«Жалпы тіл білімі» пәні бойынша дәріс сабақтарының конспектісі



бет33/35
Дата07.05.2024
өлшемі135.74 Kb.
#500682
түріСабақ
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   35
ЖТБ дәріс сабақтары(Лекция)

Фердинанд де Соссюр – Швейцария тіл ғалымы, Париж, кейін Женева университеттерінің профессоры. Жоғары білімді Лейпциг университетінен алған. Ф. де Соссюрді, әдетте, тіл біліміндегі социологиялық мектептің негізін салушы деп санайды. Бірақ оның ғылыми мұраларын бір ғана ағым, бір ғана мектеп я көзқарас шеңберінде қарауға болмайды. Оның теориялық өрісі өте кең, жан-жақты. Ол өзінің еңбектері арқылы тіл ғылымы дамуының жаңа дәуірін ашқан, қазіргі заман тіл білімі дамуының ең басты проблемаларын айқындап, оған бағыт-бағдар сілтеген, жан-жақты ойланылған біртұтас жүйелі лингвистикалық концепция жасаған адам. Ғалымның көптеген теориялық тұжырымдары бірсыпыра елдердегі лингвистикалық ой-пікірлер дамуына күні бүгінгі дейін күшті әсерін тегізуде.
Ф. де Соссюр атына байланыстыратын тағы бір мәселе – зерттеудің синхрондық және диахрондық түрлері.Ол тіл білімін синхрондық лингвистика, диахрондық лингвистика деп екіге бөледі.
Синхрондық лингвистика тілдің ішкі жүйесін зерттейді де, диахрония бір – біріне байланыста алынған тілдік элементтердің тарихын зерттейді.Тілдің ішкі механизмі дейтініміз – тілдік жүйе.Тілдік жүйенің сырын ашу тек синхрондық зерттеудің ғана қолынан келеді.Сондықтан синхрондық лингвистика диахрондық лингвистикадан маңыздырақ.Ол – тілдің белгілі бір дәуірдегі күйі туралы теория.Синхрония тілдік жүйе құрайтын элементтердің бір – бірімен логикалық, психологиялық қарым – қатынастарын талдайды.
Сөйтіп, Ф.де Соссюр тілді зерттеудің сипаттама (синхрония) және тарихи (диахрония) әдістерін бір – біріне қарама – қарсы қояды.Синхрония тілдік жүйенің сырын ашады, диахрония тілдік жүйені бұзады, оны өзара байланысы жоқ, бөлек – бөлек фактілердің жиынтығына айналдырады деп қарайды.Тіл ғалымдарының басым көпшілігі Ф. Де Соссюрдің бұл пікірін тіл тарихының мәнін елемегендік деп санайды.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
1. Ф.де Соссюрдің тіл біліміне қосқан үлесі
2. Жас грамматизм бағыты

14 ДӘРІС ТАҚЫРЫБЫ: Структуралық тіл білімі.


Дәріс жоспары:
1. Структуралық тіл білімі
2. Негізін салушылар
1. 20 ғасырдың алғашқы жартысында дүниеге келген тілдік мектептердің ең көрнекті және кең тарағандарының бірі – структуралық тіл білімі деп аталатын бағыт.Бұл мектеп салыстырмалы – тарихи тіл біліміне, оның бір бұтағы жас грамматикалық мектепте қарсы бағытта туып қалыптасты.
Структуралық тіл білімінің немесе структуралық әдістің дүниеге келуінің ішкі – сыртқы себептері бар.Ең негізгісі 20 ғасыр ғылымы дамуында пайда болған жаңа бағыт.19 ғасыр ғылымының негізгі сипаты тәжірибе арқылы бақылаудан туған фактілерді есепке алу, сипаттау болса, 20 ғасыр ғылымы олардың өзіндік мәнін, ішкі заңдылықтарын, зерттеліп отырған нысанның құрылым ерекшелігін, оны құрайтын элементтердің арақатынасын, бір – бірімен байланысын, бір – біріне тигізетін әсерлерін ашуға тырысады.
20 ғасырдың бас кезінен бастап философия, жаратылыстану, әдебиеттану, тарих, эстетика, психология, социология, этногафия сияқты бірсыпыра ғылымдарда өз пәнін өзара шарттас, біріне – бірі тәуелді элементтерден тұратын күрделі біртұтас құрылым деп санап, оны осы тұрғыдан зертеу талабы күшейді.Бұл тіл біліміне де әсер етті.Сонымен бірге, жалпы ғылымның, оның жаңа түрлері – кибернетиканың, математикалық логиканың дамуы, электрондық машиналардың пайда болуы, оны тіл біліміне қолдану талабының өсуі, тілдің практикалық қызметінің бірден – бірге күрделене түсуі структурализм бағытының тууына себепші болды.
Структуралдық бағыттың көпшілікке танылған үш мектебі болды: Прага (Чехословакияда), Копенгаген (Данияда) мектептері және дескриптивтік мектеп (Америкада).Кейін келе бұл бағыт басқа елдерге де тарады. Структурализм мектептерін біріктіретін ортақ бағыт, проблемалар мыналар:
1. Структурализм мектептерінің барлығы да тілді ішкі элементтері бір – бірімен байланысты, тұтас жүйе, бір бүтін құрылым деп санайды.Тіл білімінің міндеті – тілдің құрылымын – структурасын зерттеу дейді.Бұл бағыттың структуралық лингвистика деп аталуы да осыдан.
2. Жас грамматистер тілді зерттеуде тек дифферренциялық принципті қолданса, тілдік элементтерді бір – біріне байланыссыз жеке зерттесе, структуралистер тілдік элементтерді бір – біріне байланыста, тұтастықта қарайтын интеграциялық принципті қолданады.Тілдің құрылымдық элементтерін зерттеуде лингвистикалық сипаттау әдістемесін қолдануға шешуші мән берді.
3. Үш мектептің үшеуі де құрылымдық, құрамдық элементтерге жіктелушілік және олардың бір – бірімен ішкі байланысы тілдің ең негізгі қасиеті, тіл білімінің негізгі міндеті – тілдің құрылымдық элементтері арасындағы байланысты талдау – тіл білімінің тек өзіне ғана тән, оның бірден бір нысаны деп біледі.
4. Структурализм мектептерінің барлығы да Ф. Де Соссюрдің ізімен тілді таңбалар жүйесі деп санайды.
5. Структурализм мектептері синхрония, диахрония проблемасына да мән берді.Синхрондық зерттеу – тіл жүйесінің ішкі механизмін ашуда шешуші рөл атқарады деп, оны бірінші орынға қояды (Прагалықтардан басқалары).
2. Прага мектебі. Бұл мектеп өзіндік бағыты бар лингвистикалық үйірме ретінде 1926 жылы қалыптасқан.Оны қалыптастырушы чех ғалымы профессор В.Матезиус (1882-1945). Үйірме құрамында Б.Гавранек, Б.Трнка, В.Скаличка, орыс эмигранттары С.Карцевский, Р.Якобсон, Н.Трубецкой, т.б. болған.
Үйірме 1929 жылдан бастап «Прага лингвистикалық үйірмесінің еңбектері» деген жинақ шығарып тұрды.Мектептің теориялық бағдарламасының мазмұны «Прага лингвистикалық үйірмесінің тезисі» деген атпен осы жинақтың бірінші томында жарияланды.
Бұлар тіл білімінің негізгі нысаны – тілдің құрылым жүйесі мен тілдік элеметтердің қызметін зерттеу дегенді баса айтты.Әрбір элемент өзінің тілдік жүйеде атқаратын қызметіне қарай бағалану керек, тіл дегеніміз – функционалдық жүйе, белгілі бір мақсат үшін қолданылатын тілдік таңбалардың жүйесі, тіл білімінің міндеті осы жүйені тілдің барлық қабатынан – фонологиядан, морфологиядан, синтаксистен, лексикадан да табу және олардың әрқайсысының өзіндік сипаттарын айқындау деп санайды.Тілдік элементтердің қызметін бірінші орынға қоятындықтарына қарап, бұл мектепті Прагалық функционалды лингвистика деп те атайды.
Функционалдық лингвистика өкілдерінің әрқайсысы әр түрлі проблемамен айналысты.Солардың ішінде олардың жақсы зерттеп, айтарлықтай табысқа жеткен саласы – фонология.Фонологияны олар функционалды лингвистиканың ең жетекші пәні деп санады.Бұл мәселеде Прагалықтар Бодуэн де Куртенэнің фонема туралы ілімін басшылыққа алып, оны ілгері дамытты.Бұл салада әсіресе Н.С.Трубецкойдың атқарған рөлі, ғылыми табысы елеулі болды.Ол өзінің «Фонологияның негізі» (бұл еңбек автор қайтыс болғаннан кейін 1939 жылы неміс тілінде басылып шықты, 1960 жылы орыс тіліне аударылды) деген еңбегінде әр түрлі тілдердің екі жүзге жуық Фонологиялық жүйесін сипаттайды.Фонетика мен Фонология тіл білімінің тең дәрежедегі екі саласы: фонетика сөйлеу дыбыстарын, Фонология тіл дыбыстарын зерттейді. Прага мектебі тілдік элементтердің арақатынасын зерттеуде, алдымен, сол қарым – қатынас көрсеткіштерінің (элементтердің) өзіндік сипатына ерекше мән беру керек, қарым – қатынас пен сол қарым – қатынасқа түсетін материал мен формалар өзара байланысты болатындығын естен шығармау керек дейді.
Копенгаген структуралық мектебі. Бұл мектеп өкілдері өздерін компаративистикалық бағыттығылардан бөлектеу үшін гректің глосса деген сөзі негізінде глоссематиктер деп атады.Осы атау арқылы олар өздерінің тек тіл біліміне ғана тән мәселелермен айналысатын, тілдің ғылымдарарлық нысандарына жуымайтын зерттеушілер екендіктерін байқатқысы келді.
Глоссемантикалық бағытты қалыптастырушы және оған дем беруші Дания тіл ғалымы профессар Луи Ельмслев (1899-1965). Бұл мектептің теориялық негізін белгілеген алғашқы еңбек – Ельмслевтің 1928 жылы жарияланған «Жалпы грамматиканың негіздері» атты кітабы. Глоссематиктер 1933 жылдан бастап Прага мектебімен бірлесіп, «Тіл білімі жөніндегі еңбектер» атты журнал шығарып тұрған. Журнал структуалистердің халықаралық органы деп жарияланды. Осы журналдың бірінші санында жарияланған глоссематик Вигго Брендальдің «Структуалдық лингвистика» деген мақаласы Ельмслевтің кейінірек те жарияланған «Лингвистикадағы структуалық талдау әдісі», «Тіл теорияларының негіздері», «Тіл теориясына кіріспе» деген мақалаларында (бұл орыс тіліне аударылған) глоссематиканың негізгі ұстанған бағыттарыны кең баяндалған.
III. Дескриптивтік мектеп 20 ғасырдың 20-жылдарында Америкада қалыптасқан. Мектепті қалыптастырушылар АҚШ тіл білімінің классиктері профессорлар Эдуард Сепир (1884-1939), Леонард Блумфилд (1887-1949). Бұл структурализмді қалыптастыруда екеуінің атқарған рөлі мен ұстанған принциптері бір емес. Сондықтан бұл екеуі қазіргі АҚШ тіл біліміндегі – этнографиялық, структуралық деп аталатын екі мектептің дем берушілері болып саналады.
Америка структурализмі дескриптивтік мектеп немесе дескриптивтік әдіс деп те аталады. Бұл әдіс бойынша, тілдің белгілі бір дәуірдегі күйі, статикалық қалпы эмпирикалық тәсіл бойынша сипатталады, ондағы өзгеріс-құбылыстар. Даму, тарих дегендер ескерімейді.
Дескриптивтік мектеп – тілдік мәтіндерді талдаудың әдіс-тәсілдерін қалыптастыру, жетілдіру, лингвистикалық терминдерді айқындау мәселелеріне ерекше мән берді.
Америка структуралистеріне бірден-бір материал болған және сол әдістің дүниеге келуіне себепші болған үндістер тілдерін ең алғаш зерттеген адам – Американың көрнекті тіл ғалымы белгілі антрополог Франц Боас (1858-1942).
Леонард Блумфилд өз зерттеулерінде бихевиоризмдік (мінез-құлық) психологияның концепцияларын басшылыққа алды. Бұларша, психология тек мінез-құлықты ғана зерттеу керек, ал, мінез-құлық дегеніміз – организмнің сыртқы реакциясының жиынтығы, реакция қоршаған орта туғызатын стимулдар арқылы механистік жолмен пайда болады.
Леонард Блумфилд те өз ілімін механистік теория деп атады. Бихевиоризм механистік концепциясын сол күйінде сөйлеу процесін түсіндіруге белгілі бір жағдайға байланысты туатын реакциясы деп есептейді.
Дескриптивтік әдіс өз дамуының жоғары сатысына 20ғасырдың 40-50жылдары көтерілді. Леонард Блумфилдтің көрнекті шәкірттерінің бірі Э.Харрис 1951жылы «Структуралық лингвистиканың әдістері» деген монография жазды. Бұл еңбек Америка структуралистері зерттеулерінің жинақталған қорытындысы іспеттес. Онда дескриптивтік әдістің ең түйінді, өзекті мәселелері жан-жақты талданған.
Америка структуралистері өздерінің алдына жалпы тіл білімі теориясын дамыту міндетін емес, тілдік элементтерді оңай және тез табу, оларды есепке алып, қандай контексте қолданылатынын айқындау міндеттерін қойды.
Дескриптивистер тіл – ішкі, сыртқы байланыстары бар сигналдар жүйесі дейді де, тіл білімін металингвистика, микролингвистика деп екі салаға бөледі.
Металингвистика сөздік мінез-құлықтың сыртқы жағын зерттейді. Ол этнолингвистика, психолингвистика, социолингвистика, металингвистика, фонетика, паралингвистика (интонация, ымдау-нұсқау сияқтыларды зерттейді) деп аталатын салаларды қамтиды.
Микролингвистика сөздік сигналдарды сипаттайды, бірақ оны сипаттағанда металингвистикалық жайттарға, яғни сыртқы өмірмен байланысқа, тарих мәселелеріне, тілдің семантикалық жинағына көңіл аудармайды, оның материалдық жағын ғана зерттейді. Америка структуралистері зерттеудің негізгі әдістемесі ретінде дистрибуцияны алады (бөлу, жіктеу мәнінде). Тіл білімінде дистрибуция дегеннен белгілі бір тілдік элементтің сөйлеу прцесінде қолданылатын орны, контексі деген мағына түсініледі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   35




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет