Студенттердің өзіндік жұмысы: Індеттік жағдай. Қысты күні. Тауарлы сүт ферма ауласына қасқыр кіріп кетіп, бірнеше бұзауды тістеген. Бір айдан кейін сол бұзаулардың кейбіреулерінде ауыздарынан сілекей ағып, бұлшық еттері, аяқтарының салдану белгілері байқалды. Балау мақсатында бір ауру бұзау сойылып лабораторияға тексеруге зардапты материал алынды.
Тапсырма: 1. Қорытынды балау қою.
2. Індетке қарсы дауалау шараларының жоспарын құру.
3. Індетке қарсы сауықтыру шараларының жоспарын құру.
Құралдар және материалдар: Құтырықты дифузды преципитация реакциясы арқылы балауға арналған жинақ; зерттелетін материал; дозатор; термостат.
№ 10-сабақ
Тқырыбы: Трихофитияны балау және індетке қарсы шараларды ұйымдастыру
Сабақтың мақсаты: Трихофитияны микологиялық зерттеу әдістерін меңгеру, індет ошағында сауықтыру және дауалау шараларымен танысу.
Бақылау сұрақтар:
1. Аурудың анықтамасы.
2. Індеттік ерекшеліктері.
3. Ауруды балау әдістері
4. Ауруды ажыратып балау
5. Аурудан сауықтыру жөне алдын алу шаралары
Сабақтың мазмұны: Трихофития (Trichophytia) – терінің суланып қабынуы нәтижесінде орны шектеулі, беті қабыршақтанып зақымданған ошақтардың пайда болуымен ерекшеленетін жұқпалы ауру.
Қоздырушысы – жетілмеген саңырауқұлақтар Fungy imferfecti тобына жататын Trichophyton туыстастығының өкілдері. Ашатұяқтыларда аурудың негізгі қоздырушысы – Trichophyton verrucosum, жылқыда – Tr.eguinum, түйеде – Tr. Sarkisovi, терісі бағалы аңдарда, қоян, теңіз тышқаны және басқа кемірушілерде – Tr.mentagrophytes. Бұлардың барлығының морфологиясы ұқсас, жіп тәрізді мицелиялардан және дөңгелек, сопақша келген споралардан тұрады.
Індеттік ерекшеліктері. Трихофитиямен барлық мал түліктері, құстар, терісі бағалы аңдар, тышқан, егеуқұйрық, жабайы аңдар ауырады. Жас жануарлардың сезімталдығы жоғары болады да, ауруға тез шалдығып, клиникасы көбінесе асқынған түрде кездеседі. Ауру жылдың барлық мезгілдерінде кездессе де, қыста жиі байқалады. Оның себебі – бұл маусымда малдың күтімінің нашарлауы және күн сәулесінің ауру қоздырушысына әсерінің төмендеуі. Індеттің қаулауына жануарлардың топтастырылуы күшті әсер етеді. Жас төлдерді енесінен бөлу және жеке табындарға топтау, сырт жерден мал әкелу аурудың қаулауына қолайлы жағдай туғызады.
Балау. Індеттанулық, клиникалық, лабораториялық әдістерді қолдану арқылы қойылады. Індеттанулық талдау жасағанда індеттің ауырған мал арқылы таралатыны ескеріліп, шаруашылық орналасқан елді мекеннің бұзаутаздан індеттік жағдайы, ондағы малдың жеке адамдардағы малмен өрістегі, суаттардағы қатынастары, шаруашылыққа сырттан малдың жаңадан қабылданғаны анықталынады.
Бұзаутазды клиникалық белгілері арқылы балау қиындық тудырмайды. Ауырған бұзаудың бас, мойын терісінен домалақ формалы беті қабықтанып (қабықшалардың айналасы қиылып, үгіліп тұрады), асты сулы іріңденіп тұратын жараларды көріп бұзаутазға нақтылы балау қоюға болады. Ауруды қоздырушы саңырауқұлақтардың түрі лабораториялық зерттеу арқылы ажыратылады.
Зертханалық зерттеу материалды дұрыс алудан, оны микроскопиялаудан, арнайы қоректік орталарда патогенді саңырауқұлақтардан таза өсін бөліп алудан тұрады. Зерттеуге зақымданған терінің беткі қабатының қырындысы (жүн талшықтарымен бірге), жараның астыңғы ылғалды қабыршықтары алынып ішінде 10%-ды күйдіргіш натрий немесе калий ерітіндісі бар Петри ыдысы-на салынады. Зерттеу алдында материал ыдысымен бірге 20—30 минут термостатта (37—38°С) немесе аздап қыздырылып инемен ажыратылады. Ажыратылған материалдың бір бөлігі төсеніш шыныға тамызылып, глицерин тамшысына орналастырылып (беті жабынды шынымен бастырылады), микроскоппен қаралады. Зақымданған жүн талшықтарының ішінде және сыртында трихофитон саңырауқұлақтарының споралары қатарласып орналасады
Саңырауқұлақтардың таза өсінін бөліп алу мақсатымен сілтілі ерітіңділердің бірінде ұсталынған материал, физиологиялық ерітіңдіде жуылады (центрифугалау арқылы). Зерттеу материалынан үзіліп шыққан жүн талшықтарының 1—2 см үзінділері Сабура немесе Сусло-агар қоректік орталардың біріне орналастырылады. Материал өсірілетін қоректік ортада (26—28°С) сақталуы қажет. Микробтардың өспеуі үшін, қоректік ортаға пенициллин мен стрептомицин қосылады.
Дауалау және күрес шаралары. Осы мақсаттармен жүргізілетін жалпы және арнайы шаралар нұсқауларда көрсетілген ережелерге сәйкес жүргізіледі.
Трихофитон саңырауқұлақтары қоздыратын бұзаутазды дауалау мақсатында сиыр малы (әсіресе бұзау 1 айлығынан бастап) — ЛТФ-130, жылқы - СП-1, терісі бағалы аңдар мен қоян — "Ментовак" вакциналарымен егіледі. Сонымен қатар мал қораларында зоогигиеналық микроклимат (өсіресе ылғалдылық) және басқа да санитариялық нормативтер қатаң түрде сақталуы қажет.
Бұзаутаз орын алған шаруашылықта немесе жеке ауладағы барлық жануарлар клиникалық әдіспен тексеріліп, ауруға шалдыққандары саулардан оқшауланып, емделеді. Спецификалық ем ретінде бұл індетті дауалау мақсатында қолданылатын арнайы вакциналар ауырған малға 2 рет ұлғайтылған дозада салынады. Малдың немесе аңның терілері өте қатты зақымданса, жоғарыда аталған телімді вакциналар 2 рет ұлғайтылған дозада 2-3 рет қайталанып қолданылады. Емделген малдың жарасының бетіндегі қабыршықтарды жұмсарту үшін балық майы, вазелин, өсімдік майлары жағылады.
Вакцина пайдаланбаған жағдайда малдың жаралары 5—10%-ды салицил майымен немесе 10%-ды салицил спиртімен, 10%-ды йод түнбасымен, фенолмен, күкірт ангидридімен, йодоформмен, бір хлорлы йод, фунузан, брадовен, 3-10%-ды карбол қышқылдарымен, "Ям" майымен емделеді. Малдың күйін көтеру үшін түрлі витаминдер, гризеофульвин антибиотигі жеммен беріледі. Соңғысы жемге 20 мг (малдың тірі салмағының әр килограмынан) қосылып, малға 1—2 апта бойы беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |