Сабақтың мақсаты: Дезинфекцияның нәтижесіне бактериологиялық бақылаудың негізгі әдісімен таныстыру.
Құралдар және материалдар: Тампон; қоректік орта; Пастер түтікшесі; центрифуга; термостат.
Сабақтың мазмұны: Дезинфекция сапасын бақылау. Дезинфекция сапасы зарарсыздандырылған объектілерден лактопозитив тобына жататын ішек таяқшасын жөне стафилококтарды анықтау арқылы бағаланады.
Ішек таяқшасы: қылау, шошқа тілмесі, бруцеллез, пастереллез, доңыз бен құс обасына, аусылға қарсы қолданылатын дауалау және лажсыз дезинфекциялауда, ал стафилококтар: аусыл, туберкулез (қорытынды дезинфекцияда), қой және құс шешегі, лептоспироз, үйрек балапандарының гепатитіне қарсы — дезинфекцияда анықталады.
Дезинфекцияның сапасын тексеру үшін дауалау дезинфекциясынан кейін 2-3 сағат өткен соң, ал тежеу дезинфекциясында нұсқауларда белгіленген мерзімі өткеннен кейін сынамалар алынады. Сынаманы еденнен (малдың артқы аяқтары орналасатын тұсынан), қабырғалардан, бұрыштардан, оттықтан барлығы 10—20 әр түрлі жерлерден алады. Ол үшін скальпельмен немесе басқа үшкір затпен аумағы 10x10 см жерді белгілейді де, бейтараптағыш ерітіндіге малынып, сығып алынған мақта тампоньгмен 1—2 минут бойы сол жерді ысқылап сүртеді.
Әрбір тампонды жеке-жеке стерильді бейтараптағыш ерітіндіге не стерильденген дистильденген суға (20 см3) салып, бактериологиялық зерттеуге лабораторияға жіберіледі. Жұмысқа қажетті тампондар (салмағы 0.25-0.33 г) алдын ала дайындалып, қолданылатын дезинфектанттан күші 10 есе аз бейтараптағыш ерітіндіде сақталады. Хлорлы дезинфектанттарды бейтараптау үшін гипосульфит, сілтілік ерітінділер үшін сірке қышқылы, формалин үшін мүсәтір спиртінің ерітінділері қолданылады. Басқа дезинфектанттарда бейтараптау ерітіндісі ретінде стерильді су қолданылады. Сынамалар алынғаннан кейін 2 сағаттың ішінде лабораторияға жеткізіліп, сол күні зерттеуден өткізілуі тиіс (бактериологиялық зерттеу тәсілі "Ветеринариялық заңдар" жинағында көрсетілген).
Ескерту: Сынамалар міндетті түрде механикалық тазаланып, дезинфекция жүргізілген қора едендерінен, т.б. алынады.
Егер дауалау және қорытынды дезинфекциядан кейін барлық алынған сынамаларда белгіленген тесмикробтарының өсуі байқалмаса, ал тежеу дезинфекциядан кейін алған сынамаларын 90%-да өсінді болмаған жағдайда олардың нәтижесі қанағаттандырарлық деп табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |