81-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастығының мақсаттары
Қазақстан Республикасының және өзге де мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың жер қойнауын зерттеу, жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзара көмегі мен бірлескен әрекеттерін үйлестіру жер қойнауын пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың мақсаты деп танылады.
82-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастығының қағидаттары
1. Басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық өзара құрметтеу, сенім білдіру, өзара көмек, ымыраға келу, кемсітпеушілік, бір-бірінің істеріне араласпау, қабылдаған міндеттемелерді уақытында орындау, дауларды бейбіт түрде шешу қағидаттарына негізделеді.
2. Мемлекет пайдалы қазбаларды зерттеу, барлау мен өндіру және жерасты кеңістігін пайдалану саласындағы қызметті ұйымдастыруға нарықтық тәсілдерді ендіру арқылы инвестицияларды тарту және қазіргі заманғы технологияларды қолдану үшін қолайлы жағдай жасауғакүш-жігерін салады.
83-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастығының бағыттары
Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастығының бағыттары мыналар болып табылады:
1) минералдық-шикізаттық базаны ұлғайту мақсатында өзара тиімді негізде жер қойнауын геологиялық зерттеуді жүзеге асыру, бір мезгілде қауіпсіздік деңгейін арттыру және қоршаған ортаның ластануын барынша азайту жағдайында өндіріс тиімділігінің өсуін және пайдалы қазбаларды және оларды қайта өңдеу өнімдерін пайдалануды қамтамасыз ету;
2) мемлекеттік билік және басқару органдарының тиімді ынтымақтастығының жаңа тетіктерін әзірлеу;
3) минералдық-шикізаттық ресурстардың және оларды қайта өңдеу өнімдерінің нарығын дамыту, оның ішінде халықаралық ынтымақтастыққа қатысушы елдердің шаруашылық қызмет субъектілерінің өзара тиімді кооперативтік байланыстарын орнату үшін қолайлы жағдайлар жасау арқылы дамыту;
4) жер қойнауын геологиялық зерттеу, минералдық-шикізаттық базаны молайту және сапалық жақсарту саласындағы жұмыстардың бірлескен бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру;
5) минералдық-шикізаттық ресурстар, сондай-ақ оларды қайта өңдеу (өзгерту) өнімдері ағынының халықаралық транзиті мақсатында көлік инфрақұрылымына қолжетімділікті жеңілдету;
6) қауіпсіздіктің жоғары деңгейіне қол жеткізуге және оны қолдауға бағытталған жер қойнауын пайдалану қауіпсіздігі саласындағы жұмыстардың бірлескен бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру;
7) минералдық-шикізаттық ресурстарды өндіру және (немесе) қайта өңдеу (өзгерту) жөніндегі кәсіпорындардағы ірі аварияларды болдырмауда және олардың салдарын жоюда ынтымақтастық жасау;
8) кезеңдер, пайдалы қазбалар қорларының сыныпталуы, геологиялық есептердің, пайдалы қазбалар қорлары баланстарының және басқа да геологиялық ақпараттың нысаны мен мазмұны бойынша жұмыстардың мазмұнына қойылатын әлемдік практикада қабылданған талаптар базасында геологиялық барлау жұмыстарын регламенттейтін нормативтік-әдістемелік құжаттарды жетілдіру және келісу жөніндегі шараларды үйлестіру;
9) минералдық-шикізаттық ресурстарды барлау, өндіру, қайта өңдеу (өзгерту) және пайдалану саласында қолданылатын жаңа технологияларға қолжетімділікті жеңілдету;
10) трансшекаралық кен орындарын бірлесіп барлау мен әзірлеуге және жер қойнауының өзге де трансшекаралық ресурстарын игеруге қатысу.
ЕРЕКШЕ БӨЛІК
VI БӨЛІМ. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ГЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ
14-тарау. Жер қойнауын геологиялық зерттеудің шарттары мен тәртібі
Достарыңызбен бөлісу: |