2. Қазақстан экономикасының соғыс жағдайына (1941-1945 жж.) бейімделуі.
2-дүниежүзілік соғыс жылдары (1941—45) республика алдына айрықша қиын, кезек күттiрмейтiн және бiр-бiрiмен байланысты мiндеттер қойылды. Бұл КСРО-ның батыс аудандарынан көшiрiлген өнеркәсiп орындарын қабылдау, оларды тиiстi жерлерге тездетiп орналастыру, өнiм өндiрудi кiдiрiссiз жолға қою болатын. Экономиканы түгелдей соғыс жағдайына бейiмдеу, өндiрiс қуаттарын үнемi арттыру, майданды барлық керектi заттармен қамтамасыз ету қажет болды. Республика бұл мәселелердi ойдағыдай шештi. 1941 жылдың 4-тоқсанында және 1942 жылдың басында Орта Азия мен Қазақстанға көшiрiлген 250 кәсiпорынның жартысынан астамы (142) Қазақстанға орналастырылды. Көшiрiлген және жаңадан салынған зауыттар мен фабрикаларды iске қосу нәтижесiнде жұмыс iстеп тұрған негiзгi қорлардың өндiрiстiк қуаты бiршама артты. Жаңа өнеркәсiп салалары пайда болды, олар: қара металлургия, мұнай өндiру, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, станок жасау, кен және шахта жабдықтарын өндiру, сығымдағыш-автомат шығару, шағын литражды моторлар, прокат, құбырлар, сымдар, жасанды талшық жасау, т.б. Мата, жүн иiру, тоқыма заттар, шұлық, метиз-фурнитура, айна, кондитер, жемiс-консервi, темекi және шай өлшейтiн өндiрiстер жұмыс iстедi. Соғыс жылдарында Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Қазақ металлургия зауыты, Текелi полиметалл комбинаты, Қарағанды көмiр шахталары, Ембi мұнай кәсiпшiлiктерi, Гурьев (қазiргi Атырау) мұнай айыру зауыты, кен байыту фабрикалары, кенiштер, Қаратау кен-химия комбинаты, электр станциялары, жеңiл және тамақ өнеркәсiбi орындары, жүздеген км темір жол желiлерi iске қосылды. Түстi металлургия өнiмдерiнiң маңызы артты, мыс өнiмдерiн өндiру 1,5 есе өстi. Қазақстан ел қорғанысына аса қажеттi қорғасын беретiн негiзгi базаға айналды. Қысқа мерзiм iшiнде мыс пен қорғасын қақтамаларын өндiру игерiлдi. Балқаш жұмысшылары мыс өндiрудi 10 есе, молибдендi 20 есе, түстi металл қақтамасын 2 есе арттырды. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен Жездi марганец кенiшi ел қара металлургиясының қажеттерiн едәуiр дәрежеде қанағаттандырып отырды. Қазақ металлургия зауыты 1944 жылы желтоқсанда тұңғыш рет болат бердi. Республика майдан мен тылды көмiрмен, мұнаймен, түстi және қара металдармен жабдықтау жөнiндегi жетекшi базалардың бiрiне айналды. Елдi көмiрмен жабдықтайтын кен орнының бiрi ретiнде Қарағанды көмiр алабын дамытуға баса назар аударылды. Соғыс кезiнде Қарағанды кеншiлерi 34 млн. т-дан астам көмiр өндiрдi, Оңтүстік Оралға берiлетiн кокстелетiн көмiр көлемі 90% өстi. Қазақстанның мұнай өндiрiсi бүкiл соғыс жылдары майданды мұнай өнiмдерiмен қамтамасыз еттi. Гурьев мұнай айыру зауыты iске қосылуына байланысты әскери техника жоғары октанды бензинмен және сапалы жағар маймен қамтамасыз етiле бастады. Қазақстанның отын және металлургия өнеркәсiптерi жоғары қарқынмен дамыды. Соғыс жылдарында Қаратау кен-химия зауыты (1944), Қарағанды синтетикалық каучук зауыты (1943), Қостанай жасанды талшық зауыты, Гурьев (Атырау) мұнай айыру зауыты (1945) салынды. Алматы ауыр машина жасау зауыты, Шымкент пресс-автоматтар зауыты, Целиноград (Астана) “Қазақ ауыл шаруашылық машинасы”, Орал арматура зауыттары жалпы одақтық маңызға ие болды. Армияны киiм-кешекпен және соғыс жабдықтарымен, ал халықты күнделiктi тұтыну заттарымен жабдықтаған жеңiл және тамақ өнеркәсiбiнiң маңызы ерекше. Маман жұмысшылар мен қызметкерлердiң соғысқа кетуiне байланысты кәсiпорындарды жұмыс күшiмен қамтамасыз ету қиындай түстi. Әйелдердi, жас жеткiншектердi, қарт кiсiлердi жұмысқа тартуға тура келдi. Қазақстанда соғыс жылдары 102 мың жас жұмысшы тәрбиелендi. 1945 жылы өнеркәсiп өндiрiсiнде iстейтiндердiң саны 255,4 мың адамға жеттi. Соғыстың алғашқы жылында қорғаныс қорына республика халқынан түскен ақша мөлшері 700 млн. сомнан асты. Соғыс кезiндегi қиындықтарға қарамастан 1945 жылы мұнай өндiру 1940 жылмен салыстырғанда 1,3 есе, көмiр — 1,7, электр энергиясын өндiру 1,8 есе артты. Соғыс жылдарында республикада ауыл шаруашылығы салалары тез дамыды. 1942—1943 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егiс көлемі 1 млн. га-дан астам ұлғайды. Қазақстан ауылдары мен деревнялары зор жiгермен еңбек еттi. Республика шаруашылықтары мемлекетке 5839 мың т астық, оның iшiнде 3568 мың т бидай, 241 мың т картоп, 174 мың т көкөнiс, 1389 мың т қант қызылшасы, 323 мың т мақта, 738 мың т мал мен құс етiн, 1146 мың т сүт, 64 мың т жүн өткiздi.
Достарыңызбен бөлісу: |