51 ХИКМЕТ
Алла Тағала ғашықтарды ынтықтырды,
Ризалықпен өртеніп күйдім, міне.
Екі ғалам көзімнен бұлбұл ұшты,
Көрінбеді жалғыз хақты сүйдім, міне.
Жаннан кешіп жалғыз хақты жанға қостым,
Одан кейін дария болып толып тастым.
Тәңірімен сырластым, әнге бастым,
Дүние қызығын жүз мың талақ еттім, міне.
Хақ алдында ақылы кәміл түк қыла алмас,
Ғашық өрті лапылдаса жанды қоймас.
Көбелектей отқа түсіп өзін білмес,
Бұл сырлармен дүниеден тойдым, міне.
Тариқат жолдарының азабы көп,
Шын ғашық болмайынша тәуекел жоқ.
Дидарыңды көре алмадым күн-түн ұйып,
Көзімді ілмей дидарыңды көрдім, міне.
Тариқат жолы қатты, телміріп көзім талды,
Басым қатты, пірмұған құяр балды.
Пір етегін тұттым көңілде шырақ жанды,
Рәсуә болып жол кезіп жүрдім, міне.
Тариқаттың жолы болар ауыр азап,
Бұл жолда талай ғашық болды топырақ.
Ғашық жолына кім түссе халі хараб,
Жарандардан жол мәнісін білдім, міне.
Тариқаттың жолы болар азап, ұлық,
Несіп қылған пендесіне болар жуық.
Ұшқынына шыдай амас жеті тамұқ
Ей, жарандар, ғазіз жаннан тойдым, міне.
Хақиқаттың мәнісіне жеткен кісі,
Естен танып, күйіп-жанар іші-тысы.
Қан боп саулар көзінен аққан жасы,
Көз жасымды көл қылып бардым, міне.
Шариғат дүр ғашықтардың әпсанасы,
Білгір ғашық тариқаттың дүр данасы.
Қайда барса сүйіктісі һәм туысы,
Бұл сырларды ғарыш үстінде көрдім, міне.
Махаббаттың бағын кезбей ғашық болмас,
Қарлық-зарлық тартпайынша нәпсің өлмес.
Бір тамшыға мейірі қанбай ол дүр болмас,
Мейірім қанып шын гауһарды алдым, міне.
Ғашық отына күйген жанның өңі қашар,
Ол дүниеге жеделдетіп мұнан көшер.
Мұнда болған түйіншекті онда шешер,
Расул: дүние опасыз деді, қойдым, міне.
Шын ғашықтың болады жүзі сынық,
Айнаға назар салса, одан тұнық.
Өзі қайран, көңілі ойран, көзі жасты,
Құдіретіне қайран болып қалдым, міне.
Алла айтты: көп жыласаң көрерсің мені,
Зар еңіресең пендем деп айтам сені.
Жаннан кешіп мені ескерер ғашық кәні,
Шабыт келді құлаққа ілдім, міне.
Шын көңілден күйгендерге дидар сыйлық
Жалған ғашық жолға түссе бәрін қидық.
Шын ғашықтың көзі жасты, басын иіп
Тәжім етіп, жер астына кірдім, міне.
Хақиқат шын ғашыққа сыйлық тұрар,
Махшар күні қалайсың деп халін сұрар.
Қорғаушы мен шапағатшы өзі болар,
Рахымыңнан үміт етіп келдім, міне.
Құл Қожа Ахмет, хақтың атын есте сақта,
Хақтан қорқып тынбай жылап, түнде жатпа,
Намаз оқы, ораза ұста әр ақшамда,
Солай болып мұратыма жеттім, міне.
Достарыңызбен бөлісу: |