2.1. Жұмбақ жанрының көркемдік-стильдік сипаты
Әрбір жанрды оқшаулайтын қыры алдымен поэтикалық амал, тәсілдерді екшеп, талғап қолданудан байқалады. Бұл пікір әр жанр басқа жанрда кездеспейтін тәсілдерді ғана қолданады дегенді аңғартпайды. Мәселен, қайталау, ырғақ, айқындау, әсерлеу фольклордың көпшілік жанрларына еншілі, бірақ олардың әрқайсысы осы компоненттерді мақсаты мен мүддесіне орайластырып, әр түрлі дәрежеде кәдеге жаратады. Жұмбақтың жасалу, суреттеудегі әдіс-тәсілі басқалау екендігін аңдау қиынға соқпайды. Бұл сұрақтарға жауап беру үшін жұмбақтың поэзиялық құрылымы мен образдық көркемдік кестесін айналып өте алмаймыз. Жұмбақтың поэтикалық болмысын екі бағытта қарастыруға болады:
1.Өлеңдік-ырғақтық жүйесі;
2. Образдық бейнелеу тәсілдері;
Осы екі қыры жұмбақтың төн бойында шебер табылып мазмұнды көркемдік-эстетикалық тұрғыдан уытты етуде бірін-бірі толықтырады.
Аталған жанрда белгілі бір өлеңдік қалып сақталмайды. Оның ырғақтық ұйқастық құрылымы сан түрлі өрнектеледі. Олардың ішінде төрт аяғын тең басқан өлең түріндегі үлгілермен қатар қарапайым қара сөзбен келетіндері аз емес. Жұмбақ жанрына тән басты ерекшелік - көлемі шағын, құрылымы жағынан жұп-жұмыр, шымыр болып, аз сөзбен көп нәрсені айта білуге бейімділігі. Жұмбақтың синтаксисі де осымен байланысты, бөлек-салақ ештеңе байқалмайды. Ол көбіне қысқа, жақты сөйлемдерден етек-жеңі жинақы пішіледі. Архитектоникасы түйінді, ықшам болуына қарамастан құрылымдық бітімі әр алуан болады. Кейде образбен өрілген кішкене ғана үғымды білдіретін сөйлем, не сөз тіркесі түрінде кездеседі. Осы жағынан алып қарағанда мақал-мәтелге қатты үқсайды. Академик Зәки Ахметовтің төмендегі пікірінің жұмбаққа да қатысы бар:
«Мақал-мәтел де басқа поэтикалық формалардың үлгілері тәрізді кейде шағын сөйлемдерден тұрады. Мұндай жағдайда ол қарапайым ғана ырғақты-құрылымдық түрге иеленеді, әдетте аяқталған ырғақтық түрге иеленбесе де, түрлі дыбыстық қайталаулар арқылы біріледі» [24. 212]. Жұмбақтың жоғарыда бір ғана жолдан тұратындығын айттық. Мысалы:
1. Үйдің іші толған мыс кене.
(Керегенің көзі).
2.Қырық қой қырқылдақтан су ішіп жатыр.
(Уық, шаңырақ). З.Таудан тас құлады.
(Көздің жасы). 4.Үй айнала қан төктім.
(Басқұр). З.Бір ұяда - жеті жұмыртқа.
(Апта).
Мысалдар - синтаксистік тұрғыдан қарағанда жай сөйлем үлгілері. Біреулері толымды болса, екіншілерінің бастауыш, не баяндауышы түсіріліп толымсыз сөйлемге айналған. Жұмбақ – үнемішіл, басы артық, орынсыз тұрган сөзді көтермейді. Егер айтудан ұғымға ауырлық келтірілмесе, эллипсис тәсілімен әдейі қалдырып кетеді. Бірінші жұмбақта «толған» етістігі «мыс кене» сөзінің алдына шығарылып, саналы түрде инверсияға барған. Бұлайша сөздердің дағдылы орын тәртібін бұзу мағыналық реңк дарытқан. Жұмбақтардың бәрі қара сөзбен келуіне қарамастан образды, айшықты. Тек екінші, үшінші жұмбақтарда ғана аллитерациялық үндестік, буын сәйкестігі сақталған. Қара сөз жұмбақтарда ішкі ұйқас, дыбыс қайталаушылықтың болуы шарт емес. Бірақ жұмбақты тыңдаган не оқыған кезде жай ғана хабарлы сөйлемдей қабылдамаймыз. Мұның сыры - бейнелі ауыстырумен келуінде.
Сонымен, қазақ жұмбақтары қара сөз және өлең түрінде болады. Өлең түріндегісі екі жолдан асуы қажеттілік.
Екі жолды:
Мекеде бір ағаш бар түбі жуан,
Он екі ұл, алпыс қызы бір күні туған.
(Адамның он екі мүшесі, алпыс тамыры).
Сырты - қылшық,
Іші - былшық.
(Кірпік пен көз).
Үш жолды:
Таңертең төрт аяқты,
Түсте екі аяқты,
Кешке қарай үш аяқты.
(Адамның балалық, есі кірген, қартайған кезі).
Төрт лаулау,
Екі дің-дің,
Бір шібжің.
(Түйенің төрт аяғы, екі өркеші, құйрығы).
Жұмбақтардың буын саны әрқилы, төрттен он екіге дейінгі аралықта. Бәрінде де ұйқас бар. Тармақ жолдары ұйқас арқылы бірігіп тұтастық алған. Жұмбақ ішінен ұйқастың толымды, толымсыз түрлерін кездестіреміз. Жұмбақ кейде қара өлең ұйқасын пайдаланады, мұндай жағдайда буын саны тұрақты, біркелкі.
1.Адам жоқ, салмақ салмаған, /а
Орны жоқ, кезіп бармаған, /а
Тізе бүкпей әлі тұр, /б
Сонда да таяғы талмаған /а
2. Төрт аяқты болса да жүре алмайды, /а
Өздігінен еш нәрсе біле алмайды, /а
Жайлаған дүниеге бір ғажайып, /б
Тік көтеріп отырар адамдарды. /а.
Мысалдардағы үйқас өрімі: а,а,б,а буын саны алғашқысында — 8, кейінгіде 11 буынды болып кестеленген.
Осындай өлең өрнегіндегі көркемдігі келіскен жұмбақ мысалдарын сандап табамыз. Алтай, башқұрт т.б. түркі халықтарының жұмбақ топтамаларынан 11 буынды қара өлең формасын ұшырата алмаймыз. Аталған өлең формасы қазақ өлеңінің жетілгендігін айғақтайтындығы теоретиктер еңбектерінде анық айтылған. [25.92].
Енді жұмбақтардың буын өлшеміне көңіл қоялық.Неғұрлым аз буынды жұмбақ тілге жеңіл оралып, тез жатталады.
Үш буынды:
Бек тұрған,
Белін буып,
Тек тұрған.
Төрт буынды:
Жайса – көлдей,
Жиса – жеңдей
Алдын айпар,
Жанын жайпар.
Бес буынды:
Түнде түйедей
Күндіз түймедей,
Тептім терекке
Шықтым биікке.
Жеті буынды:
Бәсіредегі бес бие
Бесеуі де құлынды,
Құлындары торы ала,
Құйрықтары сары ала.
Сегіз буынды:
Кішкене ғана тостаған
Айдалаға тастаған.
Аралас буынды:
Асты тас
Үсті тас
Ортасында шандыр бас.
Мысалдар жұмбақтардың буын саны бір қалыппен емес, неше алуан құбылатынын айғақтайды. Ең бастысы бәрінде де ырғақ, Соңғы ұйқас бар.
Жұмбаққа тән тағы бір ерекшелік – тармақ соңындағы сөздің үнемі қайталануы. Сонымен қатар синтаксистік параллелизм, сөздердің грамматикалық құрылысындағы ұқсастық арқылы да күшейе түседі. Тармақ соңындағы сөздің қайталануымен шектелмей, оның алдындағы сөздер үйлесіп, грамматикалық құрылымы жағынан құшақ айқастырады. Мына мысалдар осы сөздерімізге айғақ болады:
Ұзын-ұзын жолдар бар,
Үйрек қонар көлдер бар.
Ат үстінде шоқиып,
Отыратын күндер бар.
Шумақтың үшіншісінен басқа жолдары «бар» сөзімен аяқталған, оның алдында тұрған «жолдар», «көлдер», «күндер» сөздері морфологиялық жағынан бірдей, зат есім, оған көптік жалғау қосылып, сол арқылы үндеседі.
Жұмбақ қысқа да нұсқа бола тұра, композициялық құрылымы жағынан алуан өрнекті болады. Сондай бір тәсіл – тізбекті, тіркесті түрде келуі:
Қара үй, қара үйдің ішінде ақ үй,
Ақ үйдің ішінде бес бала,
Бесеуінің қолында бес айна.
(Етік, ақ байпақ, бес саусақ, бес тырнақ)
Бір топ қамыс,
Бір топ қамыс астында қиған қамыс,
Қиған қамыс астында жылтырауық,
Жылтырауық астында пышылдауық,
Пышылдауық астында тебіндеуік,
Тебіндеуік астында қатар-қатар тас,
Ортасында жылмыңдауық.
(Шаш, қас, көз, мұрын, ерін, тіс, тіл )
Сурет біртіндеп сатылап берілген. Алдыңғы жолдарда айтылған суреттен кейінгі ой өрбіп жалғасады. Бір қамыс, одан кейін қиған қамыс, жалтырауық, пышылдауық,тебендеуік, жылмыңдауық. Қайталау ішкі дыбыс үндестігі, ұйқас жұмбақты шымырландырады. Бір көріністі соңғы ауыстырулар толықтырып, нақтылай түседі.
Жұмбақтың көркемдігі жайында сөз қозғаған ғалымдардың дені оның басты поэтикалық құралы ауыстыру(метафора) деп түйеді. Орыс фольклорының көркемдік қасиетін үңіле тексерген зерттеуші С.Г. Лазутиннің былай деуінде үлкен мағына бар:
«Ауыстыру жұмбақтың ьазмұны мен түр ерекшелігін сипаттайды, оның негізінде стилистикалық және композициялық құрылым жатыр, сонымен бірге шындықты көркем бейнелеудің творчестволық принципін айқындайды. Ауыстыруды түсіну – жұмбақты түсіну, оның мәнін, жанрлық ерекшелігін айқындаумен бара-бар» [27. 108].
Жұмбақта тұспал дап-дайын, ап-айқын күйінде көрінбей емеурінмен елес береді. Міне ауыстырудың дәнекерлік қызметі осы тұста. Ауыстыруға түсер салмақ – тұспал заттың ішкі, не сыртқы қасиетін тыңдарман құлағына жеткізу, көзіне елестету.
Жұмбақтың тілдік өрнектерінде халықтың тарихи-қоғамдық өміріндегі, тұрмыс-тіршілігіндегі өзгешеліктерді танытатын, солардан туындаған нақыш-өрнектер, ауыстырулар өте мол. Көбіне көзбен көріп, қолмен ұсталған, тұтылған заттар ауыстыруларға желі болады. Ауыстыруларға ұйтқы, тірек сөздер алуан түрлі, олар сан саналы табиғат құбылыстарына, тұрмыс пен шаруашылық, әдет-ғұрып қоғамдық қатынастарға байланысты лексиканы қамтиды. Желілік өзекті бейне ретінде көрінетін аңдар мен құстар дүниесіне қатысты атаулар да қисапсыз. Ойымызды дәлелдеу үшін құстармен байланысты туындаған сөздерге тоқталайық.
Байшағырдың түбінде балапан жатқан дуадақ.
(Қоян).
Атасы мен баласы,
Үш жүз алпыс бес баласы,
Он екі ауыл шамасы,
Отыз ор дуадақ,
Бсс балақ сан,
Елу екі қарашы. [26. 16].
(Күн, ай, үш жүз алпыс бес күн, он екі ай, бір айдағы отыз күн, айлардан тыс алынып жылға қосылатын бес күн – «бес қонақ», жыл ішіндегі елу екі апта).
Отыз дуадақ,
Қырық қыр дуадақ,
Екі қоңыр үйрек.
(Ораза, шілде, айт).
Бұл мысалдарда шөл құсы - дуадаққа - қоян, отыз күн ораза баламаланып тұр. Немесе:
Әуеден айнала ұшқан бөдене екен,
Бөдене біреу атып жеген екен,
Еті - арам, сорпасы - адал немене екен?!
Қаршығам өзі қансыз қолда қонар,
Қиын жерде қуанып ауыз толар,
Мен өзім қаршығамнан дән алыппын,
Шешуі бұл жұмбақтың қандай болар? - дегенде жасырылған зат қаршығаға ауыстырылып отыр. Немесе мына жұмбақтарға назар аударып көрелік:
Он екі көлді жайлар отыз үйрек,
Он екі аққу бір шетте жүрер бөлек,
Қырық сегіз сол көлдердің ұясы бар,
Адамға қиын болар бұны білмек.
Сонымен, қазақ жұмбақтарының поэтикасына тән қас ерекшеліктер бар екеніне көз жеткіздік. Оларда дыбыстық қайталаулар, ассонанс, аллитерация, буын, сөз қайталау мол.
Жұмбақтардың ішінде өлең түрінде келетіні де аз емес. Образдық жүйесінде ең көп қолданылатын поэтикалық құрал - ауыстыру. Бұл жанрда тұрақты формулаға айналған образдар, сөз тіркестері баршылық.
Фольклор заңы қатал. Ауызша суырып айту дәстүрі белең алған фольклор да жаңа да туындының дүниеге келуі қаншалықты тез болса, оның ғұмырының қамшы сабындай қысқа болып, ұмытылуы соншалықты жылдам. Халық жадында хаттай жазылып, буыннан буынға аман-есен аманат етіліп отыратын мұралар — көркемдік жағынан нәрлі, нақышты нұсқалар. Сәтті айтылған жұмбақ жекелік қолданыстан шығып, ауыздан-ауызға көшіп, жалпы көпшіліктің иелігіне өтеді.
Көптеген жұмбақтардың үзақ уақыт өміршеңдікпен халық жадында ұмытылмай сақталуының сыры не? Себеп – жұмбақтардың сүрең, қарабайыр жолдар болып келмей, маржандай тізілген айшықты, әсем образды сөздерге толы болуында. Қиыннан қиысу, ықшамды, қысқа болуына қарамастан ойнақы, сыңғырлаған поэзиядай сұлулық – жұмбақтарға тәп қасиет [27. 156].
Достарыңызбен бөлісу: |