Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда



бет6/12
Дата08.06.2016
өлшемі1.68 Mb.
#122896
түріАнықтамалық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

Шығармалары :
Әбдіков Т. Таңдамалы : Роман және повестер.- Алматы : Жалын,1991.- 512 б.

Әбдіков Т. Көкжиек: Әңгімелер.- Алматы : Жазушы , 1969.

Әбдіков Т. Өліара. Роман.- Алматы : Жалын,1985.

Әбдіков Т. Оң қол: Повестер мен әңгімелер.- Алматы : Атамұра, 2002.-352 б.

Әбдікұлы Т. Парасат майданы: Повесть.- Алматы : Фолиант,2003.- 80 б.

Әбдікұлы Т. Әке: Повестер мен әңгімелер.- Алматы : Қайнар, 2005.-

384 б.
Өмірі мен шығармашылығы туралы :
Сарбалаев Б. Ақиқатты айта алсаң..: Жазушы Т.Әбдіковтың «Ақиқат» кітабы туралы // Сарбалаев Б. Ақиқат алдында : Әдеби- сын мақалалар.- Алматы , 1982.- 95 б.
***
Әбдікұлы Т. «Малым – жанымның садағасы, жаным- арымның садағасы» : ( Жазушымен сұхбат) // Егемен Қазақстан.- 2005.- 29 қазан.

Әбдікұлы Т. Рухани кемелдену адамның өзіне- өзі үңілуінен, өзімен - өзі күресуінен басталады // Қазақ әдебиет.- 2005.- 18 ақпан.

Сұлтанов Қ. Көркем сөз, сұлу тәсіл, алтын сандық: (Мемлекеттік сыйлыққа шығармалары ұсынылған жазушы Төлен Әбдіков туралы)

// Егемен Қазақстан.- 2004.- 27 қараша.




Әбдіқадыров Қалмақан

(1901- 1964)
Қалмақан Әбдіқадыров Қызылорда облысы Шиелі кентінде 1901 жылы туған. Алғашқы «Сырдария» деген өлеңі 1925 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланды. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Жалшы» деген атпен 1928 жылы жарық көрді. 30- шы жылдарда өлеңдерін өндіртіп жазып, «Екпін», «Шахтер», «Өлеңдер» жинағын баспадан шығарады. 1935- 51 жылдары аралығында жазған «Май», «Батыр», «Сәтбаев», «Еділ- Дон», «Келес қызы» поэмалары нақты өмір шындығынан алынып, қазақ азаматтарының ерлігі мен өнегелі істерін бейнелеуге арналған. Қ. Әбдіқадыровтың «Қажымұқан» повесі үш рет қайта басылып, 1970 жылы орыс тілінде жарық көрді. «Алатаудың бауыры» (1935), «Амантай» (1936), «Тапқыш» (1937), «Тәтті қауын» (1936) кітаптар қазақ балалар әдебиетін дамытуға айтарлықтай үлес қосты. Қ.Әбдіқадыровтың «Серт» жинағына Ұлы Отан соғысы жылдарында майданда жүріп жазған өлеңдері топтастырылған . Қ.Әбдіқадыров проза жанрында да бірнеше шығармалар жазды. Оның «Келес қызы» повесі кезінде идеялық- көркемдік жағынан айтуға тұрарлық шығарма ретінде танылды.

«Қажымұқан» повесінде қазақ халқының атақты палуаны, классикалық күрестің дүниежүзілік чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмір жолы қызықты, тартымды баяндалған. Қ.Әбдіқадыров Шығыс әдебиетінің классиктері Ә.Фирдоуси, Ә.Науаи өлеңдерін, қырғыз А.Тоқомбаев, орыс жазушысы В.Кожевников шығармаларын аударған адамзаттың рухани қазынасына айналған . «Мың бір түннің» 4 кітабын арабшадан қазақшалауға отыз жылдай өмірін арнады.

Қалмақан Әбдіқадыровтың әдеби-ақындық қызметінің он жылдығына арналған «Байсалды жүйрік» деген мақаласында Сәкен Сейфуллин: «...Мен ақынды жүйрікке теңеп отырмын. Жүйрікке бап керек, жүйрікке жарану керек. Жарану дегеніміз – біздің заманымызда оқу, білім кеңейту. Әсіресе мен оның қарапайым жағдайлығын жақсы көремін.... Өйткені Қалмақан шын жүйрік, байсалды жүйрік», - деп әділ бағасын берген.

« ... Қалмақан поэзиясының ең бір құнды жағының өз кезіндегі заман шындығын тап басып жырлай білгендігі, өмір, уақыт талабымен табылып отыратындығы»- деп Мұхтар Әуезовтің айтуы да ақын шығармашылығына С.Сейфуллин берген жоғары бағаны толықтыра түскендей.

Қ,Әбдіқадыровтың поэмалары, шығыс үлгісінде жазылған дастандары қазақ әдебиетіне үлкен мұра боп қалды.

Қ. Әбдіқадыров жауынгерлік «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Қалмақан Әбдіқадыров 1964 жылы қайтыс болды.


Шығармалары :
Әбдіқадыров Қ. Жалшы : Өлеңдер.- Қызылорда : Қазақ баспасы, 1928.

Әбдіқадыров Қ. Екпінді : Өлеңдер.- Алматы : ҚМКӘБ,1932.

Әбдіқадыров Қ. Батыр: Өлеңдер.- Алматы : ҚМКӘБ,1940.

Әбдіқадыров Қ.Таңдамалы өлеңдер мен поэмалар.- Алматы : ҚМКӘБ,1957.

Әбдіқадыров Қ. Мың бір түн: 4 томдық / Ауд. Қ.Әбдіқадыров.- Алматы : Жалын,1993.

Әбдіқадыров Қ. Алатаудың бауырында: Өлеңдер.- Алматы : ҚМКӘБ,1995.

Әбдіқадыров Қ. Сандыбадтың жеті сапары: «Мың бір түн»хикаятынан алынған ертегі/ Ауд. Қ.Әбдіқадыров.- Алматы : Жалын, 1996.

Әбдіқадыров Қ. Қажымұқан: Повесть.- Алматы : ҚАЗақпарат, 2005.-

216 б.
Өмірі мен шығармашылығы :
Қалмақан Әбдіқадыров (1901- 1964): Өмірбаяны, өлеңдері берілген

//Атамекен.- Алматы, 1998.- 131 б.

Қараев М. Қалмақан Әбдіқадыров.- Алматы: Қазақстан, 1997.

Достияров А. «Мың бір түнімен» марқайтқан: немесе жазушы Қалмақан Әбдіқадыров неге қағажу қала береді? // Қазақ елі.- 2009.- 24 наурыз.



Әбділдаұлы Орысбай

( 1939)
Орысбай Әбділдаұлы 1939 жылы 11 наурызда Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Жамбыл ақын аулында дүниеге келген. 1958 жылы Жамбыл ауданында Жамбыл атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін, үш жылдық әскери борышын өтейді. Әскерден кейін Ұзынағаш ауылындағы Жамбыл Жабаев атындағы № 23 ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесіне түсіп, оны 1962 жылы бітіріп шығады да, 1962- 63 жылдары өзінің туып- өскен ауылы Жамбыл колхозында тракторшы- механизатор, тіркеуші, маяшы, тұқым себуші сияқты әртүрлі жұмыстар атқарады. 1963 жылы Қарғалы шұға комбинатында жүк тасымалдаушы болады. Осы жылдары аудандық, облыстық, республикалық газет- журналдарына өлеңдері жариялана бастайды. Әңгіме, новеллалары жарық көреді. Көзін ашқаннан малды ауылдың тұрмысын көріп, өзі де шопан әкесіне болысып, қой қайырып, қозы көгендеуге бой үйреткен малды ауылдың баласы жас кезінен қиялға шомып, Алатаудың әсем табиғатына, мөлдір бұлағына, Майтөбе, Көктөбе, Суықтөбе сынды жайлауына бауыр басып, ғашық күй кешкендіктен қиялын қамшылап, көкірек көзіне әлдеқандай бір сырлы да нұрлы сезім ұялатып ержетеді. Сол бір әдемі де әуезді әсерлер қолына жиі – жиі қалам ұстатады.

1964 жылы Қазақтың Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсіп, оны 1968 жылы тәмамдаған соң, алдымен «Балдырған» журналында, сосын республикалық «Жас Алаш» газетінде істейді.

1969- 1980 жылдар арасындағы жастар басылымындағы журналистік жұмыс 1980 жылы «Жалын» баспасындағы баспагерлік қызметке жалғасады. Баспада аға редактор, топ жетекшісі болып 1994 жылға дейін істейді. Содан соң 1994 жылдан 1997 жылға дейін республикада тұңғыш рет ашылған заң әдебиеттерін шығаратын «Жеті жарғы» баспасында редакция басқарып, жүйелі жұмыс атқарады. 1997 жылдан бері қарай Алматы облыстық «Жеті-

су» газетінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі .

Газет пен баспагерлік жұмысты ұштастырған тәжрибелі қаламгер

«Баспасөз үздігі» төс белгісімен және Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңестік грамотасымен марапатталған. Қазақстан Журналистер одағының және Жазушылар одағының мүшесі. Халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты, «Жетісу» газеті жариялаған «Тұңғыш Президент» атты арнаулы байқаудың жеңімпазы. Классикалық күрестен спорт шеберлігіне кандидат қаламгердің өнердің бар саласынан да таласы бар. Қай өнерге де жаны құштар жан «Жігітке жеті өнер де аз» дейтін аталы сөзді қамшыланып, қос қанаты – қаламы мен домбырасын қатар ұстап келеді. Халық әндерін насихаттап, ұлттық дәстүрді жалғастыруға да құмбыл. Қолына домбыра алып, той бастайтын, беташар айтатын қосалқы өнерден де құралақан емес.

«Жеті жарғы» баспасынан жарық көрген «Шапағат» (1998) атты салт- саналық жыр жинағы соның бір нышаны десе болғандай. «Ана тілін ардақтауды өз отбасыңнан баста» дегенді уағыздайтын қаламгер туралы теледидарда «Әбділдаевтар - ән құмар әулет» атты әдеби – музыкалық хабар болғаны көзі қарақты көпшілікке аян.

Алатау баурайында, Майтөбе, Көктөбе, Суықтөбе сияқты сұлу да мөлдір таулы өңірде, шопан шаңырағында тәрбиеленген Жетісу өңірінің перзенті, Қарасай, Наурызбай, Саурық, Сұраншы батыр ұрпағы, Сүйінбай, Сарыбай, Жамбыл бабалар жалғасы ретінде қазақы қалпын сақтап, қалам тербеп келеді. Жастайынан спортты сүйіп өскен тау ұланы өте- мөте балалар өміріне көбірек ден қояды. Оның «Сымбат» (1969), «Қолтаңба» (1982),

«Өмірсерік» (1983), «Палуан» (1986), «Туған жер демі» (1986), «Уыз шақ» (1989), « Шапағат» (1998) атты әңгіме, новелла , өлең кітаптары шыққан.

Мәселен, «Өмірсерікте» ән- күй тарландары мен енді-енді өнер көгіне самғаған жастардың арман-мұраты әдемі әуенмен әдіптелсе,

«Сымбат» атты жинақта сұлу мүсін, құрыш денсаулық үшін жанталасқан жасөспірімдер қиял- көңілі ширатылып, өріледі, бала құштарлығын оятады, тазалық, мөлдірлік категориялары алға тартылады. Ал, «Туған жер демі» мен «Уыз шақ» кітаптары туған жерге деген жүрек жылуын, табиғат пен адамдар арасындағы қылдай нәзік жалғастықты ту етіп көтереді. Қоршаған орта сән- салтанаты, көңілге оттай ыстық ауыл бейнесі алтын арқау етілген әңгімелер мен новеллалар сағыныш сезімге бөлеп отырады. «Шапағат» жол - жоралғы жырларының мүлде жөні бөлек. Ұлттық салтымыз ұмытылмасын, үздік үрдістеріміз үзілмесін, ежелгі рәсім - дәстүріміз жалғаса берсін деген ізгі ниеттен туған қалам іздері - қазақ халқының бар болмысын көрсетуге бағышталған.
Шығармалары :
Әбділдаев О. Сымбат: Очерктер жинағы .- Алматы Жалын, 1979.- 151 б.

Әбділдаев О. Қолтаңба : Деректі әңгімелер.- Алматы : Жалын, 1982.- 216 б.

Әбділдаев О. Өмірсерік : Халық таланттары туралы толғау.- Алматы : Өнер, 1983.

Әбділдаев О. Салт – серілер сабағы : Эсселер, зерттеулер, толғаулар .- Алматы : Ғылым, 1883.- 232 б.

Әбділдаев О.Туған жер дәмі: Әңгімелер мен новеллалар.- Алматы : Жалын, 1986.- 248 б.

Әбділдаев О. Уыз шақ : Әңгімелер мен новеллалар.- Алматы : Жалын, 1989.- 336 б.

Әбділдаев О. Дау шешеді дана сөз.- Алматы : Жеті Жарғы, 1996.- 303 б.

Әбілдаев О. Шапағат: Жол- жоралғы жырлары .- Алматы : Жеті Жарғы, 1998.- 112 б.

Әбілдаев О. Сөз бен саз: Деректі әңгімелер мен эсселер, ойтолғамдар.- Алматы : Ана тілі, 2001.- 320 б.

Әбілдаев О. Төлеген- толғау.- Алматы : Ана тілі, 2006.- 152 б.




Әбдірахманова Тұрсынхан

(1921- 2003)
Тұрсынхан Әбдірахманова 1921 жылы 5 қарашада Семей облысының Жарма ауданына қарасты «Бөке» деген рудникте туған. Әке-шешесі ерте өліп, өз ағасының қолында тәрбиеленіп оқыған.

Ауыл мектебінде мұғалім, мектеп директоры, Абай, Аягөз, Шар аудандарында жауапты қызметтер атқарды. 1950- 54 жылдары «Қазақстан әйелдері» журналының бөлім меңгерушісі. 1954 -59 жылдары ҚазМУ- ды, онан кейін осы оқу орнының аспирантурасын бітіріп, Республикалық баспасөз комитетінде аға редактор, Қазақ Ғылым академиясында ғылыми хатшы. М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып ұзақ жылдар бойы жұмыс атқарды. (1954 жылы «Ілияс Жансүгіровтің лирикасы» деген тақырыпқа кандидаттық, 1981 жылы

«Қасым Аманжоловтың поэтикасы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады).

Т.Әбдірахманова есімі жұртшылыққа ең әуелі әнші ретінде танылған. Тұрсынханның салған әндері радио, теледидар, грампластинка арқылы қазақ арасына кең тарады. Қазақ жамағатының санасында орын алды. Тұрсынханның өлеңін оқығанда оның әншілігі еске түседі, әнін естігенде ақындығы ойға оралады.

1959 жылы «Ән» атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрді. Онан бергі кезеңде оннан аса жыр кітабын оқырманға ұсынды. Алматы, Москва баспаларынан шыққан бірнеше таңдамалы өлеңдер жинағы қазақ, орыс тілінде жарық көрді.

Ол үздіксіз іздену, үйрену, талаптану арқасында өзінің бойына біткен табиғи дарынын жетілдіріп, белестен белеске шығып отырған жан. Оның жоғарыда аталған қос өнері бір адамның басына жетерлік секілді көрінеді. Бірақ Тұрсынхан бейнеті көп, рахаты аз тағы да бір іс саласына ден қойып, мұнда да ойдағыдай табысқа жетті. Оның әдебиеттану жолындағы зерттеушілік жұмыстары да қомақты. Алғашқыда Ілияс Жансүгіров лирикасы жөнінде кандидаттық диссертация жазған Тұрсынхан кейінде

«Қасым Аманжоловтың поэтикасы» деген тақырыпта монография тудырып, филология ғылымдарының докторы деген ғылыми дәрежеге ие болды.

1984 жылы «Қазақстан халық жазушысы» деген құрметті атақты алғашқы қаламгерлердің бірі болып иеленді. Қазақстан Ғылым акдемиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты атанды. Кейбір өлеңдері чех, неміс, ағылшын, испан, француз, араб, көрей тілдеріне аударылды.

Т.Әбдірахманова көркем аудармаға да араласып келеді. Ол

Евг. Юнганың «Даңқы өшпес кеме» повесін, М.Стельмахтың Лениндік сыйлық алған «Адам қаны – су емес» романын , А.Маяковскаяның

«Владимир Маяковскийдің балалық және жастық шағы» атты әңгімесін, А.С.Макаренконың «Коммунистік тәрбие туралы», т.б. шығармаларды қазақ тіліне аударды. Тұрсынхан Әбдірахманова «Құрмет белгісі» орденімен,

«1941- 45 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін», «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медальдарымен, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің, Татар АССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен марапатталған.


Шығармалары :
Әбдірахманқызы Т. Бес томдық шығармалар жинағы .- Алматы : Қазығұрт, 2003.

Әбдірахманова Т. Ақын сыры : І. Жансүгіровтың лирикасы туралы.- Алматы : Жазушы, 1965.- 158 б.

Әбдірахманова Т. Ән: Өлеңдер.- Алматы : ҚМКӘБ, 1959.- 54 б.

Әбдірахманова Т. Әннен әнге: Өлеңдер.- Алматы : ҚМКӘБ, 1962.- 103 б.

Әбдірахманова Т. Білесің бе бұларды.- Алматы: ҚМКӘБ, 1962.- 28 б.

Әбдірахманова Т. Көгершін көңіл: Өлеңдер мен поэмалар.- Алматы : Жазушы, 1968.- 116 б.


Әбдірахманова Т.Кемел: Таңдамалы өлеңдер.- Алматы : Жазушы, 1974.- 232 б.

Әбдірахманова Т. Қасым Аманжоловтың поэтикасы.- Алматы: Ғылым, 1976.- 296 б.

Әбдірахманова Т. Мерей: Таңдамалы өлеңдер мен поэмалар.- Алматы: Жазушы, 1981 .- 304 б.

Әбдірахманова Т. Ақшам : Өлеңдер мен поэмалар.- Алматы : Жазушы, 1987.- 334 б.

Әбдірахманқызы Т. Замана сазы: ( Өлеңдер, әдебиет туралы мақалалар, өмірбаяндық толғам) .- Алматы: Ана тілі, 2000.- 400 б.
Өмірі мен шығармашылығы:
Жотабаев Н. Әрі ақын, әрі ғалым, әрі әнші: ( Т.Әбдірахманова )

//Әдебиет айдыны.- 2005.- 21 шілде.

Мүрсәлім Г. Тұрсынхан Әбдірахманова лирикасы //Қазақ тілі мен әдебиеті .- 2007.- №8.- 119- 121 б.

Әбдірашев Жарасқан

(1946- 2001)
Жалпы жыр сүйер барша қауым, өгейсіткенімен өлеңді өзегінен тебе қоймаған иісі қазақтың іші таза игі жақсылары Әбдіраштың Жарасқанын, ең алдымен, ақын, ақын болған да, жалынды, жігерлі халық сөзін қапысыз сөйлер қайсар отты, ойлы ақын деп мойындайды. Бұл шындық.

Мен білетін тағы бір шындық бар.

«Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» деп ақындар хакімі Абай айтады. Шынында, Жарасқан жыр өлкесіне өзінше өлеңдетіп, көпшілікті өз үнімен елеңдетіп келді. Сонау алпысыншы жылдардың басында Жарасқанның әдеби әлеумет назарын аударған алғашқы жинақтары балаларға арналған еді. Және де бұл жинақтар, - тәй- тәй басқан талапкердің емес, тез қалыптасқан қаламгер қарымын танытқан. Танытқаны сол – тұңғыш жинағы туралы талант атаулыға тілегі қалыс ақын Тұманбай Молдағалиев «Қанат ұшса қатаяды» деп қуана пікір білдірді. Екінші кітабы туралы қолпаш пен мақтауға мырзалық жасауға қашан да жаны қас ақын Қадыр Мырзаәлі 1972 жылы: «Жарасқан Әбдіраштың «Саяхаты» өнердің парыз- борышы мен міндет – мүддесін азамат ақынша сезінуден барып туған туындылар десек, дайындығының дүмпуі екен. Бұл оның «Ақын болып қалыптасу үшін, өзіңе дейінгі жүз ақынды, өзіңмен тұстас жүз ақынды жатқа біл!» деген ұлы ақын назирасын ұстанғаны екен.

1977 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Қазақ балалар поэзиясын» құрастыру кезінде Жарасқанның өзім бұрын оқысам да мән бере қоймаған бір өлеңіне тәнті болдым. «Тәнті болдым!» деймін-ау, таңырқай сүйсіндім. Қайта оқимын да, осы уақытқа дейін көз алдымда күнбе - күн бадырайып тұрған, өлмес өлеңге сұранып тұрған «сиқырлы кілтті» қалай байқамағанмын деймін. Басқалар қалай байқамаған деймін. Жо- жоқ, байқаппыз. Алфавиттің басында «А» тұратыны туралы жазбағанымыз сирек. Алайда, бәріміз де арырақ бармай, ірі ойдың іргесінен қайтыппыз. « А» - Ата, ана, ар, Алатау, Алма... деп ұғындырып, «Ә», «Б» дыбыстарына да сондай ассосация тудырар балама іздеп бас ауыртсақ қой...

Әр ақынның атынан бұрын ауызға алынар ақындық төлқұжаты іспетті өлеңі болады. Мысалға, менің балаларға арналған «Он саусақ», «Бал араның жыры», «Орақ - олақ» деген өлеңдерім, Әнуарбек Дүйсенбиевтің

«Біз өмірдің гүліміз», «Ағайынбыз бәріміз», «Ақ мамам», Жақан Смақовтың «Бөпеш», «Қаз- қаз бас», Қадыр Мырза Әлінің «Ана тілі», «Сағат сыр»,

«Ақыл», Қастек Баянбаевтың «Байтаулы бала», «Қолшатыр көтерген он батыр» атты өлеңдері солай танылған, солай бағаланады. Әбдіраштың Жарасқанының лирикалық поэзияда ақындық төлқұжаты «Ақ бұлақтар»да, балалар поэзиясындағы ақындық төлқұжаты осы – «Алфавит сыры» дер едім.

«Алфавит сыры» - қазақ балалар поэзиясына қосылған үлкен олжа» екенін кезінде жаздым. «Қазақ балалар поэзиясының антологияларына» жазған жаңылмайтын сияқтымыз. Автордың ізденуі мен табуының, оқуы мен тоқуының арасында хас дарынға тән табиғилық бар. Бұған қуанбасқа болмайды.

Бұл кітаптың бірінші жақсылығы - композициялық тұтастығында жатыр. Екінші жақсылығы өлеңдерінің сәби санасына, олардың ұғым деңгейіне әлінше лайық жазылуында. Үшінші жақсылығы – ақынның өзі оқушы боп сөйлеп, оқушының ақын боп ойлануына мүмкіндік беруінде сияқты.

Ақын ағалары артқан үлкен үміттің ақталарына мен сол кездің өзінде- ақ сенгенмін. Сенгенім – аталған кітаптардағы өлеңдердің дені менің қолымнан өткен дүниелер еді. Менің «Балдырғанда» бас редактор болып тұрған жылдарымда басылған дүниелер еді. Сенімге жетелеген оқиғаның бастысы тек бұл емес...

Сол екі аралықта «Жалын» альманағының 1971 жылғы үшінші санында Жарасқанның «Балалар поэзиясын бағдалағанда» атты көлемді шолу мақаласы жарияланды. Аты шолу мақала болғанымен, бұл бүкіл қазақ балалар поэзиясының арғы – бергі тарихына үңілдіріп, кәсіби деңгейге көтерілгенге дейінгі ойлы - қырлы жолын ойлылықпен пайымдатар парасатты, зерделі зерттеу еді. Талай жылдардан кішкентайларға арналған

«кішкентай жанр» саналып, назардан тыс қалған салаға, сол салада қалам тербеп, хал - қадырынша біраз шаруа бітіргендерге жаңа бір көзқараспен жасалған бетбұрыс еді.

Біз Жарасқанды қазақ балалар поэзиясының білгірі, болашақ жанашыр сыншысы- ау деп түйдік. Бірақ олай болмады. Бұл - оның балалар ақыны болып қалыптасу барысындағы іргелі ізденіс, іштей алғы сөздерінде белгілі ғалым - сыншылар Серік Қирабаев, Құлбек Ергөбеков мен айтқан пікірдің орындылығын өз ойларын өрбіте түсті. Мысалға, Қ.Ергөбеков:

«Жарасқан Әбдірашев әліппенің өзін өнерлік деңгейге көтере салмақты, ойлы өлең жазады» деп өте дәл айтқан.

Қазір Әбдіраштың Жарасқанының бұдан басқа да өлеңдері антологияларға, оқулықтарға, әдістемелік оқу құралдарына еніп, туған халқымыздың бүгіні мен болашағына қызмет етер рухани қазынамызға айнала бастады.

Жарасқанның шығармашылық ізденіс аясын аударма өнеріндегі өзгеше өрнегінен де байқауға болады. Күні кешеге дейін аударманы көлденең көк аттылар ермек етіп жатқанда, ақындық өнер алдындағы, өнер мұраты алдындағы өзінің тектілігі мен тазалығын сақтап қалғандардың бірі ретінде ол талай «шымыр жаңғақтарды» жігін тауып шаға білді. Кезеңнің аз күндік керегіне ғана жарайтын жылтырақ дүниелерге жүгіріп, алдамшы да арзан табыс, баянсыз абыройға бой алдырмай, мәңгілікке бетпе-бет келеді- ау деген мықтылардың жалына жармасты. Құрық тимеген шу асауды бас білдіргендей, дініне берік қазық тілінің, қазақ өлеңінің дәстүр-заңына бұлтақсыз бағындырып, жатық сөйлетті.

Мен бұл арада түрлі тіл оралымы, ұйқас ұнасымы, сөз ойындары, образ жүйесі ұлттық қана ұғымдармен терең тамырласып, жатқан туындыларды, атап айтқанда, орыстың әлемге әйгілі балалар ақындары ақындары Корней Чуковскийдің «Дәрігер Айболит», Агния Бартоның

«Ойыншықтар», «Өсіп келем» сияқты өлең кітаптарын аударудағы түп етекпен ұстаған тапқырлығы мен табандылығы, ұсынақтылығы мен шеберлігін меңзеп отырмын. Аталған дүниелермен қатар аударылған талай өлең кітаптары ұзаққа шыдамай ұмытылып, уақыт шаңына көмілді. Ал, Жарасқан аударған «Дәрігер Айболит», «Ойыншықтар» жеке кітапша да болып, ұжымдық жинақтарға да еніп, қайта басылумен келеді.

Балалар поэзиясындағы отыз жылдық шығармашылығының қорытындысы іспетті осынау бір томдықты дайындауда да Жарасқанның көп ізденгені, кешегі –бүгінгі жазған - сызғанын жинап бере салмай, бір өзек бір жүйеге, бір арнаға тоқайластырып, келісті де кесек туынды жасауда мақсат тұтқаны көрініп тұр.

Кітаптың атын «Шежірелі шаңырақ» деп қойыпты. Балалар түгілі, ересектердің біразының басын ауыртар ұғым. Несі бар! Ауыртсын! Ойлансын! Білсін!

Еліміздің ежелгі салт-дәстүрлерін түбірінен тірілткіміз келсе, ұлттық ой-санаға осындай ұғымдарды осы бастан сыздықтата сіңіре беруіміз керек.

Бес бөлімнен тұратын кітаптың алғашқы үш бөлімінің «Тұсаукесер», «Тілашар», «Тоқымқағар» деп аталуында да «шаңырақтың иесі» бар. Баланың балабақшаға, одан соң мектепке барғаны ата-ана үшін үлкен қуаныш, үлкен той десек, бағзыда осыған ұқсас барлық құтты қадамның аты - айдары болған. Бөлімдегі өлеңдерде салт - дәстүр, жол - жора, түрлі рәсімдер ауызға алынбағанмен, оқиға өтіп жатқан уақыт, орта, көңіл- күй

бір-ақ сөз, бір- ақ ұғым арқылы әдемі де әсерлі берілген. «Тоқымқағардан» оқырман «Алтын көпір» арқылы, яғни, аудармалар арқылы дүниенің төрт бұрышына көз тігеді. «Достық дәптеріне» үңіледі. Мұнда кішкентай оқырмандардың көркемдік таным көкжиегін кеңітер бауырлас елдер балалар ақындарының шоқтықты деген өлеңдерінің аудармалары шоғырланған.

Кітап соңындағы «Балалар поэзиясын бағдарлағанда» атты шолу мақаласы «Шежірелі шаңырақтың» сықырлауығын ашып, табалдырығын аттау, босағадан төріне дейін көз тоқтатып, көңіл суару, шәкірттерді өзімен бірге еліте ертіп тамсандыру балабақша тәрбиешілерінің, ұстаздардың алғы күнін ойлаған ата- аналардың парызы.

«Ұрпақ тәрбиесі - ұлы парыз» екенін, ұрпақ тәрбиесінің ұлы құралы - әдебиет екенін есі бар ел ешқашан ұмытпаған. Олай болса, бұл бір томдықтың да қазақ балалар әдебиеті әлемінен тиесілі орнын алатынына шүбам жоқ.

Әбдіраштың Жарасқаны шығармашылық жолын жан- жақты дайындықпен балалар ақыны болып бастады. Аз жазса да, саз жазатын балалар ақыны болды. Қаламгерлік , жауапкершілік тізгінін бір сәт те босаңсытпаған балалар ақыны, кішкентайлардың үлкен ақыны болып қала бермек!


Мұзафар Әлімбай,

Қазақстанның халық жазушысы,

Мемлкеттік сыйлықтың иегері.

Шығармалары :
Әбдірашев Ж. Ақ қайраң: Жұмбақтар, өлеңдер, поэмалар.- Алматы : Жазушы, 1970.- 70 б.

Әбдірашев Ж. Дала, сенің ұлыңмын: Өлеңдер.- Алматы : Жазушы, 1975.- 100 б.

Әбдірашев Ж. Әзілің жарасса..: Эпиграммалар.- Алматы : Жалын, 1989.- 144 б.

Әбдірашев Ж. Соғыстан соң туғандар: Өлеңдер, балладалар, поэмалар. – Алматы : Жазушы, 1993.- 318 б.

Әдірашов К. Көңіл көкпары: Таңдамалы: Өлең , баллада, поэма, аударма.- Алматы : Ана тілі,1998.- 320 б.

Әбдірашев Ж. Шежірелі шаңырақ: Таңдамалы: Өлең, тақпақ, ертегі, жаңылтпаш, санамақ, жұмбақ, аударма, мақала.- Алматы : Рауан, 1998.- 368 б.

Әбдіраш Ж. Құлпытас немесе екі дүние: Фәниден бақиға дейін..: Эпитафиялар, өлеңдер, поэмалар, эпиграммалар.- Алматы : Атамұра, 2001.- 360 б.

Әбдіраш Ж. Парыз. Парасат. Пайым. Әдеби сын.- Алматы : Өнер, 2001.- 312 б.


Өмірі мен шығармашылығы туралы :
Әжіғалиева Г. Дала ұлы немесе табиғат- анамен сырласу: ( Ж. Әбдірашев поэзиясындағы табиғат тақырыбы ) // Білім.- 2005.- №5.- 41 б.

Мергенбаева Н. Жарасқанның жұрт білмейтін сырлары: Ақын Ж.Әбдіраштың туғанына – 60 жыл / / Жұлдыз.- 2008.- №2.- 117 б.

Тұрғынбекұлы С. Жасын жырдың жарқылы // Егемен Қазақстан.- 2008.- 26 наурыз.
Әбенов Шәкір

(1901- 1994)
Халық ақыны, фольклоршы, сазгер Әбенов Шәкір 1901 қаңтарда Семей облысы, Абай ауданының Құндызды ауылында дүниеге келген. Мұсылманша сауат ашқан ақынның алғашқы өлеңі 1916 жылы «Айқап» журналында жарияланды.

Әбеновтің халықтық дастанды жаңаша толғамммен жырлаған «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» поэмасы 1937 жылы «Әдебиет және искусство» журналында жарияланды, кейін 1965 жылы «Жазушы» баспасы мұны жеке кітап етіп шығарды. 1937 жылы «халық жауы» атанып, көрші қырғыз еліне асып кетеді. 1939 жылы Алматыға қайта оралып, Жанақ, Сабырбай, Түбек, Дулат, Байкөкше ақындардың әдеби мұраларын алғаш жазып алып Қазақстан ғылыми – зерттеу ордаларына тапсырды.

1940-1941 жылдары Жамбылдың әдеби хатшысы қызметін атқарып жүргенде жалған айып тағылып, Семей түрмесіне қамалды. Ұлы Отан соғысына өз еркімен аттанып, Сталинград майданында жарақат алады да елге оралады. 1945 жылы саяси қуғындау қайта басталып, Шәкір Әбенов Сібірге айдалды, содан тек 1961 жылы толықтай ақталды. Әбенов Абайдың әдеби мектебінің белді өкілдерінің бірі ретінде танылған. Ш.Әбеновтің тарихи-танымдық тақырыптарда қозғаған «Кейпін батыр» (1939),

«Таңшебер - Жамал» (1962), «Ортақ Арал» (1968), «Қорқыт қобыз» ,

«Пәрмен», «Алданған қыз», «Патша мен байғыз», «Ана махаббаты»,

«Тоқтамыс батыр» дастандары «Шыңғыстау сазы» деп аталатын жыр жинақтарына енген. Айтыс ақыны ретінде кеңінен танымал оның Т.Әміреновпен айтысы. «Айтыс» ( 3 т.1968) жинағында жарияланды. «Алтай аруы», «Сара жұлдыз» төл ән-күйлері нотаға түсірілген. Біраз ән – күйлерін өзі орындайды. 1961 жылы «Кейпін батыр», «Таңшебер - Жамал» поэмалары жеке кітап болып басылып шығады.

Ғасырға жуық ғұмыр жасаған саяси қуғын - сүргіннің тегеурінін көп көрген Шәкір Әбенов ақын артына мол мұра қалдырған қайсар ақын еді. Шәкір Әбеновтің ақындығын кезінде Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров жоғары бағалаған.

Әйтсе де даңғыл ақынның өлең – жырлары кезінде ұясында тұншықтырылып, қаламы белгілі дәрежеде тұсалып қалың оқырман қолына шығармалары кеңінен тие қойған жоқ. Бір топ өлеңдері кейінгі жылдары мерзімді баспасоөз бетінде жарияланды. Ақын жырлары көтерген күрделі мәселе, тақырыбымен күні бүгінге дейін құнды, әрі маңызды.

Шәкір Әбеновтің туғанына 100 жыл толуына байланысты Ақын Несіпбек Айтов :

Армысың асыл киелім,

Өзегі алтын жүйелім.

Еңкейе бермес өзгеге,

Басымды саған иемін.

Ағытсаң жырдың тиегін,

Арыңды ақпа күй едің.

Тілеген жерден табылған

Табиғат тартқан сый едің - деп қарт шежіреші туралы үлкен ілтипатпен толғайды.

Халық ақыны Шәкір Әбенов 1990 жылы Халықтар Достығы орденімен марапатталды.

Ш.Әбенов 1994 жылы қазан айында дүние салды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет