Жануарлар морфологиясы мен ветеринариялық латын терминологиясы” II



бет10/19
Дата14.06.2016
өлшемі1.32 Mb.
#134351
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   19

Өзін - өзі бақылау сұрақтары:

      1. Нефрон бөлiмдерiн және бөлшектерiн атаңыз.

      2. Бүйректiң қыртыс затының үлпершегiн нефронның қай бөлшектерi құрады?

      3. Бүйрек жұмсақ затын не құрады? Сәулелi бөлiктерiн ше?

      4. Бүйрек денешiктерiн не құрады?

      5. Сүзiлу қай жерде жүредi және сүзгiштi не құрады?

      6. Алғашқы несеп қай жерде қайтадан сiңiрiледi?

      7. Нефрон дистальды бөлiмiндегi ирек өзекшелерiнiң проксимальды бөлiмiндегi өзекшелерiнен айырмашылығы неде?

      8. Қуық кiлегей қабығының қабаттарын атап, ол қандай эпителиймен төселгенiн түсiндiр.

      9. Қуық бұлшықет қабығының қабаттарын атаңыз.

      10. Бүйрек юкстагломерулалық аппаратының гистологиялық құрылымы қандай? Оның қай жерiнде ренин бөлiнедi?

      11. Зәрағар мен қуық қабырғаларында қандай қабықтар болады?

Әдебиеттер. Бірінші дәрістің соңында берілген.
№ 12 дәріс тақырыбы – Өсiп-Өну жүйесi

Жалпы сұрақтары: Көбею жүйесiнiң жалпы сипаттамасы, дамуы, организм тiршiлiк әрекетiндегi маңызы. Қағанақ.

Дәрістің қысқаша жазбасы. Өсiп-өну жүйесi ағзалары жыныс жасушаларының құрылуына қатысып, әрi дамуын қамтамасыз етiп, көбею процесiн реттейтiн гормондар түзедi.

Еркек, ұрғашы мал өсiп-өну ағзаларының құрылысы бiр тектес: аталық жыныс жасушалары–шәует, аналық–жұмыртқаклетка өндiретiн жыныс бездерiнен тұрады. Жүйеге басқа жыныс өткiзгiш жолдары, қосалқы жыныс бездерi, шағылысу ағзалары жатады. Олар тұқым ауысуын қамтамасыз етiп, тұқым қуалаушылық белгiлерiн бередi.

Үй жануарлары түрлi жыныстыларға жатады, бiр-бiрiнен құрылысы, қызметiмен ерекшеленедi, онда бiрiншi, екiншi қосалқы жыныстық белгiлер болады.

1-шiге: жыныс хромосома айырмашылықтары (генетикалық)-аналықта ХХ хромосома, аталықта ХУ болады (құстарда-қарама-қарсы); жыныс жасушаларының (герминативтi) және жыныс бездерiнің (гонадалық) құрылысындағы айырмашылықтар жатады.

2-шіге: жыныс жолдары құрылысының (гонофорлық) және сыртқы жыныс мүшелерiнің (экстрагенитальдi) айырмашылықтары жатады.

1-шi белгiлер жыныс бездерi өскiндерi пайда болысымен, 2-сi - физиологиялық жыныстық толысудан кейiн көрiнiп, шаруашылық толысуда күшейiп, жақсы айқындалады.



Физиологиялық жыныстық толысу деп, алғашқы жетiлген жыныс жасушалары пайда болған жануарлар жасын айтады. Екiншi жыныс белгiлерi байқалмайды. Аталықтың, аналықтың ұрпақ өрбiтуге бейiмдiлiгi шошқада 5, жиiрек 4 ай, қойда 6, қашар мен еркек баспақта 6-8 ай, тайда 1 жыл. Ұрғашы малда ол, шабыттанып алғашқы күйтi-күйлеу кезеңi келуiмен, еркек малда ен қосалқысында шәуеттердiң пiсiп жетiлуiнен көрiнедi.

Шаруашылық жыныстық толысу деп, организм өсуi аяқталған жануарлар жасын айтады. Онда 2-шi жыныстық белгiлер толық дамиды. Жануардың тұтасымен алғандағы сырт көрiнiсi, пiшiнi, дене пропорциясы-сымбаты, қай түрге, жынысқа тән екенiн көрсетiп тұрады. Тек шаруашылық жыныстық толысудан кейiн ғана жануарларды ұдайы өндiруге жiберуге болады.

