Астения - өте қатты шаршап-шалдығу, жүдеу, көңіл-күйдің тұрақсыздығының ақырғы шегі, ұйқының бұзылуы кезінде байқалатын жүйкелік-психологиялық әлсіздік.
Аутизм – ойлау логикасының дұрыс дамымауынан немесе психотроптық құралдар әсерінен адамның ойлауының қалыпты жағдайының бұзылуы, адамның сыртқы дүниеден оқшауланып, өзімен-өзі болып, іштей сары уайымға салынған кездегі көңіл-күйі.
Аутогендік жаттығу - емделушіні бұлшық еттік релаксацияға, өзін-өзі иландыруға, адам зейінін әлдебір көріністерге шоғырландыруға және әлдебір көріністерді көз алдына елестету бейімділігіне баулуға, субъект үшін маңызды іс-әрекеттің тиімділігін арттыру мақсатымен еріктен тыс жүзеге асатын ақыл-ой белсенділігін бақылай білуді оқытып-үйрететін психотерапевтік әсер ету әдістемесі.
Ауызша сөйлеу - естіп қабылданатын тілдік құралдар арқылы вербальдық (сөздік) тілдесу. Ауызша сөйлеуге тән сипат - сөйленген хабарламалардың жекелеген құрамдастары бірінен соң бірі туындайды және қабылданады.
Ауытқыған мінез-құлық - әлеуметтік нормалар мен ережелерді қайталап бұзудағы, тұрақты сипаттағы мінез-құлық; белгілі бір қоғамда қалыптасқан дерек, балалар мен жасөспірімдердің әкімшілік жазалау шараларын қолдануға апарып соғатын құқық бұзушылықтарды үнемі жасау, қылмыс белгілері бар, қоғамға қауіпті әрекеттердің орындалуы.
Афазия (сөйлеудің бұзылуы) - жүйке жүйесінің кейбір бөліктерінің зақымдануынан адамның сөйлеу қабілетін жартылай немесе толық жоғалтуы.
Аффект - адамның көңіл-күйінің кенеттен өзгеріп, зор қарқынмен бұрқан-тарқан болып сыртқа тебуі (долдану, ызалану, торығу, т.б.).
Афференттеу - сыртқы (экстерорецепция), сондай-ақ ішкі (интерорецепция) тітіркендіргіштерден қабылданған ақпараттың сезім органдарынан орталық жүйкеге келіп түсетін жүйкелік импульстарының тұрақты тасқыны.
Афференттік синтез - функциялық жүйе теориясында шешім қабылдау мақсатымен қоршаған орта және іске қосылатын стимул жөніндегі есте сақталған материалды, мотивацияны, ақпараттарды жинақтау.
Әдептілік - белгілі бір моральдық нормалар мен принциптерді бұлжытпай орындау. Әдептілік өте қажет қасиет, сезім мөлшерінің негізгі белгісі.
Әдет - жеке адамның өмірінде тұрақтанып қалыптасқан, бойына дарып үйреншікті болып кеткен қылық, адамның санасына тәуелсіз түрде қажеттілігіне айналып, қалыптасып кеткен тұрақты дағды.
Әділдік - моральдық сана ұғымы. Әділет қоғам өміріндегі жекелеген адамдардың атқаратын ролі мен олардың әлеуметтік орны арасындағы, қылмыс пен жаза, адамдардың абыройы мен оның сыйақысы, құқықтар мен міндеттер арасындағы арақатынасты бағалайды.
Достарыңызбен бөлісу: |