар көзбен арбап.
Талайлар даңқын естіп өліп-өшкен,
Танады жиын-тойда көріп естен.
Үзілтіп өлең айтып, ән салғанда,
Төгілтер сөз маржанын тамсанғанға.
Әлдилеп әуенімен жанды уатар,
Мүлгітіп дүниені маужыратар.
Тазармай тыңдағанның дерті қалмас,
Жанарға мөлдіретіп келтірер жас.
Жүректің қылын шертіп қытықтайды,
Жадырар жүдегендер жұтып қайғы.
Жарасып жамалына ақыл-сана,
Гүл жайнар қандай жерде отырса да.
Нақышты нәзіктігі үлбіреген,
Ұйытар әдебімен, үлгіменен.
Сылқ етер таяу барса ол жанына,
Дұшпанның қолдан түсіп қанжары да. 
Мен деген батырмен де бәс тіге алар,
Қылышпен қақ айырып тасты жарар.
Сілтесе құралайды көзге атады,
Жебесін жер түбінен боздатады.
Аспанның кезіксе де айдаһары,
Найзасы жай отындай жайратады.
Шапса егер жауға қарсы борандатар,
Табылмас тірі пенде оған батар.
Дүниені дауыл басып, сел кернеген,
Сұрапыл болар еді, ел көрмеген.


425
Толысып төңірегі әзірге енді,
Қапысыз Хақан өстіп әзірленді.
Дайындық біткеннен соң осыншалық,
Тағы да кеңес құрды ақыл салып.
Өткізбек болды әлей сауық-сайран,
Танардай мейман естен қалып қайран.
Халқына Хақан тыным таптырмаған,
Сонан соң Ескендірге шаптырды адам.
Шақыра келген елші хатты берді,
Екпеттеп Шах алдына қапты жерді.
Жадырап, ықыласпен хатқа көніп,
Ескендір жолға шықты, атқа қонып.
Жарқырап шыққан күндей жан жібітіп,
Бір ағаш жерден Хақан алды күтіп.
Төседі гүлді жібек табанына,
Гүлге орап тастағандай даланы да.
Шаштырды шашу әрбір он қадамда,
Жауғандай інжу-маржан кең ғаламға.
Хош иіс кеулеп кетті бүркеп қырды,
Жолына жұпар атқан су септірді.
Қайнады қарсы алған ел қара құрттай,
Оранды шаң-тозаңға дала бұлттай.
Ескендір салтанатпен қалаға енді,
Бақытты Чин жеріне ала келді.
Таң қалып бұл шаһарға расында,
Оқыды «Ләм якун» дұғасын да.
Секілді бау-бақшасы жәннат бағы,
Көз жетпес ұшығына жан-жақтағы.
Үйлерін асыл таспен гүлдеп ерен,
Толтырған ішін үлде-бүлдеменен.


426
Ескендір әсерленіп сондай қатты,
Шаттанып, мерейленіп, таңдай қақты.
Әр басқан адымына кілем жайды,
Көзінде қуаныштан нұр ойнайды.
Тірлікте адам тәтті тоя ма ойға,
Алдымен алып кірді саяжайға.
Ар жақтан үлкен қақпа ашылғанда,
Ұқсады алтын сәуле шашылғанға.
Төгіліп әсем бақтан күн шапағы,
Жұлдыздай жарқылдайды гүл шашағы.
Төрт қақпа төрт діңгекті төрт жағында,
Қоршаған әрқайсысын төрт қабырға.
Ағаштар аспанға өрлеп асылғандай,
Жеті қат көктің жүзін жасырғандай.
Діңгектер қарайды асқақ атырапқа,
Оранып ұшар басы жапыраққа.
Сықасқан бұтақтардың мәуелері,
Самсаған жұлдыздардай әуедегі.
Шалғынды самал сүйіп жайлап ескен,
Аппақ гүл ырғалады айнала өскен.
Бергендей сымбатымен әлемге әсер,
Майысып күлгін гүлдер сәлемдесер.
Секілді аспан бағы жердегі емес,
Сәулесі айнаға кеп берген елес.
Масайрап, масатыдай түрге кіріп,
Хош иісті алуан гүлге тұр көміліп.
Мөлдіреп бүршігінде шық тұнып тұр,
Көзінен құпия мұң ұқтырып сыр.
Жайнайды жауқазындар көк пүліштей,
Гүлдері жайқалады ақ күмістей.


