ІІ ТАРАУ. ЖҰМБАҚТЫҢ ЖАНРЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІГІ
Жұмбақтың өзіндік ерекшелігі неден көрінеді? М.Ғабдуллин оны
былайша тұжырымдайды: «Жұмбақ заттың өзін айтпай, оның түр-
түсін, сыртқы белгілерін, жұмбақ болып отырған затқа ұқсас
жақтарын сипаттайды, ол заттың өз атын жасырын ұстайды.
Сондықтан да ойға алған нәрсенің өзін айтпай, оның сырт
көріністерін, сыртқы белгілерін қысқаша сипаттауды, солар арқылы
жұмбақ етілген затты табуды жұмбақ дейміз» [19. 320], ал В.П.Аникин: «Загадка есть мудреный вопрос, поданный в форме замысловатого, краткого, как правило, ритмически организованного описания какого-либо предмета или явления...» «сделанное с целью придать ему поэтический взгляд на действительность» [20. 54-56], - деп жазады.
Жұмбақ жанрына анықтама беруіміз қажет. Жанрға анықтама берудің тек теориялық тұрғыдан ғана емес, практикалық тұрғыдан да мәні бар. Себебі мұндай үлгілерді ажырату жұмбақ топтамаларын құрастыру кезінде басқа осыған ұқсас үлгілердің еніп кетуін болдырмау үшін қажет.
Жұмбаққа анықтама беру үшін оның қызметін саралауымыз дұрыс. Жұмбақ - адамның ақыл-ойын, білігін сынау мақсатындағы сауал. Бұл анықтама да жеткіліксіз. Жұмбақ жай ғана сауал, не сұрақ емес, өзі жасырған не құбылыстың бір белгісін, қасиетін нұсқап, сол арқылы оны табуды тыңдаушыға жүктейді.
Жұмбақтың композициялық құрылымы, әдетте, екі бөлікті болып келеді. Оны қазақ дәстүрінде «жұмбақтың байлауы» және «жұмбақтың шешуі» дейді. Шешуі болмаса - жұмбақ мағынасыз. Әрине, әдейі адамдарды адастыру үшін ойлап табылған әзіл үлгілері де кездеседі. Сол себепті Ахмет Байтұрсынов «Әдебиеттанытқыш» атты кітабында:
«Бас қатырғыш. Бас қатырғыш жұмбақ сияқты бұл да ойландыратын нәрсе, бірақ жұмбақтай шешуі болмаған соң, босқа әурелейді. Шешуі жоқтығын білмей, жұмбағын табамын деп ойланып, адамның басы қатады. Сондықтан бас қатырғыш деп айтады,» -дейді [8. 235-236].
Ғалым осы кітабында өзі саралаған ауыз әдебиеті түрлерінің үлгілері қосымшада тіркелгенін ескерткенімен, ол бүгінгі күнге жетпеген. Ауыз әдебиетінің осы бір қызғылықты түрінің жиналмай, елеусіз қалуы өкінішті. Бас қатырғыштың есеп ретінде келетін төмендегі үлгісін Ахметулла Қалиұлының аузынан хатқа түсірдік: «Тоқсан өгізді тоғыз қазыққа жұпсыз байлап бер».
Шешімсіз жұмбақ өзінің жанрлық ерекшелігін жоғалтады. Жанрдың екі бөлігі бір-бірімен тығыз байланысты. Кейде бір жұмбақтың екі не одан да көп шешімі болуы мүмкін:
Екі басы жұдырықтай,
Ортасы қиық қылдырықтай.
(Құмырсқа) [21. 52]
Екі басы жұмырықтай,
Ортасы қылдырықтай.
(Тұтқыш) [21.98].
Жатса - қояндай,
Тұрса - түйедей.
(Шымылдық) [21.104]
Тұрса - түйедей,
Жатса - қояндай.
(Ер-тоқым) [21. 109].
Осы тәріздес мысалдарды кез келген жұмбақ топтамаларынан ұшыратамыз. Мұндай болу себебі – жұмбақта тиек етілетін қасиет бірнеше заттың бойында болуы мүмкін. Жұмбақты әркімнің түрлі ұғынуына таңдануға болмайды. Бір жұмбақты адамдар тәжірибесі мен түсінігіне байланысты түрлі шешетінін, бұл шешімнің өзінше дұрыс болатындығын айта келіп, М.М.Мұқанов пен К.А.Нұрғалиев бұл құбылысты көп мағыналы логика, өйткені бір ақиқаттың көп мағынасы болады деп пайымдайды [22. 36].
Жұмбақтың екі жағы бар: бірінші, тыңдаушының көз алдында
тұратын сурет те, екіншісі, тындаушы назарына ұсынылған бүркеме
бір зат, не құбылыс. Осы астарлы бүркемені білу үшін болжалдап
Ой жүгірту, бас ауырту керек.
Жұмбақтың басқа фольклорлық жанрлардан оқшау, өзгеше тұстары неде?
Қандай да бір жанрдың сипаты туралы сөз болғанда сюжеті бар ма деген сұрақ тууы хақ. Мәселен, ертегі, батырлар жыры тәрізді жанрларда сюжет маңызды орын алып, қандай бір оқиғаны, не жағдаятты баяндайды, әрбір сюжеттің басталу, шарықтау шегі мен шешімі болады. Осылайша ертегі мен батырлар жырында сюжет жетекші құралдардың бірі болып, сюжет көмегімен образдар сомдалып, негізгі идеялық мазмұны ашылады. Ал лирикалық жанрлар, мақал-мәтел, жұмбақ тәрізді жанрларда сюжеттің болуы шарт емес, олар бір оқиғаны, шытырман жағдайды ұзақ-сонар баяндап жатпайды. Басқа шағын жанрлар іспетті жұмбақ та белгілі бір жүйемен дамып, шешілетін оқиға болмаса да, сюжеттік элементтер, оқиғаның ұшқыны, үзік-үзік эпизодтар көрініс табады. Жұмбақ еркін көсіліп жайылуды сүймейді, көп сөзділікке бой ұрмай, ықшам, жинақы пішіледі.
Көлемі, құрылымы жағынан жұмбаққа ұқсас келетін жанр — мақал-мәтел. Бірақ фольклорлық екі жанрдың атқаратын уәзипасы, мақсат-мүддесі, көтерер жүгі екі басқа. Мақал-мәтел көбіне жақсы мен жаманды айырып, пайымдау, дидактикалық уағыз айтуды көксесе, жұмбақ бір затты не құбылысты нысана ете отырып, оны астарлап, бүкпелеп бейнелеуді, осы тұспал бейнені тындаушыға табуды артады.
Сюжетті жанрлардың, негізінен, кейіпкер немесе персонаждың атын атап, мінез-құлқын бедерлеуге, әрекет үстінде оның болмысын, жақсы-жаман қасиеттсрін ашуды, даралауды мұрат ететіні мәлім. Сюжетсіз жанрлар қатарына жататын ән жанрында адамның ішкі жан тербенісін, сезімін қозғай отырып, лирикалық каһарманның ішкі дүниесін ақтарады. Ал жұмбақ бір адамдарды, не жануарды ауызға алғанымен оның мінез-болмысын айқындауды, тағдырын баяндауды мойнына алмайды, тек оның қимыл әрекетін, қасиетін, өзгеше белгісін елестететін штрих, детальді ғана дөп басады. Шағын деталь, кішкентай штрих тұспалдаған затты, не құбылысты бір қырынан суреттеп, көшірме бейнесін жасауға септеседі.
Фольклордағы қызықты процесс – айтушы мен тыңдаушының байланысы, олардың бір-біріне тигізер ықпалы. Бұл екі тұлға кеңістік пен уақыт арқылы бөлектеніп, ажырамайды. Бір кеңістік пен аудитория екеуін жақындастырады, табыстырады, бетпе-бет отырғандықтан тыңдарманның ынта-ықыласы, қабылдауы, көзқарасы сол арада көрініп тұрады. Жұмбақ жасыру кезінде айтушы мен тыңдарман бір-бірінен сырт қалып алшақтамайды, жасыру мен шешу — екі жақтың қатысуымен жүзеге асатын шығармашылық өнер. Шешуші енжар күйінде қалмай, өз байламын көлденең тартады. Айтушы қарсыласының ой-өрісін ескереді, егер жұмбақ жеңіл болса, күрделіге ауысады, ал қиындық келтірсе, жеңілге қарай ойысады. Мұндай коммуникациялық қатынаста екеуінің орны жылдам өзгереді, енді шешуші жұмбақ жасыруға тез көше алады. Екі жақ та ойын кезінде бірін-бірі қанаттандырып, ұштап отырады. Жұмбақ мәтіні мен оның шешімі бір жағынан адамдардың диалогы тәрізді, осы «диалог ойынға» кемінде екі адам қатысуы шарт, біреуі — жасырушы, екіншісі — шешуші.
Фольклор жанрларының арасына шекара қою қиын. Олар бір-бірімен тығыз байланыста болады. Кейде жанрлық жіктелудің шартты екенін де ескергеніміз абзал. Кейбір халық әдебиетінің түрлері жұмбақ тәрізді астарлы, емеурінмен келеді. Жоғарыда айтқанымыздай, жұмбақтың белгілі шешімі болуы қажет. Осы тәріздес халық әдебиетінің басқа жанрлары да ортаға сауал тастап, оны табуды керек етеді. Бірақ оны таза жұмбаққа жатқызу қиын. Жұмбақтар мазмүндық әрі ішкі қүрылымдық байлығымен ғана емес, әр алуан жанрлармен астасып-тоғысып жататын, аралық жанр түзетін ерекшелігімен көзге шалынады. С.Қасқабасовтың сөзімен айтсақ: «Ешбір жанр саф алтындай таза күйде болмайды. Өйткені, ол жападан-жалғыз өмір сүрмейді, ұзақ көркемделу процесінде жанрлар бір-бірімсн тығыз байланысқа түседі, олар бір-біріне ықпал жасап, кірігіп, тіпті жаңа жанрға негіз де болады, бірақ олар қосылып кетпейді, әрқайсысы өзіне тән қасиеттерімен ерекшеленеді» [23. 22].
Достарыңызбен бөлісу: |