І тарау. Жас ұрпақҚА Ұлттық ТӘрбие берудің Әдіснамалық негіздері 1 Ұлттық тәрбиенің көздері



бет10/35
Дата19.05.2022
өлшемі417.2 Kb.
#457849
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   35
І тарау. Жас рпа А лтты Т рбие беруді діснамалы негіздері

философиялық сөздікте, құндылық адам мен қоғам үшін жағымды және жағымсыз мәні (қоғамдық өмір мен табиғат құбылыстарындағы жақсылық пен жамандық, мейірім мен опасыздық, көркемдік пен ұсқынсыздық, т.б) айқындалатын қоршаған әлем обьектілерінің өзіндік әлеуметтік айқындаушысы;

  • психологиялық сөздікте құндылық қоғам үшін әлеуметтік-тарихи маңызы бар, «жеке адам» өмірінің болмысын анықтайтын құбылыс; қоғамдағы моралдық қарым-қатынас;

  • педагогикалық сөздікте құндылық адамның ішкі құқы, ізгілігі, адамдармен қарым-қатынасы, іс-әрекет кезіндегі көрсетілетін қайырымдылығы, тұрақтылығы, мейірімділік тәрбиесі ретінде анықталады.

  • Қазақ Совет энциклопедиясында құндылық объектінің жағымды немесе жағымсыз жақтарын білдіретін, объектінің адам үшін қаншалықты маңыздылығын анықтайтын философиялық-социологиялық ұғым;

  • философиялық энциклопедияда құндылық белгілі бір ақиқат құбылысының адамға, әлеуметке және мәдениетке маңызын көрсету үшін қолданылатын ұғым деп айқындалады.

  • философияда құндылық тұлға үшін маңызды, пайдалы, өзін-өзі жетілдіруге және адамзат қоғамының дамуына септігі бар адамның шынайылыққа деген қатынасының мәнін білдірсе;

  • психологияда құндылық қоғамдағы моральдық қатынастардың формасы ретінде: біріншіден, жеке тұлғаның (немесе әлеуметік топтың, ұжымның) адамгершілік мәні, абыройы және қоғамдық институттардың (отбасы, білім беру мекемелері, қоғамдық ұйымдар және т.б.) адамгершілік сипаттары; екіншіден, моральдық санаға қатысты көзқарастар ретінде моральдық нормалар, принциптер, жақсылық пен жамандық, адалдық, бақыт туралы түсініктер;

  • педагогикада құндылық - педагогикалық іс-әрекеттің өзіндік ерекшеліктерімен, тұлғаны қалыптастырушылық сипатымен және әлеуметтік мәнімен анықталады;

  • философиялық, психологиялық және әлеуметтік ғылыми еңбектерде құндылық «адамдардың сұранысы, қызығушылығы мен мақсаты тұрғысынан пайдалы, қажетті және жағымды, ұнамды болып табылатын құбылыстар немесе құбылыстардың қасиеті» (В.П.Тугаринов); «құндылықтар жүйесі – нақты-тарихи өмір тіршілігінің ортақтық мәнін айқындайтын іс-әрекеттер жүйесі мен қоғамдық қатынастардың заттық тұрғыдан іске асуы» (Д.А.Леонтьев); «кез-келген пайда-мүддеге, тілек-ықыласқа, талапқа жауап беретін заттар, ол адам мақсатына орай көрініс береді, сонда нормалар да оған сай жүзеге асады» (Л.И.Иванько); «белгілі бір зат, құбылыс немесе оның құрылысы емес, ол адам ойлауының ерекше түрі, жаманнан жақсыны айырып, сол жақсыға деген ұмтылысы» (Б.Кузнецов); «құндылық қажеттілік пен сұраныстар немесе мұқтаждықпен астасатын, негізінен адам мүдделерінен туындайтын құбылыс» (Л.А.Харисова) және т.б. мағынада сипатталады. Сондай-ақ философтар Г.Лотце мен Г.Коген құндылық ұғымына тұңғыш анықтама берсе, У.Томас пен Ф.Знацкий әлеуметтік тұрғыдан «құндылық» терминін теориялық категория ретінде еңбектерінде қолданған. Бұл түсіндірулер «құндылықтың» біздің санамыздан тыс табиғи жолмен пайда болған немесе адам жасаған, әр түрлі жағдайда қажетті мәдениеттің заттық әлеміне жататын нәрсе екендігін анықтай түседі.

    Сонымен құндылық ақиқат шындықтың ерекше бір түрі. Ол өздігінен пайда болмайды, бірақ адаммен ғана емес, әлемнің барлық объектісімен тығыз байланысты. Демек адам үшін белгілі бір мәні, тұлғалық және қоғамдық мағынасы бардың бәрі құндылық болып табылады. Адамдар қоршаған заттарға, құбылыстарға, үрдістерге, басқа адамдарға және өзіне жай қарамаған, оны шындық пен жалған, жақсылық пен жамандық, көркемдік пен ұсқынсыздық, мейірімділік пен зұлымдық, әділеттілік пен әділетсіздік және т.б. тұрғылардан бағалап отырған. Бұл адамзаттың әлемге қатынасының және оған деген көзқарасының ерекшелігі болып есептеледі.
    Әлем құндылықтарға толы, атап айтқанда, материалдық (заттар, ақша, үй, т.б.); көркем-шығармашылық (өнер туындысы, әдебиеттер, т.б.); табиғи (күннің шығуы мен батуы, теңіз, мұхит, ландшафт, гүлдер, т.б.); адамға ғана тән (қуаныш, әсемдік, жағымды қылық, батырлық, т.б.). Осылардың ішінде әлемнің әсемдігін, табиғатты, адамның іс-әрекетінің нәтижесін өзінің қабілетімен өзгертетін адам ғана бағалайды, бағалаудың өзі адамның ақыл-ойының нәтижесі.
    Демек құндылық тұлғаның еркін ойлауына мүмкіндік бере отырып, оның сана-сезімін қалыптастыруға, жүйелеуге ынталандырады. Тұлғаның іс-әрекетінің табысты болуы олардың мәдениетіне тікелей байланысты, себебі, мәдени білімдер оның құндылық бағдарының негізін құрайды. Адам тұлғасының қалыптасуы, оның мәдениеті бала кезінен, білім алу, тәрбие алу мекемелерінен басталатыны белгілі.
    Құндылық қозғаушы күш ретінде әлеуметтік тәртіпті, мінез-құлықты реттейді. Оның мотивациялық әсері нақты бір жағдаятпен немесе тұлғаның белсенділігінің түрімен шектелмейді, ол тұтас тіршілігіне қатысты, іс-әрекетін қоғамға бағыттайды, белсендендіреді, іс-әрекет тәсілін таңдау өлшемі ретінде қатысады, шешім қабылдаудың негізі болып саналады.
    Антикалық заманнан негіз алған «құндылық» мәселесі XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап ғылым ретінде қалыптасты. Адам құндылығының өзегін құрайтын және оны зерттейтін саланы аксиология деп атайды. Аксиология (грек тілінің «axia» - «құндылық», логос – ілім, ғылым) құндылықтардың табиғаты жайлы, дүниедегі құндылықтар жүйесі туралы философиялық ілім.Аксиология жеке ілім ретінде дараланғанмен, адамзат баласы алдында «құндылықтар деген не?» мәселе тарихтың терең қойнауларынан бері қойылып келеді. Аксиологияның ғылым ретінде қалыптасуына үлес қосқан философтар (Г.Гегель, И.Кант, Ф.Ницше, Э.Кассирер, т.б.) жалпыадамзаттық құндылық арқылы адамның алдына қойған мақсатқа жету жолында өмір сүру негізін құрайтын «мәнділік», «еркіндік», «игілік», «жақсылық» сияқты құндылықтарға ұмтылуы қажет екендігін атап көрсетті.
    Қазіргі аксиология құндылықтарды зерттеуде айтарлықтай жетістіктерге жетті. Әйтсе де өз кезегін күтіп тұрған мәселелер де жоқ емес. Солардың бірі – құндылықтардың жалпыадамзаттық (әлемдік), ұлттық және жеке тұлғалық болып жүйеленетіндігі туралы мәселе.
    Философиялық әдебиеттерде құндылықтарды әртүрлі тәсілдермен жіктейді. Мысалы, мақсат құндылықтар - адам өмірі, ақиқат, еркіндік, әсемдік, әділдік, жақсылық; құрал құндылықтар - тарихи үдерістің, мәдени кеңістіктің қоғам алдына қойған мәселелерімен байланыста көрініс беретін әлеуметтік, саяси, экономикалық құбылыстар.
    Әлемдік ғалымдар құндылықтың негізгі типологиясын төмендегідей бөліп көрсетеді:

    • әлеуметтік, мәдени, тұлғалық - биологиялық құндылықтар (С.Пеппер);

    • адамның әр түрлі қажеттіліктері мен мүдделері және қалауларынан туындайтын құндылықтар (М.Рокич);

    • терминалды (адамның жеке басына, әр түрлі топтарға байланысты) және инструменталды (оның негізін моральдық құндылықтар құрайды, қоғамда реттеуші, тәрбиелеуші функциялар атқарады) құндылықтар (Р.Вильямс) және т.б.

    Құндылықтар иерархиясын құрудың да әр түрлі нұсқалары бар:

    • төменгі құндылықтар - адамның қажеттіліктері үшін материалдық игіліктерді жүзеге асырудың амал-тәсілдері және материалдық және рухани құндылықтар, өзекті және әлеуетті құндылықтар (В.Момов);

    • жоғарғы құндылықтар -адамның мәнді, маңызды қажеттіліктеріне жауап беретін, бірін-бірі толықтыратын өзара тең бағаға ие болатын, адам мен адамзат игіліктері үшін жасалатын құндылықтар. Жоғары құндылықтар иерархиясы: Адам, Өмір, Табиғат, Қоғам, Жақсылық, Ақиқат, Сұлулық, Еңбек, Таным, Қарым-қатынас, Ойын, Еркіндік, Бақыт, Ар-ұят, Теңдік, Әділеттілік, Бауырластық (Н.Е.Щуркова);

    • жалпыадамзаттық құндылықтар - өмір құндылықтары (өмір, денсаулық, өмір қуанышы, адамдармен қарым-қатынас, т.б.); материалдық құндылықтар (техника, тұрғын үй, тамақ, киім, т.б.); әлеуметтік-саяси құндылықтар (шыншылдық, бейбітшілік, қоршаған әлем, қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, адамгершілік, т.б.); рухани құндылықтар (білім, ғылым, өнер) және т.б. Жалпыадамзаттық құндылықтар иерархиясы - Адам, Еңбек, Білім, Отбасы, Ұлт, Бейбітшілік, Жер, Отан, Мәдениет (Р.К.Төлеубекова);

    • қазіргі заманғы дәстүрлі құндылықтар (қоғамның типі - modernity, тұлғаның, индивидтің басымдылығы, олардың рационалды мақсаттарына жетуге талпынысы);

    • жоғары сапа деңгейіндегі XXI ғасырдағы немесе әлемдік жүйедегіқұндылықтар – адам құқықтары, демократия, азаматтық қоғам, өркениет, әлемдік мәдениет және т.б.

    Құндылықтар адамның өмір тіршілігінің барлық саласындағы мінез-құлқына әсер ететіндіктен, нақты заттық мазмұн тұрғысынан алғанда, әлеуметтік, экономикалық, саяси, рухани, материалдық, өмірлік, базалық және т.б. болып та жіктеледі:

    • базалық құндылықтар - адам санасының негізін құрайды және өмірдің әр түрлі саласындағы іс-қылықтарына ықпал етеді (Н.И.Лапин);

    • өмірлік, саяси, моральдық, діни, эстетикалық құндылықтар (Б.С.Ерасов);

    • әлеуметтік тіршілік үдерісіндегі тұлғаның ең тұрақты және жинақталған («өзекті») құндылықтар жүйесі; тұлғаның әлеуметтік іс-әрекет саласындағы қоршаған әлемге және өзіне қатынасы бойынша құндылықтар жүйесі; белгілі бір типтік жағдайда іске асатын жеке әрекеттегі құндылықтар жүйесі (А.И.Донцов);

    • құндылық объект немесе объектінің атрибуты ретінде қатыса алады, кез келген объект өзінің пайдалылығы (экономикалық, утилитарлық көзқарас тұрғысынан) жағынан немесе ерекше мәртебеге (статусқа) ие объект құндылық болып табылады; жеке және жалпы құндылық болады; құндылықты жеке формада тану тұлға санасының құрылымы немесе мотивациясы болып табылады (Д.А.Леонтьев).

    Сонымен бірге бұл құндылықтар атқаратын қызметіне, басқа да ерекшеліктеріне қарай іштей жіктеледі:

    • Өмірлік (витальдық) құндылықтар: өмір, денсаулық, тән, қауіпсіздік, жақсы тұрмыс, адамның физикалық хал-ахуалы (тоқтық, тыныштық, сергектік), күш-қуат, қоршаған орта саулығы (экологиялық құндылықтар, іскерлік, тұтыну сапасы, комфорт, т.б).

    • Әлеуметтік құндылықтар: статус, әлеуметтік бедел, еңбек, байлық, кәсіп, отбасы, патриотизм, ұлтжандылық, келісімділік, тәртіп, кәсіпқойлық, әлеуметтік теңдік, жыныс теңдігі, бейбітшілік, белсенділік, т.б.

    • Саяси құндылықтар: сөз еркіндігі, азаматтық ерік-жігер, азаматтық келісім, заңдылық, жақсы билеуші, Ата заң, т.б.

    • Моралдық құндылықтар: жақсылық, игілік, махаббат, борыш, намыс, шыншылдық, әділеттілік, ақниеттілік, парасаттылық, рақымдылық, мейірімділік, үлкенге ізеттілік, жастарға ілтипаттылық, ар-ұят, бақыт , т.б.

    • Діни құндылықтар:алла тағала (құдай), діни заң, сенім, құтқару, тозақ, жұмақ, алланың сөзі, пайғамбар, періште, әулие, т.б.

    • Эстетикалық құндылықтар: әсемдік, әдемілік, мұрат, стиль, үйлесімділік, жаңашылдық, элитарлық мәдениет, т.б.

    Жоғарыда сараланған құндылықтар қоғамдық өмірдің басты салаларына қатысты жіктелген. Құндылық типтерін анықтағанда, оның құрылымдық-функционалдық элементтері мен бөліктері де ашып көрсетіледі: рационалдық-пайымдаушы деңгейдегі вербальды жария құндылықтар: идеологиялық, теориялық, таратушылық (ретрансляциялық), бұқаралық ақпарат құралдарындағы танымдық-ақпараттық бөлік деп те атауға болады; сезімдік-тылсымдық бөлік адамның виртуалды әлемінен бастау алады, белсенділікке итермелейді, адамдық талап-мұқтаждар мен мотивтердің негізі болып табылады, мүдделі, тартымды, күш-қуат бастаулары осылардан нәр алады; баға беру бөлігі, адам дүниеге тек танушы субьект ретінде қарамай, оған әр уақытта өз мүдделері тұрғысынан баға беріп отырады. Әрбір баға субъектінің тек әлеуметтік жағдайынан ғана туындамай, оған бағалаушы адамның дүниетанымы, ұстанымдары, қабілеттері, маңайындағы әріптестері, достары, қабылдаған сенім-нанымдары, рәміздері, т.б. үлкен әсер етеді.
    Сондықтан студент жастардың құндылықтар жүйесі арқылы ақпаратты қабылдауы және қайтадан өңдеуі, қоршаған ақиқат шындықты бағалау өлшемі әрекет тәсілдерін таңдауға негіз болады. Сонымен ғалымдар пікірлеріне сүйене отырып, адам өмірінің төмендегідей құндылық стилдерін ерекше атап көрсетуге болады: келісімді, үйлесімді өмір стилі; мақсатшыл өмір стилі; тұрақты, бірқалыпты стиль; іскер, жасампаздық стиль; пайдаланушы, енжар, тұтынушы стиль.
    Құндылық адам өмірінің бағыт-бағдарын айқындайтын рухани күш, көпшілік мақұлдайтын және ортақтасатын жақсылық, әділетттілік, патриотизм деп бағалайтын жеке тұлға үшін қоғамдық-мәнді әлеуметтік бірлік, қоғам, тұтас материалдық, әлеуметтік объектілер. Адамның құндылығының мәні жинақтаған өмірлік иәжірибесіне байланысты. Құндылық құрылымының бұл компоненті адамның түсінігі мен сезімі бойынша өсіп отыратын сананың өмірлік мәселелерді шешуін көрсетеді.
    Сондықтан құндылық жеке тұлға құрылымының өзегі, оның бағыт-бағдарын анықтау және әлеуметтік мінез-құлқын реттеу деңгейі. Кез келген индивид, топ, ұжым, этнос және т.б. үшін өмірлік маңызы жоғары материалдық немесе рухани нысандар құндылық болып саналатыны белгілі. Әрине, әр ұлт үшін тілі, ұлттық мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ұлт тарихы және т.б. құнды болып саналады.
    Жер бетіндегі әр ұлттың мақсаты - өз ұрпағының бойына адамдық қасиет, ұлттық рух пен мәдениеттің күш-қуатын қалыптастыру, ұлтының болмысын, оның өмір сүру тәсілі мен тәжірибесін, тәрбие ықпалының жолы мен бағытын кеңірек түсіндіре білу.
    Ұлттық құндылықтарды сақтау, оны әлемдік жетістіктермен ұштастыру арқылы білім беру саясатының ұлттық-руханият дамуына, білім жүйесінің жетілуіне, қоғамда өзіне лайық орын алатын білімді болашақты тәрбиелеуге, озық қоғам құруға қол жеткізуге болады.
    Ұлттық құндылық ең алдымен, белгілі бір ұлттың өкіліне сүйіспеншілікпен қарау, оның ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жалғасып келе жатқан құндылықтарын бойына сіңіру.Әрбір азамат өз ұлтының наным-сенімдерін, саяси көзқарастары мен ұстанған бағыт-бағдарын, ерекшеліктерін танып білуі керек. Ұлттың салт-дәстүріне құрметпен қарау, оның тілі мен ділін, дінін сыйлау, жетістіктеріне шаттану – ұлттың әрбір өкілінің азаматтық борышы. Ұлттық құндылықтар негізінде болашақ ұрпақты парасатты, білімді, мәдениетті, дүниетанымдары жалпыадамзаттық деңгейде дамыған азаматтар ретінде қалыптастыруға болады. Әр елде өзінің ұлттық мәдениеті негізінде қазіргі дүниежүзілік мәдениетке деген көзқарасы қалыптасады.
    Демек ұлттық құндылық белгілі бір ұлтқа тән, адам болмысы мен қарым-қатынасындағы адами құндылықтың жетілген бейнесі; жеке адамның адамгершілік қасиеті, оның абыройы, әділдігі, бақыты; моралдық сана, норма, мүдде, қағида, мұрат пен мақсат. Өйткені, қай кезде де адам өмір сүретін ортада әрекет етсе, өз қажеттілігін өтеу үшін алдына мүдде мен мақсат қойып, мұратына жетуге ұмтылыс жасайды. Ал, мұратқа жетуде білім, ақыл-ой, шеберлік, толеранттық, яғни рухани құндылық негіздері ерекше орын алады. Адам мақсат-мұратсыз өмір сүре алмайды, олар ең керекті құндылықтар: адамшылыққа жеткізетін қасиеттер - ар-ұят, ізгілік, мейірімділік, қанағат, әділдік, қарапайымдылық және т.б. Сонымен құндылық адам ойының қандай да бір жоғары түрі, яғни адамның ұнатқан игіліктері мен оларға қол жеткізу тәсілдері туралы қорытындыланған белгілі көзқарастары, сыннан өткен пікірлері, орнықты ойлары, интеллектісі, әлеуметтік тәжірибесі. Құндылық салт-дәстүр немесе нормалардың жиынтығы арқылы да қалыптасады.
    Құндылықтар жүйесі белгілі бір әлеуметтік-этникалық қауымдастықта қалыптасып, дамитын болғандықтан, оның мәдени, ділдік, идеялық, мақсат-мұрат бағдарының маңыздылығы аса зор. Ұлттық құндылықтардың ішінде, тіл, діл, дәстүр, Отан, тарих, мәдениет өзіндікерекшілігімен сипатталады. Осы тұрғыдан ұлттық тіл, ұлттық әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер, ауызекі халық шығармашылығы, ұлттық тарих, ұлттық сәндік-қолданбалы өнер, ұлттық ойындар және т.б. ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың құралдары болып саналады.
    Ұлттық құндылықтарды меңгеру негізінде жалпыадамзаттық құндылықтарға деген көзқарастар қалыптасады. Қоғамдағы азаматтық, гуманистік жалпыадамзаттық құндылықтардың толық орнығуы тұлғаны қалыптастыруда ұлттық құндылықтарды түсіне білуіне, оны тануға және құрметтеуге алып келеді.
    Жалпыадамзаттық құндылықтар – бұл әртүрлi халықтардың, әртүрлi дiндердiң, әртүрлi кезеңдердiң рухани мақсатын жақындастырады. Олар сол себептi де жалпыадамзаттық деп аталып, ХХ ғасырдың аяғында адам құқығы жайлы Бiрiккен ұлттар ұйымының (ООН-БҰҰ) құжатында көрiнiс тапты. Жалпыадамзаттық құндылықтар қатарына қай елдегі, қай жердегі болмасын адамдарға құнды нысандар да жатады: адамның бас бостандығы, еркіндігі, денсаулығы, адамгершілігі, білімі, адам бақыты, ынтымақтастық, белсенділік, бейбітшілік және т.б.
    Әлеуметтік психологияда «құндылық» ұғымымен бірге «құндылық бағдар», «құндылық қарым-қатынас» ұғымдары да қолданылады. Бұл ұғымдар субъектінің материалдық немесе идеалдық объектімен байланысын, оған бағыттылығын және ол туралы ішкі әлеміндегі түсінігін белгілейді.
    Тұлғаның құндылық бағдары ұғымы философ, социолог, психолог ғалымдар еңбектерінде жеткілікті зерттелген:

    • құндылық бағдар - жеке тұлғаның өмірдегі тәжірибесінен жинақтаған ішкі жан дүниесінің маңызды элементі, адамның саяси, философиялық, адамгершілік сенімі мен құштарлығы, мінез-құлықтың адамгершілік қағидалары (философиялық сөздік);

    • құндылық бағдар адамның жетілгенін, кемеліне келгенін сипаттайды және оның төзімділігі мен тұрақтылығын (толеранттылығын) қамтамасыз етеді (А.Г.Здравомыслов, В.А.Ядов);

    • құндылық бағдар жеке тұлғаның рухани дамуының орталығы, оның қоғамға, белгілі бір топқа, еңбекке, өзіне деген саналы қатынасы (В.Н.Мясищев).

    Демек құндылық бағдар адамның әлеуметтік бағыттылығы, әлеуметтік құндылықтарға деген субъективтік қатынасы. Құндылық бағдардыңтабиғаты бір мезгілде әлеуметтік және жеке болып табылады. Олардың әлеуметтік болу себебі, қоғамдық тәрбие, жедел даму, т.б. қоғамдық жүйелердің жағдайына негізделген құндылықтар бағдарының жиынтығы, берілген қоғам мүшесіне тән әлеуметтік мінезге ие. Сонымен қатар жеке, себебі ол адамның өмірлік қайталанбас тәжірибесі, оның қажеттіліктері мен қызығушылықтарының өзіндік ерекшеліктері (И.Кон).
    С.Л.Рубинштейн құндылық бағдардың әлеуметтік-психологиялық негізін адам өміріндегі жағдай, мән, мағына мәселелері тұрғысынан зерттей отырып, «адамның қоршаған әлемге деген қатынасы, сол адамның қажетті заттар мен құбылысты, құндылықты жеке бөліп қарауында, ішкі жағдайда болған өзгерістердің нәтижесінде белгілі бір құндылықтар өзекті, негізгі қажеттіліктерге айналады» - деп есептейді. Ол адамның мінез-құлқын ретке келтіретін құндылықтардың қызметін ерекше атап көрсетті. Мұнда құндылық пен құндылық бағдар ұғымы бір-бірінен ажыратылады. Құндылықтың әлеуметтік анықтамасы оны эталон (нақты номалар мен стандарттар) немесе идеал (бағытты сипаттайтын вектор, бірақ әрекеттің нақты мақсаты емес) ретінде түсіндіруді қажет етеді.
    Сонымен тұлғаның құндылық бағдары күрделі әрі көпдеңгейлі иерархиялық жүйеге ие. Ол адамның белсенділігін реттейді, өмірлік мақсаттарының ішкі көзі болып саналады. Және тұлғаның адамгершілік сана құрылымының бірлігін қамтамасыз етіп, оның қағидалары мен нормалары жиынтығының бағыттылығын көрсетеді әрі нақтылайды. Сондықтан жоғары оқу орнында ұлттық құндылықтарға бағдарланған тұлға болмысын қалыптастыруда құндылық бағдар студенттің қоршаған әлемді, оның бұрынғысын, кешегісін, бүгінгісін, өзіндік «Мен»-ін түсіну формасын анықтайды.
    Осыдан құндылық бағдар бір жағынан, ақиқат шындық факторына тұлғаның қарым-қатынасын, екіншіден, мінез-құлқының барлық кезеңінде басқаратын ұстанымдар жүйесін қалыптастырады. Құндылық бағдар тұлға үшін материалды және рухани мәдениетті меңгеруге мүмкіндік береді. Ол тұлға құрылымының маңызды компоненті ретінде оның дамуында жинақталған өмірлік тәжірибені жүзеге асырады. Құндылық бағдар психологиялық феномен ретінде әртүрлі компоненттерді белгілі бір жүйеге байланыстырады. Оның психологиялық табиғатын қажеттіліктер, қызығушылықтар, мотивтер және жеке тұлғаның бағыттылығы арасындағы байланыс пен қатынас тұрғысында қарастырған жөн. Әлеуметтік өзгерістерге байланысты қоғамның да, жеке тұлғаның да құндылық бағдары өзгеріп отырады. Бірақ ғасырлар бойы адамзаттың дамуына бағдар беріп келе жатқан гуманизм, адалдық, адами борыш, парыз, табиғатты қорғау, сұлулық сезімдері сияқты мәңгілік құндылықтар тұлға мәдениетінің негізін қалайтын іргетасы болып қала бермек. Олай болса, ұлттық құндылықтардың мәні жеке тұлға ретінде студент іс-әрекетінің өзгешелігімен, әлеуметтік маңызымен анықталады. Сонымен құндылық бағдар өмір мұраттары мен дүниетанымдық алғышарт ретінде танылған құндылықтардың адам санасында бейнеленуі. Кез келген тұлғаның қалыптасқан тұрақты құндылық бағдарының жиынтығы оның қажеттіліктері мен мүдделері бағытында көрінетін мінез-құлық және ic-әрекет типтерінің өзара байланыста ұштасуын қамтамасыз етеді. Құндылық бағдар студент тұлғасы құрылымының жоғары деңгейі болып табылады, ол өзіне əлеуметтік бағдарларды енгізіп, айналадағы ақиқаттың əлеуметтік мағыналы құбылыстарына сəйкес əрекеттенуін білдіреді. Оның басты ерекшелігі тұлғаның мінез-құлқын реттеуге жəне іс-əрекеттің белгілі бір жағдайларында əлеуметтік белсенділігін жоғарлатуға қабілетті.
    Жалпы құндылық бағдарға қоршаған орта, адамның негізгі іс-əрекеті де үлкен əсерін тигізеді. Сондықтан құндылық бағдар біріншіден, адам белсенділігіне түрткі болатын реттеушілік; екіншіден, адамның өмірлік мақсаттарының ішкі қайнар көзі қызметтерін атқарады. Демек, құндылық бағдар студент жастардың өмір əрекеттерін, әлеуетін, ішкі мотивтері мен ұмтылыстарын толығымен ашу арқылы көрінетін өмірлік талпынысы. Ол адамның тұлғалық ерекшеліктеріне ғана емес, оның əлеуметтік жағдайларда өзін-өзі көрсетуі мен өзін-өзі анықтауы кезіндегі іс-əрекетін саналы ұйымдастыруына да ерекше əсер ететін құбылыс. Сонымен құндылық бағдар кез келген адамға өзінің өмір жолын анықтау үшін қажет. Қоғамның қарқынды даму жағдайындағы қазіргі өзгерістер, адамның жаңа әлеуметтік рөлге ие болуы білімді, мәдениеті жоғары, қоғамға еркін араласуға дайын, бәсекелестікке қабілетті тұлғаны тәрбиелеуді талап етіп отыр.
    Құндылық бағдар жүйесі тұлға бағытының мазмұндық жағын анықтайды және оның қоршаған әлемге, басқа адамдарға, өзіне қарым-қатынасының негізін, дүниетанымын және өмір сүру мотивациясының өзегін, өмірлік тұжырымын және «өмір философиясын» құрайды.
    Жеке тұлғаны құндылықтарға бағдарлау күрделі психикалық жаңа құрылым ретінде екі құрамды бөліктен тұрады:

    • бірінші құрамды бөлікке - қажеттілік жатады. Оның басты мәні тұлғаны өз өмірінің мақсаты мен оларды қанағаттандыру әрекетіне талаптанудан бастап өзін-өзі танып, мүмкіндіктеріне қарай өзін-өзі тәрбиелеу болып табылады. Іс-әрекет субъектінің өзін-өзі тәрбиелеуімен, өзін-өзі өзгертуімен, өзін-өзі дамытуымен сипатталатыны белгілі.Сондықтан іс-әрекет болашақ маманның өмір жолын анықтайды, белгілі бір мақсат көздеген іс-әрекет қоршаған ортада көрініс тауып, мінез-құлық үдерісіне айналады. Психика бір жағынан іс-әрекетті қалыптастырады, екінші жағынан реттейді. Іс-әрекет кезінде белгілі бір жағдайға (қажетсіну, алға қойған мақсатқа жетуге талаптану) байланысты мақсат көзделеді. Адам өз өмірінде әртүрлі жағдай ықпалымен іс-әрекетке араласады. Оны мынадай сызба арқылы көрсетуге болады: «қажеттілік – іс-әрекет – қажеттілік», «іс-әрекет – қажеттілік – іс-әрекет».

    • екінші құрамды бөлігі – жеке тұлғаның қасиеттерін бағалау. Ол белгілері оқуда және еңбекте, оқудан тыс әрекеттерде, шығармашылықта жетістіктерге жету арқылы құрылады. Сондықтан оқудағы, еңбектегі жетістіктерді талдаудың негізгі құралы ретінде ұлттық құндылықтарды құрметтеуі, жеке ойлау түсінігінің дамуы студенттің ұлттық сана-сезімінде тұрақты орын алып, жан-жақты қалыптасуына жағдай туғызады.

    Кез келген адам бойындағы адами қасиеттер - адамгершілік, жақсылық, батырлық, ерлік, қарапайымдылық, кішіпейілділік, әділдік, адалдық, шыншылдық, ұяттылық, әдептілік, имандылық, инабаттылық барлығы бірімен-бірі тығыз байланыста екендігін өмірлік тәжірибелер анықтап отыр. Сонымен құндылық бағдар қоғамдағы құндылықты қатынастардың аса маңызды элементтерінің бipi, стратегиялық өмір мұраттары мен жалпы дүниетанымдық алғы шарт ретінде танылған құндылықтардың адам санасында бейнеленуі. Құндылық бағдардың негізгі мазмұны - адамның саяси, дүниетанымдық, адамгершілік наным-сенімдері, терең әpi тұрақты бейімділіктері, іс-әрекеттері мен мінез-құлық ұстанымдары. Қалыптасқан тұрақты құндылық бағдарының жиынтығы тұлғаның тұрақтылығын, қажеттіліктері мен мүдделерін, ic-әрекет типтерін өзара байланыста қамтамасыз етеді.
    Студенттің құндылық бағдарын дамыту тұлға кемелінің белгісі, оның әлеуметтенуінің көрсеткіші, ұлттық санасының дамып, орнығуына себепші болады. Тұлғаның ұлттық санасының қалыптасуы, олардың қоғамға деген көзқарасы, зейіні мен ой-өpici құндылық бағдары арқылы анықталады. Оның құндылықтарды меңгеруге бағыттылығы күрделі әлеуметтік-психологиялық феномен, ол адамның тұлғалық ұстанымына, мінез-құлқына, іс-әрекетіне мән беретін әлемге қатынасын көрсетеді.
    Құндылық бағдар интегративті білім, тұлғаның тұтастығын, оның бағыттылығын, құндылықтарға қатынасын, өзінің санасында қазіргі және болашақтағы мінез-құлқын, қажеттіліктерін сипаттайды. Оның қалыптасу деңгейі көптеген факторларға, әсіресе негативті әсер ететін факторға қарсы механизмдерді атқаруға байланысты болады. Студенттің бұл әрекеттері ұлттық құндылықтарға бейімделген стратегиялық, тактикалық, операциялық әдістердің тұтас жүйесін құрайды. Осының барлығы құндылықты оның пайда болуының үш формасының бірлігінде (құндылықтардың үнемі бір-біріне өтіп отыруы, яғни трансформациясы) қарастырылады:
    Қоғамдық идеалдар - бұл құндылықтың бастапқы формасы, әрбір құндылық қандай да бір әлеуметтік қауымдастықта пайда болады. Әлеуметтік құндылық топтың немесе қауымның ұжымдық тәжірибесін идеал формасында, яғни әлеуметтік белсенділік саласындағы жетістік ретінде қабылдайды.
    Нақты заттық құндылықтар - адамның тікелей іс-әрекеті, сондықтан тұлғаның мотивациясының құрылымында бар екені мойындалады.
    Тұлғалық құндылықтар - қоғамдық идеалдар абстрактылы түрде алынған жоқ, ол нақты адамдардың іс-әрекеті мен шығармашылығында нақты түрде іске асырылу нәтижесінде қалыптасты. Тұлғаның құндылығы ол аса маңызды болып табылатын тұлғаның ішкі маңызды құрылымдық қасиеттерінің жиынтығы ретінде оның құндылық бағдарының жүйесін құрайды. Бұл құндылық бағдар тұлғаның санасы мен мінез-құлқына және оның дамуына тікелей ықпал етеді.
    Сонымен нақты, жеке құндылықтар иерархиясына сәйкес құндылық бағдардың салыстырмалы сипаттамасы байқалады. Құндылық бағдар жүйесі мен оның иерархиясы тұлға дамуының реттеушісі ретінде қатысып, тұлғаның мінез-құлық нормалары мен ережелері, оны меңгеру бойынша өлшемдері болып табылады, әлеуметтендіру жүреді.
    Ең жоғарғы және абсолютты құндылық – адам және оның өмірі. Бұл ғылымда мақсат-құндылық және құндылық қатынастар субьектісі ретінде қарастырылады. Әлеуметтік қауымдастық, тұтас алғанда қоғам да құндылыққа ие, олар құндылықтар субьектісі болып табылады. Бұл тұжырым адамның қоғамдық мәнімен және қоғам мен тұлғаның диалектикасымен сипатталады.
    Қоғамның әр түрлі әлеуметтік-мәдени типтерінің өзіндік құндылықтары бар, олар тұлғаның құндылық бағдары мен мінез-құлқын өзгертетін фактор, сонымен бірге оның әлеуметтену тәсілі болып саналады. Мысалы, адамзат тарихындағы аса маңызды құндылықтар парадигмасы – шығыс және батыс қоғамның өмір сүру салтының өзіндік ерекшілігіне сай құндылықтарды бейнелеп көрсетеді. Шығыс дәстүрі үшін қоғам мен адам бірлігінің бекітілуі, адалдық, ізгілік, шындық, ата-ана мен үлкендерге сыйластық және т.б. нормалар мен мінез-құлық ережелері тән. Батыс экономикалық, саяси және мәдени стандарттарының жаһандық экспанциясы, батыстық мәдениет үлгілерінің шығыс аймақтарына жасанды таңылуы Батыс пен Шығыс арасындағы қарама-қайшылықты айшықтай түседі.
    Құндылықтар мен құндылық бағдардың негізгі қызметі - реттеушілік, белгілі бір әлеуметтік, соның ішінде этникалық жағдайда тұлғаның мінез-құлқын реттеу қызметі болып табылады. Құндылықтар жүйесі индивид өмір сүріп отырған қоғамдағы идеология мен мәдениетті бейнелейді, адамның әртүрлі материалдық, моральдық, саяси және рухани құндылықтарға деген қатынасының ішкі негізін көрсетеді.
    Құндылық бағдарды қалыптастыру ұзақ әрі күрделі үдеріс, оған көптеген факторлар ықпал етеді, болашақ маманның құндылық бағдарын қалыптастыру факторларын төмендегідей бөліп көрсетуге болады:

    • Сыртқы факторлар (саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени) тұтас алғанда қоғамның дамуымен анықталады, өзінің логикалық дамуында мақсатқа бағыттылық әрекетті талап етеді.

    • Ішкі факторлар (жеке, тұлғалық, психологиялық-физиологиялық) құндылық бағдарды қалыптастыру қоғамның базалық институты – отбасы мен қоғамдық ұйымдар арқылы шешуді қажет етеді. Болашақ маман тұлғасын ұлттық құндылықтар арқылы қалыптастыру.

    • Жүйетүзуші факторлар, олардың бірі - білім беру ортасы болып табылады, оның мазмұны өскелең ұрпаққа берілетін құндылықтар жүйесінен тұрады. Бұл ортаның негізгі бөлігі білім беру және тәрбиелеу мекемесі, әлеуметтік институт, әлеуметтенумен кәсіби арнайы айналысатын - ЖОО-ны болып табылады.

    Жоғары оқу орны студент тұлғасының құндылық бағдары жүйесіне әсер ету мақсатында әлеуметтік-мәдени ортаның әлеуетін басқару мүмкіндігіне ие. Ортаның ықпалы алуан түрлі, атап айтқанда, білімдік, мәдени-ағартушылық, отбасы, көше ортасы белсенді ықпал етсе, ал табиғи, спорттық-денсаулық сақтау пассивті әсер етеді. Сондықтан әрбір ортаны оның әлеуетін анықтай отырып, тәрбиелік мақсатта пайдалану, олардың арасында моделді байланыстар орнату қажет.
    Тұлғаның ұлттық құндылықтарға бағдарланған болмысын қалыптастыру үдерісі оның мынадай қасиеттері мен қатынас салаларына бағдарлануы тиіс: жаңашылдық, жасампаздық, сыйластық (әлем заттарына қатынасы); толеранттық, тәртіптілік, ұжымшылдық, өзара сыйласымдылық, ақылдылық (басқа адамға қатынасы); танымдық белсенділік, мақсатқа жетушілік, жұмылдырушылық (білімге қатынасы); еңбексүйгіштік, ынталылық (еңбекке қатынасы); ұқыптылық, тиянақтылық, құнттылық (әлемге қатынасы); патриотизм, қоғамдық парыз, ізгілік, ұлтаралық қарым-қатынас мәдениеті (қоғамға қатынасы) және т.б. Демек болашақ маманның құндылық бағдарын қалыптастырудың негізі тұлғаның әлеуметтену факторы, этномәдени құндылықтар көздері және олардың жіктемесі болып саналатын құндылыққа тікелей байланысты.
    Қоғамның экономикасын, мәдениетін, әлеуметтік, рухани өмірін дамытуда әр адамның жеке тұлғасы, азаматтық келбеті, адамгершілігі, отаншылдығы, ұлтжандылығы, еңбекке деген шығармашылық қабілеті мен белсенділігі, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға деген қарым-қатынасы шешуші рөл атқарады.
    Жалпыадамзаттық құндылықтар - бұл әр түрлі ұлт өкілдерін өндірістен бастап рухани өмір өрісіне дейін қоғамдық өмірдің барлық саласында жақындастыратын, бірлестіретін ортақтық. Ол әртүрлі ұлт адамдарының іс-әрекеттерін айқындайтын ортақтықты танытып қана қоймайды, сондай-ақ, ұлттық қадір-қасиетті арттырудың маңызды шарты болып табылады. Әлемдік жүйедегі құндылықтар мен мәдениеттің қалыптасуы және дамуы ұлттар мен ұлыстардың экономикасы, мәдениеті, тұрмысы, білім-ғылым жүйесінің дамуы негізінде жүреді. Сондықтан ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтардың бірлігін мазмұны мен формасының диалектикасы арқылы ашылатын күрделі үдеріс ретінде тұжырымдауға болады. Бірлік тұтастай алғандағы әрбір ұлттар мен ұлыстардың мүдделерінің, оның ішінде, рухани мүдделерінің дұрыс үйлесуін көрсетеді.
    Жалпыадамзаттық құндылықтар адамдардың көпшілігі әлемнің барлық елдеріндегі адамдар не нақты қоғаммен я мәдениетпен, не нақты тарихи кезеңмен байланыстырмай-ақ қабылдайтын, әр түрлі халықтардың рухани мақсаттарын, түрлі діндерді, түрлі дәуірлерді жақындастырып, туыстастыратын құндылықтар.
    Демек, жалпыадамзаттықты ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетіндегі ұлттық пен интерұлттық бірлігінің, жалпы мен жекенің, объективті мен субъективтінің өзара әрекеттестігінің күрделі үдерісі ретінде түсінген жөн. Ол адамзаттың ортақ мүдделерін танытатын, бір-біріне қайшы емес, қайта бір-бірін толықтырып, дамытатын белгілі бір ұлттық тұғырлы құндылықтар мен соларға сәйкес нормалар жиынтығы ретінде сипатталады. Осылайша, тұлғаны бір мезгілде ұлттық өзіндік сәйкестігін қамтамасыз ете отырып, жалпы өркениеттік білімдерге тарту: ұлттық сана-сезімін өзінің ұлттық мәдениеті, тілдік ұлттық ортасы негізінде дамыту; ұлттық мәдениет аясындағы мақсатты бағытталған адамдардың интеллектуалдық, өнегелік, эмоциялық дамуы; өзінің ұлттық тамырларына деген сүйіспеншілігі арқылы қазақстандық басқа халықтардың тарихы мен құндылықтарын, олардың мәдениетін құрметтеуге, халықтардың мәдени-тарихи дәстүрлерін, әлеуметтік ортаны зерттеуге, Қазақстан және әлем халықтарының әр түрлі мәдениеттерінің көптүрлілігін, өзара ықпалдастығын түсінуге мүмкіндік береді.
    Бүгінгі таңдағы қазақстандық қоғамнан саяси-әлеуметтік үдерістің жалпымемлекеттік, аймақтық, ұлттық-этникалық ерекшелігін ескере білу, «халықаралық-бағдарлық санаға» ие ұрпақты, ұлттық, мемлекеттік және ғаламдық құндылықтарды меңгерген әлем азаматын, өзінің этникалық-мәдени сәйкестігін сақтай отырып, бөгде мәдениеттерге, өмірлерге ене алатын мәдениет адамын тәрбиелеу үшін аса зор жауапкершілік талап етіледі.
    Қорыта келгенде, жаһандану ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, ғаламдық қатынастарға бейімделу мәселесін күн тәртібіне қойып отыр. Олай болса, ұлттық тәрбиенің негізін өзара құрмет, сенім, теңдік, таңдау еркіндігі және ынтымақтастық қағидаларын тұғыр еткен халықтардың өзара қатынастарын ізгілендіру идеясы құрайды.




    Достарыңызбен бөлісу:
  • 1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   35




    ©dereksiz.org 2024
    әкімшілігінің қараңыз

        Басты бет