І ТАРАУ. ҚАЗАҚ ЖҰМБАҒЫНЫҢ ЖИНАЛУ, ЖАРИЯЛАНУ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ
Басқа фольклорлық мұралар сияқты жұмбақтың да пайда болу, қалыптасу, даму тарихы бар. Жұмбақтың арғы тегі көне дәуірлерден тамыр тартып, алғашқы қауымдық кезеңдерден бастау алады.
Қазақ жұмбақтарының жинала бастаған уақыты – XIX ғасырдың аясы. Ш. Уалиханов хатқа түсірген 20 шумақ өлең-жұмбақ Санк-Петербург мұрағатында сақталуда. Бұл жұмбақтар алғаш рет Әлкей Марғұланның назарына ілінген, кейін 1992 жылы «Ана тілі» газетіне жарияланды [1]. Ы.Алтынсарин өзі хатқа түсірген халық әдебиеті үлгілерін таза педагогикалық мақсаттағы қызметіне байланысты пайдаланған. Ы.Алтынсариннің өзі тұстас орыс шығыстанушылары мен саяхатшыларынан айырмашылығы сол, ол бала кезінен қазақ ертегілері мен батырлар жырын, жұмбақтар мен мақал-мәтелдерді тыңдап, еркін сусындап, жаттап есейген. Кейін ұстаздық-ағартушылық жұмысты өмірлік мұрат етіп, осы салада қажымай, талмай еңбек сіңірген кезінде фольклорды халықтық ғасырлар бойы жинаған тәжірибесінен туған тәрбиенің пәрменді құралы деп қарады. Педагог «Қазақ хрестоматиясына» фольклор мен ауыз әдебиеті үлгілерінен тек қолына іліккенін емес, көркемдігі жағынан айшықтыларын, жас өспірімдердің ой дүниесіне қозғау салатындай тартымдыларын екшеп алған. Ағартушы-ғалым жұмбақтарды бүлдіршіндерді ынтықтыратындай, ой-қиялын ұштайтындай тәрбиелік қасиетін бағалай білген. Ы.Алтынсарин жинаған жұмбақтар тақырыбы жағынан алуан: көшпелі өмір салтынан өрбіген, төрт түлік мал, киіз үй, оның жасаулары, тағам түрлері, тағы да басқа. Ең бастысы – балалардың білім, жас, сана ерекшеліктеріне сәйкес сұрыпталып, іріктеліп алынған [2].
1883 жылы «Киргизская христоматия» атты жинаққа Ақмешіт маңындағы қазақтар арасынан жазылып алынған 146 жұмбақ енген [3]. Бұл жұмбақтар тақырыптық құрамы жағынан сан алуан. Алайда жұмбақтар тақырып бойынша жүйеленбей, орыс әліпбиінің тәртібімен тіркелген. Жұмбақта өзек етілген тақырыптар: аспан, жер әлемі, табиғат құбылыстары (ай, күн, жұлдыз, күннің күркіреуі), адам және оның дене мүшелері (аяқ, қол, бас, тіс), хайуанаттар әлемі (бүркіт, жарғанат, шегіртке, балық, түйе), өсімдік-дақыл (егін, тары, сәбіз, ағаш), үй мен оның жабдықтары (киіз үй, кереге, мұржа, пеш, сандық, тұтқыш), ыдыс-аяқ (құман, ожау, шәйнек, қазан), ас-ауқат (ұн, жұмыртқа, сөк, ет), еңбек құралдары (ине, ұршық, орақ, диірмен), қару-жарақ (балта, мылтық, оқ, зеңбірек), діни жұмбақтар (ораза, пейіш, имансыз, құдай), оқу-білім (кітап, қауырсын, қалам, сия, сауыт) тағы басқа.
Кітапта жаңа заманға сай туған жұмбақтарды да жолықтаруға болады. Мәселен:
«Бір минутта дүнияны аралайды,
Сонда да шаршамайды» дегендегі бір минут өлшемі сол заман үшін сонылау образ. Соның ішінде Сыр бойын ежелден тұрақ еткен қандастарымыздың егіншілікке байланысты туындаған жұмбақтары назар аударарлықтай. Егіншілік кәсібіне тән сөздер тек жұмбақтың шешуінен ғана емес, сонымен қатар мәтінде жиі кездесетін жүгері, бау, гүл, астық, тары, ұн, сөк, анар тағы сол сияқты сөздерден көзге ұрады. Хрестоматиядағы мәтіндер орыс тіліне аударылмаған.