Аталық жыныс жүйесiне: аталық жыныс жасушаларын (шәуеттердi), гормондар түзетiн - ен; ендi аталық жыныс мүшесiмен байланыстыратын-еннен тыс шәует жолдары жүйесi; шәует тасымалдауына, жетiлуiне қажет орта түзетiн - үстеме жыныс бездерi; ұрғашы малдың жыныс жолдарына шәует жеткiзетiн - жыныстық мүше жатады.



Ен - қос ағза, сыртқы, iшкi секреция тән. Көптеген сыртқы секреция безiнен еннің ерекшелiгi сол, ол сұйық түзiндi емес аталық жыныс жасушаларын түзедi. Еннiң iшкi секреция қызметi - жыныс рефлексi дамуына түрткi салатын, жыныс жетiлуiн, еркек мал жыныс белгiлерiн көрсететiн аталық жыныс гормоны - тестостеронды бөледi. Ен сырты меншiктi қынап қабығымен жабылған. Астында тығыз дәнекер ұлпа қабығы - ақ қабық жатады. Құрамына коллаген талшықтары кiредi. Серпiмдi талшықтар өте сирек кездеседi. Талшықтар арасындағы негiзгi затта пiшiнi сопақша фибробласт болады. Ақ қабықтың терең қабаты қан тамырларына бай борпылдақ дәнекер ұлпадан түзiлген, ол тағы бiр-тамырлы қабық барын дәлелдейдi. Ақ қабықтан ағза iшiне дәнекер ұлпа қалқалары (пердешелер) енiп, ендi бөлiкшелерге бөледi. Еннiң бiр аймағындағы ақ қабық қалыңдап, аралық перде түзедi, онда биiктiгi әртүрлi куб тәрізді жасушалармен төселген ен торы орналасады. Ағзаның дәнекер ұлпа бөлiгi, ен қабығы, қалқалары, аралық пердесi қосылып, строма құрады. Ағза үлпершегiн еннiң ирек түтiкшелерi, арасындағы кеңiстiктi толтыратын борпылдақ ұлпадағы тамырлар, жүйкелер, аталық жыныс гормондарын өндiретiн аралық ұлпа эндокриноциттерi (Лейдиг жасушалары) құрады. Ен бөлiкшесi 1-4 ен ирек түтiкшелерiнен тұрады, онда шәует түзiледi, диаметрi 160-200 мкм, бiр ендегi түтiкшелердiң жалпы ұзындығы 1-3 км. Ирек түтiкшелер шәует жолының бастапқы бөлiмi болатын тiк түтiкшелерге (қысқа, ирек түтiкшелердi ен торымен қосады, бастапқы бөлiгi Сертоли жасушалары, шеттегi–бiр қабатты куб тәрізді эпителиймен төселген, жоғары бетiнде пiшiнi дұрыс емес микробүр, жеке кiрпiкшелер болады, қабырғасы бұлшық етi бар дәнекер ұлпа қабығынан тұрады) жалғасады, шәует түзбейдi. Тiк түтiкшелер қосылып, ен торындағы аралық пердеге ашылады, ен қосымшасына барып, шығарушы түтiкшелерге жалғасады.

Ен қосымшасының басы, денесi, құйрығы болады.

Қосымша басын аралық пердеден шығып, күрт бұралып, тамырлар конусы деп аталатын құрылымды қалыптастырып, кең негiзiмен қосымшаға, жоғары ұшы аралық пердеге бағытталған шығарушы түтiкшелер түзедi. Шығарушы түтiкшелердің қабырғасы кiлегейлi, бұлшық ет, сiр қабықтарынан тұрады. Кiлегейлi қабық эпителийден, меншiктi тақташа құратын жұқа үзiлмелi борпылдақ ұлпадан тұрады. Эпителийде призма, куб тәрізді жасушалар кезектесiп, фестон сияқты болады. Призма тәрiздi жасушалар кiрпiкшелермен жабылған, қосымша өзегiне шәуеттер тасымалдануына мүмкiндiк туғызады. Куб тәрізді жасуша бетiнде микробүрлер болып, түтiкше арнасында сұйықтықтар сiңiруiне белсендi қатысады. Бұлшық ет қабығын бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушаларының қабаттары құрады, шығарушы түтiкшелер алыстаған сайын, ол шәует жолы бойында байқалады. Бұл қабық шәуеттердiң тасымалдануын қамтамасыз етедi. Сiр - сыртқы қабық, өте көп тамырлар мен жүйке талшығын сақтайтын борпылдақ талшықты ұлпадан тұрады.

Қосымша денесi мен құйрығының қабырғасы аталған үш қабықтан тұрады. Кiлегейлi қабықтың эпителийi көп реттi, екi түрлi: басты (биiк призма тәрiздi, шәуеттер жетiлуiне қажет заттарды өндiредi), негiздiк (ұсақ, пiшiнi домалақ, пирамида тәрiздi, басты жасушалар негiз бөлiктерiнiң арасында орналасады, түзушi рөл атқарады) жасушалардан құралған. Шәует жолы қосымша арнасының жалғасы, алысырақта шәует өзегiне қосылады. Жұқа қабырғалы түтiкше, кiлегейлi, бұлшық ет, сiр қабықтарынан тұрады. Кiлегейлi қабық шәует жолы ұзына бойы қатпарлар құрады. Эпителийi көп реттi, екi түрлi: призма тәрiздi, негiздiк жасушалардан құралған. Меншiктi тақташасында көптеген серпiмдi талшықтар болады. Бұлшық ет қабығы миоциттердiң: iшкi, сыртқы - ұзына бойы, ортаңғы - айнала қоршалған қабаттарынан түзiлген. Сiр қабық борпылдақ дәнекер ұлпадан, мезотелийден құралған.



Үстеме жыныс безiне - көпiршiкше, қуықалды, баданалық бездер жатады. Олардың бәрi шәует сұйықтығының құрамбөлiктерiне қажет түзiндiлердi өндiредi.

Көпiршiкше без - қап тәрiздi жұп құрылым, шәует жолымен шәует өзегi шығатын аумақта байланысқан, қабырғасы: кiлегейлi, бұлшық ет, сiр қабықтардан тұрады. Кiлегейлi қабығы бiрнеше реттi қатпарлар құрады, көп реттi призма тәрiздi эпителиймен төселген, онда секреторлы түйiршiктерi, липофусциндi тұрақсыз қосындылары бар биiк, негiздiк жасушалар байқалады. Электронды микроскоп секреторлы жасушаларда белсендi белок синтезi жүретiнiн дәлелдедi. Ағзада көпiршiктi-түтiкше бездер болады, даму қарқыны жануарлар түрiне байланысты жүредi. Бездiң қуысында қышқыл сүйгiш түзiндi сақталып, шәуеттердi қорғайды, жылжуына мүмкiндiк туғызады. Малдарды пiштiргенде бұл без өз қызметiн тоқтады.

Қуықалды без күрделi бөлiкшелi түтiкше без. Оның жалпы, бiрнеше шығарушы өзегi несеп - зәр шығару өзегiне ашылады. Без құрылысы жануарлар түрiне байланысты болады. Қуықалды бездiң соңғы бөлiмi, шығарушы өзегi бiр қабатты эпителиймен төселген, жасушалар биiктiгi өзгерiп отырады. Басты шығарушы өзектiң iшкi жағы ауыспалы эпителиймен жабылған. Шығарушы өзекте түзiндiлер жиналып, минеральдi тұздар сiңуi мүмкiн. Бұл құрылымдар простата тастары деп аталады. Бездiң түзiндiлерi қынап қышқыл ортасын бейтараптандырады, шәуеттер жылжымалылығын ынталандырады.

Баданалық бездер көпiршiктi-түтiкшелi бездерге жатады, құрылысы жануарлар түрiне байланысты болады. Айғыр мен қабанда жақсы дамыған.

Несеп шығаратын түтiктiң қабырғасы: кiлегейлi, бұлшық еттi, сыртқы қабықтардан тұрады.

Кiлегейлi қабық эпителий қабатынан, меншiктi тақташадан, тамырлы, бездi қабаттардан тұрады. Қуық жанында кiлегейлi қабық ауысу эпителийiмен жабылады. Меншiктi тақташа ретикулярлы жасушаларға, лимфа түйiншелерiне бай борпылдақ дәнекер ұлпадан тұрады. Терең жерiнде көктамыр торлары жатады. Аталған тамырлар зәр шығару өзегiнiң кеулеме денелерiмен байланысады. Көктамырлар торы жиылып, кiлегейлi қабықтың тамырлы қабатын құрады. Бездi қабатты қуықалды без бөлiкшелерi түзедi. Зәр шығару өзегi артқы жағында бұл бездер болмайды. Кiлегейлi қабықты осы аймақта эпителий, зәр шығару өзегiнiң кеулеме денелерi құрады. Кеулеме денелер сыртын, аққабық жабып тұрады. Одан оның iшiне перделер өтiп, кеулеме денелер стромасын қалыптастырады. Перделер арасында тығыз дәнекер ұлпа жатады, онда эндотелиймен төселген көптеген қуыстар сақталады. Қуыстар бiр-бiрiмен жалғасып жатады, сондықтан кеулеме денелер өте жылдам қанмен толып, шәуеттер жылжығанда зәр шығару өзегiнiң қабырғасы серпiмдi болады.

Бұлшық ет қабық көлденең жолақты бұлшық ет ұлпасынан тұрады. Талшықтары әдетте айнала жатады, айғырда iшкiсі-ұзына бойында, сыртқысы-айнала орналасады.

Сыртқы қабық борпылдақ дәнекер ұлпадан тұрады.

Аталық жыныс мүшесi бұқада - қамшы, қошқар-текеде - шыбық, айғырда - қаса, төбетте - шүкi деп аталады. Оның басы, денесi, тамыры болады. Одан ерекше тамыр ұлпаларымен қоршалған, кеулеме денелер деп аталатын зәр шығару өзегi өтедi. Өте көп бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушаларын сақтайтын дәнекер ұлпа негiзiнде көптеген бiр-бiрiмен жалғасқан қуыстар, саңылаулар жатады, ол эндотелиймен жабылған. Бұл зәр шығару өзегiнiң кеулеме денелерi болып келедi. Жыныстық мүше негiзiн құратын тағы екi кеулеме денелер болады. Олар тығыз дәнекер ұлпамен бiрiккен. Оларды қоршайтын ұлпалар аққабықты қалыптастырады. Кеулеме денелер қуысы көктамыр қанымен толып, қан тамырларына жалғасады. Мұндай тамырлар мен кеулеме денелердiң байланысы, кейiнгiге қобу кезiнде қанмен толуға мүмкiндiк бередi.

Аналық жыныс жүйесiне жұп–жұмыртқалық, ұрық жолы, дақ–жатыр, қынап, зәр-жыныстық кiреберiс, сыртқы жыныс ағзалары жатады.



Жұмыртқалық - жыныс безi, экзокриндi, эндокриндi қызметтер атқарады. Алғашқысында жұмыртқаклеткасы түзiлсе (овогенез жүрсе), екiншiсiнде - аналық жыныс гормандары түзiледi. Ұрпақтану кезеңiнде құрылысы тұрақты циклды өзгерiске ұшырайды. Жұмыртқалық сырты жамылғы эпителиймен қапталған, астында тығыз дәнекер ұлпадан тұратын ақ қабық жатады, онда қыртысты, милы заттарды ажыратады. Әдетте, қыртысты зат ағза сыртында, милы - ортасында орналасады. Биенiң қыртысты заты iште, овуляция ойысында, милы заты - сыртында жатады. Жамылғы эпителий - түрi өзгерген мезотелий, томпақ жоғарғы бетiнде көптеген микробүрлерi бар бiр қабатты куб тәрізді жасушалардан құралған. Бұл эпителий овуляция кезiнде үнемi бұзылып, кейiн ақауды жою үшiн жылдам жаңадан жасуша түзе ұлғайып, өседi (пролиферация), ауады. Ол өте жоғары белсендiлiкпен қайта қалпына келетiндiктен қатерлi iсiктер даму көзi болып келедi.

Қыртысты зат негiзiн фолликулалар, олардың атрезиясы, сары тiнi құрады. Фолликула мөлшерi, құрылысы, даму сатысына байланысты, ол әдепкi, алғашқы, екiншi, үшiншi болып ажыратылады. Әдепкi фолликулалар ақ қабық астында топталып орналасады (өсудегi жұмыртқаклетка болатындықтан алғашқы овоцит деп атайды), ұсақ алғашқы овоцит бiр қабат фолликула жасушаларымен қоршалып, овоциттiң тiршiлiк қабылеттiлiгiне, өсуiне қажет орта құрады. Овоцит ядросы домалақ, көлемдi, iрi ядрошығы, ұсақ дисперстi хроматинi болады. Тұрақты қосындылары нашар дамыған. Овоцит, фолликула жасушаларының бетi тегiс, бiр-бiрiне тығыз жанасып жатады. Әдепкi фолликулалар одан әрi өсуi овоцит, фолликула жасушалары, оларды қоршап жатқан строма өзгерiстерiмен қоса жүредi. Алғашқы фолликулалар алғашқы овоциттен, қоршап жатқан бiр қабатты куб, призма тәрiздi фолликула жасушаларынан тұрады. Овоцит көлемi ооплазма есебiнен ұлғайып, тұрақты қосындылар - фолликула жасушасында Гольджи аппараты көлемi, түйiршiктi эндоплазмалық тор, май тамшылары, рибосома, митохондрий саны көбейедi. Алғашқы фолликулаларда тұңғыш рет мөлдiр аймақ (қабық) байқалады. Овоцит көлемi ұлғайған сайын өсудегi, фолликула көлемi, мөлдiр аймақ қалыңдығы көбейедi.

Қызметтерi: 1) фолликула жасушалары, овоцит арасындағы өзара зат алмасуының кеңiстiк бетi ұлғаяды; 2) арасында тосқауыл құрылады; 3) ұрықтанудың түрге тәндiгiн қамтамасыз етедi; 4) көп шәуеттiлiкке кедергi жасайды; 5) жыныс жолында дамудағы ұрықты жатыр кенересiне орналастыруға дейiн қорғайды.

Екiншi фолликулаларда алғашқы овоциттi митоз жолымен бөлiнудегi фолликула жасушаларының қабаты қоршайды, оны гранулезалар деп атайды. Гранулезалардың овоциттер қабығымен байланысуынан, жасушалар қабығы өсiндiлерiнен жылтырауық қабық пайда болады. Овоцит цитоплазма сында бiрталай тұрақты, тұрақсыз қосындылар жиналады, шеткi аумағында қыртысты (кортикальдi) түйiршiктер құрылады, олар келешекте ұрықтану қабығын құруға қатысады. Фолликула жасушасында тұрақты қосындылар саны артып, түзiндi (секреторлы) аппаратын құрады. Мөлдiр аумақ қалыңдап, оған фолликула жасушалары өсiндiлерiмен байланысатын овоциттiң микробүрлерi енедi. Фолликула жасушалары, оларды қоршап жатқан строма араларындағы негiзгi (шыны тәрiздi) жарғақта қалыңдап, фолликуланың дәнекер ұлпа қабығын (қаптамасын) түзедi.

Қаптама - iшкi, сыртқы қабаттардан тұрады. Кейiнгi дәнекер ұлпа элементтерiнен түзiлiп, айқын шектелмей қоршап жатқан стромаға жалғасады. Сырт қабат жасушалары созылыңқы, миофибробластарға тән белгiлерге ие. Жиырылу қабілетi овуляциядан кейiн фолликула қайтуын қамтамасыз етедi. Iшкi қабатта кең қылтамырлар торы құрылады, жасушалары көп бұрышты, ядросы сопақша, орташа дамыған түйiршiктi эндоплазмалық торы, митохондрийлерi байқалады, лютеин гормондары әсерiнен өзгерiп, секреторлы стероид өндiрушiлерге тән қасиетке ие болады. Үшiншi (көпiршiктi, қуысты) фолликулалар екiншiден қалыптасады. Фолликула жасушалары мөлдiр тұтқырлы фолликулалық сұйықтық секреция бөлуiнен жүредi. Сұйықтық басында жасушалар арасындағы кең кеңiстiкте, фолликула қабығының iшiндегi ұсақ қуыста түзiлiп, кейiн фолликула қуысына құйылады. Осы уақыттан бастап, фолликула көпiршiктi деп аталады. Овоцит фолликуланың бiр шетiне ығысып, жұмыртқа дамитын төмпешiк құрамында жатады. Овоцит шетiнде тарамдалған фолликула жасушалары орналасады, өсiндiлерiмен мөлдiр аумақпен байланысып, сәулелi тәж құрады. Қалған фолликула жасушалары гранулезалар деп, жетiлген үшiншi фолликула - овуляцияалды, граафов көпiршiгi деп аталады.

Үшiншi фолликула бұзылып, жұмыртқаклеткасының аналық безден дене қуысына шығуын - овуляция деп атайды. Оның алдында овоцит сәулелi тәж жасушаларымен жұмыртқа дамитын төмпешiктен бөлiнiп, фолликула қуысында ерiктi малтып жүредi. Осы кезде жұмыртқалықтың фолликуласы шығып тұратын бетiндегi қаптама, ақ қабық, жабынды эпителийлерi күрт жұқарып, бiраз бөлiмшесi қопсиды. Бұл жердi стигма деп атайды. Овуляция алдында стигма аумағындағы қанайналым тоқталады, ұлпаның жергiлiктi өлi еттенуiне жеткiзiп, фолликуланы бұзады. Сәуле тәжiмен байланысып, тұтқырлы фолликула сұйықтығымен қоршалған овоцит жұмыртқалықтан бөлiнiп шығады. Овуляция ұрғашы малдар шағылысу айналымы қозу сатысына тән, күйлеу кезеңiнде iске асады. Бiр төлдi жануарлар күйлеу кезеңiнде овуляция бiр жетiлген фолликулада, көптөлдiлердiң бiрнеше жетiлген фолликулаларында өтедi.

Көптөлдiлердiң (шошқа, қоян) бiр фолликуласында бiрнеше аналық жасуша дамуы мүмкiн, овуляция кезiнде бiр фолликуладан ұрық жолына бiрден бiрнеше жұмыртқаклетка түседi. Көптеген овуляцияны (үстеме) жасанды жолмен жұмыртқалықты гонадотропиндермен түрткiлеп, шақыруға болады. Бiрнеше овоциттердi алып, денеден тыс ұрықтану, ұрықты ауыстырып қондыру үшiн қолданады.

Сары тiн овуляция өткен фолликула гранулезасының (түйiршiктi қабат жасушалары), қаптама жасушалары жетiлуiнен құралады, қабырғасы қайтады, қатпарлар құрылады, кеңiстiкте ұйыған қан қалыптасады (iшкi қаптама қылтамырлары құяды), кейiннен дәнекер ұлпаға ауысады.

Сары тiн дамуы: жаңадан жасуша түзе ұлғайып, өсу (пролиферация), тамырлану; бездi түр өзгерiс; өрлеу; керi даму сатыларынан тұрады.

Пролиферация, тамырлану сатысы гранулеза, қаптама жасушаларының белсендi көбеюiмен сипатталады. Гранулезаларға қаптама iшкi қабатындағы қылтамырлар бiрiгiп кетедi, оларды бөлiп тұратын негiзгi жарғақ бұзылады. Бездi түр өзгерiс сатысында гранулезалар мен қаптама жасушалары iрi көп бұрышты ақшыл жасушаларға - лютеоциттерге айналады.

Лютеоциттер екi түрге бөлiнедi: түйiршiктi лютеоциттер - гранулеза жасушаларынан дамиды, мөлшерi үлкен, сары тiннiң негiзгi массасын түзiп, оның ортасында орналасады, қаптама - лютеоциттер, олар iшкi қаптамадан пайда болады, бiршама ұсақ, қоңыр, сары тiннiң шетiнде жатады.

Өрлеу сатысы лютеоциттердiң белсендi қызметi аналық жыныс гормоны - прогестерон өндiруiмен сипатталады. Бұл гормон жатырды ұрық қабылдауына дайындайды, буаздықтың өтуiне мүмкiндiк туғызады. Олар эстрогендердi, аталық гормондарды (андрогендердi), окситоциндi, буаздықта -төл жолдарын тууға дайындайтын полипептид гормоны-релаксиндi өндiредi.

Керi даму сатысында лютеоциттердiң бүлiнуi, тығыз дәнекер ұлпа тыртығының-ақ денеге ауысуы жүйелi жүредi, мөлшерi азаяды, жұмыртқалық стромасына өте баяу енедi.

Фолликулалардың бәрi бiрдей дамып, жетiлiп, овуляцияға ұшырамайды. Бұл процестi атрезия, бұзылған фолликуланы көпiршiк бездердiң атрезиясы (өзегi болмауы) деп атайды. Ұсақ (әдепкi, алғашқы) фолликулалар атрезияда толық бұзылып, iзсiз дәнекер ұлпамен ауысады. Iрi (екiншi, үшiншi) фолликула атрезиясында гранулезалар, овоцит өледi, iшкi қаптама жасушалары, қайта ұлғайып, эпителий арқауын құрады, қаптама - лютеоциттерге ұқсап, стероид гормондарын бөледi. Өзегi жоқ атрезия фолликуласы ортасында көпке дейiн жылтырауық аумақ сақталады. Қаптама, фолликула жасушалары арасындағы негiзгi (шыны тәрiздi) жарғақ қалыңдайды. Кейiн атрезия денешiгi бұзылып, орнында ыдырама дене (ақ денешiк) қалады. Қалыпты атрезия процесi жүрмесе, жұмыртқалық жылауығы пайда болады.



Ұрық жолы - түтiктi ағза, қызметтерi: жұмыртқалықтан овуляция кезiнде бөлiнген овоциттi ұстап; жатыр бағытына оны тасымалдайды; жатырдан келетiн шәует тасымалдануына қолайлы орта құрады; ұрықтануға, ұрықтың бастапқы дамуына қажет ортаны қамтамасыз етедi; ұрықтың жатырға тасымалдануын iске асырады.

Ұрық жолын анатомиялық құрылысына қарап: шашақтары бар шөлмегi (жұмыртқалық аумағына ашылады), кеңейген бөлiгi-ампуласы, жiңiшке бөлiгi–қылтасы, жатыр қабырғасында орналасқан қысқа етқабырғасы iшiлiк (iшектiк) бөлiмдерге бөледi. Гистология оның қабырғасын - кiлегейлi, бұлшық ет, сiр қабықтарға ажыратады. Кiлегейлi қабық (ішкі, эндометрий) 2 қабаттан – эпителийлі, меншікті тақташадан тұрады. Ит, мысық, қоян, жәндік қоректілер, маймыл және адам эндометрийлерiнiң меншiктi тақташасында тұтас, көз-көз, кеуектi және тiптi негiздiк қабаттары болатындықтан (Ю.Т. Техвер, 1968) децидуаттар немесе туғаннан кейiн шулары түсетiндер деп атайды. Бұл жануарлардың менструация циклi болады. Басқа жануарлар эндометрийлерiнiң меншiктi тақташасы бiркелкi болып, аталған қабаттарды сақтамайды. Сондықтан, оларды адецидуаттар немесе шулары қолма-қол түспейтiндер деп атайды. Бұларға iрi және ұсақ мүйiздi жануарлар қосылмайды, себебi олардың эндометрийiндегi меншiктi тақташалары өзгерiп, децидуаттыларды еске салып және жуанданып, етше өскiн (карункула-caruncula) құрады. Оларды эндометрийдiң эпителий және меншiктi тақташасы түзедi. Онда жақсы байқалатын тұтас және көз-көз қабаттар болады. Ол бейне жыныстық қозу кезеңiнде көрiнедi. Жетiлген қой карункулаларының ортасында ойдымы болады, сиыр, марал карункулаларының түрi саңырауқұлаққа ұқсас келедi. Жатыр мойнында (cervix uteri) бездер болмайды. Эпителийдің қабаты бiр қабатты бiр реттi призма тәрiздi, құрамында кiлегейлi жасушалары көп, жыныстық циклде өзгерiп, кейде жалған көп реттi (1951 жылы қоянда О.П. Ржевуцкая; 1922 жылы шошқа эпителийiнiң кейбiр жерлерiнде кiрпiктердi Корнер көрген) болып байқалады. Қой мен биеде, басқа жануарлардан ерекше, ол бiр қабатты призма тәрiздi тербелмелi эпителийден тұрады. Сиыр қаны гормондарының өзгеруiне байланысты бұл қабат қалың, әрi көп реттi болып келедi. Меншiктi тақташа коллаген талшықтары өте көп дәнекер ұлпадан тұрады, эластин талшықтары тек қан тамырлары қабырғасында кездеседi. Онда жеке гистиоциттер, фибриоциттер, түйiршiктi лейкоциттер және бiраз миоциттер болады. Эндометрийдің кілегейлі қабығында бұлшық еттің тақташасы, кілегей асты негіз болмайды.



Миометрий (myometrium) миоциттерден тұрады. Олар мұнда үш: iшкi-айнала орналасқан, қисық бағытталған жасушалардан тұратын ортаңғы және сыртқы–ұзына бойы қабаттар түзедi. Бұл қабықтың ерекшелiгi сол, оның ортаңғы қабатында өте көп қан тамырлары болады. Сондықтан оны миометрийдiң тамырлы қабаты (stratum vasculosum) деп атайды. Ол ұсақ жыртқыш жануарларда өте айқын байқалады. Сиырда тамырлы қабат iшкi бұлшық ет қабатымен қосылып, дербес орналасуы тек жатыр мүйiзi аймағында көрiнедi. Бұл қабат биеде бұлшық етпен күрделi өзара қарым-қатынаста болатындықтан нашар байқалады. Шошқада бұл қабат болмайды. Жатырдың эндометрийi қоректiк, тыныс алу, бөлу, ал миометрий оның жиырылу қызметтерiн атқарады.

Периметрий (perimetrium) борпылдақ дәнекер ұлпадан, мезотелийден тұрады. Буаздық кезеңде ол қалыңдап, өзгерiп, жаңалана aлады.

Қынаптың (vagina) қабырғасы үш қабықтан: iшкi - кiлегейлi, ортаңғы - бұлшық етті және сыртқы - адвентициядан түзiлген. Кiлегейлi қабықты көп қабатты жайпақ эпителий төсейдi. Оның бездерi болмайды, ұзына бойында қатпарлар құрылады. Бұлшық ет қабық екi: айнала орналасқан және ұзына бойы қабаттардан тұрады. Адвентицияны, ағзаны өз қалпында ұстап тұратын, борпылдақ дәнекер ұлпа түзедi.

Қынап кiрiберiсi (vestibulum vaginae) де қынап қабырғасындағыдай үш қабықтан тұрады. Кiлегейлi қабықта көп қабатты жайпақ эпителий болады. Оның негiздiк тақташасындағы дәнекер ұлпаның бүйiрiнде кiреберiс баданалары жатады. Олар биеде, қаншықтарда жақсы дамыған. Кiлегейлi қабық эпителийiнде үлкен (қарапайым түтiкше) және кiшi (қарапайым тармақталған түтiкше-альвеолалы) кiреберiс бездерi байқалады. Олардың шығарушы өзектерi кiреберiс кiлегейлi қабығының әр бөлiм бетiне (шошқа, жылқы, ит) немесе кiреберiс кiлегейлi қабығының төменгi бөлiгiне (күйiсқайыратындар, мысық) ашылады. Бұлшық еттің қабығы қабаттарға айқын бөлiнбеген, көлденең жолақты бұлшық ет ұлпасынан құралған. Адвентиция борпылдақ дәнекер ұлпадан тұрады.

Өзін - өзі бақылау сұрақтары:

1.Ұрықтың иректi өзекшесiнiң қабырғалар құрамын ата.

2. Лейдиг жасушасының құрылысы, ол қандай гормон бөледi?

3. Ен қосалқысындағы барлық өзекшелердi атап, әкетушi өзекшелерден тiк өзекшелер қандай белгiлерiмен ерекшелелетiнiн түсiндiр.

4. Көлденең кесiндiдегi ен сағағын қандай белгiлерiне қарап, препаратта анықтауға болады?

5. Еркек малдардың барлық қосымша бездерiн атап, олардың маңызын сипатта.

6. Еннiң құрылысы қандай?

7. Үрпi құрылысын түсiндiр.

8. Аналық без үлпершегiнiң қыртыс затын не құрады?

9. Қандай белгiлерiне қарап екiншi көпiршiктi алғашқы көпiршiктен ажыратуға болады?

10.Граафов көпiршiк қабырғасының құрылысын ата.

11. Сары денешiк қалай және қашан дамиды?

12. Атрезия денешiгi дегенiмiз не?

13. Миометрийдiң тамырлы қабатын не құрады? Онда тағы да қандай қабаттар бар?

14. Эндометрий және периметрий дегенiмiз не?

15. Аналық без қыртыс затын неге көпiршiктi, ал жұмсақ затын – тамырлы аймақ деп атайды?




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет