Лимфа түйiндерi - иммунды жүйенiң шеткi, саны көп жақсы қалыптасқан ағзалары, iрi лимфа тамырлары қосылған жерлерде орналасады. Жануарлар түрiне орай, олардың саны, көлемi, әр аймақта орналасуы әртүрлi, пiшiнi - сопақ, домалақ, бұршақша, шажырқайда ұзынша болады. Екi - дөңес, ойыс шетi бар. Лимфа организмнiң белгiлi аймақтарынан әкелушi лимфа тамырларымен лимфа түйiндерiне, оның дөңес шетi арқылы өтедi, түйiннiң ойыс шетi - қақпа арқылы қызылтамыр, жүйке кiрiп, әкетушi лимфа тамырлары, көктамырлар шығады. Шошқаларда (ол қарама-қарсы) әкелушi лимфа тамырлары түйiнге, оның ойыс шетiнен - қақпасынан кiрiп, лимфаны әкетушi тамырлар түйiннiң дөңес шетi арқылы шығады. Сондықтан шошқа лимфа түйiнiнiң гистологиялық құрылысы басқа жануарлар түрiндегi лимфа түйiндерiнен ерекшеленедi. Лимфа түйiнiнiң клиникалық маңызы тек иммунды реакцияны дамыту ғана емес, онымен бiрге онда жұқпа ошағы, қатерлi өспелер метастазы (күшiктеу) пайда болуында. Бұл түйiннiң зор ұлғаюы лимфоидты ұлпа өспесiне тән. Лимфа түйiнi сырты дәнекер ұлпа қапшығымен жабылған, одан ағза iшiне перделiктер өтедi. Түйiн стромасын ретикулин жасушасы, коллаген, ретикулин талшықтары, жебiр, тегiжат танитын жасушалар құрады. Строма iлмешегiнде лимфоциттер орналасады. Әр түйiннiң қыртысты, милы заттары болады. Қыртысты зат түйiн қапшығы астында орналасқан сыртқы қыртыстан, одан кейiн терең қыртыстан (қос қыртысты–паракортикальдi аймақтан) тұрады. Сыртқы қыртыс перделiктер жолында орналасады, лимфа түйiншелерiн (В-тәуелдi аймақ), түйiн аралық топты, ерекше лимфа тамырын-қойнауларды құратын лимфоидты ұлпаны қосады. Лимфа түйiншесi лимфоидты ұлпа сфера тәрiздi тобы, сыртқы шетiн жайпақ ретикулин жасушалар қабаты құрады. Түйiншелер бiрiншi, екiншi деп, ажыратылады. Бiрiншi түйiншелер-тығыз, бiркелкi, қайта айналым қорына қажет ұсақ (В) лимфоциттер тобы. Олар ретикулин жасушасымен, тегiжат-танитын фолликулярлы-дендриттiк жасушалардың ерекше түрiмен байланысады. Мұнда бiраз Т-, жебiр жасушалар болады, олар лимфа түйiнiнде тек тегiжат әсерi (iштегi ұрық дамуында) жоқ кезде кездеседi. Тегiжат әсерiнен ол екiншi түйiншелерге ауысады. Екiншi түйiншелер тәжден, көбею орталығынан тұрады. Тәж-түйiн шетiнде орналасқан, айшықша пiшiндi ұсақ лимфоциттер тобы. Онда В- және ес жасушалары, көбею орталығынан ауып, жетiлмей келген плазмалық жасушалар сақталады. Көбею орталығы тек тегiжат әсерiнен ғана дамиды. Түйiнше аралық аймақта ұсақ лимфоциттер, жебiр жасушалар сақталады. Тегiжатпен ынталандырғанда олар толық жоғалып, түйiншелермен ауысады. Терең қыртысты - лимфа түйiнiнiң Т-тәуелдi аймағы. Онда айырша безден түскен Т-жасушалардың пiсуi, онымен қатар олардың тәуелдi-тегiжаты жаңадан түзiлiп, өсуi, әртүрлi субпопуляцияның қалыптасып, жетiлуi iске асады. Милы зат лимфоидты ұлпа желiлерiнiң тармақтарынан, жалғамаларынан (милы желiден) құралған, араларында дәнекер ұлпа перделiктерi, милы лимфа қойнаулары орналасады. Милы желi В-тәуелдi аймақ болып есептелiп, көптеген плазмалық жасушалар, өте аз В-лимфоциттер, жебiр жасушаларды сақтайды. Плазмалық жасушалар желiде ұзақ болады, лимфаға антиденешiктердi белсене бөледi, одан кейiн қан ағымына түседi. Лимфа қойнаулары - қыртысты, милы заттағы лимфа тамырының ерекше жүйесi, түйiн арқылы лимфаның баяу ағуын қамтамасыз етедi. Сондықтан лимфа құрамындағы қажетсiз бөлшектерден тазарып, антиденешiктермен, лимфоидты, жебiр жасушалармен қанығады. Әкелушi тамырлардан лимфа бiртiндеп субкапсулярлық (түйiн қапшығы, сыртқы қыртыс арасында саңылау тәрiздi кеңiстiк), аралық (перделiктер, сыртқы, терең қыртыстағы лимфоидты ұлпа арасында орналасады), милы (аралықты жалғастырады, перделiктер мен милы желi араларында жатады) қойнауларға түседi, одан әкетушi тамырларға бағытталады.
Жануарлардың (iрi қара мал, жылқы, шошқа және басқа) көбiнесе кеуде қуысында, ондағы көкiрек, iшперде қолқасын, бүйрек тамырларын бойлай орналасқан кiшкене сары, немесе қызыл түстi бездер кездеседi. Олар дамуы, құрылысы жағынан кәдiмгi лимфа түйiндерiне ұқсас, сыртын бiрыңғай салалы бұлшық ет ұлпасы бар дәнекер ұлпа қапшығы жабады. Бездiң шеткi бөлiгiнде жеке фолликула кездеседi. Жұқа милы желi араларында кең аралық қойнаулар орналасады, олардың қуыстары қанға толы болады. Бұл түйiндi ұрықтық кезең соңынан кейiн миелоидты қан түзiлуiн сақтайтын ағза деп есептейдi.
Iрi қара малда ол қосымша көкбауыр деп аталып, лимфа емес қан арнасына қосылады. Онда қан жасушаларының бүлiнуi жүредi. Ас қорыту жолы бойы кiлегейлi қабықтың дәнекер ұлпа қабатында лимфоидты элементтер, шашыраңқы лимфоидты ұлпа, немесе жеке фолликула, оның шоғырлары болады.
Ауыз қуысы, жұтқыншақ шекарасындағы кiлегейлi қабықта орналасқан iрi лимфа фолликулаларын–бадамша деп атайды. Ол орналасқан жерiне орай - таңдай, тiл, жұтқыншақ, көмей қақпашығы жанындағы (шошқада ғана) деп, бөлiнедi. Бәрi қосылып, жұтқыншақты лимфоидты сақина құрады.
Iшек кiлегейлi қабығындағы лимфоидты фолликулалар, фолликула аралық лимфоидты шашыраңқы ұлпа - пейер түйiндағы деп аталады. Олар өте жиi мықын, бүйен, жиек(қарта) iшектерде кездеседi.
Көкбауыр–дара ағза, iш қуысы қарынның үлкен иiнiнде, күйiс қайыратындар - месқарынында орналасады. Ол қан тамырларының жолында орналасатын иммунды жүйенiң шеткi және ең iрi ағзасы. Оның басты қызметтерi: гуморальдiк, жасушалық төтемелiлiк (иммунитет) қалыптасуына, қан айналымындағы тегiжаттар кiдiруiне қатысады; қан жасушаларын, әсiресе эритроциттердi өлтiрiп («эритроциттер моласы»), ыдырау өнiмдерiнiң (темiр, белоктар) организмде қайта пайдаланылуы; қан қоймасы (жылқы, жыртқыш, шошқа, күйiс қайырушылар); қан өндiрушi ағза (ұрық даму кезеңдерiнде эритроциттер, жетiлген организмде түйiршiксiз лейкоциттердi, кемiргiштерде - барлық қан жасушаларын түзедi).
Сүтқоректiлер көк бауыры атқаратын қызметiне байланысты - қорғаныш, иммундау (адамға, қоянға тән) және қан қоймасы (барлық ауылшаруашылық малдарына, әсiресе жылқыға тән) болып, екiге бөлiнедi.
Көкбауырдың микроскопиялық құрылысы. Ол - үлпершектi ағза, бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушалары бар тығыз дәнекер ұлпадан тұратын қабықшамен, сырты сiрнелi қабықпен жабылған. Бұл қабықшадан ағза iшiне бiр-бiрiмен жалғасқан перделiктер өтедi. Перделiктер араларындағы торлы ұлпадан тұратын бөлiктi - жұмсақ ұлпа (пульпа) деп атайды. Ол ағзаның үлпершегi (паренхимасы) болып келедi. Әртүрлi қызмет атқаратын жұмсақ ұлпаны - ақ және қызыл деп, екiге бөледi. Боялмаған препаратта ақ жұмсақ ұлпа көкбауыр бойында бытырап орналасқан ақшыл - сұр домалақ, сопақша құрылым (түйiншек) ретiнде көрiнедi. Түйiншек саны жануарларда әртүрлi болады. Iрi қара мал көкбауырында оның саны көп, әрi қызыл жұмсақ ұлпадан айқын бөлiнедi. Жылқы, шошқа көкбауырында түйiншек саны аз. Ақ жұмсақ ұлпа лимфоид ұлпасынан тұрып, қызылтамыр жолында орналасып, қызылтамыр алды (пери) лимфалық қынапты, жиектiк (маргинальдi) аймақты, лимфа түйiншегiн қосады. Ол қаннан тегiжаттарды ұстап, лимфоциттердiң тегiжатпен, танитын тегiжат жасушаларымен және бiр-бiрiмен өзара iс-қимыл жасауын, тәуелдi тегiжаттың жаңадан түзiлiп, өсуi және жетiлуiнiң бастапқы кезеңiн қамтамасыз етедi. Лимфа түйiншегi (фолликула, мальпигиев денешiгi) құрылысы, қызметi жағынан лимфа түйiнiндегi құрылымдардай. Көкбауырдың В-тәуелдi аймағы болып келедi. Қызылтамыр алды(пери) лимфалық қынапты орталық қызылтамырлар қоршап жатады. Лимфоидты ұлпаның цилиндр тәрiздi тығыз шоғыры, онда лимфоцит, жебiр жасушалар, ретикулин, тегiжат танитын жасушалар болады. Көкбауырдың Т-тәуелдi аймағы болып саналады. Жиектiк (маргинальдi) аймақ жұқа қабат түзiп, ақ, қызыл жұмсақ ұлпа шекарасында, жиектiк қуысқа жақын орналасады. Онда лимфоциттер (көбiнесе В-жасушалар), ретикулин, жебiр жасушалар болады. Аймақ сыртқы бөлiгiнде қызыл жұмсақ ұлпаға пiсу үшiн ауып келген жетiлмеген плазматикалық жасушалар жиналады. Көкбауыр ақ жұмсақ ұлпасына Т-, В- жасушалар, жебiр жасушалар ұстаған тегiжаттар түсетiн алғашқы аймақ. Қызыл жұмсақ ұлпа көкбауыр көлемiнiң 75%, көктамыр қойнауынан, көкбауыр, жұмсақ ұлпа желiнен тұрып, қанның жетiлген жасушалары қоймасы болады, күнi жеткен, бүлiнген эритроциттер күйiн бақылайды, бөгде заттардың қарбуын, лимфоидты жасушалардың пiсуiн iске асырады, моноциттердi жебiр жасушаларға айналдырады. Көктамыр қойнауы - жұқа жалғамалы тамырлар, диаметрi 12-50 мкм, пiшiнi дұрыс емес, қызыл ұлпаның негiзгi бөлiгiн құрады, ерекше ұршық тәрiздi (таяқ сияқты) эндотелий жасушаларымен төселген, араларында тар саңылаулары бар, олар арқылы қуыс кеңiстiгiне қоршалған желiден қан жасушалары ауады. Жасушалар сыртында шеңберлi орналасқан ретикулин жасушалары, талшықтарының өсiндiлерi жатады, кейбiр бөлiктерде негiзгi жарғақ кездеседi. Әр жануарлар көкбауырының көктамыр саны бiрдей болмайды. Олар қоянда, теңiз шошқасында, итте көп, ал мысық, iрi және ұсақ малда аз болады. Көкбауыр желi - қан жасушаларының шоғыры, олармен бiрге ретикулин ұлпасының iлмегiндегi қойнау арасында жатқан, мұнда тұрақты ауып келетiн жебiр және плазматикалық жасушалар болады. Күнi жеткен, бүлiнген қан жасушалары қарбыланады, көкбауырдағы эритроциттер қатты бүлiнуi қаназдық (анемия) дамуына жеткiзедi. Көкбауыр күрделi құрылысын, атқарылатын жан-жақты қызметiн, оның қанайналым ерекшелiктерi көрсете алады. Ағза қақпасына көкбауыр қызылтамыры кiрiп, тармақтары перделiктерге өтедi (перделiк қызылтамыр), одан кейiн жұмсақ ұлпаға (жұмсақ ұлпа қызылтамыры) барады. Жұмсақ ұлпада мұндай қызылтамыр адвентициясы лимфоидты ұлпаның қабығына ауысып, ондағы қызылтамыр - орталық деп аталады. Ол - ұсақ, бұлшық еттi, ақ жұмсақ ұлпада қылтамырлар тәрiздi бүйiр тармақтарын берiп, лимфоидты ұлпаны жабдықтап, жиектiк аймақта аяқталады. Орталық қызылтамыр шеткi жағында лимфоидты қабықты жоғалтып, қызыл жұмсақ ұлпаға енiп, 2-6 шашақты қызылтамыршаларға бөлiнiп, эллипс, немесе гильза тәрiздi қылтамырларға (ретикулин ұлпасы, лимфоциттер, жебiр жасушалардан тұратын эллипс, немесе гильзамен қоршалғандықтан) ауысады. Кейiнгiлер қанды тiкелей көктамыр қойнауына (жабық қанайналым) немесе олардың арасына - қызыл жұмсақ ұлпа желiне (ашық қанайналым) төгедi, одан кейiн қан көктамыр қойнауына, содан соң жұмсақ ұлпа, перделiк көктамырға түсiп, көкбауыр көктамырында жиналады.
Өзін - өзі бақылау сұрақтары:
1. Қандай ұлпа қан түзу ағзаларының негiзiн түзедi?
2. Сарысу түйiнi мен көкбауыр қабықтарын, стромасын қандай ұлпалар құрады?
3. Қойнаулы және қойнаусыз көкбауыр қызыл ұлпаларының құрылысындағы айырмашылықтар неде?
4. Көкбауырдың ақ ұлпасы туралы не бiлесiз?
5. Сарысу түйiнi мен көкбауырдың қай жерлерi Т және В – аймақтарына жатады?
6. Сарысу түйiнi қандай қызметтер атқарады?
7. Көкбауырдың атқаратын қызметi неде? Ондағы қан айналымы туралы не бiлесiз?
8. Көкбауырды сарысу түйiнiнен қалай ажыратады?
9. Миелоидты ұлпа дегенiмiз не?
10. Лимфоидты ұлпа дегенiмiз не?
11. Миелоидты және лимфоидты қан түзiлу қандай ағзаларда жүредi?
12. Жiлiктiң кемiктi майының қабығы мен стромасы неден құралған?
13. Миелопоэз бен лимфопоэздiң қатарларын ата.
14. Жiлiктiң кемiктi майы мен айырша безi (тимус) иммуногездiң қандай ағзасы болып есептеледi? Орталық па немесе шеткi ме? Неге олай бөлiнедi?
15. Айырша безiнiң қыртыс және жұмсақ заттарының айырмашылығы неде?
Әдебиеттер. Бірінші дәрістің соңында берілген.
№ 11 дәріс тақырыбы – ЗӘр шығару жүйесi
Жалпы сұрақтары: Жүйенiң жалпы сипаттамасы, дамуы, маңызы. Бүйрек. Зәр шығару жолдары, олардың құрылысындағы ерекшелiктер, қызметi.
Дәрістің қысқаша жазбасы. Сыртқа шығару жүйесi зәр түзетiн жұп-бүйректен, шығарушы жолдар - зәрағарлардан, дара-қуық, несеп шығару өзегiнен, несеп-жыныс қойнауы (ұрғашы малда), немесе несеп-жыныс өзегiнен (еркек малда) тұрады. Олар несеп арқылы организмнен зат алмасуы ақырғы өнiмдерiн, артық су, тұз, органикалық қосылыстар мен бөгде заттарды, сондай-ақ бiрқатар ферменттер, гормондар, витаминдер бөлiп шығарады, организмнiң су, тұз, қан, ионы құрамын, осмостық қысым тұрақтылығын реттейдi. Зат алмасу кезiнде пайда болған өнiмдер жартылай терi, кiлегейлi қабықтар, олармен байланысты бездер арқылы да шығады.
Ұрықтық даму кезеңiнде жүйелi үш бөлiну ағзалары: бастама бүйрек (р´оnерh´оs), тұлғалық (аралық) бүйрек (mеsоnерh´оs), ақтық бүйрек (mеtаnерh´оs) құрылады.
Бастама бүйрек мезодерманың 8-10 алдыңғы жақ сегменттерi аяқшаларынан қалыптасады. Олар целома қуысымен байланысын үзбей, сомиттерден бөлiнедi. Бiр-бiрiмен жүйелi қосылып, Вольфов өзекшесiн құрады.
Аралық бүйрек келесi тұлғалық сегменттер аяқтарынан құрылады. Олардың арқа жақ ұштары вольфов өзекшесiне өтедi. Оның ерекшелiгiн өзекшелерiнiң қызыл тамыршалар торымен тығыз байланысуынан көруге болады. Қылтамырлар шоғырын қаптап өсiп, зәр өзегiнiң қабырғасы қос қабатты қабық құрады. Ол өз қуысына қан плазмасынан сүзiлген өнiмдердi қабылдайды. Қылтамырлар шоғыры мен бұл қабық қосылып бүйрек денешiгiн құрады. Бұл бүйрек жануарлар дамуының ұрықтық кезеңiнде бөлу ағзасының қызметiн орындайды.
Ақтық бүйрек кейiн өскiнденгенiмен ұрықтық дамудың екiншi жартысында қызметiн атқара бастайды. Ол ұрық денесiнiң артқы жақ.
Бүйректер - сыртқа шығару жүйесiнiң басты ағзасы, негiзгi қызметi - организмнiң iшкi орта тұрақтылығын (гомеостаз) сақтау. Ол үшiн зат алмасу ақырғы өнiмдерiн (зәр), бөгде заттарды (несепнәр, зәр қышқылы, аммиак, креатин, креатинин, бояулар, дәрiлер, тағы басқалар) организмнен шығарады; су-тұз алмасуын, қышқыл-негiздiк тепе-теңдiктi, қызыл тамыр қысымын; эритроциттер түзiлуiн, жетiлуiн реттейдi. Түрлi жануарларда бүйректердiң анатомиялық құрылысы, пiшiнi әр түрлi болады. Көптеген сүтқоректiлердiң бүйректерi бөлiктенген. Олар дербес бөлiктерден (наhан), немесе көптеген әр түрлi деңгейде қосылған бөлiктерден (сиыр, жылқы, қой және басқа) тұруы мүмкiн. Бүйрек сырты тығыз дәнекер ұлпа қабықшасымен жабылған, одан өте жұқа қабаттар ағза iшiне тамырлар бағытымен өтедi. Бұл құрылым бүйрек стромасын құрады. Бүйрек үлпершегiн эпителий түзедi, оның құрылымы қан жүйесiмен тiкелей байланыста ғана өз қызметiн атқара алады.
Бүйрек шеткi-қыртысты, iшкi - милық заттардан тұрады. Қыртысты затқа тән құрылым - бүйрек денешiктерi. Бүйрек денешiктерi қылтамырлар, қабықша шумақтарынан, ирек өзекшелерден тұрады. Милық зат құрамына тiк өзекшелер кiредi. Бүйрек бөлiктерi нақты шекаралары көрiнбейтiн бөлшектерден тұрады.
Бөлшектер деп, бiр жинағыш түтiкшелерге түсетiн нефрондар тобын есептейдi. Жинағыш түтiкше бөлшек ортасынан өтiп, милық затқа баратындықтан, милық сәулесi деп атайды. Милық сәулесiнде нефронның тiк өзекшелерi болады. Қыртысты, милық зат шекаралары тегiс болмайды. Қыртысты зат милық зат пирамида араларына түсiп, бүйрек бағаналарын құрады.
Бүйрек үлпершегiнiң құрылым-қызмет бiрлiгi - нефрон. Бүйректе нефрон саны 1-2-8 млн. болады. Нефрон құрылысы, ағзадағы орны, зәр қалыптасуына қатысуымен ерекше әртүрлi бөлiмдерден тұрады: бүйрек денешiгi, үстiңгi жақ, iлмешектiң жiңiшке бөлiгi және шеткi жақ.
Бүйрек денешiгi қанды таңдап сүзу процессiн қамтамасыз етедi, оның нәтижесiнде алғашқы зәр құрылады. Бүйрек денешiгi тамырлар шумағынан, оны жауып тұратын қабықша шумағынан тұрады. Қабықша шумағы екi жапырақшадан құралған, ортасында қуысы болады. Денешiктiң екi: тамырлы (әкелушi, әкетушi қызылтамыршалар орналасқан аймақ). зәрлi (бүйрек өзекшелерi таралатын бөлiмше) полюстерi болады. Тамырлар шумағы 20-40 қылтамырлар iлмешегiнен құралған, арасында ерекше дәнекер ұлпа - мезангий жатады. Қылтамырлар фенестрленген эндотелиймен төселген, ол терiс зарядты гликокаликспен жабылған, ондағы тесiктер диаметрi 70-100 нм. Эндотелий негiзгi жарғақта орналасады. Мезангий мезангиальдi жасушалардан (өсiндiлi, ядросы тығыз, тұрақты қосындылары жақсы дамыған, цитоплазма шетiнде құрамбөлiктер саны көп), жасушааралық заттан тұрады, қылтамырлар шумағы арасында орналасып, юкставаскулярлы ұлпаға ауысады. Қабықша шумағы екi - сыртқы iргелiк, iшкi ағзалық жапырақшалардан құралған. Сыртқы iргелiк жапырақша бiр қабатты жайпақ эпителийден тұрады, ол денешiктiң тамырлы полюсi аумағында iшкi ағзалық жапырақшаға, үстiңгi жақ эпителийiне зәрлi полюс аумағында ауыса алады. Iшкi ағзалық жапырақша қылтамырлар шумағын қоршап жатады, iрi өсiндiлi эпителий жасушалары - подоциттерден құралады.
Үстiңгi жақ бөлiм алғашқы зәрдiң өзек айналасы қылтамырлары арқылы қайта соруын (реабсорбция) қамтамасыз етедi. Онда өзек қуысынан қанға натрий ионының белсендi, хлор, судың ырықсыз тасымалдануы қоса жүредi. Мұнда амин қышқылы, белок пен глюкозаның қайта сорылуы, органикалық қышқыл, негiздердiң, экзогендi заттар секрециясы iске асады. Зат алмасуының пайдалы заттары қайта сорылып, ақырғы өнiмдерi зәрде жиналады. Үстiңгi жақ бөлiм ирек және тiк болып, бөлiнедi.
Iлмешек жiңiшке бөлiгi шеттегi тiк өзекшемен бiрге зәр концентрациясын қамтамасыз етедi. Ол U-тәрiздi түтiкше, диаметрi 13-15 мкм, екi жiңiшке төмендеушi, өрмелеме иiндерден тұрады. Иiндер нашар дамыған тұрақты қосындылары мен саны аз қысқа микробүрлерi бар жайпақ эпителий жасушаларынан құралған. Жасушаның ядросы бар жерi, оның арнасына шығып тұрады. Iлмешектiң төмендеушi бөлiгiндегi өзек арнасымен су өтедi, өрмелеме бөлiгiнде-NаСI диффузиясы iске асады.
Шеткi жақ бөлiм заттарды таңдап, олардың қайта сорылуына қатысып, арнадан натрий, хлор иондарын тасымалдайды. Бұл бөлiм тiк, шеткi ирек жақ, байланыстырушы өзекшелерге бөлiнедi. Олар үстiңгi жаққа қарағанда қысқа, жұқа (30-50 мкм), бiр қабатты текше эпителиймен төселген, цитоплазмасы ақшыл, шөтке бүрлерi жоқ, пиноцитоз көпiршiктерi, лизосомасы аз болады.
Жинаушы түтiкшелер нефрон құрамына кiрмейдi, одан шығу тегiмен ерекшеленедi, бiрақ орналасқан жерi, қызметiмен тығыз байланыста болады. Ол қыртысты, милық заттарда тармақталған жүйе тәрiздi орналасады. Қыртысты затта, милық заттың үстiңгi бөлiмiнде текше эпителиймен, оның тереңгi бөлiмдерiнде - призма тәрiздi эпителиймен төселген. Эпителийлерi екi: ақшыл (басты) жасушалардан, тұрақты қосындылары нашар дамыған, тегiс бос бетiнде ұзын жеке кiрпiкшелер болады. Ол судың ырықсыз қайта соруын қамтамасыз етедi; қоңыр жасушалардан-гиалоплазмасы тығыз, митохондрийлер саны көп, негiздiк қатпарлары болады. Бұл жасушалардың жоғарғы бетiнде көптеген микроқатпарлар кездеседi, жасуша iшiнде өзектерi, көпiршiктi құрылымдары сақталады, қарынның көмкерме жасушаларына ұқсас, тұз қышқылын бөлiп, зәрдi ашытады. Жинаушы түтiкшелердiң су өткiзгiштiгi несеп шығаруға қарсы гормондар әсерiнен күшейедi, ол организмде су кiдiруiн және несептiң изотоникалықтан гипертоникалыққа ауысуын қамтамасыз етедi. Несеп шығаруға қарсы гормондардың тапшылығы судың қатты жойылуына (қантсыз сусамыр) жеткiзедi. Альдостерон жинаушы түтiкшелерде натрий иондарының қайта сорылуын, калий иондарының бөлiнуiн ынталандырады.
Зәр шығаратын жолдарға жинаушы түтiкшелер, бүйрек тостағаншалары, бүйрек астауы, зәрағар, қуық, зәр өзегi жатады. Бұл бөлiмдердiң (зәр өзегiнен басқасы) қабырға құрылысы ұқсас, олардың құрамына үш: кiлегейлi, бұлшық ет, адвентиция қабықтары кiредi.
Бүйрек тостағанша, астауы сыртын ауыспалы эпителий төсейдi. Астында кiлегейлi қабық меншiктi тақташасының борпылдақ қалыптаспаған дәнекер ұлпасы жатады. Жылқы мен шошқа тақташасында түтiкше - көпiршiктi бездер болады. Олардың бұлшық ет қабығы нашар дамыған. Онда екi: iшкi - ұзына бойы, сыртқы - айнала қоршалған қабаттар бөледi. Шошқаның сыртқы қабаты емiзiк аумағында күштi дамып, қысқышет құрады. Зәрағар кiлегейлi қабығы iшкi қабаты ауыспалы эпителиймен төселген. Меншiктi тақташасы борпылдақ қалыптаспаған дәнекер ұлпадан тұрады. Жылқының бұл қабатында түтiкше-көпiршiктi бездер болады.
Бұлшық ет қабығы бiрыңғай салалы бұлшық ет ұлпасынан тұратын үш: iшкi - ұзына бойы, ортаңғы - айнала қоршаған, сыртқы - ұзына бойы қабаттардан түзiлген. Жылқы, iрi қара мал, шошқаның сыртқы, iшкi ұзына бойы қабаттары нашар дамыған, онда тек жеке бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушаларының шоғыры кездеседi. Зәрағарлар сырты дәнекер ұлпа қабығы - адвентициямен жабылған.
Қуық қабырғасы кiлегейлi, бұлшық ет, адвентиция қабықтарынан түзелген. Ауыспалы эпителий арнайы үш: беткi, аралық, негiздiк жасушалар қабатына ие болады. Беткi қабат iрi жабынды жасушалардан тұрады, пiшiнi ағза қабырғасының созылу деңгейiне байланысты жайпақтан текшеге дейiн өзгере алады, ядросы дөңгелек тәрiздi, жасуша пiшiнiндей өзгермейдi. Бұл қабаттағы жасушалардың бос бетiн кiлегей, немесе сiрқабық қорғап жатады. Кiлегейлi қабықтың меншiктi тақташасы борпылдақ дәнекер ұлпадан тұрады, ол серпiмдi талшықтарға бай болып, қуық әр түрлi толу деңгейiне орай, кiлегейлi қабығы көлемiнiң өзгеруiн реттейдi. Кiлегейлi қабық ондағы бұлшық еттiң жиырылу деңгейiне сай, жақсы байқалатын қатпарлар құрады. Бұл қатпарлар зәрағар құйылыс аумағында, зәр өзегiнiң шығатын жерiнде болмайды. Өйткенi қуық қабырғасының осы бөлiмшесiнде кiлегейасты қабат болмайды, кiлегейлi қабық бұлшық ет қабырғасымен бiтiп тұтасып кетедi.
Қуықтың бұлшық ет қабығы үш айқын шектелмеген бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушаларынан тұратын: iшкi және сыртқы - ұзына бойы, ортаңғы (ең жуан) - айнала қоршаған қабаттардан тұрады. Қуық мойнында кейiнгi қабат қысқышет құрады. Қуықтың сыртқы қабығы зәрағар құйылыс аумағында, зәр өзегi шығар жерiнде адвентициядан, ағзаның құрсақ қуысына бағытталған беткi аумағы сiр қабығымен жабылған. Ұрғашы мал зәр өзегi үш қабықтан: кiлегейлi, бұлшықет, адвентициядан тұрады. Кiлегейлi қабықтың iшкi бетiн көп қабатты призма тәрiздi (кейбiр жерiнде ауыспалы) эпителий түзедi. Ол жылқы, қойда көп қабатты жайпақ болса, шошқа, шөп қоректi жануарлар эпителийi түрлi тереңдiкте жымырылма құрады. Кiлегейлi қабықтың меншiктi тақташасы серпiмдi талшықтарға мол дәнекер ұлпадан тұрады. Ұрғашы мал зәр өзегi бұлшық ет қабығында жеке бұлшық ет шоғырынан тұратын iшкi ұзына бойы және сыртқы айнала қоршаған қабаттарды ажыратады. Еркек мал зәр өзегi қуықтан өзек ортасына дейiн ауыспалы эпителиймен, кейiн ол ауысатын көп қабатты призма тәрiздi, ал өзек соңында көп қабатты жайпақ эпителийге ауысады. Кiлегейлi қабық меншiктi тақташасы шырышты бездер сақтайды, зәр өзегiнiң кеулеме денешiктерiне ауысатын көктамыр өрмелерi болады. Бұлшық ет қабығы екi қабаттан: бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушаларынан тұратын iшкi - ұзына бойы және айнала қоршаған-сыртқыдан тұрады. Олар зәр өзегiнiң iшкi тесiгi аумағында қуық қысқышетiне кiредi.
Құс бүйректерi үш бөлiктен тұрады. Олардың әрқайсысы қыртысты, милық бөлiкшеге бөлiнедi. Зәрағар тарамдары көптеген жинаушы түтiкшелер құрып, милық зат бөлiкшесiн қалыптастырады. Кейiнгiлер бүйректiң қыртысты затына енедi. Қыртысты зат жеке қыртысты бөлiкшелерден құрылады, олардың арасынан iрi бөлiкше аралық көктамырлар өтедi. Кең негiздi бөлiкше бүйрек бетiне, жоғарғы ұшы - милық затқа бағытталады. Милық заттың бiр бөлiкшесiне бiрнеше қыртысты бөлiкшелер келедi. Милық заттан келетiн жинаушы түтiкшелер қыртысты бөлiкшенi сыртынан қоршайды. Қыртысты бөлiкше ортасынан бөлiкше аралық көктамыр, бүйрек қызылтамырының соңғы бөлiмi өтедi. Құс бүйрегiнiң үлпершегi құрамында екi: қыртысты, милы нефрондарды ажыратады. Қыртысты нефрон қыртысты бөлiкше шегiнде, милы негiзiнен ағза милық затында орналасады. Милы нефронның ағзадағы орны, құрылысы сүтқоректiлер бүйрегiндегi нефрондардай, қабықша шумағынан, үстiңгi жақ, жiңiшке бөлiк, артқы жақ, қосымша, байланыстырушы бөлiмдерден тұрады. Қыртысты нефрондар көп иректелмеген, iлмешегiнiң жiңiшке бөлiмi болмайды. Олар морфология жағынан бауырымен жорғалаушылар бүйрегiнiң өзектерiне жақын келедi. Қыртысты нефрондардың бүйрек денешiктерi бөлшектердiң ортасында, бөлшектер аралық көктамырларға жақын шоғырланған. Олардың тамырлар полюсi бөлшектер iшiндегi көктамырларға, зәр полюсi - бөлшектер шетiне бағытталған. Милы нефрондар бүйрек денешiктерi қыртысты бөлшектер жоғарғы ұшы аумағында жатады. Милы нефронның ирек бөлiмi милық затқа жартылай өте алады. Милы нефрон iлмешегi қыртысты заттан жинаушы түтiкшелерге қатарласа өтедi. Iлмешек иiнi нефрон қалың бөлiгiнен құралады. Нефрон өзегi бүйрек денешiгiне қайтып, байланыстырушы жiңiшке бөлiкке ауысады. Тауық бүйректерi қызылтамыр қанын өз қызылтамыры арқылы құрсақ қолқасынан, алғашқыдан айтарлықтай көп көктамыр қанын құйрық-шажырқай, iшкi және сыртқы мықын көктамырларынан алады. Құс зәрағарында кiлегейлi, бұлшық ет, сiр қабықтары болады. Кiлегейлi қабықтың эпителийi бокал тәрiздi жасушалары бар көп реттi кiрпiкшелi, меншiктi тақташасында лимфоидтi ұлпасы көп болады. Бұлшық ет қабығы зәрағардың бастапқы бөлiгiнде екi: iшкi - ұзына бойы, сыртқы - айнала қоршаған қабаттардан тұрады. Құс тiк iшегi кеңiген бөлiгi (клоака) аумағында бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушаларының үш қабаты: аталған екеуiнен басқа мұнда сыртқы ұзына бойы қабаты байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |