Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, біз қарастырылып отырған терминдердің нақты анықтамаларын аламыз.
PR - бұл толық және сенімді ақпаратқа негізделген және қажетті имиджді құруға және қолдауға бағытталған, екі жақты байланыс арқылы жүзеге асырылатын жоспарланған ұзақ мерзімді күш.
PR деген ұғымды көп еститін болдық. «Пиарға» сұраныс та күн санап артып келеді. Бұл, әрине, заман талабы. Бәсеке артқан сайын өнімді сату қиындай түседі. Қанша қиын болса да, сан түрлі тәсілді пайдалана отырып сатуға болады. Тіпті, бәсекелестерден озуға да мүмкіндік бар. Осы туралы PR саласының маманы Назым Жанғазиновамен сөйлесіп, ой-пікірін жазып алған едік.
– PR-ды көбі жарнамамен, маркетингпен немесе журналистикамен шатастырады. Қоғаммен байланысы бар әр адам бренд, компания
секілді ірі өндіріс орындары-мен тығыз байланыс орнатады. Айтқан әңгімесі, әлеуметтік желіде жазған мақалалары арқылы да PR жасалады, яғни қоғаммен дұрыс қарым-қатынас орнату да – PR. Жарнама деген – тікелей сату. Мысалы, сіз бизнес бастап жатқан кәсіпкерсіз.
Су шығаратын зауытыңыз бар. Бастапқы мақсатыңыз – сол суды нарыққа шығарып сату. «Бізде осындай су бар, күннің ыстығында осы су жақсы» деп жарнамалайсыз. Арада үш-төрт жыл өткеннен кейін салық төлей бастайсыз, әлеуметтік жобалар жасайсыз. Эксперт болып, жоғары дәрежеге өтесіз. Қоғамға сол жайлы айта бастайсыз. Осы кәсіпке қалай келдіңіз, қазынаға қанша салық төлеп жатырсыз, зауытыңызда қандай әлеуметтік жобалар жасалып жатыр дегендей сұрақтарға жауап беріп, экспертизаны қолдана отырып, қоғамға бір дұрыс ақпаратты беріп отырасыз. Сату емес, өзіңіз жайлы жағымды образ немесе имидж қалыптастыру үшін қоғаммен байланыс орнатасыз. Бұл – PR. Ал егер сату керек болса, ол – жарнама. Мысалы, жарнама жасайтын екі су зауыты бар. Бірінші жарнамадағы сумен PR жүріп жатыр. Осындай басшысы бар, ол осыншама салық төлеп отыр деген секілді ақпарат шықса, екінші су шығаратын зауытта ондай ақпарат болмаса, әрине, сіз бірінші зауыттың суын аласыз. Бұл – PR.
PR-да сторителлинг дұрыс. Мысалы, қазір «торт дәмді екен» деп ешкімді таңғалдыра алмаймыз. Ол торттың артында қандай еңбекқор адам тұр, сол – біреудің тарихы. Қазір халық әлеуметтік жауапкершілігі бар адамдарды жақсы көреді. Үш-төрт жыл бұрын Инстаграмда әдемі адамдарды жақсы көрсек, қазір ондай өтпейді. Қайырымдылықты PR жасаған дұрыс. Ақпараттық кеңістіктің өзі жаман ақпаратқа толы. Әрине, айғайлап айтудың қажеті жоқ. Өз басым сондай әлеуметтік жоба істеп жүрген адамдарды сыйлаймын. Көпшілігі «сарыжағал» ақпаратты оқығанды жақсы көреді, оны өзіміз жасап алдық. Медиа саласында жүрген маман болғандықтан, көпшілікке 30 пайыз болса да пайдалы ақпарат болсыншы деп айтып жүремін. Сондықтан да қоғамға пайдалы деген ақпаратты беріп отыру керек.
Мегаполистерде халықтың медиа саласындағы сауаты жоғары, ал ауылдық жерлерде, өкінішке қарай, төмен. Неге төмен? Біріншіден, интернеттің әлсіздігі. Көпшілігі ақпаратты тек телеарналардан алады. Ал ондағы контенттің 70 пайызы – керек емес ақпарат. Қандай ақпарат тұтынсаң, сондай адамсың. Сондықтан, өкінішке қарай, жылдар бойы теледидардан сапасыз контент көрсете бергендіктен, халықтың деңгейі де сондай деңгейде. Мегаполистегі адамдар бір ақпаратты екі жерден оқып салыстыра алғандықтан, көбі қай ақпарат дұрыс, қайсы бұрыс екенін біледі. Сол себепті телеақпаратты дұрыстау керек.
Біз, өкінішке қарай, трендтен алшақпыз. Абай Құнанбайұлы туралы неге айта береміз? Мектепте, универде оқимыз. Сосын өскен кезде де Абай Құнанбайұлын естиміз, теледидардан Абай Құнанбайұлын көреміз. Саясатта қандай өзгерістер болып жатқанын қозғасақ, халық та қызығады. Сол трендтегі контентті қазақ менталитетіне сай жасауға болады. Бірақ бізде үнемі бұрынғы тарихымызды береді. Бұл қызық емес. Мектепте де оқимыз, теледидардан да көреміз.
Димашпен «Бақытты бала» байқауында танысқан едік. Әлемді аралаған концерттік турында қоғаммен байланыс орнатып отырдым. Димаш – жеке бренд. Димашпен тікелей емес, продюсерлік орталық арқылы жұмыс істедім. Қазір PR туралы жағымсыз пікір көп. Осы сала мамандарының көбі өзін медиа менед-жер ретінде таныстырады. Мен PR маманы екенімді айтудан ұялмаймын. Осы салада қазақша контент жасағым келеді. PR-ды жарнамамен салыстыруды қаламаймын. Сол үшін Инстаграмда қазақша контент жасаймын. Біздің салада ең бастысы – тәжірибе. Қателік жасап, соған анализ жасаған адамдар жақсы PR маманы болады.
Достарыңызбен бөлісу: |