I тарау. Қазақ жұмбағының жиналу, жариялану және зерттелу тарихы



бет7/9
Дата01.06.2022
өлшемі219 Kb.
#458876
1   2   3   4   5   6   7   8   9
dip -zhumbaq-zhanry

ҚОРЫТЫНДЫ
Жұмбақ жайындағы бұл зерттеуіміз нәтижесінде мынадай түйіндер жасауға болады. Жұмбақ қоғамда бірнеше қызмет атқарған, заман ағымына сәйкес қоғамдық қызметіне өзгерістер еніп отырған. Қазақтың көшпелі қоғамында эстетикалық-сауықтық жүкті арқалаған. Қазіргі уақытта жасөспірімдердің сүйіспеншілігіне бөленіп, тәлімгерлік міндетті көтеруде.
Жұмбақтың бұрынғы қоғамдағы мәнділігі сондай, оны айтып-жасырысуға ертеректе тек бір адам емес, топ, ұжым болып араласқан. Ойын ғұрыптық бағыт алған, төреші тағайындалған, диалог арқылы жеңілгендер сын садағына ілініп, әжуаға ұшыраған. Халқымыздағы жар таңдап, күйеуге шықпақшы болған қыздардың болашақ ерін жұмбақ арқылы сынау әдеті де жайдан-жай шықпаған, ол - бағзы жоралғылардың жаңғырығы.
Жұмбақ еркін көсіліп жайылуды сүймейді, көп сөзділікке бой ұрмай, ықшам, жинақы пішіледі. Ол бір затты не құбылысты нысана ете отырып, оны астарлап, бүкпелеп бейнелеуді, осы тұспал бейнені тыңдаушыға табуды артады. Жұмбақ өзі тұспалдаған заттың барлық қасиетін толық қамтып, тұтас кескіндей алмайды. Мәтінде байламның барлық қасиеттері толық суреттелмей, бір ғана белгісі айтылуы мүмкін. Сондықтан жұмбақ шешуін табудың ауыр-жеңілдігі нысана суретінің қаншалықты толық, дәл салынуында. Жұмбақты жасыру да, шешу де адам миындағы күрделі ойлау жүйесіне негізделеді.
«Жұмбақ тілі – қарабайыр емес, образды, құнарлы тіл.
Жұмбақтың нақышты да айшықты образдарына, алмастыруларына арқау болатын нәрселер – адамдардың күнделікті тұтынып, Қолымен ұстап жүретін заттары, айналасында байқап жүрген құбылыстары. Халық жұмбақтарында қазіргі ұрпақ үшін беймәлім, ескілікті этнографиялық айғақтар да қылаң береді. Жүмбақ өзі дүниеге келген дәуірдің шындығын сәулелейді, сол себепті онда халқымыздың өткендегі көшпелі өмір салтын, байырғы әдет-ғұрпын кестелеген суреттер мол. Бүгінде уақыт, замана ырғағына байланысты жұмбақтардың тақырыптық арнасы өзгерген, енді жұмбақтардың нысанасына техника жаңалықтары ілінумен қатар оқу-білім хақындағы жұмбақтар қомақтана түсті. Онда қарапайым заттардың өзі асқақ поэтикалық толғаныспен бейнеленетін кездерінің аз ұшыраспайтынын да байқадық.
Жұмбақтың поэтикалық болмысын екі бағытта қарастырамыз:
1. Өлендік-ырғақтық жүйесі;
2. Образдық бейнелеу тәсілдері;
Осы екі қыры жұмбақтың төл бойында шебер жымдасып, бір жұдырықтай жұмылып, мазмұнды көркемдік - эстетикалық тұрғыдан уытты етуде бірін-бірі толықтырады. Аталған жанрда белгілі бір өлеңдік қалып сақталмайды. Олардың ішінде төрт аяғын тең басқан өлең түріндегі үлгілерімен қатар қарапайым қара сөзбен келетіндері аз емес.
Жұмбақ жанрына тән басты ерекшелік - көлемі жағынан шағын, құрылымы жағынан жұп-жұмыр нақышталуы. Оның ырғақтық-ұйқастық құрылымы сан алуан өрнектеледі. Әуезділікке, саздылыққа жол ашады. Жұмбаққа ойнақылық дарытатын тұтас буындардың, тармақтардың, жол ішіндегі алғашқы не соңғы сөздердің қайталануы. Өлең түрінде келетін жұмбақ үлгілерімен қатар образбен өрілген сөйлем не сөз тіркесі түріндегі жұмбақтар да қыруар.
Жұмбақ байламының бөлек, оқшау тұратын, оның өзіне ғана тән, өзгелерде қайталанбас қасиетін тайға таңба басқандай етіп ұсыну ауыстыруға тәуелді. Ауыстыру тұспал бейнені көркем образ түрінде жеткізу мүддесіне бағындырылады. Сондықтан ауыстыру жұмбақтың ауқымды, жетекші тәсілі ретінде талданып, оның бейнелігі, ұтымдылығы, тосындығы егжей-тегжейлі сарапталғанда ғана жанрлық табиғаты ашылмақ. Жұмбақ тұспал дап-дайын, ап-айқын күйінде көрінбей, емеурінмен елес береді. Ауыстыру арқылы байламның сыңар бейнесі сомдалады, оның бейнесі басқа құбылысқа көшіріледі. Ауыстыруға түсер салмақ – тұспал заттың ішкі, не сыртқы қасиетін тыңдарман құлағына жеткізу, көзіне елестету.
Жұмбақтың ең басты поэтикалық құралы - ауыстыру. Ауыстыруға ұйтқы сөздер табиғат құбылыстары, қоғамдық қатынастар, аңдар мен құстар дүниесіне қатысты лексиканы, туыстық атауларды т.б. қамтиды. Жұмбақтың тұрақты қолданылып, формулаға айналған ауыстырулары сабына төмендегілер кіреді: кемпір, қыз, құдық, дария, сандық, айдаһар т.б. және дуние, жапанда сөзімен басталатын жүмбақтар да баршылық.
Жұмбақ заттың өзін айтпай, оның түр-түсін, сыртқы белгілерін, жұмбақ болып отырған затқа ұқсас жақтарын сипаттайды, ал заттың өз атын жасырын ұстайды. Сондыктан да ойға алған нәрсенің өзін айтпай, оның сырт көріністерін, сыртқы белгілерін қысқаша сипаттайды, солар арқылы жұмбақ етілген затты табуды жұмбақ дейміз.
Жұмбақ фольклордың басқа жанрлармен байланысты болып келеді, Атап айтқанда жұмбақ ертеректе, айтыста кездеседі. Жұмбактап, тұспалдап сөйлеу би-шешендердің сөздерінде ұшырасса ол мақал-мәтелдерге де жақын. Ал кейбір ертегілерде жұмбақ кейіпкердің тапқырлық-ақылдылығын сынау ретінде қолданылады. Жұмбақпен айтысу дәстүрі күні бүгінге дейін жалғасып келеді.
Жұмбақ табиғатын танып білудің ұрпақ тәрбиесі үшін де, педагогика үшін де мәні зор. Себебі ұлттық фольклорлық мұрамыздың аталған саласы қазіргі таңда мектеп оқулықтары мен хрестоматияларға, түрлі кітаптарға енген. Алдағы уақытта да келер ұрпақтың қажетіне жарайтын көмек құрал болып қала бермек. Демек, жұмбақ тәрізді халқымыз ерекше қадірлеген қазыналарын зерттеу ғылыми және тәжірибелік тұрғыдан ділгірлік мәселе деп білеміз.
Қорытындылай айтар болсақ, жұмбақ ұлттық фольклорымыздың қанаттанып дамыған, үлкен орны бар саласы болып есептелінеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет