Білімді тексеруге арналған сұрақтар:
1 «Ноғай» этнонимі мәні мен ноғай этносаяси қауымдастығының этникалық
құрамын талдаңыз?
2 Ноғай Ордасының құрылуының барысын сипттаңыз?
3 Ноғай билеушілері ұстанған екі бағытты талдаңыз?
4 Ноғай Ордасының ыдырау үдерісі қалай жүрді?
§ 5 «Көшпелі өзбектер» мемлекетіндегі этносаяси үдерістердің дамуы
Тарихта «Көшпелі өзбектер» мемлекеті немесе Әбілхайыр хандығы деген
атпен белгілі мемлекет өзінің этникалық, саяси және шаруашылық құрылымы
79
жағынан алғанда өзіне дейінгі Ақ Орда мемлекетінің заңды жалғасы болды. Ақ
Орда мемлекеті сонау Алтын Орда мемлекетінің негізін қалаған Бату хан тұсында
ағасы Орда Еженнің ұлысы ретінде шығыс бөлігі Алтай таулары мен Ертіс өзені,
Балқаш көлінен Сырдария алабы мен Арал теңізінің солтүстігіне дейінгі ұлан-
байтақ өңір және оған іргелес жерлерді қамтыған аумақта құрылды. Ал, бұл
өлкенің негізгі халқын қыпшақ, қаңлы, үйсін, жалайыр, алшын, қарлық, найман,
керей, арғын, қоңырат және т.б. ру-тайпалар құрады. Бұл тайпаларды біз
Қадырғали Жалайыри көрсеткен «Алаш мыңының» негізін қалаған негізгі ру-
тайпалар деп атай аламыз.
Тарих ғылымында «Көшпелі өзбектер» мемлекеті немесе Әбілхайыр
хандығы деп аталған бұл мемлекеттің тарихына қатысты даулы мәселелер көп.
Зерттеушілердің кейбір тобы оны жеке дербес мемлекеттік құрылым ретінде
қарастырса (Б.А. Ахмедов), екіншілері оның жаңа қалыптасып келе жатқан, өтпелі
кезеңдегі мемлекеттік құрылым (В.Трепавлов), үшіншілері Әбілхайыр хандығын
«көшпелі өзбектер» мемлекеті деп танудан бас тартады (З.Қинаятұлы). Аталған
мәселе біздің негізгі зерттеу нысанымыз болмағандықтан оларға тоқталмаймыз.
Дегенмен Әбілхайыр хан Ақ Орданың бұрынғы астанасы Сығанақта 20 жыл
отырып, Сібірдің оңтүстік шебінен Сырдария жағалауы, Қаратау бөктеріне дейінгі
аумақта 40 жыл билік құрғаны тарихтан белгілі.
Ақ Орда мемлекетінің көрнекті мемлекет басшылары – Орыс хан мен Барақ
ұрпақтарының билігі оның оңтүстік аудандарында ХV ғасырдың 20-шы
жылдарынан кейін де сақталып қалды. Ал, оның басқа аумағында бірнеше
феодалдық ұлыстардың билеушілері жеке дара билікке ұмтылды. Солардың
ішіндегі ең ірілерінің бірі Әбілхайыр хандығы болды.
XV ғасырдың 20-шы жылдарында бұрынырақта Алтын Орда иелігіне кіріп,
бірақ оның әлсіреу кезеңінде одан біраз уақыт дербес мемлекет ретінде өмір
сүрген Ақ Орда мемлекетінің далалық аумақтарында жаңа әулет саяси билікке
келеді. Атап айтар болсақ, Жошының үлкен ұлы Орда Ежен ұрпақтары билеген Ақ
Орда мемлекетінде 1428 жылы ұзақ саяси күрестен кейін Жошының тағы бір
баласы Шайбаннан тарайтын Әбілхайыр билікті иеленеді. Бұл оқиға туралы
ортағасырлық авторлардың бірі Мхмуд бен Уәли «Бахр ал-асрар» атты еңбегінде
былай деп жазды: «Жәнібек хан (өмірінің) аяқталу мезгілінің ең шегі болған
хижра бойынша 758 жылдың (1356-1357 жж.) басынан Шайбан ұрпақтары
шығуының басы болған хижра бойынша 835 жылдың (1431-1432 жж.) ортасына
дейін Дешті Қыпшақ мемлекетінің тағы ақылды падишах пен жігерлі билеушісіз
қалды, сол себепті дін мен мемлекет істерінің құрылысында жүгенсіздік пайда
болды, сол аумақтағы қоғамды (байланыстырушы) арқау үзілді, сөйтіп бірлік
жойылды». Міне, Алтын Орда мемлекетінің әлсіреуі мен ыдырауына байланысты
орын алған осындай тұрақсыз заманда Жайықта және оның батысына қарайғы
аумақты иеленген Ноғай Ордасы дербестеліп, күшейе түсті. Ал, Жайықтың шығыс
жағында Ырғыз, Елек, Торғай, Сарысу бойында, Тобыл мен Еділдің жоғарғы
80
ағысында Шайбани ұрпақтары, Сарысу, Жем аралығы мен Арал өңірінде
Жұмадық хан, Тобыл мен Есілдің оң жақ саласы Атбасар аралығында Махмуд
Қожа хан және т.б. күшейеді.
Ақ Орданың әлсіреу кезеңі мен Дешті Қыпшақ даласының әр өңірінде
дербес билікке ұмтылған билеушілер заманында Шайбани ұрпағы Әбілхайыр
олардың барлығын 20 жылға созылған күрестің нәтижесінде жеңіп шығып, өз
билігін орнатады. Шайбани ұрпағы Дәулет-Шайхтың баласы Әбілхайыр Тура
өңірінде (Батыс Сібір) хан деп жарияланды. Сонымен хижраның 833 жылы (1428-
1429 жж.) 17 жасында хан сайланған Әбілхайырды сол кездегі ру-тайпалардың
ықпалды өкілдері толығымен қолдайды. Әбілхайырдың жеңісінің де сыры осында
жатса керек. Бұл туралы жазған Махмуд ибн Уәли Әбілхайырды екі жүздей ру-
тайпа өкілдері қолданғанын айтады. Олардың ішінде сол кездегі белді әрі
ықпалды ру-тайпалар: қыпшақтар, найман, маңғыт, қарлұқ, қоңырат, қаңлы,
ұйылын, кенегес және т.б. аталады.
1428-1429 жылғы Әбілхайырдың Тура қаласын алғаны туралы хабар бүкіл
Дешті Қыпшақ даласына лезде тарап кетеді. Бұл жеңіс Әбілхайыр маңына басқа да
ру-тайпалардың көптеп топтасуына жағдай жасады.
Әбілхайыр хан өзінің алдына тек Шайбан ұлысын ғана қалпына келтіріп
қоймай, өз билігін бір кезде Алтын Ордаға бағынған облыстардың бәріне, яғни
Жайық (Орал) өзенінен шығысқа қарай орналасқан аумаққа орнату мақсатын
қойды. Әбілхайыр хан алдына қойған мақсатын орындау үшін ең алдымен Шығыс
Дешті Қыпшақтағы жоғарыда айтып өткен тәуелсіз ұлыс билеушілерін
бағындырудан бастайды. Ол 1430 жылы Махмұд қожаға қарсы аттанады.
Әбілхайыр әскері Махмұд Қожа ханды Тобыл өзені бойында талқандайды.
ХҮ ғасырдағы Көшпелі өзбектер мемлекеті*
81
Арада бір жыл өтер-өтпестен уақытта Әбілхайыр хан өз әскерін қайта жинап,
Хорезмді басып алу үшін соғысқа дайындалады. Көп ұзамай Хорезм де Әбілхайыр
ханға бағынады. Бірақ ол бұл өлкені ұзақ ұстап тұра алмады. Б.Ахмедов
Әбілхайыр әскерінің Хорезмнен кетуінің себептері туралы ортағасырлық авторлар
мен кейінгі зерттеушілердің пікірлерін талдай келе, Хорезмнің климаты, мұнда
көп ұзамай тараған жұқпалы ауру, Әмір Темір ұрпағы Шахрухтың әскер
аттандыруы ғана емес, Шығыс Дешті Қыпшақтың өзіндегі бүлік те ханның ат
басын кері бұруына бірден-бір себеп болды деп көрсетеді.
Осыдан кейін Әбілхайыр хан 1431-1446 жылдары аралығында үлкен
соғыстар жүргізген жоқ. Тек 1446 жылы ол өзінің қарсыласы Мұстафа ханмен
ұрыста ірі жеңіске жетті. Осы кезде Әбілхайыр Сыр бойындағы қала-бекіністер:
Ақ-қорған, Аркук, Үзгенд, Сығанақ пен Созақты басып алды.
Бұл кезде Шығыс Дешті Қыпшақтағы билікке ұмтылған Орда Ежен, Тұқай-
Темір ұрпақтары Әбілхайырға қарсы күресін тоқтатқан емес еді. Ал, осы кезеңде
дала тайпаларының басшылары бірте-бірте жеке билігін күшейте бастаған
Әбілхайырдан іргелерін бірте-бірте ажыратып, басқа Жошы ұрпақтарына қолдау
жасай бастайды. Жалпы қорыта айтқанда XIV ғасырда «шаруашылықтың
жаңғыруы, феодалдық қатынастардың нығаюы жағдайында жергілікті түркі және
түркіленіп кеткен феодалдық үстем таптың жағдайы күшейе түсті. Халық
бұқарасының моңғолдар тәртібіне наразылығын пайдалана отырып, Жошы мен
Шағатай ұлысында түркі шонжарлары Шығыс Дешті Қыпшақ пен Жетісуда
өздерінің саяси биліктерін орнату жолында күрес жүргізді». Әбілхайыр хан Ақ
Орданың оңтүстік өңірі, Қаратау маңын басып алғанға дейін мұнда Орыс хан мен
Барақ ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керей сұлтандар иелік еткен еді. Нақ осы
өңірлерде XV ғасырдың 20-шы жылдары Барақ ханның билігі күшейген еді.
Сондықтан аталған сұлтандар өздерін қолдаған ру-тайпалармен бірге бұл аймаққа
XV ғасырдың 40-шы жылдарына дейін Әбілхайырды жібере қойған жоқ.
Сондықтан да болар Әбілхайыр хан 1431-1446 жылдары аралығында өз
мемлекетінің ішкі мәселелерімен айналысады. Әсіресе өзін қолдаған ру-тайпа
көсемдерінің талаптарына ден қояды. Ал, Керей мен Жәнібек сұлтандар өзге
Жошы ұрпақтарына көмек көрсету арқылы Әбілхайырға қарсы күресін
тоқтатпайды. Бірақ жоғарыда айтып өткеніміздей, Ахмет және Махмұд хандарды
талқандағаннан кейін, Әбілхайыр Керей мен Жәнібек сұлтандардың
одақтастарына үлкен соққы беру арқылы, өз жағдайын біраз күшейтіп алған еді.
Сондықтан әлі де болса Дешті Қыпшақтың берді тайпаларының көпшілігі
Әбілхайырды қолдау саясатын жалғастыра береді.
Сөйтіп, 1446 жылдан бастап Сығанақ қаласы Әбілхайыр ханның астанасына
айналады. Әбілхайыр бұл аймақты жаулап алғаннан кейін, көрші мемлекеттердің
ішкі саяси жағдайын өз пайдасына шешіп қалуға ұмтылып, олардың істеріне қол
сұға бастайды. Солардың бірі Мәуереннахрдағы Әмір Темір ұрпақтары мемлекеті
82
еді. Осы кезеңде Әмір Темір мемлекетінде оның ұрпақтары арасында тынымсыз
күрес жүріп жатқан еді. Әмір Темірдің ұрпағы Абу Са'ид мырза Самарқанды
қоршайды. Бірақ, көп ұзамай Шығыс Дешті Қыпшақта қашып, Әбілхайыр ханнан
қолдау табады. Осылайша, Бахтияр сұлтанның басшылығымен Әбілхайыр хан
әскері Самарқандқа аттанады. Көп ұзамай Әбілхайыр әскерінің көмегімен
Самарқанд тағына Абу Са'ид мырза отырып, Ұлықбек мырзаның қызы Рабиға
Сұлтан-бегімді Әбілхайырға әйелдікке береді.
Әбілхайыр әмір Темір және оның ұрпақтарының мемлекетінде болып жатқан
саяси күреске араласуын тоқтатпайды. Арада көп уақыт өтпей, әмір Темірдің тағы
бір ұрпағы Әбд әл-Латиф мырзаның ұлы Мұхаммед Жөкі Әбілхайырдан Абу Са'ид
мырзаға қарсы көмек сұрап келеді. Әбілхайыр хан Жәдігер (Иадкар) ханның ұлы
Бүрге сұлтанды шақырып алып: «Мырза Мұхаммед Жөкі бізден көмек сұрайды,
менің ұлдарым мен жақын інілерімде бұл істі басқарағандай кісі жоқ. Сен де менің
ұлымсың, өз әскеріңмен аттан, мен де әскер қосайын», - дейді. Осылайша Бүрге
сұлтан 30 мың әскерді алып Мәуереннахрға аттанады. Бұл кезеңде Хорасанға
кеткен Абу Са'ид мырза Самарқанд қаласында өз орнына арғын руынан әмір
Мәзитті қойып кеткен екен. Ол дер кезінде жағдайды Абу Са'ид мырзаға хабарлап
үлгеріп, Самарқандты сақтап қалады. Бұл оқиға Бүрге сұлтанның Мәуереннахр
өлкесін талан-таражға ұшыратып, кері қайтып оралуы мен Мұхаммед Жөкінің Абу
Са'ид мырзаның қолына тұтқынға түсуімен аяқталады.
Әбілхайыр хан әскер күшімен Шығыс Дешті Қыпшақты біріктіріп, 40 жыл
хандық құрғанына қарамастан өз мемлекетіндегі ішкі алауыздықты жоя алмады.
Сондықтан Әбілхайырды хан көтерген кезде оны қолдаған 200-дей ру-тайпа
өкілдері бірте-бірте одан қол үзе бастайды.
Бұл Әбілхайыр хандығына ауыр соққы болып тиген 1457 жылы Сығанақ
түбіндегі шайқаста айқын көрініс берді. Осы кезде өзінің қол астындағы көптеген
ру-тайпа өкілдерінің қолдауынан Әбілхайыр хан қалмақтардың Үз-Темір тайшы
бастаған әскерінен жеңіліп, масқара келісім-шартқа қол қоюға мәжбүр болады.
Жалпы Әбілхайырды қолдаған, кезінде оның билікке келуіне ықпал жасаған ру-
тайпа өкілдерінің наразылықтары бұдан сәл ертерек басталғанын байқауға болады.
Әбілхайыр Икритуб маңында Махмуд хан мен Ахмед ханды жеңгеннен
кейін кейбір тайпа басшыларының ханға деген наразылықтары ашық көрінді.
Мәселен, бұған дейін Қадырғали Жалайыридің жазуынша екеуі «бір кеседен бал
ішкендей» тату болған. Әбілхайыр хан мен маңғыт Оқас бидің арасы алшақтайды.
Ол Шығыс Дешті Қыпшақ даласындағы келесі бір тәуелсіз билеуші Мұстафа
ханмен бірігіп, Әбілхайырдан бөлініп кетеді.
Дерек авторының хабарлауынша қият, ийджан, құсшы, қоңырат, үйсін, жат,
чимбай, қарлұқ тайпалары басшыларының әскеріне сүйенген Әбілхайыр хан
бүлікшілерді басып, қуғынға ұшыратады. Шамамен көтерілісшілер 4500-дей
адамнан айрылады. Бірақ, бұдан әрі қарайғы оқиғалар барысында Оқас би
қайтадан Әбілқайыр хан қасынан табылғанын көреміз. Бұл олардың арасында
83
татулық келісім жасалып, нәтижесінде Үзгенд бекініс қаласы маңғыттар әмірі
Оқасқа беріледі. Бұл оқиғалардың бәрі бізге өзінің жеке билігін күшейте бастаған
Әбілхайыр ханның біраз тайпа көсемдерінің қолайына жақпай қалғаны туралы ой
түюге мүмкіндік береді. Сондықтан олар бірте-бірте ханнан ақырындап іргелерін
аулақ сала бастайды. Бұл жағдай арада біраз уақыт өткенде анық көрініс берді. Үз-
Темір тайшымен болған шайқаста Әбілхайыр ханға бағынышты ру-тайпа
әмірлерінің түгел қатардан табылмауы осының айғағы еді.
Зерттеуші А.А. Семенов ру-тайпа өкілдерінің наразылықтарының себептері
туралы мынандай қорытынды жасайды. Тобыл мен Есіл бойынан оңтүстікке
Сырдария бойына қарай жүріп өткен хан әскері өздері басып өткен аймақтардың
дәстүрлі тұрмыс-тіршілігіне нұқсан келтіреді. Осылайша, өзара туыс Шайбан және
Орда Ежен ұлысының ру-тайпалары өзара қақтығысқа түсті.
Көріп отырғанымыздай, зерттеулердің көпшілігі Әбілхайыр ханның 40 жыл
хан болғанына қарамастан, өз мемлекетінің ішіндегі алауыздықты жоя алмаған
билеуші болғанына назар аударады. Мәселен, Б.Ахмедов Бүреке сұлтан, Ибақ-хан,
Керей мен Жәнібек сұлтан сияқты Ақ Орданың бұрынғы билеушілерінің
ұрпақтары Әбілхайыр ханның бірде-бір әскери жорықтарына қатыспағандығын
жазады. Бұл дегеніміз Орда Ежен, Тоқай-Темір сияқты Жошы ұрпақтарының
Әбілхайыр хан билігіне қарсы болғандығын көрсетсе керек. Қазақстанның
оңтүстік аудандарында Керей мен Жәнібекке рулар мен тайпалардың едәуір бөлігі
бағынды, олардың төңірегіне көшпелі рулық-тайпалық шонжарлардың
айтарлықтай топтары, әсіресе үстем таптың Барақ ханды қолдаған және
Сырдариядағы қалалармен байланысты бөлігі топтасты.
Алтын Орда мемлекетінің ыдырау процесімен бірге сонау Шыңғыс дәуірінен
қалыптасқан салт-дәстүрлер де өзгере бастады. Мұның бірден-бір себебі моңғол
шапқыншылығынан бірнеше ғасыр өткен кезеңде жергілікті түркі және
түркіленген моңғол тайпалары саяси билікке ие болып, ендігі жерде жергілікті
жердегі бар билікті өз қолдарына шоғырландыра бастауы еді. Осы кезден бастап
әлсіреген Шыңғыс ұрпақтарының номиналды билігі сақталып қалды. Жоғарыда
айтып өткеніміздей дәл осы кезеңде 17 жасар Әбілхайырды 200-дей ру-тайпа
өкілдерінің қолдауы мен оның қасынан Едіге ұрпағы Оқас бидің табылуының
себебі де осыдан болса керек. Оқас би Әбілхайырдың маңында жиырма жылдай
болды. Қадырғали Жалаиридің жазғанындай хан мен бидің «бір кеседен ішкен»
тұсы осы кезең болса керек. Уақыт өте келе Әбілхайыр 17 жасар жас билеушіден
бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақты қамтыған күшті мемлекеттің тәжірибелі
билеушісіне айналды. Сондықтан 1440 жылдардан бастап Оқастың ұрпақтары
өздеріне тиімді билеушіні іздестіруді бастап кетті. Бұл жағдай Әбілхайыр
билігінің әлсіреуін одан әрі тездетті. Әбілхайыр билікке келген тұстан бастап оған
қарсы оппозицияда болған ағайынды Жәнібек, Керей сұлтандар ендігі тұста ашық
бас көтеруге мүмкіндік алды.
84
«Көшпелі өзбектер» мемлекеті немесе Әбілхайыр хан билігі тұсында өмір
сүрген, алғашқы кезеңнен-ақ оның саналы қарсыластарына айналған, Ақ Орданың
заңды мұрагерлері Керей мен Жәнібек туралы тіс жармайтын, бірақ Әбілхайыр
ханның тарихына арналған Усман Кухистанидің шығармасына сүйене отырып,
Б.Ахмедов XV ғасырдың 40-шы жылдары Керей мен Жәнібек Сыр бойында
болмаған, әйтпесе олар Әбілхайырға қарсылық көрсетер еді, - деп жазады. Бірақ,
біз, қазақстандық зерттеушілердің аталған кезеңде Сыр бойы мен Қаратау
баурайларында орналасқан Созақ, Сығанақ қалаларының Керей мен Жәнібек
қолында болды.
Негізінен шайбанидтер әулеті алғашқы кезінен-ақ Жошы ұлысының сол
қанатына, яғни Ақ Ордаға қарасты болған. 1428 жылы Ақ Орданың соңғы
билеушісі Барақтың орнына Әбілхайырдың билікке келуімен Шығыс Дешті
Қыпшақта билеуші әулет ауысты. Осылайша, Шығыс Дешті Қыпшақта Орда-
Ежен-Орыс хан ұрпақтарының орнына Шайбанидтер әулетінің билігі орнады. Бұл
жағдай сол заманда қалыптасқан саяси-идеологиялық өлшемдер бойынша Ақ
Орданың заңды мұрагерлік билік дәстүрінің бұзылуын көрсететін еді. Осыған
орай Арғындар әуел бастан Ақ Орда билеушілерін, біз қарастырып отырған
кезеңде олардың мұргерлері Керей мен Жәнібек сұлтандарды қолдағандары
түсінікті.
Жалпы алғанда өздерін Шығыс Дешті Қыпшақтың заңды мұрагерлеріміз деп
санаған бұрынғы Ақ Орда билеушілері, яғни Жошының үлкен ұлдарынан
тарайтын ұрпақтары Шайбанидтер билігіне қарсы тынымсыз күрес жүргізді.
Бұрынғы Ақ Орда мемлекетінің негізгі халқын құраған «көшпелі өзбектерге» 40
жыл билік жүргізгеніне қарамастан Әбілхайыр хан мемлекеті саяси жағынан
тұрақты, күшті мемлекет бола алған жоқ. Сондықтан да болар бұл мемлекет
Әбілхайыр қайтыс болысымен бірден ыдырап кетті. Керей мен Жәнібек сұлтан
бастаған топ ата-баба жұртындағы билікті қайтарып алуға ұмтылды. Дерек тілімен
айтсақ «бүлік пен бұзақылық туын көтеріп, бағынбау және құлақ аспау жағында
тұрған» Жошы ұрпақтары Ахмад хан, Махмұд хан Әбілхайырға көп қарсылық
көрсетті. Бұл жағдай ең соңында Әбілхайыр хан қайтыс бола салысымен ол құрған
мемлекеттің ыдырап кетуіне әкеліп соқты.
Әбілхайыр хандығы мен Моғолстанның әлсіреуі және ыдырауы жағдайында
аталған кең байтақ аймақтың рулары мен тайпаларының ең ықпалды көсемдері
саяси тәуелсіздікке ұмтылды немесе әлдебір Шыңғыс ұрпағы арқылы қамқоршы
іздестірді. Олардың көбісі алғашқы қазақ хандарының біртұтас мемлекет құру мен
оны нығайтуға бағытталған іс-әрекеттерін қолдады. Сондықтан қазақ рулары мен
тайпаларының едәуір бөлігі сонау 40-50 жылдардың өзінде Қазақстанның
оңтүстігіндегі жерлерде – Қаратау баурайларында, Сырдарияның төменгі
ағысында, Түркістанның солтүстік бөлігінде Керей мен Жәнібектің маңына
топтасқан еді.
85
Ал, Әбілхайыр хан өз билігін нығайту жолындағы күреспен, көптеген Жошы
ұрпақтарының және рулар мен тайпалардың бағынбаған басшыларының
қарсылығын басумен әлек болып жүргенде, Ақ Орда хандарының мұрагерлері
өздеріне қарасты ру-тайпаларға сүйене отырып бұл аумақта тұрақты билігін
қамтамасыз етіп алды.
Керей мен Жәнібек бөлініп көшіп кетісімен Әбілхайыр хан олардың
қарсылықтарын басуға ұмтылғаны белгілі. Бірақ ол өз мемлекетінің ішінде орын
алған Жошы ұрпақтарының, атап айтсақ Орда Ежен, Тоқа Темір, Шайбан
ұрпақтары мен ықпалды ру-тайпа басшыларының өзіне қарсы күресін басумен
әлектеніп жүрді. Сондықтан ол (Әбілхайыр хан) қайтыс бола салысымен, оның
мемлекеті үлкен дағдарысқа ұшырады. Қазақ билеушілері Керей мен Жәнібек
Шығыс Дешті Қыпшаққа ұмтылды.
Достарыңызбен бөлісу: |