427
Көзіңді көп қарасаң қарықтырар,
Сергітіп бар дертіңнен сауықтырар.
Айнадай жарқырайды самал құшып,
Тұрғандай көк келбеті соған түсіп.
Маңайы таңданатын ылғи қарап,
Ортада сәулеті асқан тұр ғимарат.
Түн бойы жұлдыз ғана оған ымдап,
Мұңдасар кілтшісіндей қарауылдап.
Күмбезі тілдеседі аспан-көкпен,
Басынан бұлт аса алмай жас көлдеткен.
Жаңбырдың жолай алмас тамшысы да,
Тимейді найзағайдың қамшысы да.
Оятып таң шапағы үйдің ішін,
Бөлейді алтын нұрға әр бұрышын.
Еденін мәрмәрлатып, қырнап-өңдеп,
Салдырған жиегіне мыңдап өрнек.
Жиғандай сәулет пенен сәнді осында,
Әйнектей жылтылдатқан ауласын да.
Талайға мәрмәр сарай болған арман,
Суретпен көркемделген алуан-алуан.
Асыл тас діңгектері сәндеп өрген,
Алтыннан есіктері сәулеленген.
Бояудың сырын ашқан жер-көктегі,
Манидей суретшілер өрнектеді.
Ұштасып мәңгілікке ойлы өнермен,
Сауық-той, саятшылық, бейнеленген.
Аумайды сарай іші жәннат бақтан,
Дейтіндей пенде қалай ойлап тапқан.
Ішінде сол сарайдың жақұт нұрлы,
Арналған Шахин Шахқа тақыт тұрды.


428
Қойсын ба тұрғаннан соң бақ көтеріп,
Шығарды Ескендірді таққа әкеліп.
Көңілі Ескендірдің тасып анық,
Отырды Хақанды да қасына алып.
Әкелі-балалыдай құп жарасты,
Чин жұрты салтанатты думан ашты.
Білдіріп көпке ілтифат жол-жорамен,
Бұйырды жайғасуға жөн-жобамен.
Көсемдер жоғарлады алға шығар,
Отырды төменірек қолбасылар.
Ғалымдар одан әрі төр басында,
Платон, Арасту да келді осында.
Жайылды мол дастархан таң қалдырған,
Аумайды мөлдір шарап жанған нұрдан.
Шарада шарап шалқып желпінтеді,
Қызара бөрткендері кең сілтеді.
Сұлу қыз шарап құйған пәк қылықпен,
Шараны қолына алды тәттілікпен.
Бір жұтып, маздатты да жан шалқуын,
Сонан соң Шахқа ұсынды кәусар суын.
Құшқандай Шах шалқыды шартарапты,
Хақанмен бөліп ішті бал шарапты.
Кеселер үш-төрт рет айналғанда,
Құйылды шаттық күші қайнап жанға.
Қызған топ бір ғанибет ғұмыр кешті,
Араның ұясындай гуілдесті.
Тәтті әуен тоғысып кеп әлемдегі,
Сырнаймен қанаттасып ән өрледі.
Бикештер шарап құйған ай маңдайлы,
Аңқытып жұпар иісін жайраңдайды.


429
Бір жақта қызса әңгіме, кеңес қозып,
Мастары әнге басты өңеш созып.
Сыйласқа сенім – мұрат, күмән – мәнсіз,
Сырласты екі патша бір армансыз.
Тыңдасты риясыз көңілменен,
Егіздей өмір бойы бөлінбеген.
Өтесі өтпегенді сыйлайды кім?
Тартуға Хақан әзір Чин байлығын.
Сөздері қақтығыспай, қиыс баспай,
Екеуі жақындасты қиыспастай.
Мәзірі дастарқанның ең әуелі,
Емес пе салт-дәстүрі, жөн-әдебі.
Мұндайда даяшылар жанды аяп па,
Тұрмайды зыр жүгіріп қолды-аяққа.
Думан-той қызды сарай ішіндегі,
Мол тағам қалды ауыздан, ішілмеді.
Үйіліп үсті-үстіне жатты келіп,
Табақта төбе-төбе ет тіреліп.
Есеп жоқ дастарқанның көптігінде,
Сықасып жерге сыймай кетті мүлде.
Тартылды түркілердің балдай асы,
Тоғыз мың ту биенің жал-жаясы.
Демеймін бізге жеткен сөзді бекер,
Қой еті жүз мың десем аздық етер.
Жиғанда дастарқанда қалған асты,
Байлыққа басы айналып, ел қарасты.
Қорғаса періштесі – пендесі бай,
Көл-көсір қонақасы берді осылай.
Орнынан осы сәтте тұрып Хақан,
Көрсетті кемеңгерлік ұлыққа тән.


430
Тағынан төмен түсіп тектілікпен,
Мейманға қызмет етті ептілікпен.
Мәлімдеп тартуларын Шахқа атаған,
Бұйырды жеткізуге таққа таман.
Сонан соң қонағына тағзым етті,
Бас иіп қабыл алды ол да ізетті.
Тоғыз мың әкелдірді теңді әуелі,
Қымбат сый баға жетпес ең кәделі.
Қалғандай көкке тимей сәл төбесі,
Риза боп өсті Шахтың мәртебесі.
Айтқаны әзір еді не тілесе,
Тәнті етті екі нәрсе әсіресе:
Ұқсаған ару еді айға – бірі,
Сиқырлы сәуле шашқан айна – бірі.
Шаттықтың нұры шарпып Хақан жүзін,
Алдымен алып келді Хотан
114
қызын.
Атағы шыққан Чиннің аймағына,
Сонан соң әкелдірді айнаны да.
Қайтадан жайғасты да Шах қасына,
Айнаның сырын айтып жатты асыға.
Қызығын көрмесе де пайдасының,
Қуанды білгеннен соң айна сырын.
Мәз болды жас баладай ол айнаға,
Көресті білгір деген талайға да.
Айнаны артық санап әлдеқайда,
Аруды керек қылып алмады ойға.
Үңілді құпияның тылсымына,
Айнаның жетпек болып шын сырына.
Жарқырап айна күндей күлмесе егер,
Сияқты бүкіл әлем түнге шөгер.
114
Хотан – Тарым ойпатындағы қала.


431
Бір сәтке өзін-өзі аңдады да,
Шарапты енді ауызға алмады да.
Аттанып, аяңдады ордасына,
Күн-дағы көкжиекке қонды асыға.
Үйіріліп әкесіндей өліп-өшіп,
Шығарып салды Хақан өзі ілесіп.
Шахпенен қоштасқан соң шапты кері,
Мәңгіге орныққандай бақ тірегі.
Ескендір шатырына кірді де кеш,
Жайғасып, жақсылармен құрды кеңес.
Мұндайда сөз сөйлеуге әркім епті,
Хақанның жомарттығын әңгіме етті.
* * *
Уа, сахи
115,
сол айнаны алып келші,
Арылтып ауыр ойдан, шабыт берші.
Жазылмас жан жарасы сипағанға,
Дертіме шарабыңнан шипа бар ма?
Кел, жыршы, көңілімді тояттандыр,
Пендені көрген емес аяп тағдыр.
Бөлеші шаттығына мұңлы арманның,
Құтқаршы уайымынан бұл жалғанның.
Ей, Науаи, шарбатыңды іш, шалқып ойна,
Опасыз пәни дүние, артын ойла!
Тағдырдан тартпай қоймас пенде жапа,
Хақан да, Ескендір де көрмеді опа!


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   ...   77




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет