Жануарлар морфологиясы мен ветеринариялық латын терминологиясы” II



бет6/19
Дата14.06.2016
өлшемі1.32 Mb.
#134351
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

Нағыз терi-терiнiң дәнекер ұлпа бөлiгi, негiзгi құрамдас бөлiгiн коллаген, эластин талшықтары, әртүрлi жасуша (фибробласт-фиброцит, жебiр жасуша, ұлпа базофилi, липоцит, плазмоцит) және гликозаминогликандар сақтайтын аморфты заттар құрады, эпидермистi қоректендiрiп, терiге берiктiк берiп, оның туындыларын сақтайды.

Нағыз терiнi орналасуына, құрылысына және қызмет ерекшелiктерiне сәйкес екi - емiзiктi және торлы қабаттарға бөледi.

Өңасты ұлпа қызметi - дәнекер ұлпаны терең орналасқан еркiн қозғалыс ағзаларымен (бұлшықет, сүйек) байланыстыратын қабат. Терi-жабынның нашар қозғалатын сүйекүстi бөлiмшелерiнде коллаген талшықтары, шоғырлары терiнi сүйек қабығымен тығыз байлап тастайды.

Терiасты негiзiнде май жасушалары (бөлiк тәрiздi) жиналады, сондықтан бұл қабат қалыңдығы жағынан терiнiң басқа қабаттарынан басым болады (шошқа терiасты негiзi). Терi май шелi организм май қоры болады, ол жылу бөлудi азайтады, организмде терең жатқан бөлiктерiн қолайсыз температуралар әсерiнен қорғайды, сондықтан бұл шел әсiресе теңiз жануарларында (наhан (кит), ескекаяқтылар) қатты дамыған. Бұл қабаттың организмдi соққыдан, ұрудан, механикалық әсерлерден қорғаудағы (амортизациалық қызметi) маңызы зор. Онда көлденең жолақты бұлшық ет шоғырлары кездеседi, қажеттi жағдайларда олар жиырылып, жануарларға шыбын-шiркейлердi қууға мүмкiндiк бередi.

Жануарлар терi-жабыны толық түкпен жабылған. Түк тек iрi қара малдың мұрын-ерiн қаңсарында, ұсақ малдың мұрын қаңсарында, етқоректiлердiң майтабанында, тұяқтылардың тұяқ ұштарында, терiнiң кiлегейлi қабыққа ауысқан жерлерiнде болмайды.

Әр түктiң, ұзына бойында, терi бетiнде орналасқан - сояуын, терi iшiнде әр тереңдiкте жататын–түбiрiн ажыратады. Терi iшiндегi түк соңы қалың болады, оны түк баданасы деп атайды. Оның негiзiнде ойыс болады, оны түк емiзiгi деп атайды. Ондағы борпылдақ дәнекер ұлпада қан қылтамырлары, сезгiш жүйке ұштары болады. Түк түбiрiнiң барлық эпителий бөлiгi дәнекер ұлпа қабығымен қоршалады, оны түк қабы деп атайды.

Дамыған ұзын түк сояуы үшқабаттан: өзек, қыртысты зат, сiрқабығынан тұрады.

Түктер орналасуына, кейбiр құрылым ерекшелiктерiне орай, бiрнеше санаттарға (категорияға) - бағыттаушы, қылшықты, түбiттi, қойнаулы, түйсiктi, аралық, қылтан, жабынды болып бөлiнедi.



Тер бездерi - әртүрлi жануарлар терiсiнде көп кездеседi, бiрақ бiркелкi таралмайды: қой, жылқыда бүкiл дене терiсiнде; iрi қара мал мен шошқаның бас терiсiнде; иттiң майтабан терiсiнде; бұғының аяқ терiсiнде жақсы дамыған. Шошқа тер безiнiң көбi алдыңғы тiзе буыны iшкi бетiндегi терiде және тұяқша арасындағы терiде, тұмсығында болады.

Тұяқ - терi-жабынның арнайы бөлiмшесi. Еттi, мүйiздi тұяқты ажыратады. Еттi тұяқ нағыз терiмен терi эпидермисiнiң түлемейтiн қабатына тең. Оның әр бөлiмiнiң морфологиялық құрылысы түрлiше болатындықтан, ол мүйiздi тұяқ әр бөлiгiнiң құрылым ерекшелiгiмен айқындалады. Еттi тұяқ нағыз терiсiнiң тұяқ көбесi мен күлтесiнде көптеген дәнекер ұлпа емiзiктерi болады, олардың ұзындығы көбе аймағында 1-2 мм, ал күлтесiнде 0,5 см жетедi. Еттi тұяқтың бүйiрiнде нағыз терi жұқа тiк бағытталған жапырақшалар жүйесiн құрады. Тұяқ нағыз терiсiн жабатын эпителий қабаты мүйiздену процессiнде мүйiздi жапырақшалар қалыптастырады, ол тұяқ қабырғасының арнайы бедерiне тең келедi. Мүйiздi тұяқ бүйiр қабырғасының көлденең бағытталған кесiндiсiнде үш аймақ айқын: тұяқ сыртындағы жылтыр қабат (глазурь), қорғаныш қабат, жапырақша мүйiз анықталады. Глазурь жайпақ нашар түлейтiн жасушалардан тұрады, ол тұяқ көбесi эпидермисiнiң өнiмi. Жетiлген жануарларда бұл қабат болмайды. Қорғаныш қабат паралель орналасқан, күлтеден мүйiздi тұяққа дейiн құрылымсыз аралық мүйiзбен бiрiккен мүйiздi түтiкшелер. Мүйiздi тұяқтың ең терең қабатын мүйiздi жапырақшалар түзедi. Олар еттi тұяқ қабырғасындағы эпидермистiң мүйiздену процессiнде құралады. Мүйiздi табан және тұяқ жүрекшесi мүйiздi түтiктерден тұрады, олардың шығу тегi, құрылымы түтiктi мүйiз қабырғасына тең.

Тұяқша - құрылысы терi сияқты, бiрақ өз ерекшелiгi бар. Тұяқ көбесi эпидермистен, нағыз терiден, гиподермадан тұрады. Ерекшелiгi сол, ондағы мүйiздi қабаттың көлбеу орналасуынан, ол өсiп, тұяқшамен төмен түсiп глазурь құрады. Нағыз терiде емiзiкшелерi биiк, төмен түскен. Бұл мүйiз өсу бағытын, оның түрiн айқындайды. Қан тамырлары көп. Гиподерма нашар дамыған, саусақ сүйек қабығына ауысады. Күлте (тұяқ жұлығы) эпидермистен, нағыз терiден, гиподермадан тұрады. Ондағы ерекшелiк - эпидермистiң өсу қабаты бiрден мүйiздi қабатқа ауысып, өте қалың болады. Нағыз терi емiзiгi ұзын, сирек орналасады, қатты төмен иiледi. Сондықтан эпидермис түтiк мүйiз құрады, ол төмен өсiп, тұяқша қабырғасын жабады. Бұл мүйiз өте берiк, мүйiздi түтiкшелерден тұрады, онда жасушалар бiр-бiрiне тығыз жанасады. Түтiкшелер аралық мүйiзбен тығыз байланысып, бояутектенедi. Тұяқша қабырғасы эпидермистен, нағыз терiден тұрады. Эпидермисте өсу, мүйiздi қабаттар жақсы дамыған. Нағыз терiде емiзiкшелер бiрiгiп, ұзын белдеу тәрiздi жапырақшалар құрады. Жапырақшалар жоғарыдан төмен бағытталып, пiшiнi эпидермис бедерiн айқындайды. Сондықтан мүйiздi қабат пiшiнi де жапырақшаға ұқсас болғандықтан, ол жапырақша мүйiз құрады. Нағыз терiнiң торлы қабатын тамырлы деп атайды. Себебi онда тамырлар мол дамиды, әрi тұяқша сүйегiнiң қабығына ауысады. Табан эпидермистен, нағыз терiден тұрады. Эпидермис түтiк мүйiздi құрады. Нағыз терi тұяқша сүйегiнiң қабығына ауысады. Оның құрылысы өте күрделi болады. Қабырғасы үш қабаттан: ең беткi жұқа қабат, ол глазурь-жылдам бұзылады; ортаңғы қабат ең қалың, берiк, ол түтiк мүйiз; iшкi қабатта бояутек болмайды - жапырақша мүйiз. Табан қабырғасының қабаттарын тұяқшаны тазартқанда көруге болады.

Тырнақ құрамына тырнақ башпайы, терi дермасы, мүйiз қаптамасы кiредi. Тырнақ башпайының сүйек құабығы терi дермасымен тығыз бiтiскен. Тырнақ күлтесiнiң жоғарғы, iшкерi бөлiмдерiнде нашар дамыған емiзiктерi, бүйiр бөлiмшелерiнде-қалдық жапырақшалар болады. Мүйiз қаптамасы түлемейтiн эпителий жасушаларынан тұратын негiздiк қабаттан, түлейтiн жайпақ жасушалары бар, ең қалың жерi тырнақтың жоғарғы бөлiгiнде жететiн қалың қабаттан тұрады.

Мүйiз негiзiн сүйек қабығымен жабылып, терi дермасымен тығыз бiтiскен маңдай сүйегiнiң шығыңқы жерi және қатты мүйiздi қабат құратын эпидермис - мүйiздi қаптамасы құрады. Мүйiздiң түбiрi, денесi, ұшы болады. Ол эпидермистен, нағыз терiден тұрады. Мүйiз эпидермисiнiң өсу қабаты - эпикерас - нағыз терiмен мүйiз түбiрiнiң мүйiздi қап арасында орналасады. Эпикерасты мүйiзсiздендiруде алып тастаса, мүйiздiң қайта қалпына келуi жүрмейдi.

Өзін - өзі бақылау сұрақтары:

  1. Терiнiң қандай қабаттары болады, олар қандай ұлпалардан түзiледi?

  2. Эпидермис, нағыз терi және гиподерманың даму көздерiн атау керек.

  3. Эпидермистiң қайтадан қалпына келуiне қандай жасушалар қатысады?

  4. Мүйiзделу үрдiсiнде эпидермистiң қандай жасушалары өзгерiске түседi?

  5. Терiнiң атқаратын қызметтерi қандай?

  6. Терi туындыларын атаңыз.

  7. Түбiт жүндердiң қылшық жүндерден айырмашылығы неде?

  8. Екiншi шаш түйiншiктерiнiң бiрiншi түрiнен айырмашылығы неде?

  9. Шаш түйiншегi қабырғасының құрылысын түсiндiрiп, тамыр қынабын не түзетiнiн сипатта.

  10. Шаш бөлiктерiн атап, оның қай бөлiмдерi терiнiң сыртына шығатынын, ал қайсысы оның қалың жерiнде орналасатынын көрсет.

  11. Шаш буылтығының түрiне қарап, оның қайсысы қылқанды немесе түбiт шаштарына жататынын анықта. Қай шаштың буылтығы терiнiң қалың жерiнде, ал қайсысы оның жоғары бетiнде орналасады?

  12. Тер безі соңғы бөлiмiнiң май безi ацинусiнен айырмашылығы неде екенiн түсiндiру керек.

  13. Тер бездерiн қандай белгiлерiне қарап, мерокриндi және апокриндi деп бөледi?

  14. Терiнiң қандай бездерi голокриндi түрмен секрет бөледi, оның арнайы морфологиялық белгiлерi бар ма?

Әдебиеттер. Бірінші дәрістің соңында берілген.
№ 7 дәріс тақырыбы – Ас қорыту жүйесi

Жалпы сұрақтары: Жүйенiң морфологиялық, қызметтiк сипаттамасы, ерекшелiктерi. Бауыр, ұйқы және сiлекей бездерінің құрылысы.

Дәрістің қысқаша жазбасы. Ас қорыту жүйесі (АҚЖ)-кiлегейлi қабықпен жабылған екi жағынан ашық бұлшықеттi түтiкше, қабырғасында, одан тыс орналасқан бездерi болады, шығарушы өзектерi түтiкше арнасына ашылады, меншiктi жүйке аппараты, эндокриндi жасушалар жүйесi болады.

Түтiкшенi: алдыңғы (ауыз қуысы, жұтқыншақ, өңеш), ортаңғы (қарын,ащы iшек, iрi ас қорыту бездерi - бауыр, ұйқы безi), артқы (тоқ iшек, әсiресе тiк iшектiң қысқа артқы жағы) бөлiмдерге бөледi, оның арнасы - сыртқы орта.

АҚЖ қызметтерi: ас қорытқыш - а) азықты механикалық, химиялық өңдеуден өткiзедi, оны терiп, ұнтақтап, дымқылдатып, қабырғасында сiңiрiлуi үшiн қарапайым заттарға айналдырады; б) қоректi заттардың, судың меншiктi сiңiрiлуi жүредi; в) қорытылмаған заттарды несеп, нәжiс ретiнде шығарады; бөлiндi бөлу - зиянды заттарды ақж қабырғасы арқылы шығарады (бүйрек кемiстiгiнде ол күшейедi); иммунды - келешекте иммунды реакция дамыту үшiн ақж-дағы тегiжаттарды ұстайды, әсерiне қарсы тұрады, тасымалдайды; эндокриндi - жергiлiктi, жүйелi тиiмдiлiкке ие гормондарды өндiредi.

Түтiкше қабырғасы: iшкi - кiлегейлi, ортаңғы - бұлшықеттi, сыртқы - сiр (ағза кеуде, құрсақ қуысында жатса), немесе адвентиция (ағза кеуде, құрсақ қуыстарынан тыс орналасса) қабықтарынан құралған.



Кiлегейлi қабық: эпителий - организмнiң сыртқы, iшкi орта шекарасында талғамды өткiзгiштiк тосқауыл құрып, қоректi заттар қорытылуын, сiңiрiлуiн қамтамасыз етедi, түтiкшедегi азықтың жылжуын, өзiн-өзi қорытуынан, микроорганизмдерден қорғайтын сiлемей түзедi. Құрамындағы эндокриндi жасушалар ақж қимылына, бездерi белсендiлiгiне әсер ететiн гормондар өндiредi. Түтiкшенiң әр бөлiмiнде атқаратын қызметiне, тип түрiне байланысты көп қабатты жайпақ (терi типтес), бiр қабатты призма тәрiздi (iшек типтес) эпителийi, тегiжаттары (дендриттi тегiжат есептелiнетiн жасушалар, дәм ағзаларын құратын көптеген жүйке ұштары, жасушалары), оларды тасымалдайтын арнайы бөлiмшелерi болады. Эпителий бетiне без секреттерi бөлiнiп шығады, соңғы бөлiмдерi меншiктi тақташада, кiлегейасты негiзде, ақж тыс орналасады;

меншiктi тақташа - эпителий астында орналасады, бтдұ-дан құралған, қан, лимфа тамырлары (сiңiрiлу өтетiн жерде жақсы дамиды), жүйке талшықтары, лимфоидтi ұлпа болады. Өңеш, қарын меншiктi тақташасында қарапайым без, тоқ, ащы iшекте, бадамшаларда - эпителий ойысы - кiрмелер жатады. Ол эпителиймен жабылған iлгерi шығарым - бүртiктер (ауыз қуысында), бүрлер (ащы iшекте) құрады.

бұлшық еттi тақташа - меншiктi тақташамен кiлегейасты негiзi арасында жатады, әдетте, бiрыңғай салалы беж екi - iшкi айнала, сыртқы ұзына бойына орналасқан қабаттардан құралады. Олар жиырылып, кiлегей қабығы бедерiнiң өзгеруiне мүмкiндiк туғызады.

кiлегейасты негiз – бтдұ-дан құралған, iрi қан тамырларын, қан, лимфа тамырлары өрiмдерiн, кiлегейасты жүйке өрiмiн (Мейснер), лимфоидтi ұлпа, бездердің соңғы бөлiмдерiн (өңеште, ұлтабарда) сақтайды. Ол кiлегей қабығы қозғалысын қамтамасыз етiп, қатпарлар құрады.

Бұлшық еттi қабық, әдетте, екi - сыртқы ұзына бойына, iшкi айнала орналасқан қабаттардан құралады, арасынан дәнекер ұлпа жұқа қабаты өтедi. Ол тамыр өрiмiн, бұлшық аралық жүйке өрiмiн (Ауэрбах) сақтайды. АҚЖ негiзгi бойы бiрыңғай салалы, алдыңғы бөлiмнiң (ауыз қуысы, жұтқыншақ, жартылай өңеш), аналь өзегi аймағында - кжбе ұлпасынан құралған. Бұлшық еттің жиырылуы жүйке өрiмiмен үйлестiрiледi, жергiлiктi горман әсерiмен реттелiп, ақж iшiндегiнiң араласуын, жылжуын қамтамасыз етедi.

Сыртқы қабық сiр, немесе адвентициядан тұрады..

Сілекей бездерінің (СБ) ерекшелiктері: шықшыт безi-күрделi көпiршiктi тармақталған, таза белокты сiлекей бөледi, белокты тек соңғы бөлiмдерi сақтайды, қосымша өзектер күштi тармақталған, сiлекей түтiкшелерi жақсы дамыған; жақасты без-күрделi көпiршiктi-түтiкшелi тармақталған, аралас сiлекей бөледi, екi түрлi - белокты, аралас соңғы бөлiмдерi болады, қосымша өзектерi қысқа, сiлекей түтiкшелерi ұзын, күштi тармақталады, кеңейген, тарылған бөлiктерi байқалады; тiласты без - күрделi көпiршiктi-түтiкшелi тармақталған, аралас сiлекей бөледi, үш түрлi - аралас, кiлегейлi, белокты соңғы бөлiмдерi болады, аралас бөлiмдерiндегi жарты айшық жақасты безiне қарағанда жақсы байқалады, жасушалары муциндер сақтайды, қосымша өзектер нашар дамыған, сiлекей түтiкшелерi өте қысқа болып келедi.



Өңеш - ас қорыту жолының бөлiгi, түтiкше тәрiздi ағза, жұтқыншақты қарынмен жалғастырып, сiлекейленген азық тасымалдайды. Орналасқан жерiне орай, мойын, кеуде, құрсақ бөлiктерiнен тұрады. Қабырғасы: кiлегейлi, бұлшық еттi, адвентиция (мойын бөлiг), немесе сiр (кеуде, құрсақ бөлiктерi) қабықтарынан құралған.

Қарын: қорек қорын жинайды, механикалық өңдеуден өткiзiп, ас қорыту жолы артқы жақ бөлiгiне жылжытады; қорекке асқазан сөлi әсер етiп, химиялық өңдеу жүредi; анемияға қарсы себепшарттар секрециясы жүредi, қоректен В12 витаминiн сiңiруге мүмкiндiк туғызады; түрлi заттарды сiңiредi (су, тұз, қант, басқа); сыртқа шығару - зат алмасу өнiмдерiн кiлегейлi қабық арқылы шығару (бүйрек жеткiлiксiздiгiнде күшейедi); эндокриндi - бiрталай гормондарды, биологиялық белсендi заттарды өндiредi.

Бiр, көпкамералы қарындарды ажыратады. Бiркамералы қарын қабырғасы кiлегейлi, бұлшық еттi, сiр қабықтардан тұрады. Кiлегейлi қабық аралас қарында өңеш, iшек типтес болып, екiге бөлiнедi. Оның бедерi қатпарлар, ойыстарға бола тегiс болмайды. Өңеш типтес кiлегейлi қабық көпқабатты жайпақ эпителиймен жабылған, меншiктi тақташа борпылдақ дәнекер ұлпадан тұрады. Онда без болмайды. Бұлшық еттi тақташа дамыған жерде кiлегейлi қабық ұсақ қатпарлар құрады. Шошқада бұл қабық қарын кардиал бөлiгiнде кiшкене орын алады, жылқыда ол барлық кардиал бөлiктi төсейдi. Iшек типтес кiлегейлi қабық бiр қабатты биiк призмалы эпителиймен жабылған, жасушалары сiлекей өндiредi. Сiлекей кiлегейлi қабық бетiнде болып, бұзудан қорғайды. Кiлегейлi қабық бедерi тегiс емес, қатпарлары, ойыстары болады. Меншiктi тақташа қалың, өте жұқа борпылдақ дәнекер ұлпа қабаттарымен бөлiнген бездерге бай келедi. Олар қарын сөлiн (онда белокты альбумозаға, пептозаға ыдырататын фермент-пепсин болады) өндiредi.

Бездер орналасуы, құрылыс ерекшелiктерi, өндiретiн түзiндiлерiне орай қарынға кiрер (кардиальды), қарын түбi (фундальдi), қарынның iшқақпалық бөлiктерiне бөлiнедi. Бұлшық еттi тақташа бiрыңғай салалы беұ-нан тұрады, жақсы дамыған, жиырылуы бездерден түзiндiлер шығуына мүмкiндiк туғызады. Қарын түбi (меншiктi) бездерi ең кең тараған, қарын денесiнде, түбiнде орналасады. Тармақталған, тармақталмаған түтiктi бездер, ұзындығы 1,5-2,5 мм. Мойны, денесi, түбi болады. Кейiнгi екеуi бездiң түзiндi бөлетiн бөлiмi, мойны қарын ойысына ашылатын - шығарушы өзегi. Шошқа, жылқыда бiр қарын ойысына бiрнеше без ашылады. Без саңылауы өте тар, қабырғасы бiр қабатты эпителийден құралған, құрамында түрлi: басты, көмкерме, кiлегейлi (қосымша), эндокриндi жасушалар болады.

Күйiс қайыратындардың көпкамералы қарыны: месқарын, қатпаршақ (жалбыршақ), тақия қарындардан, бездi қарын - ұлтабардан тұрады. Месқарын, қатпаршақ (жалбыршақ), тақия қарындар кiлегейлi қабығы өңеш типтес, олар алдыңғы қарын деп аталады.



Ұлтабар - нағыз қарын, кiлегейлi қабығы iшек типтес.

Алдыңғы қарындардың ұлтабардан ерекшелiгi сол, кiлегейлi қабығында бездерi болмайды. Азықтың уақытша жиналатын жерi, бактериялар, қарапайымдар қатысуымен азықтың механикалық өңделуi, шiрiп, ыдырауы iске асады. Алдыңғы қарын кiлегейлi қабықтары көпқабатты түлейтiн эпителиймен жабылған, өңеш эпителий қабатының жалғасы болып келедi. Онда жылтыр қабат анық көрiнбейдi, түйiршiктi, мүйiздi қабаттары бар, жасушалар арасында саңылаулар жүйесi жақсы дамыған.

Месқарын кiлегейлi қабықтары көптеген жапырақ тәрiздi өсiндi - бүртiктер құрып, көпқабатты жайпақ түлейтiн эпителиймен қапталған. Месқарын әр бөлiгiнде бүртiктер қалыңдығы әртүрлi, биiктiгi 3-12 мм болады. Бұлшық еттi тақташа жеке шоғырлардан тұрады, бүртiктер негiзiнде жатады. Бұлшық еттi қабық миоциттерден тұрады, арасында жеке көлденең жолақты бұлшық ет талшықтары кездеседi. Онда iшкi - сақина тәрiздi, сыртқы - ұзына бойы қабаттарын ажыратады. Сiр қабық борпылдақ дәнекер ұлпадан, мезотелийден тұрады.

Тақия қарын кiлегейлi қабығы негiзгi тақташасы өте көп қатпарлар құрады, олар, араларында жатқан ұяшықтар көпқабатты жайпақ түлейтiн эпителиймен жабылған. Бұлшық еттi тақташа байқалмайды. Кейбiр жеке миоциттер дәнекер ұлпа негiзiнде бытырап жатады. Бұлшық еттi қабық өңеш, оның науашадағы бұлшық ет қабығымен байланыста болады. Сыртын сiр қабығы жауып тұрады.

Қатпаршақ қарын кiлегейлi қабығы қатпарлар - заңды алмасып, жылжитын: үлкен, орташа, кiшi, тым кiшi жапырақшалар құрады, ұлтабарға түсетiн азықты араластырып, ұнтақтауға қосымша мүмкiндiк туғызады. Жапырақша бетi ұсақ қатты бүртiктермен жабылған, жапырақшалар қозғалғанда олар үккiш қызметiн атқарады. Жапырақшаларды құруға негiздiк, бұлшық ет тақташалары қатысады. Бұлшық еттi тақташа жоғары ұшында қалыңдайды, жапырақ жиегiнде ұзына бойы қабат түзедi. Үлкен, орташа жапырақшаларға бұлшық еттi қабықтың сақина тәрiздi қабатынан бұлшық ет жасушалары көтерiлiп, өтедi. Сондықтан ол iшкi сақина тәрiздi қабатта өте жұқа болып көрiнедi.

Ұлтабар - бездi қарын қабырғасы кiлегейлi, бұлшық еттi, сiр қабықтардан тұрады. Кiлегейлi қабықтың негiздiк тақташасында қарынға кiрер, қарын түбi, қарын iшқақпалық бездерi орналасады. Қарапайым түтiкше қарын түбi безiнiң мойны ұзын, түзiндi бөлiмi қысқа болады. Бездер қарын қабырғасының үлкен бөлiгiн алып жатады. Қарынға кiрер без аумағы кiшкентай, қатпаршақтың ұлтабарға кiретiн жерi жанында жатады. Басқа малдарға қарағанда мұндағы қарын iшқақпалық без ұзындау болып келедi.

Ащы iшек қызметтері: қоректi заттардың соңғы химиялық өңделуi (қорытылуы) жүредi, iшек қуысында, эпителий бетiнде ферменттер қоректiк заттарды қарапайым қосындыларға дейiн ажыратады; қоректiк заттардан ажыраған өнiмдер қанға, лимфаға сiңiрiледi; механикалық - iшек қабырғасының толқи жылжуы iшiндегiсiн артқы жаққа жылжытады; эндокриндi - iшек эпителийi эндокриндi жасушалары гормондар бөлiп, жергiлiктi, жүйелi әсерiн тигiзедi; иммунды - iшек қабырғасында бойлай шашырап жататын лимфоидтi ұлпалардың, онымен бiрге жеке лимфа түйiншектерiнiң, олардың агрегаттары (Пейеров шытыралары) диффузды жиналуын қамтамасыз етедi.

Ащы iшек: ұлтабар, аш, мықын iшек бөлiмдерiнен тұрады, қабырғасы кiлегейлi, бұлшықеттi, сiр қабықтардан құралған. Оның құрылысына тән ерекшелiк сол, ол кiлегейлi қабық эпителий қабаты сiңiру бетiн ұлғайтуға арналған тұрақты құрылымдары болады. Оларға қатпарлар, iшек бүрлерi, iшек кiрмелерi, эпителий қабаты жасушаларындағы микробүрлер жатады.



Тоқ iшек бүйен, жиек (қарта), тiк iшектердi бiрiктiредi, қабырғасы: кiлегейлi, бұлшық еттi, сiр қабықтардан тұрады. Кiлегейлi қабық: эпителий, меншiктi, бұлшық еттi тақташалардан, кiлегейасты негiз қабаттарынан тұрады. Бетi қатпарлы, бүрлерi болмайды, iшек кiрмелерi (бездерi) ащы iшекке қарағанда терең, жиi орналасады, саңылауы кең, эпителийiнде түзушi элементтерi сақталады.

Ұйқы безi - аралас без, экзо, эндокриндi бөлiктерден тұрады. Экзокрин бөлiгi ас қорыту ферменттерiн сақтайтын ұйқыбез сөлiн, эндокриндi бөлiгi - гормондар өндiредi. Без сыртын қабық жабады, одан перделер, ағза iшiне өтiп, бөлiмшелерге бөледi. Эндокриндi бөлiк - бездегi ұйқы безi, Лангерганс аралшығы жинағы болып саналады, эндокриндi жасушалар без бойында, ацинустар арасында домалақ тығыз түстi топ құрып жатады. Олар өте көп жасушалардан (инсулоциттерден) тұрады, арасында ретикулин талшықтары, фенестрлi қан қылтамырлары, жүйке талшықтары орналасады. Инсулоциттердiң негiзгi бес түрiн (А-, В-, Д-, Д1-, РР-жасушалар) ажыратады. Шек келтiрмейтiн ұқсастығын анықтау үшiн иммуноцитохимиялық әдiстердi қолданады.

Бауыр - организмнiң ең iрi безi. Iшекте сорылған барлық қоректiк зат (липидтерден басқа, ол лимфа тамырларына түсiп, одан жалпы қан айналымға барады) сақтайтын, қарын-iшек жолындағы ағзалардан ағатын қанды қақпалық вена жүйесiнен алып, онда ерекше орын алады. Бұл заттар бауырда жиналып, өңделiп, қайта түзiлген қосындылармен бiрге қанға бөлiнедi. Бауырға, iшектерден, жүйе қанағымынан әртүрлi уытты, биологиялық белсендi заттар түсiп, онда олар бұзылып, зиянсыз өнiм түрiнде өтке шығарылады. Өтте басқа құрамбөлiктермен бiрге, өт қышқылдары сақталады. Ол iшекте майларды ыдыратуға, көбiктендiруге,олардың сiңiрiлуiне қажет. Бауыр - iшекке өт бөлетiн экзокриндi, қанға бiрталай зат түзетiн эндокриндi без. Организмнiң ұрықтық кезеңiнде бауыр - әмбебапты қан өндiретiн ағза.Ол: жалпы зат алмасу - белок, май, көмiрсу, бояутек, витамин, гормон және микроэлементтер алмасуына (ұстап алу, түзiлу, бұзу, химиялық қайта құру) қатысады; секрециялық: сыртқы секреция - iшекке өт, iшкi секреция - қанға түзiлген көптеген өнiмдердi бөлу; тосқауыл - онда қорғаныш, зиянсыздандыру; ұрықтық кезеңде қан түзу қызметтерiн атқарады. Бауырдың жұқа дәнекер ұлпадан тұратын қаптамасы сыртынан сiр қабығымен жабылған. Бауыр қақпасы аумағында қаптама ағза оның iшiне енiп, тармақталып, бөлiктерге бөледi. Үш ұғым бiрлiгi (триада) бөлiк аралық шекарада орналасады. Бөлiк iшiнде дәнекер ұлпа болмайды, оны арнайы бояғыштармен өңдегенде тек өте жұқа ретикулин талшықтары байқалады.

Бауыр бөлiктері - бауыр үлпершегi құрылым-қызмет бiрлiгi, пiшiнi көп бұрышты (алты бұрышты) призма тәрiздi, диаметрi 0,7-2 мм. Жалғама бауыр тақташаларынан құралып, бауыр жасушалары - гепатоциттерден тұрады. Бауыр тақташалары қызыл және көкқылтамырлар қосылуынан пайда болатын кең қан қылтамырлары - синусоидтармен бөлiнген.

Гепатоциттер - көп бұрышты жасушалар, iрi домалақ ядросы жасуша ортасында жатады. Қос ядро бар жасушаларда кездеседi. Қара малмен жылқыда оның саны көп емес, шошқада ол 40% жетедi. Жас өскен сайын қос ядролы, көпплоидты гепатоциттер саны 80% көбейедi. Цитоплазмасы барлық тұрақты қосындыларға, әсiресе митохондрийлерге бай болады. Гепатоциттiң өт қылтамырына қараған - өт және синусоидты қан қылтамырларымен байланысқан - тамырлы беттерi болады. Екi бетiнде де микробүрлер байқалады. Гепатоциттер қызметi бұзылып, өт жолдары бiтелгенде, эритроциттер артық ыдырап (гемолиз) билирубин қанда жиналады, ұлпаларды сары түске бояйды (сарғыштану). Өттің басты құрамбөлiгi - өт тұзы түйiршiксiз эндолазмалық тордағы холестириннен түзiледi. Өт тұздары майларды эмульсияға айналдыруға қабылеттi, олардың iшекте сiңiрiлуiне мүмкiндiк туғызады. Синусоидты қылтамырлар бауыр тақташалары арасында орналасады, жалғама тор құрады, ол аралас қанды бөлiктер шетiнен ортасына әкеледi. Осы кезде қан құрамы өзгерiп, бауыр көптеген қызметтерiн орындайды. Қан 20-30% бөлiк аралық қызылтамырдан (бауыр қызылтамыры тарамы), синусоидты қылтамырларға бөлiк айналасындағы қызылтамырлардан өтедi. Синусоидтарға қан бауыр қақпасы жүйесi арқылы ас қорыту жолынан (қоректiк заттары көп, оттегiсi аз), бауыр қызылтамырлары жүйесiнен - оттегiмен қаныққан қан түседi. Синусоидтардан қан орталық көктамырға жиналады, одан ол бөлiкасты көктамырларға құйылып, кейiн бауыр көктамырлар жүйесi арқылы жалпы қан ағымына қайтады. Басқаша айтқанда, қылтамырлар бауырда екi көктамырлар арасында қалады. Бұл құбылысты бауырдың «ғажайып торы» деп атайды. Iшек, қарын, ұйқы безi, көк бауыр көктамырларынан бауыр арқылы артқы жақ қуысты көктамырға дейiнгi қан ағымын-қақпалық қан айналымы деп атайды. Синусоидты қылтамырлар қабырғасын құрып, онымен байланысты жасушалардың төрт түрiн: эндотелий, жұлдыз тәрiздi жебiр (Купфер), май жинайтын липоциттер, pit - жасушаларды ажыратады. Өт жолдары - өзектер жүйесi, олар арқылы өт бауырдан он екi елi iшекке бауырiшi және сырты жолдарымен жетедi. Бауырiшi өт жолы бөлiкшеiшi, бөлiкшеаралық өт жолдарынан тұрады. Бауырдан тыс өт жолдарына: бөлiктiк өт өзектерi (оң, сол); жалпы бауыр өзегi; көпiршiк өзек; жалпы өт өзегi жатады. Олардың құрылысы бiртүрлi болады, қабырғалары бiр-бiрiнен айқын бөлiнбейтiн: кiлегейлi, бұлшық еттi, адвентиция қабықтарынан тұрады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет