Дезенфекциялық тосқауыл (дезтосқауыл). Ферманың өндірістік аймағына көлік қақпаның аузындағы дезенфекциялық тосқауыл арқылы өтеді.
Дезтосқауылды жерді ойып, бетін бетондап жасайды. Оның жалпы ұзындығы 9-12 м , ал дезенфекциялық ерітінді құйылатын бөлігінің ұзындығы 6-8 м . Кіретін және шығатын екі жағы 1,5-2 м мөлшерінде жадағайланып барып бітеді. Дезтосқауылдың ені қақпаның енімен бірдей 3-3,5 м мөлшерінде. Ертінді тұратын бөлігінің тереңдігі 35-40 см. Көлік жүріп өткенде шайқалған ерітінді кемерінен асып кетпеу үшін кіретін және шығатын екі жағы да жер бетінен дөңестеліп барып бітеді. Шұңқырдағы ерітіндіні ағызып жіберетін құбыр болуы керек. Дезтосқауыл формальдегидтің сілтілі ертіндісімен толтырылады. Ерітіндіде 3% формальдегид және 3% күйдіргіш натр болу қажет. Аталған заттарды 2%-тен де алуға болады. Іс жүзінде бастапқы кездегі концентрациясы 3%-тен болып, пайдалана келе 2%-ке дейін кемиді. Дезтосқауылдың шұңқырын басқа да ерітінділермен толтыруға болады. Атап айтқанда 3% каустикаландырылған сода- сақар қоспасы, кислонафт немесе нафтолизолдың 5%-ті эмульсиясы. Қысты күні ертінді қатпау үшін оған 10-15 % мөлшерінде ас тұзын қосқан жөн. Дезтосқауылды бір рет толтыру үшін 10 м³ шамасында ертінді кетеді. Дезтосқауылдың үстіне жауын-шашыннан сақтау үшін шатыр орнату керек.
Санитариялық өткелек (санөткелек) – фермадағы маңызды санитариялық объект болып табылады. Оның атқаратын қызметі: 1) көлік, құрал-сайман, тараны (ыдыс) жуып, дезенфекциялау; 2) адамдарды душ қондырғысынан өткізу; 3) жұмыс киімін жуып, дезенфекциялау.
Көлікке арналған санитариялық өткелек аэрозольді және суармалы дезинфекция жасауға бейімделген. Ыдысқа арналған өткелек дезинфекциялық камерамен екі бөлімнен (таза және лас) тұрады.
Өндірістік аймаққа өтетін барлық көлік алдымен жуылып, содан кейін 2%-ті формальдегид ерітіндісімен дезинфекцияланады. Жұмыс күні біткеннен соң ветсанөткелектің бұл бөлімінде фермадағы барлық көлік (жем-шөп үлестіргіш т.б) дезинфекцияланады.
Өндіріс аймағына өтерде барлық жұмыскерлер гардеркиімі мен аяқ киімін шешіп, душ қабылдап, дезинфобтаекцияланған жұмыс киімі мен аяқ киімін киюлері керек. Жұмыс біткен соң жұмыскерлер ветсанөткелек бөлмесінде жұмыс киімі мен аяқ киімін шешіп, жуып, дезинфекциялауға өткізіп, душ қабылдап, өздерінің киімін киіп фермадан қайтады.
Әр жұмыскерге екі дана жұмыс киімі болу керек. Жұмыс киімін ветсанөткелекте булы формалин, булы ауа камерасында дизенфекциялайды. Бұл камераның екі бөлімі (салатын және алатын) болады. Салатын бөлімнің есігі лас киімді сақтайтын бөлме жақта болады. Алатын бөлімнің есігі дезинфекцияланған киім сақталатын бөлмеге қарайды. Аяқ киімді 2% формальдегид ерітіндісін шүберекпен сүрту арқылы дезинфекциялайды.
Бақылау сұрақтар:
1. Ветеринарилық санитария нені зерттейді?
2. Санитариялық реттілік инфекция қоздырушысының бастауы мен берілу тетіктеріне қалай әсер етеді?
3. Мал өсіретін шаруашылықтарда қандай ветеринариялық-санитариялық нысандар болуы керек, оларға қандай талаптар қойылады?
4. Көңді зарарсыздандырудың қандай әдістері бар?
5. Жануарлардың өлексесін қалай зарарсыздандырады?
6. Көң қоймасы мен биотермиялық апанға қойылатын санитариялық талаптар қандай?
7. Дезинфекция деген не?
8. Дезинфекцияның нысандары қандай?
9. Дезинфекцияның түрлері және олардың мақсаттары қандай?
10. Дезинфекцияның физикалық, химиялық, биологиялық әдістері неге негізделген, қалай іске асырылады?
Әдебиеттер:
1. Сайдулдин Т. «Індеттану және жануарлардың жұқпалы аурулары». - Алматы, 2009.
2. Иванов Н.П. Диагностика инфекционных болезней животных. - Алматы, 2009.
3. Қасымов Е.И. Індеттану және инфекциялық аурулармен күрес шаралары. – Алматы, 2009.
4. Асанов Н.Г. Індеттану және микробология негіздері. Алматы 2008.
5. Ветеринариялық заңдылықтар. 1,2,3-том. Астана, 2004.
№7 Дәріс
Тақырыбы: ТОПАЛАҢ
Кілті сөздер: Топалаң, жамандат, талақ, қарабез, шешек, күйдіргі, түйнеме, сибирская язва, anthrax, bacillus, antracis, вакциналар: Л.Пастердің, Л.С.Ценкоскийдің, СТИ, ГНКИ, 55-штамм. Меруерт моншағы құбылысы, антраксин аллергені, Асколи реакциясы, топалаңға қарсы қан сарысуы мен иммуноглобулин.
Дәрістің мақсаты: Тыңдаушыларға топалаң және онымен күрес шаралары жөнінде мағұлмат беру.
Дәрістің жоспары:
1.Аурудың анықтамасы;
2.Тарихи деректер;
Қоздырушысы;
Індеттік ерекшеліктері;
Дерттенуі;
Өтуі мен симтомдары;
Патологиялық – анатомиялық деректер:
Балау және ажыратып балау;
Иммунитет;
Дауалау және күрес щаралары;
Топалаң (anthrax, сибирская язва) – жіті өтетін, өлі тиіп, күйдіргі тектес қабыну ретінде байқалатын жұқпалы ауру. Бұл ауру малдың әр түлігінде өзінше аталып келді. Топалаң атауы негізінде қой мен ешкіге тән. Жылқыда – жамандат, талақ немесе қарабез, сиырда – қарасан немесе қарабез (қарасан қазіргі көзқарас бойынша басқа дербес ауру), түйеде – шелек немесе ақ шелек, адамда – күйдіргі немесе түйнеме.
Тарихи деректер. Ауру біздің дәуірімізден көп бұрын белгілі. Ертедегі араб дәрігерлер "парсы күйдіргісі", ал грек және рим ғалымдары "текті күйдіргі" деп атаған. Орта ғасырларда топалаң қырғын індет ретінде көптеген Европа және Азия елдерінде байқалып тұрды. Ресейде аурудың "сибирская язва" аталуы Сібірде қызмет еткен дәрігерлер А.Эшке және Н.Ножевшиков (1758) адам мен малда осы дерттің ғылми сипаттамасын беруіне байланысты болатын.
Топалаңның қоздырушысын Германияда Поллендер (1849), Францияда Райне мен Давен (1850) өлген малдың қанынан тапты. Бұл микробтың қоректік ортадағы таза өсіндісін 1876 ж. Р.Кох бөліп алды да, оның спора түзетіндігін анықтады. Л.Пастер (1881) бірінші болып жануарларды осы микробтың әлсіретілген өсіндісі арқылы вакциналау мүмкін екендігін тәжірибе жүзінде дәлелдеді. Бұл әдіспен вакцина дайындауды Ресейде Л.С. Ценковский (1883) іске асырды. 1944 ж. Н.Н. Гинзбург СТИ вакцинасын, ал 1956 ж С. Г. Колесов пен басқалар ГНКИ гидроокись аллюминий вакцинасын ұсынды.
Топалаң дүние жүзінде көптеген елдерде байқалып тұрады.
Қоздырушысы – Bacillus anthracis ірі (3-10x1-1,5 мкм) қозғалмайтын грам оң, спора түзетін ауасыбағалы таяқша. Жануар организмінде және табиғи белогі мол қоректік ортада қауашақ түзеді және бұл қасиет уытты штамдарына тән. Өсуіне қолайсыз жағдайда, ауадағы оттегінің қатысуымен, 15...420 С температура аралығында спора түзеді. Сойылмаған өлекседе спора түзілмейді де, өлексе шірігенде микроб өліп қалады. Спора түзу арқылы бұл микроб түр ретінде сыртқы ортада сақталады.
Патологиялық материалдан алынған жағындыда бациллалар жеке-жеке немесе жұптанып, сирек жағдайда қысқа тізбек ретінде орналасады. Боялған жағындыда тізбектегі таяқшалардың шеті шорт кесілгендей, болмаса тіпті аздап дөңестеніп бітеді, ал тізбектің өзі бамбук таяғы сияқты бунақтанып тұрады.
Микроб қарапайым қоректік орталарда жақсы өседі. ЕПА (ет пептон агарында) өскенде R - формасына тән жатық, күңгірт-сұр түсті, бұжырланған, шеті жырымдалған колониялар түзеді. ЕПС (ет пептон сорпасында) пробирканың түбінде ұлпаланған бір шөкім мақтаға ұқсас тұнба береді. Ет пептон желатинасына пісіп еккенде аударылған шырша тәріздес өседі. Пенициллин қосылған ЕПА-да өскенде домаланып, шарға ұқсайды. "Меруерт моншағы құбылысы" деп аталтын бұл қасиеті топалаңға диагноз қою үшін пайдаланылады. B. anthracis өзіне тән бактериофагқа аса сезімтал. γ-МВА деп аталатын бактериофаг (авторлары Я.Е. Коляков пен В.А. Байрак) лабораториялық диагностикада қолданылады.
Төзімділігі. Микробтың вегетативтік түрі әртүрлі қолайсыз жағдайларға төзімсіз. Сойылмаған шіріген өлекседе 7 тәулікте ыдырайды. 60°С қыздырғанда 15 минутта, қайнатқанда – қолма қол, тура түскен күн сәулесінен бірнеше сағаттан соң өледі. Кәдімгі дезинфектанттардың әсерінен тез арада өледі, -10° С кезінде 24 күн, ал -15° С жағдайында етте 15 күнге дейін сақталады.
Споралары өте төзімді. Олар шіріген өлекседе тіршілігін сақтайды, суда жылдар бойы, топырақта ондаған жылдар сақталады. Ет пен теріні тұздау, кептіру спораларының сақтаулына жағдай жасайды. Құрғақ ыстық ауада 120-140° С кезінде споралары тек 2-3 сағаттан кейін, ал 120°С жағдайында автоклавтау 5-10 мин өткенде, қайнату 15-30 мин соң, күйдіргіш натрийдың 10 %-ті ертіндісі, формальдегидтің 1 %-ті ертіндісі екі сағат өткен соң өлтіреді, ал хлорлы дезинфектанттар күштірек әсер етеді.
Індеттік ерекшеліктері. Топалаңға қой, ешкі, бұғы, сиыр, жылқы, түйе, жабайы сүт қоректі жануарлар аса бейім. Шошқа біршама төзімді де, бұл аурумен созылмалы түрде ауырады. Ет қоректілер (ит, мысық) басқалардан төзімді. Мысалы топалаңмен ауырту үшін үй қоянына қоздырушысының 2 спорасын тері астына жіберу жеткілікті, ал итке ол үшін 1млн спора енгізу қажет.
Бір түрге жататын кейбір мал тұқымдарының топалаңға бейімділігі әртүрлі болуы мүмкін. Қойдың алжирлік тұқымдары европалық тұқымдардан әлдеқайда төзімді. Сібірде өсірілетін сиырдың жергілікті тұқымдарының бұл ауруға бейімділігі біршама төмен. Соңдай-ақ далалық Қызыл сиырлар қара-ала тұқымдарына қарағанда төзімдірек болады.
Топалаңға әртүрлі жастағы жануарлардың бейімділігін салыстырғанда мынандай заңдылық байқалады. Өте бейім жануарлардың, жас төлі (қозы, бұзау, қодық) ауруға ересек жануардан әлдеқайда төзімді. Керісінше бейімділігі аз жануарлардың жас төлдері ауруға тез шалдығады. Ересек кезінде ауырмайтын жануарлар жаңа туған кезінде топалаңға бейім болады. Мысалы ересек ит төзімді де, жас күшік өте сезімтал. Бұл ауруға адам да шалдығады.
Топалаңның қоздырушысының бастауы – ауырған жануарлар. Олар бациллаларды нәжіс, несеп, сілекей арқылы бөліп шығарады. Микроб әсіресе өлер алдында жануардың табиғи тесіктерінен аққан қанды сұйықтықта көп болады. Қоздырушының ең басты берілу факторы – топалаңнан өлген малдың өлексесі. Оның барлық мүшелері мен ұлпаларында бациллалар мейлінше көп. Мұндай өлексені союға болмайды. Теріні тілгенде ауадағы оттегі қоздырушының спора түзуіне жағдай жасайды, сүйтіп топырақ пен басқа да сыртқы ортадағы заттарды жаппай микроб жайлап алуы мүмкін. Ауырған малды лажсыздан союдың да қаупі мол. Сойылған малдың еті, терісі, қаны, ластанған жемшөп арқылы ауру үлкен қашықтыққа апарылады. Қоздырушының таралуына етқоректі жануарлар мен жыртқыш құстар да белгілі дәрежеде қатысады. Олар өздері ауырмаса да микробтың спораларын ұзақ уақыт бойы нәжісімен бірге бөліп шығарады.
Топыраққа түскен топалаңның спорасының тағдыры топырақтың түріне байланысты. Микробтың ұзақ сақталуына гумусы мол, рН-ы бейтарап топырақ аса қолайлы. Мұндай жағдайда тиісті температура мен ылғалдылықта спора вегетативтік түрге ауысуы мүмкін. Спораның топырақта ұзақ сакталуы топалаңның тұрақтылығын қалыптастырады. Бұрынғы уақытта микробпен ластанған аймақта су және жел эрозиясының, өзендердің тасуынан, жер қазу жұмыстарының, ін қазатын жануарлардың тіршілігінің, өсімдіктердің өнуінің нәтижесінде микроб топырақ бетіне шығып, одан басқа жерге апарылуы мүмкін, бұдан барып жануарларға ауру жұғу қаупі туады.
Топалаң негізінен алиментарлық жолмен жұғады. Қоздырушы микроб жануар организміне ауру жайлаған жайылымда жем-шөп немесе су арқылы түседі. Онын денеге бойлай енуіне ауыз бен жұтқыншақтың кілегей қабығының зақымдануы, тістің тісеуі, гастрит, гастроэнтерит жағдай туғызады. Организмнің төзімділігі жүдеген, ыстыққа ұрынған, авитаминозға шалдыққан кезде күрт төмендейді. Аурудың аэрогендік жолмен жуғуын ескермесе болмайды. Әсіресе қой қоздырушы микроб бар шаңмен тыныс алғанда топалаңға шалдығуы ықтимал.
Қан сорғыш жәндіктер (сона, маса, көк шыбын) көп болған жағдайда трансмиссиялық жолмен де жұғуы мүмкін. Соналардың қоздырушы микробты ауру малдан ғана емес өлекседен, ластанған су мен топырақтан да алатындығы дәлелденді.
Негізгі жұғу жолдары топалаңның маусымдық ерекшеліктеріне негіз болады. Әдетте ауру жылдың жылы мезгілдерінде, малды шөбі сирек және қуаң жайылымдарда жайғанда байқалады. Бірақ топалаң жайлаған жерде дайындалған жем-шөп, ауырған малдан алынған ет-сүйек ұны арқылы ауру қыс кезінде қорадағы малда да ұшырасып қалады.
Бақылау сұрақтар:
1. Аурудың анықтамасы;
2. Қоздырушысына мінездеме;
3. Індеттік ерекшеліктері;
4. Дерттенуі;
5. Аурудың клиникалық белгілері;
6. Балау;
7. Дауалау:
8. Індетке қарсы шаралар;
Әдебиеттер:
1. Сайдулдин Т. «Індеттану және жануарлардың жұқпалы аурулары». - Алматы, 2009.
2. Иванов Н.П. Диагностика инфекционных болезней животных. - Алматы, 2009.
3. Қасымов Е.И. Індеттану және инфекциялық аурулармен күрес шаралары. – Алматы, 2009.
4. Асанов Н.Г. Індеттану және микробология негіздері. Алматы 2008.
5. Ветеринариялық заңдылықтар. 1,2,3-том. Астана, 2004.
8 Дәріс
Тақырыбы: БРУЦЕЛЛЕЗ
Кілті сөздер: Қоздырушысы – Brucellosis, B.melitensis, B.abortus, B.ovis
Дәрістің мақсаты: Тыңдаушыларға бруцеллез және онымен күрес шаралары жөнінде мағұлмат беру.
Дәрістің жоспары:
1.Аурудың анықтамасы;
2.Тарихи деректер;
Қоздырушысы;
Індеттік ерекшеліктері;
Дерттенуі;
Өтуі мен симтомдары;
Патологиялық – анатомиялық деректер:
Балау және ажыратып балау;
Емі
Иммунитет;
Дауалау және күрес щаралары;
Бруцеллез (Brucellosis) – созылмалы өтетін, іш тастау, шуы түспеу, эндометрит, орхит және жануарлардың жыныстық қабілетінің бұзылуы, арқылы ерекшеленетін жұқпалы ауру.
Тарихи деректер. Бруцеллездің адамда байқалатын белгілерін Гиппократ сипаттады, ал жан жақты зертеулер 18-19 ғ. жүргізілді. Ф.Мальта аралында бруцеллез адамның өз алдында дербес ауру екендігін көрсетті, ал Д.Брюс (1877) оның қоздырушысын бөліп алып Microcoecus melitensis деп аталды. Бұлар ағылшын ғалымдары еді. Даниялық ветеренария дәрігерлері В.Банг және Стрибольт (1896) ауру қоздырушысын іш тасталынған бұзаудан, ал американдық Траум (1914) іш тасталынған торайдан бөліп алды. бұл микробтар 1918-1920 жылдар аралығында бір туыстастыққа біріктіріліп Брюстің құрметіне Бруцеллалалар деп аталған.
19 ғ. аяғы мен 20 ғ. басында бруцеллез ауыл шаруашылық малдардың арасында барлық жерде де кеңінен тарады. Қазақстанға бұл ауру Еуропалық өлкелерден келді, алғаш рет 30 – жылдары Семей обылысында Тасбұлақ деген жерде ветаринария дәрігері Тевельский хабарлады.
Қоздырушысы. Бруцеллезді әр түрлі түлікте Brucella туыстығына жататын 6 түрге бөлінетін микробтар қоздырады. Кейбір түрлері өзара бірнеше биоварға (биотипке) бөлінеді.
B.melitensis қой мен ешкі үшін зардапты және бруцеллезінің негізгі қоздырушысы 3 биотипі бар.
B.abortus сиыр, қодас буйвол, бұғы, марал, түйе және жылқы үшін зардапты, 9 биотипке бөлінеді. Кейбір биотипінің адам үшін уыттылығы недәуір дәрежеде.
B. suis шошқа, қоян, солтүстік бұғысы үшін зардапты 4 биотипі бар, оның 1, 2 және 3-шісі шошқада, 2-ші биотипі қоянда, 4-шісі бұғыда тоғышарлық етеді.
B. neotomae шөлейттегі егеуқұйрықта (Neotoma lepida) кездеседі. 1957 ж. АҚШ-та бөлініп алынған. Адам үшін зардаптылығы беймәлім. Биотипке бөлінбейді.
B.ovis қой үшін зардапты, қошқардың жұқпалы эпидидимитінің қоздырушысы. Адам үшін зардапьтылығы түбегейлі анықталған жоқ. 1953 ж Жаңа Зеландия мен Австралияда бөлініп алынған. Биотипке бөлінбейді.
B.canis ит үшін зардапты, бұл жануардың эпидидимиті мен іш тастаудың себепкері. 1968 ж АҚШ-та тазы иттерден бөлініп алынған. Адамға зардаптылығы белгісіз. Биотиптерге бөлінбейді.
Барлық бруцеллалар полиморфты, сыртқы бейнесі коктар тәрізді, сопақшалау, таяқшаға ұқсас болып келеді. Спора және қауашақ түзбейді, қозғалмайды, грамтеріс. Сарысулы және Хоттингер ортасында, ет-пептон агарында (ЕПА) өседі. Ең жақсы өсін бауырдан жасалған глицерин мен глюкоза қосылған орталарда, құрамында балық пен дрожжалар гидролизаттары бар Д ортасында, шарана көмірсуы – эритритол қосылған эритрит агарда байқалады. Бруцеллалардың терең орналасқан О – және бетінде орналасқан S – антигендері бар. S – антигенінің А және М екі түрі кездеседі. А-антиген, B.abortus ta, ал М-антиген B. melitensis te басым болады. Микробтың R-формасы әр түрлі дәрежеде S-антигенін жоғалтады да, ал бруцелланың минус риантында бұл антиген мүлде болмайды. S-R диссоциациясы S-антидененің, ал S-R диссоциациясы бактериофагтың қатысуымен трансдукция арқылы жүреді. Сонымен қатар L-трансформация мен антигендік мимикрия да табиғат жағдайда орын алады.
Бруцеллез қоздырушысының физикалық және химиялық факторлардың әсеріне төзімділігі орташа, 60°С кезінде 30 мин. 70° С-та 5-10 мин өткенде ал 90-100° С-та бірден өледі. Ет және көңде, жемшөпте 4 айға дейін сақталады. Кәдімгі дезинфеканттардың жалпылай қабылданған концентрациясы толық зарарсыздандырады.
L-трансформацияға және диссоциацияға ұшыраған бруцеллаларға грам оң, ал Козловский әдісі бойынша көк түске боялуы мүмкін. Бұндай гетереморфты бруцеллалар өзгере бастаған сәтте осы микроб түріне арнаған орталарда: эритрит-агарда, ет-пептон-бауыр-агарында өсе береді. Бірақ жақсы өсін 10-20 % шарана суы немесе қан сарысуы қосылған ортада алынады.
Індеттік ерекшеліктері. Бруцеллезге 60-тан артық үй және жабайы жануарлар түрлері бейім. Әсіресе тез шалдығатындары: сиыр, қой, ешкі, шошқа, солтүстік бұғысы. Оларда бруцеллез індет түрінде қуалайды. Түйе, жылқы, марал, қодас, буйвол сияқты жануарларда бәсеңдеу тарайды: ит, мысық, қоян, сайғақ, түлкілерде шектеулі дәрежеде, болмаса спорадия ретінде кездеседі. Бұл аурудың табиғи ошағы болмайды.
Инфекция қоздырушысының бастауына бруцеллезбен ауырған малдар жатады, әсіресе олар клиникалық белгілері айқын білінген кезде өте қауіпті. Ондай жануарлар шаранамен, шумен, тастанды төлмен және жыныс жолдарынан аққан сорамен ауру қоздырушысын аса мол мөлшерде бөліп шығарады. Қоздырушы микроб сонымен қатар сүтпен, шәуетпен, нәжіспен және несеппен бірге бөлінеді. Сиырдың желінінде бруцеллалар 7-9 жыл, ал қойда 2-3 жыл сақталып, оқтын-оқтын сүтпен бөлініп тұрады.
Бруцеллалармен ластанған өнімдер және малдан алынған шикізаттар, жануарларды күтуге арналған жабдықтар, жемшөп, төсеніш, су, топырақ, малды қарайтын адамдардың киімдері басты жұқтыру факторлары болып табылады. Жас төлге бруцеллез негізінен алиментарлық жолмен енесінің сүті арқылы, ал сақа жануарлар алиментарлық жолмен және шағылысқанда жанасу арқылы жұғады.
Шаруашылықта ауру жаңадан басқа жақтан мал әкелгенде карантиндеу ережелерін сақтамаған кезде, ауру және сау малдарды бірге жайғанда, бір суаттан суарғанда, бір жолмен айдағанда таралады. Ауру қоздырушысын мал қораға ит пен кемірушілер де әкеледі. Әсіресе олар бруцеллезге шалдыққан малдардың шуымен не тастанды төлмен жанасқан жағдайда микроб тасымалдаушыға айналады.
Індеттің жаңа ошақтарында бейім жануарлардьщ 60%-ке дейіні инфекцияға шалдығуы мүмкін. Бас кезінде буаз мал ішін-ара, ал кейін жаппай іш тастауы мүмкін 2-3 жыл өткен соң аборт байқалмайды, ал шеттен мал қосқанда індеттену өршіп, жаңа әкелінген және бұрынғы ауырған малдарды қоса қамтып, іш тастау қайтадан қаулауы мүмкін. Малды араластыру індетті өршітіп, оның жаңа ошақтарын қалыптастырады.
Малды өсіргенде, бағып күткеңде ветеринариялық-санитариялық талаптарды дұрыс орындамау, соның нәтижесінде жануарлардың ауруға төзімділігінің нашарлауы, уақтылы шу мен тастанды төлді жинамау, көңді тазаламау, дезинфекцияны ретті түрде жасамау бруцеллездің шығуына жағдай тудырады.
Бақылау сұрақтар:
1. Аурудың анықтамасы;
2. Қоздырушысына мінездеме;
3. Індеттік ерекшеліктері;
4. Дерттенуі;
5. Аурудың клиникалық белгілері;
6. Балау;
7. Дауалау:
8. Індетке қарсы шаралар;
Әдебиеттер:
1. Сайдулдин Т. «Індеттану және жануарлардың жұқпалы аурулары». - Алматы, 2009.
2. Иванов Н.П. Диагностика инфекционных болезней животных. - Алматы, 2009.
3. Қасымов Е.И. Індеттану және инфекциялық аурулармен күрес шаралары. – Алматы, 2009.
4. Асанов Н.Г. Індеттану және микробология негіздері. Алматы 2008.
5. Ветеринариялық заңдылықтар. 1,2,3-том. Астана, 2004.
№9 Дәріс
Тақырыбы: ҚҰТЫРЫҚ
Кілті сөздер: Rabies, бешенство, Pabies Lyssavirus, рабдовирустар
Дәрістің мақсаты: Тыңдаушыларға құтырқ және онымен күрес шаралары жөнінде мағұлмат беру.
Дәрістің жоспары:
1.Аурудың анықтамасы;
2.Тарихи деректер;
Қоздырушысы;
Індеттік ерекшеліктері;
Дерттенуі;
Өтуі мен симтомдары;
Патологиялық – анатомиялық деректер:
Балау және ажыратып балау;
Иммунитет;
10.Дауалау және күрес щаралары;
Құтырық (Rabies, бешенство) – орталық жүйке жүйесін зақымдап, шашырынды полиэнцефаломиелит арқылы ерекшеленетін, жіті өтетін жұқпалы ауру.
Тарихи деректер. Құтырық өте ерте заманнан, адамзаттың мәдени тарихы қалыптаса бастаған кезден белгілі. Ол туралы мәліметтер Вавилонның б.д.д 2300 жылы жасалған заңдар жинағында кездеседі. Демокрит (б.д.д 5-ғ) иттің құтырығын жан-жақты баяндаса. Аристотель (б.д.д. 4-ғ) әртүрлі жануарларға құтырықтың ит қапқанда жұғатындығын жазды. 1.Есенберлиннің "Алтын Орда" романында әмір Темірдің (14 ғ) Алтын Орданың болашақ ханы Тоқтамыстың құтырған ит талаған әйелі мен баласы өртетіп жібергені суреттелген.
Қоздырушысы – Pabies Lyssavirus – рабдовирустар тұқымдастығының лиссавирустар туыстастығына жатады. Барлық рабдовирустар секілді оқ пішінді. Вириондарының ұзындығы 180 нм, көлденеңі 75-80 нм. Өсіп келе жатқан тауық және үйрек эмбриондарында, кейбір торшалардың өсінінде өсіруге болады. Бұл вирустың екі негізгі антигендері бар. Еритін S-антиген (капсид нуклеопротеиді) – барлық құтырық вирустарына ортақ және V-антиген (вирионның сыртқы қабығындағы гликопротеид) вирустың әрбір жеке типтеріне тән. Соңғы антигенге байланысты құтырық вирустері 4 сероварға бөлінеді. Індет кезінде кездесетін және лабороториялық құтырық вирустарының көпшілігі бірінші сероварға жатады. Басқа сероварлары әзірше тек Африкада бөлініп алынған.
Төзімділігі. Құтырық вирусы 60 градус кезінде 10 мин. өткенде, 100 градуста бірден белсенділігін жояды. Төменгі температураға төзімді болады да, тоңазытылып қатырылған мида айлап сақталады. Шіри бастаған материалда 2-3 апта бойы тіршілігін жоймайды. Қолданылып жүрген дезинфектанттардың кәдуілігі концентрациясы: 1-2% лизол ерітіндісі, 2-3% сілтілер, формалин және хлорамин вирусты тез арада белсенділігінен айырады.
Індеттік ерекшеліктері. Құтырықпен барлық жылы қанда үй және жабайы жануарлар, сонымен бірге адам да ауырады. Ит тектестер (түлкі, қасқыр, қорқау қасқыр, енот тәрізді ит), сусар тектестер, жарқанат, кемірушілердің көптеген түрлері және үй мысығы аса бейім. Бұлардан адам мен төрт түлік малдың бейімділігі төмен, ал құстардың бейімділігі өте төмен. Жас жануарлар ересектерінен гөрі құтырық вирусына сезімтал келеді.
Құтырық табиғи ошақты жұқпалы аурулардың қатарына жатады, оның қоздырушысының табиғатта сақталатын қорламасы үй және жабайы ет қоректілер, ал кейбір өлкелерде – жарқанат. Қорламасына байланысты құтырық індетінің табиғи және қалалық түрлері болады. Инфекция қоздырушысының бастауы қалалық індет кезінде иесіз иттер мен мысықтар, ал табиғи індет кезінде жабайы ет қоректі жануарлар.
Қазақстанның жағдайында құтырықтың ең басты таратушысы – түлкі, ал үй жануарларының ішінде бұл ауруғы ең жиі шалдығатыны – сиыр. Түлкінің өсіп-өну ерекшеліктеріне байланысты, атап айтқанда, жаңа ұрпағының жетіліп күшіктеуіне дейінгі уақыт 2-3 жыл өткен сайын құтырық оқтын-оқтын жиі байқалып тұрады. Бұл – осы аурудың кезеңдік сипаты. Сонымен қатар оның маусымдық ерекшеліктері де байқалады, әсіресе қысқа қарай немесе қыстың көктемге ауысқан кезінде жиілейді. Оның себебі де ауруды тарататын жыртқыштардың тіршілігіне, олардың қысты күні жыныс белсенділігі артып, ылығуына байланысты. Бұл кезде еркек аңдар бір-бірімен таласып, денелерін жарақаттайды. Құтырық түлкі, қасқыр, қарсақ және иттерге бір-бірінен тістеген сәтте жұғады. Ал алиментарлық жолмен жұғуының індет тудырарлықтай маңызы түпкілікті айқындалған жоқ.
Дауалау және күресу шаралары. Құтырықтың алдын алу үшін бірнеше мамандық иелерінің, тұрғыңдар мен әкімшіліктің үйлестірілген іс әрекеттері қажет. Барлық иттерді есепке алып, иесіз жануарларды жою керек. Иттер жыл сайын егіліп, егілмеген иттерді аң аулауға, күзетке, мал бағуға пайдалануға тиым салынады. Аңшылық және орман шаруашьшығының қызметкерлері жабайы аңдардың арасында құтырыққа күдік тудыратын жағдай болса, ветеринария мекемелеріне хабарлауы, өлген жыртқыштардың өлексесін лабораторияға тексеруге жеткізуі керек. Жабайы жыртқыштардың санын реттеп, шектен тыс көбеюіне жол бермей, артығын атып отыру қажет. Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне қарағанда түлкінің орналасу тығыздығы 10 км2 жерге 1-2-ден асырмай шектегенде құтырықтың таралуы тоқталады.
Үй жануарларын құтырықтан сақтандыру шаралары оларға жабайы жыртқыштардың шабуына жол бермеу, күзет үшін егілген иттерді ғана пайдалану болып табылады. Құтырықтың табиғи ошақтары бар жерде жайылымда бағылатын ірі қараны бұл ауруға қарсы егу керек.
Құтырық шыға қалған жағдайда сол жердегі елді мекен, жайылым, орман-тоғай, немесе басқа табиғи қорық осы аурудан сау емес деп жарияланады. Итті далаға шығаруға, көрмесін ұйымдастыруға, ит пен мысықты басқа жаққа әкетуге, жабайы ет қоректілерді ұстап алуға және басқа жаққа әкетуге тиым салынады. Елді мекендегі үйлер мен қора-жайды түгелдей аралап, егілуге мұқтаж адамдарды анықтап, барлық жануарлардың есебін қайта алып, оларды бағып-күтудің ережелерін түсіндіру керек. Табиғи құтырық байқалғанда жылдың қай мезгілі болмасын жабайы жыртқыштарды атып, санын шектеу үшін шаралар қолданады. Құтырған жануарларды жедел өлтіріп, өлекселерін өртейді немесе тиісті ережелерге сәйкес жояды.
Құтырғаны дүдәмәл жануарларды да жояды. Тек қана кісіні қапқан ит пен мысықты өлтірмей, оқшаулап 10 күн бойы ветеринариялық бақылауда ұстайды. Егер бұл уақытта кісіні тістеген жануарда құтырықтың белгісі білінбесе, оның тісі тиген адам сау деп есептелінеді.
Ауырған жануар тұрған қора-жай 10 % күйдіргіш натриймен, немесе 4 % формальдегидпен дезинфекцияланады. Арзанқол күту жабдықтары, жемшөп қалдықтары, көң өртелінеді. Жануарлардың бөлінділерімен ластанған топырақ құрғақ хлорлы әкпен араластырып, қопсытылады да, дезинфекциялаушы ерітінді құйылады.
Аурудан сау емес мал отарлары мен табындары тұрақты бақылауда болып күніне үш рет ветеринариялық тексеруден өтеді. Ауру жұқтыру қаупі бар бағалы жануарларды (таланған немесе ауру жануарлармен жанасқан) егуге рұқсат етіледі. Мұндай жануар 60 күн бойы оқшауланып, бақылауда болады. Ауру белгісі жоқ малды союға рұқсат етіледі. Оңдай малды шарушалықтың өзінде сойып, етін жалпы ережеге сәйкес пайдаланады. Клиникалық тұрғыдан сау сиырдың сүті қайнатқаннан немесе пастерлегеннен соң пайдаланылады. Құтырықтың шығуына байланысты енгізілген барлық шектеу шаралары ең соңғы ауырған жануар өлгеннен немесе сауыққаннан соң 2 ай өткеннен кейін алынады.
Бақылау сұрақтар:
1. Аурудың анықтамасы;
2. Қоздырушысына мінездеме;
3. Індеттік ерекшеліктері;
4. Дерттенуі;
5. Аурудың клиникалық белгілері;
6. Балау;
7. Дауалау;
8. Індетке қарсы шаралар;
Әдебиеттер:
1. Сайдулдин Т. «Індеттану және жануарлардың жұқпалы аурулары». - Алматы, 2009.
2. Иванов Н.П. Диагностика инфекционных болезней животных. - Алматы, 2009.
3. Қасымов Е.И. Індеттану және инфекциялық аурулармен күрес шаралары. – Алматы, 2009.
4. Асанов Н.Г. Індеттану және микробология негіздері. Алматы 2008.
5. Ветеринариялық заңдылықтар. 1,2,3-том. Астана, 2004.
№10 Дәріс
Тақырыбы: ДЕРМАТОМИКОЗДАР
Кілті сөздер: Trichophytia, дерматомикоз
Дәрістің мақсаты: Тыңдаушыларға трихофития және онымен күрес шаралары жөнінде мағұлмат беру.
Дәрістің жоспары:
1.Аурудың анықтамасы;
2.Тарихи деректер;
Қоздырушысы;
Індеттік ерекшеліктері;
Дерттенуі;
Өтуі мен симтомдары;
Балау және ажыратып балау;
Дауалау және күрес щаралары;
Трихофития (Trichophytia) – терінің суланып қабынуы нәтижесінде орны шектеулі, беті қабыршақтанып зақымданған ошақтардың пайда болуымен ерекшеленетін жұқпалы ауру.
Тарихи деректер.Трихофития тері мен оның туындыларын зақымдайтын саңырау құлақтан тудыратын дерматофитоздар (дерматомикоздар) деп аталатын аурулар тобына жатады. Әсіресе микроспорияға өте ұқсас болады да бұл екі ауруды қысаға (орысша – стригущий лишай) деген ортақ атаумен атайды. 1841ж. Груби микроспорияның, ал 1845ж. Малмстен трихофитияның қоздырушысын ашты. А.Х. Саркисов бастаған кеңес ғалымдары (1971) трихофитияға қарсы ТФ- 130 вакцинасын өндіріске енгізді.
Қоздырушысы – жетілмеген саңырауқұлақтар Fungy imferfecti тобына жататын Trichophyton туыстастығының өкілдері. Ашатұяқтыларда аурудың негізгі қоздырушысы – Trichophyton verrucosum, жылқыда – Tr.eguinum, түйеде – Tr. Sarkisovi, терісі бағалы аңдарда, қоян, теңіз тышқаны және басқа кемірушілерде – Tr.mentagrophytes. Бұлардың барлығының морфологиясы ұқсас, жіп тәрізді мицелиялардан және дөңгелек, сопақша келген споралардан тұрады.
Патматериалды және өсіндіден даярланған жағындыда қоздырушының әрбір түрінің өзіне тән морфологиялық ерекшеліктері болады. Әсіресе спораларының орналасуына (тізбектеліп, немесе ретсіз) мән беріледі. Бұл саңырауқұлақтар Сусло- агар, Сабуро ортасында өсіріледі. Өсіндінің шоңырының (колониясының) морфологиялық ерекшеліктері қоздырушының түрін анықтауға қажет деректер болып табылады.
Төзімділігі. Ауру қоздырушысы сыртқы ортада төзімді келеді. Зақымданған жүн талшығында жылға дейін, көң мен садырада 3-8 ай, топырақта 5 ай бойы сақталып, кейбір қолайлы жағдайда тіпті өсіп-өне алады. Улътракүлгін сәуле жойқын әсер етеді, қайнаған суда 2 мин ішінде, құрғақтай қыздырғанда 60-62°С-та 2 сағатта өледі. 2-5% карбол қышқылы, 1-3% сілтілер, 1-3% формалъдегид, 1-2% салицил қышқылы ерітінділері трихофитондарды 15-30 мин аралығында өлтіреді.
Індеттік ерекшеліктері. Трихофитиямен барлық мал түліктері, құстар, терісі бағалы аңдар, тышқан, егеуқұйрық, жабайы аңдар ауырады. Жас жануарлардың сезімталдығы жоғары болады да, ауруға тез шалдығып, клиникасы көбінесе асқынған түрде кездеседі. Ауру жылдың барлық мезгілдерінде кездессе де, қыста жиі байқалады. Оның себебі – бұл маусымда малдың күтімінің нашарлауы және күн сәулесінің ауру қоздырушысына әсерінің төмендеуі. Індеттің қаулауына жануарлардың топтастырылуы күшті әсер етеді. Жас төлдерді енесінен бөлу және жеке табындарға топтау, сырт жерден мал әкелу аурудың қаулауына қолайлы жағдай туғызады.
Ауру қоздырушысының негізгі бастауы – ауырған жануарлар. Олардан инфекция тікелей жанасу немесе әртүрлі заттар арқылы беріледі. Аурудың таралуына тышқан тұқымдас кемірушілер де себепкер болады. Қоздырушының сыртқы ортада өте төзімді болуы, оның қора-жайда, мал жүретін алаңдарда, жайылымда ұзақ сақталып, ауырған мал болмаған кездің өзінде әртүрлі заттар, әсіресе көң мен топырақ арқылы аурудың қайтадан таралуына себепкер болады.
Дерттенуі. Трихофитондар тері мен жүннің эпидермисінің мүйізді қабатында болатын ақзат – кератинге әуес болады. Бұл микроб әртүрлі токсиндер мен кератинді ыдырататын ферменттер бөліп шығарады. Олар терінің мүйізді қабатын жұмсартып, қабыну процесін тудырады. Өзіне сәтті жағдайда қоздырушы жүннің фоликуласына өтіп, кутикуланы, жүннің ішкі қынабын бүлдіреді. Бұның нәтижесінде жүн талшығының қорегі бұзылып, оның түсіп қалуына әкеп соғады. Зақымданған жерде гиперкеротоз өрбиді. Қабыну реакциясының дәрежесі қоздырушының уыттылығына, терінің және жалпы организімнің жағдайына байланысты болады. Қоздырушы терінің негізгі қабаты дермаға өтіп, онда қабыну реакциясын тудырып, микроабсцессалардың пайда болуы мүмкін.
Қабынған тері қышып, жануар үйкеліп, қоздырушыны денесінің басқа жерлеріне де енуіне жағдай жасайды. Микроб қан мен сөл арқылы да тарап өсіп-өнген жерлеріне көптеген дерт ошақтарын тудырады. Бұндай жағдайда зат алмасуы бұзылып, жануар арықтап кетеді. Клиникалық белгілері айқын білінген кезде аллергиялық реакция өрбіп, одан соң қан сарысуына өзгеше антиденелер пайда болады.
Бақылау сұрақтар:
1. Аурудың анықтамасы;
2. Қоздырушысына мінездеме;
3. Індеттік ерекшеліктері;
4. Дерттенуі;
5. Аурудың клиникалық белгілері;
6. Балау;
7. Дауалау;
8. Індетке қарсы шаралар;
Әдебиеттер:
1. Сайдулдин Т. «Індеттану және жануарлардың жұқпалы аурулары». - Алматы, 2009.
2. Иванов Н.П. Диагностика инфекционных болезней животных. - Алматы, 2009.
3. Қасымов Е.И. Індеттану және инфекциялық аурулармен күрес шаралары. – Алматы, 2009.
4. Асанов Н.Г. Індеттану және микробология негіздері. Алматы 2008.
5. Ветеринариялық заңдылықтар. 1,2,3-том. Астана, 2004.
№11 Дәріс
Тақырыбы: КАМПИЛОБАКТЕРИОЗ
Кілті сөздер: Кампилобактериоз, campulobacteriosis, campulobacter fetus, C.fetus subspecies fetus, C.fetus subsp.intestinalis, C.fetus subsp.jejuni, Campulobacter sputorum, Campulobacter fecalis.
Дәрістің мақсаты: Тыңдаушыларға кампилобактериоз және онымен күрес шаралары жөнінде мағұлмат беру.
Дәрістің жоспары:
1. Аурудың анықтамасы;
2. Тарихи деректер;
3. Қоздырушысы;
4. Індеттік ерекшеліктері;
5. Дерттенуі;
6. Өтуі мен симтомдары;
7. Балау және ажыратып балау;
8. Дауалау және күрес щаралары;
Кампилобактериоз (Campylobacteriosis) – жыныс мүшелері зақымданып, іш тастаумен, қайталап күйлеумен, бедеулікпен, шала жансар төл тууымен сипатталатын, негізінен сиыр мен қойдың жұқпалы ауруы.
Қоздырушысы. Жануарлар патологиясы үшін маңызды микробтың үш түрі C.fetus, C.sputorum және C.fecalis деп аталады. Кампилобактерлер жіңішке, ирек келген спора түзбейтін жуандығы 0,2-0,8 мкм, ұзындығы 0,5-5 мкм микроб. Иректігі бір немесе бірнеше орам болып, кейде ұзындығы 8 мкм жетеді. Қозғалмалы, бұрғы тәрізді қозғалады. Денесінің бір немесе екі шетінде бір-бірден жіпшесі болады. Жіпшесі клетканың өзінен 2-3 есе ұзын болуы мүмкін. Грам теріс.
Індеттік ерекшеліктері. Табиғи жағдайда кампилобактериозбен сиыр және қой ауырады, сонымен қатар шошқа да бейім. Бұл сүтқоректілерде жыныс мүшелері зақымданып, іш тастау және уақытша бедеулік арқылы байқалады. Ауруға тауық та шалдығады, негізгі белгілері: бройлерлер салмақ қосуын азайтады, мекиендердің жұмыртқалауы төмендейді, ал балапандардың өлімі көбейеді.
Кампилобактериоз барлық елдерде кездеседі. Жылдың барлық маусымында байқалса да, негізінен қыстама уақытында күзгі-қысқы мезгілде белең алады. Ауру қоздырушысының бастауы ірі қарада негізінен бұқалар. Олар ауруға шалдыға қалғанда өте ұзақ уақыт, өмір бойы дерлік, микроб алып жүреді. Қоздырушы үрпінде, күпегінде, оның енінде, шылауында сақталады да, шәуетпен, күпектің сорасымен бөлініп шығады. Сонымен қатар ауырған сиыр және құнажындар да 3-10 ай бойы жыныс мүшелерінен шыққан бөлінділер, сүт және несеп арқылы, іш тастағанда шу және шарана арқылы сыртқы ортаға микроб таратады.
Ауру қоздырушысы негізінен жыныстық жолмен шағылысқанда және қолдан ұрықтандырғанда беріледі. Ластанған төсеніш арқылы микроб сиырдың қынабына түсуі мүмкін. Залалсыздандырылмаған акушерлік құралдар, жұмыс киімі т.б. арқылы да ауру берілуі мүмкін. Ұрықтандырылмаған қашарлар, тіпті бұзаулар да кампилобактериозға шалдығады. Бұл қоздырушының алиментарлық жолмен берілуінің нәтижесі. Сау шаруашылықтарға індет ауырған малмен немесе ауру бұқаның шәуетімен келеді.
Қойда кампилобактериоз қоздырушысының бастауы – іш тастаған саулықтар болады. Олар 1-1,5 жыл бойы микроб бөліп шығарады. Ауру шаранамен, сарпайдан аққан бөлінділермен ластанған жемшөп, су арқылы алиментарлық жолмен жұғады. Қошқарлардың ауру таратуда қандай рөл атқаратыны дәлелденген жоқ. Қойға кампилобактериоз сау шаруашылықтарға ауру малмен келеді.
Індеттанулық талдау кезінде жыныс жүйесі реттілігінің бұзылуына, малдың уақтылы ұрықтанбай, қайталап күйлеуіне, уақытша бедеу мал санының көбеюіне аса көңіл бөлінеді.
Өтуі мен симптомдары. Сиырда кампилобактериозға тән тұрақты симптомкомплекс байқалады. Оның басты белгілері: шудың түспеуі, вагинит, эндометрит, слапингит және офорит. Бұлардың әсерінен малдың жыныстық қабілеті төмендеп, қысыр қалуы жиілейді.
Аурудың басты көрінісі – іш тастау. Буаз мал кез келген мерзімде іш тастайды, сүйтсе де негізінен 4-7 айлық кезде жиі байқалады. Аборт бастапқы 2 айлық мерзімде де болуы мүмкін, бірақ ол әдетте назардан тыс қалады. Тек қана сиырдың қайтадан күйлеуінен оның іш тастағанын біледі. Әдетте іш тастаған малдың шуы ұзақ түспейді, вагиниттің асқынуы, метриттің белгілері байқалады. Шалажансар, әлжуаз бұзаулар туып, 2-3 күнде ауруға шалдығып, 3-7 күн ішінде өліп қалады. Ауру жұққан соң кейбір сиырлар мен құнажындардың 1-2 апта өткенде денесінің ыстығы көтеріліп, мазасызданып, қынаптың кілегейлі қабығы домбығып қызарады да, жалқақ бөлінеді, катарлы вагинит пайда болады. Жануар тыныш тұрғанда арқасы күжірейіп, құйрығы көтеріліп, сарпайынан ірің араласқан қоймалжың сұйық бөлініп, қара-қотырланып, тобарсып кеуіп, салбырап тұрады. 15-20 күн өткенде қынаптың іші сарпайға таяу, жатырдың мойны қанталап, бөліндіге қан араласады. 40-60 күн мөлшерінде қабынған жерлер бұдырланып грануляциялық вагинит, вестибулит және цервицит байқалады. 3-6 ай өткенде қабынудың клиникалық белгілері өшеді.
Бұқаларда аурудың көзге түсердей клиникалық белгілері байқалмайды. Тек қана күпегі мен қамшысының кілегейлі қабығы қызарып, талаурайды, бастапқы 2-3 күнде суланып біршама сұйық бөлініп тұрады.
Кейін бұл белгілері де өшіп, бұқалар өмір бойы кампилобактериозды алып жүруші болады. Қойдың кампилобактериозының негізгі белгісі-буаздықтың екінші кезеңінде жаппай іші тастау. Іш тастаудан 3-5 күн бұрын кейбір малдарда бей-жайлық, күйзеліс байқалып, сарпайы ісініп, қызарып, шарана ағып тұрады. Іш тастаған малда метриттің белгілері байқалып, ыстығы 41,2-41,4ºС жетіп, қынаптан қара қошқыл сұйық ағады. Ауруға басқа инфекция қабаттасса малдың 3-10% өледі.
Кампилобактериозбен ауырған тауықтың балапандарының 1 айға дейінгілері өлімге (3-15%) ұшырайды, бройлердің салмақ қосуы 20-45%, мекендердің жұмыртқалауы 15-35% кемиді.
Балау қою клиникалық-індеттанулық деректерді талдауға, зертханалық зерттеулердің нәтижелеріне негізделген. Қойдың іш тастауы, сиырдың қайта-қайта күйлеп, қысыр қалуы, төлдің әлжуаз болып тууы кампилобактериозға күдік тудырады. Диагнозды айқындау үшін зертханалық, ең алдымен бактериологиялық тексеру жүргізу керек. Тексеру үшін зертханаға аналық малдан тастанды төлді немесе оның ұлтабарын, бауырын өт қабымен қоса, өкпесін, басын, шуды немесе оның кесіндісін іш тастаудан кейін бір тәуліктен асырмай, жатыр мойнынан аққан бөліндіні іш тастаудан кейінгі 3-4 тәулік ішінде, бұқадан күпегінен бөлінген қоймалжың сұйықты, шәуетін жібереді. Егер балаулық мақсатпен сойылған мал болса оның жатырын, қынабын, жамбас қуысындағы сөл түйіндерін алады. Зерттеуге алынатын материалдар зертханаға бітеу ыдысқа мұзбен қоса салынып, кісі арқылы жіберіледі. Бөлініп алынған микроб өсіндісін қоздырушының өсіндік, биохимиялық, антигендік, зардаптылық қасиеттері бойынша анықтайды.
Кампилобактериозға жаппай жалпы тексеру үшін сиырда қынап сұйығымен агглютинация реакциясын (ҚСАР), ал қойда қан сарысуымен агглютинация реакциясын (АР) қояды. Сонымен қатар люминисценциялық серологиялық әдіс қолданылады.
Дауалау және күресу шаралары. Асыл тұқымды мал, әсіресе бұқа сатып алғанда тек қана кампилобактериоздан сау шаруашылықтан әкелу керек. Карантинге ұстаған кезде 10 күн аралатып, 3 рет бактериологиялық тексеруден өткізеді. Қолдан ұрықтандыру станциясындағы бұқаларды 6 айда бір рет кампилобактериозға тексереді, ал шәуетіне антибиотиктер қосады.
Ауру шыға қалғанда ұрықтандыру станциясын, (малды асылдандыру мекемесін) шаруашылықты (ферманы, табынды) кампилобактериоздан сау емес деп жариялап, тиісті шаралар жүргізіледі. Малды әкелуге, әкетуге тиым салып, төлді оқшаулап ұстайды.
Ауру белгісі бар сиыр, құнажын, бұқаларды емдейді. Іш тастаған малды оқшаулайды. Қораны 2% формальдегид, күйдіргіш натрий ертінділерімен дезинфекциялайды. Көңді биотермиялық әдіспен залалсыздандырады.
Қойдың кампилобактериозы кезінде іш тастаған малды оқшаулап, емдейді. Қалғандарын басқа жайылымға әкетеді. Бұрынғы жайылымды 2 ай өткен соң ғана пайдалануға болады. Сау емес ортада күйекке қосылатын қошқарлардың бұлшық етіне 4 тәулік бойы күніне 2 реттен, әрқайсысы 4000 ӘБ/кг пенициллин мен стрептомицин жібереді.
Бақылау сұрақтар:
1. Аурудың анықтамасы;
2. Қоздырушысына мінездеме;
3. Індеттік ерекшеліктері;
4. Дерттенуі;
5. Аурудың клиникалық белгілері;
6. Балау;
7. Дауалау;
8. Індетке қарсы шаралар;
Әдебиеттер:
1. Сайдулдин Т. «Індеттану және жануарлардың жұқпалы аурулары». - Алматы, 2009.
2. Иванов Н.П. Диагностика инфекционных болезней животных. - Алматы, 2009.
3. Қасымов Е.И. Індеттану және инфекциялық аурулармен күрес шаралары. – Алматы, 2009.
4. Асанов Н.Г. Індеттану және микробология негіздері. Алматы 2008.
5. Ветеринариялық заңдылықтар. 1,2,3-том. Астана, 2004.
№12 Дәріс
Тақырыбы: СИЫРДЫҢ ЛЕЙКОЗЫ
Кілті сөздер: Сиырдың лейкозы, leucosis bovum, лейкоз крупного рогатого скота, сиыр лейкозының вирусы (СЛВ), Bovine leucosis oncovirus, жасушалардың түйісуі, cellular kissing.
Дәрістің мақсаты: Тыңдаушыларға сиырдың лейкозы және онымен күрес шаралары жөнінде мағұлмат беру.
Дәрістің жоспары:
1. Аурудың анықтамасы;
2. Тарихи деректер;
3. Қоздырушысы;
4. Індеттік ерекшеліктері;
5. Дерттенуі;
6. Өтуі мен симтомдары;
7. Балау және ажыратып балау;
8. Дауалау және күрес щаралары;
Сиырдың лейкозы (Leucosis bovum, лейкоз крупного рогатого скота) – қатерлі ісік шалу негізінде жетілмеген қан түзу және лимфоидты торшалардың шамадан тыс көбейіп, әртрлі ағзаларды жайлап алуы және ісікті ұлпалардың пайда болуымен ерекшеленетін жұқпалы ауру.
Қоздырушысы – Bovin leucosis onkovirus – Retroviridae туыстастығына Onkarnoviridae туыстық тармағына жатады. Құрамында РНҚ бар, көбейгенде ДНҚ көшірмесі бар провирус түзеді. Провирус иесінің торшасындағы хромосоммен бірігіп, торшаның негізгі қалпын өзгертіп, трансформацияға ұшыратады.
Індеттік ерекшеліктері. Сиырдың лейкозының вирусына сиырмен қатар буйвол, енеке, қой және ешкі бейім. Қолдан жұқтырғанда қой сиырдан да гөрі тез ауырады. Вирусты жаңа туған қозылардың организміне пассаж жасау арқылы оның лейкоз қоздыру қабілетін арттыруға болады. Адамның лейкозы мен сиырдың лейкозының арасында байланыс анықталған жоқ.
Лейкозбен сиыр малының барлық тұымының қай жастағысы болмасын ауырады. Әйтсе де ауру 4-8 жас аралығында жиі байқалады. Басқа тұқымдарынан гөрі қара-ала және қызыл тұқымды сиырлар бұл ауруға бейім келеді.
Лейкоздың қоздырушысының бастауы ауырған жануарлар. Ауруға шалдыққан сиыр ауру белгісі біліне бастаған мезеттен бастап вирусты сүт пен уыз арқылы бөліп шығарады. СЛВ табиғи жолмен жұққанда сиырлардың сүті мен уызындағы торшаларда орын тебеді, ал сілекей, танаудан аққан сора, несеп пен шәуеттен вирусты бөліп алу мүмкіндігі дәлелденген жоқ. Ауру бұқаның шәуетінде СЛВ болмайды, бірақ жыныс жолдарында қабыну процесі болса, шәуетке вирус алып жүретін лимфоциттер өтіп кетеді.
Өтуі мен симптомдары. Сиырдың лейкозы негізгі екі түрге бөлінеді: энзоотиялық және спорадиялық. Энзоотиялық лейкоз бұл аурудың клиникалық және патологиялық анатомиялық белгілері айқын білінген түрі, негізінен ересек жануарларда 5-8 жас аралығында жиі байқалады. Жасырын кезеңі табиғи жағдайда 2-6 жыл, қолдан жұқтырғанда 2 айдан 2 жылға дейін. Клиникалық белгілерінің айқындалуы 3 кезеңге (байқалғанға дейінгі, бастапқы жайылған және титықтаған) бөлінеді.
Лейкоздың байқалғанға дейінгі кезеңінде клиникалық белгілері болмайды. Серологиялық және вирусологиялық зерттеулер арқылы ғана диагноз қоюға болады. Бұл кезеңде гемотологиялық өзгерістер байқала қоймайды.
Бастапқы кезеңінде қан жасушаларының сандық және сапалық құрамында өзгерістер байқалады. Лейкоциттердің саны көбейіп, лимфоциттердің проценті артады, шала түрленген, жетілмеген, үлкендігі әртүрлі, дертке шалдыққан жасушалар пайда болады.
Жайылған (денені жайылған) кезеңінде қанда гемотологиялық өзгерістермен қатар аурудың әртүрлі клиникалық белгілері байқалады. Жануардың жалпы жағдайы нашарлап, тез шаршайды, жем шөпті нашар қорытып, іші өтуі мен іштің қатуы алма кезек байқалады, іші кеуіп алдыңғы қарындарының атониясы мен тимпаниясы байқалады. Ауырған мал тез арықтап, жүрек қызметі бұзылады. Кілегейлі қабықтары көгеріп, сарғыш тартады. Тыныс алуы нашарлайды. Әукесі, төсі, кіндік тұсы домбығып, артқы бір немесе екі аяғы да ақсайды. Несеп бөлуі қиындап, буаз мал іш тастайды, бедеу қалады. Желінінің бір немесе бірнеше бөлігі ісінеді. Лейкозға тән белгілер: үстіңгі сөл түйіндері (жауырын алдындағы, құлақ түбіндегі, жақ астындағы, шабындағы, желін үстіндегі), тік ішек арқылы сипап көруге болатын ішкі сөл түйіндері шамадан тыс ұлғаяды.
Балау. Алдын ала диагноз індеттанулық деректерді ескере отырып, клиникалық белгілері бойынша қойылады. Клиникалық балаудың басты әдісі – гематологиялық тексеру. Спорадиялық лейкоздың бұзаулық түрі лейкемия арқылы, ал тимустық және терідегі түрлері лейкемиясыз өтеді. Гемотологиялық тексеру әсіресе энзоотиялық лейкоз кезінде құнды. Ауруға шалдыққан, бірақ көзге түсер клиникалық белгілері жоқ жануарлардың қанында лимфоцитоз байқалады. Түпкілікті диагноз гистологиялық тексерудің нәтижесінде патологиялық-анатомиялық әдіспен қойылады.
Дауалау және күресу шаралары. Лейкоздың алдын алу үшін сау шаруашылықтарға сырттан мал әкелгенде, тек осы ауру жоқ шаруашылықтардан алу керек және осы ауруға шалдыққан малдары бар жерлермен шаруашылық қатынастарына шектеу қойылады. Сау шаруашылықта лейкозды уақытылы анықтау үшін 2 жастан ірі қараны жылына 1 рет лейкозға клиникалық гематологиялық тексеру қажет, ал 6 айдан асқанда серологиялық әдіспен жылына 1 рет, аталық бұқаларды жылына 1 рет серологиялық әдіспен (ДПР) және қанын гематологиялық тексеріп, лейкоцитарлық формуласын шығарады. Лейкоз анықталған жағдайда шаруашылыққа шектеу қойылады да, сауықтыру шаралары қолданылады. Сауықтырудың негізгі екі жолы бар. Біріншісі – ауру шыққан табынды түгелдей алмастыру. Екіншісі – жүйелі түрде лейкозға тексеріп (клиникалық, серологиялық) ауруға шалдыққан малды оқшаулап, сояды.
Лейкозбен ауырған сиырдың сүтін 5 мин. қайнатып, бордақылынатын малға беріледі. Ауруға күдікті сиырдың сүтін 5 мин. қайнатып немесе 85ºС 10 мин. пастерлеп тағамға пайдаланады.
Лейкозбен ауырған малдың ұшасы, егер борша еттері мен ішкі сөл түйіндері ошарланып зақымданса, техникалық утилге жатқызылады. Егер борша еттері зақымданбаса, ет пен зақымданбаған ішкі ағзалары қайнатылып, залалсыздандырылады.
Ауырған немесе күдікті мал бөлініп әкетілгеннен кейін қораны 2-3 % күйдіргіш натрий ерітіндісімен зарасыздандырады.
Шаруашылық соңғы ауырған мал сойылғаннан кейін екі жыл өткен соң сауықтырылды деп есептелінеді. Одан кейін екі жыл бойы барлық мал жылына бір рет гематологиялық тексеруден өткізіледі.
Бақылау сұрақтар:
1. Аурудың анықтамасы;
2. Қоздырушысына мінездеме;
3. Індеттік ерекшеліктері;
4. Дерттенуі;
5. Аурудың клиникалық белгілері;
6. Балау;
7. Дауалау;
8. Індетке қарсы шаралар;
Әдебиеттер:
1. Сайдулдин Т. «Індеттану және жануарлардың жұқпалы аурулары». - Алматы, 2009.
2. Иванов Н.П. Диагностика инфекционных болезней животных. - Алматы, 2009.
3. Қасымов Е.И. Індеттану және инфекциялық аурулармен күрес шаралары. – Алматы, 2009.
4. Асанов Н.Г. Індеттану және микробология негіздері. Алматы 2008.
5. Ветеринариялық заңдылықтар. 1,2,3-том. Астана, 2004.
№13 Дәріс
Тақырыбы: СИЫРДЫҢ ВИРУСТЫҚ ПНЕВМОЭНТЕРИТІ (ринотрахеит, парагрипп, вирустық диарея)
Кілті сөздер: Қоздырушысы- Rhinotracheitis infectiosa bovum, инфекционный ринотрахейт крс, биім жануарлар, балау, дауалау, серологиялық реакциялар.
Дәрістің мақсаты: Тыңдаушыларға сиырдың вирустық пневмоэнтериті (ринотрахеит, парагрипп, вирустық диарея) және онымен күрес шаралары жөнінде мағұлмат беру.
Дәрістің жоспары:
1.Аурудың анықтамасы;
2.Тарихи деректер;
Қоздырушысы;
Індеттік ерекшеліктері;
Дерттенуі;
Өтуі мен симтомдары;
Патологиялық – анатомиялық деректер:
Балау және ажыратып балау;
Иммунитет;
Дауалау және күрес щаралары;
Сиырдың жұқпалы ринотрахеиті /Rhinotracheitis infectiosa bovum, инфекционный ринотрахейт крс/-қызуы көтеріліп,жоғарғы тыныс жолдарының қатарлы-өліетті қабынуы және жыныс мүшелерінің зақымдануы арқылы ерекшеленетін , жіті өтетін жұқпалы ауру.
Тарихи деректер. Бұл ауру АҚШ- та белгілі болған. Бастапқыда ол екі дербес ауру ретінде қарастырылды: бірі-жыныс мүшелерін зақымдайтын жұқпалы пустулалы вульвовагинит, екіншісі- тыныс жолдарын қамтитын ринотрахейт. 1958 ж J.Gilltspic әріптестерімен екі аурудың да қоздырушысы бір ғана герпесвирус екенін дәлелдеді. 1960 жылдарда бұл вирустык ересек сиырдың іш тастауының, ал бұзауда менингоцефалиттің себепкері юолатындығы анықталды.Осыдан кейін бұл аурулардың барлығы бір нозологиялық бірлікке біріктіріліп , жұқпалы ринотрахеит аталды да, әртүрлі органдардың зақымдануы осы аурудың клиникалық түрлері ретінде қарастырылатын болды.
Қоздырушысы / Bovid alpha herpesvirus / герпесвирустар туыстығы мен тұқымдастығына жатады. Құрамында ДНҚ бар , бір ғана антигендік типтен тұрады,әр түрлі ағзаларға түскенде,соларға бейімделіп, жоғарғы тыныс жолдарын , жыныс мүшелерін, жүйкені , көздің кілегеилі қабығын зақымдайтын қасиетке ие болады. Бәріненде тыныс алу және жыныс ағзаларын торшаларына басымырақ бейімделеді.
Төзімділігі. 56 градуста қыздырғанда 20 – минут,37 град-та 4-10 тәулік,22 С-та 50 күн өткенде өледі. Төменгі температурада ұзақ уақыт сақталады.Лиофильді кептіргенде уыттылығы өзгермейді,ал алма кезек мұздатып жібіткенде зардаптылығы мен иммуногендік қасиеті төмендейді.Дезифектанттар әдеттегі ерітінді күйінде зарасыздандырады.
Ідеттік ерекшеліктері. Табиғи жағдайда тек қана ірі қара ауырады. Қолдан ешкі мен шошқа жұқтыруға болады. Сиырдың барлық тұқымдары бейім, бірақ етті тұқымдарда ауру күштірек өтеді.Ересек түрдеріне қарағанда жас малдың бұл ауруға сезімталдығы жоғары. Әсіресе жатырдағы төл ерекше сезімтал, вирустың әсерінен тез өледі де, буаз мал іш тастайды.
Ауру қоздырушысының бастауы –ауырған және ауырып жазылған мал. Сауыққан мал 6-19 ай вирус бөліп шығарады. Вирус денеден танаудан аққан сорамен, көзің жасымен , мүшелерінен бөлінген сұйықтықпен, сүтпен, несеппен, нәжіспен, шәуетпен шығады.Вируспен ластанған ауа, су, жем-шөп т.б қоздырушылардың берілу факторы, ал ауру малмен жанасқан жәндіктер, құстар,адам оның механикалық тасымалдаушылары болады. Әдеттегі жағдайда вирус малға аэроендік жолмен , ал шағылысу кезінде тікелей жанасу арқылы жұғады. Ауру көбінесе өндірістік кешендерде шоғырланған малда байқалады, өйткені оның шығуына жануарлардың тығыз орналасуы, күтімінің нашарлығы, микроклиматтың жайсыздығы ықпал етеді. Әр жерден әкелінген, иммунитетті әр түрлі деңгейдегі жануарлар ауруға тез шалдығады. Сонымен қатар көп малдың арасында вирус тарап , жануарлар денесінде қайта-қайта пасаждан өтіп , зардаптылығын барған сайын күшейтіп, індеттің тез өршуіне жағдай жасалады.
Вурис денеге аэрогендік жолмен енгенде негізінен аурудың респираторлық түрі , ал жыныс жолдарымен жұққанда генитальдік түрі дамиды. Бұрын сау шаруашылықтарда алғаш рет байқалған инфекция мал басын тұтастай қамтыған жаппай індет түрінде өтсе , бара-бара екпіні бәсеңдеп өшкін түрде, бірен-саран спорадия ретінде байқйлады , дегенмен ауа райы қолайсыз күз , қыс, көктем айларында жиірек кездеседі.
Сиырдың парагрипі/paragrppus bovum, парагипп крупного рогатого скота/- негізінен жас малда болатын , ыстығы көтеріліп, жоғарғы тыныс жолдарының катарлы қабынуымен ерекшеленетін, жіті өтетін жұқпалы ауру.
Тарихи деректер. Алғаш рет АҚШ-та 1932ж Скот пен Тарлей ауруды сипаттады , қоздырушы вирусты 1958ж Чанок пен серіктестері бөліп алды. 1959ж Рейзенгер мен Хедделстон бұл вирустың антигендік құрамы жағынан адамның парагипп-3 вирусымен ұқсас екенін анықтады. Ауруды алғашқыда анықтаған зерттеушілер этиологиялық фактор ретінде пастереллаларға айрықша мән берген болатын, кейінгі кезде бұл микроб аурудың негізгі қоздырушысы емес , оның асқынып , өлім көрсеткішінің жоғарылауының себепкері екні айқындалды . Ауру бордақылайтын малды тасымалдаған кезде жиі байқалатын болғандықтан көліктік қызба деп аталды . Кейіннен бұзаулар мен тайыншаларды өндірістік кешендерде өсіріп, бордақылайтын елдердің көбіндебұл аурудың кең тарайтыны белгілі болды.
Қоздырушысы-Parainfluenza 3 bovine paramixovirus парамиксовирустар туыстастығы мен тұқымдастығына жататын құрамында РНҚ бар вирус .Парамиксовирустар тұқымдастығының адамның паротит пен парагрипп-3 , кемірушілердің , маймыл мен құстың парагрипп вирустары мен құстың Ньюкасль ауруының қоздырушыларымен морфологиялық жағынан айырмашылығы болмағанмен антигендік құрамы бойынша өзгешелігі бар. Антигендік құрамы тұрақты , басқа елдерде бөлініп алынған вирус АҚШ-тағы эталондық прототипімен тақылеттес.
Төзімділігі.Парагриптің вирусы сыртқы ортада төзімсіз, жоғары температура мен ультракүлгін сәулетез күшін жояды. 56С-та 1сағ., 37С-та 5сағ. өледі .Ал төменгі температурада ұзақ сақталады. 4мәрте қатырып жібіткенде зардаптылығын сақтайды Қышқыл ортада төзімсіз, рН 3,4 тез күшін жояды. Әдеттегі дезинфектанттар зарарсыздандыру үшін толық жарамды.
Індеттік ерекшеліктері. Әдетте 10 күннен 1 жасқа дейін, сирегірек 1 жастан асқан жас малдар ауырады . Ересек жануарлар ауруға шалдыққан кезде жеңіл ғана ауырып , тез жазылады. Ауруға сонымен қатар қой, ешкі және түйе шалдығады. Қойдың арасында ауру кеңтаралған жағдайда сиырға арналған вакцинамен егу ұсынылады. Парагриптің вирусының / сиырдың ауруына тән штамы / буйволдан, жылқыдан, иттен , егеуқұйрықтанбөлінгендігітуралы мәліметтер бар.
Аурудың қоздырушысының бастауы –ауырған мал. Әр түрлі жастағы сау ірі қараның арасында вирус алып жүру кең тараған/80-100%-ке жетеді/ Сондықтаніндеттің тұтануына қолайсыз жағдайлар- шоғырландыру, тасымалдау, тұрған қорасының жағымсыз микроклиматы, әсіресе ылғалды суық ауа, зиянды газдар басқа да стресс-факторлар зор әсер етеді.
Вирус негізінен аэрогендік жолмен жұғады , алиментарлық және жыныс жолы мен де беріледі. Аурудың байқалуына жануарлардың иммунитет ақуалы, әсіресе бұзаулардың енесінен уыз арқылы алған антиденелердің маңызы зор.
Ірі кешендерде малды әртүрлі шаруашылықтан жинағанда, бастапқы 2 аптп ішінде індет тез тұтанады. Сондықтан аурудың алдын алу үшін кешендерге малды үздік-создық әкелмей, тез арада,2-3 күннен асырмай, толтыру керек. Бұл жағдайда «бос-бос емес» ережесін бұлжытпай орындау қажет, өйткені әрбір жаңадан әкеләнген мал аурудың шығуына себепкер болады.
Індет шыға қалғанда, егер малға жасалынған жағдай нашар болса, қысқа уақытта ауру көрсеткіші жоғары деңгейге /70% ке дейін/ жетеді Өлім көрсеткіші әдетте 2-3% шамасында, бірақ кей жағдайда 20%-ке дейін болуы мүмкін.
Бақылау сұрақтар:
1. Аурудың анықтамасы;
2. Қоздырушысына мінездеме;
3. Індеттік ерекшеліктері;
4. Дерттенуі;
5. Аурудың клиникалық белгілері;
6. Балау;
7. Дауалау;
8. Індетке қарсы шаралар;
Әдебиеттер:
1. Сайдулдин Т. «Індеттану және жануарлардың жұқпалы аурулары». - Алматы, 2009.
2. Иванов Н.П. Диагностика инфекционных болезней животных. - Алматы, 2009.
3. Қасымов Е.И. Індеттану және инфекциялық аурулармен күрес шаралары. – Алматы, 2009.
4. Асанов Н.Г. Індеттану және микробология негіздері. Алматы 2008.
5. Ветеринариялық заңдылықтар. 1,2,3-том. Астана, 2004.
№14 Дәріс
Тақырыбы БРАДЗОТ, ЭНТЕРОТОКСЕМИЯ
Кілті сөздер: Қоздырушысы- bradsot,брадзот овец, биім жануарлар, балау, дауалау, серологиялық реакциялар.
Дәрістің мақсаты: Тыңдаушыларға брадзот, энтеротоксемия және онымен күрес шаралары жөнінде мағұлмат беру.
Дәрістің жоспары:
1.Аурудың анықтамасы;
2.Тарихи деректер;
Қоздырушысы;
Індеттік ерекшеліктері;
Дерттенуі;
Өтуі мен симтомдары;
Патологиялық – анатомиялық деректер:
Балау және ажыратып балау;
Иммунитет;
Дауалау және күрес щаралары;
Қойдың брадзоты немесе секіртпе /bradsot,брадзот овец/ ұлтабар мен ұлтабар ұшы ішегінің кілегейлі қабықтарының қанталап қабынуы және ішкі үлпершек ағзалардың азғындауы арқылы ерекшеленетін , жіті өтетін жұғымтал емес жұқпалы ауру.
Тарихи деректер. Бұл ауру туралы алғашқы жазба мәліметтерсолтүстік Европа елдерінде /Исландия, Дания, Норвегия, Шотландия/ өткен ғасырдың ортасында басылды. Бастапқы да топалаң ретінде қарастырылып келді де, 1875 ж. Краббе дербес ауру ретінде сипаттады.одан кейін де «қара брадзоты» «брадзот тәрізді ауру», «неміс брадзоты», «некозды гепатит» аталатын басқа аурулардан ара жігі ашылмай, тек 1920 ж. ғана бұл инфекциялар «некрозды гепатит»аталып,қоздырушысы CL.gigas екені анықталды.Бұл микроб қазірдің өзінде де брадзоттың қосымшасы қоздырушысы ретінде қабылданып келеді.
Брадзоттың қоздырушысын тұңғыш рет Пастер мен Жубер 1874 ж. сипаттады, таза өсінін 1888 ж. И.Нильсон,1892 ж.Арлуэн бөліп алды.
Қоздырушысы. Брадзоттың негізгі қоздырушысы-CL. Septicum-полиморфты,грам оң, қозғалатын ірі таяқша,қауашағы жоқ,спорасы шеткерірек орналасады. Өлген малдың бауырының бетінен алған жағындыда ұзын тізбек түзеді. Анаэорбты микробтарға арналған орталардың барлығында жақсы өседі.Кит-Тароцци сорпасында өте жылдам өсіп, 16-24 сағ қоректік орта лайланып, газ бөлінеді, 48 сағ.өткенде микробтар пробирканың түбіне шөгіп, сорпа тұнады.CL.septicum құрамы күрделі аса күшті экзотоксин бөледі. Токсинді Мартин сорпасындағы өсіндіден сүзіп алуға болады.Бұл улы затар альфа,бетта, гамма және дельта токсиндер деп аталады.Лоардың әрқайсысының өзіне тән уыттылық қасиеті бар. Бұлардан басқа өсінді сүзіндісінде фибринолизин мен коллагеназа кездеседі және олар гангрена болғанда ұлпалардың зақымдануына себепкер болады. Қоздырушысының 0-және H-антигені бар . Олар әртүрлі антиденелердің түзілуіне иммуногендік әсер етеді.
Брадзоттың негізгі қоздырушысы да және онымен қосарланып жүретін басқа да клостридиялар сыртқы ортада химиялық және физикалық әсерлерге төзімді. Олар топырақта жылдар бойы сақталып,тиісті жағдай болғанда өсіп өнеді.Қайнатқан кезде 60-мин өледі.
Дезинфекция үшін хлорлы әктің 3 % хлоры бар тұндырылған ерітіндісі,күкірт-арбол қоспасының 10 % ыстық ерітіндісі,5 % күйдіргіш натрийдің ерітіндісі, 10 % формальдегид ерітіндісі қолданылады.
Індеттік ерекшеліктері.
Секіртпемен қойдан басқа үй жануарларынан ешкі ауырады.Ауру спорадия түрінде немесе шағын індет ретінде байқалады. Табиғи жағдайда қой жынысы мен жасына қарамай ауырғанымен көбінесе екі жасқа дейінгі , әдетте қоңдылығы жоғары малдар шалдығады. Кейде тек қана жас тоқтылар мен тұсақтар ауырса, кей жағдайда ересек қойлар ғана ауырады.Ауру жылдың кез келген маусымында шығуы мүмкін. Бірақта көбінесе қыста,немесе жаздың құрғақ айларында байқалады.
Инфекция қоздырушысының бастауы-ауырған қой.Өлген қойдың өлексесі жайылым мен суатты брадзоттың қоздырушысымен ластайды.Ауру алиментарлы жолмен және су арқылы жұғады.
Қойдың жұқпалы энтертоксемиясы немесе жыбырлақ /Enterotoxtmia infectiosa ovium , инфекционная энтеротоксемия овец/ -геморрагиялық энтеритпен, бүйректің зақымдалуы мен , жүйке жүйесінің қызметінің бұзылыуымен,дененің жалпы улануымен ерекшеленетін, өте ауыр өтетін жұғымтал емес ауру.
Тарихи деректер. Бұл ауру Қазақстанда «жыбырлақ» деген атпен ертеден белгілі.Арнайы басылымда «жұмсақ бүйрек» аталып 1910 ж Тасманияда сипатталды.1926 ж Австралияда қозының аш ішегінен қоздырушы микробты бөліп алып Bacillus ovitoxicus деп атады.1964 ж Монғолияда бұл ауру түйеде анықталды. Ауырған түйелерден қоздырушы ретінде СL.perfringens бөлініп алынды.Зерттеушілердің мәліметіне қарағанда түйенің энтеротоксемиясы Аравия түбегінде және экваторлық Африкада кездеседі
Қоздырушысы.-CL perfringens микробтың әртүрлі типтері: негізінен Bac.ovitoxicus аталатын Д-типті, Bac.paludis аталатын С-типті.Bac.ovitoxius қойдың энтеротоксемиясының негізгі қоздырушысы болып табылады,сонымен қатар ешкілер мен бұзауларда да энтеротоксемия қоздырады.
Bac.paludis қойдың энтертоксемиясының қоздырушысы болумен қатар түйенің энтеротоксемиясының негізгі қоздырушысы және ешкілер мен торайларда да ауру қоздырады.
CL.Welchi аталатын CL.perfringens микробының А-типті мен адам мен жануарлардың зілді домбығуының негізгі қоздырушысы болумен қатар бұзаулар мен ересек шошқаларда энтеротоксемия тудырады,сонымен қатар сиырдың некрозды маститінің қоздырушысы болып есептплпді.
Сонымен жұқпалы энтеротоксемияны CL.perfringens микробының әртүрлі типі қоздырады. Олар морфологиясы жағынан айырмашылықтары жоқ,тек қана антигендік құрылымы жағынан, әсіресе бөліп шығаратын экзотоксиндері бойынша, ажыратылады. Энтеротоксемияның қоздырушылары біршама ірі,жуантық/4-8 1-10мкм/ қозғалу қабілеті жоқ,шеті шорт кесілген немесе аздап дөңестеу таяқша.Кейбір қорекке бай ортада тым қысқа, коктарға ұқсас, немесе тіпті жіп тәрізді түрлері ұшырасады. Жас өсінде грам оң , ескі өсінде грам теріс боялады. Жануар денесінде немесе қан сарысуы бар ортада қауашақ, ал сыртқы ортада спора түзеді. Споралары бактерия торшасының ортасында немесе бір шетіне таяу орналасады.
CL.perfringens әсіресе оның спорасы сыртқы ортада, өте төзімді. Споралары қайнатқанда 15-20 мин.өткенде өледі, топырақ пен суда 20-айға дейін, жүн мен теріде 2-жылға дейін сақталады. Дезинфекция үшін 5-% белсенді хлоры бар әк,10 %-ті 70 С-қа қыздырылған күйдіргіш натрий,5-10 % формальдегид, 15% 70-80 С-қа қыздырылған күкірт-карбол қоспасын пайдаланады.
Індеттік ерекшеліктері. Жұқпалы энтеротоксемиямен табиғи жағдайда қойдан басқа сиыр ,ешкі, түйе, жылқы, шошқа, жабайы аңдар ауырады. Қойда энзоотия , кейде спорадия ретінде өтеді. Аурудың маусымдылығы байқалады,көбінесе көктемде,сирегірек жаз бен күзде ұшырасады. індеттің басты ерекшелігі аурудың бір жерде тұрақтанып орын тебуі. Бір жерде оқтын-оқтын қайталанып тұрады. Құрғақшылық жылдары ауру бәсеңдеп,жауын-шашын көп болғанда көп байқалады .Аурудың қаулауын жас шөптің мол өсуімен түсіндіреді. Ауруға негізінен қоңы жақсы малдар шалдығады. Кей жылдары энтеротоксемия қыстың күні де байқалады.
Энтеротоксемия токсикоинфекция ретінде көптеген мал түліктерінде кездеседі. Онымен жас төлдер:қозы,лақ, бұзау, құлын, торай және тайық балапаны,сонымен қатар ересек жануарлар да ауырады. Түйенің энтеротоксемиясы қойдағы сияқты энзоотия ретінде байқалады.
CL.perfringens шөп қоректі жануарлардың ішіндегі микрофлораның құрамына кіреді.Ішек зақымданса немесе оның моторикасы бұзылса,кенеттен малдың рационы өзгерсе, мысалы, жаңа көктеген шөпті көп жесе,клостридиялар қаурыт көбейіп, ауру туғызады. Қоздырушының негізгі уыттылық факторы-оның бөліп шығаратын экзотоксиндері.Кейбір экзотоксиндер белсенді емес, протоксиндер ретінде бөлінеді детрипсин және басқа ферменттердің немесе басқа микробтардыңсинергетикалық әсерінен белсенді күйге түседі. Қанға өткен токсиндер үлпершек ағзаларының паренхимасын,орталық жүйке жүйесін зақымдап, жалпы организмді улайды.
Бақылау сұрақтар:
1. Аурудың анықтамасы;
2. Қоздырушысына мінездеме;
3. Індеттік ерекшеліктері;
4. Дерттенуі;
5. Аурудың клиникалық белгілері;
6. Балау;
7. Дауалау;
8. Індетке қарсы шаралар;
Әдебиеттер:
1. Сайдулдин Т. «Індеттану және жануарлардың жұқпалы аурулары». - Алматы, 2009.
2. Иванов Н.П. Диагностика инфекционных болезней животных. - Алматы, 2009.
3. Қасымов Е.И. Індеттану және инфекциялық аурулармен күрес шаралары. – Алматы, 2009.
4. Асанов Н.Г. Індеттану және микробология негіздері. Алматы 2008.
5. Ветеринариялық заңдылықтар. 1,2,3-том. Астана, 2004.
№15 Дәріс
Тақырыбы: ҚОЙДЫҢ ХЛАМИДИОЗДЫҚ ІШ ТАСТАУ
Кілті сөздер: Қоздырушысы- abortuschlamidiosis ovium, хламидиозный аборт овец, биім жануарлар, балау, дауалау, серологиялық реакциялар.
Дәрістің мақсаты: Тыңдаушыларға қойдың хламидиоздық іш тастау және онымен күрес шаралары жөнінде мағұлмат беру.
Дәрістің жоспары:
1.Аурудың анықтамасы;
2.Тарихи деректер;
Қоздырушысы;
Індеттік ерекшеліктері;
Дерттенуі;
Өтуі мен симтомдары;
Патологиялық – анатомиялық деректер:
Балау және ажыратып балау;
Иммунитет;
Дауалау және күрес щаралары;
Қойдың хламидиоздық іш тастауы /abortuschlamidiosis ovium, хламидиозный аборт овец/-қағанақ қабықтарының қабынуы,іш тастау ,төлдің шала жансар тууы арқылы ерекшеленетін жұқпалы ауру.
Тарихи деректер. Ауру энзоотиялық іш таста деген атпен 1936 ж Англияда белгілі болып ,іле шала басқада Европа елдерінде тіркеле бастады. Кейіннен қой шаруашылығы дамыған барлық елдерде дерлік бар екені анықталды.
Қоздырушысы –chlamidia psittaci var.ovis-хламидиялар тобына жататын микроб.барлық хламидиялар бір-біріне морфологиялық және биологиялық қасиеттері жағынан ұқсас келеді. Олар бактериологиялық сүзгіден өтіп кетеді, торша ішінде тоғышарллық етеді және денешіктер түзеді.Қойдың хламидиоздық іш тастауының қоздырушысының екі түрлі антигендік типтері кездеседі. Бір қой мен сиырдың жыныс органдарын және ішегін зақымдайды,екіншісі бұл жануарларда энцефалит,полиартрит және коньюктивит тудырады.Хламидиялармен лабораторияларда 6-7 күн тауық эмбрионын, ақ тышқанды және теңіз тышқанын жұқтырады.
Хламидиялар тастанды төлде бірнеше ай бойы сақталады,ал сыртқы ортада тез өледі,әйтседе минус 10-20 С та бір айға дейін белсенділігін жоймайды.Қоздырушысының дезинфектанттарға төзімділіг жеткілікті зерттелмеген.
Індеттік ерекшеліктері. Аурыға қойлар жасына және жынысына қарамай шалдығады, әйтседе ұрғашы тұсақтар басқаларынан тез ауырады және ауру ең алдымен қоздацтын қойлардың буаздық мерзімінің екінші жартысына ойысқансәтінде жиі байқалады. Ауру қойдан ешкі мен сиырға да жұғуы мүмкін.
Инфекция қоздырушысының бастауы-Ауырған және хламидия алып жүретін малдар. Хламидия алып жүру мерзімі өтн ұзақ болады. Хламидиялар сүтпен, несеппен, нәжіспен, іш тастаған соң шаранаман және қынаптан аққан сорамен бөлінеді.
Аурудың жаппай жұғуы сау мал мен ауру малдың буаз кезінде,төлдеген кезінде,сақманнан кейінгі 1-2 апта уақыт аралығында және күйек кезінде жанасуынан болды.қоздырушы негізінен алиментарлық және жыныстық жолдармен беріледі. Қошқарларға хламидиялар ауру және хламидия алып жүретін саулықтардан жұғады.Ауру саулықтан туған немесе оны емген қозы инфекция бастауына айналуы мүмкін.
Сау емес шаруашылықтан әкелінген мал ауру таруда өте қауіпті.Мұндай малды әкелген соң қой отарында жаппай іш тастау байқалыуы мүмкін. Әдетте ондай жағдайда шеттен ауру мал әкелінген соң бір жыл өткен мезгілде байқалады.
Індет тұрақты байқалатын жерде ауру жасырын түрде өтеді,малдың күтімі төмендеген кезде , антисанитариялық жағдайда, сақман алу ойдағыдай өткізілмегенде індет асқынып, қойлар жаппай іш тастайды.
Даулау және күресу шаралары. Аурудың алдын алу үшін қой отарларын мал басымен толтырғанда, отар мен отардың, ферма мен ферманың, шаруашылықтардың арасында малды бір жерден екінші жерге ауыстырғанда ветеринариялық-санитариялық талаптарды мұқият орындау қажет. Жаңадан әкелінген саулықтар мен қошқарларды бір ай карантинде ұстап, хламидиоздық іш тастауға комплемент байланыстыру реакциясымен тексереді. Сау емес шаруашылықтан қошқар алуға болмайды. Қой іш тастаса, оны міндетті түрде хламидиозға тексеріп отыру қажет.
Хламидиоздық іш тастау байқалған шаруашылықта шектеу қойылады да, оны тез сауықтыру үшін шұғыл шаралар қолданады. Қойды бағып күтудің, күйекке қосудың, сақман алудың ветеринариялық- санитариялық талаптарының сақталуын қатаң бақылайды.
Іш тастаған қойларды етке өткізеді. Тастанды төлді, малдың шуын, шала жансар туған қозыларды жояды. Барлық қойларды және қозыларды төрт ай сайын КБР бойынша тексереді де, өлтірілген эмульсин вакцинамен егеді. Шаруашылықты сақманды екі рет хламидиоздық іш тастаусыз сәтті өткізген соң, барлық малдың қан сарысуын КБР мен тексеріп бір рет теріс нәтиже алғанда сау деп жариялайды.
Бақылау сұрақтар:
1. Аурудың анықтамасы;
2. Қоздырушысына мінездеме;
3. Індеттік ерекшеліктері;
4. Дерттенуі;
5. Аурудың клиникалық белгілері;
6. Балау;
7. Дауалау;
8. Індетке қарсы шаралар;
Әдебиеттер:
1. Сайдулдин Т. «Індеттану және жануарлардың жұқпалы аурулары». - Алматы, 2009.
2. Иванов Н.П. Диагностика инфекционных болезней животных. - Алматы, 2009.
3. Қасымов Е.И. Індеттану және инфекциялық аурулармен күрес шаралары. – Алматы, 2009.
4. Асанов Н.Г. Індеттану және микробология негіздері. Алматы 2008.
5. Ветеринариялық заңдылықтар. 1,2,3-том. Астана, 2004.
6В09101 – «Ветеринарлық медицина»
білім беру бағдарламасының студенттеріне арналған
“ІНДЕТТАНУ ЖӘНЕ ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР ”
пәнінен
зертханалық сабақтарға арналған
ӘДІСТЕМЕЛІК НҰСҚАУЛАР
№ 1-сабақ
Достарыңызбен бөлісу: |