Ертеректегі жұмбақтар енген басылымдардың ішіндегі елеулісі – А.В.Васильевтің 1900 жылы Орынборда бастырған «Киргизские загадки» атты кітапшасы [4]. Жинақта қазақ жұмбақтары алғаш рет белгілі бір жүйемен беріліп, алғаш рет тақырыптарға жіктелген. А.В.Васильев бұл жұмбақтарды үш топқа:
- әлемнің физикалық құбылыстары;
- жануарлар туралы;
- адамдар мен олардың үйлері және оны қоршаған заттар туралы; деген тақырыптарға жіктеген. Зерттеуші кітап алғы сөзінде жұмбақ айтысының ауыз әдебиетінің қызғылықты ерекше түрі екенін баса көрсеткен және «Әубәкір мен Қожахметтің», «Қыз бен жігіттің айтыс жұмбақтарын» ұсынған. Оның үстіне зерттуеші жұмбақтардың тақырыбы халық өмірінің әр түрлі саласын қамтитынын ескерген. Ғалым діни мазмұндағы жұмбақтарды жеке топтап бере отырып, оның қазақ жұмбақтары ішінде мол екендігін айтады, әрі оны таратушылар оқығандар мен молдалар деп тұжырымдайды.
А.В.Васильев – қазақ жұмбағы хақында ой түйіп, алғаш рет ғылыми пікір айтқан адам. Ол жұмбақтың айтылу ғұрпына да назар аударып, жұмбақ жасыру кезінде топ-топқа бөлініп, көбіне әйел мен еркек болып екі жікке бөлінген, не топ арасынан суырылып шыққан жеке кісілердің арасында болатындығын айтады. А.В.Васильев жұмбақтың ұқсату арқылы жасалатындығын, мәселен, айдың нанға, жұлдыздың ұсақ тасқа, аспанның төселген теріге, ал самаурын құлағының шошқа құлағына ұқсатылатынын, мұндай ұқсатулардың сауатты адам үшін нанымсыз, аңғалдық сияқты көрінуі мүмкін, сөйте тұра тыңдаушылардың күлкісін шақырып, езу тартқызады деген қызықты тоқтамға келеді.
А.В.Васильев қазақ арасында жұмбақтардың кең таралғанын айта келіп былай дейді: «...Қырғыздар (қазақтар) арасында жұмбақтар көп кездеседі, әрі құрметке ие. Жастардың жұмбақсыз өтетін кештері де сирек. Жұмбақ сайысына жиналғандар жасыратындар және шешетіндер болып екі топқа бөлінеді, сайыс көбіне ерлер мен қыздар, не топтан іріктеліп шыққан жеке адамдар арасында болады. Қырғыздарда жұмбақ сайысы өлең, хат түрінде де келеді, мұның үлгілері халық жадында ұзақ сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырады. Жұмбақтардың дені әдетте ауызша шығарылады, олардың жалпы қолданысқа еніп кеткендері де баршылық және олар қырғыз даласының әр түрлі өңірлерінде мәлім. Мұндай түрлерді үлгі жұмбақ деп айтуға болады» [5].
Қазақ жұмбақтарын жинауға белгілі фольклоршы ғалым Г.Н.Потанин де үлес қосты. Г.Н.Потанин жинаған жұмбақтар ішінде: «Үш нәрсе кішкенеден үлкен болады (от, өлім, дау); сегіз нәрсе тоймайды (көкірек ақылға, көңіл – ойға, ер – малға, қатын – ерге, от – отынға, жер – адамға, көз – көруге, тіл – сөзге); төрт нәрсеге тоқтау жоқ (кәрілік, аштық, ажал, ұйқы)» тәрізді қызықты үлгілерін оқуға болады [6].
Әубәкір Диваев жинаған қазақ халқының көл-көсір фольклорлық жаратындыларының арасында жұмбақтар бір шоғыр. Бұл жұмбақтардың көпшілігін ол 1880-1890 жылдары Шымкент уезі, Ноғайқара болысының тұрғыны Е.Ақынбековтың айтуымен хатқа түсірген. Ә.Диваев өзі жинаған 15 жұмбақты Сырдария жинағында орыс тіліне аударып, жариялаған. Ә.Диваев жұмбақтағы кейбір түсініксіз деп есептеген сөздерге орыс тілінде қосымша түсінік берген. Мәселен, қазақтың:
«Қатар-қатар тас қойдым,
Жиреншемді бос қойдым», деген жұмбағын:
«Разложены камешки рядами,
Главенствует над ним Джеренче», деп тәржімалап, Жиренше сөзіне «Адам аты, қазақ ертегілерінде көп көрінеді, Жәнібек ханның уәзірі болған, өткір де тапқырлығымен ерекшеленген, астарлы сөйлеген және шешен деген ат иеленген», - деп түсінік жазған. Дегенмен жиренше - Ә.Диваев көрсеткендей адам аты емес, жылқының түсіне байланысты алығау атау. Ә.Диваев жинаған жұмбақтар қомақты болғанымен олардың бәрі сол уақытта жарияланбай тек қолжазба күйінде келіп, бірсыпырасы кейін басылды [7].
Сонымен, қазақ жұмбақтарын қағаз бетіне түсіріп, жариялау XIX ғасырдың аяғында басталып, XX ғасырдың басында жанданған болса, кейін Кеңес Өкіметі тұсында жалғаса түсті.
Көріп отырғанымыздай қазақ жұмбағын жинауда біршама шаруа атқарылған, әр түрлі қолжазба қорларында ертелі-кеш хатқа түскен ауқымды жұмбақ жазбалары шашылып, олардың біразы қалың қауымға жол тартып үлгерді.
Көрнекті ағартушы А.Байтұрсынов жұмбақты қазақ фольклорының бір жанры ретінде қарастыра келіп, былай деп жазады: «Жұмбақ деген аты жұмудан шыққан: яғни қолдың ішінде бір нәрсені жасырып, жұмып тұрып, соны тап дегеннен шыққан. Жұмбақта нәрсені қолға жұмып тұрып таптырмайды. Ойды бүгіп, айтпай қойып, сол нәрсеге ұсақ нәрселерді сипаттап айтып, ұқсастығы бойынша таптырады. Жұмбақ зейінді ұстартуға пайдасы бар нәрсе» [8]. Алайда ғалымның жұмбақ сөзінің төркінін түсіндірген пікірінен басқа да пікірлердің бар екенін ескерген жөн. А.Байтұрсынов одан әрі жұмбақтың бейнелеу құралдарына тоқталады.
Жазушы Ж.Аймауытов халқымыздың уақыт, жаратылыс, киім-кешек, мал жайындағы бір топ жұмбақтарын, «Көк өгіз» атты жұмбақ ертегісін жариялаған [9].
Айтылмыш жанр туралы зерттеу жүргізген ғалымның бірі – Мұхтар Әуезов. Оның жұмбақ хақындағы зерттеу мақаласы алғаш рет «Әдебиет майданы» журналының 1938 жылғы 10-санында жарияланды, кейін 1940 және 1959 жылдарда жарық көрген жұмбақтар жинағы ғалымның беташар сөзімен ашылған. Оқымысты әлгі мақаласында жұмбақтың дүниежүзі халықтарының бәрінде бар Байырғы жанр екендігін айта келіп, оның кейінгі заманда жақсы дамып, тәрбиенің қуатты құралына айналғандығына көңіл бөледі. Оқымысты: «Сырт қарағанда соңғы уақыттарда жазба әдебиет күшеюімен қатар, жұмбақ азайған шығар, жаңадан жасалмайтын шығар» деген ойлар болушы еді. Анығында бұл теріс боп шыкты. Жұмбақ қазақ халқының арасында да және союздің барлық басқа халықтарының арасында да әлі күнге тыңнан туып, молайып, дамып келеді.
Олай болса, халықтың жұмбақ деген фольклор қорын жинап, басып, тексеріп тану, ғылымдық зор міндет болады» [10.5.],- дейді.
М.Әуезов түрлі халықтардың жұмбақтарының үндесіп жататына көңіл аударады, оның себебін дұрыс айқындап береді:
«Көп елдің жұмбақтарында ұқсас келетін түрі де бар. Ол бұрынғы өткен шақтағы шаруашылық, қоғамдық құрылыстары ұқсас болғандықтан. Сонымен қатар бүгінгі жаңа жұмбақтардың ішіндегі теңеу, салыстырулардың ұқсас кеп отыратыны тағы бар. Мысалы: жаңа жұмбақтарда трактор мен паравозды өгізге, тұлпарға теңестіру, аэропланды құс деп сипаттау халықтар тіршілігіндегі шаруашылық іргенің бір негізге құрылғандығынан» [10. 7.] .
60-жылдары баспа бетін көрген «Қазақ әдебиеті тарихының» фольклорға арналған томдарында жұмбақ жайлы арнаулы тараулар бар. Фольклордың XX ғасырға дейінгі кезеңіне арналған томында Әлкей Марғүланның зерттеуі [11.737], кейінгі томында Шеген Ахметовтің мақаласы енген [12.348-359]. Ә.Марғүлан қазақ жұмбақтарының зерттелу тарихына шолу жасап, тақырыптық ауқымы, образдық жүйесі жөнінде кеңірек баяндайды. Ғалым өз тоқтамдарын бұрын жарияланған жұмбақтармен бірге өзі ел аузынан естіген фактілерді келтіру арқылы тиянақтап отырады. Ә.Марғүлан: «жұмбақ айтушы көбінесе өзінің істейтін кәсібіне қарай үйлестіріп, не көрсе, не істесе соны жұмбақ ететін болған, мәселен, егінші егін туралы айтса, бақташы мал туралы, пішенші көп шабатын еңбек құралын жұмбаққа қосады, аңшы жыртқыш аң туралы айтса, мерген атқыштығын айтады», - деп бағамдайды. Қызықты түйін. Әр түрлі кәсіпке маманданған еңбек иелерінің репертуарындағы жұмбақтарды жазып алып зерделеу, толымды топшылау жасауға әкелері хақ, себебі жұмбақшы ат үсті көзге шалынған құлағы шала-шарпы естіген жәйттарды емес, өзіне қыры- сыры мәлім, етене жақын заттарды тұспалдауға ұмтылатыны заңды. Орыс тіліндегі «Қазақ әдебиеті тарихының" жұмбақ турасындағы тараушасының авторы - танымал тілші-ғалым Телқожа Жанұзақов [13].
Жоғары оқу орындарының студенттеріне бағышталған М.Ғабдуллиннің «Қазақ ауыз әдебиеті» (1959), Ә.Қоңыратбаевтың «Қазақ фольклорының тарихы» (1991), М.Тілеужановтың «Ел әдебиеті» (1991) оқулықтарынан жұмбақтың жанрлық сипаты туралы ой-түжырымдарын табамыз. М.Ғабдуллин жұмбақ не себептен шықты деген сұраққа өз пайымдауымен жауап іздейді: «Алғашқы кезде адам баласына дүниедегі заттардың, жаратылыс құбылыстарының барлығы, олардың сыры, неден жасалғандығы мәлім болмаған, жұмбақ болған. Бірақ адам баласы сол жұмбақты шешуге тырысқан, білу жолын қарастырған, айнала жаратылыс дүниесін, оның құбылыстарын, еңбек-кәсіп құралдарын, әр түрлі хайуанат жайын бір-біріне салыстыру арқылы тануды көздеген. Ол үшін өздеріне таныс бір затты екінші бір затқа салыстыра отырып немесе сол заттардың бір-біріне ұқсас белгілеріне қарап, олардың қандай зат екенін, неден шыққанын анықтаған. Жұмбақтардың алғашқы үлгілері осыдан шыққан». Жұмбақтың түп тегі, даму эволюциясы жайында келесі тарауда кеңірек баяндайтын болғандықтан бұл жерде тоқталып, өз пікірімізді келтіріп жатпаймыз. Нысанбек Төреқұлов та қазіргі қазақ жұмбақтарының даму бағдарлары жайында сөз қозғайды [13, 81-85].
Жұмбақтар хақында айтқанда, ерекше бөліп көрсетуге тұрарлық еңбектер - Машрап Әбжанов пен Жаңыл Адамбаеваның зерттеулері. М.Әбжанов «Қазақ халқының жұмбақтары» (А., 1966) атты кітабында жұмбақтың тарихи даму жолдары және басқа жанрлармен ара қатынасы, тақырыбы, мазмұны турасында сөз етеді. Ғалым жұмбақтарды құрылысы, айтылу, жасалу жолдарына қарай мынадай топқа бөліп қарастырады:
1.Қара сөзбен айтылатын жұмбақтар;
2.Жұмбақ ертегілер;
З.Өлеңмен айтылатын жұмбақ ертегілер;
4.Жұмбақ айтыстары;
5.Жұмбақпен айтылатын шешендік сөздер;
6.Диалогқа құралған сұрау, жауап түріндегі жұмбақтар;
7.Есеп жұмбақтар.
Екінші арнаулы зерттеу – Жаңыл Адамбаеваның «Қазақ жұмбақтарының әдеби-стилистикалық және тілдік ерекшеліктері» атты тақырыптағы филология ғылымының кандидаты дәрежесін алу үшін жазған диссертациясы (Алматы, 1966). Мұнда диссертант жанрдың тілі мен құрылысы, морфологиялық, синтаксистік, лексикалық ерекшсліктерін нысанаға айналдырумен шектеліп қалмай, оның шығу тегі, поэтикалық-бейнелеу құралдары, мазмұны мен тақырыбы жөнінде сөз қозғайды.
Академик Зәки Ахметов қазақ өлеңі туралы көлемді монографиясында жұмбақтың ырғақтық құрылымы, ұйқастық жүйесі жайлы байсалды тұжырымдар жасаған. Оның: «Халық мақалдары, жұмбақтар, афоризмдер - ырғақты сөйлеудің тамаша үлгісі, олар көлемі жағынан кішкене болуына қарамастан көбіне нағыз өлең санатына жатады. Егер аса көлемді поэтикалық туындылар (өлеңдер мен поэмалар) қатаң ырғақтық құрылымға иеленіп, аяқталған формасы болса, біз мақал, жұмбақтар мен афоризмдерден сан алуан, әрі қарапайым әрі ырғақтық түрі жағынан еркін өлең үлгілерін табамыз, [14. 210] деген пікірінің мәнді екендігіне дау жоқ.
Қазақ фольклорының белгілі жинаушысы Қыдырәлі Саттаров халқымыздың қызғылықты салты - жұмбақтың айтылу ғұрпынан хабар береді[15. 87-91].
Психолог-мамандардың жұмбаққа ден қоюы оны басқа қырынан тануға мүмкіндік ашқан [15. 28].
Ақын Мұзафар Әлімбаев пен сыншы Құлбек Ергөбековтің «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде жарық көрген (1987, №26) «Жүйрік ойдың жүлдесі» атты көлемді мақаласы қазіргі жұмбақ пен бұрынғы фольклорлық дәстүрдің сабақтастығынан ой өрбітеді. Авторлар әуелі жұмбақтың ерекшелігіне, зерттелу тарихына, туысқан халықтар мұраларымен үндес жақтарына, «Кодекс куманистегі» үлгілеріне тоқтала келіп: «Орыс жұмбақтарының өлеңдік құрылысы соңғы жылдары арнайы зерттеу нысанасына айналып отыр. Біздіңше, жұмбақтың поэтикалық зандылығына көп уақыт зер салынбаған, себебі сол мақал, мәтел, жұмбақты поэзия деп танымау. Шындығында ауыз әдебиетінің шағын формалы жанрлары мақал-мәтел де, жұмбақ та өлең», «жұмбақтың поэтикалық заңдылығын, өлсң құрылымын» арнайы тексеру керек деген ой түйеді.
М.Әлімбаев пен Қ.Ергөбеков қазіргі ақындардың жұмбақтарына шолу жасай келе, ауыз әдебиеті тәжірибелерінен өнеге, тәлім алу керек деп қорытындыласа, Ш.Ахметов пен К.Ісләмжанұлы жұмбақтың балалар өмірінде үлкен орын алатындығына, оның тәрбиелік жөне танымдық мәніне назар аударған [16, 30].
Н.Оңғарбаева «Қазақ жұмбақтарының тілі» (А.,1997) атты филология ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін жазған диссертациясында жұмбақты төрт негізден: жұмбақ объектісі, жұмбақ баламасы, жұмбақ тексі, жұмбақ мотивінен тұрады деген түйін жасап, нақты талдаулар жасаған.
"Міне, осы төрт негізге сүйенгенде ғана жұмбақ жұмбақ бола алады,— деп тұжырымдайды Н.Оңғарбаева, - олар өзара тығыз байланысты және бірінен-бірі туындап отырады: жұмбақ түзуші, ең алдымен, жұмбақтың объектісін таңдауы керек, одан соң ол объект - атаудың мән-мағынасын басқаша айтып түсіндіретін, оған орынбасарлық жасайтындай сөз, сөз тіркесі не тұтас сөйлем түріндегі балама сайлау қажет. Бұл түгел «бас қосып жұмбақ тексін кұрайды» [Сонда, 66- б.]
Ол қазақ жұмбактарын былайша жіктейді:
1. Қара сөз түріндегі жұмбақтар:
ҚСТ ертегі жұмбақтар,
ҚСТ сюжетті жұмбақтар,
ҚСТ сұрақ-жауап жұмбақтар,
ҚСТ есеп жұмбақтар,
ҚСТ әзіл-ойын жұмбақтар,
ҚСТ ең қысқа жұмбақтар.
Халық жұмбақтары,
Авторы белгілі жұмбақтар.
2. Өлең (сөз) түріндегі жұмбақтар:
Өлең түріндегі жұмбақтар,
ӨТ айтыс жұмбақтар,
ӨТ сұрақ-жауап жұмбақтар,
ӨТ есеп-шешім жұмбақтар.
3. Сөз жұмбақтар:
Сөз жұмбақ,
Ұқсас сөздер жұмбағы,
Ұйқас сөздер жұмбағы
Метаграммалар,
Шарадалар.
Зерттеушілер жұмбаққа қатысты әр түрлі терминдерді көлденең
тартады. Қытайдағы қазақ фольклорын тексерген Дәлелбек
Қиянатұлы «Жұмбақ анықтамасы мен түрлері туралы» атты
мақаласында жұмбақ екі бөліктен тұрады дей келе, теңеулік және
түбірлік деген терминдерді қолданған 17, 9-87]. Бұл тұста
автор айтып отырған теңеулік-тұспал мәтін, түбірлік деп отырғаны
- байламы, яғни шешімі.
Жұмбақтың адам бойындағы әсемдік сезімін ұштайтынына тоқтала келіп, Ш.Әлібеков қызғылықты пікір айтады:
«Жұмбақтарды оқып отырғанда халық тұрмысы, эстетикасы, өмір тынысы көзге елестейді. Жұмбақтар кішкене құбылыстарды суреттегенімен, өмірдің үлкен шатқалаңдарын, қоғам бейнесін, адам тұрмысын көрсете біледі. Заман көрінісін, мәдениетін танумен бірге, әсемдік жайлы ойлары мен көзқарасын білдіреді. Жұмбақтар адам бақытын, өмір көркін, сәнді тұрмысты, астарлы, ойлы, нақышты сөзбен суреттсп көпшілікті желпіндіріп отырады» [18. 70].
Қазақ жұмбақтары 1934 жылы баспаға әзірленгенмен сол кездс жарыққа шықпаған. Кітапқа алғы сөзді белгілі қаламгер Зейін Шашкин жазған. Кітаптың латын әрпіндегі қолжазбасы Ғылым Академиясының ғылыми кітапханасының қолжазба қорында тұр.
1940 жылы көрнекті тілтанушы ғалым Сәрсен Аманжоловтың құрастыруымен қазақ жұмбақтары кітап болып басылып шықты. [19]. Бұл кітапқа 818 жұмбақ топтастырылып, олар мазмұнына сәйкес жиырма тақырыпқа жіктелген, нөмірленген. Кейін айтылмыш, басылым толықтырылып, екінші рет баспа бетін көрді[19]. Бұл кітаптағы жұмбақ саны - 929. Кітапта халқымыздың бұрыннан келе жатқан дәстүрлі мұраларымен бірге жаңа өмірді сипаттайтын, ғылым мен техниканы бейнелейтін алуан тақырыптағы жұмбақтар қамтылған.
1940 жылғы жинақтағы жұмбақтар төмендегіше топтастырылып берілген:
I бөлім. Аспан туралы, жер жайында, хайуандар мен жәндіктер,
құстар хақында, егіс және өсімдікке қатысты.
II бөлім. Адам және оның мүшелері туралы. Тамақ және ішімдік
жайында. Киім-кешек жайында. Үй-қыстақ турасында. От жағу,
жарық қылу жайында. Ыдыс-аяқ, қол ісі, үй жабдықтары және керек-жарақ, қатынас, жүріс-тұрыс, оқу-білім, техника және ақша,
ойын-сауық, ән-күй туралы, уақыт туралы, жұмбақ айтыстар.
Бүгінгі таңда жұмбақтардың жариялану жайын сөз еткенде қазақ жұмбақтарын жинап-жариялауда «балдырған» журналының елеулі қызмет атқарғанын бөліп көрсету абзал. Журнал алғашқы шыққан күнінен бастап, халық ауыз әдебиеті үлгілерінің тәлімгерлік уытын байқағандықтан да беттерінен тұрақты орын беріп отырады. Редакция бұрыннан мәлім фольклорлық мұраларды ұсынуға қанағат тұтып қоймай, басқа жұрттардың фольклорлық ертегі, санамақ, балалар ойыны тәрізді қазыналарын аударып бастырумен шұғылданады. «Балдырған» ел ішіндегі фольклорлық жауһарларды ескеріп, жинауға қозғау салды. Журналдың мұндай жинаушылық шаруаға ат салысуы күн санап ұмытылып бара жатқан қастерлі мұраларымызды тез арада хатқа түсіруге көпшілікті тартудың, араластырудың қажеттілігін сезінгендіктен.
1971 жылғы 2-санында балаларды ел ішіндегі тың мақал-мәтел, жұмбақтарды өздеріне жіберуді сұраса, 1973 жылғы 1-санында: «1971 жылдан бері біздің журналдың тапсырмасы бойынша оқырмандар көптеген жұмбақ пен мақал-мәтелдерді жинап, редакцияға жіберді. Журнал алқасы халық ауыз әдебиетінің қазынасын жинауға қатысқан кішкентай оқырмандарға алғыс айтып:
«Балалар! Алдағы уақытта да жаңылтпаш, жұмбақ, мақал-мәтел, аңыз-ертегі, күлдіргі әңгімелер, әзіл-оспақтар жинап жіберіңдер.
Төменде редакцияға келген хаттардан бірнеше жұмбақтар жариялап отырмыз», - деп жазады.
Журналдың жұмбақтарды жинаған оқушыньң аты-жөні, мекен-жайымен қоса жариялауы жас өспірімдерді ынталандырып, ортақ іскс араласуына жұмылдырған. Ертегі, жұмбақ тәрізді мұралардың соны үлгілері журналдың тартымдылығын арттырып, ажарландыра, әрлсндірс түсуіне септескен.
Соңғы кезде әр түрлі газет-журнал беттеріндс жарияланып жатқан жұмбақтар да қыруар. Әсіресе, мұндай қазыналар «Қазақстан пионері» (қазіргі «Үлан»), «Мәдениет және тұрмыс» («Парасат»), «Қазақстан әйелдері», «Ана тіл» басылымдарда үздіксіз көрінуде. Алайда газет-журнал беттерінде оқырманға жол тартқандардың бәрі бірдей халықтың дәстүрлі мұралары емес, олардың ішінде авторлық дүниеліктер де аз кездеспейді. Кейде авторлы жұмбақ пен халық жұмбақтарының аражігін ажыратып алу да оңайға соқпайды. 1972 жылы «Жазушы» баспасынан басылған «Жұмбақтар» атты кітапшаға М.Әлімбаев, Қ.Ыдырысов, Қ.Мырзалиев бастаған 10 ақынның туындылары енсе, «Жеті жүз жұмбақ» (Жалын,1985) атты жинаққа негізінен авторлы жұмбақтар кірген. «Жеті жүз жұмбақ» (құрастырған Әдібай Табылдиев) топтамасынан 120 халық жұмбағын, Сапарғали мен Нұржан, Әсет псн Ырысжан, Қожахмет пен Кердері Әбубәкірдің арасындағы жұмбақтарды, Абай, Сұлтанмахмұт, Шораяқтың Омары, Қалибек Қуанышбаевтың жұмбақтарын оқуға болады. Кітапта қазіргі ксзеңнің 51 ақынының жұмбақтары бар. Олардың ішінде Мүзафар Әлімбаев, Әбдікәрім Ахметов, Қабдыкәрім Ыдырысов, Жақан Смақов іспеттес танымал қаламгерлермен қатар Ақылбек Шаяхметов, Көмек Ыбыраев, Шарифолла Саниев сықылды аты беймәлімдеу авторларды жолықтырамыз. Кітап балаларға бағышталғандықтан бұған кірген мұраларымыз солардың талап-талғамына, қабылдауына сәйкес іріктелген.
Достарыңызбен бөлісу: |